Жаңа қала философиясы

  • 08.08.2013
  • 8333 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ЕсимҒарифолла ЕСІМ,
жазушы, академик,
Парламент Сенаты депутаты

Қоғам әрбір адам үшін бәйге алаңы, мүмкіндіктер алаңы. Адамдардың қоғам болып топтасуы өзінен-өзі болатын шаруа емес. Әрбір қоғамның өз тарихы бар. Адамдарды топтастыратын күш, ол мақсат ортақтығы, олай болмаған жағдайда қоғам жоқ. Қоғам мәңгілік құбылыс емес, ол қалыптасып, жойылып, жаңарып отырады. Қоғам жаңарып отырмаса, ол күйрей бастайды, мұндай тарихи жағдайды біз басымыздан кешірдік. Көрер көзге мәңгілік секілді көрінген кеңес қоғамы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына жете бере ыдырай бастап, ақыры қарасы батып жойылып, тарихқа айналды. Мұның басты себебі – адамдардың қауымдасып, қоғамдасып өмір сүру тәсілінің ортақ мақсаты өз күшін сарқа бастаған еді. Ортақ идея жойылған соң, кеңес қоғамы да мәнін жойды, оның орнына жаңа қоғамдар құрыла бастады, соның бірі – қазақстандық қоғам болатын.


Қазақстандық жаңа қоғам құру ісінде жаңа идея қажет болды. Ол қандай идея еді? Бұл идеяның екі жағы, мәнісі болды, бірі – рухани-саяси, екіншісі – саяси-экономикалық. Рухани-саяси дегені­міз тәуелсіздік, ғасырлардан келе жатқан асыл арман – егеменді ел болу, отаршылдық кезінде қалыптасқан ұлт мәселесінің шешілуі, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының рухани серпілісі. Әрине, бұл мәселені өзге этнос өкілдері дәл қазақтардай қабылдай алды деп айту қиын. Олар үшін кеңестік заманда қалыптасқан саяси, рухани жүйелер жеткілікті ғана емес, тіпті тұрақтылық болып қабылдануы да түсінікті жағдай. Ал, саяси-экономикалық жағдайға келсек, ол бұрын болмаған тың экономикалық қатынастар, яғни, нарықтық қатынастардың жандануы болатын. Бұған этносына қарамай құлшына кіріскендер көп болды, сөйтіп, алғашқы ауқаттылар пайда бола бастады. Нарықтық құқықтық жүйелердің әлі қалыптаспағандығынан бұл істе ауытқушылық та жеткілікті болғаны көпшілікке белгілі. Осы халді дер кезінде сезіне білген Президент Нұрсұлтан Назарбаев нарық саясатын, яғни, экономикалық саясатты екі кезеңге бөлді, алдымен эко­номика, содан кейін саясат. Бұның дұрыс болғанын бүгінгі өмір дәлелдеп отыр. Сонымен, Тәуелсіздікті 1991 жылы жария еткеннен кейін халықтың басын біріктіріп, жаңа қоғам құру ісі қажеттілік болды. Осы тарихи қажеттілікті кеңестік империядан өсіп шыққан тәуелсіз елдердің басшылары бірдей түсініп алып кете алмады. Жаңа қоғамға жаңа идея керек еді. Осы мә­селеде Елбасы көрегендік танытты. Бұл шы­нында таңқалатын іс еді. Ел тұралап жатқан кез әсіресе, Азия елдерін шарпыған әлем­­дік қаржы дағдарысы (1998 жылғы) бас­талып кетті, міне, осындай жағдайларға қа­ра­мастан жаңа қоғам құру мақсатында Елбасы Жаңа қала идеясын көтерді.
Жаңа қала, ол, әрине, астана туралы әңгіме еді. Астананы Алматыдан көшіріп, Сарыарқа өңіріне әкелу, сол кез үшін шұғыл шешім болатын. Бұл идеяны жақтаушылардан түсінбегендер анағұрлым көп болды. Бүгінде бағамдап отырсақ, Елбасының көкейіндегі ой Жаңа қоғам құру ісі екен, ол қоғам сөзсіз жаңа қаладан басталмақ, сөйтіп, бүгінгі салтанатты Астана идея болып еніп, өзімен бірге өмірге жаңа қоғамды әкелді, оның аты акме-қоғам. Акме деген көне гректің биіктік, асқақтық, кемелдік деген ұғымдарын береді. Гректер акме деп 40 жастан асқандарды, яғни, кемел шаққа жеткендерді айтқан. Осы үрдіске орай айтсақ, жаңа астана кемелді қоғамның символы болмақ, ол солай болды да, бірақ, идеяны шындыққа айналдыру үшін қаншама тер төгілді, ең алдымен, осы істе Елбасының екі қайраткерлік қасиеті айқын көрінді: біріншісі, оның көрегендігі, екіншісі, алған, ойлаған істі жеріне дейін жеткізетін мол қайрат-жігері.
Бүгін жылдар өтіп, Астанамыз еліміздің ең көрікті қаласына айналғанда, ойға өріс берсек, бұл мекеннің де қилы-қилы тарихы бары есіме түседі.
