Қоғамдағы саяси мәдениеттің даму ерекшеліктері

  • 05.08.2013
  • 6569 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Саяси мәдениетті қоғам мен заман талаптарына сай қалыптастырып, дамытуда құндылықтардың ықпалы зор. Осы құндылықтар жүйесінде саяси құндылықтардың маңызы айрықша. Саяси мәдениеттің дамуындағы саяси құндылықтардың ықпалын қарастырмастан бұрын алдымен құндылық ұғымының мәнін анықтап алғанымыз жөн болар. Сонымен, құндылықтардың табиғатын, қалыптасуын зерттейтін ілім аксиология (грек тілінен «аксе» – құндылық, «логос» – ілім деп аударылады) деп аталады. Бұрынғы КСРО-да ХХ ғ. 60-жылдарына дейін құндылықтарды зерттейтін сала – аксиология «буржуазиялық философия» деген атпен шеттетіліп келді. Ал, бүгінде қоғамдық ғылым салаларында құндылықтар мәселесі жіті зерттелуде. Құндылық дегеніміз – бұл идеялардың, түсініктер мен оларға сәйкес әлеуметтік-психологиялық білімдер жүйесінің (ұстанымдардың, әсерлердің, көзқарастардың), іс-әрекеттердің құралдары мен әдіс-тәсілдерін таңдау және оларды жүйелі түрде жүзеге асыру мен күнделікті тәжірибеде қолдану дәрежесі болып табылады [1]. Қоғамның мәдени-саяси деңгейі, ондағы көзқарастардың әр алуандығы мен айқындығы мемлекеттік құрылымда қалыптасқан құндылықтар жүйесімен анықталады. Құндылықтар жүйесі қоғамның идеологиясы мен мәдениетінің сипатын бейнелеп көрсетеді. Сол сияқты құндылықтар қоғамдық ортада объективті және субъективті сипатта көрініс табады. Объективті дейтініміз ол шынайы түрде жүзеге асырылады, дегенмен де бұл тұрғыда адамға тәуелді емес. Ал, құндылықтарды субъективті деп қарайтынымыз – ол сезім арқылы адам санасына қабылданып, орын алады. Осылайша, адам ақыл-ойы мен санасы арқылы құндылықтар жүйесін игеріп, оларды өз мақсат-мүддесіне орай ұстанып, бағалай бастайды.


Ал, саяси құндылықтар дегеніміз – қоғамның түрлі салаларында, солармен бірге оның саяси өмірінде де саяси-әлеуметтік субъектілердің өздерінің іс-әрекетінде, көзқарасында бағыт-бағдар етіп ұстайтын идеялары мен ұғымдары. Саяси құндылықтар саясат пен саяси сананың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Олар саясат субъектілерінің саяси-әлеуметтік сипаттағы мақсат-мұраттарының жүзеге асуына мүмкіндік тудырады [2]. Саяси құндылықтар қоғамның саяси-әлеуметтік саласында саяси мәдениетпен, саяси мақсат-мұраттармен, саяси ұстаным және мүдделермен бірлесе қалыптасып, тіршілік етеді. Демек, саяси құндылықтар – қоғамдық-саяси жүйеде саяси мәдениетті қалыптастыру мен оның дамуы жолындағы негізгі факторлардың бірі болып табылады. Осымен байланысты бүгінгі таңда саяси мәдениетті құндылықтар мен ұстанымдар жүйесі ретінде сипаттаудың маңызы ерекше. Өйткені «…бүгінгі таңда біздің пәтуа – бірлігімізге саяси құндылықтар ғана тұғыр бола алады» [3].
Қандай қоғамдық құрылымда болмасын жүзеге асырылған маңызды жаңаруларға орай, бірқатар саяси құндылықтардың өзектілігі ерекше арта түсетіні белгілі жайт. Мәселен, ортағасырлық Қазақ хандығының билігі кезінде өзге ұлт аймақтарымен салыстырғанда, қазақ мемлекетінің дәстүрлі саяси жүйесінде дала демократиясы қалыптасқан болатын. Бұл қазақ халқының қатал билік жүйесіне тәуелсіздігінен, адамға жеке тұлға ретінде түсіністікпен қараудан, жеке билікке бағынушылық қатынастың жоқтығынан көрінеді. Сол кездегі қазақ қоғамында «қауіпсіздік», «теңдік», «Атамекенді қорғау», «бірлік», «ерік­тілік» тәрізді саяси құндылықтар маңызды орын алған еді. Олардың бүгінгі күні де рөлі ерекше.
