ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮНІ ҚАЛАЙ ЕСТІЛДІ?

  • 16.09.2013
  • 888 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі кезде зиялы зерттеушілер ұлт-азат­тық көтерілістерге жаңа қырынан қарауда, оның өзіндік шын тарихын жаңа құнды деректер негізінде обьективті түрде зерттеуде. Осыған орай, өмірлерін ұлттық мүдде үшін қиған Мұхаметжан Тынышбаев сынды ғалымдардың қоғамдық көзқарастары мен тарихи зерттеулері жаңа көзқарастар тұрғысында жаңадан бағалана бастады. Қазақ халқының 20-30 жылдардағы тарих ғылымында Мұхаметжан Тынышбаев зор рөл атқарды. Өйткені, Мұхаметжан Тынышбаев өзінің зерттеуін зерттеушілік қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде халқымыздың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының тарихын зерттеуге арнады. Ғалым-гимназист және студент бола жүріп, қазақ халқының мұқтаждығын жақсы түсінді, орыс басқару органдары мен Жетісуды мекендеген қазақ және қырғыз халықтары арасындағы өзара қарым-қатынастарды білуге ынталы болып, оларды жан-жақты зерттеуге тырысты. Оның пайымдауынша, қырғыз-қазақ халықтары, әлбетте, Ресейден орыс қоныс аударушыларының осы өлкеге қоныс аударуына аса қарсылық көрсетпей, олардың жаңа жерде өздерінің жағдайын жақсартуға ұмтылған әрекеттеріне әуелде түсіністікпен қарады. Олар қоныс аударушыларды өлкеде қарсылықсыз қарсы алды. «Тіпті, елдің ақсүйек ру басылары орыс отрядтарын елге өздері бастап келіп, қоян қолтық араласты. Алайда, олардың келуінің немен аяқталатыны белгісіз болды…» [3] дей келіп, М.Тынышбаев жергілікті халықтың мүддесіне сай қандай саясатты ұстанғандығын, қандай заңсыздықтардың жүзеге асқандығын көрсетеді.


1906-1914 жылдар аралығында Верный облысын басқарған С.Н.Велецкий кезіндегі заңсыздықтардың ашық түрде жүзеге ас­қан­дығын бұлтартпайтын деректермен дәлелдеген М.Тынышбаев 1916 жылғы көте­рілістің басты себебі, патшаның жер­гілікті халықтың ер-азаматтарын майданның қара жұмысына алу туралы 25-маусымдағы жар­лығы емес, әлеуметтік және ұлттық езгінің бірінші дүниежүзілік соғыс барысында б­арын­ша күшейгендігі болғандығын баса көрсетеді. Осыған орай, М.Тынышбаев өз зерт­теу­лерінде Верный уезін 8 жыл басқарған С.Н.Велецкий кезінде Переселен басқармасының қазақ пен қырғыздардың жерін тартып алған заңсыздық әрекеттерінен мәліметтер келтіреді [3].
1916 жылғы патшаның маусым жарлығы көтерілістің басталуына түрткі ғана болғанын айтады. Бұл туралы ол Түркістан генерал-губернаторының атына жазған түсініктемесінде ашық көрсетті. Түсініктеменің бір тұсында ол: «Құнарлы жерлерді тартып алған соң, мал шаруашылығы құлдырады, жер өңдеу қысқартылды. 1907-1914 жыл арасындағы жеті жылда облыс қатты өзгеріске түсті…» [3], – десе, екінші бір жерінде «барлық жауап­кершілік қазақтардың мойнында болды: егер, орыс шаруасының малы немесе басқа бір мүлкі жоғалса, жергілікті жер болыстығына оны тез арада табу тапсырылды (Лепсі уезінде 3-5 күндік мерзім ішінде)», – деп, ел ішіндегі заңсыздықтардың ашық түрде қандай жолдармен жүзеге асқандығын бір қырынан көрсетеді.
