Кітап оқымайтын көрші

  • 16.09.2013
  • 9716 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Олжабай СабырбекСабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі

Ақтөбе-Астана бағытындағы «Батыс» жүрдек пойызы Алматыдан күн ұясына қонуға жақындағанда аттанды. Іс-сапарда жүргенде бірер-жарым кітап ала шығатыным бар-ды. Сапарластарым сайдың тасындай іріктелген жастар екен. «Әңгімелеріне үйірсектемей-ақ, кітаптың біраз бетін парақтап тастайын» деп ой қорытқам. Расында, олардың менде шаруалары болмады. Азын-аулақ жол дастарқанынан дәмауыз тиген соң, әркім өз қамдарына кірісті. Ақтөбелік екі жігіт «Дурак» деген карта ойнай бастады. Қызылордалық қыздың ешнәрсеге де зауқы жоқ. Оған тыныштық керек. Пойыз қозғалысымен-ақ төсегін қамдап, ұйқыға кетті. Ауық-ауық қалта телефонымен әлдекімдермен күбірлескені болмаса, пәлендей кедергісі де, көп сөзі де жоқ.


– Ағай, кітап оқудан жалықпайсыз ба? Көзіңіз талмай ма? – деген сауалдан еріксіз бас көтердім.
Осы сәт Ф.Бэконның: «Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі», А.С.Пушкиннің: «Кітап оқу – міне, үйренудің ең жақсы түрі», А.Я.Коменскийдің: «Кітап – ақылды қуаттандыратын құрал», М.Горькийдің: «Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», М.Әуезовтің: «Кітап аяу­лы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бас­тадым деп санауына болады» дегендері ойыма тырнадай тізіліп келе қалғаны.
Айтпақшы, япыр-ай, күз де келіп қалып­ты ғой.
Осы қоңыр күзін өткізіп жатқандар арасында ғана кітапқа деген қызығушылық бар. Көктемнің сарыауыз балапандары кітап бетін ашпайды десем, мен-ақ қателескен болайын. Көбісінің компью­тер алдында көгенделіп отыратынына бәс тіге аламын. Қазіргі жастар рухани құндылықтарға, эстетикалық әсем­дікке, көркем дүниелердегі кең тыныс­ты психологиялық талғам мен талдау бояуларына, бай тіліміздің жаһұт-жауһарларына терең мән бере білмейді. Ұлт­тық рух, ұлттық мәдениет деген оларға ойыншықтай көрінеді. Осы ретте Роллан Сейсенбаевтың: «Рухынан айырылған ел – ел болмайды, рухынан айы­рылған мәдениет те еш уақытта қай­тып тірілмейді» дегені есіме түсіп, денем тоңазығандай болды.
М.Шаханов аға айтпақшы, бүгінде компьютербасты адамдар көбейіп барады. Ойы тұйықталған, миын мәңгүрттік мүжіген жастар тоқырамағанда қайтеді? Жастар арасындағы қылмыстың өршіп бара жатқанына да осы ойсыздық себеп­ші емес пе екен? Жан сұлулығына ұмтылмаған ұрпақтың ажары солғын тартып тұратыны ойлаудан тыйылған­дықтан да шығар-ау.
Бір сауалдың төңірегінде тентіреуік көңілдің шарлап кеткен әлемі осыларға барып тірелді. Мен кітаптың азаматтың болашаққа қарап ілгері басқан жолында қандайда болсын кедергілерді жеңуіне кө­мек­тесетінін түсіндірмек болдым. Оның ішінде көркем әдебиеттің адам жан дүние­сінің қатпар-қатпар құпиясын ашуға жете­лей­тінін аңдатпаққа ұмтылдым.
– Керектінің бәрін кітаптан алуға болады дегеніңіз астамшылық. Қазір ком­пьютер деген құдірет бар ғой, – деп қасарысты қоңсым.
Мен бүгінде адамдардың құлтемірге айна­лып бара жатқанын ойлап, ауыр күр­сіндім.
– Жалпы, рухани құндылық­тары­мыздың орны айтарлықтай құл­дилады. Оған өзіміз де кінәліміз. Өзгелердің көз бояғыш жылтырақтарына әуеспіз. Жастардың санасын есірткідей улаған киносымақтар бәрімізді де жындандырып бітетін шығар. Кеше Шымкентте жоғары сынып оқушылары колледж сту­дентін пышақтап өлтіріпті. Бұл ненің салдары? Зұлымдыққа, аярлыққа, алаяқ­­тыққа, нәпсіқұмарлыққа үндейтін кино­лардың «жемісі». Шетелдердің ши­кілі, күлдібадам кинолары, әпербақан дүниелері ойсыздарды қақпанына оң­дыр­май іліктіріп жатыр. Еліктеп – солықтаушыларды оң жолға салар орта және жоқ, – деді көршілер купеде келе жатқан сапарлас сөзімізге араласып.
Әлгі екеуі әлі картадан бас көтерген жоқ. Дәлізде тұрмыз. Көрші купедегі қыз ноутбукты ашып қойып, өз-өзімен әуре.
