АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

  • 05.08.2013
  • 800 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақан Молдабеков,
әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетінің
профессоры, Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықтың жүлдегері

ХХІ ғ. адамның белсенділігі мен шығарма­шылығы артып, оның атқарар қызметін еселетуде. Адамның өнері мен өніміне орай беделі мен берері анағұрлым тез артуда, талпынысы тың өрнек салуда. Өсіп өнген ел-жұрт – кең өрістегі өркениеттің жарасты отағасы, шаруашылықты жүргізудің тұтас әлеуметтік күші екеніне көзімізді жеткізуде. Ынтымағы жарасқандардың жүйелі ұмтылыстан ұтары мол. Бұл қажеттіліктен туындайтын құндылықтар.


Өмір сүрудің жаңа мүмкіндігі адамның белсенділігінен туындайды. Адам атам заманнан бері өзін-өзі бақылап, бағалап, түйіндеп келеді, өзіндік шешімнен нәр алуда. Бірақ, адам белсенділігін әркім өз деңгейінде қозғап, әрқалай түсінді және түсіндіруде. Не демелік, адамдық өмірдің мәнісін, тұлғалық болмыстың негізін, кісілік қасиеттердің құндылығын, азаматтық сапаның сабақтастығын ұқпай жаңа мүмкіндіктің не екенін ұғыну, адам капиталын үйлестіру, толықтыру екіталай. Адам құндылығы, оның қосымша құнынан айқын және әрдайым білінеді.
Адам құндылығымен, оның қосымша құны адам капиталын құрайды. Адам капиталын капиталистік қатынас аясында экономикалық дамудың өнімді және интенсивті факторы, отбасынан бастап қоғамға дейінгі сатылы дамуды берік топтастырып жандандыратын қосымша күш-қуат деп қабылдау орнықты. Тегін емес. Оның құндылығы – адамдық өнімде және адаммен топтасқан еңбекте, еңбекшінің шығармашыл күшінде. Адам капиталы – еңбекпен келетін күш-қуат, өндіріс пен еңбекте жанданатын тұлғалық қарым-қатынас, үдемелі табыстың қайнар көзі. Адамдықтың құнары осында.
Адам капиталы туралы сөз қозғағанда, оның ғылыми және идеологиялық, мәдени және саяси жақтарын, сондай жетелі идеяларды ажырата білген абзал. Ол туралы түсінік-көзқарастар бірқалыпты емес (1).
Проблема – адам капиталын зерттеудің методологиясында. Методологиялық жүйе реттелінбегенде түсінік әртүрлі, ұғымдық түсініктің мазмұны анықталынбайды. Белгісіздікте адам капиталының мәнісі, оған деген сипаттамалар қандай? деген сауалдар күн тәртібінен түспейді. Енді бірде адам капиталы неден және қалай құралады? – деп көп өлшемді түсінікке жүгінеміз.
Адам капиталы туралы қай идеялар жүзеге асуда, қай тәсілдер қолдау табуда десек, бұл адам ресурсының қаншалықты өміршең екендігіне тиек. Адам капиталы – таусылмайтын жинақы ресурс, үнемі жаңғырып, жалғасын табатын үдемелі қуат пен шабыт бастауы. Оның өтімді мәні – адамның кісілігі мен кірісін қатар көбейтетін қаражат көзін демеуінде, әрі тұлғалық қабілет-қасиетті ту етіп, соған тұрақтауында, соны өндіре жүзеге асыруда. Адамның қимыл-әрекетінде тұлғалық, кәсіби және әлеуметтік қабілеттер бірін-бірі толықтырған сайын, оның бойынан қосымша қасиет, қабілет қуаты өмірлік күш алады. Содан адамдық капиталды тұрмыстық тұрақтылыққа кепілдік, әлеуметтік бағдарға еркіндік, өнімді табысқа серпіліс, әлеуметтік мәртебені анықтауға өлшем, біржағы адамның қабілетін тұлғалық тұрғыдан өзінше реттейтін жаңа сипат деп жатамыз. Адамның кәсіби дайындығы осындай әлеуметтік факторда жаңғырады.
