қазақ баспасөзінің қарымы қандай?

  • 08.08.2013
  • 578 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жанайдар ЖумагуловЖанайдар Жұмағұлов,
журналист

Жалпы, газет дегеніміздің өзі не? Оның қандай пайдалы жақтары бар? Газеттің атқарар міндеті мен жүгі қандай? Осы сұрақтар қоғамдағы өзіндік пікірі бар, ойлы азаматтардың қайсысын болмасын толғандырады деп білемін. Газет дегенге тікелей анықтама берудің қажеті жоқ. Ол қоғамның жаршысы, адамдарға түзу жол сілтеуші. Бағыты мен бағдарын айқындап беретін құрал іспетті. 1911-1913 жылдар аралығында Орал қаласында жарық көрген «Қазақстан» деп аталатын газеттің №1 санында «ГАЗЕТ ДЕГЕН НЕ ЗАТ» деп аталатын көрнекті Алаш қайраткері, діндар-ақын Ғұмар Қараштың мақаласы жарияланды. Ол мақалада: «Өзіңіз білесіз, адамға пайдалы нәрсе де бар, зарарлы нәрсе де бар, бірақ, сонысы бар, біз көп оқып пайдамыз не, зарарымыз не, біліп жете алмаймыз. Со себептен көп пайдалы деп қолданып жүрген ғамалдарымыздың зарарлы болып шығуы да бек мүмкін, бұларды айыруға қолда – ғылым-өнер құралы, баста – ақыл мизаны болған бір басшының жәрдемі керек. Және ол басшы күндіз-түн біздің жанымызда бірге жүрсін де, бізді көпті қатерлі нәрселерден сақтасын. Енді ойлап қарайық, біз қазақ халқы 6 миллион шамалы бір ел екенбіз. Сол 6 миллион елге 6 мың әлгідей басшы табылар ма, 6 мың түгіл 6 жүз, 6 жүз түгіл 6 он (60) да жоқ, бірен-саран болған … басшы адамдар шыға қалса да, ол һәр кімменен бірге жүре алмайды. Енді қалай етпек керек?! Дүниада адам баласына бірінен-бірі үйренуге ғой, бізге керек былайғы өзімізден ілгері жақтарға көз жіберіп солардан үлгі алуға.


Оларда бұ күн емес кеше емес, көптен көп жылдардан берлі казит басылып, елдерінің арасына тегіс шашылып оқып жақсы менен жаманды айырып түзу бағытқа тарту басталған. Ақыл иесі адамдардың айтқан бір аз сөзі 2-3 күнде елінің басынан айағына оқылып тыңдалып болады, файдалы істі ынтымақпен істей қойысады, зарарлы істің зарарын күн ілгері біліп сақтанысады. Бізде олай емес, елдің бір шетінде бүлгіншілік болып жау орнап жатса, екінші бетінде одан хабары жоқ, ойын-күлкіменен өмірлерін өткізіп жатады. Бұлайша қайғыны-шаттықты бірге ортақ көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ, ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ, бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – казит, со себепті казит – біздің басшымыз, казит – біздің достар алдында көркіміз. Дұшпандарға қарсы құралымыз, казит – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, казит – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз. Бізге, қазақ балаларына бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу аз, ақшаны аямай жазылып, алып оқу – фарыз» – делінген.  Ғұмар атамыздың мақаласындағы айтылғандардың барлығы орынды.
