ЕУРАЗИЯШЫЛДЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАЙДА АПАРА ЖАТЫР?

  • 08.08.2013
  • 727 рет оқылды
  • Пікір жоқ

2Зардыхан ҚинаятҰЛЫ,
тарих ғылымдарының
докторы

«Кім нені айтпасын, қандай модель қолдануға тырыспасын, осынау Еуразия одағының орталығы мемлекеттік құрылым ретіндегі Ресей болатыны» белгілі болды («Егемен Қазақстан», 15 сәуір. 2003 жыл). Әрине, бұл кеше ғана осы «орталықтан» әзер құтылып, тәуелсіз мемлекет ретінде қаз-қаз басып келе жатқан елдердің азаматтарын бей-жай қалдыра алмайды. Оның үстіне, «ЕурАзЭҚ»-қа мүше елдерде (Ресейден өзге) биылғы күзден басталатын президенттік сайлаулар «ЕурАзЭҚ» және «БЭК» ауқымында кірігу барысын, тіптен, жеделдетіп жіберуі мүмкін» деген қауіп те жоқ емес. Бұл мәсе­ле біржақты бағыт алып кетпеуі үшін мен, тарихшы, философ ретінде ғылыми сана, тарихтың сабағына сүйене отырып, өзімнің азаматтық пікірімді ортаға салуды жөн көрдім.


Мәселенің мән-жайына қанығу үшін әуелі бұл құбылыстың (гр. Kategoria) тapиxи шығу тегіне тоқталып көрген жөн сияқты. Әлемдік тарихи және саяси жағрафияда қалыптасқан «Евразийство» (EUAZISTVO) делінетін ғылыми ұғым жоқ. Тек Еуропа және Азия (Euro and Asian) деген ұғым бар. Ол дегеніміз Соломонова аралынан Исландия аралына, Жаңа жер аралынан Үнді теңізіне дейінгі алып сахараны қамтитын, жер шарының 37 пайызын, жұртшылығының 3/4 бөлігін құрайтын аса кең мағыналы ұғым. Ал, «Еуразияшылдар», «Еуразия» деп тек Каспийдің батыс жағалауы, Жайық бойы, Орал жотасы арқылы бөлініп жатқан Азия мен Еуропаның қиылысын атап жүр. Бұл – ғылымда мойындалмаған, тек Ресейдің геоәлеуметтік және геосаяси эмиграциялық әдебиетінде ХІХ-ХХ ғасыр алмасу кезеңінде пайда болған және жалпы «Еуразиялық ұлтшылдық» идеясы негізінде қалытасқан геосаяси атау. «Еуразияшылдық» идеясының бас­тауында ресейлік князь С.Н.Трубецкойдың ұлы, философ, ұстанушы Н.С.Трубецкой, жер-жиһантанушы П.Н.Савицкий, тарихшы Г.Бернадский, тарихшы және мемлекеттанушы Н.Алексеев, олардың тұяғын басқан Г.Флоровский, Лев Карсавин және өзімізге етене таныс Л.Гумилевтер болды. Бұл идеяның түпкі мақсаты және тарихи стратегиялық маңызы Еуропаның шығысын алып жатқан Ресей жерін Азияның көз жеткізсіз ұлы даласымен жалғау арқылы «Үнді қақпасына» (Петр I) дейінгі жер-жиһанға иелік еткен ұлы империя құру. Орыс интеллигенциясы бұл идеяны өздері ойлап тапқан жоқ, өткендегі империялардың тарихынан алған сабағы болатын. Аталған кеңістікте орналасқан түрлі халықтардың басын алғаш біздің эрамыздың ІІ-ІІІ ғасырында Ғұн империясы, VI-VIII ғасырда Сары теңіз бен Қара теңіздің арасын жалғай орналасқан түрік қағанаты, XIII-XV ғасырда Шыңғыс қаған бастаған Моңғол империясы, әсіресе, оның батыс бөлімі – Жошы ұлысы (орысша Алтын Орда) державасы біріктірген еді. XVI ғасыр немесе айбарлы Иоан және I Петр кезеңінен бастап бұл мүмкіндікке ресейліктер ие болды.
Г.Вернадский «Орыс патшалары моңғолдық Орда хандарының мұра­герлері болуы (Автор мұнда мәскеулік Русь мемлекеті билеушілерін меңзеп отырса керек – Қ.З.) патша үкіметі түрік және моңғол тайпаларына өз би­лігін жургізуінің психологиялық алғышарты болды» (Г. В. Вернадский. История России: Монголы и Русь. М., 2001., 394-395 бб.) десе, Н. Трубецкой «Орыс­тар өз империясын Шыңғыс ханнан жалғап алды» деп жазды (Н.С.Трубецкой. Наследие Чингисхана. М., 1999. З-б.). Ал, КСРО орыстарға державалық жаңа мақсатқа жетудің ұйымдастырушылық және психологиялық тәжірибесін мұра етіп қал­дырды. Егер, I Петр жене II Екатерина Еуразия аймағына өз билігін орнату үшін ортағасырлық империялардың сабағын пайдаланса, 1990 жылдардан бастау алатын «неоеуразияшылдар» кезінде жер шарының 6/1 бөлегіне иелік еткен КСРО тәжірибесіне сүйенеді.