«Мен, – дейді ол, – 1910 жылы Жетісу облысы үстінен өтіп бара жатып, Қарабалтадан Пішкекке дейін, одан әрі Константиновкаға дейінгі шамамен 75 шақырым аралығында пошта станцияларының өзара тұтас дерлік қоныстанушылардың поселкелермен жалғасқа­нын көрдім. Пішкек уезін түгелдей поселкелер басқан және алыстағы Чернигов, Орлов және басқа губерния мұжықтары армандаған Пішкек жері туралы айта келіп, даудың басы Патшалық Ресейдің жер мәселесіне қатысты жүргізген отарлық саясаты ұлт-азаттық қозғалыстың туын­дауының басты себебі болды» деген қоры­тынды жасайды [3]. М.Тынышбаевтың Түр­кістан генерал-губернаторының атына жазған түсініктемесінде 1916 жылғы көтеріліс тарихын зерттеуге үлес қосуға мол мүмкіндік беретін мәліметтер келтірілген. Мәліметтерді қарастыра отырып, ел қоныстарын қозғамай-ақ, бос жатқан қазақ даласын игеру патшалық өкімет үшін тиімсіз болғанына көз жеткіземіз. Мұхаметжан Тынышбаевтың бұл пікірі оның замандасы Ахмет Байтұрсыновтың «Көшпелі һәм оты­рықшы норма» атты мақаласында қолдау тапқан [4]. Осылардың бәрін көріп, біліп, сезініп өскен, көкірегі ояу, көзі ашық А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, Ж. Ай­­мауытов сынды зиялы азаматтар намысы тап­талған, қорланған, мүсәпір болған халқына қол ұшын беруді өздерінің парызы санады. Бұл ретте аталмыш қазақ зиялыларының 1916 жылғы патшаның маусым жарлығына байланысты көзқарасы туралы мәселе туындайды. Олардың сол жылдары осы мәселеге байланысты қандай күй кешкенін Мыржақып Дулатовтың «Он алтының ойраны» атты мақаласынан көруге болады. «Бір күні төбеден түскен жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі – қалың қазақ еліне оның әсері қандай болатындығын сезгендігімізден еді. Бұл жарлықтың қазақ арасына қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елестей қалды. Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағдарысқа ұшы­радық. Қайтпек керек? Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ? Елдің ризалықпен көнгісі келмей­тіні, балаларын бергісі келмейтіні «соғыс», «солдат» деген сөздерден өлердей қорқатыны, патша өкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. «Көнбе, берме» дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп, «Көнбе» дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда?» деп көрсетсе [5, ?], Мұхаметжан Тынышбаев: «Жағдай өте қолайсыз қалыптасты және санаулы қыр­ғыз (қазақ) интеллигенциясы екі оттың орта­сында қалды» [3], – деді.
Сол кездегі қазақ зиялыларының жетекшісі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов ешбір қарсылықсыз патша жарлығын орындау керек деп санады. Бұлай етпеген жағдайда, деді олар, патша үкіметі жазалаушы қарулы жасақтар шығарып, елді қан-төгіске душар етеді. Олар 1916 жылғы «Қазақ» газетінің 192-ші санында «Алаштың азаматы» деген мақала-хат жариялап, онда қан-төгіс болдырмау үшін халықты патша жарлығын орындауға шақырды [6]. Кеңес өкіметі жылдарында осы қайраткерлердің осы іс-әрекеттері халыққа сатқындық жасағандық деп бағаланып, оларды «халық жаулары» деп айыптауға негіз болған факторлардың біріне айналды. 1916 жылдың шілде-тамыз айларында Жетісу облысында басталған көте­ріліс көп кешікпей, Қазақстанның барлық аймақтарын түгелге дейін қамтыды. Ол алғашқы кезде түземдік әкімшілікке тізім жасатпаудан басталып, соңынан қарулы қақтығысқа ұласып, патшалық өкіметтің жазалаушы отрядтары мен бұқара халық жасақтары арасындағы қақты­ғысқа әкелді. Бұл көтеріліс тек қана Қазақстанды қамтып қойған жоқ, сонымен қатар, империяның шығыстағы отарлық аймағы болған Орта Азияға түгел тарады. Бір сөзбен айтқанда, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы көтеріліс осы ұлан-ғайыр жерді мекендеген жергілікті халықтардың көптен бері орын алған ұлт-азаттық күрестерінің заңды жалғасы, әрі шырқау шыңы болды. Соғыстың ауыртпалықтары, жергілікті ха­лықтан зорлықпен жердің тартып алы­нуы, шаруашылықтың күйзелісі, патша жендеттері тарапынан тонаудың күшеюі, орыстандырудың қарқынмен жүзеге асуы халық шыдамын шегіне жеткізді. Ал, жарлық пен соғысқа әскер қатарына өз ұлдарын шақырмай, бұратана халық деп кемсітіп, қара жұмысқа 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарды алу шегіне жеткен шыдамды отқа май құйғандай өршітіп жіберді. Бұл тарихи кезеңде қазақ халқын бір жолата құртып жіберу қаупі туды. Жоңғарлармен күрес дәуіріндегідей тарих мәселені тағы да төтесінен қойды: қазақ халқы өмір сүруін тоқтата ма, әлде ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қала ала ма? [2].
