ҚАЛАЙ АМАНДАСАСЫЗ?

  • 03.06.2013
  • 990 рет оқылды
  • 1

Дихан Қамзабекұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Өткенде мектепте оқитын немерем табал­дырықты аттай бере: «Ата, қалай амандасқан дұрыс: «Ассалаумағалейкум» бе, «Саламатсыз ба?» ма?» деп сұрады. «Сәлемнің бәрі дұрыс. Бірақ, оны неге сұрадың?» дедім мен одан. Ол аузын бұрти­тып: «Біз мұғалімімізге «Саламатсыз ба, апай?» дейміз, апай бізге дәл соны қайталап «Саламатсыңдар ма, балалар?» дейді. «Неге сұраққа сұрақпен жауап береді?» деді… Бұған бұрын мән бермеген екенмін, шынында да, біз неге амандасуда осындай қателікке жол беріп алғанбыз? Мұны құртқан кім?


Әрі ойландым, бері ойландым. Әлі есімде, Ташкенттің мұсылман жұрты еркек, әйел демей «ассалаумағалейкум» деп амандасып, «уағалейкумассалам» деген жауап алатын. Бұл енді арабшадан қазақшаласақ, біріншісі «Сізге бейбітшілік тілеймін» болса, екіншісі «Сіз де бейбіт тұрыңыз» болып шығады. Қазақтың еркек кіндіктері де осылай амандасады. Бірақ, орысқолдыларда бұл да жоқ. Әлгі көпшілік қолданатын «сала­мат» (саламатсыз) да – араб сөзі. Алай­да қолданысы, айту реңкі – тура орысшаның сауатсыздау баламасы. Орыс тамырлардың амандасушысы «Здравствуйте!» десе, амандық алушысы да «Здравствуйте!» дейді. Қазақшаласақ екеуі де – «Аманшылықта болыңыз!» Қалай болғанда, амандасушы сөзіне жауап қайтармай, қайта сұрақ қою біздің ешбір салтымызға да, дәстүрімізге де келмейді. Бірер мысал айта­лық.

Сұрақ: – Мал-жан аман ба?

Жауап: – Шүкір! (Аллаға шүкір, аман!)
Келуші: – Кеш жарық?!
Күтіп алушы: – Ешкі арық!
Сұрақ: – Жол болсын?
Жауап: – Әлей болсын!
Амандасушы: – Қалай, күйлі-қуатты­мысыз?
Амандықты алушы: – Құдайға шүкір, айналайын!
Мен өскен өңірде әйел затына «Армаңыз!» деп амандасып, олардан «Бар боңыз (болыңыз)!» деген жауап алатынбыз.
…Немерем айтқан соң қызық көріп, соңғы жылдарда шыққан «Қазақ тілі» оқу құралдарын, тілді үйрететін түрлі кітап­шаларды қарап шық­тым: бәрінде сұрақ – «саламатсыз ба?», жауап – «саламатсыз ба?» (ара-тұра «сәлеметсіз бе?» деген нұсқасы да кездеседі). Содан кейін, қа­зақ тілі мен мәдениеті деп арқа еті – арша, борбай еті – борша болып жүрген ақын-жазушыларға, журналистерге, тілшілерге, тіпті өзіме де ашуым келді. Немеремді ой­­­­лант­қан сұрақ, ата-ана ретінде мені де, тіл жанашыры ретінде бұларды да ойлан­т­­па­ғаны қалай?
Аз-кем кітап жинаушы едім. Абайдан да, Шәкәрімнен де, Ахмет Байтұрсынұлынан да, Мұхтар Әуезовтен де қайталанған «Саламатсыз ба?»-ны таппадым. Бәрінде де – дәстүрлі «Ассалаумағалейкум!» – «Уаға­лейкумассалам!» («Ассалаумалейкум!» – «Уалейкумассалам!»), «Армысыз?» – «Бар бол!», «Аманбысың?» – «Аман­мын!» т.б. Содан кейін, мынандай тоқтамға келдім: «Саламатсыз ба?»-ның жауабы – «Саламат болыңыз!». Ендеше, оқушылар мұғаліміне (жасы кіші жасы үлкенге): «Саламатсыз ба, апай?!» десе, ұстаз шәкірттеріне: «Саламат болыңдар, балалар!» деуі керек. Иә, қазақ болса, қазақша ойласа, қазақ тілі мен мәдениетіне жанкүйер болса, осылай деуі қажет! Былайғы жұрт та осы үрдіспен «Саламатсыз ба?»-ға «Саламат болыңыз!» деп жауап қатуы тиіс.
Ілгеріде біздің өңірде Дәуіт атты бір шал жасады. Өзі ескіше оқыған, мейірімді ақсақал болатын. Бала біткен амандаса бастағанда «самекем» мен «ассамекем» дейтіндерді «Ассалаумағалейкум!» деп тілін сындырғанша қолын қысып тұра беретін. Енді ойласам, сол кісінікі оң тәсіл екен.
90-жылдардың басында қолыма өз­бек­тің «Әліппесі» түсе қалды. Соның бас­тапқы жағында, ақсақалға амандасып тұрған баланың суреті беріліп, шамамен мынандай мәтін ұсынылған: «Көшеде Фархад ата келе жатыр. Айбек: «Ассалаумағалейкум, ата!» деді. Ата: «Уағалейкумассалам, балам!» деді. Осы сөздер маған ерекше әсер етті. Мұнда дәс­түр де, иман да, рух та тұнып тұр. Біз қазақ «Әліппесіне» осы іспеттес амандасуды бере алдық па?..
Ел болып, етек жауып жатқан мына кезеңде елдік мәселедегі жөнсіздіктерді ұсақ-түйек демей орнымен жүйелеп алған дұрыс-ау.
ТҮРІК ТУЫСТЫҒЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМ?
