ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ МҰРАТТАРЫ

  • 05.08.2013
  • 1889 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ХХ ғасырдың бас кезеңдері мен қазіргі Қазақстан арасындағы үлкен айырмашылықтарға қарамастан азаматтық қоғамға өтудің негізгі міндеттері екі кезеңге де ортақ. Бұл орайда өз заманының зиялылары Ә. Бөкейханов пен М. Шоқай ұлттық тәуелсіздіктің әлеуметтік-саяси ғана емес философиялық мәселелеріне де көп көңіл бөліп, ұлттың тәуелсіздігі қандай тарихи жағдайлар қалыптасқанда мүмкін болатындығына ерекше назар аударған.
Ә. Бөкейханов пен М. Шоқайдың көзқарастары бойынша бұрынғы хандық, әмірлік биліктердің барлығы Түркістан халықтарының тәуелсіздігі үшін қызмет істей алмайды. Себебі, олар бұл халықтардың тарихи әлеуметтік мешеулігіне негізделгендіктен әлеуметтік, экономикалық мешеулікке қайта оралу – басқаларға құлдыққа апаратын жол болудан басқа ештеңе де бермейді. Мұны М. Шоқайдың сөзімен айтқанда орыстың озат демократтарының өзінде де, мысалы, Керенскийдің өзі де, түркістандардың тәуелсіздігіне келгенде демократиясы үнемі жетпей қалады. Оның және Парижде «Последние новости» газетін шығарып тұрған, бұрынғы Уақытша өкіметтің сыртқы істер министрі А. Милюковтың ойынша орыс империясын бұлжымас тұтастығында сақтау ұстанымы оған кіретін ұлттардың тәуелсіздігінен әлдеқайда қымбат екендігі.


Патшалық, монархиялық әлеуметтік түзімде ұлттық тәуелсіздік туралы әңгіме болуы мүмкін емес еді. Дербес ұлттық мемлекет немесе Ресей құрамындағы автономия түгілі мәдени автономияның да орыстардан басқа ұлттар үшін мүмкіндігі болған емес. Патшалық жеке-дара билеудің біршама әлсіреп, кейбір либералдық өзгерістер шыға бастағанына қарамастан ұлттардың мәдени автономияларына да жол жоқ болатын. Үстемдік етуші ұлттық мемлекетінің сыртқы бір күштердің ықпалымен күйреуін күту сол кездегі Ресей империясының жағдайында тек бір бос қияли нәрсе екені анық еді. Бұл орайда, әлеуметтік-тарихи жағдайларға қанық осы мәселелерге байланысты еуропалық ойлармен жақсы таныс, халықаралық ахуалды жіті бақылап отырған қазақ ойшылдарының ойлау жүйесі толық демократиялық бағытта болды деп айта аламыз.
Ә. Бөкейханов пен М. Шоқай өз халқының осындай әлеуметтік-психологиялық ерекшелігін саяси жағынан да, әлеуметтік-философиялық деңгейіне дейін концепциялық тұрғыда айқындай білген ойшылдар. Олардың демократиялық ойлары тек ұлттың тәуелсіздікке қол жеткізу идеясымен ғана шектелмейді. Олардың келешек дербес автономия түрінде болсын, дербес мемлекет құру мәселелерінде де, жеке азаматтың дербестігі мазмұндарына ұласып отырады.
Ұлт болудың рухани негіздеріне жататын тағы бір нәрсе – ұлттық мүдде қалыптасқан болуы керек. Бұл туралы мәселеге – М. Шоқай көптеген мақалаларында қайта оралып отырады. Мысалы, «1936 жыл» деп аталатын журналдың 74 санында жарияланған проблемалық мақаласында ол осы туралы аса терең мағыналы ойлар түйген. Шет жұртта жүрген мұғажырлардың, күрескерлердің отанына деген сарқылмас сүйіспеншілігі туралы айта келіп ол былай дейді: «Атамекенді сүю дегеніміз – өзіңнің жеке басыңның талаптарын қанағаттандыру немесе белгілі бір топтың небір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады» /1/.
