«КЕРУЛЕН» ТОБЫ ЖӘНЕ АЙГҮЛ

  • 08.08.2013
  • 651 рет оқылды
  • 1

Сейілғазы ӘБДІКӘРІМОВ,
жазушы,
ҚР Мәдениет қайраткері

Ағалар ақылы
Қаңтар айының бет қаратпайтын қақаған қаһарлы аязы күшейе түсті. Ұлы­­ған аш қасқырдай ызылдаған суық желдің жағы бір қарысар емес. Аты­рау қаласының төңірегі буалдырланып көгілдендірілген боз тұманнан көрінбейді. Қала ортасындағы сәулетті ғимараттың алдындағы адамдардың қарасы шоғырланып молая түскен. Бұл ғимарат атақты кино және театр актері Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясы еді. Жиналған халық филармонияның концерт залына кіріп қазір басталатын концертті тамашалауға келген. Көрермендер көп-ақ жиналыпты. Бұл концертке Атырау қаласының тұрғындары ғана емес, шетел азаматтары да қатысып отырғаны байқалады. Тыңдаушылардың екі көзі сахнада. Шымылдық ашылды. Сахнада екі орындық тұр. Арғы жағынан Қырғыз Республикасының және Қазақстан Республикасының халық артисі, белгілі сазгер, өнерді зерттеп жүрген қайраткер Илья Жақанов пен қолында домбырасы бар талантты күйші Айгүл Үлкенбаева жүзі жайраңдап шықты. Залда отырған халық дүрлігіп кетті.
Сатырлата қолдарын соқты. Илья мен Айгүл орындыққа келіп отырысты. Илья алдындағы микрофонды өзіне жақындатты. Сәлден соң сөзді өзі бас­тады. Ол көрермендермен сәлемдесті. Алдындағы қағаздарын оңға сырып қойды.
– Құрметті өнер сүйер қауым, бүгінгі өнер кеші бұрын өздеріңіз тамашалап келген көптеген концерттерден өзгеше болмақ. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, талантты домбырашы Айгүл Нариманқызының қатысуымен өтетін бұл «Күй-Ақ желең» деп аталатын өнер құдіретін дәріптейтін, халықпен сырласатын лекция-концерт кеші болмақ. Сіздер Айгүлді жақсы білесіздер, осы Атырау өлкесінің төл перзенті, Жайықтың жағасынан шыңға шарықтап ұшқан ақ иық қыранымыз. Айгүл Атырау облысының ғана мақтанышы – Илья серпіле сөйледі. Күй өнерінің тарихынан суыртпақтап сыр ақтарды. Айгүлдің басқа күйшілерден артықшылығы мен домбырада күйді орындау шеберлігіне терең тоқталды. Арасында Айгүл домбыра шертіп, күй тартады.


Кештің қызықты өтетініне Ильяның мазмұнды, ойлы, тартымды әрі нақтылы тарихи деректерге сүйене отырып сөйлеген сөздері көрермендерді ынталандыра түсті. Кезек домбырашыға беріліп күмбірлеген күйдің үні тыңдаушылардың жүрегін елжіретті, бойын балқытты.
Илья залда отырған халыққа бір жаңа­лық айтты. Ол халық аңыз сияқты естіп жүрген бір күй тартыс өнерінен хабардар етті. Ертеректе халық жиналған жерде күйшілердің жарысы болып «Үш ананың тартысы» деп аталған тарихи дерек еді. Сол күй тартысы былай болған екен. Табынның қызы Науша болса, Әлімнен Тоғызбай, Есентемірден Есбай топ алдында өнер жарысына түсіпті. Әрқайсысының күйді тарту мәнері әртүрлі болған. Бір күйдің өзін сан құлпыртып орындапты. Сол өнердің өрісін Айгүл, міне, бүгін халыққа танытып отыр. Сондағы Айгүлдің күй тарту шеберлігіне, өнеріне концертке келген тыңдаушылардың қатты риза болып сүйсінгенін бір сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес еді.
Лекция-концерт аяқталды. Халық өте көңілді. Залдан сыртқа шыққанда күні бойы қаланың көркін көрсетпей мысын басып, қамап, қоршап тұрған қалың көк тұман сейіліпті. Қала іші электр шамдарының нұрлы сәулесі мен жарқырап, көшенің басталатын басы мен аяқталу соңы анық көрінеді.