ХІХ ғ. ІІ-ші жартысында қазақ даласында саяси идеология ретінде ағартушылық кең өріс алып, дамыды. Ұлы ғалым, қазақтың ағартушы-демократы Шоқан Уәлиханов қазақ елінің саяси өміріндегі өзекті мәселелердің шешімі бұқараның демократиялық құқықтары мен бостандықтарын кеңейтумен, материалдық әл-ауқатын жақсартумен, этносаралық қатынастар мен ұлттық мәдениеттерді жетілдірумен тығыз байланысты деп тұжырымдаған. Сондай-ақ, ғалым қоғамдағы адамдардың адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін олар еркін болып, сауаты жоғары болуы тиіс, сонда ғана ел тұрғындары қоғамда белсенді іс-әрекет етуге қабілетті болып қалыптасады деген ойды тұжырымдайды.
Осы кезде қазақ халқынан шыққан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің қоғамдағы халықты сауаттандыру ісі үшін көтерген бастамасы өз кезеңіндегі ұлттық идеяға парапар болды. Себебі халықты прогрестік жолға түсіру мен тәуелсіздік жолындағы саяси күреске бастау үшін алдымен олардың білімін көтеру өте маңызды жайт екенін ұлы ұстаз жете түсінген еді.
Қоғамдық құрылымдағы қызу өзгерістер саяси тұлғалардың қазақ елін одан әрі қарай дамытуда саяси таңдау жасау қажеттігіне әкелді. Осыған орай Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «тәуелсіз автономиялы қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынса, Әлихан Бөкейханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Ресей республикасының құрамындағы қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы» болуын қолдады. Ал, қайраткер Тұрар Рысқұлов қалыптасқан саяси ақуал жағдайында ұлттық мүдде үшін күресу мақсатымен Кеңес өкіметіне қызмет ете отырып, ол өкіметті жергілікті халықтардың төл өкіметіне айналдыруға ұмтылды. Ол 1920 жылы ұсынған бағдарламасы бойынша Түркістан автономиясының саяси мәртебесін анықтап, РСФСР құрамындағы Түркістан автономиясын құрмақшы болды. Сөйтіп, Түркістанда «ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы» негізінде ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіруді ұсынды. Т. Рысқұлов басқарған Мұсылман Бюросы Түркістан Республикасында жергілікті халықтардың егемендігін жүзеге асыру үшін, ондағы тұрғындардың негізгі басым бөлігі түркі тілдес халықтар болуына орай «Түрік халықтарының Республикасы» атты ұлттық мемлекет құруға бекінеді [5]. Міне, осылайша ХХ ғ. І-ші ширегінде қазақ жерінде осындай саяси құндылықтар қанат жайып, зор маңызға ие бола бастады.
