ОДАҚТЫ КҮЙРЕТКЕН МӘСКЕУЛІК ШОВИНИСТІК ПАРТИЯ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ПЕН ҰЛТТАРДЫҢ ЕРКІНДІККЕ ҰМТЫЛЫСЫ

  • 08.08.2013
  • 595 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айталы1Амангелді Айталы,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Кеңес Одағы тарағаннан кейін «Тот, кто не желеет о бывшем Советском Союзе – не имеет сердца; тот кто счи­тает, что его можно сейчас воостано­вить – не имеет головы» деген сөз та­­рады. Оны айтқан Украина жоғары Радасының төрағасы Александр Морозов деседі. Әрине, Кеңес өкіметінің саясатынан жәбір көргендерді еске алсақ, ол қоғам совет халықтарының үлкен түрмесі болды. Бірақ, сол қоғамда адамдар білім алды, маман иесі болды, отбасын құрды, бала сүйді, еңбек етті, абыройға ие болды, бақытты да болды, әртүрлі ұлт өкілдері достасты, араласты. Жеке басының тұрғысынан келгенде де жүрекке жылы тиетін сәттер көп. Сөйте тұра, ол қоғамға қайта оралуды көп адамдар армандамайды. Бірақ, Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің ыдырау себебін күні бүгінге дейін іздеуде. Әрине, ғылыми тұрғыдан ол ізденістердің орынды екені сөзсіз, әйтседе, сол ғылыми ізденістер ұлттардың намысына тимей, тарих адамгершілік тұрғысынан сараланса, жөн.


