ИМАНДЫЛЫҚ ЭТАЛОНЫ немесе еліміздегі дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың ахуалы қандай

  • 08.08.2013
  • 576 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ХасанCерікқали ХАСАН,
«Ақиқат»

Кеңестік-диктаторлық жүйенің бас архитекторы Владимир Ильич Ленин өзі алдын-ала теориялық тұрғыдан дәлелдеп, алдағы «ұлы болашағын» бейнебір қол­ға ұстатқандай етіп, айқындап берген жаңа қоғамға көшерде, бұрынғы рухани игі­ліктер мен патшалық қоғамдағы рухани көсемдерден кімдерді өзіміздің қасымызға ертеміз, кімдерді елеп-ескеріп, рухани мұраларын келешек үлесіне береміз дегенге келгенде, талай том-том дүниелердің арасынан Лев Николевич Толстойдың рухани мұраларын ғана өзіне жақын тартып, оның шығармашылығы мен шығармаларын ғылыми еңбектерінде әр қырынан талдап көрсетеді. Ленин оны революцияның жақындап қалғанын сезген, революциялық идеяларға біршама жақын өмір сүрген жазушы деп біледі. Ақыры, ол Лев Толстойды революцияшыл жазушылардың қатарына қосады. Ленин өмір сүрген қоғамда алдағы келе жатқан Құдайсыздар қоғамының екпінінен қауіп етіп, сонысы үшін патшалық биліктің қырына ілігіп, өмірінің біраз жылын Қазақ жерінде айдауда өткізген Достоевский деген тағы бір атақты орыс жазушысы да өмір сүрді. Бұл екі жазушының екеуі де нағыз орыс рухын танытып, орыс халқын рухани биіктерге көтеріп кеткен ұлы жазушылар еді. Бірақ, Достоевскийдің бір ерекшелігі, ол өзінің қолына қалам ұстап, орыс рухына өз рухани игіліктерін ұсына бас­тағаннан-ақ, Құдайды бар деп, ол аз десеңіз, Құдай әрдайым орыс халқына қарайласып, орыс мемлекетіне өзінің оң көзімен қарап отыр деген пікірінен бір танбай өткендігі.


Революция көсемі, кешегі қисық жолға түскен Кеңес өкіметінің жолашары болған Лениннің азамзат қоғамы бірден құлақ асқан Достоевскийлердің әлгіндей жан дауы­сы мен рухани асқақ үніне еш құлақ аспай қойғандығы тіптен-ақ таңқалдырады. Қазір, сол ұлы Достоевскийдің барша адамзаттың рухани игілігіне айналып отыр­ған қай-қай көркем шығармасын алып қарамаңыз, оның қай-қай кейіпкері де Құдайды өмірде бар деп біледі және өздері әбден іріп-шіріген қоғамдық ортадан қашықтап, жетімдік көріп, өздері үміт еткен адамдар мен қоғамнан біржола түңіле жаздаса да, Құдайдан еш түңілмейді, қайта олар күн өткен сайын, өздерін Құдайға біртабан жақындай түсіп, ұдайы өздерінің ішкі рухани әлеміндегі «менімен» сырласып, адамнан, қоғамнан таппаған сүйеніш-сүйеу, күш-қуатты да тек бір содан ғана тауып жатады. Достоевский кейіпкерлерінің «мені» – Құдайдан ажырамаған адамдардың рухы. Олардың қашан да күшті, рухы мықты болатындықтары да сондықтан. Олардың өздері қоғамнан іргесін ажыратып, күні өтіп бара жатса да, бұны қоғамның өзгеше бір оң-келбеті, уақытша ғана сипаты деп біледі. Ал, өздерін ұмытпайтын, өздерін ұлы бір перзентім деп білетін ұлы Русь, Россия, орыс елі олар үшін мәңгілік. Тіпті, Достоевскийдің өзі де Ресейдің ұлылығы – оның діні мен ділінің ұлылығында деп білген еді. Ұлы жазушы көзінің тірісінде-ақ, өзінің Ұлы Отанына қаратып, «тым астамшыл боламын, өзге халықтар мен өзгелердің жерін өзіме қаратып, бұрынғыдан да күшейе түсемін деп, беталбаты шапқылай бергеннен гөрі, дінің мен діліңе берік бол, барға қанағат ет, адамдарыңның бақытын бәрі­нен артық сана» деп, өсиет етіп те кеткен болатын.
