ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ ҚАЛ ҚАЛАЙ?

  • 08.08.2013
  • 1451 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амангелди МуканАманкелді Мұқан,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі

«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газетінде бүгінгі Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының Төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі актер, режиссер, Тұңғышбай Жаман­құловтың «Бас театрдың бұрынғы бабы мен бүгінгі бағы…» (04.05.2013 ж.) атты көлемді мақаласы басылыпты. Бұл театр маңындағы көзі қырағы қауымды елең еткізді. Ертеректе, театр туралы мұндай өткір де өзекті жазылған мақала газет бетінде көріне қалса, өнер ұжымында, қоғамда қызу талқыланып, айтылған орынды ескертпелер болса қорытынды шығарылып жататын. Бірақ, біз осы аралықта не газет бетінде немесе интернет арқылы белсенділік танытқан ешкімді байқамадық. Ғаламтор желісінде отырып оқып ешкімнің алдында есеп бермей, материалды оқыған жерінде пікірін қалдырып жататын белсенді оқырманның да үнсіз қалуы ойландырды. Мақала авторы көтерген тақырып қоғамда жалғызсырап, донкихоттық күй кешкен жекеленген тұлғалардың шаруасы болғаны ма? Онда бұл «күл болмасаң бүл бол» деген жаппай енжарлық жайлаған қоғамдағы жағымсыз диагнозы бүгінгі көрінісі ма екен? Бүйірін таянып алға ентелеген баяғының айтысқа түскен қызуқанды шешен биі секілді шебер өрілген үйлесімді ұйқас, әдемі теңеу, көркем сөздерден терең ойға жетелейтін үлкен мәселе көтеріпті.


Қоғамның белсенді болған басым бөлі­гін экран мен сахнаның «бұлбұлдары мен жұлдыздары» батыстың тобырлық мәдениетіне ықылық ата тойдырғаны соншалық, өзіміздің өмірлік кәсіп етіп таңдаған төл шаруашылығымыз жайлы өзекті әңгіме көтеріп жатқанда да «қыңқ» етіп дыбыс шығаруға енжерлық танытқандаймыз? Мүмкін, мұның басқа да себептері бар шығар. Газет оқудан қалдық, театрға баруден қалдық.Бірақ, қалай болғанда да бізге ой салған бұл мақалаға пікірімізді білдіруді жөн көрдік.
Айтса астарлап, кесіп, тұспалдап ай­та­­тын Т.Жаманқұловтың көтерген мәсе­леге өзіндік көзқарасы бар. Қазақтың маңдайына біткен – М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма теа­тры­ның кешегісі мен бүгініне, автор өзінің өмір тәжірибесімен жинақтаған биігінен қарайды. Осы ұжымның директоры болған сегіз жылдан аса уа­қыт­та жасалған қарқынды жұмыстар мен өзінен кейінгі басшылықтың күні бүгінге дейінгі бір мүшел уақыт аралығындағы жүріп өткен жолына, театрдың жетістігі мен кемшілігіне тоқталады. Түсінген жанға барлық қазақ­стандық театрларға темірқазық жұл­дызы болар қара шаңырақтың соңғы жиырма жылына көз жүгіртеді. Шығармашылық келбетін, жетістігі мен кемшілігін салыстыра, салмақтай отырып бүгін театрға жаңадан келген басшының назарында болсын, Бас театрдың көш керуенінің жүрісіне бағыт-бағдар, жаңа серпін беруге көмектесер деген ниеттің ізі мақалада анық сезіледі. Өкпе назы мен жан айқайын қоса айтатын заман суреткерінің қазақтың Бас театрының болашағына, жалпы сахна өнеріне деген алаңдаушылығын көреміз. Бүгін Бас театрдың тізгінін ұстаған әріптесіміз, өнер ұжымын, жалпы театр үдерісіндегі хал-жайды ішінен жақсы білетін Еркін Жуасбектің келуі көңілге медеу. Бас театрының жаңа директоры алдына бұрынғы жеткен биік асуларынан төмендемейді деген үмітіміз мол. Мұны келешекте уақыт сыншы көрсете жатар. Ал, көрсеткіштің оң, жүрекжарды болуы айналып келгенде Т.