ТӨЛЕ БИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ОТЫРЫҚШЫЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

  • 08.08.2013
  • 518 рет оқылды
  • 2

Төле баба туралы сөз болғанда, өз зерттеу­шілерін күтіп жатқан бір үлкен тақырып бар! Ол қазақ халқын отырықшыландыру мәселесі! XX ғасырдың басында шоқ жұлдыздай «жарқ етіп, сөнген» Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа секілді Алаш арыстары алдарына қойған үлкен мақсаттың бірі – қазақ халқын отырықшыландыру болғаны белгілі. Шамамен, әрбір12 жыл сайын қайталанып отыратын құрғақшылық салдарынан болатын ауыр жұттар көшпелі мал шаруашылығына негізделген қазақ халқын орны толмас шығындарға ұшыратып отырды. Арғы ғасырлардағы табиғат апаттары туралы біздің қолымызда нақты дерек жоқ. Ал, орыс зерттеушілері қазақ жерінде XIX ғасырдың тек екінші жартысында ғана 1855-56, 1867-68, 1879-80, 1891-92 ж.ж. ауыр жұттар орын алғанын хабарлайды [1]. Осындай ауыр жұттар малсыз қалған қазақтарды сарт қыстақтарына қоныс аударып отырықшылыққа ауысуға мәжбүрледі. Олар бірте-бірте ассимиляцияға ұшырап, өзбек халқына сіңісіп кетті. ОҚО Сайрам ауданы – Қарабұлақ, Манкент және т.б., Төлеби ауданы – Сұлтанрабат, Ханарық, Қазығұрт ауданы – Тұрбат ауылдарының, Тіпті, Өзбекстандағы Ташкент облысы мен қаласының өзбек тұрғындарының көпшілігі сол қазақтардың ұрпақтары, көпшілігі әлі күнге өз шыққан руларын біледі [2]. Кезінде садақ-найза асынып, жаһанды тітіренткен – көшпенділер дәуренінің өтіп, XVII-XVIII-ғасырларда әлем тізгіні «отқаруға» сүйенген еуро­палықтардың қолына көше бастағанын қазақ елінің оза туған даналары арасынан алғаш болып түсіне бастағандардың бірі Төле би. Ендігі жерде, қазақ халқы отырықшылануға көшіп, егіншілікті қолға алмаса ел болып қалу қиын екендігіне Төле бидің көзі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында толық жетті. «Аталған оқиғалар көшпелі мал шаруашылығына сүйенген экономиканың әлсіз жақтарын көрсетіп, оны реформалау қажеттігі туралы  мәселе қойды. Төле би алқалы кеңесте сөйлеген сөзінде халыққа: «…Дұрыс жолға түс, жер емшегін ем, орнықты болсаң, қарның тойынар, киімің бүтінделер! Аяқты малға сенбе, мал – бір жұттық… төрт түлік жиған малыңнан күндердің күні келген­де бір үзім нан артық!» – деген үндеу­мен қайы­рады. Бидің түсінігі бойынша, егіншілік пен дәс­түрлі мал шаруашылығы қатар дамуға тиіс. Мәш­һүр Жүсіп Көпеев Төле би зама­нында 22 наурызды Жаңа жылдың басы ретінде (нау­рыз мейрамы) қарсы алу, осы күннен бас­­тап егіншілік қамына кірісудің қазақ арасында дәстүрге айналғандығын жазады. Тура осы мазмұндағы пікірді Абылай хан да ұсынады. Ол Қалдан Серенмен болған әңгімеде: «Қазақ ор­нық­­пай жүрген ел еді, бір жерге орнықтырып, оты­­рықшы өмірге кіргізіп өлсем, армансыз болар едім» деген ойын білдіреді»[3].