Отарлық басқарушылар өз қол астындағы бұратана халық санасының оянуына жол бермеуді көздеп, көтерілісті өз мүддесіне сай кері сипаттауға тырысты. Ал, ұлт зиялыларының көтерілісті шынайы ақиқат тұрғысынан жазуға ұмтылуы олардың саяси құрбан болуына әкелді. Осындай тағдыр тәлкегіне түсетінін біле тұрса да, олар өз принциптерінен бас тартпады. Халық сана­сының оянуына қозғаушы күші болған ұлт-азаттық қозғалыстар ұлттық рухты сілкіндірді.
Ұлт-азаттық көтеріліс тарихын ақиқат тұрғысында жазып, оған обьективті баға беруде М.Тынышбаевтан қалған мұраның тарихнамада алатын орны ерекше. Ол бұл мәселеге арнап мақалалар жазды. Онда тарихшы жекелеген облыстардағы көтеріліс барысын сипаттап, жергілікті көтеріліс патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған бұқаралық қозғалыс екендігін, көтеріліске басты себеп болған патша өкіметінің жергілікті халықтың жерін отарлаудағы қоныстандыру саясаты, оның арандату саясатын туғызғандығын дұрыс көрсете білді.
Қазақ елінің 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы инженер-тарихшының қоғамдық қызметі мен шығармашылық еңбектерінде ерекше орын алғандығы жайында сол жыл­дары Орынборда А.Байтұрсынов пен М.Дула­товтардың редакторлығымен жарық көріп тұрған «Қазақ» газетінде: «М.Тынышбаев ІІ-Мемлекеттік Думаның ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолымен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатарлы зиялы азамат. Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхаметжан көзге көрінер­лік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түр­кістан уалаятында Куропаткинге гене­рал-губернатор болғандығын (1916 ж. 10 тамыз), мәселенің бәрі Жетісу қазақ-қыр­ғызында емес, жергілікті хәкімдердің жауыз­дығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхаметжан. Түркістан уа­лая­тындағы қазақ-қырғыздардың жерін Жетісу переселендік мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һәм мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ пен қырғыз аса таршылықта қалатындығын дәлелдеп доклад жазған Мұхаметжан» [7] делінді.
Ұлт-азаттық қозғалыстан соң патшалық отарлаушылар көтерілістің негізгі себептерін бүркемелеп, халықты патша жарлығына қарсы көтерген түрік пен неміс агенттері деп түсіндіруге тырысты. Мұндай пайымдаулардың астарын жақсы түсінген М.Тынышбаев көтерілістің негізгі себептерін генерал-губернаторға (4.ҮІ.1924 жы­лы) берген хатында: «Түркістандағы орыс тұр­ғын­дарының 90 пайызы Жетісу жеріндегі толқулардың себебін көп ойланып жатпай-ақ, түркі және герман үгіттеуінен көруі дұрыс емес, шындығында оның себептері қырғыз, қазақтарды атақонысынан, жерінен айырған отарлау саясаты мен патша жендет­терінің жасаған түрлі зорлықтары және де үлкен көтерілістерді ұйымдастырар үгіт­шісінің жоқ­тығы еді» [3] – деп ашық жазды. 1916 жылғы дүрбелең кезінде қатарында М.Тынышбаев бар зиялылар «Қазақ» газеті арқылы оқығандарға үндеу тастап, оларды өз ауылдарынан майданның қара жұмысына алынғандардың қатарына қосылып, майдан шебіне баруға, оларға рухани көмек беруге, өзге ұлттарға басындырмауға, офицерлерге қорлатпауға шақырды. Әлихан Бөкейханов бас болып, қара жұмысқа алынғандар шоғырланған жерлерді аралауға аттанды. Оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету, дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастырады. Ал, 1917 жылы ақпан революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі жұмысқа шақырылған қандастарымыз елге қайтару ісінің басы-қасында болды. Мәселен, М.Дулатов Петроград пен Мәскеудің вокзалдарына түнеп, елге қайтушы жігіттерге теміржол билеттерін алып беріп, басқа да көмектер көрсетті. Бұл жөнінде жазушы, әрі тарихшы Ғалым Ахмедов арнайы мақала жазып, нақтылы деректер келтірді. М.Тынышбаев 1916 жылғы көтерілісті патша жендеттері аяусыз басып жаншылағанда, шет елдерге босып кеткен қандастарымызды өз Отанына қайтару ісімен айналысты. Босқындарды қазақ еліне қайтару үшін Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Шәуешекке, Мұстафа Шоқай Өзбекстанға, Мұхаметжан Құлжаға аттанды [2]. Осылайша, азаттық күресі стихиялы түрде дамыған халықтың қозғалыстан кейінгі күйі ауыртпалығын да зиялы қауым көтерді.