Ресейлік еуразияшылдардың аталары қазан төңкерісінің ұлы державалық талаптарына қарсы болмады. Больше­виктердің православтықты қудалауға ұшыратуына қарсы болды. Сөйтіп, олар православ, православтық өркениетпен қауыштыра отырып, ұлы Ресей держа­васын құрудың тиімді жолдарын қа­рас­тыра бастады. 1921 жылы профес­сор Н,Трубецкой және геосаясаткер П. Са­­вицкийдың басшылығымен «Еуразия қоз­ғалысы» құрылды. Жаңа идеяның негізі Н.Трубецкойдың 1920 жылы Софияда жарық көрген «Еуропа және адамзат» атты әйгілі мақаласы, П.Савицкийдың 1933 жылы жарық көрген «Еуразияшылдықтың жағрафиялық және геосаяси негіздері» атты еңбегі арқылы қаланды. Ресейдің «Еуразияшыл» эмигранттары әлем геосаясатының «атасы» саналатын неміс геосаясаткері Фридрих Ратцелден көп тәлім алды. Н.Трубецкой өз еңбектерінде «Еуразиялық Ресей державасы» мәселесін көтерсе, П.Савицкий «Ресей шығыс славянның бір бөлігі ғана емес, славяндықпен түріктік субс­тратты тоғыстырған империалдық төтенше құрылым» деп таныды (П.Н.Савицкий. Континент Евразия. М., 1997, 295, 302-бб.). Бір қызық жері – ол өзінің «Дала және отырықшылдық» атты мақаласында еуразияшылдықтың басты формуласын «Біздің орыстар татарларсыз (автор мұнда бұрынғы Дешті-и Қыпшақ, қазіргі Орталық Азия жене Қазақстанды меңзеп отыр – З. Қ.) нағыз орыс бола алмайды» деп түйді. Бұл I Петр айтқанындай, қазақтың кең даласын уысында ұстап тұрмай Ресейдің державалық мәртебесі пәрменді бола алмайды деген қисынға саяды. Жоғарыда аталған ойшылардың шәкірті Л.Гумилев бұл формулаға «Еуразиялық суперэтникалық жүйесі» теориясын қосты. Орыстың алдыңғы қатарлы интеллигенциясының ой-пікірлері, сайып келгенде, төмендегі түйінге келіп тоқтайды: «Ресейдің күші орталықтандырылған мемлекет жүйесі мен православтық наным-сенімде жатыр. Орыс халқы еуразиялық суперэтнос жүйесі негізінде осы аймақтағы барлық жұрттың басын қосқан біріккен мемлекет жүйесін (Confederation) құруы қажет. Ресей-Еуразия дегеніміз – рухани үрдісті геосаяси нақтылық (Realis) және орыстың православтық ұлттық руханиятының басымдылығын мойындаған төтенше өркениет жасау». Ресейлік еуразияшыл эмигранттар осы тұрғысынан КСРО-ның еуразиялық саяси-геосаяси тұжырымдамасын құптай тұра, КСРО-ға қосылған түрлі халықтардың өзіне тән ұлтшылдығы мен өзіндік мәдениеті болуын мойындамады. Олардың пікірі бойынша, тек «Евразия ұлты, Еуразия территориясы, Еуразия ұлтшылдығы (Евразиский национализм) болуға тиіс» екен. (Н.Трубецкойдың 1927 жылы жарық көрген «Общеевразийский национализм» атты мақаласын көріңіз).
Қазіргі күні «Еуразиялық философия», «Еуразиялық өркениет», «Еуразиялық ақыл ой» (Евразийская мудрость) деп жар салып жүрген «неоевразияшылдардың» пікірлері де Н.Трубецкойдың жоғарыдағы ұстанымынан аумайды. Менің пайымдауымша, жалпылама «Еуразиялық философия», «Еуразиялық мәдениет» деген жоқ. Тек, жалпыславяндық және орыс, украиндық мәдениет, жалпытүріктік және қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік мәде­ниеті деген атаулы мәдениет қана бар. Өйтіп мәдениетті, ұлтшылдықты, этнотерриторияны және халықтың ақыл-ойын бағзы бір «еуразияшылдықпен» бүркемелеу деген бәз-баяғы «….Мой адрес Советский союз» немесе «Советский человек», «общесоветский патриотизм», «Общесоветская гордость» делініп келген жалпылама ұрандар арқылы ұлт халықтарына өзін ұмыттырып, мәңгүрттендірген (assimilate) үйреншікті айла-тәсілдің қазіргі заманға сай түрі болып шығады. Осылай жүре берсе, «неоеуразияшылдар» күндердің-күнінде «еуразиялық жалпыға ортақ тіл» мәселесін көтеруі ғажап емес. Бұл мәселе кейбір «ойшылдардың» аузынан қазірдің өзінде естіліп қалып жүр.