Демократиялық азаматтық қоғам құру идеясы Алаш көсемдерін, соның ішінде М. Шоқайды да «ескішіл, бұрынғы хандықты, әмірлікті аңсаушылар» деп көрсетіп келген большевиктер уағызының жалған екендігін көрсетеді. Оның барлық мысалдары жарық көрген шығармаларынан көрініп тұрады. Алаш көсемдері Ресейде демократиялық федеративтік республика құрылғанда ғана Ресей қарамағындағы орыс емес халықтар тең құқықты автономиялар ала алады деп қарады. Осыған байланысты «Қазақ» газетінде, ал шет елде шығып тұрған «Яш Түркістан» журналында бұл идеяның сан түрлі қырлары сөз болып отырған. Оның концепциялық мазмұны көбіне Ә. Бөкейханов пен М. Шоқай шығармаларында көрініс тапты. Олар тек, озық азаматтық жүйе құра алғанда ғана, келешек Түркістан барлық жағынан қарқынды дамып, өз тәуелсіздігін басқалармен тең жағдайда жүзеге асырып өмір кеше алады деп есептеді. Бұрынғы хандық жүйе қазіргі заманда басқа қуатты елдерге тәуелділікке апаратын кертартпа жол деп білді.
Алаш жолбасшылары сияқты М. Шоқай өз идеяларын Түркістанның, соның ішінде Қазақстанның әлеуметтік-тарихи жағдайларымен, ерекшеліктерімен ұштастыруға тырысты. Және ол идеяларды тек теориялық, жалпы ой жүзінде уағыздаумен ғана емес, практикалық саяси тартыстарда айқындап, шыңдап отырды. Практикалық саяси, идеялық тартыстарда М. Шоқайға ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің түпкі мақсаттарынан ауытқушылықтармен, ұлт мүддесінен көрі өз басының мүддесін жоғары қою немесе ұлттық күрестің бірлігін діни бірлікпен шатастырушылықтармен, т. б. екінші қатардағы мүдделерді жалпы ортақ мүдделерден айыра алмаушылықтармен үнемі идеялық күрес жүргізуге тура келді.
М. Шоқай бүкіл Түркістан өлкесіндегі кейін жеке халықтар деп қаралған қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, т. б. түрікқандастарды, тіпті түріктерден гөрі иран тектес тәжіктерді де қоса бір халық, бір ұлт деп есептегені мәлім. Бұл жөнінде оның ойынша аталған халықтар бір халыққа кіретін ұлыстар ғана. Бұл мәселеде оның көзқарастары және солардан туындайтын ұстанымдары, мұраттары Ә. Бөкейханов пен басқа да Алаш көсемдерінің мұраттарынан өзгешелеу болды. Ол жалпы Түркістан түріктерінің бірлігін, олардың тұтас бір ортақ дербестігін қолдаған еді. Десе де ол Қазақ автономиясы идеясына қарсы болған жоқ, тіпті оны жақтаушылардың да қатарында болды. Ол шет елде жүргендегі күресі мен шығармашылығында осы мұраттардан айныған жоқ. Түркістан ұлтының отарлық бұғаудан толық құтылып, өз тағдырын өзі шешу жолында дербес мемлекетін құруы – оның өмірлік мұраты болды. Сондықтан да, Гегельдік «халықтық рух» идеясы мен М. Шоқайдың «ұлттық рух» туралы идеясының арасында белгілі бір сыртқы ортақ белгілері болуына қарамастан мағына жағынан олар түбегейлі өзгешелікте.
М. Шоқайдың мақсаты – Түркістан халқының саяси тәуелсіздігінің мәселелерін талқылау. Сонда да болса, ол нақты бір мәселелерді тал­қылай отырып, оларды көп жағдайда терең философиялық қағидалармен үнемі ұштастырып отырады. Мысалы, қандай да болмасын тәуелсіздіктің негізін құрайтын сала – ол әдебиет, көркем өнер, рухани мәдениет екенін үнемі алға тартып отырады.
Академик Жабайхан Әбділдин: «Демократия – әрбір адамның бойында қалыптасатын жеке бастың әдебі, бір адамның екіншісіне деген қарым-қатынас әдебі, өзгені түсіне де, сыйлай да білуі. Бұл – өзара қарым-қатынастағы төзімділік пен түсіністік, қоғамдағы ортақ заңдылықтарға бағыну, өзін де, өзгені де құрметтеу қасиеті» деп сұхбатында атап өткен /2/.
М. Шоқай Түркістан ұлт-азаттық қоз­ғалысының теориялық та, тактикалық та мәселелерінің түпкі мәнін ашып отырды. М. Шоқайдың теориялық қызметінде боль­шевиктердің ұлт мәселесі бойынша қағидаларын және практикалық істері мен жоспарларын демократиялық тұрғыдан сынауы үлкен орын алады. Пролетариат диктатурасы, тап күресінің тарихтың қорғаушы күші екендігі туралы, жалпы қоғам дамуындағы экономиканың шешуші рөлі т.т. қағидаларын нақты мәселелерді талқылауда жалған тұрғы екендігін үнемі логикалық деңгейде дәлелдеп отырады.