Әрине, қазір заман да, адамдардың ойлау жүйесі де, көзқарасы да, бәрі өзгерді десек қателеспеспіз. Ол кездегідей газет шығару қазір қияметқайым емес. Техниканың дамыған заманында газеттің сан-алуан түрі шығып жатыр. Ал, оның ішінде пайдаға асары қайсысы, оқырмандарының ықыласына бөленетін, болашаққа үн қататын газеттердің саны көп емес. Жақсы нәрсенің көп болмайтындығы белгілі. Жақсы нәрсе, кәдеге асар нәрсе уақыт өте келе өзінен-өзі нашарлардың қатарынан алға қарай ойысып кетуі заңды құбылыс (Ол жөнінде кейініректе баяндаймыз). Қазіргі кезде газеттеріміздің таралымы аз деген ақпарат бар. Тіпті, көбі осы газет деген дүниені керек етпейтіндей. Мекемелер амалсыз жазылады, ал, сол мекемелерде жұмыс істейтін адамдар өздерінің қалауынан тыс, басшылық талап еткен газетке жазылуды әдетке айналдырды. Жазылған газеттерінің ішіне не жазылғандарына бас ауыртпайтындар да бар. Жазылды ма болды. Мекемедегі басшылық тарапынан «газетке жазылмапсың, осындай газетке жазылуды жоғары жақтан жүктеп жатыр» деген сөздер құлақ етін жемесе болды. Оларға ең бастысы айлығы жүргені керек. Елінде не болып жатыр, нендей істер қолға алынайын деп жатыр, оған мемлекеттегі басшылардың, зиялы қауым өкілдерінің пікірі қандай, бір сөзбен айтқанда ұлтымыздың болашағы не болмақ деген сан түрлі сұрақтарға бас ауыртып жатқан қауым аз бұл күнде. Мұны айтып отырғандағы себебім көпке топырақ шашу емес. Оқығандарынан өзіндік тұжырым жасап, ой түйетіндер де жетіп артылады. Бірақ, бұқара халықтың көп бөлігі елдің келешегіне мән бермейтіндер. Тіпті, кейбір мықты деген басылымдардың өзі кейбіреулердің үйінде түрлі қызмет атқарады. Яғни, сіз бен біз ойлағандай емес. Кейбір газеттер жаз мезгілінде терезелерді күн көзінен тұмшалау үшін қолданылса, енді бірі қонақ шақырғанда астан кейін қол сүртуге жыртылып кете барады. Тіпті, керемет мақалаларға терезелерден телміретін болдық. Бұрыңғының қариялары  секілді үйге келген газеттің әр санын жоғалтпай, жыл соңында тігіп қою деген дәстүр жоғалғалы қашан…
Дарынды ақын, белгілі публицист Мейірхан Ақдәулетұлының басшылығымен жарыққа шығатын «Алтын Орда» газеті журналистика саласына тың серпіліс алып келгендігін ешкім жоққа шығара алмас. Жұмысын қарапайым жерде (оның үстіне интернет жоқ кез) бастап, жанкештілікке барған бұл газеттің сол кездегі ұжымына еріксіз таң қаласың. Республикамыздағы 32 бет болып шыққан алғашқы газеттердің де қатарында «Алтын Орда» тұр. Қоғамдағы келеңсіз нәрселер мен жеткен жетістіктерге тиісті баға беріп отырған бұл газеттің орны ерекше. Қазіргі кезде ақпарат көзі өте көп. Теледидар, интернет, радио сынды ақпарат тарататын құралдар аз емес. Соның ішінде газеттің де алар орны, басар салмағы бар. Адамдар қазір ақпараттың қайсысын оқу керектігінен жаңылды, себебі сананы интернет, жаһандану биледі. «Интернет-газет» деген ұғым пайда болды. Жарыққа шықпаса да ғаламторда электронды нұсқасы жарық көретін газеттер бар бұл күнде. Осылар кәдімгі газетке аз да болса кесірін тигізіп тұр ма деп те ойлаймын. Бірақ, интернет бетіне шықпайтын, тек газетте ғана жарияланатын