Сөйтіп, бүгін ЕурАзЭҚ-ті қай жағынан, қалай анықтасақ та, бізді сол баяғы орыстың эмиграциялық еуразияшылдарының салып кеткен сара жолына түсіреді және көп мәселе бұрынғы КСРО-ның тәжірибесі негізінде нақтыланады. Бұл турасында біз Ресейде ғасыр бойы айтылып, жазы­лып келген державалық ұғымындағы еура­зияшылдық пен біздің «қазақстандық праг­матикалық неоеуразияшылдықтың» арасынан айшықты өзгешеліктер көре алмай отырмыз. Бәрі де айналып келіп ресейлік ежелгі еуразияшылдыққа тірелді.
Тарихқа үңіліп отырсақ, Ресейдің Батыс жұртының алдында тауы шағылып, сағы сынған кезеңдерде әрдайым Орталық Азияға, шығысқа бет бұру арқылы бойын түзеп алып отырғанын көреміз. І Петрдің 1720 жылдардағы Прут жорығы нәтижесіз аяқталып, Азов жағалауын Түркияға қайтаруына байланысты онда жаңа ғана салған бекіністерін бұзуға мәжбүр болды. А.Бекович-Черкасс және Н.Бухгельцтердің бұл бағыттағы жорығы абыройсыз аяқталды. І Петр бұл күйзелістен шығудың бірден-бір жолы – Қазақ сахарасына бет бұру деп тапты. Жоғарыда аталған Азов жоры­ғы кезінде I Петрге тілмаш болған, кейін патшаның тікелей тапсырмасы мен Қазақтың кіші жүзінің ханы Әбіл­қайырды Ресейге қосылуға мәжбүр ет­кен генерал А.Тевкелевтің айтуынша, «Қазақ даласын жалпы Азияға шығудың есігі» деп таныған I Петр патша «и той ради причины оная-де потребна под Российской Протоекцией быть, чтоб только чрез их во всех азиатских странах Комоникациею иметь к российской стороне полезные и способные меры взять» деген екен («Временник императорского Московского общества истории о древностях Российских» 1852., кн. 13, отдел III, 15-б.) Қазақты отарлау осылайша басталған еді.
Ресейдің қазіргі жағдайы да оңып тұр­ған жоқ. Империя ыдырады, экономика құл­дырады, стратегиялық тұрғыдан НАТО-ның қоршауында қалып отыр. Сөйтіп, бұл жолы да Қазақстанға бет бұру әуелі Ресей жағының қажеттілігінен туындап отыр.
Ресей президенті В.Путин 2002 жылы Брунейде өткен Тынық мұхит аймағы елдері жетекшілерінің құрылтайы кезінде интернет арқылы берген сұхбатында «Ресей – Еуразия мемлекеті» деп кесіп айтты. Ол жуықта ғана болып өткен президенттік сайлау науқанының әлқиссасын «Распад Советского Союза был для нас трагедией» деп қайырды. «Еуразияшылдық» осы траге­дияның орнын толтыратын таптырмайтын мүмкіндік екенін кәнігі саясаткер В.Путин жақсы біледі. Сондықтан да, ол Б.Ельциннің тұсында айырылған ұпайын бір-бірлеп түгендеп келеді. Бұрынғы одақ­тан қалған елдер арасында В.Путиннің ықпалы күннен-күнге артып отыр. 2002 жылы РФ және ТМД мемлекеттерінің ара-қатынасы жайлы «ОРТ» телеарнасы журналисінің койған сауалына В.Путиннің «Егер, кімде-кім бізді ренжітсе, ол адам­ның ғұмыры үш күндік (қазақша «көк тиын») деп миығынан күліп тұрып берген жауабы көп жайды аңғартады. Ресей ес жиып, саяси, экномикалық жағдайы жақсарған сайын держава президентінің үні бұдан да қатқыл шығуы мүмкін. Билікке В.Путин келгелі бері ресейлік ғаламдастыру (глобализация России) үрдісі шығысты нысанасына алған жаңа бағытқа ие бола бастағанын айқын аңғаруға болады.
