ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИДЕЯ БАСТАМАЛАРЫ

  • 07.11.2011
  • 3952 рет оқылды
  • 1

Мұрат Насимов,

саяси ғылымдарының  кандидаты

Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде халықаралық ұйымдардың қатысушы мүшесі ғана емес, осы уақытта әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді ұйымдардың төрағасы ретінде танылды. Бұл егемен еліміздің дамуындағы жалпыұлттық стратегия­лық жобалар болғандықтан, барша қазақстандықтардың үлкен қуанышы, мәртебесі. Жас мемлекетіміз маусым айының аяғында жаңа атаумен Қазақстан төрағалығы бастау алатын Ислам ынтымақтастығы ұйымының тұтқасын ұстады. Дегенмен, осы әртебелік жетістіктеріміздің ішіндегі Елбасымыздың еуразиялық идеясын жүзеге асыру барысында атқарылған қызметіне ерекше тоқталған дұрыс деп санаймыз.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізген «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты дәрісінде: «Еуразиялық идеясы теория ретінде өткен ғасырда туған болатын. Бірақ та Еуразиялық идеясы жаңа өмірді ұйымдастырудың практикасы ретінде осы ғасырда іске асатынына сенімдімін. Еуразияшылдық бүкіл ХХІ ғасырдың басты бір идеясы. Сендер мұны көп кешікпей түсінесіңдер және көресіңдер. Еуразиялық идеясының Қазақстанның бастамасы бойынша іске асырылған үш киті бұлар – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Бұл бір ғана айтып жеткізгісіз Орталықтың, біртұтас Еуразиялық идеяның үш түрлі іс жүзіндегі көрінісі», – деген болатын.

Еуразиялық идеясы – құрлық тарихы ерекшеліктеріне негізделген философиялық-саяси тұжырымдама болып табылады. Сонымен қатар, тарихи-мәдени тұжырымдама ретінде саналатын идея еліміздің интеллектуалды элитасын мазалайтын түсініктердің бірі. Еуразиялық озық идеяның ұстамды және сындарлы нұсқасын Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаев ұсынған болатын. Саяси интеграцияға бағытталған түсінік мемлекет басшысының «Еуразиялық Одақ» ұғымын қалыптас­тыруға септігін тигізді. Қазіргі өзекті саяси тәжірибеде Елбасы посткеңестік кеңістік мемлекеттерінің ықпалдастығынан көреді. Іс жүзіндегі аталмыш идея үлкен кеңістік үшін нақты тұғырнаманың іргетасы. Елбасы Н. Ә. Назарбаев үшін интеграция құр бос сөздер мен ұрандар емес. Ол нақты қадамдарға ұласатын маңызды шара. Міне осы жолдағы маңызды жұмыстар ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ се­кіл­ді халықаралық ұйымдардың құрылуына және Жалпы экономикалық кеңістік идеяларының дамуына ұйытқы болудан басталады. Елбасы тұжырымдамасы бойынша Еуразия географиялық шекарасы айқындалған, экономикалық, саяси және мәдени өлшемдерге ие жалпы құрылым.

Елбасымыздың осыған дейінгі ұйымдарға төрағалық ету барысында көптеген тәжірибелі жұмыстар атқарғанын көреміз. Әрбір көшбасшының бүкіл құрылымдық жүйені басқарудағы ең басты көрін­бейтін заңдылығы – бұл стратегиялық ұстанымының беріктігі. Бұл идеяларға дәлел Елбасының мына пікірі: «Еуропадағы, әсіресе Азиядағы қауіпсіздік, Батыс Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия­ның әлем­дік экономикалық орталықтарымен байланысы мемлекеттің ұстанымын айқындайды». Сондықтан тууы мүмкін жаңа қатерлер ұлттық қауіпсіздіктің жаңа механизмдерін қалыптастыруды қажет етеді.

2000 жылдың 10 қазанында Белоруссия, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекет басшылары Астана қаласындағы кездесуінде Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру жөніндегі Келісімге қол қойды.  Бұл шартта Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жөнін­дегі келісімдерде айқындалған өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық жолындағы мақсаттар мен міндеттерге жету тұжырымдамасының негіздері қаланды. Қол жеткізген келісімдерді жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-құқықтық құралдары, қабылданған шешімдер мен тараптар жауапкершілігін бақылау жүйесі қалыптасты.