1723 жылы орын алған қатты құрғақшылықтың арты аңысын аңдыған – ата жау жоңғарлар үшін қалай келіп, әйгілі қырғынға ұласқаны белгілі. Осыдан кейін, қазақ халқы арасында жартылай көшпелі, жартылай отырықшы шаруашылыққа көшуді насихаттап, қолға ала бастады. Әрине, мыңдаған жылдар ұстанған өмір салтынан, тіпті, Ұлы би болсын айтты екен деп, бас тарта қоюы қиын шаруа. Сондықтан, Төле баба ең алдымен өз ұлдары мен туыстарын егін салуға мәжбүрлеген. Көрші қонған отырықшы халықтардан артық астықты сақтайтын қамба салу мен ұра қазуды үйренген. (1930 жылдары Кеңес өкіметінің «шолақ» белсенділері «Ұра тап» деп ұрандап жүргені осыдан). Оған дәлел, Бадам және Сайрамсудың салалары Сілбілі, Сарыайғыр, Жергентал, Қасқасу, Балдыбірек секілді өзен­ше­лерден тартылған кішігірім арықтарды айтпағанда, заманында әрбірі бір-бір болыс елді суландырған Ташкент маңындағы «Нияз­бек», ОҚО Төлеби ауданындағы Сайрамсу бойындағы «Қожабек», «Жолан» арықтары мен Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек ау­дан­дарындағы ескі арықтардың сілемдері куә! Тау беткейлері мен тау етегіндегі төбелерге еш­қандай жарақсыз-ақ, асқан инженерлік дәл­дікпен қиялатып, арық тартып тары, қо­нақ, бұршақ, лобия, жасымық, ноқат, жүгері секілді дақылдар мен қауын, дарбыз, әңгелек, асқабақ, қабақ егіп те жан бағуға болатынын ел түсіне бастады. Малың болса да, болмаса да салпақтап көше берудің ретсіз екендігін тү­сінді.
Алдымен Қазақстанның оңтүстігінде үрдіс ала бастаған отырықшылық өмір салтына өтіп, егіншілікпен айналысу кейіннен өзге өңірлеріне де тарала бастағаны ұлы ағартушы Ыбырай Алтын­сариннің Қыпшақ Сейітқұл деген әңгі­месіне арқау болды. «XVIII ғасырда және одан кейінгі кезеңдерде Жеті өзен (Жетісу) алаптары мен Балқаш көлі маңында көшіп-қонып жүрген Ұлы жүз қазақтарының егіншілікпен айналысуына өзбек дихандары үлкен әсер етті, бұл жерде Ташкент қаласының жақындығы да маңызды рөл атқарды» (Ауд.Ө.Ш.) деп хабарлайды Омбы облысының ең алғашқы бастығы генерал-майор С.Броневский (1786-1858) [4]. Зерттеушілер Абылай ханның да егін салдырғаны туралы деректер келтіріп жүр.
1868 ж. Сырдария облысы әскери губерна­торының пәрменімен Шымкент уезінде болыстық басқармалар ұйымдастыру бойынша комиссия құрылды. Комиссия төрағасы – титулярлық кеңесші Е.Савенков, мүшелері – ротмистр Адер­­­кас, сотник Герасимов, аудармашы прапорщик Сырттанов, капитан Терейковский болды. Ко­­миссия ауылдарды аралап шығып, тексеру қорытындысын басшыларға тапсырады.Тіпті, Шымкент уезін мекендейтін тайпаларға қисынын келтіріп берген «этнографиялық» сипаттамасынан үзінді бере кетейік: …«Дулаттар қырғыздың өзге руларына қарағанда өзгешелеу. Олар өз­дері көшпейді, мал жаятын немесе егін са­латын жерлеріне қызметшілерін жібереді. Оты­рықшылыққа ертерек көшуі олардың мінез-құлқына да әсер еткен. Мінездері жұм­сақ…. Діни дүниетанымдарына келсек, шариғат заңдарын сақтауға ұмтылады…»[5]. Түркстан өлкесінде XIX ғ. екінші жартысында ұзақ жыл қызмет атқарған орыс ғалымы Н.