ҚАН САСЫҒАН ОТЫЗ ЖЕТІ…

  • 05.08.2013
  • 1209 рет оқылды
  • 5

 

Тынысбек Қоңыратбай,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Сталин – жендет
Иә, одан бері де 76 жыл өтіпті… Сол бір сұрапыл жылдары Құдайдың «қызметін» атқарып, бейкүнә жандардың жанын алған НКВД әзірейілдерінің не «көрде өкіргенін», не баспасөзде ел қарғысына ұшырағанын көргеніміз жоқ. Жұрттың үрейін алып, ел ішін қан сасытқан жендеттердің іс-әрекеттеріне тәуелсіздік тұсында берілген баға, қаулы-қарарлар тағы жоқ. Қазақ қауымы ұлт зиялыларына тағылған жалған айыптың алынып, есімдері мен еңбектерінің қайта оралғанын тоқсынатын тәрізді. Ал, олардың генетикалық ұрпақ және әлі де мол рухани мұра қалдыруына мүмкіндік бермеген, адамзат баласына қарсы қылмыс жасаған баскесерлердің есімдері болса архив қойнауында «тығылып», тып-тыныш жатыр. Ел тағдыры, болашағы, ғылым мен әдебиет, мәдениет үшін аянбай еңбек еткен, нақақтан атылған азаматтар болса жаңа ұрпақ санасынан өше бастағандай… Кезінде кеңес үкіметі озық ойлы жандарға жалған айып таға отырып, оларды қаралауға қалың халықты, әсіресе завод, фабрика жұмысшыларын жұмылдырғаны баспасөз беттерінде сайрап жатыр. «Уничтожить врагов народа!», «Атылсын!» деп келетін үкім-ұрандарды жалпы көпшілік қана емес, зиялы қауым өкілдері де айтқан, жазған. Мұндайда, асыл Абайдың «тобыр» деген сөзін қалайша еске алмассың. Өз қылмыстарын халық тасасында тұрып жасаудың, көптің қолымен от көсеудің кеңестік-классикалық бір үлгісі – осы. Мұның бәрі Сталин жанының ерекше «тәтті» болғандығынан туған саяси ылаңдар еді. Оның қыры мен сыры бүгінде айтылып та, жазылып та жатыр. Бәленің басы 1934 жылдың аяғындағы С.М.Киров өлімінен басталған десек, соны ұйымдастырушы – Сталин деген пікірлер талай рет қылаң берді. Өз тұрғыластарының іскерлік қарымынан, ел алдындағы күн санап өсіп келе жатқан беделі, толымды тұлғасынан сескенген Сталинге 1937-1938 жылдарғы репрессия өз оппоненттерінен арылып, шексіз билікке құрылған өктемдігін сақтап қалу үшін қажет болған. Кеңес еліне қырғын салып, қан сасытып жасаған қылмысын саяси «қалпақпен» бүркемелегісі келген. Сонда, бейбіт өмір жағдайында, небәрі екі жылдың ішінде, 20 миллион жазықсыз адамды мерт қылған Сталинді ХХ ғасыр жауызы, баскесер, өз еліне қастандық жасаған нағыз қарау, қанішер адам демеске не шара? Оны Гитлерден жоғары болмаса, төмен қоюға келмейді. Германиядағы фашизм сияқты Сталин де адамзат баласына қарсы зор қылмыс жасаған қаны қарайған адам: Гитлер – өзге, Сталин – өз халқына қысастық жасаған жендет. Айырмасы осы ғана.


Демек, Сталин – жендет, отызыншы жылдар – жендетизм дәуірі болып шығады.