Менің бір інім 80-жылдардың ортасында студент болды. Қайбір жылы, ол маған үшбу хат жазды: «Аға, Құдай бұйырса, дардай аудармашы болмақпын. Рига университеті одақтас республика университеттеріне сауын айтып, латыш әдебиеті мен мәдение­тін әр тілге (өз ана тіліне) аударатын шы­ғар­машыл студенттерге байқау жария­лап жатыр. Сынақтан өтсем, 5 жыл бойы Бал­тық бойында тұрамын. Олар бар шығынды өз мойнына алады» деп. Кешік­пей арманшыл бауырым мойны салбырап ауылға келді. Байқаудан өтпей қалыпты. Әй­теуір екі қазақ баласы өтіпті…
Сол жолы кеңестік жүйенің қатқыл­дығына қарамай, өз мәдениетін насихаттауға жұмылған, «қиынынан қиыстырған» латыштардың тапқыр­лығына таң қалғанмын. Бірақ, «как всегда…» дегендей, аудармашыларды таңдау мардымсыз болса керек. Әлгі, Ригаға кеткен екі қазақ баласының «үні өшіп қалды». Турасы, жаңа әдебиет айдынында латыш әдебиетін бұрқыратып жатқан жастар көзге көрінбейді. Әйтсе де идея қандай десеңізші!
Біз мұны неге айттық? «Бөлінгенді бөрі жей­ді», біз, жасанды – «түркі», табиғи – «түрік» аталатын бір әкеден сызған, бір анадан туған ағайын жұрт, жалпы алғанда, 200 миллион екенбіз. «Ағайының көп болса, ұлы шерік қолмен тең». КСРО құлағаннан кейін біз осыны жиі айтатын болдық.
Аралас-құраластық азайған жылдары көп нәрсені ұмытыппыз. Бірақ, ниетіміз жақсы, бауырластығымыз айқын. Ертеден азат Түркия бұл бағытта біраз жұмыс атқарды. Кеңестен бөлініп шыққан республикалар да оң-солын танып қалды. Мысалы, түріктің қарашаңырағына ие Қазақстанда, оның ру­хани бесігі – Түркістанда ашылған Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) атындағы Қазақ-Түрік университеті идеяның көкесі емес пе?
Түріктің мемлекеттігі айқын және мем­ле­кеттігі тұсаулы елдерінің мыңдаған шәкірттері Түркияда оқыды және оқып та жатыр. Бірақ…
Өткенде сол елде оқып қайтқан бір азамат айтады: «Бір университетте 50-ден аса қазақ баласы оқып бітірдік. Қазір соның 2-еуі ғана мемлекеттік қызметте, 5-еуі мәдени-ағарту жұмыстарында, қалғанының бәрі саудада жүр» деп. Мынаны естіп, жағамды ұстадым. Шалғайда оқымай-ақ саудагер болуға болмай ма?.. Қызық, түрік тілі мен мәдениетін білетін саудагер! Бұдан оның өзі мен отбасына болмаса, ұлтқа және түркі халқына не пайда? Әне бір жылы Елбасының өзі «Болашақпен» оқып келген жастардың үш-ақ пайызы мемлекеттік қызметке барады, ешбірі ғылымға жоламайды» деп сынап еді, мынау да соның кері ғой…
Сонда идея мен идеал қайда қалды?
Ол елге кім көрінгенді жібермей, жалпы түрік мәдениетіне тілеуқор, сол жердегі рухани байлық (ескі қолжазба, кітап т.б.) пен өз ұлтының арасындағы байланысты зерделеуге жұмылған жастарды аттандырмаймыз ба? Біраз баланы түріктің тамақ пен жеңіл өнеркәсіп технологиясын, туризмі мен сервисін, дизайны мен сәулет-құрылысын меңгеруге жіберейік.
Бұл – бір. Екінші, бұрын кеңес ішінде болған (кейбірі қазір де Ресей құрамында қалған) республикалар білім беру жағынан соншалықты сорлы ма? Біздіңше, түрік халықтарының бірлігі мен дамуында осы бір тетік елеусіз қалып отыр.
Өзбекстан мен Татарстанда – шығыстану, (араб, парсы тілдері) дінтану, Татарстан мен Башқұртстанда – көлік, электроника, мұнай-газ өндірісіне қатысты мамандықтар, Түркіменстанда – ветеринария (ақалтеке мен алабайды бүгінгі заманмен жалғаған), Әзірбайжанда – аспап жасау, мұнай өндірісі, гуманитарлық мамандықтар (шығыстану, дінтану т.б.) лайықты дамығаны мәлім. Қазақстан да жұрт соңында қалған жоқ. Біздің математиктер, музыка мамандары әлем аузында жүр. Мысалы, башқұрттың сыбызғы өнерін қайта жаңғыртып берген – қазақ музыканттары. Қазір Түркияның математикасына донор болып жатқан да – қазақ математиктері. Мұнда жүрген Әзірбайжанның математиктері мен дәрігерлері де аз емес. Ал, осылай бір-бірінен үйреніп, ағайындықты дамытса, түрікшілдікке қиғаш па? Айтқандайын, сөз басында айтқан аудармашы даярлау жөніндегі латыш тәжірибесі – бізге де сабақ. Түркияны былай қойғанда, кеңес ішінде болған түрік халықтары негізінен бір-бірінің революционерлері мен коммунистерін ғана біледі екен. Саясат солай болды, сондықтан, аударма да солай өрбіді. Ал, енді мына азат заманда біріміздің мықтымызды екіншімізге кім жеткізеді? Түріктің бір бұтағы – ұлты үшін отқа түскен дараларының ұлық сөзін қайдан оқимыз?
…Өзім ілгеріде Ташкентте оқып өзбекше түсінгендіктен, кейін шыққан Бехбуди, Авлони, Фитрат, Чолпон кітаптарын жақсы білемін, ал, сондағы әріптесіміз Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек мұрасын қайдан білсін?.. Оларды білмей түрік халықтарының туыстығы қайдан толыққанды болсын?

КӨГЕРШІНГЕ КӨЗҚАРАС
Біз өзі бірді біліп, бірді білмей жатамыз. Мынау пәншілдер жиі айтатын «мәдениеттер мен діндер диалогы» дегеннің көп жік-жапсары бар. Әрине, сұхбат деген жақсы. Бірақ, соны желеулетіп, дәстүрлі мәдениетті бұзып-жарып, «модерн, жаңашылдық, еуропалық» деп, елдікті ала тайдай бүлдіретін нәрселерді енгізіп жіберудің мың сан зияны бар. Мысалға көгершін немесе кептерді алайық. Былай қарағанда, бейкүнә құс. Құдай жаратқан бір жәндік (жандық). Бірақ біздің бірде-бір мәдени мұрамызда «көгершін – бейбітшілік құсы, қайырымдылық пен имандылықтың жәндігі» деген ұғым, бейне т.б. кездеспейді. Құс па – құс, есебі жоқ кәдімгі құстардай өмір сүре берсін. Яғни, ауызша жеткен мұраларда ешқашан көгершінге акцент жасалынбаған.