Ресейлік аумақтық жиһандастыру теориясы бойынша бұл үрдістің негізгі аспектісі экономика емес – politikus, қал­ған­дары саясат нысанасының тек қана салдар, сабағы ретінде қаралады. Ресейлік ғаламдастырудың түпкі мақсаты да әлемдік біртұтас тәртіп, бір орталыққа бағынатын жер-жиһанды держава құру. Ал, ақша, коммуникация, экономика, мәдениет сияқты басқадай тетіктер бұл мақсатқа жетудің тек құралдары ғана («Литературная газетаның» 2004 жылғы 2 наурыздағы санын караңыз).
Біз болсақ Ресеймен қарым-қатынас­тың басты нысанасы экономика деп жүрміз. Күнделікті өмір прагматикасы тұрғысынан бұл дұрыс та шығар. І Петр патшаның Қазақ ордаларын отарлау саясаты да алғаш сауда және экономикалық мақсаттардан басталған. Бірақ, өткен тәжірибе басқаша корытынды бергені белгілі. Сонда келешек мұратымыздың пәктігін бүгін немен растаймыз?
Қайсыбіреулер ойлауы мүмкін, «Біз дербес елміз, БҰҰ мүшесіміз, сондықтан, бізге енді ешкімнің тісі батпайды» деп. КСРО кезінің өзінде БҰҰ-ға мүше болған Украина, Белоруссияның БҰҰ-дағы өкілдігі тек КСРО өкілінің айтқанын орындайтын ғана қауқарында болған. Егер, өңірлік ауқымда біреуге басың байланып қалып шыға алмай жатсаң БҰҰ да, басқа да саған ара түсе алмайды. Өйткені, өңірлік түрлі қауымдастықтар да көпжақты заңдық негізде құрылуда. Біз айтып жүрміз, «Ж-о-қ ЕурАзЭҚ, БЭК – тек экономикалық одақ, ол кезінде Трубецкойлар айтқан, қазір Дугиндер атсалысып жүрген Еура­зияшылдыққа тіптен де ұқсамайды» деп. Жуықта Астанада өткен «Еуразиялық одақ – тығыз қарым-қатынас орнатудың оңтайлы жолы» атты конференцияда «неоеуразияшылдардың» бүгінгі бас «профессоры» А.Дугин интеграцияның үш сатылы деңгейде болатынын ескертті. Ол сөзін: «ЕурАзЭК шеңберіндегі экономикалық қатынас, екіншіден, ҰҚКҰ құрамындағы саяси әрі әскери одақ және ең соңғысы аза­маттық қоғам, мәдениеттер диало­гы» деп түйді. Біз қазірдің өзінде қор­ғаныс, ұлттық қауіпсіздік, экологиядан бас­тап ЕурАзЭҚ-тық біртұтас шекарадан тартып, Парламентаралық Ассамблеяға дейінгі көп мәселелерді ЕурАзЭК-ке қатысушы елдермен әлдеқашан үйлестіріп қоймадық па! Біріккен валютаға көшу мерзімін 2011 жылы деп белгілеп қойдық («Егемен Қазақстан». 2003 жыл, 15 сәуір). Істің барысы осылай өрбісе, түптің-түбінде барлық мәселені мемлекетаралық деңгейде бір ортадан үйлестіруге барып тірелеріміз сөзсіз. «Неоеуразия» теориясы авторларының өздері де «ЕурАзЭК-тің бір кездері қауымдастықтан одаққа айналу мүмкіндігін» жоққа шығармайды («Егемен Қазақстан». 2003 жыл, 23 сәуір).
Қазақстан – Ресеймен тарихи көрші. Бірін-бірі жақсы біледі. Ара-қатынасында ғасырларға жалғасқан сыйластық та, қазақ халқы үшін өкінішті тұстары да жоқ емес. Әрине, мұның бәрі ұлы көршімізбен жан-жақты қатынастарды дамытуға бөгет бола алмайды. Мықтап ойландыратын жайт мынада: Кешегі жалпыхалықтық менталитетке айналған одақ идеологиясы, саяси, экономикалық құрсаудан басымызды әлі де толық ашып ала алмай жатып, сол баяғы үйреншікті кожайынымыз Ресеймен қайта қоян-қолтық қабысу, түрлі одақтар арқылы кірігу қажет пе, тіптен қажет деп көргеннің өзінде уақыты жетті ме? Бізді бұл қадамға баруға нендей жағдайлар итермелеп отыр? «Терроризммен бірлесе күресу», «наркотрафикке тосқауыл қою» немесе «трансэнергетикалық қолбайлау» түрткі болып отыр делік, сонда мұндай проблемалар бұрын КСРО құрамында болып келген басқа елдерде жоқ па? Егер болса, олар неге «еуразияшылдыққа» сон­шалықты құлшынбай отыр? Жоқ, бұл әлде Ресей үшін бұрынғы кеңестік кеңістікті, басқалары үшін өз елдеріндегі посткеңестік билікті сақтап қалу үшін жасалып отырған әрекет пе? Енді со­лардың басты себептеріне үңіліп кө­релік.
