Малазығындық өсімдіктердің тұқым шаруашылығын дамыту проблемалары

  • 05.08.2013
  • 520 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Республикада малазығындық дақылдар, ең алдымен көпжылдық шөптер тұқым шаруа­шылықтарының негізін жасамайынша, малазығындық алқаптарды, әсіресе, табиғи шабындықтар мен жайылымдарды игеру мен оларды ауыл шаруашылығына пайдалану жайлы ойлану мүмкін емес. Бұл бұрыннан айтылып та, қойылып та жүрген өзекті мәселелердің бастысы. Мал шаруашылығының басының да, өнімінің де өсуіне – жемшөп базасының ролі маңызды екеніне ешкімнің де дауы болмаса керек. Жемшөп базасын жасау үшін, ол дақылдарды егу, өндіру, түк болмағанда жақсарту керек.


Егінді егу үшін, оның алдымен тұқымын дайын­дау қажет. Ал, тұқым өндіру, ол оңай мәселеге жатпайды, оны кім болса, сол өндіре алмайды. Тұқымды өндіретін, оны керекті деңгейге жеткізетін, яғни, тиісті кондицияға келтіріп, өнім өндірушілерге сапалы тұқым етіп, дайындап беретін арнайы шаруашылықтар бұрын болған. Ондай шаруашылықтардың саны 70-ші жылдары 110-дай болатын. Бұл тек, арнайы жалпы өнім өндірушілерге жаппай тұқым дайындайтын ғана шаруашылықтардың саны. Одан басқа, оригиналдық, элиталық тұқым өндіретін ғылыми зерттеу институттары және тәжірибе станциялары болды. Осы жылдары, жем-шөп егу жоспарын орындау үшін, республика көлемінде 700 мың центнер көпжылдық өсімдіктердің тұқымын өндіріп, оны егу кондициясына дейін жеткізу міндеті тұрды. Осынша көлемде көп жылдық шөптің тұқымын дайындау үшін, республикада ең кемі 900 мың гектар көп жылдық шөптің тұқымын өндіретін егістік болған. Осы мақсатта арнайы жем-шөп тұқымын өндіретін жоғарыдағы шаруашылықтар ұйымдастырылды.
Бүгінгі күні, саланы дұрыс басқара, ұйым­­дастыра алмаудың салдарынан, ол шаруашылықтар жойылып кетті. Республика көлемінде, керекті өсімдіктердің, әсіресе, мал азығындық өсімдіктердің тұқымы жоқтың қасы. Мал шаруашылығы мен оның жем-шөп базасын жасаумен көптеген шаруа (фермер) қожалықтары шұғылданғысы келеді, бірақта, қолбайлау болып тұрғаны, ол сол тұқымдардың жетіспеушілігі.
Облыстық ауыл шаруашылық басқарма­ларының мәліметі бойынша 2011 жылы мал азығындық өсімдіктердің көлемі 2,7 млн. гектар болған, оның ішінде: сүрлемге егілген егін – 80,0 мың гектар, бір жылдық шөптер – 294,0 мың гектар, көпжылдық шөптердің көлемі (өткен жылғы егілген егіннің көлемін қоса алғанда) – 2,3 млн. гектарға жеткізілген. Тұқым шаруашылықтарының міндеті – оның таза сұрыптылығын, сондай-ақ, биологиялық, өнімдік сапаларын сақтай отырып, сорттық тұқымдарды жаппай көбейту. Оның үстіне, Қазақстанда бү­гін­гі таңға, көпжылдық және біржылдық шөптердің, соңғы жылдары шөлдік бұталар мен шала бұташықтардың да аудандастырылған сорт­тары бар. Олар жергілікті ауа райының жағдайларына сәйкес, айтарлықтай өнімді және ерекше маңыздысы – сырттан әкелінген сорттардан төзімдірек және өміршең. Соларды тек қана көбейтетін арнайы шаруашылықтарды құру, ұйымдастыру.
Сондықтан да, бүгінгі таңға кезек күттірмей тұрған мәселе, осындай шаруашылықтардың, яғни, тұқым дайындау мәселесімен тікелей айналысатын шаруашылықтарды облыстар көлемінде тездетіп дайындап, оларды іске қосу. Ол үшін мемлекет арнайы Бағдарлама жасап, оған керекті мемлекеттік жәрдемді, мемлекет бюджетінен бөліп, сол шаруашылықтардың аяғынан тұрып кетуіне тікелей қамқорлық жасау.