Таяуда немеремді алып, осындағы ірі мәдениет ошағына кірдім. Айналаның бәріне таңдана қараған құлыным ананы-мынаны сұрап жатты. Бір кезде: «Ата, анау төбедегі шыныда неге ақ кептер суреті салынған?» деп қалды. Мен: «Осы сарайды жобалағандар кептерді – «бейбітшілік құсы» деп есептеп, салғызған ғой. Бұл шетел мәдениетінде, өнерінде жиі кездеседі» дедім… Дедім де ойланып қалдым. Шынымды айтсам, екі-үш жайтты ойладым.
Бірінші жайт. Әкем жарықтық діндар еді. Ертеде ауылда бала болып көгершін асырауға талап қылатынбыз. Себебі, жұрттың бәрі «бейбітшілік құсы» дегенге елтіп, мұны молынан асырай бастаған еді. Бірақ, не керек, аз сөйлейтін көкеміз қатты тыйып, көгершінді маңайлатпады. Ол кісінің айтқаны «Мұсылман кептер асырамайды!» деген сөз ғана болды. Кейін сауатымыз ашылғанда осы тыйымды бірнеше діни кітаптан оқыдым. Ішімнен «Неге тыйды екен?» деп те жүретінмін. Сембігелді деген ата тәрбиесін молынан сіңірген бір әріптес ағамыз бүй дейтін: «Байқасаңыз, кептер басын жиі шайқайды. Біздің жақтың шалдары мұны жаман ырымға балап, «кептер ниетті бұзып жатыр» деп, асыратпайтын». Шынтуайтында, мен бұл түсінікке аса қанағаттана қоймадым. Содан реті келіп, мұның сырын араб елдерінде 4-5 жыл оқып қайтқан Еркін есімді діндар інішектен сұрадым. Ол: «Ислам – ақиқат пен әділдіктің діні. Сондықтан, теріс жолдан сақтандырады, еңбексіз тапқанды – харам санайды. Кептер деген құсты асырап ұшырсаңыз, ол бір айналып келгенде өзімен бір топ кептерді ала келеді. Яғни, біреудің адал малы ойда-жоқта сіздің қораңызға кіре қалады. Сіз оның кімдікі екенін білмейсіз. Сондықтан, Алланың алдында сіздің іс «арам жолмен мал табу» болып есептеледі. Ислам діні, сондықтан да, кептер асырауға тыйым салады» деп жауап берді. Мен жауапқа қанағаттандым.
Екінші жайт. «Көгершін – бейбітшіліктің құсы» есептелсе ол ақ, таза, бейкүнә құс болуы керек қой. Ертеде зоологиядан оқығаным бар, неше түрлі жұқпалы ауруларды таратушы – негізінен тышқан мен көгершін екен.
Үшінші жайт. Мына, еуропалықтар «Жартылай шындық өтіріктен де жаман» деп жатады. Сондықтан, әділін айтсақ, біздің бүгінгі мәдениет ошақтарымызға, кітаптарымыз бен оқулықтарымызға молынан енген (суреті, бейнесі) көгершін христиан дінінен келді. 1917 жылы атышулы төңкеріс болып, Ленин көсем ретінде бағаланғанда, қалай мақтауын жеткізсем деп сасқан қазақ ақындары оны «пайғамбар» деп жібергеніндей, христиандығы аса басым Еуропа һәм біздің орыс тамырымыз бейбітшіліктің символына ойланбастан өз діндеріндегі «бейбітшілік құсы» – көгершінді қосқан да жіберген. Аңғал қазақ қаймана көп мұсылмандар қатарында, оны сіңіре берген, сіңіре берген. Содан, «Ақ көгершін, көгершін, Қол қанат құс сен едің…» болып әуеленіп жырланып кеткен.
Христиан үшін көгершін – «символ Святого Духа». Осы дінге қатысты баспасөзді, сайттарды ашып қалыңызшы, «Көгершін – хрис­тиандардың құсы» деген сөзді жиі ұшырастырасыз. Керемет дінтанушы емеспін, бірақ, сол жазылғандардан білгенім: аузына зәйтүннің жапырағын қыстырған ақ кептер, христиандардың пайымынша, құдай мен адамның татулығын білдіреді. Иисус Христостың жаны кептер кейпінде аспанға ұшқан деседі, олар. Сондықтан да, бар шіркеудің ішкі күмбезіне (ұшар басына) кептер бейнеленеді. Бұларда шіркеу маңында көгершін асырап, баптау, дінге бой ұсынған жасөспірімдерді кептержанды болуға баулу – қалыптасқан ғадет. Сондай-ақ, үйлену салтанаттарында, басқа да шараларда көгершін ұшыру – олар үшін айтулы рухани сәт.
Әр елдің, әр діннің өз жоралғылары бар. Бұған дау жоқ. Бірақ, халқының 70 пайызы мұсылман елде ірі мәдени ошақтардың ұшар басына (ішкі жағы) көгершін бейнесін салу және той-томалақтарда, қилы салтанаттарда «жол ашады!» деген дәмемен көгершін ұшыру қай қисынға келеді?
Бастан оп-оңай «кептер» ұшырып жатқан мына заманда зәулім сарайларға құсты бей­нелегіш болсақ, неге тарихымызбен тамырлас қазды, қарлығашты, ләйлекті, аққуды, нәуірзекті бейнелемейміз? Осы құстардың қай-қайсы да бейбітшілік құсы бола алады! Біз мұны айтамыз-ау, құдай-шебердің өзі мына Астана түбіндегі Қорғалжынға мамырлатып қондырған қоқиқаздарды түк көрмегендей елемей жүргеніміз адамшылыққа, мәдениетке, үйлесімге жата ма?..

ЖЕТІМ ҚОЗЫ НЕГЕ МАҢЫРАЙДЫ?
Өткенде, «Хабар» телеарнасына шыққан, әлеуметтік салаға жауапты бір мемлекеттік қызметкердің дерегіне қарағанда, Қазақстан жетімханаларындағы балалардың саны – 46 мың және соның 80 пайызы – «әлеуметтік жетімдер».