Бұдан кейін тоталитарлық басқару жүйесі үстемдік еткен КСРО-ның құрылуына орай, барлық ұлт республикаларында, соның ішінде Қазақстанда да «саяси билік» негізгі құндылық көзіне айналды. Ұлт аймақтарында кеңестік билік «теңдік пен әділдікті әкелетін социализмнің» орнына ұлттық негіздегі құрылым мен құндылықтар жүйесін басып, жаныштайтын қоғамды қалыптастырды. Мемлекеттегі барлық саяси үдерістер, сонымен бірге саяси мәдениет пен саяси құндылықтар жүйесі де тоталитарлық билікке негізделген қоғамдық-саяси институттардың бақылауында болды. Қоғамдағы мұндай саяси-әлеуметтік ақуал, әрине, ұлттық сипаттағы мәселелердің оң негізде шешілуіне, сондай-ақ, мемлекеттегі саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларды қалыптастырып, дамытушы қоғам мүшелерінің саяси белсенділігінің жетілуіне, олардың саяси әлеуметтену үдерісіне кері әсерін тигізетіні айқын. Әрі ондаған жылдар бойына тоталитарлық басқару жүйесінің ықпалында өмір кешкен Қазақстан азаматтары да өз еркінен тыс келісімпаздық (конформистік) саяси мәдениеттің ырқында болып келді. Ал, бүгінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізуіне байланысты социалистік қоғамдағы саяси мәдениет, саяси құндылықтар мен дәстүрлер өзгеріске ұшырап, қоғамдық өмірде маңызды саяси құндылықтар жүйесі даму үстінде. Бұл кезеңде қалыптасқан жағдайға саясаттанушы ғалым К.Л. Сыроежкин «…коммунистік идеялар күйреген және өзіндік идеологиялық вакуум туған кезеңде заңды түрдегі ұлттық құндылықтарға қайта оралуымен байланысты қоғамдық өмірдің этникалық аспектілері күшейе түсті», – деген түсініктеме береді [6]. Осымен байланысты еліміз өзіндік дербес даму жолын табу мақсатымен қызу ізденіс үстінде. Алайда, ел тұрғындарының басым көпшілігіне өзге мәдени дәстүрлер мен саяси-мәдени құндылықтарға еліктеу және солардың негізінде бағдар жасау қасиеті тән болып отыр. Әрине, адамның ұзақ жылдар бойына қалыптасқан ойлау жүйесінен, бағдарлану дәстүрінен бір сәтте арылып, өзіндік даму ерекшелігін табуы оңайға түспейді. Оның үстіне соңғы уақытта бүкіл әлемде өзара ықпалдасу үдерісі де қызу өрістеу үстінде. Бұған қоса көптеген ұлт өкілдері, соған орай мәдениеттің көп түрлілігі бірігіп, топтасқан Қазақстан қоғамында бұл саясаттың ерекше байыппен әрі парасаттылықпен жүзеге асырылғаны тиімдірек. Десек те қоғамда демо­кратиялық институттардың орныға бас­тауы мен қоғамдық құрылымдар арасындағы ауқымды ықпалдастықтың жүзеге асырылуына орай қоғам мүшелерінің сана-сезімінде демократиялық, жалпыадамзаттық құндылықтар бірте-бірте басымдылық таныта бастады. Мәселен, олардың қатарында төмендегідей саяси құндылықтар бар: «демократия», «тәуелсіз мемлекет», «ұлттық қауіпсіздік», «адам құқықтары», «теңдік», «мем­лекеттік тіл», «жалпыұлттық келісім», «аза­маттық қоғам», «ынтымақтастық», «әділет­тілік», «еркіндік», «азаттық», «билік» және т.б. Бұл ретте «Азаматтың бойында елі мен оның құндылықтарына деген жақсы көрушілік болуы тиіс. Бұл әсерлі сезім, оны егу мен тәрбиелеу қажет», – дейді танымал ғалым Л.Ә. Байделдинов. Одан әрі осы ойын «…Тәуелсіздіктің жоғары саяси құндылық екендігі сөзсіз, өйткені оның арқасында халық мақсатты әрі белсенді түрде әлеуметтік жағдайды жетілдіреді, мемлекеттік билік пен саясатты қалыптастыру мен жүргізуге қатысады, өзінің барлық шығармашылық күш-қуатын қоғамдық өмірдің дамуын көтеруге арнайды. Тәуелсіздік жеке әлеуметтік субъект, қазіргі өркениеттің белсенді әрі дербес мүшесі ретінде өзінің шығармашылық сапа-қасиеттерін сақтап, оның дамуына өзінің үлесін қосу үшін әрбір ұлтқа қажет. Мемлекеттік тәуелсіздік ұлттың өзін-өзі қорғауын, өзін-өзі сақтауын және қиналмай дамуын қамтамасыз етуші күшті саяси құрал… Қазіргі саяси жағдайда тәуелсіз мемлекет халық үшін де, оның құрамына енетін ұлт үшін де сөзсіз, абсолютті құндылық болып табылады», – деп тұжырымдайды [7]. Осы саяси құндылықтар жүйесі өз кезегінде бірте-бірте демократияланған сайын мемлекеттегі әр адамның еркін дамуына, олардың саяси іс-шараларға белсенді қатысуына, саяси мәдениетінің жетілуіне мүмкіндік молаяры анық. Сондықтан саяси құрылымда демократиялық құндылықтарды кеңірек өрістету барлық азаматтарға ортақ қажеттілік болып табылады.