Ресей алғаш (1730 жж.) қазақты отарлай бастағанда, «Шығыстан төніп келе жатқан жоңғар қаупін» алға тартқан болатын. Сөйткен жоңғар билігі Ресейдің еш араласуынсыз-ақ жойылғаны белгілі. Сол сияқты, қайсыбіреулер қазіргі әрекетімізді «өзімізді ғаламдастырудан сақтап қалу үшін жасалып отырған қам» деп түсіндіргісі келеді. Осылайша жұрттың үрейін ұшырып отырған ғаламдастыру (globalization) деген нендей кесапат сонда? Шын мағынасындағы ғалымдастыру дегеніміз globus – ғаламшар мағынасынан шыққан, ұлыс елдер өзді-өзінің ұлттық қара қазанының астында бұйығып қалмай, дүйім дүниемен бірлесе қимылдау арқылы әлемдік өркениеттің жеткен деңгейіне жету үшін ұмтылу деген сөз. Өзіндік ұлттық құндылығы, қауқары, тіл мәдениеті, білім, ғылымы бар халық ғаламдасудан саспақ емес. Бұл үрдіс тек екі түрлі тарапты ғана үрейлендіріп отыр. Біріншісі ғаламдастықта өзіндік үлесі аз кедей елдер, осал буындар, екіншісі Батыс Еуропаның кейбір елдері және Қытай, Ресей сияқты келешекте жиһандасқан әлемнің бас билігінен үміткерлер. Ал, Қазақстан – жағрафиялық орналасуы жағынан теңізбен де, жермен де төрткүл дүниеге өз бетімен шығатын мүмкіндігі бар ел. Өткен 10 жылда тындырылған көп істер қандай да бір «одақтың күшімен» емес, тек Америка, Ресей, ҚХР, Түркия қатарлы елдермен жасаған екіжақты қатынастар және өркендеген елдердің инвестициясы арқасында атқарылды. «Егер ЕурАзЭҚ-ты құрып, Белоруссиямен, Тәжікстанмен қауымдаспаған күнде мұндай натижелерге қол жеткізе алмай қалған болар едік» делінетін қандай маңызды шараларды атай аламыз? Керісінше, ЕурАзЭҚ-тық кеңістік құрғанның жөні осы деп, Тәжікстанмен, Қырғызстанмен шекарамызды айқара ашып тастаймыз деп, наркотрапия мен заңсыз көші-қонға кең жол ашып алған жоқпыз ба? «Бізді ғаламдасудан құтқарушы» деп пана тұтып жүрген Ресейіміздің өзі бүгінгі күні бұрынғыдай «батысында католиктік Еуропа, қиыр шығысында – Қытай, оңтүстігінде Ислам әлеміне қарсы тұрған алынбайтын қамал» болудан қалып бара жатқан жоқ па? (Л.Гумилев. От России к России. М. 2000; 173-б.). Міне, сондықтан, бүгінгі өзгерген әлемде төмендегі екі түрлі жайды ескеру кажет. Біздің қазақ өз ықтиярынсыз державалық және кеңестік Ресей басшылығында 270 жыл бойы өркениетті батыс, алып шығысқа қарсы тұрғанда не ұттық? Ұтқанымыз былай тұрсын, елдіктен айырылып, әлем өркениетінен артта қалып, рухымыз тозып, тіліміз шұбарланып, славяндық менталитетті халыққа айналып, ақыры, әйтеуір, осыдан оншақты жыл бұрын әзер дегенде басымызды ашып алып, бүгін сол өткеннің тауқыметін тартып отырған жоқпыз ба?
Өркениеттік деңгейі ортадан төмен 4 мемлекеттің қатысуымен БЭК сияқты жаңа «колхоз» құру арқылы католиктік Еуропа, алып Америка және өзімізбен рух, салт-санасы етене жақын түрік, Ислам әлеміне не үшін Ресейдің қалқасында қарсы тұрмақпыз? Менің ойымша, ендігі жерде ғаламшарлық өркениетке немесе жиһандасуға қарсы тұрамыз деп, Ресейді көзір ғып алға тарта беру тиімді жол емес, керісінше, Ресеймен жүз шайыспай-ақ әлемдік құндылықтарға бет бұру әлдеқайда тиімді.
Біздің саясаткерлер «Еуразиялық қауымдастық» мәселесін көтергенде алға тартылған және бір кисын – Еуроодақ тәжірибесі.