А.Северцов: «Тамбовтықтың (Тамбов – келімсектің туған жері – Ө.Ш.) бойында тың жерді жыртып, біраз жыл пайдаланған соң, оны тастай салып, бас­қа жерді жыртатын солтүстік америкалық скваттер (Солт.Америкаға қоныс аударып, бос жерлерді басып алған еуропалықтар) сияқты жыртқыштық көзқарас басым… Ал, біз надан санайтын қырғыздар табиғат сыйын үнемді пайдаланады, тоқымдай жерден мол өнім алуға тырысады, өздерінің жайылымдарын күтіп ұстап, тиімді пайдаланады, дала мен тау бөктерлеріне ағаш отырғызады. Арыс, Шыр­шық өзендері бойындағы тоғайлар мен Тянь-Шань тауларының ормандарын көзінің қарашығындай сақтауға тырысады… Сонда, қалайша орыс мұжығынан ғана емес, шетінен өнертапқыш-механик саналатын солтүстікамерикалық скваттерден де, әлі күнге жерағашпен жер жыртып жүрген қырғыз егіншісі өркениеттілеу? (Ауд.-Ө.Ш.)» – деп таң қалады [6]. «1890 жыл­дың соңында Қарамұрт болысында Ақсу өзенінен тартылған үлкен арықтың құрылысы аяқталды» [7] деп хабарлайды отаршыл өкімет­тің шенеунігі Н.А.Дингельштедт. Ал, Шымкент уезді бастығының жоғары басшылыққа тапсырған рапортынан 3500 сом қаражат жұмсап, Ақсу өзенінің жоғарғы ағысынан тартылған арықты қаздырған Қоқан билігі тұсында датқа болған, Қарамұрт болыстығының 1887-89 жыл­дар­дағы болысы Қасымбек Қожабеков екенін білеміз. Ояз бастығы арықтың суымен қосымша 1500 десятинадан астам жерді суландыруға болатынын қуана хабарлайды. Шынында да, Төле бидің бастамасымен XVIII ғасырда қазыла бастаған сол арықтардың қызығын XIX ғ. соңы мен XX ғ. басында, қазақтың жерін тартып алып, келімсектер орнатқан Георгиевка (Көксәйек), Суплатово (Қасқасу), Колосовка (Қазақ Қасқасуы), Петропавловка (Тасарық), Успеновка (Алшалы), Дорофеевка (Бірінші мамыр), Самсоновка (Ақбұлақ), Подгорное (Сарқырама) және т.б. орыс-украин селоларының тұрғындары көрді. Орыс зерттеушісі И.И.Гейердің 1893 ж. Ташкент қаласында басылған «Сырдария облысының орыс қыстақтары. Жолда жазылған хаттар» атты кітабында да осы тектес әңгімелер айтылады [8].
Жалпы, Шымкент уезінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында 130 бас арық немесе канал және 255 жанама арықтар болған. (Қазығұрт, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек аудандарындағы тау бөктерлері мен тау алды жазықтарында сол арықтардың іздері мен сілем­дері әлі күнге сайрап жатыр). Ашығын айтайық, «Ниязбек» арығын көрудің сәті түспеді, бірақ, бала күнімізден «Жолан» арыққа шомылып өстік, суы әлі де аудан жерінің (Төлеби ауданы, ОҚО) біраз жерін суландырып, сарқырап ағып жатыр. Ал, Сайрамсудың жоғарғы ағысындағы «Қожабек» арығының сілемдерін 2009 ж. арнайы барып фотоға түсіріп алдық.
Төле бидің ұлы Қожабектің басшылығымен Сайрамсудың оң қапталынан тартылған «Қожабек» арығы.