Осы жылдар арасында ұйымның халықаралық дәрежедегі орны мен рөлі жоғарылады. Үш жылдың өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесін иеленді. 2005 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Ор­талық Азия ынтымақтастық ұйымының самми­тінде аталмыш одақтың бірігуі орын алды. Ұйым хатшылығы алаңында Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастырудың ұйымдастырушылық құрылымы жасақталды.

2005 жылдың қыркүйегінде қауымдастыққа мүше елдер үкімет басшылары Душанбе қаласында елдердің отын-энергетика балансын қалыптастыру базалық құжатына қол қойылып, бидай тапсырысын реттеу жөніндегі келісім жобасы талқыланды. 2010 жылдың желтоқсанында Кеден одағының құрылуынан кейін Мәскеу қаласында өткен ұйым саммитінде Біртұтас экономикалық кеңістік базасы шеңберінде Белоруссия, Қазақстан мен Ресей Еуразиялық Одақ құру туралы келісімге қол жеткізілді.

ЕурАзЭҚ негізгі міндеттеріне енеді: 1) еркін сау­да тәртібі көлемін ресімдеуді аяқтау, жалпы кеден­дік тариф қалыптастыру және реттеу; 2) капитал қозғалысы еркіндігін қамтамасыз ету; 3) жалпы қаржылық нарық қалыптастыру; 4) ұйым шең­берінде ортақ валютаға өту принциптері мен шарттарын бойынша мәмілеге келу; 5) кедендік рет­теудің бірыңғайланған жүйесін құру; 6) мемлекетаралық арнаулы бағдарламалар дайындау және жүзеге асыру; 7) жалпы энергетикалық нарық қа­лыптастыру; 8) қауымдастық мемлекеттері азаматтарына оның барлық территориясында білім алу мен медициналық көмекте теңдей құқық беру; 9) ұлт­тық заңнамаларды жақындастыру және үндестіру және т. б.

Жалпы ЕурАзЭҚ пен БЭК мақсаттары мен міндеттері өзара байланысты: ол жалпы рынок пен біртұтас экономикалық кеңістік құру. Негізінен Біртұтас экономикалық кеңістік Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үш мемлекеті Қазақстан, Ресей және Белоруссияның экономикалық ықпалдастық жөніндегі ортақ жобасы. Жоспар бойынша жобаның аталмыш елдер территориясына енуіне аз ғана уақыт қалды. 2012 жылдың 1 қаңтарында БЭК толық қалыптасып, интеграциялық келісімдер кең көлемде сол жылдың шілдесінде бастау алмақ. Бұл ұйымды құру жөніндегі бастамалар 2003 жылдың 23 ақпанында қалыптаса бастаса, 19 қыркүйекте келісімге қол қойылды. Бүгінде бұл кеңістікке енуге Қырғызстан, Украина, Абхазия және Армения ниет білдіріп отыр.

Елбасы назарында Еуропалық аймақтармен қатар, Азиялық стратегиялық жоспарлар да басым көрінеді. Тәуелсіздіктің 20 жыл ішінде Азия айма­ғындағы біршама саяси экономикалық идеялар іс жүзіне асты.

1996 жылдың 6 ақпанында Алматы қаласында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберіндегі 15 мемлекет өкілдерінің кездесуі өткен болатын. Бүгінде бұл кеңес Азия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағыттал­ған халықаралық форум болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Елбасы Н. Ә. На­зар­баевтың бастамасымен ұсынылған бұл кеңеске 22 мемлекет мүше. БҰҰ, ЕҚЫҰ мен Араб елдерінің Лигасы және 8 бақылаушы мемлекеттер арқылы қызметін атқаратын бұл ұйымның беделі халықаралық деңгейде жоғары.  Бұл шара алғашқы бастамалардың бірі болса, кейінгі жылдары мынадай негізгі кездесулер ұйымдастырылған: 1999 жылдың қыркүйегі – сыртқы істер министрлерінің бірін­ші кездесуі; 2002 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының бірінші саммиті; 2004 жылдың қазаны – сыртқы істер министрлерінің екін­ші кездесуі; 2006 жылдың маусымы – мемлекет неме­се үкімет басшыларының екінші саммиті; 2008 жылдың тамызы – сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуі; 2010 жылдың маусымы – мемлекет немесе үкімет басшыларының үшінші саммиті.

