Қазақ танымындағы «Өлім» ұғымының поэзиялық туындылардағы көрінісі

  • 16.09.2013
  • 1834 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Адамзат баласының ғұмырында ерекше орын алар, бөлек бір күйге бөлер құбылыс – өлім. Өлім – дөңгеленген дүние тынысының болмай қоймайтын заңдылығы ретінде әр дәуірде туып, ғұмыр кешкен қалам қайраткерлері туындыларынан да көрініс тауып, мәңгілік тақырып өзегіне айналды. Олардың қай-қайсысы да адам, өмір мен өлім, дүниедегі ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық туралы көп ойланады, қатты толғанады. Оның ішінде өмір мен өлім мәселесін кеңінен сөз етіп, өздерінің осыған орай күйініш-сүйініштерін әрқайсысы өз танымы тұрғысынан, көркемдік шеберлігінің деңгейімен өрнектеп, көкіректерге құяды. Бір ғажабы, олар бәрін де шын жүрегімен сезініп, жандары жүдеп айтады.


Шығыс шайырлары болсын, қазақ ақын-жыраулары болсын адам баласының өмірі, тағдыр-талайы хақында тебірене жырлауының өзінде үлкен мән болса керек. Ойлап қарасақ, адамзат баласы шыр етіп жерге түскенде ештеңеден хабарсыз, жан баласына зияны жоқ, бейкүнә сәби екені анық. Саналы тіршілік иесі діни ұғымда, бір-бірімен дүниеде екі рет теңеседі деп айтылған. Яғни, бірі туғанда, екіншісі дүниеден өткенде. Шынында да, күллі тіршілік иесінің бәріне бір туу, бір өлу бар. «Өмірдің түбі – өлу, шырақтың түбі – сөну» деген халық мақалын ескерсек, бәрі – табиғи заңды құбылыс.
Ұлт танымында тал бесіктен жер бесікке дейінгі «өмірдің өлшемі – уақыт» деп ұғынылады. Яғни, өмір белгілі бір мезгіл өлшеміне тәуелді. Демек, барша тіршілік иесінің белгілі бір уақыт мөлшері аралығындағы іс әрекетінің аяқталуы – өлу, біту. Сол себепті, Шығыс классиктері де, қазақ жыраулары да, ақындар да өмір мен өлім жайлы үнемі толғанып отырған. Мысалы, Рудакидің:
Өлген адам оралмас, тірілер жатар көрге
кеп,
Әдеті солай дүниенің тұрғалы аспан
дөңгелеп,
немесе
Білеміз ғой: уақыт заңы қандай үкім
айтарын,
Бұл қара жер кімді қашан бауырына тартарын, – деп жырлаған Хафиздің бұл жолдарында өмір өткінші, мәңгілік ғұмыр жоқ деген пәлсапалық түйіндеулер жатыр. Аспан да, жер де дөңгелек. Демек, адам да солай, бірі өлсе, бірі дүниеге келеді, мұның бәрі табиғи айналым. Ендеше, өмір өткінші, өмір шегі – өлім. Бұған әл-Фарабидің:
Бауырым, қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ,
немесе Сағдидің:
Дариға-ай, өте шықты-ау жастығымыз,
Бақ талай, сауық-сайран, мастығымыз.
Жай ойнақ өтті дәурен басымыздан.
Жасындай өте шықты қасымыздан.
Пәниде мәңгі тұрмас жаның жайнап,
Ауызыңда тілің тұрмас бәрін сайрап, – деген сөздері дәлел. Анықтап қарасақ, екі ақынның сөздері бір қалыптан шыққандай. Тіршілік мұраты – осы шектеулі өмірді мағыналы, мәнді өткізу. Сағдидің «Пәниде мәңгі тұрмас жаның жайнап» деген өлең тармағында «пенде – пәни қонағы» деген пәлсафа жатыр.
Саналы тіршілік иесі – адам баласының бұл өмірге қонақ екендігі Бұқар жыраудың:
Арғымақ жалсыз, ер малсыз
Құдайдың аманат қойған жаны