Біз қала деп бір ортақ мақсатқа, мүддеге сай адамдардың топтасып өмір сүру тәсіліне мүмкіндік беретін алаңды айтамыз. Қала салу қашан болмасын, қай заманда болмасын идея шындығы арқылы расқа, шындыққа айналатын іс. Қаладан бұрын әмманда идея болады. Сол идеяның жүзеге асуына орай қала негізі қаланбақ. Тарихта солай болған, алдағы замандарда солай бола бермек, бірақ, жаңа қала салу осал шаруа емес, ол күдік пен үміттің түйісуінен туындайды. Күдік тежеуші, үміт бастаушы қуат. Сондықтан, қала салу ісі көпшілік шешімінен гөрі, тұлғалық қуатты талап етпек. Тұлғалық қуатты психология ғылымында лидерлік деп атайды. Лидердің өзге жұрттан артықшылығы, ол болашақты болжай біледі, оны жүйелей біледі. Лидерлік психологияда адам табиғатының сипаты, ол тума қасиет. Әрине, жаңа қала идеясын ұсынып, оны жүзеге асыру тұлғалықты талап етеді. Сондай саяси тұлғаның мүмкіндігі негізінде өмірге келген Қазақстан Республикасының жаңа мекені – Астана.

***
Философия деген ой өрісі. Астана туралы ой-өрісіне келсек, ол идея мен шындықтың бірлігі туралы сөз болмақ. Қазіргі ғұмыр кешіп отырған қазақ халқы екі теңдесі жоқ әлемдік оқиғаларды басынан кешіп отыр. Бірі – ғасырлар тоғысында өмір сүріп жатқанымыз. Тағдыр бізге ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға өту кезеңінде ғұмыр кешуді бұйырған. Бұл тарихи кезең біздің ғұмырымыздың ерекше құндылығы. Екіншіден, біздер қоғамның бір формациясынан жаңа формацияға немесе өркениеттің бір түрінен екінші түріне ауысқанда тек өмір сүріп қана қоймай, осы заман құндылықтарын жасаушылармыз және жаңа құндылықтар кеңістігінде өмір сүрушілерміз. Осы екі тарихи жағдайда ел келешегіне, қазақтар үшін жаңа заманға турадан жол тапқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жаңа жерге Жаңа қала, Жаңа Астана салу идеясын ұсынды. Бұл батыл, әрі Тұлғалық қуатты қажет ететін тарихи шешім еді. Міне, осы идеяның шындыққа айналғанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Астана бүгінде елдік, билік символы болып қана қойған жоқ, өзі де символдар қаласына айналды. Мен қысқаша Астана қаласының бірер символдарына тоқталмақпын, алдымен сөз Пирамида сарайы туралы.
Көпшілікке мәлім, Астанада Ақ Ордаға тақау тұста Пирамида ғимараты орналасқан, оның ресми аталуы «Бей­бітшілік және келісім Сарайы». Атына сай, бұл Сарайда әлемдік және ұлттық діндер көшбасшыларының екі съезі өтті, 2009 жылы осындай халықаралық жиынның үшінші рет басқосуы болмақ. Оның авторы есімі әлемге әйгілі ағылшын архитекторы Норманн Фостер. Биіктігі 62 метрлік Пирамида 15 м. арнайы жасалған төбе үстінде орналасқан. Пирамида деген көне түсінік. Пирамида дегенде ойымызға бірден көне Египетте салынған Хеопс, т.б. түседі. Бұл пирамидаларда заманында фараондар жерленгендіктен халық түсінігінде оларды зират деп түсіну бар, бұл шындық, бірақ, Пирамида табиғаты туралы толық түсінік емес. Пирамида деген арнайы зерттеулерді қажет ететін тақырып. Оның тылсымдық қуаты туралы да алып-қашты эзотерикалық мәндегі сөздер көп. Сондықтан, кей ағайын Ақ Орданың қасында ол неге тұрмақ деген ренішін де білдіруде. Осы ретте айта кететін жай, Париждің архитектуралық кереметі аталып келе жатқан Эйфель мұнарасы туралы кезінде 1887 жылы 300 француз жазушылары мен художниктері қол қойып қала муниципалитетіне наразылық білдірген (оның ішінде Александр Дюманың ұлы Ги де Мопассан және композитор Шарль Гуно т.б. болған), онда олар еш қажеті жоқ күлкілі мұнара Париж көркін бұзып тұр дей келе: «На протяжении 20 лет мы будем вынуждены смотреть на отвратительную тень ненавистной колонны из железа и винтов, простирающейся над городом, как чернильная клякса». Алайда замандар өтті, Эйфель мұнарасы Париждің сәні болып тұра берді. Бұл мұнара да 1789 жылғы Француз революциясының 100 жылдық тойына арнайы орнатылып, Франция елінің символына айналды.
Пирамида туралы да жел сөздер бол­ғаны­мен, ол Астананың мақтанышы, бір символы болып қала бермек. Енді, Пи­рамиданың символдық мәнісін тарқатып көрелік.