НКВД – «соқырдың»
қолындағы ұстара
«Покаяние» кинофильміндегі се­кілді жендеттік жасаған әкелерінің «бағасын беріп» жатқан ұрпақ бізде жоқ. Сонда жоғарыдан түсетін қылмысты бұйрықтарды асыра орындаған НКВД жендеттерін қалай бағаламақпыз? Оларға қандай баға қолданбақпыз? Осы кезге дейін көпшілікке жария болған деректер НКВД – фашистік СС, яғни, жазалаушы қызмет атқарған орган деген пікірді толық қуаттайды. Егер, осы негізде Гитлер – Сталин, СС – НКВД ұғымдарының арасына теңдік белгісін қояр болсақ, оларға Нюренбург процесінің шешімдерін қолдану қажет болады. Бүгінде біз бес жылға созылған Ұлы Отан соғысында, шамамен 20 миллион адам қырылған деп жүрсек, Сталин мен НКВД жандайшаптары бейбіт жағдайда, небәрі екі жыл ішінде, осыншама (20 миллион) адамды жазықсыз мерт қылған. Фашизмге қарағанда Сталин – НКВД органдарының адамзат баласына жасаған хайуандықтарының деңгейі әлдеқайда жоғары ма деп қаласың.
Олай болса, Сталинді «адамзат бала­сының қас жауы», сол тұстағы НКВД жүйе­сін, онда қызмет істеген, шаш ал десе, бас алған жендеттерді «халық жауы» деп бағалаған дұрыс болады. Бұл баға олардың ел басына салған ылаңдарына әбден лайық. Коммунистік партия басшыларының «қымбат» жандарын бағып, режимге қызмет істеген жендеттер Құдайдың қызметіне араласып, мыңдаған азаматтарымыздың өмірін ерте әрі жазықсыз қиды. Ұлы даланы қан сасытқан, сол қанішерлердің ел алдында жауап бергені бар ма, сірә? Кирдің басын қанға салған Томирис секілді, ата-баба салтымен қанқұмар Сталин мен оның үкімдерін аймақтарда орындаған басшылардың бас сүйектерін қан құйылған ыдысқа салып қоюдың да сөкеттігі болмауға тиіс. Тым болмаса, осы мазмұндас символ-силуэт жасап қою керек шығар. Болмаса есімдері мен жасаған қылмыстарын қара тақтаға жазып, репрессия құрбандарына қойылған ескерткіштердің бір бұрышына орналастырға да болады. Келер ұрпаққа сабақ берудің бір жолы – осы.

«Тройка» деген кімдер?
Халық арасындағы көзі ашық, әді­летшіл, бас көтерер тұлғаларды атып, жа­залаған кеңестік НКВД жанында «двойка», «тройка» деген қылмыстық топтардың жұмыс жасағаны жалпы жұртқа мәлім. Бірақ, олар туралы мәлімет жоқтың қасы. Бұл сандық терминдерге құрылған атаулардың сыры неде? Осы кезге дейін жария болған құжаттарға қарағанда, «үштік» сол жылдары қолында билігі болған лауазым иелерін білдіретін сияқты. Біздің пайымдауымызша, олар ВКП(б) облыстық (қалалық) комитетінің бірінші хатшысы, атқару органының төрағасы және облыстық прокурор болуға тиіс. Жауап ал десе, жұдырық пен аяқ жұмсап, шаш ал десе, бауыздап жөнелуге бейім, ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған НКВД жендеттері «үштікке» мәлімдеме жасап, «айыпталушының» өз кінәсін толық мойындап, хаттамаға қол қойғанын баяндаса, үштік «атылсын!» деген қылмысты үкім шығарып отырған. Орыстар айтпақшы «два сапога – пара» болып қара ниетпен қылмыс жасаған. Жасамаған «қылмысын» мойындату – НКВД жендеттері қолданған адамзатқа қарсы қылмыстардың бірі! Олар өз тәжірибесінде гестапо тәсілдерін қолданған деуге толық негіз бар. Өйткені, себепсіз тұтқындалғандар арасында НКВД баскесерлері мойнына қиып салған «қылмысын» мойындамаған жан жоқ есеп! Хаттамаға қол қойғандары із суытпай атылып кете барған. Кезінде НКВД-КГБ мекемелері берген «умер в лагере от язвы желудка» деген анықтамаға қарағанда бірен-саран қол қоюдан бас тартқандары тепкіден шектері үзіліп мерт болған ба деп шамалаймыз. Өз басым «язва желудка» деген тіркесті осылай қабылдаймын.
Сталин – НКВД-КГБ мекемелерінің 1937-1938 жылдарғы ойраны өз алдына, 1948-1953 жылдары репрессиядан аман келген немесе күдікті саналған азаматтарды кінәсі бар-жоғына қарамастан қайтадан қамауға алуы – әлем тәжірибесінде болып көрмеген жауыздық! Демек, олардың ел ішінде салған ойрандары тарих тасасында жата бермей, өзінің тиісті бағасын алуы керек. Оны жалпылама қаулы емес, әрбір саяси процестің қылмыстық астарын айқындауға, жеке шенеуніктердің қылмыстық істерін әшкерелеуге негіздеу қажет. Сонда ғана сталиндік НКВД-ның адамзат баласына қарсы жасаған террорлық істеріне тұшымды баға берілмек.