Еуроодаққа кірген 25 мемлекеттің әрқайсысы нарықтық бәсекелестік жүйенің 350-400 жылдық тәжірибесінен өтіп, ұлттық экономикалық жүйесі әбден қалыптасқан, бір-біріне саяси тәуелді болып көрмеген, өркен деңгейі мен жалпы құндылықтары өзара өте ұқсас мемлекеттер. Барлығы да ұлт жүзінде толысып піскен құбылыстар. «Норвегиялықтар французға айналып, ирландиялықтар неміс болып кетеді-ау» дейтіндей қауіп жоқ. Сөйте тұрғанның өзінде Дания, Норвегия, Ұлыбритания және Ирландия сияқты елдер Еуроодаққа кіруге асықпай отыр. Олар тәуелсіздік сияқты ұлттық құндылықтарының біраз бөлігінен айырылып қалуымыз мүм­кін деп қауіптенетін көрінеді.
ЕурАзЭҚ-қа қосылған елдердің ішінде Ресей Федерациясы кім, қалған үркердей төрттік кімдер?
Иә, Ресей одақтың ыдырауына байланысты бірер ұпайынан айырылғанымен, II Екатеринаның айтқанындай ол әлі де «Не просто страна, а вселенная, именно, поэтому она и сравнивает себя то со всем Западом, то со всем Востоком, то со всем миром сразу». «Жыланды жеті кессең де, кесірткелік қауқары бар». Оның үстіне, Ресей қалған төртеуінің еті үйренген қожайыны, қалған төртеуі әлі де ресейлік орталыққа бағыныштылық менталитетке ие. Біздің бүгінгі күнге дейін Кремльдің қазығына арқандалған ботадай айналсоқтай беретініміз сондықтан. Оның үстіне, аталған төрттік Ресейдің энергетика жүйесіне бағынышты елдер, олар Ресей үшін импортерлер емес, тек экспортерлер. Олардың әрқайсысы Ресей үшін (егер Қазақстанның кейбір мүмкіндігін айтпағанда) саяси маңыздылығы болмаса, ешқандай да экономи­калық рөл атқармайды. Тарихқа жүгінсек, болмыс мүмкіндігі тепе-тең емес мемлекеттердің арасында терезесі тең серіктестік болып көрген емес. Мұндайда түрлі одақ­тардың тағдыры кішігірім ұлт, елдер үшін бағыныштылыққа бас ұрумен аяқталады. Ал, серіктестік қарым-қатынас жағдайы «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» сияқты құрамында бірі-бірімен терезесі тең екі алып қатынасқан одақта орнығуы мүмкін. Мұндайда мәселенің тағдыры бір алыптың ықпалымен емес, екі алыптың араласуымен шешілетіндіктен, салыстырмалы түрде тепе-теңдік жағдай пайда болады. Ал, ЕурАзЭҚ-қа тепе-теңсіздік қазірдің өзінде заңдастырылып койды. Бес мемлекет қатысқан бұл одақтың интеграциялық кеңесінде РФ – 40%, Белоруссия мен Қазақстан – 20%, Қырғыз­стан мен Тәжікстанның әрқайсысы 10% дауысқа ие. Осыдан кейін «тереземіз тең одақпыз» деп айтып көріңіз. Бұл – шын мәнінде Ресейдің державалық билігін заңды түрде мойындау. Сондықтан, «ЕурАзЭҚ» – Еуроодақ сияқты экономикалық ынтымақтастықтан гөрі, саяси мақсатқа құрылған платформаға жақын құбылыс. Келешекте бұл одақтың қатары бірлі-жарым кішігірім мемлекетпен толығуы ғажап емес болса да, ғаламшарлық әсері бар қуатты күшке айналуы екіталай.
Енді, БЭК (Біртұтас экономикалык кеңестік) мәселесіне тоқталып көрелік. ТМД келешексіздігін көрсеткесін, ЕурАзЭҚ-қа мойын бұрғанымыз сияқты БЭК-тің асығыс құрылуы ЕурАзЭҚ-тің келешексіздігін көрсетеді. БЭК-ті экономикалық дегеннен гөрі, «Русь одағын» құру туралы А.Солженицынның көріпкелдігінің іске асуы десе болғандай. Ол үшін А.Солженицынның Ресей басылымдарын жаулап алған «Как нам обустроить Россию?» (Ресейдің көсегесін қалай көгертуіміз керек?) деген атышулы мақаласына қайтып оралуға тура келеді. А.Солжени­цын сол мақаласында «Балтық жағалауындағы үш, Кавказдық үш, орта азиялық төрт, егер шынымен Романдарға бүйрегі бұрылып тұрса, Молдавияны және дені қазақтардан құралатын оңтүстік-батыс Қазақстанды («көріпкел» мұнда Шымкент, Қызылорда, Атырауды меңзеп отыр – З. Қ.) өз бетімен коя беріп», «орыстілді төрт мемлекеттен (РФ, Украина, Белоруссия және орталық батыс, солтүстік Қазақстан) құралатын «Славян одағын құру» платформасын ұсынған еді.