Біріншіден, Пирамида елдің тұрақты­лығының әрі оның іргесінің беріктілігінің символы, себебі Пирамида дегеніміз үшбұрыштардың шексіз комбинациясы. Пирамида геометриялық фигура ретінде үшбұрыштар комбинациясының шексіз гармониясын білдіретін теңдесі жоқ құбылыс. Көпшілік әу бастан белгілі әлемдік геометриялық конструкцияда ең берік фигура – үшбұрыш екенін біледі. Бұл аксиома. Әйгілі Пифагор теориясының мазмұны да осы мәселеге арналған. Демек, Пирамида тұрақтылықтың символы болатыны да сондықтан, әлемде «бәрі уақыттан, ал, уақыт пирамидадан қорқады» деген әйгілі мәтел де тегін айтылмаған. Ендеше, неге Астанадағы Пирамида ғимараты ел бірлігі, ынтымақтастығы, одан бастап халық тұтастығы деген асқақ идеяға арна болмасқа. Ойланатын мәселе, геометриялық ойлау жүйесі адамзаттың дүниетанымының асыл арнасы. Ой өзегі – геометриядан басталған, оның озық үлгісін көне египеттіктер жасаған, ол пирамидалық ойлау жүйесі. Бұл әлем картинасын жасаудың алғашқы озық үлгісі болған. Пирамидалық құбылыстардың Марстан, жердегі байырғы Америка континентінен табылып жатқаны тегін емес. Тұрақты тұрмыс кешу адамзат баласының асыл арманы болған, сол арманды нақтылағанда пирамидалық конструкция жүйесі өмірге келген. Бүгінде әлем ғалымдары Хеопс пирамидасының қалай салынғаны, неге салынғаны, оның философиялық мазмұны дегенде әлі бір шешімге келмеген. Бірақ, бір мәселенің басы ашық, ол Пирамида тұрақтылық пен мәңгіліктің символы. Бұл символ, әрине, билікке, оның қуатына әрі мүмкіндігіне қатысты. Мұндай символдар түркі, одан бертінде қазақ халқында да болған, соның бір айшықты дәлелі Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары. Бұл тек бір-біріне ғашық болып, құрбан болған қыз бен жігітке арналмаған, оның мәні тереңде. Ол сол дәуірдің айтулы геосаяси жағдайына тікелей қатысты салынған тарихи пирамидалық конструкция (мен ол туралы «Дала пирамидасы», «Пирамида в степи или философия любви» деген еңбектерімде жан-жақты баяндағанмын), пирамидалық конструкция, ал оның көшірмесі десе де болғандай, Жезқазған өңіріндегі «Домбауыл» деп аталатын тарихи жәдігер де пирамидалық өлшеммен салынған.
Екіншіден, пирамидалық ойлау жүйесі дегенге келсек, айтарым, дүниенің төрт бұрышы деген геометриялық атаулар бар, олар Батыс және Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік. Бұлар дүниенің төрт бұрыштары деп аталады. Бұл ұғымдарды білмей тұрып дүние туралы түсінік қалыптасуы мүмкін емес. Қазақ «төрт құбылаң сай болсын», – дейді. Төртеуі бірінсіз бірі болмақ емес. Төрткүл дүние дегеннен есік пен төр деген түсініктер қалыптасқан. Төрде отыру тек құрмет қана емес, дүниенің төрткүл құбылысы туралы сөз айтуың керек, оны түркі-қазақ жұрты төрелік деп атаған. Төрелік айту үшін әр нәрсенің әлемдегі, қоғамдағы, заман ағысындағы, тұрмыстағы, жеке ғұмырындағы нақтылы орнын дөп басып айту. Міне, бұл төрелік. Ол билікке қатысты. Қазақтың дәстүрлі билігі Пирамидалық мазмұнда болған. Пирамиданың табаны төрт жақты меңзейтін – ол халық, бұқара, ел, жұрт, қазіргі тілде – қоғам. Пирамида төрт бұрышынан бастап жоғарылаған сайын, билік мәселесі сұрыптала бас­тайды, жұрт сөзін, ағайын сөзін емес, ауылдың есті адамдары, одан биіктеген сайын рулардың естілері (билері), одан әрі елдік деңгейде, сол мүддеге сай сөз сөйлеуші (билер), одан әрі билер кеңесі, хан кеңесі, пирамиданың ең басында билік айтушы Би (түркі дәуірінде солай болған) немесе Хан отырады. Керісінше, ханнан шыққан жарлық аталған сатылармен – қалың бұқара халыққа жетеді. Бұл биліктің ғасырлар бойы қалыптасқан пирамидалық жүйесі болатын. Сонда Елбасшылары сатылай-сатылай бір шешімге келетін. Сол шешім негізінен әділеттілікке бастайтын. Сондықтан пирамидалық ойлау жүйесі деген тек дүниетаным ғана емес, ол Басқару жүйесі болғаны тарихи деректермен анықталған шындық. Билік мәселесінде бір шешімге келу қиынның қиыны. Осы қиыншылықты ата-бабаларымыз пирамидалық ойлау негізінде шешкен.
Пирамидалық ойлау жүйесінің нақтылы айта кететін мынандай бір мәнісі бар. Біз жоғарыда пирамида тұрақтылық символы дедік, сонда оның табаны төрт бұрыш екені айтылды. Төртбұрыш геометриялық фигура ретінде беріктілікті білдіре алмайды, ол әлсіз, оны берік ететін келесі төрт бұрыш, сонда сегіз бұрышты фигура шықпақ, мұның беріктілігі сонда, оның әрбір жағы үш бұрыштармен бекітілген. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі бар. Сонда халық нені меңзеп айтып отыр. Сегізқырлылық беріктілік, тұрақтылық, мәңгіліктің сипаттамасы. Әдетте, біз кейбір адамды дәріптегіміз келгенде, ол «сегіз қырлы, бір сырлы», – деп, оның өнердің әрбір саласын басын шалғанды айтамыз, айталық, өзі әнші, күйші, балуан. т.б., онымыз тұрмыстық түсінік, мәнді ұғым емес. Сегізқырлылықтың мәнісі – бір шешімнің сегіз сипаттамасы болады деген сөз. Біз мұны бүгінгі политологияда плюрализм деп, оның саяси өрісін – демократия деп атап жүрміз. Бір шешімнің сегіз қыры барлығын әркім біле бермейді. Көбінесе адамдар бір шешімге бір-ақ қырмен келеді де тұйыққа тіреледі, қайғыға, тіптен қасіретке түсіп, басы айықпас дауға қалады. Мұны Яссауи, Абай сияқты хакімдер надандық деп атаған. Надан адамның бірбеткей келетіндері де сондықтан. Дана адам бір мәселенің сегіз қырын сезгендіктен, тұйыққа тірейтін бастама жасамайды.