М.Тынышбаев 1917 жылғы көктемде Ташкентте құрылған Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі ретінде, одан соң, Жетісу облысындағы Уақытша үкіметтің комиссары болып, шет елге босып кеткен қазақтарды елге (негізінен Жетісуға) қайтарып, оларды жерге орналастыруда үлкен рөл атқарды [8, 12б]. Түркістан комитетінің қырғыздардың (қазақтардың) жермен қамтамасыз етілуі жөнінде ерекше көңіл бөлгендігі жөнінде комитеттің 1917 жылдың 19 сәуіріндегі мәжілісінде оның мүшесі М.Тынышбаев жасаған Қытай өңірінен келген қырғыздардың қоныстандырылуы жөніндегі баяндама дәлелдейді (Доклад члена комитета М.Т.Тынышпаева о местах поселения киргиз, возврашаяющихся из пределов Китая) [8,133б]. Міне, осындай жігерлі істер – М.Тынышбаевтың елі үшін аянбай жасаған еңбектерінің бір қыры.
М.Тынышбаев «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 24-ші маусымындағы санында жарияланған мақаласында «Қытай жеріне кеткен (Құлжа һәм Қашқар өлкелеріне) босқын қырғыз, қазақтардың саны 164 мың адам екен. Содан үстіміздегі жылдың (1917) июльдің 1-не дейін қырылғаны 83 мың, жеріне қайтқаны 69 мың, Қытай жерінде қалғаны 12 мың адам» [9] делінген. Бұл тұрғыда зерттеуші-ғалым М.Қойгелдиев «Біз бұрын қырғынға ұшыраған жалғыз қырғыз деуші едік, Мұхаметжанның айтуынша, Жаркент уезіндегі албандардың (ұлы жүз) опат болған босқындар саны қырғыздардан кем емес» дей келіп, осы мәселені анықтаудағы М.Тынышбаевтың саяси-қоғамдық және зерттеушілік қызметіне жоғары баға береді.
«Қазақ» газетінің беттерінде М.Тынышбаев Жетісудағы қырғыз бен қазақ елінің басына түскен қасіреттердің шын ауқымын көрсететін деректік материалдар жариялайды. Мысалы, 1917 жылдың 254-ші санында Жетісу облысындағы қазақ және қырғыз уезіндегі болыстардан Қытай асқан адамдардың санын анықтайтын кесте беріп, «44 болыс жерінде барлығы 47 мың 759 түтін бар, содан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болды» [10] деп көрсетеді. Бұл есепке қарағанда, босқындардың жартыға таяу адамдары қырылған.
Ұлт зиялылары 1916 жылғы тыл жұмысына адам алу нәтижесінде жас шамасын жасыратын, мал санағының, жер мөлшерін есептеуден бастарын алып қашатын болып алған халыққа, егер, бұл есептер дұрыс берілмесе, қазақтың есесі кететіндігін түсіндіруді және осы сияқты көптеген кезек күттірмес мәселелерді шешуді өздеріне борыш санады. Сонымен қатар, өлкеде қалыптасқан жағдай қазақ ұлты қайраткерлерінің алдына елде орын алған ашаршылықпен күресу, мұжық-орыс пен қазақ және казак-орыс пен қазақ араларындағы дау-жанжалдарға араласу, жергілікті жерлерде құрылып жатқан уақытша билік орындарына өз өкілдерін өткізу тәрізді сан қилы проблемалар жиынтығын көлденең тартты.

С. Түлбасиева,
тарих ғылымдарының кандидаты


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Отан тарихының тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта жаңғыруы: Халық бірлігі және ұлттық тарих жылына арналған ғылыми сессияның материалдары. А., 1999. 3-б.
2. «Қазақ әдебиеті». 1992 жылдың жинағы.
3. Тынышбаев М. Ақтабан шұбырынды. Алматы 1992 ж., 102-112бб.
4. Байтұрсынов А. Ақ жол Алматы, 1991, 233б.
5. Жұлдыз. 1991. №6, 104-105бб.
6 Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы, 1995, 64-б.
7. Қазақ газеті 1917, №237.
8 ӨРОМА. 1044-қор, 1-тізім, 1-іс, 12-39бб; 17-қор, 1-тізім, 1-іс, 133бб.
9. Қазақ газеті 1917, 24-ші маусымындағы саны.
10 Қазақ газеті 1917 жыл, № 254 саны.

The artіcle brіefly examіnes the study of the Kazakh іntellіgentsіa durіng the natіonal lіberatіon movement of the Kazakh people іn 1916.

Алдыңғы «
Келесі »