материалдар мол болса, оқырман баспасөзден алыс­тамайды. Газеттің оқылуына бірден-бір себепші болатын ол-дизайн. Газетті ашқан жұрт ең бірінші суретіне көз жіберетіні дәлелдеуді қажет етпейді. Дизайны жоғары деңгейде жасалған газеттердің оқылуы да анағұрлым көп болмақ. Газеттің оқылуына табанды  еңбек ететін журналистер қауымы. Олардың еңбектері лаулап жанып жатқан үлкен отқа қарлығаштың қанатымен су сепкендей. Жақсы жазылған мақаланы әрқашан халық іздеп оқиды. Сол сияқты жақсы журналистер ешқашан жерде қалмайды, оларды да беделді газеттер іздейді. Айта берсек, бір ғана газеттің шығуына аз адам тер төкпейді. Корректорлар, кезекші редакторлар, беттеушілер аталғандардың барлығы газеттің жақсы әрі сапалы боп шығуына табанды еңбек етеді. Осындай үлкен ізденіспен, көп жанның еңбегімен жарыққа шығатын газеттің пайдасын халық көреді. Ең жақсы газет біздің кемшілігімізді дер кезінде айта білетін, жетістігімізді көрсететін құрал болу керек. Әрине, әр оқырман өзіне қажетті газетті іздейді. Мысалға, менің сұранысымдағы газет – сан қырлы, қызықты, тың тақырыптарға бара алатын, үнемі оқырманның пікірімен санасатын газет деп айтар едім. Өзім әдебиетке жақын болғасын ба, әдеби газет-журналдарды үнемі оқып тұрам және де түрлі хабарландырулар мен жарнамалардың орнына ұлт зиялыларының, белгілі қоғам қайраткерлерінің, қаламгерлердің парасатты, пайымды сұхбаттарын, түрлі ой-толғамдарын оқығым келеді. Әйтпесе, ананы-мынаны бір жазатын, ойдан-қырдан алынған хикаяттар, арзан әңгіме, өсек-аяң қуған саржағал газеттер жетіп артылады. Газеттерді ақтарып отырып жаба салатын кездерім  болады. Жүрекке жылы тиетін, жан дүниеге әсер ететін шынайы дүние іздеймін. Кейде таппай налимын да. Қазіргі газеттер халықтың жүрегіне жақын нәрселерді емес, өздеріне керекті жарнама іздейтін болды. Бұл нарықтық қоғамның талабы шығар деп ұқтым. Адамның жүрегіне, жан әлеміне, сезім дүниесіне әсер етуден гөрі қу тіршіліктің қамына қажетті жарнамалар, әр түрлі хабарландырулар мен тапсырыс мақалалардың саны артты. Себебі, қазіргі қоғамның тыныс-тірлігі сондай, тек адамның ішіп-жеуіне, қалай киінуіне, ақша табудың жолына, жан бағуына қатысты жәйттер  негізгі тақырып тіні болып отыр. Бұл оқырманның талғамын биіктетпейді, ой-өресін өсірмейді. Бұған журналистер қауымын кінәлаудан аулақпыз, олар осындай бір тәуелділік шеңберінде жүр. Осы орайда кезіндегі А.Байтұрсыновтардың ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Олар қоғамға жұмыс істеумен қатар, қазақ қауымының көзін ашу, көкірегіне нұр құю, санасына сәуле түсіру жағын ойлаған дарындылар еді-ау…Аллаға шүкір, қазіргі заман үніне сай, мазмұнды, қызғылықты, көркемдігі жоғары, сан қырлы, оқылымды газет-журналдар бар біздің елімізде. Оқырман сұранысындағы газет қандай болу керек?! Әр басылымның өз оқырманы бар. Газеттің қызықты да қарапайым, көңіл пернелерін дөп басатын, әр санына өзгеше нәр беріп, оқырманын күттіретін түрлі тақырыптары  болады. Ондай ескірмейтін, оқылымды тақырыптарға «Айқынның» «Ақ сөйлесі», «Парасаттағы» Г.