Бүгінде Еуропа мен Азияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан қоғамы мәдениеттің қай үлгісіне таңдау жасап, қандай құндылықтар мен бағыт-бағдарларды өзіне арқау етеді деген мәселе төңірегінде түрлі тұжырымдар жасалынуда. Өз кезегінде Г.К. Шалабаева: «Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы мәдени ақуал ұлттық рухани бағдарларды, адамгершілік құндылықтарын, салт-дәстүрлерді, ойлау тәсілі мен тілді жаңғыртуды қажет етеді. Дамыған елдерден қалмай отырып, еліміздің білім жүйесін қалыптастыру керек. Ол халқымыз бен мемлекетіміздің мәдени тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл білімді техникалық ақпараттық қамтамасыз етудің әлемдік деңгейіне жету мен мәдени құндылықтардың дәстүрлі ұлттық жүйесімен байланыстыру арқылы қол жеткізіледі» [8], – деп ұйғарым жасайды.
Қазақ қоғамы алдымен дәстүрлі ұлттық, одан кейіннен күштеу жүйесіне негізделген кеңестік саяси-мәдени әдет-ғұрыпқа, ал Батыс өркениеті бостандық пен еріктілікке, даралануға сүйеніп дамыған. Зерттеуші С.Коэн тұжырымдағандай: «қандай да бір саяси мәдениет өз Отанында дүниеге келмесе ешбір саяси жүйеде баянды болмақ емес». Яғни, қандай болмасын саяси мәдениеттің ұлттық ерекшелігі болуы тиіс.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізуімен байланысты саяси жүйеде түбірлі демократиялық жаңарулардың жүргізіліп жатқаны белгілі. Соған орай қоғамдық ой-санада еліміздің мемлекеттік құрылымында орын алған маңызды өзгерістер саяси мәдениеттің негізіндегі саяси құндылықтарға қандай сипатта өз ықпалын тигізіп отыр деген мәселенің туындауы заңды жайт. Бұл ретте зерттеушілер Т. Асанов пен Г. Шерьязданова «Қазақстан радикалды жаңаруларды басынан кешіріп жатқан ел болғандықтан, оның құндылықтары мен саяси мәдениеті де өзгеріске ұшырауда» деген пікірді ұсынады [9]. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдағы бұл өзгерістер ұрпақ өкілдерінің санасында төмендегідей сипатта қалыптасу үстінде. Яғни, біріншіден, демократиялық негіздегі либералды батыс құндылықтарын орнықтырудың, ал, екіншіден, ұлттық нышандағы мемлекеттік құрылымды негіздеудің жүзеге асырылуы.
Қазіргі қазақстандық қоғамда, өзге батыстық емес халықтардағы тәрізді сана-сезім деңгейінің жылдам өсуі, саяси-мәдени құндылықтардың жаңа қырларының ашылуы орын алуда. Мәселен, біз жеке тұлғаның құқығын қорғау мәселесі мен демократияны жетілдіре отырып, қоғамда өзге түрлі саяси құндылықтардың дамуының мүмкін еместігі жайлы бұрынғы көзқарастарымыздан арылудамыз. Алайда, тұтастай Батыс өркениеті болсын, әлде басқалар болсын өздерінің ортақ құндылықтарын күшпен енгізе алмайды. Өйткені Еуразиялық үлкен кеңістікте орналасқан Қазақстан Республикасындағы орнығып жатқан демократиялық үрдістердің өзіндік ұлттық дәстүрлі ерекшеліктері мен саяси-әлеуметтік қалпы болатыны сөзсіз. Соған орай өзге халықтар өкілдері біздің еліміздің саяси-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып ғана, өз құндылықтарын дамытуды ұсына алады. Яғни, өркениеттер арасында ортақ келісім орнауы тиіс.
