Гендерлік саясат және менің көкелерім

  • 16.09.2013
  • 1019 рет оқылды
  • 1

Дилдар МамырбаеваҚазір жұрттың көңілін аулайтын іс көп. Болмағаны түріктік фильмге елігіп, елітіп отырып, қорасындағы сиырын емізіп алады. Саясат таласы, дін дауына кіріскендер бір дастархан басында отырып бір–бірінің жағасын жыртуға әзір. Жұрт әйтеуір санасына орнығып алған ойлардың ырқымен олай бір теңселеді, былай бір теңселеді. Енді гендерлік саясат деген күш алып ке­леді. Астарында ешқандай жаманшылық жоқ. Ағылшыннан аударғанда әйелдер мен еркектердің арасындағы әлеуметтік айыр­ма­шылықты жіктеп, жіліктеп беретін ұғым. Қазаққа таңсық емес. Оның өткелінен өтіп қойған. Қыз баланы үй тірлігіне, ұлды сырттың жұмысына қалыптастырудың не­сі жаман екен деп қолды бір сілтеп жүре береміз.


Қол сілтеп демекші, осы тақы­рыптардағы жиналыс, конферен­ция­ларға қатысып отыр­­ғанда, менің есіме баяндамашының сө­зін ұғып алу емес, ауылдағы ағайымның қы­лығы есіме түседі де отырады. Мен келін болып түскенде ата-енем жекешенің малын бағатын. Ауылда бес-алты шақырым жерде. Екі ортада бейіт, төбешіктер бар. Күндіз қаздаңдап барып келгеніңмен, кешкілікте жалғыз жүріп кетуге жүрегің көп дауалай бермейді. Кейде бару керек болғандықтан барасың. Қой қоралайтын уақыт таянғанда солай бет алдым. Аяғым аяғыма ілеспей келеді. Алдымдағы құлама жардың етегінен ербеңдеген біреу көзіме шалынды. Тоқтап, көзілдірігімді сүртіп тағы қарадым. Билеп тұрған адам секілді қол мен аяғын кезек-кезек көтеріп секіреді. Көзім бұлдырады ма десем, бұрқ-бұрқ еткен шаңды да анық кө­ретін секілдімін. «Шайтан! Албас­ты!» деп діңкелеп отыра қалдым. Тағы қарадым. Тағы сол ербең-ербең. Маған жақын­дамайды да, менен алыстамайды да. Жүрек атқақтап аузыма тығылып, қол-аяғымнан дәрмен кетті. Қандай ой ойлап үлгергенімді де білмеймін, құлағыма мылтықтың тарс–тұрс етіліп атыл­­ғаны келетін секілді. Әлде жүрегімнің дүрсілі ме… Жоқ, мылтық екені анық. Жас­тық қой, қазір болса бас амандығын ойлап келген ізіммен кері қайтар ма едім, әйтеуір, шайтан емес екеніне көзім жеткен соң, алға жүрдім. Көрші ауылдың жекеше малын бағатын көршіміз. Қолында мылтық. Әйелін көз көрер жерге тұрғызып қойып нысаналап атып жатыр. Оқ жетер, жетпес жерге түсіп, жердің шаңын аспанға бұрқ еткізді. Әйелі ол кезде бізге кемпір болып көрінеді, қазір ойласам елудің о жақ, бер жағындағы ғана адам екен. Үсті басы шаң мен терге малынып тұр. Ол кездегі үлкендердің иманы басым ба «Әй, оңбаған-ау, келіннен ұялсайшы, тым құрыса!» дегеннен кейін мылтығын лақтырып жіберіп, атына қарғып мініп, отарына қарай шаба жөнелді. «Жеңеше!» – деуім мұң екен, қойшының әйелі ебіл-дебілі шығып бір жылады-ау. Бағанадан бері, денеме оқ тигізіп алмасам» деген ойдан басқа ешнәрсе ойламаса керек, енді қауіп алыстағаннан кейін қырық жылғы қорасын ақтарып бір еңіреді. «Біздің үйге жүріңіз!» дедім. Жылап келеді, сөйлеп келеді, күйеуден көрген қорлығын айтып келеді. Бұл дүниеде еркектерден артық ақымақ, миғұла болмайтындығын айтады. Менің бүгін ойламаған жерден үс­­те­рінен түсіп қалғандығым болмаса, күйеуінің мұндай қылығын ешкімге, соқ­талдай-соқталдай болып қалған жеті ба­ласына да айтпайтындығын жеткізді. «Балаларыңызға неге айтпайсыз? Бір кү­ні мерт етіп жүрмей ме?» десем, «Балалар әкесін жек көріп кетпесін деймін де» – дейді. Мен үндемеймін. Бір жағынан түсінбеймін. Өзін қорлаған адамды бала­ларының жек көргенін қаламайды.Түсі­нік­сіздеу екен деймін де қоямын. «Бүйтіп оқтан қорқып дірдектегенше ажырасып кетпейсіз бе?» деймін сол кездегі ұғы­мымның өлшеміне салып. Жеңешем енді маған таңырқай қарады. «Жынды болса да аман болсын, одан ажырасқанда шекем қызар деймісің?» деп күйеуіне өкпелеуін қойып, мені жақ­тырмай қалды.