Жаманқұлов мақаласында тоқталған, қордаланған көптеген мәселелерді басты назарда ұстай отырып шешу керектігін көреміз. Өкінішке орай, бұл хал жалғыз Бас театрдың басындағы жағдай емес екендігін мойындауымыз керек. Оны біз әр алуан жиындар мен алқалы отырыстарда айтып та, газет-журналдарда жазып та жүрміз. Осы мәселе айта-айта жауыр болған жай тағы бар. Жылдан-жылға айтылып келе жатқан бұл сүреңсіз сөзбұйдалаулар әбден мезі қылығаны соншалық, «қытай қорғанына» маңдайыңмен барып соғылғандай, «баяғы жартас сол жартас» болып қала беретіндігі, жаны ашымастық пен тас кереңдікке кездесуден кейін арнайы орнайтын салғырттық пен мимырттыққа жетелейтін өлара шақ. Біз Т.Жаманқұлов көтерген Бас театрдың мәселесін бүгінгі жалпы қазақ театрларын басқару жүйесіне тән тоқырауы деп білеміз. Оған театр шаруашылығын дамыту ісіне жаңа қарқын, оң бағыт бере алмаған жоғары жақтағы басшылардың кәсіби басқарудағы жіберілген кемшіліктері себеп.
Мемлекеттің басты құндылығы – адамдар. Сол адам жанын зерттеп, сезім тұнығына үңілетін, оның ішкі рухани әлемін өңдеп жасампаздық пен тазалықтың, адалдық пен шындықтың дәнін егетін мәдениеттің үлкен ордасы театр өнері. Осы қуатты құрал – театрдың қоғам өмірінен алар орны мен рөліне жеткілікті мән берілмей келгені анық. Кез келген елдің мәдени дәрежесі ең алдымен театр өнерінің жетістігімен бағаланады десек те, бұл ретте көрші әріптестеріміз қызыға да қызғана да сұқтанатын Қазақстанның мүмкіндігі өте зор. Алуан тілде сөйлейтін театрлары оның мәдени-рухани саласындағы баға жетпес байлығы. Олар мемлекетіміздің тәуелсіздігіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етіп, ұстанған репертуарлық саясатынан еліміздің тыныс-тіршілігі, мәдени-рухани деңгейі жүйелі түрде көрінуі керек.Театрларымыздың мұндай дәрежеде жұмыс істеуіне қаржылық-материалдық жағынан тиісті жағдай жасалынып, соңғы жылдары көптеген театрларға жаңа ғимарат беріліп,театрларға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлу де ойдағыдай шешілген. Театр қайраткерлері құрметті атақтар мен наградаларға, Президенттік, Мемлекеттік стипендияларға, басқа да қолдаулар мен қамқорлықтарға ие болуда. Соңғы жылдары драматургиялық шығармаларға конкурс та жарияланып жүр. Жыл сайын театр фестивальдері де өткізіліп келеді. Яғни, Қазақстандағы театр өнерін бүгінгі заман талабына сай биік деңгейге көтеріп, дамытуға толық мүмкіндік бар десекте, өкінішке орай, ол мүмкіндіктер ойдағыдай жүзеге аспай келеді. Яғни, бұл салада жедел түрде қолға алатын өзекті мәселелер аз емес. Олардың ең бастыларының бірі – театрларды ұлт­тық құндылықтарды басты назарда ұстай отырып заманауи менеджментпен басқару ісі. Бұл театрларды басқару ісінде әу бастан жіберілген кемшіліктер біріншіден, бүгінгі Т.Жаманқұлов айтқан Бас театрдағы басшылықты ауыстыру ісіндегі жоғарыдан тағайындаумен жүр­­гізіліп келе жақандығын көрсетеді. Көп жағдайда мұндай тағайындаулар ұжымның шығармашылық өсуіне, қоғамда пікірталас тудырарлық өткір спектакль жасаудан гөрі ресми меке­мелердің жоғарыдан жіберілетін нұс­қаулықтарын орындау мен қорытынды есебіне көлеңке түсірмей «көркейту үшін» керек демеске лажың жоқ.