Сол баяғы атышулы А.Солженицын 1992 жылы күзде Н.Говорухин екеуі өт­кізген телесұхбаты кезінде, Қазақстан ту­ралы сөз болғанда: «Не деп тұрсың, Қа­зақстан деген орыстілді халық емес пе? «Түптің-түбінде бәрібір біртұтас ұлт болып кетеміз деп үміттенген коммунистердің мылжыңдығынан ел болып, үлкен территорияға ие болып қалғаны болмаса… Қазақтың малының тұяғы басқан жердің бәрі неге қазақтікі болмақ?» – деген еді. Бұл сарын Ресей саясаткерлері мен қайсыбір тарихшы, журналистерінің аузынан әлі күнге түспей келеді. Солженицын мақаласының негізгі түйінінде: «Малороссов дейсің бе, Велико-Россов, мейлі Белороссов» дейсің бе, бәрібір бұл төрттік түптің-түбінде «Русь», «Российский Союз» аталады», – деп кесіп-пішіп айтқан болатын. 1990 жылы мақала жарық көргенде біздің қазақ зиялы қауымы өре түрегелген еді. Енді, міне, БЭК атымен «славян одағы платформасы жаңаша жаңғырып жатқанда олардың үні естілмей қалды.
Қазақстан қалай дегенмен де, Тұрандық және Исламдық мемлекет. Бүгінгі күні аталған екі тараптың қай-қайсысынан да бізге төніп тұрған қауіп жоқ. Қазір біз «Еуразиялық кеңістік» деп жүрген бұл өңірде сонау Ғұн империясынан Жошы ұлысы державасына дейінгі 13-14 ғасыр бойы Түрік-Моңғол-Қыпшақ-Қазақтар үстемдік құрып келді. XVII ғасырдан қазірге дейін өлкелік басымдылық Ресейдің қолында. Өлкенің жағрафиялық эпицентрі Қазақстан екені рас. Бірақ, саяси-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және бас­қа­дай потенци­алы жағынан Ресеймен салыстырғанда Қазақстан әлі де әлжуаз, нәзік жүйе. Солай бола тұра, бірі әлемдік державалық мәртебеге ие үш славянның арасына өзіміз барып қосылғанымыз түсініксіз. Әлде ежелгі тұранның бұл өлкедегі айырылған тарихи мүмкіндігін орнына келтіріп, Ресейді өзімізге қосып алып, «Қазақ державасын» құрғымыз келе ме? Біз үшін әуелі елімізді ел сияқты ел, ұлтымызды ұлт сияқты ұлт, тілімізді нағыз тіл етіп алу қажет. Қазақстан – мемлекет жүзінде де, ұлт жүзінде де аяғынан тік тұрып кете қоймаған балғын жүйе. Бізге «қауқарлы державалармен тепе-тең саясат жүргізіп отырмыз» деуге тым ерте. Мұндай жағдайда әлем билігіне үміткер бір ғана алыптың қанатының астына кіру тіптен қауіпті. Сондықтан, біз үшін әзірге көпвекторлық саясат ұстануды жалғастыра беру қажет. Әуелі екі ұлы көршіміз және АҚШ-пен қарым-қатынасымызды мығымдап алуымыз керек. Мұнда ұстанатын негізгі бағыт қай-қайсысының сеніміне ие бола тұра, қай-қайсысын да «ағалап-жағаламай-ақ», олардың арасында тең меже ұстанған жөн. Өйткені, бүгінгі біртұтас әлемде елімізге қандай да бір қауіп-қатер төне қалса, бір ғана мемлекет бізге қорған бола алмайды. Ресейдің де өз мүддесі бар. Үркердей төрт мемлекеттің басын біріктірген БЭК – тіптен осал жүйе. Мысалы, Украина өзіндік ғылыми-тех­ни­ка­лық потенциалы бар, таза еуро­палық мемлекет. Сондықтан, ол БЭК-ке мәңгі-бақи байланып қалуға мүдделі емес. Украинаның БЭК-пен ажырасуы биылғы күзде өтетін президенттік сайлаудан соң-ақ басталып кетуі мүмкін. Белоруссия – экономикалық, табиғи ре­сурсы жағынан қауқарсыз және энергоресурстық тұрғыдан БЭК-сіз-ақ Ре­сейге басы байлаулы мемлекет. Мұнда әзірге тек Ресейдің ғана ұпайы түгел. Сондықтан болар, Ресей соңғы кездері бұл істің ақырына жетуге тым асығып отыр. Ресейде 1990 жылдардан бергі уа­қыт­та «Еуразияшылдық» эмиграциялық әдебиеттің барлығы қайта жарық көрді. Ресейлік «неоеуразияшылдар» бұл мәселені өз ортасында (Ресейде) бір түрлі айтып, жазады да, қазақстандық ресми ортада тіптен басқаша сөйлейді. Бұл мәселе төңірегіндегі біздегі ақпараттық кеңістікке келсек, «Жас Алаш» газетінің бетінде оқтын-оқтын бой көрсетіп қалатын тосын пікірлерді, содан соң тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғалидің А.