Біздің еліміз аталмыш кеңестің 2002 және 2010 жылдары аралығында төрағалық қызметін атқарса, бүгінгі күндегі төрағалықты 2012 жылға дейін Түркия атқаруда. Алдағы уақытта бұл Кеңес тек аймақта ғана емес, халықаралық деңгейде өз беделін жоғарылататынына сенімдіміз.

2002 жылдың 3-4 маусымындағы ұйымның маңызды бірінші саммиті жұмысына 16 мүше-мемлекеттер (Ауғанстан, Әзірбайжан, Египет, Иран, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Палестина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Үндістан) мен 8 ел (Австралия, АҚШ, Индонезия, Жапония, Таиланд, Вьетнам, Украина, Корея Республикасы) мен ұйымдардың бақылаушылары қатысты. Осы жоғары деңгейдегі кездесуден бұрын көптеген елдер ғалымдары, сарапшылары мен сыртқы істер министрліктерінің мамандары және БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб елдерінің лигасы сынды беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің ұзақ  және еңбекті көп керек ететін жұмыстары орын алды.  Саммитте ұйымның құрылтай құжаты болып табылатын АӨСШК Жарғысы яғни, Алматы Актысы қабылданды. Құжатта мүше мемлекеттердің Азия­да бейбітшілік, еркіндік пен өркендеудің шарттарындағы қауіпсіздіктің жалпы және бөлінбейтін салаларын қалыптастыру туралы айтылды. Бұл Үндістан мен Пәкістан арасындағы кезекті қақтығыстардың өршу қаупі туындап тұрған кезеңдегі маңызды қадамдардың бірі еді. Сонымен қатар, АӨСШК құрылымы мен институттары айқындалып, мемлекет басшылары арасындағы тұрақты кездесулер төрт жылда бір рет, ал сыртқы істер минис­тр­лері деңгейінде екі жылда бір рет өткізуге келі­сілді. Саммиттің екінші маңызды құжаты терро­ризмді жою және өркениеттер арасындағы үнқатысуға ықпал ету жөніндегі Декларацияны қабылдау болып табылады. Жалпы АӨСШК шақыру идеясын Азия аймағындағы мемлекеттермен қатар, Ресей Федерациясы, Қытай, АҚШ, Жапония, Австралия, Түркия, Германия қызу қолдады. Мәселен, ГФР экс вице-канцлері Йошка Фишер: «ГФР үкіметі Қазақстанның аймақтағы жағдайды реттеудегі саяси бастамасын қолдауға дайын», – екендігін айтты. Иран ислам Республикасының бесінші Президенті М. Хаттами АӨСШК бастамасы және оның Азиядағы сенімді бекітудегі рөліне жоғары баға беріп, елінің қолдайтындығы жөнінде айтты. Ал, Ресей Федерациясының сол кезеңдегі Президенті В. В. Путин АӨСШК форумын «өз уақытында өткізілген және жоғары дәрежеде пайдалы» деп атап көрсетсе, БҰҰ-ның 1997-2007 жылдар аралығындағы Бас хатшысы К. Аннан «үлкен жетістік» екендігін баян етті.

2001 жылы Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары негізін қалаған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы да аймақтағы беделді халықаралық ұйым болып табылады. Өзбекстан қатарға қосылғанға дейін ұйым 1996-1997 жылдары «Шанхай бестігі» аталып, бес ел шекарасындағы тыныштық пен әскери саладағы сенім жөніндегі келісімдерді бекіткен болатын. Жалпы бұл ұйым қалыптасуының алғышарттары ХХ ғасырдың 60-жылдары КСРО мен ҚХР арасындағы шекара мәселелерін шешуге байланысты қалыптаса бастады. Кеңестер елі келмеске кеткеннен кейін саяси алаңда келіссөздер жүргізудің жаңа қатысушылары пайда болды. Қытай көршілес Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен территориялық мәселелерді өркениетті жолмен шешкен соң аймақтық ынтымақтастықты жалғастырудың әріптестік басымдықтары арта түсті. 1996 жылы «Шанхай бестігі» құрылған соң, оның сам­миттері 1997 жылы Мәскеуде, 1998 жылы Алматыда, 1999 жылы Бішкекте, 2000 жылы Душанбеде өтті.