«Әлеуметтік жетімдер» дегеніміз – ата-ана құқынан айырылғандар мен басқа да жағдайсыздардың балалары. Яғни, тұл жетімдер емес. Бірақ, қалай атасақ та, олар – жетімхананың балалары. Мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы кәмілетке толмаған ұл-қыздар. 16 миллионға жуық халқы бар Қазақстан үшін 46 мың аз ба, көп пе? Мысалы, Қарағанды облысы Шет ауданының жалпы тұрғыны – 46 мың. Немесе Ақмола облысының Зеренді ауданында – 43 мың, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында – 44 мың, Алматы облысының Қаратал ауданында – 49 мың халық тұрады. Міне, жетімдеріміздің жалпы қарасы – сол орта дәрежедегі аудан тұрғынының санындай. Жетім-жесір барлық мемлекетте де бар. Мемлекеттің мемлекеттілігі – соларды өзіне қарата білуінде, оларға июінде һәм иіліп қызмет етуінде.
Қазақ қасқырды жақсы көреді. Жырт­қыш болса да! Себебі, оның эпикалық санасында «құндақтаулы бабам бір тамыш сүтке зар болып, шырқырап жатқанда бөлтірігінен айырылған бөрі емізген» деген ақпар еміс-еміс қалған. Қасқыр, Құртқа (қаншық, бөрінің ұрғашысы) – арғы қазақтың тотемі, культі. Жетім үшін мемлекет те сондай болуға тиіс. Кешегі кеңес кезінде есін жинаған билік Дзержинский, Макаренколарды алға тартып, қаңғыған балаларға қорған болып, бауырына басты. Сөйтіп, бағып-қағып, оқытып-тоқытып, сауатты, батыл бөлігіне мемлекеттің қауіпсіздік қызметін (КГБ) сеніп тапсырды. Кешегі жетім­дер өзіне әке де, шеше де болған КСРО-ны ұятқа қалдырған жоқ. Тағы бір газет жазды: «1999 жылдан бері Қазақстаннан шетелге асырау үшін алынған жетім балалардың саны ресми 5 мыңға жуық екен. Соның 4 жарым мыңын бір ғана АҚШ азаматтары алыпты» деп. Бұған не дейсіз?.. Ауыр цифр, қиын сұрақ.
Қазір ғой жаңа тұрпатты мемлекет құрып жатырмыз. Бізге де батыл, сенімді адамдар керек. Қазақстан жетімге қорған болып жатыр. Бірақ қалай? Қай тілде, қай мәдениетте, қай дінде? Былайғы әке-шешесі немесе жанашыр қамқоршысы бар баланың белгілі бір тілі, мәдениеті, діні бар. Ал, жетімхана балаларында бұл – әлі «советтік» бағдарда. Соның өзінде Дзержинский, Макаренко бағдарында да емес. Негізінен тіл – орысша, мәдениет пен салт-дәстүр – шүлдір-шүлдір, дін де – не атеизм, не христиан. Сонда, бұлар қашан қазақ пен Қазақстанның патриоты болады? Отанға шексіз берілген, сертке табанды, досқа адал адамдар қатарын даярлайтын бір тетік – құдай басқа салса қайтейік, жетімхана емес пе?
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жетім­дерді жебеуден ұлт пен ұлысқа орасан пайда келетінін Хадистерде таратып айтқаны мәлім. Біз соны біржақты түсініп жүргендейміз… Әлі есімде, 1992 жылы кез­дейсоқ Алматыға жолым түсті. Сол кезде Ленин аталатын даңғыл бойында орналасқан №100 пошта бөлімшесіне бір жұмыстармен соғып, марқұм ғалым-қайраткер Сәбетқазы Ақатайды кездестіре қалдым. Ол мені жыға танымайды, сондықтан, ел сыйлаған аза­матқа өзім барып амандастым. «Мені бір нәрсе қатты толғандырып жүр еді. Бүгін со­ның жауабын тауып, жаңа телеграм сал­дым, – деп бастады әңгімесін Сәбең.- Ойлана-ойлана келе, Қазақстандағы мың сан жетімді мына қиын заманда бір-ақ адам құтқара алады деп шештім. Ол адам – қоғамымыздағы ең беделді, ең қуатты адам. Сол кісіге «Қазақстан жетімдерінің бәріне өз фамилияңызды беріңіз» деп телеграм жолдадым. Фамилиясын берген адам жауапкершілікті де сезінеді ғой…». Сол жолы мына пікір маған аса тосын естілді. «Қызық екен!» деген эмоциямды да жасырмадым. Енді ойласам, Сәбетқазы Ақатайдікі шын «тал қармайдының» кері екен-ау! Философтың пайым түкпіріндегі отаншылдығын қалай сезінбессіз?..
Біздің Кенже есімді әнші танысымыз бар. Оның пәлсафасы – «қасқырды аяғы асырайды». Сондықтан, гәстрөлдеп тү-у Ресей, Өзбекстан, кейде Түрікменстан мен Моңғолстан асатын кездері аз емес. Әне бір жылы сол Кенжекең Самар мен Сарытау жағына барып қайтты. Келген соң, біз амандаса бардық. Сондағы оның айтқаны мынау: «Мені Самара жа­ғында мықты фермер қазақ жігіттері аулына қонаққа шақырды. Енді «ауыл» дегені қазекемдер жиі орналасқан мекен ғой. Содан, ана үйде болайын, мына үйде болайын, құлдыраңдап сары балалар жүреді. Кейбірінің басында тақия да бар. «Өй, өздерің – қара, балаларың – сары әрі көк көз. Бұ қалай?» деймін, баяғы. Сонда олар: «Бұл – Ресейдің мемлекеттік шарасы. Жетім балаларды тәрбиелі халыққа үлестіріп, «бір оқпен екі қоян атып алып отыр». Бір жағы бала бұзылмайды, екінші жағы қаражат үнемделеді. Рас, бұларға бөлінетін кішкене ақша бар. Бірақ, біз оған қызыққан емеспіз. Жетімекті мұсылман әрі қазақ қылған – үлкен сауап іс. Осыны ойладық» деді. Мен бұған аң-таң қалдым…
Қазақстанда да «Жетім көрсең жебей жүр» деген нақыл жиі айтылады. Бірақ, соның салмағын көрмей тұрмын. Біздің бір танысымыздың Ақгүл есімді келіні бар. Өзі жанып тұрған елгезек, иманды бала. Күйеуі де жақсы. Өкініштісі, үйленгендеріне он жылдан асты, бірақ әлі бала жоқ. Бұлардың Астанадағы баспанасы – жатақхана. Әнеугүні сол «ағалап» жүретін келін маған мұңын шағып: «Біз тағдырдың жазғанына көніп, «бала асырап алайық» деп шештік. Содан жетімхана мен соны қадағалайтын жүйеге барсақ, олар: «Сіздерге бала беруге болмайды, себебі нақты үйлеріңіз жоқ» дейді. Ал, енді мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына екі мәрте құжат тапсырып едік, «балалары жоқ» деген желеумен ілінбей қалдық. Аға, осы ақымақтыққа не дейсіз?..» деді. Мен не дерімді білмедім. Сөйтсем де рухын көтеріп: «Айналайын, көз жастарың, ниеттерің Аллаға белгілі. Түбі бір жақсылық болады» деп жігерлендірдім.