«Мына әйелдің өзі ауым-саумылдау ғой деймін, күйеуі атады, күйеуін жамандайды, сөзін сөйлеп жақтасаң, жақ­тырмайды» деп мен де кілт ете қалдым. Сөйлемейінші өзіне дедім. Үйге келдік. Жуынып-шайынып, шайға отыр­дық. Же­ңе­шем оқ астынан келген адамдай емес, біздің үйдегілерден гө­рі әйелі бәй­ек болып төрге шығарып жатыр. «Ағаңа лағманыңды ащылап, шайыңды қы­зылдап құй» деп маған нығарлап қояды.
Мен ашығын айтқанда екеуін де жақ­тырып отырған жоқпын. «Екіжүзділер!» деймін ішімнен. Жаңа ғана бір-бірін өл­тіруге әзір тұр еді, енді сыйласа қалуын қарашы. Жаным күйіп, өз-өзіме сыймай мен отырмын. «Бұл жақтың адамдары да қызық екен ғой,» – деп ауылымды, ауылымның адамдарын сағынып көңілім кілт бұзылды.
Арадағы аз уақыт өткенде төркініме келдім. Ауылдың шетінен автобустан тү­сіп, үйге келе жатырмын. Ру жағынан маған жезде болып келетін кісінің үйінің алдында біраз адам топырлап жиналып қалыпты.Адамның басына әп дегенде жаман ой сап ете түседі емес пе, бір түрлі қорқа-қорқа жиналған топқа жақындадым. Жаманшылық болмағанымен бір түрлі үрей бар секілді. Әпкем теректің басына қарап: «Айтқаныңның бәрін істейін, түсші!» дейді жалынып. Биік теректің ұшар басында жездем отыр. Өзі толық адам. Отырған бұтағы әні сынып кететіндей, міне сынып кететіндей былқылдайды. Егерде құласа, жездемнің мына жерде сүйегі шашылып қалатыны анық. Теректің түбінде 2-3 жолдасы қолдарына арақ ұстап: «Ой, басқаны қайтесің, кел стақаныңа құйып қойдық, сенің денсаулығың үшін алып қояйық!» деп «гуілдескенсиді». Жездем: «Осы жерден секіріп өлемін, содан кейін үйдегі барлық арақты құшақтап жат!» деп әп­кеме қоқиланып қояды. Не керек, бір кезде жездем отырған бұтақ сынып гүрс етіп құлады. Қораның төбесіне, одан оның жанында тұрған машинаға, одан домалап жерге түсті. Еш нәрсесі қалмаған шығар деп сілейіп тұрмыз. Не істерін білмей жұрттың бәрі бір сәт абдырап қалып, ес жиғандары жездеме қарай жүгірісті. Жездем бұл кезде өзі де домаланып тұрып келе жатқан. Құдайдың құдіреті шығар, сырт киімдерінің далба-дұлбасы шыққанымен еш жері еш нәрсе болмапты. Тұра салысымен әпкеме бас салды. «Өлтірем, қырам, жоям» дейді. Айналасындағы адамдардың көмегіне сен­ді ме, әпкем жездемнің алдында мөнді-мөнді болып тұр. Өзі әбден жылаған. Ара-арасында: «Балалардың әкесі, сен аман болшы!» деп күйеуінің үсті-басын ретке келтіріп қояды. Оқиға дұрысымен аяқталып жатқан соң мен өз жөніммен кеттім. Бірақ, ой­ланып келемін. Еркектер туралы көз­қарасым өзгерген. Қызық деймін, 1917 жылы да, 1937 жылы да ерлікті де, сатқындықты да осылар жасаған. Қазіргі саясатта да, тіршілікте де солай. Не сұмдық, өз әйел-бала шағасын осынша зорлайтын, жылатып-сықтатып, қолдан жүйкелеткені. Жеңге, әпкелеріме де қайран қаламын. Шеттерінен кеші­рімшіл, кешіре салады. Өбектеп жүргені. Не құпиясы бар. Ашылмайтын кілтсіз қара құлып секілді.