«Міржақып Дулатовтың
күйеу баласы»
Республика кө­ле­­­мін­дегі айтулы оқи­ға­лардың өткен жылғы күнтізбесіне КСРО Жазушылар ода­ғының мүшесі, әдебиет сыншысы әрі аудармашы Әлібек Қоңыратбаевтың есімі еніп келеді. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешіп, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне бір кісідей еңбек еткен қаламгер мұрасы көзіқарақты оқырмандар болмаса, бүгінгі жас ұрпаққа беймәлім деуге болады. Қан сасыған 1937 жылы қандықол жендеттердің қолынан мерт болған жазушылардың бірі – Әлібек Қоңыратбаев. Оның қылмыстық ісінде «зять ярого врага советского народа Мир-Якуба Дулатова» деген анықтама бар. Осы жолдар оның тағдырын шешіп кеткенге ұқсайды.
Әлібек Қоңыратбаев – кеңес дәуірі­нің тұлғасы. Түркістан Республикасы құрылғанда Ташкентте ашылған «Ки­ринпросқа» (кейін «Казинпрос») оқуға түскен. Бірақ, сол жылдарғы аштыққа шыдамай елге оралып, ұстаздық жұмыс істейді. Түркістан Республикасы тарап, Ақмешіт біріккен Қазақстанның орталығына айналғанда ағасы Қалжан Қоңыратбайұлы Әлібекті досы Міржақып Дулатовтың қолына беріп, Қызылордада оқытады. 1928 жылы Алматыда ашылған Қазақ университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түскен Әлібек Қ.Жұмалиев, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Р.Уәлиахметов, А.Әлібаев, М.Жанғалиндармен бір курста оқып, үлкен әдеби өмірге құлаш сермеген. Қазақстандағы әдебиет майданында М.Жолдыбаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтермен қатар көрінген.