Қай күні алары болжамсыз! – деген жолдарында «аманат қойған жан» сынды бейнелі тіркеспен өрілген. Өлім – бір Құдайдан. Сондықтан да, өлім қашан келетінін, кімнің кімнен бұрын, не кейін өлетінін кесіп-пішіп айтуға, жобалауға болмайтынын жырау осындай терең мағыналы жолдармен жеткізеді.
Өлімнің нақты қай күні келетіні, одан «қайда қашсаң да Қорқыттың көрі» құтыла алмайтындығың Шал ақынның:
Өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы.
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы
немесе
Дүниеге қызығамыз иесін біліп,
Аз күнгі қызығына есерленіп.
Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтамыз ғой
Мойынға төрт қары бөз тесіп алып – деп келетін және Шернияз Жарылғасұлының:
Сөз сөйлеймін бөлмелеп,
Әр нұсқадан термелеп.
Өлген адам тірілмес,
Әркімге келер бір кезек – деген жолдарында бейнелі жеткізіліп тұр. Бұл жыр жолдарының «өлімнен құтылмайсың қашсаң-дағы», «жала­ңаш кеп, жалаңаш қайтамыз ғой», «әркімге келер бір кезек» деген тармақтарында өлімнің ерте ме, кеш пе әйтеуір бір келетіні айтылуымен қатар, өлімді мойындау айқын аңғарылады. Адам өлмек үшін туғандығы ұлы Абайдың мына жолдарында да көрініс тапқан:
Дүние даяр өтерге
Ажал даяр жетерге. Бұл жолдар «өзекті жанға бір өлім» екендігін, өлімнен қашып құтылу мүмкін еместігін нақтылап береді. Ал, Шәкәрім Құдайбердиевтің:
Қайран,
Қайғысыз қамсыз күндерім.
Сайран,
Сауықты рақат түндерім,
Сендерден не пайда?
Асқан
Алпыста мынау жасымыз,
Қашқан
Шалдыққан ғаріп басымыз
Қаларсың қай сайда? – деп айтқаны бір адамға, бір ұлт өкіліне ғана емес, өмір заңын түсінген, тіршіліктің шектеулі кесімін мезгілінде байыптаған кез–келген адамға ортақ сыр. Ақын түсіндіруінше: «Қайғысыз қамсыз күндер де, Сауықты рақат түндер де» өлім алдында араша бола алмайды. Өлім барлық жұртқа бірдей, ол ешкімге артық-кеміне, кәрі-жасына қарай таңдап келмейді. Бұған ұлы Абайдың:
Өлейін деп өлмейді өлерлік жан
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа
Өмір қайда, сен қайда соны да ойла – деген өлең жолдары куә. Бұдан табиғи заңды құбылыс – өлімнің адам өміріндегі ең бір «елеулі» сәті деген тұжырым түйеміз.
Тіршілік иесінің бәріне ортақ өмірдің бұл бұлжымас заңдылығы әрбір тіл иесінің тілдік қолданысында түрлі ассоциациялармен көрініс тауып келеді. Мысалы, «ажал» және «өлім» ұғымдары кей тұста «ажал аузынан қалды» – «өлім аузынан қалды», «ажалына асықты» – «өлімге асықты» сынды тіркестерде синонимдес, өзара мәндес болып келгенімен де, олардың тілдік қолданыс барысында айырмашылығының бар екені байқалады. Мысалы,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр! (Шалкиіз жырау).
Мезгілді уақыт болғанда,
Опасыз мынау жалғанда,
Ажал қарсы келгенде,
Қараңғы көрге кіргенде
Қасыңда тұрар жан бар ма?(Махамбет.)
Тіріден өлген жақсы қадір кетсе,
Өлмей тірі кім жүрер ажал жетсе. (Қобылан Бәрібайұлы).
Дүниеден кедей де өткен, сұлтан да өткен,
Шәрбатын бұл өлімнің әркім күткен.
Қоймайды ажал сені тығылсаң да,
Аплотон ғалым о да қайда кеткен?! (Орынбай).
Жалшылардың ұйымын
Көреді олар ажалдай (С.Сейфуллин).