Бельгердің «Күнделігі», «Ақжүніс – Астананың» «Бақыттың кілті» секілді дүниелерді жатқызуға болады. Біздің қазақ газеттері осындай құнды дүниелер арқылы халықтың жүрегіне жол таба білуі керек-ақ.  Өз басым осылардың қатарына әр санын кешігіп жетсе де үзбей оқитын «Ақжелкен» журналын жатқызар едім. Ондағы Жадыра, Қарлыға сынды әпкелерімнің әдебиеттегі тың тақырыптарға түрен салатыны мені таңғалдырады, қуантады. Сонымен қатар, онда спорт, мәдениет, өнер, денсаулық сияқты тақырыптардағы мақалалар да шығып тұрады. Аға буынның жазғандарымен қатар жас буынның, кейінгі жеткіншектердің мақалалары да жиі жарияланып тұрады.  Мағжан айтқандай «Толқыннан толқын туады» дегенді ескерсек, бұл да бір жас буынның қанаттарын қатайтып, журналистика әлеміне кеңінен құлаш сермеуіне, сол арқылы олардың өсіп, қалыптасуына үлкен септігін тигізеді деп есептеймін. Жақсыны көре білу де білгірлік.  Өзімді оқырман ретінде сезініп, оқырманның көзімен қарасам, газет-журналдар оқырмандарымен жиі кездесулер өткізсе, оқырмандар нені оқығысы келетінін, нені құптап, нені құптамайтынын ашық айтса деп ойлаймын. Бұл газеттің жыл бойғы бағыт-бағдарына көп көмектеседі. Мықты газет қандай болу керек дегенге келсек. Мықты газет – негізінен әр түрлі өсек-аяң, қызық қуған сенсациялы тақырыптардан аулақ болса керек, яғни, шағын көлемді мақалалардан бастап тіршіліктің терең толғақты  тақырыптарына дейін қарапайым болған дұрыс. Жалпы, қарапайым нәрселер адамның қабылдауына жеңіл тиеді. Қарапайымдылық – ұлылықтың бастауы іспетті. Қарапайым дүниелер журналисттің ізденісімен, тапқырлығымен, ойының ұшқырлығымен ұштасып жатса нұр үстіне нұр, сол арқылы басылымның мықтылығын, сапасын көруге болады. Газет – біздің санамызға әсер етуші негізгі фактор. Ол – тәрбие құралы. Тәрбие құралында тілдің көркемділігі, ойдың жинақылығы, сөздің жандылығы бірінші орында тұруы шарт. Кез келген материалды ойлылықпен, көркемдікпен жазу, әрине, мүмкін емес. Нарықтық қоғамда бұқара халыққа сіздің көркемдігіңіз, сіздің тереңдігіңіз қажет емес сықылды. Бір сәт ойлап қараңызшы, ешқандай жан дүниеңді байытпайтын, ойыңды өсірмейтін тек ақпараттық негізде сөйлейтін басылымдар қажет шығар, алайда сезіміңе сезім, ойыңа ой қосатын, рухани азық беретін, таным кеңістігіңді ашатын, тұшынып оқитын құнды да қымбат дүниелер керек, бәрібір! Қай тақырыпқа қалам салса да өзінің тақырыбын өзгеше қырынан аша білетін, тілдік көркемділігі жоғары, идеялы, сөзі сүйрік, қаламы жүйрік журналисті бар газет қайткен күнде де өзін сақтап қалады. Демек, басылымның мықтылығы журналистке де байланысты.
Қазақ елінің ертеңі – қазақ тілінде! Ал, оның дамуы, өркендеуі, өсуі тіл арқылы көрініс табады. Тілі бай елдің болашағы да жарқын, келешегі де кемелді. Қазақ тілінің дамуында қазақ баспасөзінің маңызы зор, рөлі ерекше. Ендеше, біз баспасөзімізге қарап тіліміздің қаншалықты дамы­ғандығын білеміз. Оны дамытатын, әрине, қазақ жұрты. Әр қазақ баласы осынау қарапайым дүниені жете түсініп, тереңірек ұғынса деген бейкүнә тілек бар бізде. Қалғанын сізге қалдырдым, құрметті оқырман! Сіз не дейсіз?!
 
 

Алдыңғы «
Келесі »