«Әлемдік өркениетке қарай тәй-тәй басқан жас мемлекеттің буынын бекітетін, аңғал-саңғал жайрап жатқан ел экономикасының жыртығын бүтіндейтін, сөйтіп, біртұтас тиімді экономикалық жүйеге айналдыратын амал бар ма?» деп сауал тастайды философ-ғалым Ә. Нысанбаев. Бұл сұраққа өзінің «Адам және ашық қоғам» атты еңбегімен жауап береді.
Өркениетті дамыған елдердің қатарына қосылу, қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру және азаматтардың бойына саяси-әлеуметтік құндылықтар мен бағыт-бағдарларды дарыту еліміздің алға қойған көкейтесті мүдделерінің бірінен саналады. Осы мақсатқа жету үшін саяси жүйедегі әрбір адамның ұжымдық өмірінің мәнді де мағыналы болуына жағдай туғызылуы қажет. Өйткені қоғамдық құрылымдағы барлық түбірлі жаңарулардың жеке тұлғалардан құралатын түрлі ұжымдардың, қоғамдастықтардың топтасқан іс-қимылы мен саяси мәдениетінің деңгейі арқылы жүзеге асатыны белгілі. Міне, сонда ғана мемлекетіміз өркениетті елдер санатына қосылып, әлемдік дамудан өз орнын иелене алады.
Сонымен, бүгінде біз қоғамдық-саяси жүйені алға қарай дамыту үшін демократиялық құндылықтарды қабылдап, саналы таңдау жасадық, сондықтан да оның елімізде түбегейлі орнығуына мүдделіміз. Соның нақтылы көрінісі осы мәселенің конституциялық қағидалармен бекітілгені болып табылады.
Адамның тұрмыс халінің деңгейі оның саяси мәдениетінің сипатына, ұстанатын саяси нанымы мен бағытына шешуші ықпалын тигізеді. Белгілі америкалық саясаткер С.М. Липсеттің пайымдауынша, тұрмыстық жағдайы жоғары адамдар әл-ауқаты төмендерге қарағанда либералды болып келеді. Ол эмпирикалық зерттеулеріне сүйене отырып, «Бірқатар елдердегі қоғамдық пікірді зерттеу барысы тұрмыстық жағдайы нашар таптар орта және жоғары таптармен салыстырғанда қоғамдық жүйедегі демократияны өрістетуге салғырт» [14], – деген тұжырым жасайды. Бұл жайт материалдық әл-ауқаты төмен адамдар өзінің экономикалық қиыншылықтарын нақтылы қоғамдық жүйедегі саяси билікпен байланыстыратынына дәлел болып табылады.
Осылайша, шетел зерттеушілері атап көрсеткендей, қоғам неғұрлым бай болса, ол солғұрлым демократиялық үдерістерді дамытуға бейім келеді. Сол сияқты ел тұрғындарының да тұрмыстық қажеттіліктері толығымен қамтамасыз етіліп, олардың білім дәрежесі, сана-сезімі мен саяси-мәдени деңгейі жоғары сипатта болады. Сондай-ақ, қоғам тарапынан өз мүшелерінің тұрмыстық жағдайын көтеру жолындағы жүргізетін іс-әрекеттері олардың саяси көзқарастары мен ой-пікірінің жетілуіне, саяси бағыт-бағдарлары мен ұстанымдарының негізделуіне, саяси мәдениетінің деңгейінің жоғарылауына да өз ықпалын тигізері сөзсіз жайт.