Сонымен айтарым, Пирамиданың негізі (табаны) төрт бұрыш емес, сегіз қырлы. Оны пирамиданың ішкі құрылыс конструкциясынан анық аңғаруға болады, олай болмағанда Пирамида берік болмайды, мысалы анығында, Эйфель мұнарасы да пирамида. Оның алғашқы қабаты 129,2 м. – пирамида, одан шығарып екінші алаңда екінші пирамида мұнарасы (115,73 м.) көтерілген, бір сөзбен айтқанда, беріктілік қажет болса пирамидалық конс­трукция қажет.
Үшіншіден, Пирамида биліктің символы. Қандай символ болмасын, ол Билікке қатысты. Билік өз биіктігін символдар арқылы белгілейді. Биіктікке құштарлық биліктің мақсатқа бағытталған арманы. Мысалы, әлемге өзінің аса қуатты мемлекет екенін жария ету мақсатында АҚШ зәулім («Статуя Свободы») «Еркіндік мону­ментін» орнатты. Оның биіктігі – 93 м. Бұл статуя Нью-Йорк және Америка Құрама Штаттарының символы деп аталынады. Мақсатына сай тарихи аз мерзім ішінде «американдық арман» АҚШ-ты әлемдегі ең қуатты мемлекет дәрежесіне жеткізді. Биіктікті аңсау арман қуатынан туындайды, осы сөзіме тағы бір айғақты дәлел, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы күні кеше ғана ағылшындар отаршылдығынан азат болған малай халқы, әлемді таңдандырған жетістікке жетті, олар бәсекеге қабілетті елдердің ішінде 20 орында. Осы малай халқының тарихи жеңіске жетуінің сыры неде деген сұраққа сол елде бізбен бірге болған Ресей экономистері жауап таба алмады. Мен де ойландым, кешегі өзіміздей, тіптен бізден де ахуалы төмен малай халқының бүгінгі тұрмысы шынында да таңқаларлық. Осы құпияның сырын атақты Петронас Егіз-мұнарасына және 420 метрлік телемұнараға шығып, жан-жақты тамашалағанда түсінгендей болдым. Бұл халық арманшыл екен, биіктікке құмар екен, оны символдарға айналдыра біледі екен. Мысалы, алғашқыда Петронас Егіз-мұнарасының биіктігі 378,4 м. болған. Бұл Чикагодағы Сиз Тауэр зәулімі биіктігінен кем болғандықтан, биіктікке құмар малайлықтар осы екі мұнараның үстіне 73,5 м. болаттан шпильдер орнатқан, сөйтіп, Петронас Егіз-мұнаралардың жалпы биіктігі 1994 жылы 451,9 м. болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Ол халықтың психологиясына, санасына, дүниетанымына, көзқарасына үміт беріп, үміт идеяға, ол шындыққа айналған екен. Идеяны шындыққа айналдыру үшін, әрине, алдымен идеяның өзі шындыққа бастайтын ой арнасы ретінде өмірге келуі қажет. Сол идея, жаңа қала деген ой Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арманына негіз болды. Жаңа қала – тамаша идея. Президент өз сөздерінде бізге қалаларды, астаналарымызды әлдекімдер анықтап беріп отырған, мысалы, Орынбордан Ақмешітке, одан Алматы. Ал, өз еркімізбен, өзіміздің тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде, біздің қай қалада, қандай Астанада тұратынымызды нақ өзіміз анықтауымыз керек болды емес пе, – деген ой білдірген. Сол тарихи қажеттілікті сезіну, әрине, кемеңгерлікті, көрегендікті, қажырлықты, көптің басын біріктіріп көндіруді, қалыптасқан дәстүрді бұзуды, өмірге жаңа көзқарасты әкелетіндей Тұлғалық қуатты талап етті. Нар тәуекел деп Президент ол кезде алынбайтын қамалдай жаңа қала, жаңа астана салуды өзінің сара бағытының мақсатына айналдырды. Бұл әу баста көпшіліктің көңілінен шыққан бастама болмады, алайда, тарихи шешімге тек тарихи тұлғалар ғана бара алатыны, адамзат болмысынан белгілі. Естеріңізде болар, 1998 жылы осы күндерге ұқсас, тіптен бұдан да ауыр әлемдік деңгейде экономикалық дағдарыс басталған еді. Оның үстіне Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде бұғанасы қатып, есін әлі жинап үлгермеген кезі еді. Осы аргументті астананы Алматыдан көшірмейік деген ағайынға, Президент «тарихи шешім қиын жағдайда қабылданып, оны болашаққа алып шығады», – деді. Елбасының өз ісіне сенімі жұртшылықты ойландырып тастады, тәуекелшіл жұрт өз көшбасшысының соңынан сол кездегі Ақмолаға шеру тартты. Бүгінде он жылдың биігінен қарап отыр­сам, бұл ұлы мақсатқа бастайтын дұ­рыс жолдың басы екен. Сондықтан, Астана тек идея емес, биліктің символына айнала бастады. Жаңа мемлекеттің жаңа Астанасы болуы әбден үйлесімді, шындыққа ұласқан елдік идея.
