Кумамото

  • 16.09.2013
  • 543 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ШарафатШарафат Жылқыбаева,
жапонтанушы

«Кодекс куманикус» жазылған дәуір­­де Жапонияның Кюсю аралының Ба­ты­­сында Кумамото мемлекеті өркен жайған. Солтүстігінде Фукуока, Солтүстік Шығысында Оита, Шығысында Миядзаки, Оңтүстігінде Кагошима префектураларымен шектесіп жатқан Кумамото тарихи деректерде, Күншығыс фольклорында Хиго мемлекеті деген атаумен белгілі. Таулы өлкенің Амакуса аралы табиғи бақ ретінде танылған. Жазғытұры гүлдейтін, дүниежүзі бойынша тек Жапонияның Кюсю өңірінде ғана өсетін киришима жабайы гүлін осы Кумамотодан көреміз.
Асосан тауының бес вулканды конусы бар. Жүз отыз шақырым аумақты алып жатқан әлемдегі ең ірі кальдера Асосанның бір қазаншұңқыры болып табылды. Бес шыңның ең биігі 940 метрлік Дайкамбо болса, от шашқан Накадакэ биігі Кумамотоның ежелден От елі деп аталуына негіз болған. Ал, Комэдзуки (Күріштөбе) төңкерілген күріш жананынан аумай қалған.


Кумамото Токугава (1603-1868) шйогунаты билігі дәуірлеп тұрған кезде биліктің бас ордасы болған. Ең ірі сарайдың бірі Кумамотоның тауында осыдан төрт жүз жыл бұрын салынған. Ұлы қолбасшы Като Кйомаса Кумамото сарайын жеті жылда салдырған. О баста 49 мұнарасы болған сарайдың 29 мұнарасы 1877 жылғы Сэйнан соғысы кезінде күйреген. Бұл мұнаралар 1960 жылы қайта қалпына келтірілді. Бекіністі сарайдың Солтүстік Батысындағы 300 жылдық Гйобутэй сарайы Гйобу әміршінің жазда жайлайтын резиденциясы болған. Эдо дәуіріндегі көсем өмірін осы Гйобутэйден көреміз.
Кумамотоның өнер мұражайында Като мен Хосокава руларының жәдігерлері жинақталған. 1632 жылы Хосокава руының сарайы жанынан Суйдзэндзи бағы ашылған. Кәусар бұлақ суымен толыққан айна көл бақтың дәл ортасында орналасқан. Суйдзэндзи бақтың классикалық үлгісі болып табылады. Қасиетті Бива көлі мен Фудзи тауының үлгісі орнатылған бақта әйгілі тарихи Токайдо жолының 53 стансасы бейнеленген. Кумамото аймағы қолөнер шеберлерімен, Асакуса інжуімен, өрнекті қағазымен, алтын қағаздан жасалған Ямагэ шамымен белгілі өлке. Жапонияда жасы жүзден асқан ақсақалдардың көпшілігі Кумамотода тұрады. Бұнда ұзақ жасаудың кепілі караширэнкон деген дәм. Бұл тағам қышаның мисо езбесі мен лотос түбірінен жасалады. Лотос – Будда философиясының символы.
Кумамото топонимі «аюдың Отаны» деген мағынадағы қос таңбадан құралса, куманың тарихи-лингвистикалық маңызы тереңде жатыр. Жапон тілінде кума бес түрлі иероглифпен таңбаланады. Жұмақ Буддасы Амида атауы да Куманың а деп оқылатын таңбасынан басталады. Кума тек атауы ғана емес, философиялық мағынасы терең таңба. Кума – Космостың бастау нүктесі. Бұл таңба ежелгі дәуірде Будда діни титулдарына қатысты қолданылған. Мифтегі Ашюра Куманың а нұсқасынан басталады. Кума сонымен бірге – тау қойнауы, өзен сағасы, шатырдың жиегі. Күн мен Айдың тәжі де (айналасындағы шеңбер) – Кума.