Дугиннің бетін қайтарып таста­ғаның айтпағанда, барлық ақпарат бір бағытпен жылжуда. Ресейдегі жағдай бізден мүлдем өзгеше. Мысал келтіріп көрелік: 2003 жылы ресейлік запастағы полковник В.Л.Петровтың «Геополитика России: Возрождение и гибель» атты еңбегі жарық көрді. Сол еңбекте Ресейдің ізгілікті державалық қағидасын ашық жариялап, оның тұғырнамасының жобасын ұсынған. Автор өз еңбегінде: Евразийство «Историко-этнологически складывалось как славянский, русский, российский, провославный суперэтнос», а Евразия «в более ограниченном смысле означает геополитическую Россию» деп түйген (219-б). Автор держава тұғырнамасының негізгі мақсатын «Для Российской империи – это Евразия, в целом, выход в мировой океан на всех географических направлениях соответственно вселенчес­кое, греческое провославие» дейді де, оны орындаудың жолын «Славянская евразийская соборность», «Евразийский рубль», «региональные имперские аспекты геополитической субъектности России» дейді (234-235-бб.).
Әрине, коммунистік КСРО-ның қайтып келмесі анық. Бірақ, осылайша құр марқайып жүре берсек, еуразиялық аймақ дегеніміз келешекте «Еуразия» атын жамылған «Ресей конфедерациясы» болып шығатын түрі бар. Неоеуразияшылдардың Еуроодақты басты модель етіп алып отырғанына қарағанда, келешекте бұл конфедерацияның «Конфедералдық біріккен бюджеті», «Федералдық конс­титуциясы», «Ортақ төлқұжаты», «Бі­рың­ғай валютасы» жасалып «Біз – еуразия халқымыз…» деп басталатын ән­ұранның «еуразия» тіліңде шырқайтын күнге жететін түріміз бар. Тарихшы ғалым ретінде Ресеймен одақтасуда асы­ғыстыққа барудың қауіптілігін еске салғым келеді. Асығыс қадамдар ұлттық тәуелсіздігіміздің келешегі үшін қауіпті.
Менің ойымша, «еуразияшылдық» деген бітеу ұғымды әуелі ғылыми ортада кешенді түрде талқылап алу қажет. Бұрын бұл мәселе «орда ғалымдарының қатысуымен түрлі конференцияларда біржақты талқыланып келді. Көптеген институттық жүйелер, кейбір оппозициялық партиялардан бастап, тәуелсіз ақпарат құралдарына дейін бұл мәселені ой талқысына салуға соншалықты құлықты емес. Өйткені, олардың дені өздерінің күллі келешегін әлі де Ресеймен байланыстырады.
Мен де ресейліктерді қадірлейтіндердің бірімін. Тарихи көршімізбен екіжақты негізде жан-жақты қарым-қатынаста болуды құптаймын. Бірақ, еларалық қарым-қатынастың кеңестік тәжірибесінен өзге жолдарын да қарастыруымыз кажет қой. Ресей дипломатиясымен кіндігіміз әлі ажырай қойған жоқ. Кешегі Ресей дипломаттары бүгін Қазақстан дипломаты болып жүрген жағдайда, қандай жаңа саясат болмақ? Жаңа саясатты тек жаңа ұрпақ жасай алады. Ресеймен қатынасудың қазақстандық жаңа тұжырымдамасын жасау тек жаңа буын өкілдерінің қолынан ғана келеді. Ол тұжырымдама тек бүгінгі күннің саяси тапсырысына жауап беріп, күнделікті қаражат және басқадай түйткілде басын қайырумен шектеліп қалмауы керек. Мемлекетіміз, ұлтымыздың алдында он, жүз жылдықтар емес, мың жылдықтар межесі тұр. Посткеңестік 10-15 жылда барлық мәселені ашып тастау мүмкін емес. Тіптен, ұлт, ел тағдырына қатысты кейбір өзекті мәселелерді келер ұрпақтың үлесіне қалдыра тұрудың өзі артық емес деп ойлаймын.
«Жас Алаш», № 57,
15 мамыр, 2004 жыл

Алдыңғы «
Келесі »