«Жол қысқарсынға» баққандағы әңгі­ме төркіні төмендегідей болып шық­ты. Ұзақбайдың (сапарластың аты) пайымдауын­ша, Кеңес үкіметінен соң біз көп керектігімізден айырылып қал­дық. Соның бірі – жаппай кітап оқу үрдісі. Қоғам бір формациядан екінші фор­мацияға өткен үргіншілік кезінде мәуелі мәдениетімізді қысқы үскірікке үсітіп алдық. Келіншектер қап арқалап, үш бұтты ошақ қамымен тентіреп кетті. Ебедейсіз еркектер бала тәрбиесін ұмытып, ермек іздеп елірді. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде тәрбие деген қадір-қасиетті уысымыздан шығарып алдық. Ел экономикасы еңсесін тіктеген соң адамдар эстетика әлеміне қайта оралады деген біржақты ұғым. Рухы құлаған ұлттық мәдениетті қайта қалыптастыру мүмкін бе? Қазір адамдардың санасын материалдық құндылықтар фа­шис­терден бетер жаулап алған. Бұл бұғаудан шығу мүмкін емес. Өйткені, мәң­гүрттенген мақаупестер миына май құйғанмен санасы сілкінбейді. Ал, сананы сілкіндіру үшін сталиндік сұс керек!
Сонда, рухани құндылықтарды қалпына келтіру үшін не істемек керек? «Бір ел – бір кітап» амалы қалай дегенде де кітап­құмарлық қызығушылығымызды арттырып кете алмасы анық. Белгілі ортада, кітапханаларда ғана бұл акция жалғасын табар. Ал, басқа жерлерде ше? Бәлкім, кітапқұмарлар қоғамын қайта жаңғырту керек шығар? Сонда жұрттың барлығы қолдарына кітап ұстап шыға келе ме? Бұл жағы да дүдәмал.
Қазір көпшіліктің жылдам хабар алғызатын электронды ақпарат құрал­дарына көңілдері ауған. Кез келген ақпа­ратты интернет арқылы алады да осыған қанағат тұтып жүре береді. Сөйлесіп көрсеңіз, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жа­ңа­лықтарды суша сапырып сырғып тұр. Ал, кеудесі ше? Ішкі әлемі ше? Бос. Мұн­дай қуыскеуде жастар мемлекет тізгінін ұстай ала ма? М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Ж. Ай­мауытовтың, С.Сейфуллиннің, М. Жұма­баевтың психологиялық, те­рең тамырлы тарихи әңгімелерін, Т.Әлім­құ­ловтың қарасөздің майын ағызған сөз өр­не­гін, А.Сүлейменовтің оқшау ой­ла­рын, І.Есенберлиннің тарихтан тамыр тарт­қан еңбектерін, Б.Майлиннің қара­пайым­дылыққа суарылған көркем шығар­маларын оқы­маған жастардың көңіл көздері бітеліп қалмас па? «Абай жолын» оқымаған қазақ қазақ па?
– Қазір бізде шедевр суреткер аз. Балалар әдебиеті мүлдем өлген. Кешегі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіне тең түсетін бір дүние жазылды ма соңғы кезде? Жоқ. Ендеше, татымсыз туындыны кім оқиды? Оданда түріктердің ұласпалы, шұбырмалы киносериалдары жақсы, – деді қатарымызға қосылған және бір жолаушы.
– Сонда түріктердің түсірілімдерін малданып отыра береміз бе? Қазақтың кинолары қайда қалмақ? – деп Ұзақбай оған қарсы сұрақ қойды.
– Қазақтың киносы – «Келін», «Сталинге сыйлық», «Ақырғы аялдама» болса, жетіскен екенбіз, – деді Бақытбек Есқараұлы. Қатарымыздағы су жаңа әңгіме­шіміздің бірі осы жігіт.
– Сонда, «Жаужүрек мың баланы» қайда қоясыз?
– Мойындаймын. Бұл қазақ кино­сын­дағы үлкен жетістік. Алайда, адамды имандылыққа, адалдыққа, отан­сүйгіштікке тәрбиелейтін жаңа да жақсы фильм­дер бізде әлі де аз ғой.
Бұл – Ұзақбай.
– Тақырыбымыздың тұздығы кітап оқымайтын жастар төңірегінде еді. Қай жаққа ауа жайылып барамыз? – деп сыр-сұхбатты арнаға салып жібермек болдым.
Осы кезде купесінен шыққан келіншек әңгімеге араласты. Жөн сұрастық. Созақ ауданы Құмкент ауылының кітапханашысы көрінеді. Аты – Күләйша.