Жапон тарихи жазбаларында Токушима префектурасы Ава делінсе, а таңбасының басты оқылуы – Кума. Күншығыстың бес түрлі Кума таңбасы Кумамотоның Асосан тауының бес шыңы тәрізді. Кума ерте дәуірде еркелету мәніндегі сөздерге де қолданылған. Өнердегі қою түсті де кума таңбасымен бейнелейді. Көне дәуірден жеткен жапон ұлттық Кабуки театрында әртістер Кумадори деп аталатын әдіспен боянады. Кумадори түстің қою бөлігіне қатысты сөз. Жарық пен көлеңкенің философиялық астары, қою мен солғынның мәнін бейнелейтін тәсіл. Күншығыс тіліндегі өте жақын адамын еркелетуге қатысты қолданылатын Кума сөзі орыс тіліне енген. Орыстар кіндік шешені кума дейді. Куман даласында өскен бүлдіргеннің түрі славян тілінде куманика деп сақталса, ерте заманда жасалған Куман қыш ыдысы украин тілінде куманец деп сақталған. Кабуки әртістерінің қызыл және көк түске боянуы кумадори болса, көне түркінің қызыл түсті кездемесі кумач деп аталған. Қызыл – оттың түсі. Кумамотоның қызыл сиыры Хиго аймағы туралы тарихи жазбаларда аталады.
Куман дәуіріндегі жер-су атаулары бүгінге дейін өзгермеді. Мысалы, Солтүстік Кавказда Кума өзені, Батыс Сібірде Кума өзені ағып жатыр. Венесуэладағы Сукре штатының бас қаласы Кумана болса, Гананың Аашанти облысының орталығы Кумаси. Индостан жартыаралының Оңтүстік шетіндегі мыс Кумари деп аталады. Жапониядағы префектураның аю ұғымымен байланысты таңбалауында мән бар. Аю – мифтік хайуан. Аюға қатысты мифтік ғұрыптар Ямагата префектурасында және Солтүстіктегі Хоккайдо айндарының дәстүрінде сақталған. Айну (айн) этнонимінің де атауы аю таңбасымен байланысты. Жапондар сұң­қардың тегеурінді бір түрін Куматака (аю сұңқар) дейді. Кумандар Кюсю аралына дейінгі аралықты жайлаған. Кюсюдің Оңтүстігі, Миядзаки префектурасы мен Кагошима префектурасының бір бөлігі Кумасо деп аталған (Фукушикогоджитэн. Токио: 1990, 342 б).
Кумасо осы аймақты мекендеген рудың аты. Шинто ғибадатханаларында діни рәсімдер кезінде пайдаланатын күрішті кумай дейді. Ал, Сайтама префектурасындағы Куматани аймағында алғаш жасалған, самурайлар мен әулиелер кісі көзіне түспес үшін баса киген терең қалпақты Кумагаигаса дейді. Куман дәуріндегі «Хэйкэмоногатари» эпопеясында Кумано деген жер атымен бірге Кумагайдзироу Наодзанэ деген кейіпкер бар. Миэ префектурасында Кумано қаласы, Вакаямада Куманогава өзені тарихтың терең қайнарларындағы шындықты сақтап отыр. Кумамото префектурасындағы Кумамото деген шаһар және ауыл, Кума уезі мен Кума ауылы бар. Кума сөзі Эхимэ префектурасындағы қала атауына да негіз болған. Осакада Куматори кенті, Окаямада Кумаяма кенті, Ямагучиде Кумагэ кенті болса, Кумагэ деп аталатын уез Ямагучи мен Кагошимима префектураларында орналасқан. Хоккайдода аюдың тасы тұрған Кумаиши кенті, Сайтамада Кумагая шаһары Куман дәуірінде белгілі болған. Хирошиманың Куманосымен аттас Киотода уез бар. Бұл атаулардың барлығы ұлы көсем Шйотокутайши заң кодекстерін жасаған дәуірде қойылған. Куман дәуіріндегі тарихи ескерткіштердің бірі Куманомагайбуцу. Бұл Жапониядағы ең үлкен жартас болып табылады. Кумамото аймағы көне аңыздарға бай өлке. Куманың Отаны Кумамотодан жазылып алынған аңыздар аса бай.