Адам капиталының бастамасы жалқы емес әрқалай, оның қалыптасу бағыты бірсарында емес, түрлі деңгейде тарамдалып жатады деген тоқтам туындайды. Ал, оның өлшемдер салыстырмалы түрде дара және бір-бірімен түрлі байланыста болатынын аңғарамыз. Әйтседе, адам капиталын тану жолдары мен өзгерту тәсілдері нақты да кешенді болатынына да күмәнданбаймыз. Адам келбеті мен кісілігі оның капиталын құрастырады. Адам капиталы іргелі де түрлі ерекше идеяларға негізделеді, солардан демеу табады. Оның экономикалық, саяси, ұлттық және тұлғалық түрлері қомақты идеяларды жинақтайды, жебелейді. Адам ресурсы туралы идеяны сабақтау оның бұрынғы даму тәжірибесін жинақтауға және болашақ өзгерістерін болжауға септігін тигізеді (2). Адам капиталының тәуелсіз де үйлес өлшемдерін – мәдени негізін, әлеуметтік тірегін, идеологиялық өлшемін, саяси бағытын, тұлғалық құндылықтарын ескерген сайын, олардың мән-мағынасын толығырақ ұғынуға мүмкіндік ашылады. Саясат пен идеологияның мақсаттары, ғылыми және мәдени түсініктері бірде өзара ұқсап, енді бірде өзіндік ерекшелігін білдіреді. Адам құндылығы туралы саяси және азаматтық көзқарастар әрқашан бір-бірімен үйлесе бермейді. Бірақ, қос көзқарас бір арнада тоғысқанда өзекті мәселені дұрыс түсіндірудің дүниетанымдық бағыты тұрақтанады немесе адам факторының рөлін жетілдірудің тың жолдары ұсынылады.
Адам құнарының қуаты – мәдени капиталда, оның өлшемі мен өресінде. Адам капиталының әрбір мәдениет аясындағы қалыптасу қарқыны бірдей емес. Себебі, адам және мәдениет капиталының өзара ықпалы біржақты, бірсыдырғы емес. Г. Беккер (1964) мен Дж. Коульман (2001) адам мен мәдениет капиталы арасындағы байланыстың мән мағынасын алғаш талдағандар. Олар адамның қабілет-қасиеттері адамның іштей, мәдени жаңғыруына қозғаушы бастама екендігін дәйектеп берді. Мәдени капиталдың негізін денсаулық, кісілік қасиеттер мен құлшыныстар, экономикалық табыс пен тиімділік, әлеуметтік бірлестік пен серіктестік құрайды. Бұл негіздер өмірлік мақсатқа жетудің кепілдігі, ұйытқысы. Адам құндылығы игілік пен ізгілікті жасауда жалғасын табады, арнасын кеңейтеді. Еңбектегі құлшыныс, жасампаз күш-қуат – құндылықтың темірқазығы, қажеттіліктің құрамы және құралы. Қосымша күш-қуаттың қарқындауы, оның айналымда алмасуы – мәдени капиталдың құнары. Ол а)өндіріс тиімділігінің өсуіне, ә)жаңа техниканың және информациялық технологияның даму қарқынына, б)құрылымдық қатынастың эволюциясына, в)адамның ақыл-ойы мен қабілет-қасиетінің өзара ықпалдастығына тікелей байланысты. Мәдени капитал адамның материалды және рухани игілікті жасау қабілетімен, тәжірибесімен өлшенеді.
Тұрмыстық өмірде адам капиталы мәселесін қозғау дегеніміз адамның денсаулығын, көңіл-күйін, мінез-құлқын, ерік-жігерін, зейне-зердесін, интеллектуалды даму аумағын, қысқасы, өмір сүру тәсілі мен өмірлік стратегиясын тілге тиек ету, сол қабілет-қасиеттердің басалқы сипаттарын бетке ұстау. Олай деуге себеп адам капиталы, біріншіден, әлеуметтік дамудың факторын құрайды, екіншіден, әлеуметтік және рухани-кісілік факторды халықтық капиталға айналдырудың тетігі болып табылады.