Төртіншіден, Пирамида биіктіктің символы. Оны қалай түсінуге болады? Сонда биіктік деген не? Бүгінде Жапония және Гонконг архитекторлары «Аспан – қаласы» деген жобалар жасауда, олардың айтуынша, мұндай қаланың жерден биіктігі 1 км. болмақ, онда миллион адам тұрып, қызмет жасауы жобаланып отыр. Ғажап идея. Сонда 1 км., әрине, биіктік, бірақ ол биіктіктің символы бола ала ма? Әрине, жоқ. Символ деген нақтылық емес, ол мүмкіншілігі шексіз іске асырыла беретін сана болса керек. Осы тұрғыдан келгенде мен Биліктің символы Пирамиданың ұшар басындағы нүкте деп білемін. Бұл шындық, егер пирамиданы біз әлемнің геометриялық моделі дегенді мойындасақ. Менің айтқаным, асылында теорема. Биіктіктің символы пирамиданың ұшар басындағы нүкте. Мұны математикалық жолмен, сірә, дәлелдеуге болатын да шығар деген ойдамын.
Бесіншіден, Пирамида мен қазақтың киіз үйінің үндестігі. Қазақ сегіз қанатты киіз үй дейді. Сегіз деген пирамиданың табанындағы беріктік конструкциясы, ол туралы жоғарыда айттық. Шындығында киіз үй кәдімгі пирамида, бірақ кеңістікке ие болған. Пирамиданың ұшар басындағы нүкте биіктік символы десек, киіз үйдің керегеден уықтармен көтерілген шаңырағы қазақ үшін – биіктік. Ол тегіннен-тегін елтаңбаға айналып отырған жоқ. Мысалы, Астананың метафоралық мәндегі атауы – Шаңырақ, ол қазақ елінің шаңырағы. Шаңырақ отбасының космоспен байланысын бейнелейді десек, ол біз үшін биіктік. Аспан деген шартты ұғым, жер өз кіндігімен айналған сайын, аспан өзгеріп отырады, ал шаңырақ өзгермейді, ол өзгермелі дүниенің тұрақтылығын бейнелейді. Сондықтан ол Елтаңбаның басты элементіне айналған.

***
Пирамида Сарайымен іргелес «Қазақ Елі» монументі орналасқан. Бұл монумент Елбасының тікелей басшылығымен жүзеге асып отыр, оның биіктігі 91 м., бұл халқымыздың тәуелсіздікке жеткен жылын анықтаушы сан. Монументтің ұшар басында салмағы 2,5 тонна алтындалған Самұрық құс. Жаратушының керемет жаратқанының ең алыбы мұхиттарда өмір сүрсе, аспан әлемінің еркесі, құс төресі – Самұрық, оның табиғи болмысы арманы биік халқымыздың ой-санасына сәйкестігі осы монументте ескерілген.
Биіктік деген жер бетіндегі мың сан пенделік дерттердің емі. Биіктік рухани болмыс кеңістігі, демек, оны аңсау адамзат табиғатындағы адамның асыл қасиеттерінің сұрыпталуы, оның мәңгілікке құштарлығы. Заман өтер, ұрпақтар жаң­ғырар, бірақ тәуелсіздігіміздің, яғни, төл тарихымыздың, жаңа дәуірдің басы болып, осы «Қазақ елі» монументі қалмақ.
Елбасының көтеріп жүрген идеялары бір-бірімен сабақтас. Оның Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына тарту жөніндегі мақсаты – тәуелсіздік идеяның нәтижесі, асқақ идеяның көрінісі. Асқақ идеясы бар ел ғана болашақ туралы биік ой ойлай алады. Біздің жаңа Астанамыз – болашақты көксеген асқақ идеяның жемісі. «Ақ Орда» да солай. Ақ Орда десе, хандық дәуірдің сарқыншағындай айтар ауызға оғаш көретініміз бар. Ақиқатында, Ақ Орданың мәні – асқақтық, оның мазмұны – бекзаттық. Бекзаттық – қазаққа тән нышанның бірі. Жаңа бастаған кәсібіне «Алтын Орда» деген ат бергендер бар. Бұл кездейсоқ емес, бұл – біздің өткен ғасырлардағы іргелі Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттерінің мұрагері екенімізді білдіретін тарихи өзектің, тектіліктің белгісі. Көкірегі ояу азаматтар бүгінде біздің қоғамда ренессанс, яғни жаңару деген ұғымның жиірек айтыла бастағанын аңғаруда.