«Керуленнің» тұсауы
Атырауда кесілді
Домбырашы қыздың ойы сан-саққа алас ұрып мазасызданғалы біраз уақыт болды. Консерваторияда жүрсе де, үйінде болса да санасында сыңғырлаған тұнық әуен, құлағының құрышында күмбірлеген күйдің әуезі, алыстан естілген сыбызғының сыршыл сазды үні, дауылпаздың дыбысы, тұнық судың таудан құлап сылдырап ағып жатқандағы үніндей сырнайдың дауысы, дәуір тарихынан елес беретін қобыздың күңіренісі, даланы жаңғыртып шауып келе жатқан тұлпарлардың тұяғындай болып сезілетін тай тұяқ, аса таяқ, т.б. ұлттық аспаптардың көрінісі көз алдынан, ойынан бір кетер емес. Тіпті, өнерін көрсету үшін шетелге сапарға шыққанда да күндіз көңілін торлап, түнде түсіне кіретін болды. Сол өнер тобының үстіне киетін киімі де көз алдына келе берді. Осы ойын өнер алаңында бірге жүрген әріптестерімен де кеңесті ой бөлісті. Айгүлдің бұл идеясын, бағдарламасын достары қолдады. Музыкалық аспаптар табылды, сол топқа лайық ұлттық киімдерді табу онша қиынға соқпады.
– Анау-мынау емес өнерде өзіндік өрнегі бар орындаушыларды іздеп, табу қажет. – Айгүл осы ойды миына сына қаққандай шегеледі.
– Айгүл, мына идеяң, ойың ғажап екен. Мен қолдаймын. Керек болса сол ұйымдастыратын өнер ұжымына белсенділік танытып мүше болуға әзірмін, – деді санасына сәуле түскендей болған кәсіби сагзер Еділ Құсайынов. Сөйтіп, фольклорлық өнер ұжымына талантты жігіттер мен қыздар жиналды. Бар болғаны сегіз-ақ адам. Топтың жетекшісі домбырашы Айгүл Үлкенбаева, композитор Еділ Құсайынов, қобызшы Раушан Оразбаева, дауылпазда ойнайтын Мақсат Жүсіпәлі, термеші, жыршы Руслан Ахметов, әншілер Гүлзира Бөкейханқызы, Дүйсенбек Өмірәлиев, Қайрат Кәкімов бастары бірікті. Өнер тобы лайықты репертуардың бағдарламасын жасады. Сирек орындалып жүрген әндер мен күйлердің, термелер мен жырлардың тізімін реттеді. Оларды ой санасына салып, сараптан өткізді. Дайындық басталып кетті. Айгүлдің де, өнер тобының басқа мүшелерінің де еңбектері еш кетпеді, төккен терлерінен нәтиже шыққандай болды. Қайнауы қанағаттанып, көңілге қонатындай дәрежеге жетті. Ендігі қалған үлкен мәселе, осы топтың ажарын ашатын, ұжымның өнеріне рең беретін лайықты атын қою керек болды. Өнерге байланысты қаншама атаулар іріктелді. Осыларды өнер және әдебиет қайраткерлерімен ақылдасып, «Керулен» деген атауға тоқталды.
Жаңадан шаңырақ көтерген бұл өнер ұжымына этнографиялық-фольклорлық тобы «Керулен» деп ат қойылып, ен салынды. Сонау атам заманынан бері ата-бабадан жастолқын ұрпақтарына мирас болып сақталып келе жатқан ұлттық киімдердің неше түрлі үлгілері қарасаң көзің тоятын, көңілің қанағаттанатын, ұлттық сыпатын ашатын, біз қазақпыз деп мен мұндалап еріксіз көңіліңді аударып, көзіңді сүріндіретін ерекше киім қажет болды. Бұл жағын Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлегі, 20 жылдан астам тәжірибесі бар ісмер дизайнер Мүсілім Жұмағалиев белсенділік танытты.
«Керулен» деген сөз қайдан шықты. Енді, осы «Керулен» туралы бірер сөзді айта кетейік. «Керулен» өзен аты. Бұл Моңғолия Халық Республикасындағы суы тұнық, таудан бастау алған мөлдіреп ағып жатқан өзен. Байырғы Күлтегін сынды бабаларымыздан үрім-бұтағы таралған Түркілердің қонысы осы мекеннен өсіп, өркендегендіктен, бұл өнер тобының атауын «Керулен» деп аталғаны көңілге қонды.