«Қар астынан қылаң берген жауқазындай бас көтерген қоғамдық өмір мен ойдағы бұл үдерістер бұдан былайғы уақытта өзінің табиғи жалғасын таба алған жоқ; мемлекеттіліктің қалыптасуы соңына жетпей үзілді, енді ғана басталған қоғамның белгілі бөлігінің оты­рықшы тұрмысқа өтуі тоқтап қалды, қо­ғам­дық санада рулық-жүздік жіктелуден ұлт­тық  тұтастыққа  көшу аяқталмады.
Ал осы іргелі мәселелер аталмыш тарихи мезгілде неге өз шешімін таппады? Көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономика және өмір салты тұрақты бас­қару аппаратына сүйенген мем­лекет­тік жүйенің тамыр жайып, орнығуына қо­лай­лы жағдай туғыза алған жоқ. Сонымен бірге, экстенсивті көшпелі мал шаруа­шы­лығын жүргізуге тиімді үлкен аумақ сан жа­ғынан аса көп емес халыққа интенсивті эко­номикалық жүйеге көшуге аса қолайлы фактор емес-тін. Сондай-ақ, елде білім беру саласының мүлдем жоқтығы, сауаттылықтың өте төмен деңгейі шаруашылық пен қоғамдық  өмірдің  тиімді жүйесіне кешуде негізгі кедер­гілердің біріне айналды» [3].
Толық отырықшылыққа көше алмауының зардабын қазақ халқы, 1919-1922 жылдардағы аштық және арты 1932-33 жылдардағы алапат ашар­шылыққа ұласқан күштеп отырықшыландыру (1927 ж.) нәтижесінде тартты. «Қазақстанда 1919-22 жылдардағы ашаршылықта 1 миллионға жуық халық қырылса, 30 жылдардағы аштық 1,5-2 млн.-ға жуық адамды жалмады. Айналдырған 10-15 жылда қазақ халқы жартысына жуығынан айырылды» [9].
Өмір Шыныбекұлы,
А.С.Макаренко атындағы
№41 гуманитарлық-
экономикалық лицейі
тарих пәнінің мұғалімі

Пайдаланылған әдебиеттер:
[1] – «Сырдария облысының статистикалық мәліметтері» 1870-1913 ж.ж..
[2] – Ресей империясының Оңтүстік Қазақ­станды отарлауы немесе қазақ қалай өзгерді. «Қазығұрт.кз» журналы №8, желтоқсан―2012.
[3] – Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық . Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006.
[4] – Броневский С. «Орта жүз қазақтары туралы ескертпелер» Отандық жазбалар 1830, № 12.
[5] – ОҚО облыстық мұрағаты Қор-1129; Тізбе-1; Іс-5.
[6] – Н.А.Северцов. «Орыс Императорлық қоғамының тапсырмасымен зоология докторы, Орыс Императорлық географиялық және басқа да қоғамдарының мүшесі Н.Северцовтың Түркістан өлкесі бойынша саяхаты және Тянь-Шань таулы өлкесін зерттеуі», Санкт-Петебург-1873 ж.
[7] – Н.А.Дингельштедт «Түркстан өлкесін суландыру тәжірибесін зерттеу. Сырдария облысы». Т.2; 3-бөлім.Санкт-Петебург-1895
[8]–Гейер И.И. Сырдария облысының орыс қыстақтарында. (Жолда жазылған хаттар. Шымкент уезі. Ағайынды Каменскийлердің Типографиялық литографиясы 1893.
[9] – В.Ф. Михайлов «Ұлы жұттың хроникасы» Деректі повесть. (Толықтырылып 2-ші рет басылған).  Алматы. Жалын1996.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. sonda baska ultta oz ruin bilse kazak bola bereme ne? Onda Turkmenderdin barligi kazaktardan taragan ekende solayma

  2. Осы жылы маусым айында ҚР Үкіметі Төле бидің 350 жылдығын кең көлемде атап өтуге 28 млн теңге бөлінгенін хабарлады. Сол қаражат қайда жұмсалып жатыр, әлі күнге белгісіз…

Пікірлерге тыйым салынады.