Қаламгер келбеті
Әдебиет майданында Әлібек көбіне сыншы, аудармашы, оқулық авторлары ретінде көрінген. «Горький қазақ әдебиетінде», «Қаскелең» поэмасы туралы», т.б. сыни мақалалары сол тұстағы әдеби сынның талаптары тұрғысынан жазылған. Қаламгердің прозалық туындылары да жоқ емес. М. Жолдыбаев, М.Әуезов, А.Әлібаевтармен бірігіп алғашқы әдебиет оқулықтарын жазғаны да белгілі. Әлібек туралы алғашқы деректерді академик Қажым Жұмалиевтің «Жайсаң жандар» (1968) атты естеліктерінің С.Сейфуллинге арналған тарауынан кездестіреміз. Онда ғалым Әлібектің көңілді, ақжелең жігіт болғанын, Сәкенді бұрыннан білетінін баяндаған.
Әлібек Қоңыратбаевтың жастық шағын­дағы тұлғалық-шығармашылық келбетін поэзия және проза тілімен де сомдалған. Әсіресе:
Мен оның ұмытқам жоқ ақ сәулесін,
Сымбатын сұлулардың алған есін.
Мен өзім ұйып жаным тыңдағанмын,
Күлдіріп айтқан талай әңгімесін.
Бір тұрып, бірге жүріп, бір
жатқанмын,
Ащыны, тұщыны да бір татқанмын.
Бір күліп, қайғырғанда бірге жылап,
Бірге ішіп бокалды да құрғатқанмын.
Қосылып өлеңді де бірге айтқанмын,
Қызықтан қыз ұзатып бір қайт­қанмын.
Айтыста айқайы көп бірге сөйлеп,
Түндерін бірге өткізгем бойдақтардың…
Ықпайтын я суықтан, я ыстықтан,
Жеркенгіш жаны да ұсақ пысықтықтан.
От қанат сорғалаған сұңқар еді,
Ішінен қалың өрттің ұшып шыққан.
Жау еді жарамсақ пен жалтақтыққа,
Жау еді арын сатып жан сақтауға.
Құрбыны сүюші еді, сүйеуші еді,
Қиыннан, қиянаттан шаршатпауға.
Қайда енді сол бір досым, сүйенішім?
Таба алмай таңдаулымды күйеді ішім.
О, досым, жарқ етіп бір келсең еді,
Бауырыңды баяғыша сүйеу үшін, – деп келетін қаламгердің досы, ақын Әбділда Тәжібаев толғаныстарының орны бөлек.
Әр жылдары Әлібек туралы тетелес ағасы Әуелбек Қоңыратбаев, академик М.Қаратаев, ақын Асқар Тоқмағамбетов, аудармашы Х.Өзденбаевтар естеліктер жазған. 70-жылдардан бері қаламгер туралы мәліметтер «Қазақ ССР энцикло­педиясы» (1975, 6-т.), «Қазақ ССР. Қыс­қаша энциклопедия» (1984), «Қа­зақстан. Ұлт­тық энциклопедия» (2004, 6-т.) сияқты республикалық ресми анықтамалықтарға енген. Оның бергі жағында «Қазақстан жазушылары» (1934), «Советтік қазақ жазушылары» (1987), «ХХ ғасыр. Қазақ жазушылары» (2004), басқа да жинақтарға еніп келеді. 2008 жылы алғаш рет қаламгердің шығармалар жинағы жарық көрді.
Әлібек Қоңыратбаев республикамыздың әдеби өміріне ерте араласқан қаламгер. 20-жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жазушының әдеби-публицистикалық мақалалары мен эссе-әңгімелері жарық көре бастаған. 1931-1933 жылдары қалам­гер Қазақстан Жазушылар одағының жауапты хатшысы қызметін атқарып, жазушылар съезін өткізген. Сол тұста жарық көрген «Қазақстан жазушылары» атты анықтамалыққа енген санау­лы қаламгерлердің қатарында Әлібек Қоңыратбаевтың есімі де бар.