Қазіргі қазақстандық қоғамдық ғылымда азаматтық қоғам мәселелері жиі айтылып, олар саясаттану саласында, біршама социологиялық тұрғыдан талқыланып жүр. Ә. Бөкейханов пен М.Шоқайдың азаматтық қоғам жөніндегі ой толғаулары, пайымдаулары мазмұндылығы жағынан да, ойлау деңгейінің биіктігі жағынан да әлдеқайда ілгері.
Азаматтардың мемлекетке қатынасындағы еркіндігі, ой бостандығы, сөз бостандығы, өз шаруасын күйттеудегі құқықтары мемлекеттік дербестіктің негізін құрайды. Өйткені, оларсыз азаматтар жоқ. Өз құқықтарын адам ретінде қорғамайтын, оларды тәрк ететін мемлекет олар үшін өз мемлекеті бола алмайды. Онда мемлекеттік тәуелсіздік те жоғала бастайды.
Осындай ойлар тек саяси мағынада ғана емес, әлеуметтік философиялық мағынада да тікелей де, тұспалды түрде де олардың шығармаларынан белгі беріп тұрады.
Мұстафа Шоқай Қазақстан ерте ме, кеш пе тәуелсіздік алатынына кәміл сенген.Тәуелсіздік алған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған саясаты мен ұстанымдары Мұстафа Шоқайдың саясаты мен бағыт-бағдарына сәйкес келеді. Алаш көсемдері және Мұстафа Шоқай елінің келешегін ойлап, халқының басқалармен терезесі тең болып, дербес, тәуелсіз мемлекет құруын аңсаған. «ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қоғам алдындағы жауапкершілік, азаматтық рух пен биік талпыныстар үлгісі қазіргі ұрпақ үшін үлкен сабақ болу керек. Олар өз дәуірінің дүниетанымын қалыптастырған жоғары білімді біртуар азаматтар еді. Олар халық мүддесіне адал қызмет етті» /3/.
Өз елінің болашағы үшін жүргізген күресі, көзқарастары, дүниетанымы қазіргі саяси егемендік алған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттер ғана емес, бүкіл түрік дүниесі үшін, тіпті егемендігі үшін күресіп жатқан, оны жаңадан орнатып жатқан барлық халықтар үшін рухани мұра, саяси сабақ бола алады.
Тәуелсіздікке жету үшін қаншама қиын­дықтарды бастан өткізіп,өз халқының тәуелсіздігі үшін күрес ­– өз құқығы да, міндеті де деп қараған қазақ зиялылары – тәуелсіздікті аңсап, өз елі, жері үшін күресіп, елінің еркіндігін, келешегін ойлап, халқының басқалармен терезесі тең болып, дербес, тәуелсіз мемлекет құруын аңсаған болатын.
«Алаш серілері өз халқының үлесін орнықтыруға, орталық жүйемен күрестің жаңа әдістерін қалыптастыруға аянбай қызмет етті. Қазақ халқының бетке ұстар азаматтары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Жақып Ақбаев және сол замандағы басқа да қайраткерлер өз саласында жол салған ерен тұлғалар еді. Өз халқының мұңын жоқтаған, сол жолда бар білімін, күш-қайратын жұмсап, халқы үшін заман тауқыметін тартқан біртуар азаматтарымыз тарихымызда мәңгілік орын алады» /4/. Осы қазақ зиялыларының, ұлы ойшылдарының ұшқыр саяси ойларының жемісі еліміздің тәуелсіздігінің одан әрі баянды, іргелі дамуына негіз болады.
Мейіркүл Жетпісбаева,
Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы, Алматы. «Қайнар», 1999. 2 том. 6 б.
2. Айбын Бақытұлының ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдинмен сұхбаты // Ғылымға күш-қуаты тасыған ер-азаматтар керек. Алаш айнасы, 15 маусым 2011.
Жанна Қыдыралина. «Тәуелсіздік құндылықтары: зиялы қауым және ел мұраты».www.aіkyn.kz/іndex.php?optіon=com_content&task…іd…2.13.01.12.
Эльмира Айағанова. «Өткен тарих, бүгінгі сабақ».«АЛЖИР» мұражайы – uCozalzhіr.ucoz.kz/publ/85-1-0-151.

The artіcle shows that Kazakh іntellectuals were able to determіne the socіal-psychology specіaltіes of theіr people іn polіtіcal context and conceptual ground of socіal-phіlosophіcal degree. Іt was consіdered іn the artіcle that democracy thoughts of Kazakh іntellectuals are not problem of ways to іndependent of natіon, but іssues on formatіon free autonomy and freedom of іndіvіdual person too.

Алдыңғы «
Келесі »