2012 жылдың 31 қазанында Ресейдің «Литературная газета» басылымында Кеңес Одағының 90 жылдығына байланысты тарихшы профессор Ю.Жуковтың журналистпен сұхбаты жарияланды. Тақырыбы «Мина под государство». Кеңес үкіметінің табанына 2 жарылғыш қойылды дейді автор: «Статья 6-я О праве республик на выход без обьявления причин. И вторая – каждая республика получила свое министерство просвещения».
Кеңестер Одағы губерниялық, терри­ториялық принципке негізделмей, ұлт­тық территориялық принципке негіз­делгендіктен Одақ тарады. Ұлттық тілді меңгеру орыс емес халықтарды орысқа қарсы қойды. Егерде, төртінші сыныпқа дейін ана тілінде, ал, негізінен орыс тілінде білім алса, барлығы орында болар еді, бір елде бір мемлекеттік тіл болу керек дейді Ю.Жуков: «И нельзя в одной стране на двадцати языках говорить. Один язык должен быть общим. Особенно если это язык такого масштаба, как русский».
Ю.Жуков орыс тілінен басқа тіл­дерге үлкен астамшылықпен қарайды. Украин тілін тіпті менсінбей кемсітеді: «я полагаю, украинская мова не является языком с точки зрения филологической науки. Даже в те времена украинский и белорусские языки имели хождения только в селах и местечках. Были говором неграмотных крестьян.Своего рода диалекты, как орловско-курский или северный, которые тогда были ошутимы». Әуелі тілді өмірдің барлық салаларынан ығыстырып, содан кейін оның қолданыс аясы тар деп кінәләу – шови­нистердің бірден бір қолданатын амалы. Ю.Жуковтың ой-пікірі өткенді аңсаған менменшіл, астамшылдық адамның зар еңіреуі. Бұл адамды, тіпті, ғалым деп айту да қиын, себебі, ақиқаттың, әділдіктің құлы надандық, жабайы пікірден жоғары тұрады.
Ю.Жуков, енді, Ресей Федерациясын ыдыратпаудың алдын алу үшін ұлттық тілде білім беруді шектеу, орыс тілін орыстандырудың құралына айналдыру, автономиялық республикаларды таратуды мақсат етеді. Сөз жоқ, бұл саясат Ресейдегі орыс емес аз халықтарды шошындырып, әлі талай қан төгіске апарады. Осы тұста, ойға 1922 жылы В.И.Лениннің Саяси бюроға жолдаған қысқа хаты ойға оралады. Тісі ауырып, Кремль ауруханасында емделіп жатқан көсемге әртүрлі ұлттық аймақтардан орыстардың зорлық-зомбылығы туралы ақпарат ағылып келіп жатады. Сонда, В.И.Ленин: «Как только удалю больной зуб, со всеми оставшимся зубами буду грызть великорусский национализм», – деген екен. В.И.Ленин де Ресей патриоты. Орыс астамшылдығы социализм ісіне, ұлт саясатына, орыс халқына зиянын тигізеді, Ресейдің тірнектеп жинаған жерінен айырып, басқа ұлттар іргесін аулақ салады, бөлектенеді деп сақтандырған. Шынында, уақыт өте орыс ұлтшылдығы асқынып, емге көнбейтін дертке айналды.
Орыс ұлты емес, мәскеулік шовинистік партия және мемлекеттік аппарат, бір жағынан, ұлттардың еркіндік алуға ұмтылысы екінші жағынан, Одақты күйретті. Ю.Жуков бұрынғы кеңестік республикалар, қазіргі жас мемлекеттердегі әр түрлі проблемаларды айта келіп, оның себептерін Кеңес Одағының ыды­рауынан көреді. Шындығында, бұл дамушы елдердің жолындағы заңды туындайтын қиындықтар. Автор, тіпті, жас мемлекеттер Кеңес Одағын аңсайды дейді. Ол рас, аға ұрпақ өкілдері, әсіресе, славян тектілер арасында Одақты аңсау бар. Бірақ, ол қуғын-сүргінді, орыстануды аңсау емес, Кеңес заманында адамдардың еркін араласуын аңсау. Бүгін бұл мәселе де шешімін бірте-бірте табуда.
Соңғы Ю.Жуковпен сұхбат «Что впереди?» деген атпен берілген («ЛГ» 14.05.2013). Онымен әңгімелескен журналист Владимир Сухомлинов біраз мәселенің бетін ашады. СОКП көсемдері Одақтың әлсіздігін сезген. Аркадий Вольскийдің айтуынша, оған Ю.Андропов тапсырма берген: «Давайте кончать с национальным делением страны. Нарисуйте новую карту СССР. Нарисовали три варианта. Сорок один штат, и тут Андропов слег». Андропов тірі болғанда, Кеңес Одағын сақтап қалар едік деп өкінеді В.Сухомлинов та, Ю.Жуков та. Тіпті, А.Булганин кезінде Министрлер кеңесінің төраға кезінде Одақтың құрылымын ұлттық принциптен, экономикалық принципке ауысуды ойластырылған. Совнархоздар ұлттық республикаларды жоюдың алғашқы қадамы болыпты. Қазақстанда Ресейдің аймақтарымен қосып бірнеше экономикалық аймақтарға, Украинаны да бірнеше аймаққа бөлу, Эстонияны, Латвияны, Псков, Нов­город, Ленинград облы­сымен қосып, бір экономикалық аймақ жасау жоспарланған. Н.Хрущев партия тұтастығын ойлап, А.Бул­ганин ұсыныстарын қолдамаған секілді.
Соңғы сұхбатта журналистің Ю. Жу­ков­қа «Болашақта Ресейді не күтіп тұр?» деген сауалға, ол былай деп жауап бе­реді: «Прогнозировать возвращение пока невозможно. А прогнозировать распад Российской Федерации из за определенной внутренней политики-реально», – дейді. Осылай орыстандыру саясатының болашағы жоқ екенін өзі мойындайды, бірақ «пока» дегені бізді сақтандырады. Өткенге оралу мүмкін емес. Ю.Жуков сияқтылар орыс халқының санасын шовинизм идеясымен уландырып, орыс фашизмін қолдайды. Шовинизм, шектен шыққан ұлтшылдық, ең алдымен өз ортасына, өз ұлтына зиянын тигізетінін тарих талай дәлелдеді. Егер, шовинистік астамшылық жолға түсіп, Ресей ұлттық, автономиялық респуб­ликаларды губернияландыру (губернизация) жолын қолдап, ұлттық тілдер мен мәдениетке сыңаржақ көзқарас үстемдік алса, Ресей бөлініп жарылады. Өкініштісі, Ю.Жуков сияқты астамшыл авторға орыс интеллигенциясы қарсы пікір айтпады.
Бүгін орыс шовинизмін православ діні күштеп қолдап отыр. 2007 жылы орыс православ шіркеуі «Орыс доктринасын» («Русская доктрина») ұсынды. Оның не­гізгі қағидалары мыналар:
Биліктің бөлінуі, адам хұқы үстем­шілдігі туралы қағидалар – мін­детті, заңды емес, даулы қағи­далар;
Ресей көп конфессиялық мемлекет емес;
Жоғары басшылық ең бірінші дін-православиеге тиесілі;
Мектепте дін пәнін оқыту мін­детті;
Ресейдің мемлекеттік мереке­лерін қайта қарау сияқты православ дінін мемлекеттік дінге айналдыру жол­дары көзделген.
Кеңес Одағының ыдырауының басты себебі, ұлттық патриотизмнің күш алуы, ол ең мықты динамит болды. Басқа да себептер жоқ емес.

Алдыңғы «
Келесі »