Мәдениетті адам өз ісіне мекем, еліне өнегелі, ортасына сыйымды келеді. Өйткені ол өзгені қорсынбайтын, өзін зорсынбайтын жетелі адам. Оның ойы озық, сондықтан, мінезі тозық, қылығы пасыққа ұрына бермейді. Адам таза сынақтан өткенде бағын сынай алады. Ондай сәттен шеттеу – дәрменсіздік. Дәрменсіз сын сағатта өзінің шынайы біліктілігін қорғай алмайды. Дәрменсіз ахуалда адам да, мекеме де байыпты ырқынан жаңылады. Жүйесіздік жалқаулық пен жеңілдікке қана емес, жемқорлыққа да этикалық норманы бұрмалауға да жол ашады. Жемқорлық адамгершілікті бұзып, ар-намысты аяқ асты етеді, жабайылық пен анайылықты өршітеді. Дәрменсіздік пен жабайылық – кәсібилікті таптау.
Мәдени капиталдың адами белгілері мен белестері еңбектену аясында қалыптасады, қоғамның интеллектуалды және мәдени сұранысына орай жаңғырады. Тер төгер еңбек, интеллектуалды құлшыныс, атқарушы қыз­меттегі тәртіп пен жауапкершілік бір-бірімен ұласса, сол ортаның әлеуметтік белсенділігі мен серіктестігі де, сонымен қатар адам капиталы да арта бермек. Жетістік көзі осында.
Өндірістің жаңа технология мен кәсіби маман­дарға негізделіп, қарқындай түсуі, байырғы қалыптасқан түсініктер мен көзқарастарды қайта қарауға мәжбүр етеді. Нақты жағдайда адам капиталын, оның білімінен, өнімді еңбегінен, са­палы өмір сүру салтынан тыс қарастыруға, қабылдауға болмайтынын, қайта сол индикативті көрсеткіштермен өзара байланыста қарау қажет­тілігі тамыр жаюда. Оған ежелгі дәуірден адамның күш-қуатын паш еткен құнды ойлар, идеялар, қағидалар да ұйытқы болды.
Мәдениеттіліктің көрсеткіші – өзінің маңы­на білікті маманды жинай білу, өзіне сөз, өзі жұмыс істейтін орта мен салаға кір келтірмеу; біліктілік пен бәсекелестіктің, сергектік пен серіктестіктің үлгісі, ізденіс пен іскерліктің нәтижесі. Адам әлеуеті біліктілік пен бәсеке де ғұмырлық арнасын табады, құндылық қажетімен жинақталады, өз қа­бі­летінің әр қырынан жаңғырады. Оның ішкі өлшемдері – біліктілік, адамгершілік, имандылық, инабаттылық, адамды жан-жақ­ты жетілдіретін ұмтылыстар. Өмірлік ағыстармен білімді жетілдіру мәдениеттілікке жол ашады. Білікті маманды парасаттылықпен, адамгершілікпен, имандылықпен толықтыру – оның кісілігін мәртебелеу және көтермелеу. Кісілік мінез-құлық – адам капиталының адам­гершіл өлшемі және бәсекеге қатысатын білікті жақсының жаршысы. Іргелі қасиеттер бостық пен жүгенсіздікке тосқауыл, саяси насихаттың құбылмалы ырқында қала бермейді.
Жаңа саяси буынға білім, өз саласындағы біліктілік, көш бастар талпыныс, көпті қауым­дастыққа ұйымдастыратын қабілет қажет. Елдің көшін бастар, бұйдасын ұстар тұлғаларды тәрбиелеу – қоғамдық жаңғырудың кепілдігі. Адам капиталын тиянақты қалыптастыру және пайдалану – қоғамдық қажеттілік әрі мемлекеттік саясаттың өткір проблемасы. Жас ұрпақты әлеуметтеудің тың тәсілі мен тәжірибесіне тәрбиелеу керек, үйрету қажет. Білім жүйесі үлгілі үрдістерді қайта жаңғыртады, өндіреді.
