ТӘҢІРЛІК НАНЫМ-СЕНІМНІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТӘБӘРІГІ

  • 08.08.2013
  • 8064 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ораз КаугабайОраз ҚАУҒАБАЙ,
«Ақиқат»

Тізілген 16 барыстың, екі көкбөрінің және құс қарғанның бейне-мүсіндері қолдан құйылған Тәңірлік наным-сенімнің «Ерменсайдан» табылған таңғажайып «таған-шырақ» ескерткіші жөнінде болжам мен топшылаудың сыры нені меңзейді?
Ислам діні келмей тұрғанда Алатау баурайындағы таңғажайып табиғат аясы сол кездегі ежелгі Тәңірлік наным-сенімнің ғибадат құлшылық қылатын және құрбандық шалатын қасиетті орны болған екен. Осылай деп айтуға дәлел әрі негіз бар. Яғни, ертеде адамдар Олимп тауында, Тибеттегі Шамбола шыңы етегінде және Ганга өзені жағасында Тәңірге қалай табынса, ерте дәуірде Тәңір тау атанған Алатау аясында да сол сияқты діни ғұрыптарды жалғастырып, құрбандық шалған және абыздар аспанға қарап айғайлаған. Шамандық дінінің сәуегейлері, абыз көріпкелдері Тәңірмен тілдесіп, ғарыштан дауыс естіп, кереметтер көрсеткені күмән тудырмайды. Мұны дәлелдейтін дерек пен таңғажайып оқиға Алатау бөктеріндегі «Ерменсай» елді-мекенінде 2002 жылы ақпарат құралдары арқылы әлемге тарады.