Құрылысы нақтыланған және институтталған ұйым ерекшеліктеріне келсек, мәртебелік қатынас жөнінде Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО) секілді әскери блок қатарына жатпайды. Өңірлік саяси, мәдени әрі экономикалық ұйым болып табылатын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы (AСЕАН) сынды аралық позиция ұстанбайды. Ұйымның негізгі міндеттері қатарына мүше мемлекеттер кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті бекіту, лаңкестік, сепаратизм, экстремизм және наркотрафикпен күрес, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзара әрекеттестікті дамыту жатады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ШЫҰ біздің белсенді қатысуымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз. Мұның барлығы Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болады», – деді. Осы жылдың маусым айында табысты өткізілген мерейтойлық саммит сыртқы саясатымыздағы кезекті жеңіс, Елордамыз Астананың халықаралық имиджін жоғарылатқан тағы бір қадам.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы» Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстандағы дипломатия ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ОАЫҰ сияқты ұйымдар басымдығын бекітуге аса назар аудару тиіс», – деген болатын. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бірқатар халықаралық ұйымдардың қызметін жандандыруда белсенді рөл атқарды. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына сәтті төрағалық етуі соның айқын дәлелі. Ал, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық идеясы бастамасының үш киті болып саналатын Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының халық­аралық аренадағы мәртебесі жоғарылайтындығына толықтай сеніміміз мол.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Құрметті отандастар!
    Менің саясатымның ұраны ол қазақ халқыны аялау. Бүкіл саясат осыған арналады. Билікке менің ойымша қазақты аялайтын саясаткерлер келу керек деп ойлаймын.
    Егеменді ел болу бұл не, меніңше бұл тәуелсіздік пен қазақ ұлтының гүлдену идеясының аясында бірігіп, ел үшін, болашақ үшін ерең еңбек ету. Егеменді ел болу ол ешкімге тәуелді болмау, ешкімге қарыз болмау, ешкімнің алдында жалтақтамай, ешкімге жалынбай дербес жолмен жүріп қарқынды даму. Егеменді ел болу ол өз өзін әртүрлі өнімдермен қамтамасыз етіп, еліміздің қауіпсіздігін сақтап, тапқанымызды қадыр тұтып мемлекетіміздің көсегесін көгерту. Егеменді ел болу меніңше, ана тілімізді қорғап, ұлттық мәдениетімізді дамытып, ақпараттық кеңістігімізді қорғап, бабалардың аманатына адал болып, осы қасиетті жердің және жер қазба байлықтарының қадірлі иесі болу. Егеменді ел болу менің ойымша, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, жастарға сапалы білім беріп қазақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету. Егеменді ел болу меніңше, жаңа инновациялы техника мен технология арқылы, ғылым арқылы еліміздің экономикасын дамыту. Осының бәрі егеменді ел болу деген сөз. Біздің Орта Азиялық көршілеріміз осы жолмен жүріп, дамып келе жатыр.
    Бізге толыққанды тәуелсіздік алу үшін, біздің жер қазба байлықтарымыз мемлекетке және халыққа қайтарылу керек, мысалы бүкіл мұнай кең орындарды Қазмұнайгазға беріп, Теңізді, Қарашығанақты, Құмколді қысқаша бәрін. Менің ұстанымым осы.
    Ардақты ағайын!