Кезінде жаңа мемлекет құрмақ ниетте Керей мен Жәнібек сұлтандар Шу өзені бойынан «Қозы-Басы» деген қонысты өздерінің астанасы еткен. Ол жерге топтасқан Қазақ Ордасының ілімшісі Асан Қайғы оны «Жерұйық» деп атаған еді, енді міне, түрленіп, түлеп, жаңа Жерұйық бүгін Қазақстан Республикасы деген жаңа тұрпаттағы мемлекет қалыптасты, негізінде бұл Қазақ Ордасының қайта жаңғыруы, яғни, ренессанстық құбылыс болды. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Ренессанстық мемлекет. Түріктер, қазақтар мемлекет дегенді Орда деген. Осы символ жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болмысынан табылып отыр, ол келісті де көрікті Президент қызмет атқарып отырған «Ақ Орда».
Егемендік алғаннан кейін-ақ әлеуметтік-экономикалық және рухани-тарихи салада бір жығылып, бір тұрып, ұмтыла түстік. Әу баста, астананы Ақмолаға ауыстырудан бас­тап халықаралық деңгейдегі іс-шараларға ұмсыну – осының бәрі біздің ұлттық намысымызды қамшылауға сеп болды. Демек, елеулі 50 елдің қатарынан табылу – қарабайыр бәсекелестік емес, өркениетті бәсекелестік. Мемлекетіміз күні ертең іргелі елдердің тобына қосылса, ортадан қара үзіп, суырылып шығуы таңқалатын іс емес. Оған біздің әлуетіміз, намысымыз жетеді. Осыларды таразылап, байыптаған Елбасы еркіндік пен ел қатарына қосылып, өсіп-өркендеу мұратын, зор қуатты бойына жинап, «жанартаудың ояну» сәтін күтумен келе жатқан халықтың мүмкіндігін, қуатын іске қосу мақсатында асқақ межеге қол артты.
Биіктіктің символының бірі болып «Бәйтерек» бой көтерді, бұл «Күлтегін» жырының авторы Иоллығтегін айтқан бастыны идіру, тізеліні бүктіру емес, бұл өркениеттік жолға түскен Қазақстан Рес­публикасының ұлттық идеясының жемісі дейміз. Реті келген соң айта кетейін, Малайзия да біз сияқты өз астанасын жаңа қонысқа аударуда. Әрине, Малайзияда қазақ даласындай кеңдік жоқ. Олар Куала-Лумпурдан елу шақырымдай жерде жаңа астана салып жатыр, қазір елу мыңдай адам тұрады, болашақта 320 мың адам орналастыру көзделіп отыр. Путра жайында біздің Ақ Орда сияқты өкімет резиденциясы бар, оның оң жағында зәулім мешіт салынған, керемет архитектура, мінбенің биіктігі 116 м., бұл әлемдегі ең биік – минарет. Бұл да әлемде бірінші болу деген ынтадан туған асқақ идеяның көрінісі.
Астана да биіктеп барады, бұл әрі символ, әрі шындық, мысалы, биіктігі 97 м. қаланың дәп жүрегі болып тұрған «Астана – Бәйтерек» монументі. Идеяның мифтік, аңыздық сипатта болатыны сонау Грек заманынан белгілі. Жаңа қала Санкт-Петербургті салғанда архитекторлар мифтерін және символдарын қаптатпап па еді. Жаңа қалаға көп символ керек. Соның бірі «Астана – Бәйтерек».

***
Өркениет үрдісіне түскен халықтың алғашқы ісі қала, қалалар салу. Мәдениет деген сөздің семантикасында қала деген ұғым жатыр. Қазақтың рухани мәдениеті қалаларға тікелей қатысты болған. Көшпенділер деген сырт көздің қойған атауы. Қазақ даласы қалаларының көптігімен атағы шыққан. Темір қорытуды білген түркілер қала салмағанда кім қала салмақ. Бұл да арнайы әңгіме өзегі болар тақырып. Менің айтпағым, қазақ жерінен шыққан хакім әл-Фараби өз заманында ізгілікті қала деген ғылымға жаңалық енгізген, себебі, ізгілікті білім жүйесін қаладан алмақсың. Білім, мәдениет орындары қалаларда орналасқан, өзінің білім алған қалалары Бағдат, Шам сондай қалалар болатын. Қала дегеннің өзі идея. Ешбір қала бостан-босқа салына салмайды. Идея жетегінде тарихи тұлға сонысын іс жүзіне асыруы үшін қала сала бастаған, мысалы, орыс халқының реформатор патшасы Петр І өз атымен аталған Санкт-Петерборды су жолына шығу үшін, сол арқылы өз билігін жүргізу мақсатында салған. Ке­зінде Новгородты орыс мемлекетінің Киев­тен кейінгі астанасы болсын деген ниетте салып, орыстардың пассионарлық серпілісіне сай «Жаңа қала» – деп аталды. Адамзат тарихында мұндай деректер көп. Демек, жаңа қалада тың мәдениет қалыптасуы заңды. Астана осы мағынада жаңаша ойлаудың үлгісі болмақ деген пікір білдіремін. Мәдени сабақтастық туралы ешкімнің де таласы болмас, бірақ, Астана жағдайында таза мәдени үрдістің қалыптасуы қажет-ақ. Өкініштісі, етектен тартқан ескілік, тоғышарлық психология жаңа дәстүрмен бірге қоныс теуіп жатқаны заманымыздың келеңсіз көріністерінің бірі. Сонда жаңаша ойлау деген не, сірә, ол осы «Қазақ Елі» монументінен басталса керек. Ол ғасырдан ғасырларға өтіп, азап сапарынан кейін ел болғандығымызды санамызға, психологиямызға сіңдіріп, дәстүрге айналдырсақ деген Президенттің ізгі ниеті.