Жапониядағы Куматани руы да Күншығыс өркениетіне зор үлес қосқан елдің бірі. Кумандар дүниежүзіндегі тұңғыш заң кодексін жасағандығы белгілі. Кумамото аңыздары ежелгі өркениеттің айшықты мұрасы болып табылады. Кума таңбасының бірі аюды бейнелесе, ол туралы аңыз-ертегілер де көне заманда шыққан. «Аю батыр», «Аю мен қыз», «Аю дәу» сияқты көптеген аңыздар Кума атауына қатысты аймақтардың Шығыс тарихындағы рөлін бейнелейді. Аюға әйел болған патша қызы туралы ертегілер қазақ халқында да, жапон елінде де сақталған. Аю ұрлап кеткен қыздың ұзақ уақыттан соң үйіне оралуы туралы сюжет фольклор туындыларында сақталған. «Аю еді, аю да болса байым еді» деген мәтел аңыз тудырған заманнан жеткен. Сондай-ақ, көне дәуірде жасырын иелік, құпия үйді кума деп атаған. Кумагайгаса қалпағын жасырыну үшін кисе, құпия мен кума сөздерінің жасырын байланысы ку бөлігінен көрінеді. Кумано ғибадатханасы тұрғызылған кезеңнен бері Кума құпия сырды сақтап келді. Кумамото құпиялы аймақ, жұмбақ өлке. Жұмбақтың бір сыры ертегі-аңыздарында жасырынған.
Қызыл мысық
Баяғыда Кумамотода көп балалы бір кедей кiсi болыпты. Бiрде балаларына беретiн тамақ табылмаған соң бiр байдан қарызға ақша алады. Қарызды қайтаратын күн жақындаған сайын бай күнде кедейдiң үйiне келiп, «Ақшамды жылдам қайтар» деп айта берiптi. Кедейдiң беретiн ақшасы болмай жыларман күй кешедi. Бай «Жаңа жылға дейiн ақшамды өсiммен бермесең үйiңдi тартып аламын» дейдi.
Кедей жаңа жыл келгенде де қарызды қайтаратын ақша таба алмай зар қағады. Әйелi соңғы бiр уыс күрiштi пiсiрiп балаларының алдына қоя бергенде ақшасын алмаққа бай келедi. «Көрiп отырсың ғой, қаптың түбiн қағып, балаларға соңғы тамақты нәпақа етiп берiп отырмыз. Өтiнемiн, күте тұрыңызшы, әйтеуiр бiр күнi қайтарармын» деп жалынса да, бай көнбейдi. Қайта одан бетер ашуланып, ошақ түбiнен бiр уыс топырақты алады да дастархандағы пiскен күрiшке шашып жiбередi. Кедейдiң әйелi балаларын құшақтап зар еңiрейдi. Сөйтiп, бай кедейдiң бала-шағасын шырқыратып, үйiн тартып алады.
Кедей балаларын шұбыртып, ауыл сыртындағы дарияға келедi. Алдымен кедейдiң қарт әкесi екi баланы құшақтап дарияға құлайды. Содан соң қалған балалар да бiр-бiрлеп суға секiрiп, кедейдiң отбасы тулаған судың түбiне кеткен екен. Ал, кедейдiң зәбiр көрiп налыған рухы қызыл мысыққа айналып үйiнде қалыпты. Мысықтың мияулаған үнi бүкiл ауылға естiледi екен. Қызыл мысықпен бiрге байдың отбасында толассыз нәубет басталады. Алдымен үйi өртенедi. Содан соң балалары шетiнейдi. Ең соңында байдың өзi жынданып өледi. Бiреу жерiн алып, үйдi бұзып, басқасын тұрғызған екен, қызыл мысық сонда да кетпептi. Қаншама уақыт өтсе де әлгi орынды мекендейтiн әрбiр отбасының тағдыры түрлi апаттарға ұшыраумен аяқталады екен.