    Қазақ мемлекетінің саясаты әлеуметтік тұрғыда бағытталып, оның ортасында Қазақстан азаматы тұруға тиісті. Қазақстан азаматтарының дендері сау болу керек. Сондықтан біз адамдардың, әсіресе, жас ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етуде барлық жағдайды жасауға тиістіміз.
    Жалпы алғанда, еліміздің барлық аймақтарында жаңа емдік-диагностикалық орталықтары құрылып, ал жұмыс істеп тұрғандары жөндеуден өту керек. Адамдар денсаулығы біз үшін ең маңызды мәселе. Денсаулықты қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, сапалы медициналық қызмет пен диагностика мүмкіндігі жоғары дәрежеде бола отырып, ол тегін жұмыс істеуі қажет. Өз басым, Қазақстанның әр азаматына жылына бір рет диагностикалық тексеруден өтіп тұруға кеңес беремін. Осылайша, бізде түрлі аурулардың алдын алу мен профилактикалық шаралар жасалады.
    Айтып өткенімдей, білім – менің басымдылықтарымның бірі. Сондықтан мен оған әрқашан көңіл бөлемін. Кәcіптіліктің, білімнің, оқытудың, зияткерліктің негізі мектепте қаланады. Сондықтан мектепте алған білім адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Әр адамның болашағы, тағдыры оның мектеп жылдарында сабаққа деген көңілі мен бағасына тікелей байланысты болады.
    Әрбір адам үшін, мемлекет үшін білім беру ең маңызды да шешуші фактор болып саналады. Бұны балалар жиі естиді. Бірақ бұл – шындық, адамның болашағы үшін, оның өмірдегі орны үшін білім жоғары тұрады. Мектептер құрылысы мен оқыту үрдісі табысты іске асып, жастар мен балалар болашақта Қазақ мемлекетіне кәсіби деңгейде қызмет етуі үшін біз тырысуымыз керек. Әр елдің болашағы мен бүгіні оның зияткерлік әлеуетіне байланысты. Дамыған елдер тәжірибесіне жүгінсек, ғылыми-техникалық прогресс интенсивті дамитын, ғылым-білімге мол инвестиция құйылатын елдер ғана дами алады. Қазақстан да дәл осы жолды таңдауы тиіс.
    Дамыған елге айналу үшін, тамаша инфраструктура мен тапсырмаларға ие болу жеткіліксіз. Дамыған елге айналу үшін, қоғамның зияткерлік әлеуетінің жоғары болуы қажетті. Мемлекет білім беру саласын дамытуда нақтылы шараларды жүзеге асыруы керек. Бүгінгі қазақ жастарының болашақта атамекеніміздің лайықты азаматтары болып, өз қызметтерін отанына арнайтынына нық сенемін.
    Болашақта елімізді жастар басқарады. Еліміздің қалай дамитыны соларға байланысты. Сол үшін біз қазір жастарымыздың ақылды, дарынды, білімді, рухани бай, отаншыл, еркін, қуатты, өз тілін білетін және сүйетін, халқының тарихы мен мәдениетін мақтан тұтатын болып өсуі үшін бәрін жасау керекпіз. Тек осындай жастар ғана болашақта қазақ халқын жаңа белестерге жеткізеді.
    Менің ойымша, Қазақстан дамуының маңызды факторлары – экономиканы экологизациялау мен адамның өмір сүруіне ыңғайлы орта қалыптастыру. Өмір сүру сапасының жоғарылауы, ресурстық тиімділік, жаңа инновациялық материалдар мен өнімдердің қолданылуы республиканың негізгі басымдылықтарына айналуы қажет, бұлар – ХХІ ғасырдың жетекші трендтері.
    Біз «жасыл» стандарттардың енгізілуін бастай аламыз, яғни ол стандарттар өндіруші объекттер мен өндірілуші өнімнің экологиялылығына, ормандарды күзету мен қалпына келтіру саласында халықаралық стандарттарды қолдануға, орманды-саябақты жерлер территориясын кеңейтуге бағытталады.
    Республика астанасы мен Алматы қаласы үшін тұрақтардың жеткіліксіздігі маңызды мәселеге айналып барады. Бұдан былай тұрғын үй кешенінің болсын, іскерлік кешеннің болсын құрылысы тұрақтар құрылысынсыз жүргізілмеуге тиіс.
    Мемлекеттер мен халықтар арасындағы құрметті байланысқа негізделген өзара тиімді серіктестікке Қазақстан ашық болуы керек.