Дін Ленин революциялық эксперимент жасағалы отырған бұрынғы патшалық империяға қарайтын барша ұлттар мен халықтардың бәрінің де рухындағы бар күш, рухани өмір қайнары болатын. Дос­тоевскийдің романдарындағы кейіп­кер­лері (ишаралап болсын, тікелей болсын) айтпақшы, дін, діни наным-сенім кез келген халықтың, әрбір адам баласының ішкі рухани «менімен» де астасып жатқан, тіпті, ана сүті, ата-ананың тәлім-тәрбиесі арқылы келетін моральдық қалыбы еді. Ал, бұндай, яғни, адамның рухани әлемімен астасып жатқан, қандай қиындыққа тап болса да, адамның ең бірінші жалынып-жалбарынып, қолдау-көмек күтетін Рухани Әміршісі – Жаратқан Ие – Құдайтағалласы қоғаммен жағаласып, араласып жатқанда, Ленин арман еткендей Коммунистік диктатураның өмірге келіп, аяғын нық басуы немесе оның ғұмыры ұзақ болуы тіпті де мүмкін емес-ті. Сондықтан, адамның бойындағы «жынын қағып аламын» дейтін бақсылардай болып, Ленин өзі Кеңес өкіметін орнатқалы отырған ел тұрғындарының (орыс, тағы басқа ондаған ұлттардың) рухынан діни наным-сенімді «айдап шығып», тұтастай халықты діннен, не дінді өзі жаңа мемлекет орнатқалы отырған елдің қоғамдық-саяси өмірінен біржола аластатуды ойластырды. Оның өз еңбектерінде «дін – апиын», «дін халықты азғырушы, адастырушы, көрсоқырлыққа итеруші күш» деп жаз­ған­дығы да жасырын емес. Сонымен не керек, бұрынғы патшалық әкімшілікке бағынышты болып келген алып аймақта Кеңес өкіметі әлі орнамай тұрып-ақ, оның көсемдерінің алдында «не дін, не ком­мунистік идея» дегендей гамлеттік сауал тұрды. Тарихи деректерге жүгінсек, Ленин бұл тұрғыда 1871 жылғы Париж коммунасының дінге қатысты Декреті мен РСДРП-ның 1903 жылғы П сьезінде қабылданған РСДРП Бағдарламасының мемлекет пен діннің ара-қатынасы хақындағы 13-ші тармағын тікелей басшылыққа алыпты; тіпті, аталмыш құжаттардың сөзбе-сөз қайталанған тұстары да жоқ емес-ті. Соның нәтижесінде, 1918 жылдың 18 ақпанында РСФСР Ха­лық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Ленин қол қойған «Шіркеудің мемле­кеттен және мектептердің шіркеуден бөлінуі» деген әйгілі Декреті дүниеге кел­ді. Бір қарағанда, оның жақсы жақтары (РСФСР құрамындағы аз ұлттарға ғасырлар бойына шіркеу маңындағылар мен шіркеуді бетке ұстай отырып, отар­шыл саясаткерлердің көрсетіп келген құқайларына тоқтау салғандай болып көрінгендігімен) да бар сияқты болғанмен, уақыт өте келе, Еуразиялық алып аймақтағы Кеңестер Одағының енді ғана тәй-тәйін жасай бастаған кезінен-ақ дінсіз, имансыз, екіжүзді, тасжүрек қоғамға айналдыруға бірден-бір себеп болған да осы бір тарихи құжат еді.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан бері-ақ, бір Одақтың ішінде қаны суша сапырылған бір халық болса да, ол да қазақ халқы болғандығын ешкім де теріске шығара алмас. Имансыз қоғам, имансыз Кеңес өкіметінің дінге, дін мен мемлекеттің ара-жігіне қатысты мәселені айғақтайтын 1918 жылғы әйгілі Декреті тек шіркеу мен мемлекеттің, шіркеу мен мектептердің арасын ғана ажыратып қоймай, ғасырлар бойына мұсылмандық үмбетіне адалдық танытып, ислам дінін ұстанып келген қазақ халқын, сол тұстағы қазақ қоғамын да өзінің дәс­түрлі дінінен ажыратып, діндарлардан іргесін мүлдем аулақ салуға міндеттеген болатын. «Молдаларды