Адамдықты сабақтау – ұрпақ арасындағы үлгіні сабақтастыру. Азаматтықты арттыру, тұлғалықты тұрақтату, азаматтың кісілігін көтермелеу, тұлғалық қарым-қатынасты нығайту – осы сабақтау мен сабақтастыруды әрдайым үйлестіреді. Адам ойы мен бойындағы қабілет-қасиетті игеруге талпыну – өзіңді рухани тұрғыдан жаңғырту, біріккеннің әлеуметтік дамуын, бітімде өмір сүруін қолдау. Озық өмірдің үйреткені де, озаттардың үйретері де – осы ұстанымда. Бұның бәрі де ұрпақтың сапалы да сабақтас көрсеткіштері. Әр көрсеткіш білім жүйесі мен әлеуметтену барысында ұрпақтың мәртебесін көтермелеп қана қоймай, оның кәсіби қабілетін реттеуге жаңа талап қояды. Білімдар адам өмірлік табысқа жетудің жағдайын іздестіреді, сол үшін әріптестерімен жарасты қарым-қатынасқа түседі. Сондықтан, дайындығы жоғары, кәсіби мамандарға деген сұраныс арта бермек, жалпы және кәсіби мамандарды сапалық тұрғыда дайындау қажеттілігі артпақ. Бәрі де нағыз мамандардың әлеуметтік мәртебесін көтермелеуге және халықтың мәдени капиталын дұрыс пайдалануға арналған.
Іздемпаз, іскер адам кірісті қолдайды, ден­саулықты таңдайды, білгірлігін оңдайды. Жарасымды әлеуметпен астас та, бәсекелес те бо­ла­ды. Талапты бәсеке мен күресте өмір сүреді, сонда түлейді. Арпалыста күтпеген күйлер, қиыншылықтар толы. Сыртқы теке-тірестер, іш­тей тұйықталу, ресурсты шығынға ұшырату, күштілердің қысымында қалу – адамды іштей шалатын қиыншылықтар, адамды алымсақта қалдыратын іштартпалар. Мұндай көлденең кедергілерден өмір жолын тауып кету – жеңіл шаруа, оңай іс емес. Иә, ынта-ықыластың өтімді, өнімді болуы тартымды; тартымды әрекет адамның тұлғалық және кәсіби қасиеттерін жетілдіруге өрелі ықпал етуімен құнды; адамның жасампаздығын қолдайтын әрекеттердің әлді және сауатты болуы қажеттілік; адам қуатын сауаттылар мен сенімділер анағұрлым арттырды, оның деңгейін көтермелейді. Адам капиталы осындай өсімтал іс-әрекеттерден құралады. Сауаттылар өнімді еңбектің құнын біледі, нарқын түсірмейді, қайта қосымша қаражат жұмсайды. Сауатты азамат жеке басының қамымен шектелмей, ұлттық байлықтың берекесін қайтарады, оны талан-таражға ұшыратпай жұмысшы мен шығармашыл күшті, нарықтық өлшемді қолдаудан тартынбайды. Егер, адам әдіс-тәсілді қолдану барысында түрлі мінез көрсетсе, аталынған талаптар оң өзгеріс бермейді, діттегенге жеткізбейді, өкініш аяқтан шалады, естен кетпейді. Тұрақсыз күй адамды мазалайды, тез шаршатады. Адам қуаты одан тотығады. Іс-әрекетте шы­дамдылық таныту, адамға ерекше көңіл бөлу, ықылас таныту, мінез бен мүддені қарым-қатынасқа жақындату – істің жемісті бо­луына кепілдік. Өзімшілдік адам қуатын тарылтады, жетістікті тоғытар кедергіні көбейтеді. Өзімшіл өзгенің сыбырына құлақ тосып, өсек-аянға ереді. Сыбырдың ырқынан шыға алмаған жан қашанда көрегендімен келіспей салғыласып, ұрысып-керісіп жатады. Ұрыс-керіс басталғанда, бітімнің берекесі кетеді, бұзықтар аңқауды үркітіп діттегеніне жетеді. Тартыншақтық, бүркемелік абырой әпермейді.