Ауыл шаруашылық мәселелерімен айналысатын Балтабай деген азамат үйінің ауласында жер қазып жүріп, ойламаған жерден ғажайып олжаға кезігеді. Тәңірлік наным-сенімнің ғажайып ғұрыптық заттарын тауып алады. Он алты барыстың, екі бөрі мен құс қарғаның мүсіндері бедерленген, қоладан құйылып әшекейленген «таған-шырағдан» – тарихшыларды қайран қалдырды. Бұл заттар бір алып адамның сүйегімен бірге көмілген екен. Кім екенін айту қиын, аты-жөнін анықтау мүмкін емес адам қаңқасын (склет сүйек) ғалымдар Тәңірлік наным-сенімнің абызы, бақсы-сәуегейі деп топшылады.
Жалпы, ежелгі діндерге байланысты ғалымдардың ой-өресі жете бермейтін тылсым құпия, жұмбақ дүние әлі көп. Осы жерде олжаға байланысты болған тосын оқиғаны да еске ала кетсек артық болмас. «Тәбәрік ескерткішін» (16 барыс) академияға әкетіп, зерттеймін деп дау-дамайға, талас-тартысқа жол берген ғалым аяқ астынан марқұм болып кетті. Ал, олжа иесі де неше түрлі шытырман оқиғаларға тап болып, жол апатына түсіп, әйтеуір аман қалды. Сөйтіп, соңында белгісіз әулие абыз, бақсы-машайық сүйегі биік дөңнің үстіне қазіргі діни ғұрып салты бойынша қайта жерленді. Ас беріліп, дұға оқылды. Барлық дін о баста Тәңірлік наным-сенімнің көзі де сонда емес пе?
«Ерменсайдағы» Тәңірлік наным-сенім заттарына және адам қаңқа сүйегіне байланысты неше түрлі әңгіме-аңыз, шытырман ертегіде шек болған жоқ. Аян алатындар мен түс арқылы көріпкелдік жасайтындар қиял-ғажайып әңгімелердің түр-түрін шығарып, оқиғаны аңызға айналдырып жіберді. Уақыт өте бәрі сап тыйылды. Қаңқа сүйектің қабірден қалай шыққанын Балтабай Мәскеуде жүргенде түсінде көрген оқиға бойынша түсіндіреді. Өң мен түсті сенімді үйлестіріп сөйлейді. Дегенмен, кейде ақылға сыймайтын деректерді де келтіріп, Нұх пайғамбар кезіндегі діни-мифтік аңыздарды алға тартады.
Бізді мазалайтын нәрсе «қаңқа-сүйек» – адамның тегі кім? Қазақ па, қалмақ па, әлде, шүршіт пе? Бұдан 2000 жыл бұрын Жетісу өңірінде Үйсін мемлекетінің өмір сүргенің еске алсақ, адам қаңқасы сақ-үйсін абыз бақсыларының Тәңірмен тілдесетін ең атақтылары бірінің сүйегі деп батыл жаңылыс сөйлеген кездері де болды. Батыр емес, патша емес, ежелгі Тәңірлік наным-сенімнің әсірелеп айтсақ, «пайғамбарының» Алатау баурайында өмір сүріп, дүниеден озғаны қайран қалдырады. Наным-сенім тарихында бұл әлемдік тосын оқиға, құбылыс. Арнайы археологиялық зерттеулер кезінде емес лақаттан өзі шыққан абыздың күні бүгінге дейін рух жанының тірі екені таң қалдырады. Өйткені, Тәңірлік наным-сенім бойынша жан кеудеден шыққан соң ғарыш кеңістікте көзге көрінбей елес болып жүретіні және пенделердің түсіне кіретіні ежелден айтылып келе жатқан нәрсе. Әруақ сүйегі жер бетіне шығарда Балтабайдың түсіне оның кіргенін жоғарыда айттық. Сондықтан, ол аруаққа ой қалауы бойынша есім беріп, ат та қойған. Айтпақшы, алғашқы жылдары неге екені белгісіз «Ерменсайдағы» әруақ оқиғасына байланысты мұнда адамдар жан-жақтан ағылып келіп, төбе басында тәу етті. Өйткені, белгі қойылған еді.
Қазақ халқының аруақ жайындағы түсінігі мен пайым-нанымдарында «аруақ қолдасын» дейтін тәмсіл сенімінде біз сезе алмайтын бір тылсым күштің бар екені анық. Бірақ, мән бермейміз. Неге екені белгісіз «Ерменсайдағы» әруақ олжа оқиғасына байланысты жан-жақтан адамдар ағылып келеді. Тіпті, кейбіреулер осында түнеп, Құдайға сыйынып, Тәңірге тәу етеді. Мұнда не үшін келгендерін өздері білмейтін, елес қуған, жын айдаған жандар да болды. Соңында, Тәңірлік наным-сенімнің ғұрыптық заттарын саудалап, абыз рухын қорлайтын әрекеттердің болған да құпия емес.
АҚШ-та, қазір, Тәңір әруақ әлеміне байланысты тылсым дүниені зерттеу мақсатты бағыт алған. Таңғажайып экперименттер жасалып жатыр. Бұл іспен ғалымдар мен бірге бойында биоэнергиясы тасыған экстресенстер құпия шұғылданады. Бейіт-мазарларға барып, ғарыштан келетін дыбыс пен дауысты естиді. Әруақтардың аттары жазылған жазуларды оқиды және керектілерін жазып алып тиісті жерге апарады. Өйткені, қорым жатқан жерге, жер астындағы адам сүйегіне ғарыштан көзге көрінбейтін «мөлдір-сәуле» құйылады екен. Американдықтар адам тірі кезінде де, өлгенде де 18 мың ғаламның бір бөлшегі болып тұратының әлдеқашан білсе керек. Тәңірлік наным-сенімге шын көңіл қойып, оны зерделесеңіз – ол қатып қалған қағиды, парыздары жоқ дін емес – бұл ежелгі ілім екенін аңғарасыз. Американдықтардың осы ілімге қатты құштар болып, рухани кемелденген ғалымдарының оны беріле зерттеуінде мән бар. АҚШ-тағы бір партияның діни-наным-сенім ұстанымдарында әруақ әлемімен байланыс қағидасы жаңа ағым болып қалыптасып келе жатқаны ақпарат құралдары арқылы берілді.
Қазақстанда археологиялық қазбалар кезінде батырлардың, патшалардың қаңқа-сүйектері біраз жерден табылды. Ал, абыз, сәуегей, бақсы, Тәңірлік наным-сенімнің тұлға пірадарының сүйегі тұңғыш рет Қаскелең ауданына қарайтын елді мекеннен ойламаған жерден жер бетіне шығып, таң қалдыруы ежелгі тәңірлік-ілім рухының тылсым қасиетінен болса керек. Сондықтан, Тәңірлік нанымның тәбәрігі белгі ескерткіш қана емес, ата-бабалар рухының қуатты рухын әлемге әйгілеген құнды-жәдігер, Тұмар кие. Олай болса, ежелгі наным-сенімді көзге көрсетіп, қолға ұстатқан «Ерменсайдағы» төбеде аңда-санда ежелгі наным-сенім ғұрыпын еске алатын рухани шаралар өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, Тәңірлік наным-сенім көк аспан мен жер-жаһанды бір сөзбен айтқанда 18 мың ғаламның тұтастығын елестетіп тұрған мұғжиза ілім екенін біліп отырмыз. Тарих тағылымына байланысты даналардың «Адамдар артына қарап ойланады, алдына қарап жүреді» немесе «Өлгендер тірілердің көзін ашады» деген қағида текке айтылмаса керек. Олай болса, екі дүниені байланыстырған Тәңірлік ілім мен оның бесігі болған Алатау бөктеріндегі Тәңірлік құбылыс кереметі қашанда жадымызда тұру керек. Ұмытылған ілімді Құдай-тағала әруақ рухы арқылы есімізеге салды…

Алдыңғы «
Келесі »