Минис­тр­ліктің өз театр­лары бар, ол соған ие, басқаларында шаруасы аз. Әр облыс әкімінің өз театры бар. Өзіне қо­лайлы, айтқанына жығылатын бас­шыларды тағайындайды. Әкімі теа­трды қаншалықты жақсы кө­реді, жақсы біледі, театрлары да сол өлшеммен қаржыландырылып, сол деңгейде артистері құрметтеледі. Интеллектісі мен көркем-эстетиткалық тәрбиесінде ақтаңдақтың ізі бар басшылар театрларының жағдайы да өнер ұжымының пайдасына шешіл­мейтіндігін тәжірибе көрсетуде. Осындайда, театрдың негізгі айналысуға тиісті шығармашылық міндеттері, көркемдік өлшемдер үшінші немесе бесінші планға шегініп, театрдың құлдырауы анық жәйт. Осыдан келіп не жоқ? Қазақ театрында қоғамда серпіліс тудырар, құбылыс боларлық қойылым жоқ деп мамандар зары тоқтамай келеді. Әлі қашанға дейін жалғасары да белгісіз.
Бүгінде республикалардағы театрлар жүйесін бір ізділікпен басқару келмеске кетіп, тәуелсіздік алғаннан кейін жүйелі құрылымы қалыптаспаған. Барлық салада нарық пен жаһандану алдыға тартқан өзекті мәселелерді біргелікте, іріленіп, орталықтан үйлесімді басқару арқылы шешіп жатқан үрдістер етек алғанда, біртұтас Қазақстан театрлары болып бір­лесе жұмыс істеп, қаны сорғалаған түйін­ді шығармашылық мәселелерді шешуге тиіс саланың сыры кетіп, шытынап, бөлшектенген қымбат құмырадай шашырап жүр. Бір орталықтан қажетті мамандарды тең бөліп театрлар сұраныстарын қанағаттандыру, тәуелсіздігімізді бекіту, шығармашылыққа соны серпіліс беру ісін жандандыру орнына әу бастан бас­шылық бұра тартып,өзіне маңызды деген Бас театрларды бөліп алды да, бүкіл Қа­зақстанның қалған театрларын (рес­публика театрларының 70-80%) облыс бас­шыларының қол астына итере салды. Жарайды, театрлар мен артистер үшін оның да жақсы жақтары жетерлік болды (жергілікті бюджеттен қаржыландыру, артистердің әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешу, т.б.) десек те, облыстардың басым бөлігі бүгінгі күні театр ғимаратын мереке жиын өткізу орнына, ал, артистерді алаңда театрландырылған қойылымдар мен мерекелік жиындар өткізушілер ретінде қажетіне жұмсап, халық арасында да сол көзқарасты қалыптастырды. Осыдан кейін театрларымызда таза шығармашылық ізденістерге, көрермен ойына қозғау салар соны туындылар мен сахналық формалармен көрінуге уақыт та, көңіл-күй де қалмайтын секілді. Қазір театрларымыз қаласаң да, қаламасаң да астаналық және облыстық театрлар болып бөлінеді. Бір деңгейде сахнада тер төккен актер алатын жалақысы арасында бірнеше есеге көтерілетін алшақтық жатқаны да жасырын емес. Бұл көрініс қалай жалғаспақ?
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің Төрайымы Дариға Назарбаева театрдың бүгінгі хал-жайы мен өзекті мәселелеріне көңіл бөліп, осы мәселенің бүгінгі заман талабына сай қайта қаралып, реттелуіне ықпал іс-шаралар жоғарыда белсенді қолға алына бастаған болатын. Театрлардың шығармашылық бағыт-бағдарын, репер­туарлық саясатын бір орталықтан реттеп отыруды қолға алатын «Мәдениет туралы» заң жоғарыдан түсіріліп, ұсыныстар мен толықтырулар театрлар тарапынан ҚР Парламентіне жіберілді. Құжат толық­тырылып театрларымыздың өркен жаюына қолайлы, өміршең заң болып қолымызға жақын арада тиіп жатса бұл жалпы қазақ театрының үлкен жеңісі болмақ.