Қайда жүрмелік, тарихтың өткенін, бүгіні мен болашағын ойлайтын, ойластыратын кездің келгенін кім ұқпайды? Белсенді шығармашыл қабілетті қалыптастырады. Қосымша қуат адамның өзіндік сұранысына айналса, оның бойына ғанибет серпіліс оралмақ. Серпіліс іске адал адамда, білгенінен тоқтам-түйін жасай алатын пайымшылда, өзіне берік тұлғада жаңғырады, басылмайды. Өзіне беріктік – кемелдіктің айғағы, үлкен бақытқа жол ашу. Кемелді-жігерлі, ойға бай, өмір сабағын ұмытпайды. Шығыс адамы қуатын кемелдіктен, киелі рухтан іздестірді. Адал адам өзіне қашанда серік, ісіне берік. Адал білімге асық, надандықтан қашық болуға тырысады. «Кімде-кім өмірдің шынайы мағынасын түсінсе, ол надандармен дауласып жатпайды» (Будда). Білім шынайы жолды таңдауға көмектесетін мүмкіндігімен және саралы әдісімен құнды. Ішкі ширақтықта адам капиталы нәрленеді.
Елге өнегелі, ортасына сыйымды болу үшін әркім өз жұмысын жақсы білуі, істі ілгерілетуі, этикалық нормаларды бұзбауы шарт. Ары таза іскер жемқорлықтың жетегінде кете бермейді. Абырой – адам капиталының сақтық қоры. Киелі рух адам абыройын көне дәуірден қыз­ғыштап қорғап, қолпаштап келе жатқан тылсым құдірет, ерекше дарындылық. Киелі рухтың дарындылығы дегенде шығыс – сөз дарындарын (тілдер, тілдерді түсіндіру, көріпкелдік); аян (ашылу) дарындарын (дана­лықтың уәжін, білімдардың сөздері мен рухын ажырата білуді); күштің дарындарын (сенім, сауықтыру, кереметтер жасау дарынын) есепке алған. «Егер әрекетіміздің бәрі де ардың ісі екенін ұқсақ, ісіміз бен сөзіміз табысып жатса, онда нені болсын именбей, күмілжімей, ашық айтуымыз керек» (Ататүрік).
Жастық шақ – адамның тұлғалық қасиетінің тез және қилы жолмен қалыптасатын кезеңі. Жастардың ой-өрісі, оқу мен еңбекке деген ықыласы, азаматтық және патриоттық сезімдері, адамгершілік қасиеттері – адамдық капиталдың өлшемі әрі серпінді қуаты. Жастарды тәрбиелеу – ұлттың адамгершіл-психологиялық ахуалын жақсарту, әр ұлттың рухани күш-қуатын дұрыс пайдалану. Көп салалы әлеуметтік мін­детті жүйелеп іске асыру – жас ұрпақтың өмірлік күшін тасыту, өз құндылығына жетектеу. Адамдық межеге лайықты осындай капиталға мұқтажбыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нестеров Л., Аширова Г. Национальное богатство и человеческий капитал. // Вопросы экономики, 2003, № 2. Щетинин В. Человеческий капитал и неоднозначность его трактовки. // Мировая экономика и международные отношения, 2001, № 12. Заславская Т.И. Человеческий потенциал в современном трансформационном процессе // Общественные науки и современность. 2005. N 4.. Корчагин Ю. А. Российский человеческий капитал: фактор развития или деградации? — Воронеж: ЦИРЭ, 2005
2. Ж.Т. Тощенко. Кентавр-идеи как деформация общественного сознания. // Социс, 2011, 12, с.4-12.

Алдыңғы «
Келесі »