Біздегі қырық алты мың жетімектің қай-қайсысы да анасын іздейді. Ұлардай шулайды. «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар». Суық қабырғалы жетімхана оларға мәңгілік пана болмасы белгілі. Оларды уызға жарытатын да, қабырғасын қатайтып, иманын түзейтін де – сіз бен біз, яки, адамдар. «Қоғам!» десек – жалпылау, «Адам!» десек – нақтылау. «Адамның күні адаммен» деген қағидатты біз жалған тіршілік тұрғысынан емес, шынайы тіршілік тұрғысынан зерделеуіміз қажет-ау!

АНТИДАҒДАРЫС: АСАН МЕН ҮСЕН
Бұл әңгімені сіз де оқығансыз, біз де оқы­ғанбыз. Себебі, ол мектеп бағдарламасына осыдан 130 жыл бұрын кірген. Яғни, авторының тұсында. Әңгіменің иесі – дара ағартушы Ыбырай Алтынсарыұлы. Аналайын мектеп-ай! Сен бәрін оқытасың! Бірақ біз мына өмірде оқығанды оқымағандай, естігенді естімегендей жүре береміз.
Біздің бір жолдасымыз бар. Сол дүниедегі жамандықтың баршасына «жоғары жақтағылар» кінәлі деп септейді. Сондықтан, бүгінгі дағдарысты да «солар ұйымдастырып отыр» дейді. Кеше сол сабаз өлеңдетіп: «Дағдар!» де­дің, Дағдарып қалмадым ба?! Бақа көзді жан-жаққа салмадым ба!..» деп қояды.
Дүйсенғали есімді танысымыздың ойы бұдан басқаша өріледі. «40-тан асқан адам ішкі жүйесін екі-үш жылда бір шайдырып тұрмаса, «запордың» неше атасын көре береді. Ал, осыңыз – нағыз дағдарыс, – дейді ол. – Қаймана ағайын бір нәрсені арзан алса, екінші нәрсені тегін түсірсе, «қатырдым» деп ойлайды. Бірақ, ол ешқандай да қатырған жоқ. Жай өзін-өзі алдады немесе жұбатты. Адам мөлшермен, жүйемен өмір сүрмесе бәрі – бекер. Астананы алайық. Мұнда не бағалы екенін білесіз. Біреулер көзі тоймай жерді де, үйді де сатып ала берген, ала берген. Солар қазір не болды? Дағдарыс келсін-келмесін біреуді қатырғаныңыз – өзіңізді қа­тырғаныңыз. Жұртты алдағаныңыз – өзіңізді алдағаныңыз».
Әлем қазір дағдырысқа қарсы неше түрлі бағдарламалар, жобалар қабылдап жатыр. Бұл – дұрыс амал да шығар. Алайда, халық оны қолданса, соны түсінсе жақсы. Анығы, ол – мемлекеттік, трансұлттық құрылымдардың амалы. Халқыңызға өзі секілді айқын, ашық, қарапайым бағдарлама қажет. Мысалы, сондай бір жоба – тарихи «Асан мен Үсен» әпсанасы. Рас, біз Асанның да, Үсеннің де кім екенін білмейміз. Тіпті, оны білу де қажет емес. Себебі, Асан мен Үсен – дәп өзіміз. Әрбіріміз! Бабамыз да солай болған, атамыз бен әкеміз де солай болған. Біз де солаймыз!
Санамыздағы, бәлкім қанымыздағы Асан: «Елді (мұны жолды, бағытты, ертеңгі күнді деп түсініңіз) қайдан табамыз? Қай жаққа кеткенін көргеніміз жоқ» деп кежегесі кейін тартады. Тіпті қорқады, шошиды, жылайды.
Санамыздағы, бәлкім қанымыздағы Үсен: «Мынау – сүрлеу. Бүгін жүрген көштің сүрлеуі екен: малдың жас тезегі бар. …Әкем: үйрек қаз – адал құстар, мұқтаждықта Құдай-тағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырды, бірақ тірідей байлап-матап әуре ету обал деп айтушы еді, әуре етпей бауыздалық» дейді. Осыны ойлағанда батыл­дығымыз да, тәуекелшілдігіміз де артады.
Тәрбие, тек деген қандай жақсы: обал-сауапты ойлатады, қажеттілікті шешудің жолын да көрсетеді. Бойымыздағы Асан тамаққа тойып пысылдап ұйықтап жатқан түнде ойымыздағы Үсен: «Әкем айтушы еді: «Елді жердің ұрысы, далалы жердің бөрісі болады» деп. … Бұл көбелек-қоңыздар неге көріне өлім іздеп отқа түсе береді екен?..» дейді.
Асан мен Үсен – бала. Былай қарағанда, өскен ортасына сай жап-жақсы балалар. Бірақ, бейнелі түрде айтқанда, Асан – шайтан шідер­леген, албасты басқан жас адам, ал, Үсен – періште демеген, Алла жебеген жас адам. Екеуінің көшкен елдің жұртында қалуы – сынақ. Бай-бағылан да, кедей-кепшік те сыннан өтеді. Өмір заңы сондай. Бұлар Үсеннің еңбегі мен ақылының арқасында елді тапты. Асан соның бәрін өз көзімен көрді. Енді, ол Үсеннің кім екенін, жай құрбы-дос емес, ақылшы болатынын сезінуі тиіс. Сондай-ақ, Үсен жолымен жүрсе, өзі де жол табарын аңғарары сөзсіз. Әрине, егер тоқығаны бар бала болса…
Мына замандағы дағдарыс та бізге «не Үсен, не Асан бол!» дейді. Басында Асан болдық-ақ делік, кейін Үсен сияқты болып кетсек те жаман емес. Себебі, нарық жөнінде, дағдарыс туралы ешкім оқып туған жоқ қой.