«Керулен» тобының концерті мейлінше үдей берді. Батыс Қазақстанның өнер мектебінен нәр алып сусындаған Қайрат Кәкімовтың орындауындағы «Жайықтың қызы», Гүлзира Бөкейханқызы шырқаған «Гүлдариға», «Көк өзен», «Угай-ай» әндері мен Айгүл Үлкенбаева тартқан «Динаның бұлбұлы», «Кербез қыздың жүрісі» және Нариман Үлкенбаевтың Ғарифолла Құрманғалиевтің рухына арнап шығарған «Жаңғырық» әндері тыңдаушыларын сезімге бөледі. Айтып өтетін жай, «Жаңғырық» әні осы Атыраудағы берген бұл концертте алғаш рет тұсауы кесілді. «Керулен» тобының шалқар шабытпен шалқи орындалған орны бөлек бұл концертке Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан «Керуленнің» концерті болады деп естіген талантты ақын Светқали Нұржанов арнайы келген болатын. Ақтаулық ақын көрермендердің алдына шығып концертті қойған өнер ұжымының мүшелеріне ризашылығын білдірді. Осы «Керуленнің» өмірге келуіне мұрындық болған топтың көркемдік жетекшісі Айгүл Нариманқызына ағыл-тегіл алғыс айтты. Өзінің сөзінде Светқали Нұржанов «Керуленнің» атын дәл осылай деп атауға өзінің де кеңес бергенін ағынан жарыла айтты.
Туған өлкесіне қонақ болып келген ақын, Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығынң лауреаты Фариза Оңғарсынова да «Керулен» өнер тобының концертін тыңдады. «Керуленнің керемет кешіне тап келіп отырмыз. Қа­зақ­тың бір сөзі бар ғой, «Өшкені жанып, өлгені тірілді» деген. Мен соны жасаңдау кезімде түсінбейтін едім. «Өшіп қалған нәрсе жана ма, өліп қалған кісі қайтадан тіріле ме?» деген секілді… «Біздің бауырларымыз әлемді бүгінгі халыққа, бүгінгі әлемге жеткізейін деп, осы ансамбльді құрған болуы керек. Бағы заманның бір мақалы бар. «Ат тұяғын тай басар» деген. Осы топтың концертін бірінші рет көріп отырмын, естуімше, ұйымдастырған мына қалпақ киіп, қолына гүл алып тұрған Еділ Құсайынов. Бұл Сейлхан Құсайынов ағамыздың Раушан жеңгейдің ұлы. Атырауда туған. Қазақтың ғана емес, бүкіл түркінің аруағын тірілтем деп жанын салып жүрген үлкен қайраткер бауырымыз. Мінеки, «ат тұяғын тай басар» деген осыдан шығады. Енді, бірі анау Айгүл Нариман Үлкенбайұлының қызы. Еділ екеуі идея бастаған. Тағыда керемет әншіміз Гүлзира, Дүйсембек бар. Тағы да сіңлі-бауырларымыз бар. Жаңа Қайраттың салған әнінен арқа­ларың қозып, айқайлап жібердіңдер ғой өздерің. Осының барлығына себеп болып, жандарын салып мұндай дүниені ұйымдастыру деген қазіргі заманда, дүниенің барлығын ақша шешіп тұрған заманда өте қиын екенін сіздер жақсы білесіздер. Осы қадамдарыңыз құтты болсын, айналайындар! Шеттеріңнен әрқайсыларыңның өнерлеріңіз бір кешке жыр болатындай, бір романға сюжет болатындай сондай талантты жандарсыңдар. Біздің өнеріміздің болашағы, өткеніміздің тарихы сіздердің қолдарыңызда екенін осы кештен-ақ дәлелдедіңіздер. Жолдарыңыз болсын деп тілеймін!», – деп ақын Фариза «Керулен» тобына өзінің ақ батасын берді.
Қазақстан Республикасының кең-байтақ даласында «Керулен» сынды өнер тобы құрылып, өмірге келді. «Керулен» өзінің тырнақалды тұңғыш концертін Атыраудан бастап, тұсауын кесті. Енді Атыраудан Алтайға дейін көсіліп жатқан ұшы-қиырына көз жетпейтін қазақ даласын емін-еркін аралап туған халқына өздерінің өнерін жалау етіп сыйға тартпақшы.