***
«Қазақ Елі» монументінің алдында тұрғанда қазақ мәселесі ойға орала беретіні табиғи жағдай. Бұл монументтің тәрбиелік, тағылымдық мәні зор және әрбір қазақты тек бүгінгі күн емес, болашақ туралы ойлантуы заңды. «Қазақ Елі» монументі өткен күнді көз алдымызға елестетумен бірге келешек туралы ой қозғайды. Алға басу үшін жол керек, ол қандай жол дегенде Президент атап айтқан «қазақстандық жол» – дегенді айтпақпын. Бірақ, бұл жолдың мазмұны неде, кешегі күні социализм жағдайында өмір кештік, бүгінде капитализмге ұқсас қоғам құрудамыз. Менің айтарым, біздің елдің жүретін жолы социализм де, капитализм де емес, жаңа жол болуы керек. Ол үшін кезіндегі Жапонияның, бүгінгі Финляндия елінің тәжірибесін ескерген жөн. Бұл жерде бас­ты мәселе, орта бизнес пен алпауыттар алшақ болмауы керек. Олигархиялық байлыққа тежеу салық арқылы реттелуі қажет. Олигархтық мәндегі капитализм жақсылыққа бастамақ емес, Елбасы қымбат автокөлік, аса бағалы тұрғын жайы барларға салық мөлшері де соған сай болуы керек деген ойды үнемі білдіруде. Біздің қоғамның мақсаты ұсақ және орта бизнесті мейлінше жетілдіру.
Біз мықты социализмді басымыздан кешірген халықпыз. Социализм идеологиясы қуатты болды. КСРО социалистік ел бола тұра әлемдік саясатта шешуші орны болды. Ешбір дүниежүзілік іс КСРО-ның назарынан тыс болған жоқ, бірақ, социализм тек жалаң идеологияға сүйенді де, содан барып тарқады. Таза идеологиямен мемлекеттік саясат жүргізбекші ниет­тегі елдер әлемде әлі бар, бірақ, олар өміршең бола алады деген сенім жоқ. Адам-зат көп ғасырлар өмір тәжі­рибесінде нарықтық қатынастардан өзге альтернатива таба алған жоқ, демек, мәселе нарықтық жағдайда қалайша идеология қажеттілігі анықталмақ. Президент бұл салада көрегендік танытып келеді, алдымен экономика, одан кейін саясат деді, бұл дұрыс болды, ол енді бүгінде мәселе болып тұрған сана, психология, мінез, дәстүр, жаңашылдық, модернизация т.б. дегендерге келгенде мемлекеттік деңгейде идеологияға қажеттілік туып отыр, ол тікелей Ұлттық қауіпсіздікке қатысты.
***
Астана арқылы Елбасы тек Қазақстанға ғана емес, аймаққа, әлемге әйгілі саяси тұлға ретінде танылуда.
Астана – қазақ елінің өрісін, тынысын, мүмкіндігін ашты.
Астана – қазақ елінің бренді атанды.
Астана – Саяси биліктің тың өрісі, ал саясат үнемі жаңалықты талап ететін феномен. Саясат ағынды су тәріздес, сонда ғана ол тазарып отырмақ. Астанада Жаңа саясат негізі қаланды. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек. Астана – тәуелсіздікке пассионарлық қуат берді.

***
Астана халқы. Бұл тың ұғым. Меніңше, оны кең және тар мағынада түсінген әрі түсіндірген жөн. Кең мағынасында Астана халқы деп күллі қазақстандықтарды атауға әбден болады, себебі, әрбір қазақ елінің азаматының Астанамен қарым-қатынасы бар. Олардың қалаға келіп-кетіп қатысып жатуы бір мәселе, екіншіден, Астанамен өмірін, болашағын өлшеу деген түсінік және бар. Астананы әңгіме етпейтін қазақ жоқ. Астана арман, қиял өрісі. Тар мағынада, ол Астананың тұрғылықты халқы. Бұл да шартты түсінік. Астана метафора тіліне салсақ, әуежай сияқты, мұнда адамдар ұшып келіп, ұшып кетіп жатады. Міне, осылайша Астанаға қатысты елімізде жаңа халық қалыптасып келеді. Астанада 2013 жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша 778198 адам тіркелген, бұған әрқилы себептермен тіркелмегендерді қоса есептесек, халық саны бұдан көп болары сөзсіз. Осы халықтың 70%-дан астамы қазақтар (1989 жыл қала халқы 281252, оның 17,7%, яғни 49798-і ғана қазақтар болған).
Демографиялық жағына тоқталсақ, ерлер – 375 697, әйелдер – 402 501, 15 жасқа дейінгілер – 179 410, зейнеткерлер – 50458, мектеп оқушылары – 89 542, студенттер – 48606.
Жаңа Астана арқылы жаңа халық қалыптастырып, ол әл-Фараби айтқандай, ізгілікті қалаға айналуда.