Наба дәу
Асо тауының бөктерінде Хинокимура деген шағын ауылда бір жігіт болыпты. Шаруа істемей үйінде жата береді екен. Бір күні әкесі жалқау ұлына «Ең болмаса наба (саңырауқұлақ түрі) теріп келсеңші» дейді. Жігіт тауға барып, ағашта өсіп тұрған набаны көреді. Жалғыз набаны аламын ба, деп ағашты түбірімен қопарып алыпты. Содан бастап ел оны Наба деп атайтын болыпты. Хинокидің Набасы деген атақ бүкіл елге жайылады. Хинокимура тау қонауындағы ауыл болғандықтан егістігі шағын, таудағы бұталарды өртеп, орнына ава (дәнді дақыл), анабазис (ежовник), қарақұмық сияқты дәнді дақылдарды егіп тіршілік етіпті. Бір жылы Корандзанның алып самырсынын жел құлатыпты. Ол кезде ағаштан жасалатын күріш түйетін келіні тоусу дейтін. Ауыл адамдары бірден құлаған ағаштан тоусу жасап, сатуды ұйғарады. Бүкіл ауыл Корандзанға барғанмен, жалғыз Наба ғана ұйықтап жатыпты. «Ең болмаса тамақ апарып бер» деп, әкесі Набаға он кісілік күріш салынған қорапты береді. Наба орта жолға келгенде қорапты ашып күрішті жей бастады. Қораптың түбі көрінгенде Корандзанға жетті.
– Наба тамақ әкелді, – деп шу ете түсті таудағы ел.
Наба айтты:
– Қораптағы тамақты жолда қарным ашқан соң жеп қойдым.
– Он адамның тамағын бір өзің жеп алыпсың. Ал, ендеше он кісінің шаруасын тындыр, – деді бір егде кісі.
Құлаған ағашты он кісі жабылып орнынан қозғалта алмаған еді. Наба алып самырсынды иығына салып алып, ауылға жеткізді. Асоның әміршісі Кумамото сарайына баруы қажет еді. «Хинокидің Набасы Кумамотоға дейін әміршінің күймесін көтеріп апарсын» деген бұйрық шықты. Наба әміршісі мінген күймені жалғыз өзі көтеріп алды. Учиномаки жайлауына келгенде темекі шеккісі келді. Күймені көпірдің дәл ортасына қойды. Наба кисэруді аузына салды. Күйме теңселіп тұр. Әміршінің есі шықты.
– Наба, күймені көпір үстіне қойғаның не? деп ұрысты. Наба ештеңе болмағандай темекісін шегіп тұра берді. Наба көпір үстімен әрі-бері жүрді. Аспалы көпір теңселген сайын әміршінің зәресі ұшты. Наба әміршіні осылай қорқытқан екен.
Бір жылы толассыз жаңбыр жауды. Хинокимура ауылынан 1 ри (3,927 км) қашықтағы шаһардағы өзен тасып, бөгетті бұзып өтті. Өзен шаһардың қақ ортасымен ақты. Ауыл халық бөгет салуға кірісті. Балталарын алып, бамбук кесуге барды. Набаға ешкім балта ұстатпады. Сындырып тастайды деп қорықты. Наба таудағы бамбуктерді қолымен жұлып-жұлып алды. Арқанмен буып, қалаға келді. Бамбуктер үйлердің шатырын сындыра жаздады. Жұрт азан-қазан болды. Наба бүкіл қаланы жайпап өтіп, бекініс салатын жерге жетті. Жұрт аңтарылып тұрғанда жалғыз өзі бекініс салуға кірісті. Жұрт бұл бекіністі Набанонакисэки (Набаның гүжілдеген дамбасы) деп атап кетті. Бір бойында жүз кісінің күші бар Наба дәу туралы аңыздар Асо тауының баурайында бүгінге дейін айтылады.