Индерліктердің өтініші
орындалды
Арада бірер жылдар жылжып өтті. «Керулен» шығармашылық деңгейі өсіп, репертуары байи түскен. Кемелденген өнер тобы ат басын тағы да Атырауға бұрған. Бұл 2008 жылы, яғни, қазақ халқының жыл санауы бойынша Тышқан жылы еді. Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Керулен» фольклорлық-этнографиялық тобының үлкен концерті бүкіл облыс өңіріне аңыз болып тарап кетті. Осы «Керуленнің» тамаша өнерін көруге асыққан өнер сүйер халықтың ынтызары ауып, ықыласы арта түскен. Индер ауданының тұрғындары аудандық мәдениет бөліміне өтініш білдіріп сол «Керулен» тобының өнерін көргісі келетіндерін білдірген болатын. Бұл мәслені Индер ауданының әкімшілігі мен аудандық мәслихатының басшыларына құлаққағыс еткенде аудан әкімі мен мәслихат төрағасы қолдады. Атырауда жүрген «Керулен» тобына арнайы адам жіберіп, Индерге келіп концерт беріп қайтуларына сұраныс жасады. Ауданнан келген әлгі адамның сөзін мұқият тыңдаған «Керуленнің» өнер тарландары Айгүл Нариман қызына «Сіз қалай қарайсыз?» дегендей жалтақтай берді.
– Біздің осы Атырау облысына арнайы келгендегі басты мақсатымыз жақында ғана өмірге келген «Керу­лен­нің» өнерін халыққа танытып, ке­ңінен насихаттау емес пе? Ендеше, несі­не жалтақтаймыз. Индерге барып бірнеше концерт беріп халықтың көңі­лін көтеріп тастайық. Өздері өтініш білдіріп шақырып отырғанда ешбір бұлданудың жөні жоқ. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген данышпан халқымыздың мағыналы мақалы бар. – Айгүл әріптестеріне шегелей айтты.
– Сәуір айының тамылжып тұрған алғашқы күндері өте көрікті. Дала көгіл­дір көрпесіне қымтана оранған. Көк жусанның, жасыл бетегенің хош иісі кең даланы еркелей ескен ерке самалдың лебімен мұрныңды қытықтайды. Индердің солтүстігінен батысқа қарай беттей ағып жатқан Жайық өзені ағынды сырын білдіртпей шымырлап қана жатыр. «Керулен» тобы балыққа бай жағалауынан асып жайылып жатқан арнасы кең асау өзеннен паром арқылы өтті.
Аудан орталығының көрнекті алаңда­рындағы ілінген жарнамалардан көз сүрі­неді. Концерт Индербор кентіндегі самаладай кең Мәдениет үйінде болмақшы. Аудан тұрғындары осы «Керуленнің» концертін тамашалуға асығуда.
«Керулен» тобы концертін бастап кетті. Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінің дәстүрлі орындаушылық мектептерінің өзіндік өнерінің үлгісінен бастау алған әндер мен күйлердің, жыраулық өнері сырының аясын кеңейтіп, ауқымын молынан қамтыды. Сырлы сезімге толы «Угай, угай, әй угай», «Көкөзен» ән мен күй әуендері, Сыр өңірінің жыр сүрейлері орын­дайтын термелерінің ерекше естілер мақамдарын, Қорқыт бабамыздан Жиенбай жыраудан бастап Көрұғылы дастандарын орындады.
«Керулен» тобының сахнаға шығып индерліктердің атынан өнер ұжымының ғасырлар тұңғиығынан бүгінге серпіле жеткен өнерін аудан тұрғындарына тарту еткен қызықты концетіне халықтың алғысын жеткізді. Одан кейін талантты домбырашы Айгүл Үлкенбаеваға, аудан әкімшілігінің алғыс хатын, алқызыл гүл шоғын сыйлады. Осы сәтте орнынан ұшып тұрған Индер ауданының байырғы тұрғыны, абыройлы ақсақал, еңбек ардагері Р.Құспанов жүрек жарды алғысын айтты.
– Айгүл шырағым, индерліктердің атынан сұрайтын бір өтініміш бар. Ол өзіңнің жеке орындауығдағы үш күйді осы сахнада орындап берсең, – деген ата өтінішін Айгүл жерге қалдырмады. Домбырасын ала салып күйден шашу шашты. «Бұлбұл», «Абыл», «Қайран Нарын» күйлерін тыңдаған көрермендердің ризашылығында шек жоқ еді.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Жалпы мен Айгул Улкенбаеваның өнеріне басымды иемін, ол батыстың әуенімен күй тартқанда мен елімнің топырағын басып жүргендей күй кешемін. “Керулен” тобына өнердің биік-биік шыңдарынан көріне беруіне шын жүректен тілектеспін.

Пікірлерге тыйым салынады.