Мойнына қиып салған «кінә»
Әлібек – барынша қысқа ғұмыр кешкен Сыр елінің бір түлегі. Балалық шағы Шиелі жерінде өтіп, кейін республикаға танылған қаламгер. Кеңестік НКВД баскесерлері аты-шулы 58-статьяның бірнеше баптары бойынша айыптап, мерт қылған. Сүйегі Алматы облысы, ГРЭС маңындағы Жаңалық елді мекенінде жатыр. Иә, НКВД жендеттері Әлібекті небәрі 30 жасында тұтқындап, тергеу камерасында сотсыз, қылмыстық топ – үштіктің шешімімен қарақұсынан оқ атып, бас сүйегін тесіп өлтірген. Өлі денені қапқа салып, аузын буып, қараңғылық орнағанда үсті палаткамен жабылған, іші өлікке толы үлкен әскери машинамен қазіргі Жаңалық елді мекені орналасқан жазық далада күнілгері қазылып қойған орға аударып, трактормен көміп тастаған. Олардың бұл қылмысын бала кезінде көнекөз қариялар көрген. Сол мәліметтер негізінде барып мемориалдық белгі орнатылған-ды.
Мойнына қиып салған «қылмыстары» адам күлерлік: «неміс-жапон шпионы», Өлкелік ВКП(б) комитетінің бірінші хатшысы Мирзоянды өлтірмек болған «террористік» топтың мүшесі деген сандырақ. Кейде, осыған НКВД жендеттерінің өздері сенді ме екен? Әлде жоғарыдан түскен үкімді орындап, іштей тынып, қылмысқа барып отыра берді ме? –деген ой да мазалайды. 30-жылдардың ортасында Әлібектің Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнарға қосылғаны тарихтан белгілі. Ұйғыр махалласында өткен сол тойға «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов пен тілшісі Қалжан Қоңыратбаев қатысқан. Жастардан Әбділда Тәжібаев беташар айтып, Рахым Уәлиахметов, Абат Әлібаев, Қадыр Тайшықов, басқа да достары сөз сөйлеп, екі жастың бақыты, ұзақ ғұмыры үшін тост көтерген.
1935 жылы М.Дулатовтың ұлы Әлібек қайтыс болған. Оны жерлеуге ер адамдардан Ахмет Байтұрсынов пен Әлібек Қоңыратбаев қана қатысқанын кезінде Г.Дулатова жазды. Араға бірер жыл салып 1937 жыл оқиғалары басталғанда жоғарыда есімдері аталған қаламгерлердің барлығына жуығы «халық жауы» ретінде қамалған. Қармаққа алғаш іліккен сол жылдары Казиздатта оқулықтар бөлімін басқарған қаламгер – Әлібек Қоңыратбаев. Ол 1937 жылдың 17 наурызында Казиздаттағы жұмыс орнында тұтқындалған. Оған кеңес өкіметінің «қас жауы» М.Дулатовтың күйеу баласы екенін есіне сала отырып, бүкіл одақ көлемінде коммунистік партия басшыларының көзін құрту бағытында әрекет етіп жатқан «террористік» топтың мүшесі деген жалған айып тағылған. Кейін, бұл топтың Қазақстандағы мүшелері І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлиндер болып кете барған. Оларға гестаполық тәсілдер қолданып, жауап алған сайын тістерін «тірідей» жұлып, екі самайын тезге салып, көзін шарасынан шығарып, тырнақ астына біз тығып, жандарын көздеріне көрсеткен. Ұрып-соғу, тепкі өз алдына. Осындай қорлауға шыдамаған қаламгерлер, бірінен соң бірі «қылмыстарын» мойындап, жендеттер жасаған жалған хаттамаға қол қоя берген. Аяғы – атылу…