Өмір жылжытып бізді солардың жасына жеткізді. Азды-көпті тәжірибе жинақтатты. Жастық шақтағы көңіл олқы тартып туратын біраз нәрсеге қазір күле қарайсың. Еркек пен әйелдің терезесі тең екендігін де, бірақ, керделенген бір айырмашылықтың бар екендігін де мойындайсың. Қазақта еркектің десі басымдығының ақиқатына көз жеткізесің. Біздің зиялыларымыз әйел­дің көзін ашуды, әйелді оқытуды көп айтып кеткен. Олар адамшылықтың негізі әйелде жатқанын ұғып, ұрпаққа жақсылық тарап, адам баласына пайдасы тисе екен деп тілеген. «Әуелі ана балаға байлық, барлықтың өзінде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы бағасы, дәмі қандай, өзгеде болғандағы көзге күйіктің пайдасыздығы қандайын үйре­теді. (М. Әуезов) – деп осыдан аулақ болу үшін, әйелді парасаттылыққа жеткізетін ортаға тарту керек, бесікті түзеу керек деген болса, қазіргі гендерлік саясатты ұста­нушылар ер мен әйелдің жылы, жазыл­маған тепе-теңдігіне суық су шашып шошытатындай ма? Қанша еркек мұғалім, қанша әйел мұғалім, неше әйел директор, неше әйел депутат, неше әйел министр. Олар осы орынға келгенде қоғамдағы тепе-теңдік орныға қалатындай. Мәселе олардың қызметке келуімен, қызмет атқаруымен емес, ішкі дүниесіндегі кеңдік арқылы ұрпақ тәрбиелеуінде болса керек. Менің жоғарыдағы жеңгем мен әпкем: «Ой, біздің әйелдік құқымыз бұзылды» деп щәк-шәлекейі шығып ажырасып жат­қанда не ұтар едік? Оларға гендерлік әлеуметтік теңдік деген саясаттың қажеті жоқ. Ұлы аталарының, ұлы аналардың өнегесінен таймаса болды.
Жалпы, теңдік деген дұрыс ұғым. Та­би­ғи үйлесімдікпен болып жатса, әрине. Бізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Онда негізінде әйелдердің әлеуметтік, моральдық мәртебесін көте­руге көбірек маңыз берілген. Бәрін керісінше істейтін менің көкелерім енді еркектер қозғалысын ұйымдастырып, еркектер партиясын құрамыз демесе болды. Олардың өздеріне тартып туған балалары гендерлік теңдікті желеу етіп әскерге барудан бас тартса ше… Менің көкелерімнен бәрі шығады.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Қазіргі гендерлік саясатты енгізу керек деген пікірмен келіспеймін. Ол әлдеқашан арамызға тарап кетті емес пе. Әйелдер “карьеара” жасаймын деп, бала тууды қойды, еркектер болса, “үй күшікке” айналды. Қоғамда әйел қашанда от анасы, ал еркек асыраушы болып, әркім өз орнын білгені дұрыс. Автордың не айтқысы келді? Жоғарыдағы мысалдардың гендерлік саясатқа қандай қатысы бар?

Пікірлерге тыйым салынады.