Айтқандайын, классикалық әңгімеде от жағып отырған балаларға анадайдан одыраятын бір топ киік, осқырынатын бір үйір құлан бар емес пе? Солар да – бізбіз. Біз – олардан, олар – бізден үркеді. Ал, енді ұлыған қасқыр, шыңғырған өгізшағалалар да бізге таңсық емес. Олар қазір түнде ғана емес, күндіз де ұлып, әртүрлі дауыс шығарып жүр. Ұлыса – ұлысын, шыңғырса – шыңғырсын! Біз – қараңғыда от жаққан Үсенбіз ғой немесе Үсен сияқты болуға талпынғандармыз ғой. Сондықтан, қорықпауға тиіспіз.
Өткенде, қабырғасы қатпаған бір бел­сенділер «Баяғы «тимуршыларды» жандандыру керек!» десіп дуылдасып жатты. Біз оларға «Тимур емес, Үсен (үсеншілдер) болыңдар!» деп кеңес берер едік.

ҚОНАҚ ҮЙ ДЕ – МЕМЛЕКЕТТІҢ
БІР БӨЛШЕГІ
Астанада «Абай» аталатын екі қонақ үй бар. Біреуі – бағзал маңайындағы «Дәулет» дүкенінің жанында, екіншісі – баяғы «Турист»-тің жаңа аты.
Қазір қазақта «Абай» атын иемденген сан мың бала (еркек) бар шығар. Болсын! Сірә, алғашқы қонақ үй – сондайлардың бірінің ныспысы. Ал, екіншісі – дәл Абайдың атын алған мейманхана. Себебі, ол Абай ескерткішінің түбінде тұр және оның иесі – естуімізше дана ақынға туыс бір азамат. Бәрі дұрыс қой, бірақ ол не үшін Абайға берілген? Қонақ үйдің бірінші қабатында Абайға қатысты ешқандай бейне, ақын өлеңдерінің, қара сөзінің бірде-бір үзіндісі жоқ. Бұл жерде «Абай» – дара ақынның аты-жөні ретінде емес, «осторожно»-ның баламасы ретінде ғана ұғынылып тұр. Әбен деген әріптесіміз бүй дейді: «Қонақ үй – іссапарда кісі аялдайтын үй ғой. Онда не болып жататыны кімге болса да түсінікті. Әлеуметтік жағдай мен мораль төмендеген мына заманда, сол қонақ үйдің бөлмесіне кіруіңіз мұң екен, жеңіл жүрісті қыз-қырқын телефонды шәуілдетіп маза бермейді. «Абай» қонақ үйінде сол жоқ дейсіз бе? Сонымен бірге, бұл мейманханада бірнеше сауна бар. Соған иманды, дәреті барлар түседі дегенге сенесіз бе?.. Осыдан кейін ойланасыз: «Дарын мен ойшылдың атын базар мен қонақүйге берген дұрыс па, жоқ мәдениет мекемесі мен оқу орнына берген дұрыс па?» деп. Әлгі мейманхананы «Семей», «Шыңғыстау» т.б. десе де, ақын Абайға құрмет емес пе?..».
Біз «Сүке» деп атап кеткен танымал ақын айтады: «Дүниедегі ең аңқау халық ақын ғой. Өзім сол қонақүй атауы өзгергенде, Абай тіріліп келгендей қуанып, өлең арнағанмын. Қазір соған қатты өкінемін. Ойланбаппын. Ертең бар ғой бір үлкен мәдени мекемеге Абай атын сұрасаң, шенеуніктер «Абай қонақүйі бар емес пе? Қайталамайық!» дейді. Осы есіме түссе, жылағым келеді» деп. Сонымен, осы қонақ үй – мемлекеттік мүдденің бір бөлшегі ме, жоқ жай шәулі, шайла ма?
Қонақ үй расында Абай құрметіне қойылса, оның әрбір бөлмесінде неге ақын өлеңдерінің топтамасы, дәлізінде ақынға арналған видеотека тұрмайды? Мысалы, қазір Астана деп шал-шауқан да, бала-шаға да ағылып келіп жатыр. Жақсыны көрмек үшін! Солар неге «Абай» қонақүйіне аялдап, рухани серпіліп қайтпайды? Екі-үш көше арғы жағындағы «Абай» кітап дүкені осы үйге неге орналас­пайды?..
Сұрақ көп-ақ. Нарық заманында біреуді «өйтпеді, бүйтпеді» деп кіналау да орынсыз. Бірақ … «Абай атын қой!» деп қонақүй иелерін ешкім мәжібүрлеген жоқ қой.
Біз – өзім, таныстарым, дос-жарандарым, туыстарым – түрлі жағдаймен шетелге шығыппыз. Онда, әрине, нағашымыз немесе құдамыз тұрмайды. Сондықтан, қонақүйге аялдаппыз. Мұнда не көрдік? Бәрі тап-тұйнақтай. Бұл – бір. Екінші, әрбір бөлмеде сол мемлекеттің ұстанатын негізгі дініне сай «Библия» сынды кітаптары тұр. 70 пайыз мұсылман тұратын Қазақстанның қай қонақүйінен «Құран-Кәрімді» көрдіңіз? Ақынның бірде-бір өлең жинағы жоқ «Абай» қонақүйінде ұлық кітаптың тұрмасы екібастан белгілі. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай емес пе еді?..
Түскен қонақүйіңізде Құран тұрса, шайтан да, шайтани ой да аулақ болмай ма?
Айтқандайын, сол қонақ үйдің дәл қарсы бетінде (бұрынғы «обкомовский үйдің» орнында) төңкеріске дейін қалалық мешіт болған деседі, көнекөз қариялар. Мешіт орны һәм айналасы қашанда қадірлі, үлгілі болмақ керек. Тіпті, құлатылған мешіт орнына міндетті түрде мешіт тұрғызылуы тиіс. Ал, сол болашақ мешіт орны хақындағы мәдениет, жақсы ниет, орайлы имани пайым «Абай» үйінен басталса айып па?..