Екіұшты ақтау
Кезінде КГБ мекемелері Әлібек туралы әр түрлі мәліметтер беріп отырған. Мысалы, 1955 жылы «жылымық» басталғанда Әлібектің анасы тиісті орындарға хат жазып, баласының тағдырын сұраған. КГБ мекемелері жауап беріп, Әлібектің 1946 жылы лагерьде «асқазан жарасынан» қайтыс болғанын жазыпты. Қош делік.1956 жылғы Әлібек Қоңыратбаевты ақтау туралы Түркістан әскери огругі берген анықтамада «реабилитирован за недостаточностью собранных доказательств» деп жазылып, өлген себебі көрсетілмеген. 1989 жылы Түркістан әскери округінен келген жауап хатта Әлібек Қоңыратбаевтың Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігінің 1937 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен 1937 жылдың 2 желтоқсанында НКВД-ның Мемлекет қауіпсіздігі басқармасының тергеу камерасында атылғаны жазылған. Оған қойылған айыптар қатарында:
– 1933 жылы Ілияс Жансүгіровпен антикеңестік-ұлтшылдық, террористік-диверсиялық, шпиондық-көтерілісшіл ұйымға тартылып, контрреволюциялық жұмыстарға белсене араласқаны;
– «Жүргенов, Тоғжанов және басқа­лардың қатысуымен өткен бірнеше құпия жиналыстарға қатысып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкетіп, орнына ұлтшыл-буржуазияшыл мемлекет орнатуды көз­дегені;
– террористік топқа кіріп, Қазақстан ҚП (б)Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жолдасты өлтіруге дайындық жаса­ғаны;
– Жүргенов пен Жансүгіровтің тапсырмасы бойынша террористік топқа Тәжібаевты және Жанғалинді тартқаны;
– студент жастар арасында антикеңестік үгіт жүргізіп, оларды террор мен антике­ңестік көтеріліске шақырғаны;
– контрреволюциялық жұмысқа Мәме­тованы тартқаны;
– баспа беттерінде антикеңестік ұлтшыл идеологияны жүргізіп отырғаны;
– КСРО-ға қарсы ұлтшыл-контр­рево­люцияшыл шығармаларды жарыққа шы­ғарғаны» көрсетілген.
Хат қолға тиген бойда, Алматы қаласы Медеу аудандық АХЖ (ЗАГС) бөліміне барып қаламгердің өлгені туралы куәлік беруді сұрадым. Хаттың көшірмесін бердім. Бірақ, олар мұндай мәселені КГБ мекемелерімен келісіп істейтінін айтып, бір аптадан соң жолығуды сұрады. Уағдаласқан мерзім өткен соң тағы да бардым. Қолыма ұстатқан куәліктегі «причина смерти – язва желудка» деген тіркесті көргенде таң қалып, мұның себебін сұрадым. Олар себебін бізден емес, КГБ-дан сұра деді. Ондағылар «құйрығын» ұстатпады. Сонда деймін-ау, кезінде баскесерлердің қолынан мерт болған Әлібек Қоңыратбаев асқазан жарасынан өлген бе, әлде тергеу камерасында атылған ба? Әлде «НКВД жендеттерінің тепкісінен шегі үзіліп өлген бе? Бұл жағы әлі күнге құпия…
Адам тағдырын шыбын құрлы көрмеген НКВД баскесерлерінің тірлігі осындай болып кете барады. Қазақ даласын қанға бояса да олардың есімдері тарих тасасында қалып отыр. «Елу жылда – ел жаңа» десек те, 30-жылдарғы НКВД құжаттары мемлекеттік архивке түспей келеді. «Жазықсыз жазаланған аға буын зиялылардың ұрпақтары жау­ласып кетеді» – деген желеумен қанішер, кісәпірлердің есімдерін жасырып жүргендейміз. Осынымыз қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс? Құн дауын былай қойғанда «судың да сұрауы бар» деген қазақ қолдан өлтірілген ұлдарына келгенде неге үнсіз? Осының бәрін кешегі «баскесерлер» мекемесінің ізіндегі, бүгінде атауы өзгерген ҰҚК қызметкерлері атқарып, архив қоймаларын тарс жауып қоймай, еріксіз өлтірілген кісілердің ұрпақтарына жол ашып, қылмыстық іс-құжаттарымен танысуға мүмкіндік тудырып жатса қанекей! Көбінің суреттері де сақталмаған, әрі-беріден соң олардың қолтаңбаларының да ұрпақтары үшін танымдық мәні бар екенін ескерген жөн болар еді.
Қайғы – бөліссе жеңілдейді деген осындайда айтылса керек. Ел, халық алдындағы қылмысты жасырып бола ма? Ерте ме, кеш пе оның бәрі де ашылады. Ақиқат – бәрін де жеңіп шығатын мәңгілік категория. Сонда талай уақыт бас шұлғып, құлдық психологияны байқатудан көрген пайдамыз қайсы?..