Ол құжатта Мәдениет және ақпарат министрлігінің еліміздегі барлық театр­ларына ықпалын күшейтудің заңдық-құқықтық ереже-тәртіптерін жасауды, яғни, Министрлік театрлардағы кадр мәселесін шешуге, олардың репертуарлық саясатын реттеуге, жаңа қойылымдарының көркемдік сапасына баға беріп отыруға жан-жақты құқылы болуы қарастырылады деген ойдамыз. Бастысы, жаңа пьеса ең алдымен бейтарап сыншы мамандардың талдап-талқылауынан өтіп, кемшін тұстары жөнделіп, сахнаға содан кейін ғана шығуға тиіс. Театр жетекшілері маман сыншылар тарапынан айтылатын сын-ескертпелеріне құлақ ас­пайтын «өзім білемге» тосқауыл қойылуы керек. Қазақ театрының шығар­ма­шылық өсуі үшін айтылатын сын пікір­лер, рецензиялық мақалалар болса, көрсетілген кемшіліктер дер кезінде ұжымда талқыланып оң шешім табуы назарда ұсталынуы қажет. Театр­лардың шығармашық беталысын, жетістік-кемші­лігін дер кезінде анықтап, бағыт-бағдар беріп отыруды жүйелі түрде қолға алып, Министрліктің ұйым­дас­тыруымен тәуелсіз сарапшылар тобы құрылып, тұрақты жұмыс істесе қазіргі қазақ театрының үдерісіне тежеуіш болатын көп түйіткілдер өздігінен жөнге келер еді. Сонымен бір­­ге, барлық Қазақстан театрларын қа­зір бір тудың астына жыйнап, шынайы шығармашылық, кәсіби ортақ мүддеге жұмылдыра алатын қоғамдық ұйым – Қазақстан Театр қайраткерлер одағының жұмысына басымдық беріп республикалық театрлардың шығармашылық мәселелерін шешуге, өзге де ұйымдастырушылық ша­ра­ларды атқаруға кеңінен тартылу керек.Қазақстан Театр қайраткерлер одағы Мә­де­ниет министрлігіне бәсекелес ұйым емес, одақтас болып жұмыс істеу керек екендігін жоғары жақтағы қызыл жағалы аза­маттардың түсінетін уақыты келді.
Жақында ғаламторда Ұлыбританияның Экс-премьер-министрі Тони Блэр Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекетті бас­­қару академиясында қазақстандық шенеу­ніктердің алдында аймақтағы саясатты модернизациялауға арналған лекциясы өткені жайлы жаңалық хабар жарияланды. Онда белгілі саясаткердің: «Есть уроки того, как можно добиваться перемен. Главное – правильная расстановка приоритетов. … Чтобы добиваться изменений, процесс расстановки приоритетов является политически важным», – деген ойы бізге жаңалық болмаса да ұнады.
Еліміздің театр өнерін одан әрі дамытуға, Бас театрдың басып өткен маңызды кезеңі жайлы Т.Жаманқұловтың толғамы біздің де ойымызға қозғау салды. Ұлт театрының кешегісі мен бүгіні және болашағына байланысты аналитикалық сараптау, кешенді зерттеулер мен бағамдауға құрылған өткір, ой саларлық мақалалардың жазылып жариялануы тұрақты түрде болуы керек. Басты мақсат, қазақ театрының мерейін үстем ететін, жалынан жел естіретін, жұлдызы сәтіне бастайтын шығармашылық оң өзгерістерге жол салу. Ол жолды біздегі бар мүмкіндіктермен жүзеге асыруға әбден болады деген ойдамыз.

Алдыңғы «
Келесі »