ҰЛТТЫҚ КОСТЮМ: ШАПАНТАНУ
«Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға» депті дана Абай. Барлық киімнің ықшам, қолайлы, икемді, денеңізге шақ болғанына не жетсін?! Еліміздегі сансыз жоғары оқу орны мен арнаулы орта оқу орнының кемі жартысында «дизайн» атты мамандық бар шығар. Мұның сыртында есепсіз сән орталықтары мен үйлері жұмыс істейді. Осылар қайда қарап отырғанын білмедік, әйтеуір, қазақ ұлттық киімінің бағы ашылмай-ақ қойды.
Қазіргі «ұлттық киім» дегендерді саудалап жүргендер ақылды ма, жоқ мұражайлар мен әжелеріміздің сандығындағы байырғы қазақ киімдерін көріп жүрген біз ақылсызбыз ба, несін айтасыз, осы мәселенің парқын айыра алмай келеміз.
Алысқа бармаңыз, шетелдіктер жиі келетін үлкен сауда дүкендерінің «ұлттық киімдер» бөліміне барыңыз, қаймана халық көп соғатын базардың «шапандар» бұрышын көріңіз. Нені байқайсыз? Қытайдың арзанқол матасынан жасалған әлем-жәлем, әсіре қызылды-жасылды оюының қиюы қашқан дүниелерді тамашалайсыз. Ұлттық костюміңіздің түрі осы! Мысалы, әрбір шапанға хандар киген мұрақ формасындағы бірдеңе қосақталады. Мұның идеясы не? «Хандарды жойдық, әрбіріміз – ханбыз!» деген жалпақшешейлік пе? Жоқ, шапан көбіне сырттан келген қонаққа (шетелдікке) сыйланғандықтан, «Біз ханға жарымап едік, сіз хан болыңыз!» деген идея ма?
Шапанға келейік. Шынында ол, қазақ мәселесінде «жоғары-төмен үйрек-қаз» болып жүрген ақын айтқандай, кәдімгі халат қой. «Халатизация!», «халатно!» – бүгінгі шапанның баға-бәсі. Сондай-ақ, осы заманның адамынан «Әртіс-әнші киетін шапан мен қарапайым иманды адам киетін шапан түрінің айырмашылығы болу керек пе, жоқ па?» деп сұрай да алмайсыз. Себебі, бірқалыпты (момын-мүмін) жүруге тиіс молда да ойы алай-дүлей, көңілі алып-ұшқан адамдай оюлы, әлем-жәлем шапан киеді, әртіс те осындайды үстінен тастамайды. Байыптау үшін айтайын, менің әжемнің нафталин аңқыған сандығында кемі 60-70 жылдық қасқыр ішік, түлкі ішік, құндыз бөрік, түлкі тымақ, түйе шапан, кәдімгі шекпен сақтаулы тұр. Оны өз заманының ісмерлері тіккен. Соның біреуінде де ою жоқ. Еркек болғандықтан, камзолдың түр-тұрпатына баға бере алмадым. Бірақ, әлгілер оңып тұрмағанда, мұның да маңдайы жарқырамағанына сендім.
Сонымен, мен Астанадағы үлкен сауда орта­лы­ғындамын. «Ұлттық костюм» бө­лімін­дегі сатушыға: «Бұлар сіздердің тапсы­рыстарыңызбен тігіле ме? Алушылар сын-ескертпе айта ма?» деймін. Ол: «Жоқ, біз барды саудалаймыз. Мына қымбаттары – Алматыда, арзандаулары Қарағанды мен Павлодарда тігілген. Үлгісіне, формасына, сәніне біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Алушылар сәніне емес, көбіне мата түрі мен тігісінің ақауына қарайды. Жалпы, тұтынушының бізге өкпесі жоқ» деп жауап береді.
Әлгі мәселемен қаланың үлкен базарында тұрмын. Сәудегерден: «Шапандарыңыз неге арзан?» деп сұраймын. Ол: «Солай, арзан болған соң арзан» деп қызық жауап береді. Мұндағы шапандардың бәрі, сәудегер сөзіне қарағанда, «частный сектордағы Шымкенттен келген классный мастердің швейный цехында тігіледі және качествосына ешкім замечание жасай алмайды». «Тым оюы көп емес пе? Оюы жоқ шапандарыңыз бар ма?» деймін мен. Сәудегер басын шайқап: «Қызықсыз, оюсыз шапан бола ма? Ондай шапанды кім алады?..» дейді. Халық сұранымына сай сауданың түрі әлгідей, ал, бұған мәдениет саласының адамдары қалай қарайды екен?
Бізге іргелес үйде елорданың бір жоғары оқу орнында қызмет істейтін азамат тұрады. Ол «мәдениеттанудан сабақ беремін» деп жүретін. Қызық болсын деп, шапан жайын содан да сұрай салдым. Бұл мықтыңыз: «Несі бар, дүкен-базарлардағы шапандар – нағыз шапандар. Оның негізі біздің дәуірімізге дейінгі «пәленбайыншы» ғасырда басталады. Көшпенділер үшін шапан – әрі киім, әрі көрпе. Қошқар мүйіз ою мәңгілікті білдірсе, өрмелі және кестелі ою өмір фило­софиясын аңғартады…» деп соғып тұр. Осы кезде бір нәрсе есіме түсіп кетті. Оқиға Моңғолияда болыпты. Бір киносыншы көркем фильмге баға беріп жатқан ғой. Сірә, кинозал алакөлеңкілеу. Киноның бір жерін түсіндіргенде, сыншы айтыпты: «Бұл енді өте күрделі жері. Кейіпкерлердің соңынан жамандықтың келе жатқанын сездіру үшін киногерлер мына қара нүктені ойлап тапқан. Ол – жамандық символы» деп. Осыны айта бергенде шам сөніп, сәлден кейін қосылыпты. Шам жарқ еткенде, көрермендер сыншының «жамандық нүктесі» деген жеріне қараса, экранға тұтылған ақ материалдың жұдырықтай тесік тұсы екен… Сол айтпақшы, дін мен дінді, тіл мен тілді, діл мен ділді оп-оңай будандастырып жүрген біздің «мәдениеттанушылар» қажет деп тапса, кез-келген нәрсені қиынынан қиыстырып береді. Тапсырыспен де, тапсырыссыз да!