Ұсақталған, кіші-гірім шаруашылықтарда сапалы тұқым дайындаудың ең басты қиыншылықтары: ең бастысы өсімдік тұқымдарын дайындаудың технологиясын меңгерген маман болуға тиіс, оның арнайы жоғарғы білімі болмаса да, колледждер деңгейінде болса да мамандықтан теориялық білімі бар, оны іс жүзінде тәжірибемен жалғастыра алатын болса. Әрине, ол үшін маманның өзі қызығып, ынталы болу керек. Себебі, біріншіден – қай салада да болмасын, өзінің атқарып жатқан ісіне көңілі толып, оның нәтижесінен материалдық-моральдық көтермелеулер, қолдаулар тауып, нарық жағдайында сол ұйымға, мекемеге тиімді болу керек; екіншіден – сол ұйымның басшылары тарабынан тапсырыс ретінде, шаруаға керекті өнім өндіру үшін қолдаулар жасау, керекті жағдайларын, қажетті қару-жарақтарын қамтамасыз етіп, маманға жағдай туғызып, мәселесін шешу міндетті; үшіншіден – маманнан басшылар тиісті бекітілген іс-шара бойынша, шаралардың көрсетілген мерзімде орындалуын тұрақты қадағалау қажет.
Қазіргі таңда, жайылымдық және шабындық өсімдіктер тұқымдарына деген қажеттілік өте жоғары. Оған негізгі қол байлау болып тұрған басқа да проблемалар: шаруашылыққа қажетті техникалардың, жабдықтардың жетіспеуі, болмауы, болса да ескі, өнімділігі төмен, көне техникалар. Олармен дер кезінде агротехникалық мерзімде егістікті өңдеп, егіп, орып алу түрлі қиыншылықтар туғызады немесе мерзімі өтіп орындалады. Нәтижесінде, өнімнің өнімділігі мен сапасы күрт төмендейді.
Орып алынған өнімді дұрыс сақтап, оны өңдеу де үлкен жұмыс, ол үшінде қол күші, тиісті техникалар-жабдықтар қажет. Олардың да жағдайы, сапасы көңіл көншітпейді, болса ескі, тозығы жеткен, қазіргі талапқа сәйкес жұмыс істей алмайды. Әсіресе, түрлі ауруларға, зиянкестерге қарсы, өңдеу жұмыстарына жарамсыз, сапалы өңдеуге, дәрілеуге, болмаса қажетті тыңайтқыштарды енгізуге, өңдеуге шамасы жетпейді. Ұрықты сапалы дайындау үшін, тағыда, өңдейтін арнайы техникалар жеткіліксіз. Дұрыс тазалауға, сапалы сорттауға, шаруашылық көлеміне байланысты, жеткілікті техника болуға тиіс. Ол да жоқтың қасы, болса өте ескі, көнерген, тозған, тиесілі жабдықтары жоқ. Ондай техникамен сапалы өсімдік тұқымын дайындау мүмкін емес.
Тұқымның сапалылығын, кондициясын уақтылы тексеріп, оған әсер етіп отыратын бақылау мекемелерінің жұмысы да өз дәрежесінде емес. Оларға да түрлі шектеулер қойып, жоғарғы құзырлы орындар да қызметтерін дұрыс атқаруға мүмкіндіктер бермеуде. Оның үстіне, тексеретін мекемелердің мамандары да тиісті міндеттерін атқара алмай отыр. Қосымша, біздердегі, яғни, елдегі түрлі коорупциялық қимылдардың қатты асқынып кеткені соншалықты, барлығы сауда да сияқты, түрлі бұрмалаушылыққа тап болуда. Осы жерде, мемлекеттік бақылаудың сапасының соншалықты осал тартып кеткені, ол түрлі өтірік ақпараттардың кең аяқ алып кеткендігінде болып тұр.
Өндіріс жоқтың қасы, себебі өнімі жоқ. Қағаз бетінде бар, іс жүзінде жоқ, болса жарым-жарты. Сөз жақсы, жұмыс жоқ. Статистикалық мәліметтер ауадан алып, қолдан суреттеле салады. Ал, Одақтың кезінде мұндай мәліметтер үшін, қызметінен босатылып, жауапқа тартылатын. Қазіргі уақытта керісінше, олар қызметте өсіріліп, жақсы бағалар алып, мақтау-марапаттарға ие. Дұрысын айтатын мамандар, қызметтен тез қысқартылады, қоғамнан аластатылады.