Жаңа халық дегеніміз келешекке қа­тысты айтылатын сөз, бұл мәнде жаңа ха­лық деген, ол жаңа ұрпақ. Халық болмысы өткен күнмен анықталмақ емес. Самайын ақ шалған біздер кеңес заманынан, кешеден келе жатқандармыз, біздің арманымыз балалар мен олардың ұрпақтарында. Ол Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында нақтылы баяндалған. Міне, өмірге өз үндері мен өз тағдырларын ар­қалап 18-20 жас аралығындағы егемен елдің жастары өсіп шықты, олар мил­лион­дар, міне, солар жаңа халық, себебі олар біздің арманымыз бен үмітіміз, қиялымыз бен шындығымыз, барымыз, мұрагерлеріміз. Олар кешегінің жалғасы, бүгіннің байлығы, келешектің келбеті. Тек қана қинайтын бір мәселе, ол ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың үзілмеуі. Бұл айтуды мәселе. Бұл істе дәстүр сақтап, мол мәдени мұрамызды зерделеп келе жатқан игілікті үрдісімізбен қатар өзгелерге еліктеуден туған жат дәстүрлердің де орныға бастағанын айту керек. Бұған кінәлі қазіргі ұрпақ емес, біздер, аға ұрпақ. Өз ділінен, дінінен, тілінен, дәстүрінен өгейсітіп өсіріп, дерек­сіз тәрбие берген біздерміз. Осы қиын­шылықты бүгінгі ата-ана, тәрбиеші, ұстаз, т.б. шама-шарқынша түзетуге тырысуда. Менің пайымдауымша, мұның «емі» – жастарды елдік сана, сезімде тәрбиелеп, жат бауыр қылмай, табиғатына тартуда. Ол жеңіл шаруа емес. Ақпараттық қоғам өз дегенін жасауда. Әке-шеше орнына интернет немесе көше тәрбиелесе, жас ұрпақтың болашағы не болмақ? Осы тұста тағы да әл-Фарабидің айтқан, білім мен тәрбиенің егіз екенін еске түсірмеске болмас. Тәрбиесіз алған білім адамға қауіп. Грек философы Сократтың «білім тек ізгілікке қызмет етуі керек», – деп айтқаны бүгінгі күннің зәру мәселесінің бірі. Педагогтар этно-тәрбие деген түсінік ұсынуда, бұл дұрыс, бірақ мәнісі халықтық тәрбие деген болса, айтарым, ол тек тәрбие емес, ұрпақтың өмір сүру образы, тұрмысы болса керек. Адамда қабілет те бар, қасиет те бар, бұл екеуі бір-бірін қажет етіп отырады. Кәсіби білікті маманға поэзия, әдебиет, театр, балет, симфония, ән, күй, т.б. қажет. Әсіресе, осы заманда қажет, себебі, адамның психикасы ақпараттық қоғам жүгін арқалай алмай қалуы әбден мүмкін. Психикаға, адамның жүйкесіне рухани қуаттар керек, олай болмағанда жеке бастың дағдарысы, өмірден шошынуы сияқты кеселдер қалыптаса бастауы мүмкін. Қала адамның осындай халдерін қанағаттандыра алса, ізгілікті қала атанбақ. Құдайға шүкір, Астана осы өлшемге лайықты демекпін, бірақ, әлі осы тұрғыда ойланып атқарар істер көп.
Қала да адам іспеттес, туады, есейеді, өседі және қартаяды. Астана қазір есею дәуірінде, мұны күллі қазақ халқының ес жинау дәуірі деуге болады.
Астананың келе-келе, ғасырларды ғасырларға ауыстырып Көне қала атануы да біз үшін арман. Бұл жаңа дәуірдің, яғни, қазақ халқының жаңа мыңжылдығы болады деген сөз. Әрине, заман өте сөз тозар, түсінік, ұғым өзгерер, бірақ осы қаланың архитекторы болған қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімі осы қаламен бірге қаларына еш күмән жоқ. Бүгінгі күніміз тарих, бірақ бұл тарихтың да бір сипаты бар, ол бүгінгі өмір сүріп отырған біздер, үлкеніміз бар, кішіміз бар, ғажап тарихи үрдістердің ішінде жүргендерміз, күндер, жылдар, замандар өткеннен кейін айтып таусылмас, жырлап бітпес тарих кейіпкеріне айналғанымызға сенімім мол.
Себебі бізге Жаратушымыз
– ғасырлар тоғысында ғұмыр кешуге;
– құндылықтардың алмасу дәуірінде өмір сүруге;
– кереметтерді өзгерткен кереметтерді көруге;
– бір қоғамдық формациядан келесі мүлдем жаңа, еңбегімізбен, маңдай тері­міз­бен құрып келе жатқан Тәуелсіз елге қызмет, еңбек етуге, осы үрдісте Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен замандас болуға бұйырған.
Сірә, халқымыз айтатын тағдырдың жазуы деген осы болар!

***
Жаңа қала – жастар қаласы. Жастық деген даналықтың формуласы. Жастар өмірге құмар. «Қазақстан 2050» Стратегиясында айтылғандай, қазіргі он үш жастағы қазіргі жаңа ғасыр басында дүниеге келген жас ұрпақ 50 жасқа келмек. Олар тегіс ел билігін қолдарына алып, ақылшы, өнегелі ұрпаққа айналмақ. Атам қазақтың «елу жылда – ел жаңа» дейтіні сол. Елу жылда латын әліппесіне толық өтіп, мемлекет қазақ мемлекеті атанып, халқымыздың алтын ғасыры басталмақ. Мұның бәрі Қазақ елінде, оның жаңа астанасы, жас қаласы Астанада орын алмақ.

Алдыңғы «
Келесі »