Шаяхметов – әпербақаншыл тұлға
НКВД жендеттері ғана емес, сол тұста­ғы партия қызметкерлеріне де беріліп жатқан бағалар көңілден шықпайды, ақиқатқа сай келмейді. Репрессия жылдары Алматыда НКВД басқарған бір ғана Жұмабай Шаяхметовті алып көрелік. Қолы қан сасыған жендет 1938 жылдан республикалық партия ұйымының хатшылығына сайланып, 1946-1954 жылдары оған жетекшілік жасап, қазақ зиялыларына тізесін тағы да оңдырмай батырған. Оның тікелей араласуымен қабылданған «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси-өрескел қате­ліктер» (1947, «СҚ» 1 ақпан), «Идеология майданындағы қызметкерлердің айбынды міндеттері» (1947, «СҚ», 14 ақпан), «Қазақстан партия ұйымында идеологиялық жұмыстың жайы туралы ҚК(б)П ОК ХIХ Пленумының Ж.Шаяхметов жолдастың баяндамасы бойынша қаулысы (1948)» сияқты тарихи құжаттардың регресстік сипаты басым. Сол негізде Әуелбек Қоңыратбаев, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Әмина Мәметовалар Қазақ ССР Ғылым академиясынан қуылып, Алматыдан жер аударылған. Қалай болғанда да бұл қаулы-қарарлардың қазақ ғылымын ондаған жылдарға кері шегеріп тастағаны анық.
Бұл аз болса, 50-жылдарғы сая­си қуда­­лауларды еске алып көрелік. Е.Ыс­майылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамед­ханов, Е.Бекмахановтар ғылыми зерт­теу­лері үшін ұзақ мерзімге бос бостан­дықтарынан айрылса, М.Әуезов, А.Жұ­банов, І.Кеңесбаев сияқты бір топ ғалымдар қызметтерінен қуылған. Осының бәрін білгендіктен Шаяхметовтың 100 жылдығы тұсын­да БҰҰ (ООН) қызмет істейтін немере­сінің қазақ интеллигенциясының ұрпақ­тарынан кешірім сұрағаны бар. Бұл те­гін емес. Қазақ зиялылары, одан қалды оның өз ұрпақтары халықтан кешірім сұрап жатқанда 1936-1937 жылдары Алматы облыстық НКВД басқармасында жетекші қызметте болған Шаяхметов феноменін мақтағысы келетіндерге жол болсын! Мыңдаған жазықсыз жандардың қанын ұрттап ішіп, ондаған ғалымдарды қуғын-сүргінге түсірген жендеттің халыққа қарсы іс-әрекеттерін бір ауыз кешіріммен ақтай салуға бола ма, сірә. Қаншама адам өз еркінен тыс өмірмен ерте қоштасты! Қаншама өмірге келуге тиіс жас ұрпақ жарық өмірдің не екенін біле алмай кетті! Қаншама отбасы жетімдік пен жесірліктің дәмін татты! Олардың сұрауы кімнен?
Орта ғасырлардағы түркі тайпаларында қанға-қан деген болған. Бізде, ол кейін құн дауымен алмастырылған. Ендігі жерде, мәселені осылай да қоюдың кезегі жеткендей. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ, жазықсыз жапа шеккен 20 миллион жанның сұрауы болу керек деп санаймын. Қысқасы, қан сасыған 1937 жылдың ақиқаты әлі толық ашылған жоқ. Біздің қанағат тұтып жүргеніміз жеке тұлғалардың тағдырына қатысты деректер ғана. Тұтас күйінде қуғын-сүргін жылдарына ғылыми баға берілген емес. Оның күні алда деп білген ләзім. Дегенмен, барлық шешімді көпшіліктің қолы жетпей жатқан НКВД – КГБ мекемелерінің архивтік құжаттарына тірей бермей, қандықол жендеттерді мерзімді баспасөз беттеріндегі деректер арқылы да анықтауға болады екен. Репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында, қуғын-сүргінге түскен тұлғалардың ұрпағы ретінде, тым болмаса еліне зорлық пен зомбылық көрсеткен нағыз халық жауларының кейбіреулерінің аттарын атап, түстерін түстеп өтуді артық көрмедік.

 

Алдыңғы «
Келесі »

5 Пікір бар

  1. Дұрыс айтады, қуғын-сүргінге байланысты заң қабылдау қажет. Оның себебін, халыққа жасалған қиянатқа ғылыми баға беріп, оқулықтарға енгізу керек.

  2. Нағыз жаулар солар – нквдшники

  3. Иә, олар ат десе, ата салады.

  4. Ойбай, 1937 жыл ғана емес, бүгін сондай тапсырма берілсе,тағы да атады, қырады. Қай заманда да солай…

  5. Сұмдық!

Пікірлерге тыйым салынады.