қойдай қу» ұрдажық саясаты да Қазақ даласына Қазан төңкерісімен бірге келгені айқын. Ал, шындап келгенде, жаңа дәуірге бет алған Қазақ даласына сауаттылықты алғаш әкелген, талай қазақ баласының сауатын мұсылманша аштырып, кейін олардың туған халқының тарихи тұлғаларына айналуларына ең алғашқы таным-білік ұрығын сепкендер де, сол мұсылман әлемінің таным-білігін өз бойларына жинақтаған, сол жолда кезінде Қазан, Уфа, Хиуа, Бұқар, Қоқан, Самархан тұрмақ, сонау Түркия, Египет, Иран, Араб елдеріне дейін барып, сол елдердегі жоғары (жартылай діни) оқу орындарын бітіріп келген зиялы тұлғалар еді. Біле білсек, Кеңестік дәуірдегі Қазақ елінің зиялыларына жасалынған саяси репрессия да алғаш Лениннің мемлекет пен діннің қатынасы, яғни, дінді мемлекеттен ажырату жөніндегі атақты Декретінен кейін-ақ іле-шала басталып кеткен. «Ескішілдігі, діншілдігі, исламша сауатты болғандығы, түрікшілдігі, түркішілдікке бүйрегі бұрғандығы, шетелдермен, соның ішінде, ислам ел­дерімен байланысы болғандығы» үшін ғана қаншама қазақ баласы, өз туған халқын отарлық дәуірдің кезіндегі жойқын алапаттан арашалап, ұлтын, оның рухын, тілін, тұрмыс-салт, әдет-ғұрпын, көне мәдениетін, бір сөзбен айтқанда, қазақтың қазақтық қалпын сақтап қалуға ұмтылған қаншама қазақ зиялылары солақай саясаттың, яғни, имансыз қоғамның алғашқы сойқанының құрбандығына айналып, бірі атылып, бірі сотталып, тағы қаншасы жер аударылып кете барды десейші?!
Жалпы, еліміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ, мемлекет пен діннің арасындағы қарым-қатынасқа келгенде, ешқандай екіұдайылық пен енжарлыққа да беріліп көрген емес. «Біздің дініміз – Ислам. Ислам діні – бүгінгі біздің ғана таңдауы­мыз емес, бұл біздің бағзыдан бергі тәуелсіздік пен жарқын болашаққа жол іздеп, тәуелсіздік үшін күресіп келген ата-бабаларымыздың діні, солардың жүріп өткен жолы. Бұл – бүгінгі біз үшін де бірден-бір дұрыс жол» дегенді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та талай рет айтқан болатын. Алайда, өзінің жетпіс жылға жуық өмірін Кеңестік тоталитарлық қоғамда өткізіп, атеистік адасушылықтың шырмауында болып келген еліміз қазіргідей тәуелсіздік дәуірінде дін мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты реттеуде өткеннен қандай сабақ алуы қажет? Тәуелсіз Қазақстан дін мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты қандайылықты дәрежеде ұстанғандығы дұрыс? Жасыратын несі бар, еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тәуелсіз мемлекетімізді халқымыздың арман-мақсат, талап-тілегімен бірге, халықаралық ұйымдардың талаптарына сәйкес құруда әлемдік өркениет үрдістері мен беделді халықаралық ұйымдардың талаптарын да жап-жақсы ескерген болатын. Сол секілді, дін мен мемлекеттің ара­сындағы қатынасты жаңаша, әрі демо­кратиялық, әрі имани тұрғыда қалыптастыру, соған негіз қалау да оңай болған жоқ. Әлемдік үрдіс, әлемдегі мемлекеттердің қалыптасуы, мемлекеттік ұстанымдар дегенде де, дін мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастағы даяр тұрған үлгі тағы жоқ. Гарвард универ­ситетінің 2000 жылғы мәліметте­ріне жүгінер болсақ, әлемдегі 188 мемле­кеттің 75-і ғана өздерінің әр бағыт­та­ғы діни наным-сенімдерін