Ажалдай қара түннің түсі суық,
Ойнайды қараңғылық өзін қуып (И.Байзақов).
Ажалдай арсыз болсаң да,
Жеңілер кезің жетті енді (Қ.Аманжолов) – деген жыр жолдарындағы және тілімізде қол­данысқа ие «ажал айдау», «ажалы жету», «ажал айтып келмеу» сынды тұрақты сөз тіркестерінен «ажал» өлімге итермелеуші тылсым күш иесі іспетті болып сезіледі. Кей тұста «ажалы жету» тіркесі «қаза жету» тіркесімен алмастырылып та қолданылады. Оған І.Жансүгіровтың: «Қыс» өлеңінің:
Аһлап ауру әнімен,
Қабағын жауып қайғырып,
Жерге жетті бір қаза – деген жолдары жарқын дәлел. Сондай-ақ, тілімізде «ажал» сөзі кейде тажал, дажал болып та қолданылып жүргені белгілі. Ақын І.Жансүгіровтың «Күй» поэмасының:
Ханыша мынау аппақ сазан түсті,
Көрінді әзірейіл, ажал түсті.
Жыланнан сырға салған жолбарыс қыз
Сықылды жын патшасы, дажал түсті – деген шумағында «ажал» ұғымымен қатар «дажал» лексемасы да қатар қолданылған. Осы шумақтағы «дажал» сөзін жеке алар болсақ, ешбір мағлұматқа ие болмас едік. Оның мағынасы арқылы берілетін мәліметті тек мәтінде қолданылуы арқылы білеміз. Халық түсінігі бойынша: дажал – ақырзаман болар алдында шығатын құбыжық. «Имандылық бас­таулары» атты еңбекте бұл ұғым: «Әл-Масих ад-Дажжал дегеніміз – Иса пайғамбардың қас жауы – антихрист. Әл-Масих ад-Дажжал Иса пайғамбарды өтірікші деп, Алланы жоққа шығарады, иманы әлсіз адамдарды азғырады» – деп түсіндіріледі.
Тіршілік иесінің қандай жағдайда болмасын о дүниеге аттанар сәті – ажалдың жеткен мезгілі. Ұлт тіліндегі «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», «Бөліп-жарылуды білмейтін жалғыз тұтас нәрсе – ажал», «Ажал жетпей өлмек жоқ», «Арсыздыққа бәс тіккеннен – ақ ажалға бәс тіккен артық», «Өмір – самал, ажал – амал», «Ажалсыз адам өлмес», «Ажал айтып келмес, өткен қайтып келмес», «Айдалаға атқан оқ ажалдыға тиеді» деген паремиологиялардан, ажалдың белгілі бір адамның өмір сүру уақытының жеткендігінің көрсеткіші ретінде аңғарылады. Десек те, бұл ұғымдар – тіршілік иесін жарық дүниемен қош айтыстырып, о дүниеге еріксіз алып кететін заңды құбылыс атаулары.
Қамшының сабындай келте ғұмыр соңы өліммен бітпейді. Өлімнен соң да өмір бар деген мифологиялық түсінікті де көруге болады. Мысалы, М.Жұмабаев «Баланың қабір тасына» өлеңінде:
Өлгені емес, жерді тастап кеткені,
Шын бақытқа ерте бастан жеткені.
Ізгі оймен жайлы жанат төрінен
Орын алып Ата-анасын күткелі, – деп, өмір өліммен шектелмейтіндігін айтады. Осы ойға Жұмекен Нәжімеденов:
Ғұмыр – сәуле, жылт етіп өте барар,
Бір қиянат жоқ мұнда секем алар.
Сынағынан тәңірдің тез өткен соң
Мәңгілікті бетке алып кетеді олар.
Естілгенмен ой тосын құлағыңа,
Жауап бұл – көкейдегі сұрағыңа.
Біреу ерте, біреу кеш өтіп сыннан
Дамылдайды мәңгілік тұрағына – деп, жер бетінде тіршілік иесінің санаулы уақыты жеткенде мәңгілік тұрағына қарай кететінін толғайды. Бұған орай Мұқағали Мақатаевтың да:
Күн демепті, бәтірің талғамапты,
Өмір үшін адамдар қанға батты.
Кеткендердің артында айғыз-айғыз,
Біреуден із, біреуден таңба қапты, – деген жолдарын оқи аламыз. Әрине, жақсы мен жаманға бірдей әділ – өлім. Ақынның өлеңінде өмір үшін күрескен адамдардың бірінің соңында із, яғни ұрпақ, енді бірінің соңында таңба – рухани дарыны, өнері, өшпес есімі қалыпты деп ой түйіндейді.
Бұдан біз әлем әдебиеті үлгі тұтып, өнеге алар орта ғасырларда өмір сүрген Хафиз, Сағди, Рудаки сынды шығыс шайырлары мен жыраулардың, ақындардың адам мәселесінен аттап та өтпей, басқаларға «атта» деп те айтпай, оны ту етіп ұстағанын көреміз. Ондағы мақсат – жұртшылықты дүниенің жылтырағаны, жиһазына бола адамшылық парыздарын ұмытып кетпеуге шақыру. Адам баласына ғұмырдың баянсыздығын ескерте отырып, аз нәрсені қанағат ете білуге үндеу.
Міне, төрткүл дүниенің ақыны жырлаған өлім мен өмір шайқасы – мәңгі сарқылмас, мәңгі толастамас шайқас. Олардың «мәңгілік сапар» туралы толғаныстарындағы бір арнаға саятын нәрсе – жалғанның өткінші, өлімнің тіршілік иесіне тән екендігі.

Ерлан ҚАСЕНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты


Пайдаланылған әдебиеттер:

Сағди. Жаннат. Алматы: Жазушы, 1981.
Хафиз. Ғазалдар. Алматы: Жазушы, 1986.
Ай, заман-ай, заман-ай! Екі томдық. – Алматы -334 б.
Қазақ поэзиясының антологиясы. – Алматы: Ғылым, 1993. -270 б.
Қазақтың мақалдары мен мәтелдері. – Алматы: Білім, 2004. -270 б.
Абай Шығармаларының екі томдық жинағы. -Алматы: Жазушы, 2002.
Имандылық бастаулары. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 120 б.
М.Жұмабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы 1-том. 2005.

Алдыңғы «
Келесі »