    Бейбітшілікті сүю мен көпвекторлық, прагматизм және жалғасушылық – республика саясатының қалаушы тастары. Арамызда қанша қашықтық болмасын, шетелдік серіктестерімізбен тығыз және интенсивті байланысқа дайын болу керекпіз. Бастысы – өзара тиімді ынтымақтастықтағы түсіністік пен мақсаттылық.
    Қазақстанның жеткен жетістіктерін сақтап, балаларымызға жеткізу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін біз қадірменді ағайын аянбай қызмет етейік, бұл біздің парызымыз.
    Мәселе Қазақстан мен оның жоғары құндылығына байланысты болып тұрғанда, менің материалдық жағдайым ғана емес, жеке өмірім де ештеңеге тұрмайды. Мен ел мүддесін қорғауға міндеттімін және солай бола береді де!
    Данышпан және еңбекқор қазақ халқының мақсаттары жоғары. Бұл мақсаттарды ең жақсы түрде іске асыру – біздің парызымыз, құрметті отандастарым. Сол үшін бізге еңбек пен білім, еркіндік пен шешушілік, шығармашылық ой мен оптимизм қажет.
    Тарихымыз үйреткендей, бізде даналық таныту, өте жақсы дайындыққа ие болу, жақсы білім, ақпараттандырылушылық, еңбекқорлық пен мақсаттылық жатыр. Сол кезде міндетті түрде жетістікке жетеміз. Мақсатымыз – мықты да гүлденуші мемлекет құру.
    Еркін мемлекеттің еркін де белсенді азаматтарымен бірге халқының жүрегінде Президент Қазақстанның рухани өсімі мен мәнділігінің жоғарылауына әсер етуге міндетті. Сондықтан мен кітап жазамын және оны отандастарымның арасында таратамын.
    Мәдениет пен руханилық – ол тек білімділік қана емес. Ол адамның өркениеттілігінің жоғары деңгейі, дәстүрге құрмет, нағыз азаматтылық, отаншылдық, туған тілді білу.
    Ештеңе ойлап шығарудың қажеті жоқ. Тек қана – бабалар дәстүрін ұстану, туған тіл мен мәдениетті сүю, отан игілігі үшін оқу және қызмет ету, мықты және тату тәтті отбасы құру, дені сау балаларды тәрбиелеу, нақ ортасында адам мен оның құндылықтары тұратын экономиканы құру.
    Мемлекеттің нығаюы үзіліссіз үрдіс болғандықтан, сіздерді, достарым, үнемі халқымызға пайда әкелуге, республика игілігіне жұмыс істеуге, ал осы талпыныстарымыз максималды тиімді болу үшін, сіздерді оқуға және үнемі зияткерлік деңгейлеріңізді көтеріп отыруға шақырамын. Еңбек және білім, теория және тәжірибе шығармашылық ой-өріспен байланыстырылған жерде ғана үлкен жетістіктер болады. Сондықтан, достар, аянбай еңбек етіп, білім алып және жұмысқа шығармашылық тұрғыда аралассақ, еліміз міндетті түрде гүлденеді.
    Құрметті отандастар!
    Нәтижелі экономиканың негізі ретінде инновация, технологиялық жаңару, өндірістік салада ғылыми еңбектердің қолданылуы қызмет етеді. Инновациялардың рөлі жыл сайын артып келеді, олар барлық салаға енуге тиіс. Яғни, инновацияның нағыз нәтижелерінің алынуы – тек мемлекеттің ғана мәселесі емес. Аймақтық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін, бұл үрдіске бизнесті де, ғылымды да, барлық қоғамды да қатыстыруымыз қажет.
    Бүгін, модернизация – тек техникалық инновациялар ғана емес. Оның басты мақсаттары жаңа қоғам, жаңа инфрақұрылым, жаңа адам құруда, халықтың, билік органдарының және бизнес-қоғамдар күшінің бірігуінде жатыр, бұлар бізге халықаралық аренада жетекші елдермен бәсекеге шығуға мүмкіндік береді.
    Құрметті достар, сүйікті Отанымыз үшін құрбан ететін біздің өміріміз бір, болашағымыз бір, армандарымыз бір. Отан үшін ерең еңбек етейік!
    Сіздердің Қазақстанды нығайтудағы істеріңізге күш-қуат тілеймін.
    Назарларыңызға рахмет! Қазақ елі жасасын!

Пікірлерге тыйым салынады.