Нарықтық экономикаға көшуге байланысты ірі шаруашылықтардың ұсақталып, кіші фермерлік шаруашылықтардың пайда болуы, арнайы агрономдардың, білімі бар мамандардың жетіспеуі, керекті техникаға қол жеткізе алмау, тұқым шаруашылығы саласындағы жұмыстардың сапасын күрт төмендетіп жіберді. Шаруашылықтардың дамуына кері әсерін тигізіп отырған негізгі фактордың бірі де бірегейі, ол жер мәселесі, яғни, жерді бөлудегі, есепсіздік, жауапсыздық. Жерді алған қожайындар мен мемлекет арасындағы сәйкессіздік. Мысалы, көп жылдан бері жерді тиімді пайдаланбаған қожалықтардың жерін мемлекет есебіне қайтарып алудағы, заңды актілердің, оларды қайтару жолдарының күрделілігі, яғни, процесті қиындатып қойылғандығында. Заңдастыру жолдарының дұрыс шешілмеуінің басты себебі, осы саладағы мамандардың сауатсыздығында, тәжірибесінің жетіспеулігінде. Бірінің теориясы бар болса, тәжірибесі жетіспейді. Ал, екіншісінің тәжірибесі жеткілікті болса, оның теориялық білімі сәйкес келмейді. Оның үстіне кейінгі жылдары, зейнеткерлерді қызметтен аластатып, орнына алған жастардың практикалық тәжірибесі жетпестен, көптеген мекемелерде отырған жас кадрлардың, істі дұрыс түсініп, дұрыс шешімін жасауға қауқарсыздығы үлкен зиян тигізуде. Өте маңызды факторлардың бірі, ол тұқымдық дақылдың арамшөп ұрықтарынан таза болуы, бұл шараны да мұқият атқармаса, тұқым сапасы күрт төмендейді. Жоғары кондициялы тұқымды себерде, топырақты дұрыс өңдеу, ылғалды сақтау, түрлі арамшөп тұқымдарының өнгіштік қасиетін жоятын техникаларды пайдалануда өте маңызды. Топырақты қопсыту, өңдеу басты шара. Қазіргі кезде жерді өңдегенде шығынды үнемдеу мақсатында, оның тереңдігін азайтып, нольдік системаны қолдану дәстүрге айналды. Бұлда дұрыс шығар, нарықтық экономика талабына сәйкес болар, дегенменде, бұл жерде де технологияны дұрыс пайдаланып, тұқым сапасына оңды пайда келтірер тұстарын әсте естен шығаруға болмайды.
Тұқым шаруашылығын дамытудың негізгі көзі – ол осы шаруашылықтарды мемлекеттік қаржылай қолдау. Мұндай қолдау республикада 2007 жылдан бастап біршама қолға алынды. Малазығындық егістің көлемін көбейтіп оның өнімін артыру және шаруашылықтардың айналымдағы қорын молайту, жанар-жағар май, минералды тыңайтқыш, гербицидтер және де басқа керекті материалдық-техникалық ресурстарын толтыру, алу үшін осы жылдан бастап мемлекеттік қаржылар бөліне бастады.
Субсидия есебінде бюджеттен берілетін қаражаттың көлемі де жылдан жылға артуда. Мәселен, 2000 жылы жем-шөп өндірісінде, мал азығындық өсімдіктердің ішінде тек қана күнбағыс өсімдігінің 60 тонна элиталық тұқымын арзандатуға мемлекеттен 601,3 мың тенге ғана бөлінсе, ал 2010 жылы субсидия есебінде шаруашылықтарға, оригиналдық және элита тұқымдарын өсіріп, сатқандары үшін мемлекеттік бюджеттен – 265,1 млн. теңге бөлінген. 2011 жылы республикалық бюджеттен оригинаторлардың 1648 тонна оригиналдық тұқым өндірулері үшін, тағыда 8766 тонна элиталық тұқым өндірулері үшін, олардың шығынын жабуға 500,0 млн. теңге бөлінді. Осы жерде айта кететін бір жаңалық, ол «Тұқым шаруашылығы» туралы заңға, жаңа түсінік «тұқым сатушы» және «тұқым сатушыларды» аттестациялау нормаларын енгізген. Сондықтанда, бүгінде тұқымды партиясымен сатумен, оны өндірмей-ақ шұғылдануға болады делінген. Ал, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2012 жылғы, 01 желтоқсан 2011 жылғы № 1428 Қаулысына өзгерістер енгізгенде, 13 Қосымшада, облыстарға бөліп, барлығы 2 451 448 мың теңге тұқым шаруашылықтарын қолдау үшін бөлінген.

Н. Айтуғанов,
ауыл шаруашылығы
ғылымдарының кандидаты,
Қазақ мал және жемшөп өндіру
ғылыми-зерттеу институтының,
аға ғылыми қызметкері

Алдыңғы «
Келесі »