Мемлекеттік құрылымдағы азаматтардың қоғамдық ой-пікірін қалыптастыруда, саяси бағыт-бағдарын, саяси мәдениеті мен көзқарасын жетілдіруде маңызды алғышарттардың бірі – білім шешуші рөлге ие. Білімді адамдардың саяси үдерістерге қатысуға қызығушылығы жоғары болып келетіні анық. Саяси құрылымдағы азаматтардың саяси рөлі мен саяси мәдениетінің деңгейіне оның білім дәрежесі зор ықпалын тигізеді. Білімді адамдар саяси үдерістерге қатысуының тиімділігін сезініп, өзінің саяси іс-әрекетке және саяси билікті жүргізуге ықпал ете алатындығына сенімді болып келеді. Неғұрлым адам білімді болған сайын, солғұрлым ол саясатқа қызығушылық танытып, оған белсенді түрде қатысады. Америкалық саясаттанушылар – Г. Алмонд пен С. Верба «Азаматтық мәдениет» (1963 ж.) атты еңбектерінде: «Білім – жеке тұлғаның саяси бағыт-бағдарын қалыптастырудағы маңызды фактор болып табылады… Білім арқылы азаматтық мәдениеттің көптеген маңызды бөліктері дамытылады. Ол индивидтің бойында саяси қатысудың дағдыларын орнықтыруға мүмкіндік береді. Білімнің негізінде адамдарды хабарларды алуға үйретуге, бұқаралық ақпарат құралдарымен таныстыруға, сонымен бірге оларды формальды саяси құрылымдар туралы, үкіметтік және саяси институттардың мәні жайлы ақпараттармен қамтамасыз етуге болады. Білімнің көмегімен демократиялық қатысудың қалыптасқан ережелерін жеткізу қызметі жүзеге асырылады» [15], – деп атап көрсетті. Демек, қоғам мүшелерінің саяси үдерістерге белсене қатысуы мен қоғамдық өмірдің нағыз субъектісі етіп қалыптасуы оның өзіне тән даму ерекшелігіне және жоғары білім деңгейі мен саяси-мәдени дәрежесіне байланысты деп түйін жасауға болады.
Қоғамдағы саяси мәдениеттің дамуына маңызды ықпал ететін келесі бір негізгі алғы­шарт – саяси-құқықтық фактор болып табылады. Оған саяси жүйедегі билік құрылымдарын, демократиялық тәртіп пен саяси мәдениет басымдығын қалыптастыруға, демократиялық үдерістерді құқықтық негізде орнықтыруға, саяси басқаруға, шешімдерді қабылдап, өмірге енгізуге азаматтардың белсене атсалысуы және т.б. жатады.

Толқын Әуелғазина,
саяси ғылымдарының докторы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Психология. Словарь. – М.: Политиздат, 1990. – С.442 .
2. Казахстанская политологическая энциклопедия. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – С.274.
3. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. -189-б.
4. Қазақ, 1917. – №257. – 21-қараша.
5. Әуелғазина Т.Қ. ХХ ғ. І-ширегіндегі қазақ қайраткерлерінің ұлттық мүдде жолындағы саяси күресі. Оқу құралы. – Алматы: Абай ат. АлМУ, 2001. – 12, 14, 16, 17, 34-б.
6. Сыроежкин К.Л. Государственность и этничность // Казахстан на пути к устойчивому развитию. – Алматы: Ғылым, 1996. – С.144.
7. Байдельдинов Л.А. Государственный суверенитет Республики Казахстан как политическая ценность // Саясат. – 2001. – №3. – С. 12.
8. Шалабаева Г.К. Национальная культура и противоречия социальной модернизации // Саясат-Политика, 1997. – №2. – С.41-42.
9. Асанов Т., Шерьязданова Г. Пути и перспективы становления демократии в Республике Казахстан // Евразийское сообщество, 1998. – №2. – С.9.
10. Ертысбаев Е.К. Массовое сознание в период общественной трансформации в Казахстане // Казахстан-Спектр, 2000. – №3-4(14). – С.6.
11. Нысанбаев Ә. Адам және ашық қоғам. Человек и открытое общество. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы, 1998. – 51-52-бб.
12. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Қазақстан, 2000. -4-б.
13. Энгельс Ф. Похороны Карла Маркса // Маркс К. и Энгельс Ф. Сочинения. – М.: Государственное изд-во политической литературы, 1961. – Т.19. – С.350.
14. Липсетт С.М. Политический процесс и демократическое развитие. – Л.: 1989. – С.74.
15. Алмонд Г.А., Верба С. Гражданская культура и стабильность демократии // Полис, 1992. – №4. – С.132-133.

Алдыңғы «
Келесі »