Қасиетті тасбақа
Ертеде бір ауылда ағайынды екеу болыпты. Әкесі дүниеден озған соң үлкені бар дүниені алып, інісіне түк қалдырмапты. Бір күні үлкен ұл інісіне айтады:
– Сен маған ештеңе бермедің, – деп ренжіме. Мен саған өте құнды дүние бер­мекпін. Ол біздің анамыз. Сен шешеңмен бірге тұратын боласың.
Сөйтіп үлкен ұл анасы мен інісін тастап, әйелімен бөлек шықты.
Кішісі отын теріп қалаға апарып сатып, анасын асырады. Жылдың аяғы еді. Жаңа жылда жейтін асы жоқ інісі қарызға күріш сұрауға ағасына барды. – Аға, бір тостаған күріш берші. Анамыз екеуміз жаңа жылды қарсы алайық.
– Саған бергенше қорадағы шошқаға бергенім артық, – деген ағасы бір тостаған піскен күрішті қорадағы шошқаның алдына төкті.
Інісі анасына үлкен ұлдың істегенін айтты.
– Жүр, екеуміз теңізге барайық, – деді анасы. – Жейтін бірдеңе табылар.
Екеуі жағалаудан теңіздің шөбі мен ұлу тере бастады.
– Шеше, ұлудан басқа ештеңе жоқ қой, жаңа жылда не жейміз? – деді бала.
– Жаңа жылда күріш жейміз! – деген дауыс естілді.
Қараса кішкентай тасбақа жатыр. «Міне, қызық! Тасбақа сөйлейді» деп, бала тасбақаны көтеріп алды.
– Тасбақа, айтшы, жаңа жылда не жейміз?
Тасбақа басын шұлғып:
– Күріш жейміз, – деді.
Бала тасбақаны алып қалаға барды.
– Уа, жамиғат! Қасиетті тасбақа әкелдім. Сөйлейтін тасбақа! – деп жар салды.
Жиналған жұрт:
– Жаңа жылда не жейміз? – десе,
Тасбақа:
– Жаңа жылда күріш жейміз, – деп жауап берді.
– Расында, бұл қасиетті тасбақа екен, – деді, топ ішінде біреу. Әлгі кісі балаға мол күріш, қалтасын толтыра ақша салып берді. Бала анасы екеуі жаңа жылды тоқшылықта қарсы алды. Келесі күні ағасы келді:
– Сен бір керемет тасбақа тауып алды, – деп естідім. – Маған соныңды бере тұршы, – деді. Ағасы тасбақаны алып қалаға барды.
– Қасиетті тасбақа қазір сөйлейді. Ақша мен күрішті дайындап отырыңдар деп, айғайлады. Ол тасбақаның сауытын тықылдатты:
– Сөйле, қане, жылдам сөйле, – деймін.
Тасбақа сөйлемеді. Басын сауытына тығып алды. Жұрт:
– Суайт! Жаңа жылдың алдында жаман ырым бастап, – деп, жігітке дүрсе қоя берді. Ашуға мінген үлкен ұл үйіне келіп, тасбақаның сауытын сындырып, лақтырып жіберді. Інісі келіп:
– Аға, тасбақамды қайтар, – десе:
– Сөйлемеген соң өлтіре салдым, – деді.
Інісі өлген тасбақаны баққа көмді. Сол жерден бір бамбук өсіп шықты. Өсе-өсе аспанға дейін жетіп, Аспан Пірінің алтын қоймасына тиді. Бамбук тиген тұстан алтын құйылды. Жігіттің бағына алтын таудай боп үйілді. Бұны көрген үлкен ұл түнде жасырынып келіп бамбуктың бір бұтағын кесіп алды. Оны өзінің үйінің бағына отырғызды. Бамбук өсіп шығып, бұлтты тесіп өтті. Аспан Пірінің қоқыс қоймасына тиді. Үлкен ұлдың бағын қоқыс көміп тастады. Сараң ұл қоқыс астында қалып өлді.

Алдыңғы «
Келесі »