– Бұрын аудан орталықтарын, былай қойғанда әр ауылда кітап дүкені болушы еді. Қазір облыс орталығынан кітап дүкенін зорға табасыз. Біздің ауылдық кітапханаға мемлекет тарапы­нан қаржы аз бөлінеді. Сондықтан кітап қоры бізде жеткілікті емес. Тіп­тен, жерлес жазушыларымыздың кітап­тарын ала алмаймыз. Кітапханаға келу­шілер М.Әуезовтің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә. Ке­кілбай­дың, О. Бөкейдің, М. Ма­ғауиннің, Д. Исабе­ковтің, Б.Нұрже­кеевтің, Т.Әлім­құловтың, Н.Ораздың кітаптарын сұ­райды. Бұл авторлардың кітаптары ескірген. Жа­ңа­сын алуға қаржы аз, – деді ауыл кітапханашысы.
Кітап былай тұрсын, күнделікті бас­пасөз басылымдарын түгел жаздыртып ала алмайды екен.
– Қазір жазушылардың тілі жұтаң. Шеберліктері тар шеңберде. Көбіне пуб­­лицистикалық сарында жазады. Қа­зіргі кезеңде оқырмандарымыз қа­лың-қалың, том-том кітаптарды оқуға уақыты да, зауқы да жоқ. Сондықтан жазушылар ендігі жерде новелла үл­гісінде жазуға машықтанулары керек. Сонда ғана оқу­шы кітап парақ­тайды, – деді манадан бері әңгімеге араласпай отырған Ынтымақ атты жолаушы.
– Меніңше, алдағы 10-20 жылда газет-жур­нал да, кітап та керек болмай қалады, – деді қарта ойнаушылардың бірі.
– Мына өркениетті елдеріңізде тех­ника соншалықты қарыштап дамы­ған сайын газеттердің таралымы сонша­лықты ұлғайып жатыр. Адамдар рухани жұ­таңдыққа жол бермейді, – деп Ынтымақ қасарысты.
Мен жазушысы, ақыны жоқ қоғамды көз алдыма елестете алмадым. «Алла тағала тіліне от салып, жүрегіне мейі­рім төгіп, халқының жалғыз жанашыры қып қара жерге жазушыны жіберген. Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да сол – жазушы. Суреткер-жазушының жер бетінде үш міндеті бар, ол адамзаттың адалдығы үшін күрес. Қара жердің тазалығы үшін күрес. Ел билеуші пен­денің ойының адаспауы үшін күрес» деген жазушы Р.Сейсенбаевтың сөзі есіме түсті. Біреулер кітаптың ендігі жерде керегі жоқ деп сандырақтайды. Сонда қарапайым халықтың қам­қоршысы кім болмақ? Ел билеуші пен­денің адасқақ ойын түзу жолға кім бағыттамақ?
– Жарайды, жігіттер. Ойнасақ та біраз жерге барып қалыппыз. Жұрттың барлығы дерлік жатып қалды. Жолаушылардың ты­ныш­тығын бұзбайық, – деді Ұзақбай.
Қытай вагонындағы жайлы төсек-орын жауырыныма тақтайдай батты. Дөңбекшіп ұзақ жаттым. Көз ілінбеді. Кітап оқымайтын қазақтың ертеңі не болады деп қамықтым. Ойыма қай-қайдағылар келді. Ғылыми-техникалық не­гізге сүйеніп шығарма жазудың хас шебері, атақты қиялгер-жазушы Ж.Верн өткен ХІХ ғасырда жүзге жақын роман жазып, жүзден астам болжам жасаған. Жазушы қиялдарының көпшілігі ХХ ға­сырда жүзеге асырылғаны тарихтан бел­гілі. Осы Ж.Верн: «Ендігі ға­сырда жазушылардың ең көлемді шы­ғар­малары-әңгімелері болады» деп­ті. А.Че­хов айтпақшы, расында қыс­қалық та­­ланттың белгісі болып қалар ма екен? Сон­да, М.Әуезовтің «Абай жолы», Ғ. Мү­сіре­повтің «Ұлпаны», Ғ. Мұстафиннің «Шығанағы», І.Есенберлиннің «Алмас қылышы», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Т.Әлімқұловтың «Ақбоз аты», С. Мұ­­қановтың «Мөлдір махаббаты», Ә. Нұр­­шайы­қовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» шаң басып архивтерде қала бе­ре ме? Пойыз доңғалақтарымен бірге жүрек те дүрсілдейді.
Адамды маймылдан өрбітіп, Айды ас­панға бір-ақ шығарған Ч. Дарвин ақ­сақал: «Көркем кітап оқуға әуестігім азайып бара жатыр. Сондықтан, осы­ның өзі менің жан дүниеме келген жамандықтың белгісі ме деп қорқамын» депті. Бүгінде ілімі көзге ілінбей жатса да, бұл шалыңыз босқа қорықпапты. Кітап оқуға деген құмар­лықтың азайып бара жатқаны бүкіл қоғамға келген жамандық болып жүрмесін.
Менің осы ойымды құптағандай пойыз доңғалақтары да дүкі-дүк, дүкі-дүк деп атой салып келе жатты.
***
Алматыдан арқалап әкелгенім екі-ақ кітап еді. Базарлығымның пошымына қараған келіншегім күлімдей қойған жоқ.
Мен әлі де тұман ой тұтқынында едім.

Алдыңғы «
Келесі »