ресми тұрғыда мойындаса, қалғандары дінге қатысты әрқалай ұстанымдарда болуды қалаған екен. Дінді (католицизм) ресми тұрғыда мойындайтын елдердің қатарында біздің елімізбен діни таным тұрғысында жақсы қарым-қатынас жасап келе жатқан Ватикан елі де бар еді. Ал, біздің елімізбен дипломатиялық қатынасы бар Норвегия елі болса, дінді ресми тұрғыда 2012 жылы ғана мойын­даған. Әлемнің көптеген елдерімен жиі қарым-қатынас жасап келе жатқан Финляндияны алсаңыз, бұл елдегі шіркеу мен мемлекеттің арасын­дағы қатынас айрықша келісімдер арқылы ғана реттеліп отыруға бағыт­талған. Ондағы шіркеу қызметі де айрықша заңдармен реттеліп отырылады. Әлемдегі үлгілі мемлекеттердің қатарынан саналатын Швейцияның өзінде Шіркеудің басшысы сол елдің королі екендігіне қарамастан, бұл елдегі шіркеу 2000 жылдан бастап мемлекеттен тәуелсіз өмір сүруде. Кейбір елдердің монархтары (мысалы, Шотландия) шіркеудің басшысы болмаған­мен, оның белсенді мүшесі болып табылады. Англияның Солтүстік король­дігінде (Уэльс пен Солтүстік Ирландия) мемлекеттік шіркеу деген мағына жоқ. Гарвардтық зерттеулер көптеген Шығыс Еуропа елдеріндегі заңнамалық құжаттарда православтық шіркеудің айырықша статусы тіркелгенмен, олардың ешқайсысында да «мемлекеттік дін» деген терминдердің қолданылмайтын­дығын анықтаған. Ондаған жылдар бойына өзімізбен бірге бір Одақтың шаңырағы астында бірге өмір сүріп келген Грузия елі Ата Заңының 9-шы статьясында Грузияның тарихындағы Грузин православ­тық шір­кеуінің айрықша рөлі болғандығын мойындай отыра, діни наным-сенім мен шіркеудің мемлекеттен тәуелсіздігіне толық еркіндік берілгендігі атап көрсетілген. Алыста жатса да, тәуелсіз Қазақстанмен дос­тық қарым-қатынаста болуды қа­лайтын Израиль елінде техникалық тұр­ғыдан алғанда, иудаизм мемлекеттік дін болып табылмағанмен, дін мемлекеттен бөлін­беген. Бұл елдің басты діни органы – Раввинат және дінді (ешива) оқытып үйрету институттарын елдің Дін істері жөніндегі министрлігі тұрақты түрде қолдап отырады. Сонымен бірге, бұл министрлікке жергілікті діни кеңестер мен діни соттар (оның шешімін атқарушы билік жүзеге асырып отырады) да бағынады. Атеизм 1967 жылы заңдық негізде жария етілген бірден-бір мемлекет Албания болса, 1991 жылы елдің Ата Заңы бұл жағдайдың күшін біржолата жойды. Дін мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты реттеудегі басқа да елдердегі алақұлалықтар жетерлік. Алайда, көптеген елдер дінді халықтан, мем­лекетті діннен алшақ ұстаудың немесе адамзаттық үрдістегі прогреске арқа сүйей отырып, діни наным-сенімге сел­қос қараудың ешбір елге, ешбір халыққа да абырой әпермесін іштей мойындай­тындығы аңғарылады. Қай-қай мемлекет те дәстүрлі діндердің қоғамда этикалық қызметтерді атқарып, имандылық ереже­лерін қалыптастырып, қоғам мүшелерін әділетті, қайырымды болуға, кісі ақысын жемеуге, өтірік айтпауға, туыстарын, үлкендерді сыйлауға, ұрлық-қарлық жаса­мауға және тағы басқа да моральдық құн­дылықтарға үндейтіндігін жоққа шығар­майды. Ал, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 22-бабында әркімнің ар-ождан бостандығына сай, әркімнің ар-ождан бастандығына құқы бар екендігі және дінге, діни нанымға байланысты кемсітуге болмайтындығы, сон­дай-ақ, қандайма дін болмасын, азамат­тардың ерекшеліктеріне қарамастан, тең құқылы екендігі атап көрсетілген. Егер, кеңірек қарастыратын болсақ, бұл әркімнің дінге көзқарасын дербес белгілеуге, діннің кез келгенін уағыз­дауға, ұстануға немесе ұстанбауға хұқығы бар екендігін де білдіретін. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарында халықаралық ұйымдар мен әлемнің ең дамыған елдері тарапынан Қазақстанның негізгі ұстанған қоғамдық-саяси бағытымен бірге, діни бағыттағы ұстанымдарының да басты назарға алынғандығы белгілі. Еліміз кезінде халықаралық қауымдастықтар тарапынан бірден назарға ілігіп, қолдауға ие болса, онда еліміздің мемлекет пен діннің арасындағы қарым-қатынасының демократиялық негіздерге сүйенілген­дігінің де айтарлықтай жетістіктері болғандығы шындық. Осының нәтиже­сінде еліміз халықаралық дәрежеде үлкен беделге ие болып, Орта Азия мен Азия құрылығы тұрмақ, бүтіндей Жер бетіндегі бейбітшілік пен келісімнің құтты мекеніне де айналып үлгерді. Осы тұстағы бір ерекше атап өтерлік жәйт, Қазақстан – дін мемлекеттен бөлінген зайырлы мемлекет. Бірақ, бұл да – бізге, яғни, біздің мем­ле­кетімізге әкелініп таңылған даяр үлгі емес, бұл мәселедегі Қазақстанның өзін­дік ұстанымдары мен басты-басты қағи­далары да баршылық. Біздің мем­леке­тіміздегі саясат пен дін бір-біріне тәуелсіз. Еліміздің ірі діни қайраткер­лерінің пікірлеріне жүгінсек, бұл саясатқа ара­ласуға немесе кейбір саяси мәселелерді дін­мен байланыстыруға жатпайтын, саяси мүддеге айырбасталмайтын діни басшылардың өзіндік бір артықшылығы да болып табылады. Сондай-ақ, елімізде әлемнің барлық зайырлы мемлекетте­ріндегідей, діни негіздегі саяси партияларды құруға рұқсат етілмейді. Бұл да қоғам тарапынан үлкен түсіністікпен қабыл­данылуда. Алайда, еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері-ақ үнемі даму, жетілу, алға биік мақсат-мұраттар қоюмен келе жатқандықтан, жаңару, жаңғыру, ілкімді өзгерістерге кеңінен жол ашып отырғандығын да жоққа шыуға болмас. Бұл тұрғыда дін және дін мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас мәселесі де назардан тыс қалып көрген емес. Бәлкім, кеміс қалған, уақыт-заман талабына сай, тәртіп-талапты күшейтуге асықпаған тұстары бар шығар, бірақ, тәуелсіз Қазақстан қоғамдағы дінге, діни наным-сенімге ешқашан және ашқандай да қысымшылық жасаған емес. Қайта, біздің еліміздің дінге және дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастағы демокра­тиялық үрдістерге сүйенілген кеңдігін өз жеке мүдделеріне пайдаланып, көптеген діни бағыттар мен секталардың елімізге ағылып келіп, әбден орнығып алып, уақыт өте келе, өздерінің ойларына келгендерін жасауға бағыт алғандықтары да жасырын емес. Бұл бағытта еліміздің ақпарат құралдары мен мерзімдік басылымдары талай шулы мәселелерді дер кезінде ел-жұртымыздың алдына жайып салып, діни ағымдар мен секталар сойқанына тоқтау салуды билік тарапынан мықтап талап еткендіктері де ел есінде. Бірақ, жасыратыны жоқ, бұл бағытта тек болған оқи­ғаны ғана сөз етіп, бүкіл дау-дамайды сол төңіректе ғана өршіт­кендігіміз болмаса, кезінде осы бір мәселенің мәнісіне терең­деп барған­дығымыз шамалы. Көп реттегі сөз саптауларының «қоғамымызға әлдебір секталар өтіп кетіпті», «пәлен жерде пәлен деген секталардың тұрағы бар екен», «секталар сондағы жергілікті тұр­ғындарды өз қатарына тартып жат­қан көрінеді» немесе «діни бағыттар мешіттерде өз білгендерін жасауда, халық­қа жат әрекеттерге жол беруде» дегендей болып келгенмен, олардың өз­де­рінің пәленбай адамдары, тағы бас­қалай асай-мүсей, қаржы-қолаңдар­ы­мен біздің елімізге қалайша келіп қал­ғандықтары мен оларға жергілікті қо­ғамдық ұйымдар мен зиялы қауымды былай қойғанда, ресми билік органдары­ның бірден аяқтарына тұсау салып, жұмыстарына тежеу қоя алмағандықта­рының сырына үңілгендер шамалы болды. Алайда, Қазақстанның қазіргі дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасы немесе Қазақстандағы діни конфессияларға деген көзқарасы айқын. Бұл бағыттағы жұмыс­тардың ұзаққа созылғандығы, бұған тек діни қайраткерлер ғана емес, қалың жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдары да жұмылып, талай құнды ой-пікірлер мен бағалы ұсыныстарды ортаға салғандығы белгілі. Соның нәтижесінде, еліміздің діни мәселе­лер жөніндегі заңнамалық құжаттары жетілген үстіне жетіліп, 2011 жылдың 11 қазанында «Діни қызмет және діни бір­лестіктер туралы» жаңа Заң өмірге келді. Діни қауым, ресми билік және Парламентіміз бұл заңда қоғамдық пікірлерді ескеріп, қоғамның мүддесін көбірек алға тарт­қандығын да айта кеткендігіміз жөн. Ақпарат көздеріне жүгінсек, қазіргі кезде Чехияда шіркеуді тіркеу үшін кемінде 10 мың адамды жинай отырып, кворум құру талап етіледі екен, ал, Австрияда бұл тұрғыда кем дегенде, 16 мың адам, Румынияда 20 мың адам болуы шарт. Бұл тәртіп, яғни, дін мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты реттеудің бір оңтайлы амалы болса керек. Ал, Қазақстан дін мәселесіндегі соңғы Заңда елдегі діни бірлестіктердің қызметін ұйымдас­тырушылық және құқықтық тұрғыдан реттеуге барынша ынталылық танытты. Жаңа заңның талабына сәйкес, елде діни бірлестік құрғысы келетіндер (не бұрын ел ішінде діни бір­лестікпіз, діни конфессиямыз деп өмір сүріп келген ұйымдар) өз ұстанушы­ларының саны жеткілікті екендігін, яғни, құрамына кем дегенде, 50 адам жинай алатын мүмкіндігі барын дәлелдеуі тиіс. Бұл елдегі заңдық талап әрі дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас тұрғысындағы белгілі бір деңгейдегі прогресс деуге де болар еді. Мәселен, 2011 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша, елімізде тіркеудегі 4551 діни бірлестік жұмыс жасап келсе, жаңа Заң бойынша, 2012 жылдың 25 қазанында аяқ­талған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ге дейін қысқарды. Бұның, әрине, басқалай да бірқатар себептері баршылық, бірақ, қалай болғанда да, жаңа Заңның іске қосылуы қоғам үшін кәдімгідей игілікке айналып отыр. Біздің ақпарат құралдарымыз бен зиялы қауымымыз қайта-қайта сынға ала беретін діни конфессиялар да (бұрын олардың қатары 46-ға дейін жетсе, енді олардың 17-сі ғана заңды деп табылып отыр) бір ретке келгендей болды. Егер, турасын айтар болсақ, бұның бәрі еліміздің діни мәселедегі ұстанымдарының жетілген үстіне жетіліп, қоғамдағы дін мен мемле­кет­тің арасындағы қатынастың шыңдала түскендігін де байқатар еді.

Алдыңғы «
Келесі »