Сонымен, менің шапантануым сәтсіз болып шықты. Қазіргі шапандар ісмерге де, сатушыға да, мәдениеттанушыға да ұнайды екен… Осылай болса да, тағы бір тәуекел жасап, оқырмандарға ой сала кеткім келді. Бұл, әрине, менің ойым! Бірінші, бүгінгі ісмер, сатушы, мәдениеттанушы ұлттық костюмге қатысты халықтың талғамы мен түсінігін тып-типыл қылған. Екінші, КСРО-ны құлатып берген жарықтық Б.Ельцин айтқандай, «так жить нель­зя» (шапанға қатысты айтып тұрмыз). Сонда не болып шықты? Бүгін елдік іске жауапсыз қарап отырған ісмер, сатушы, мәде­ниеттанушы тап ертең ұйқыдан оянғанда, мүлдем басқа тұрпатта, нақтырақ айтсақ, қазақтың табиғатына жақын, жаңаруына мүделлі ісмер, сатушы, мәдениеттанушы болып оянуы керек. Құдай сол күнге жеткізсін!

ӘМІРКЕН КИНОҒА ЕЛІКТЕУ
«Өй, әртіс!» деп жатамыз. Кейде «ол – әртіс қой!» дейміз. Бұл – халықтың сөзі. Мағынасын сол халықтың өзі жақсы біледі. Мен бұл жолы нағыз әртістің бір ойын сіздерге жеткізіп, «Бұ қалай болды?» деп сұрақ қойғым келіп еді. Бәлкім, өзім де оған жауап іздеп көрермін. Ол әртісті бәріңіз білесіз. Түрі тым келісті. Халық жүрегінде қалған біраз фильмде басты рөлді сомдаған. Қазір жасы да біршамаға келді-ау деймін. Газеттерден тағы білгенім: маңдайы тасқа талай тиген. Тағдырын айтам да…
Осыдан бірер жыл бұрын республикаға кең тарайтын бір газетте, сол әртістің сұхбаты жарияланды. Сұхбат алушы – көп жыл газеттің жілігін шағып, майын ішкен, кейінгі жылдары телеарна жағында нәпақа тауып жүрген азамат. Бұл – рамазан айы болатын. Иә-иә, ораза айында осы екі мықтыңыз қазақты жерге қаратты.
Екеуі ананы-мынаны айтып отырып, бір кезде журналистің ескерткіш-белгі туралы қызық сұрағынан кейін, әртісіңіз ұлт өміріне жанаспайтын анайылау әңгімені бастайды. Айтудың өзі ұят. Дегенмен, оқырманға тұспалдап жеткізейік.
Әртістің долбарынша, Қызылорда жерін­де былайғы жұртқа бейпіл көрінетін бір ескерткіш бар көрінеді. «Оны Меккеге қажылыққа аттанып, жоғалып кеткен байына арнап тоқалы қойғызыпты». Нәп­сіқұмар тоқал орнатқан ескерткіш-міс! Әңгіме, сұхбатшылардың тосын «жаңалығы» осы! (мұны олар елді күлдіру ыңғайында айтады…). Бұған не деуге болады? Ақылы жетсе, балаға да белгілі жағдай: қажыға жай адам бармайды. Әсіресе, ерте кездерде! Содан кейін қажыға ниеттенгеннің бәйбішесі мен тоқалы түгіл, иті де сабырлы, мүмін болады.
Жалпы, ораза айында қалың жұртқа жа­рия етілген бұл сұхбаттан соң әлгі әртіс пен журналист туралы не ойлаймыз? Біріншіден, әрине олар – не айтып тұрғанын және не үшін айтып тұрғанын білмейтін рухани соқыр жандар. Орысша ұғыммен айтсақ, бұлар ораза түгіл, өз ақылымен де дос емес. Екіншіден, бірде-бір мәдениетті ел мұндай сұхбатты «сөз бостандығына» жатқызбайды. Оқырмандардың санасын жаралағаны үшін мұндайлар ардың ғана емес, заңның алдында жауап береді. Үшіншіден …қанша жерден атақ-дәрежелі болса да, мұндайлардың атын атап, түсін түстеп, «Кто есть кто?» секілді кітап жариялау керек шығар. Халық бірді айтып, бірге кететін, сөзі һәм ойына жауапсыз сойқандарын білсін. Бірақ, сол сұхбат шыққалы біраз уақыт өтті. Ешкім ләм-мим демеді. «Барлығы о-кей!». Ілгеріде осы заманның бір ғұламасы айтып еді: «Қазір әл-Фараби келді десең де, кетті десең де жұрт таңғалмайды» деп. Сол айтпақшы, әлдекім кез-келген нәрсені жарыместеніп айтса да, біз бен сіз қабылдай береміз және олар да қабылдай береді.
Әне, кеше елшіл газеттер шулап жазды. Қазақстанда өткен кинобәйгеде мұсылманды мансұқтаған бір фильм жүлделі орын алған. Қазылар алқасында көппен бірге әлгі қиялмен анатомиялық мүшеден ескерткіш орнатқыш шоң әртісіңіз де жүрді. Сондай сабаздар жүрген соң да дін-исламды қорлаған туынды жуындыға айналмайды. Қаймана халықтың миын ботқа қылатын «рухани нәрге» айналады.
…Жақында, АҚШ-тың бір кино зерттеу­шісі өте қызық материал жариялады. Голливуд, қазір, оп-оңай әр ұлттың ортақ бейнесін қалыптастырып үлгерген. Көбіне жаман кейіпте: жылпос, дөрекі, жүрексіз, тұрақсыз, т.б. Осы қатарда мұсылманның орны тіптен төмен. 100 фильмнің 97-сінде ислам адамы жексұрын болып бейнеленеді екен. Ал, бұл фильмдерді әлемде миллиондар көреді. Сол миллионның көкейінде қандай пікір қалыптасады? Әлгі бізде болған кино бәйгесі – соның бір нәтижесі.
Жарайды, әміркен-киноға қатысты жайдың жөні бөлек. Ал, өз ішімізде кері тартып сөй­леп, дін мен дінсіздікті миботқа қылу және оны газет-журналда жариялау кімге абырой әпереді?..

КӨШПЕНДІ ДЕ, КӨШПЕЛІ
ДЕ ЕМЕСПІЗ!
Осы сөз вирус секілді қайдан кіріп кеткенін білмедік. Әйтеуір, маған да, өзгеге де ұнамайды. Біріншіден, арғы-бергінің жазғанына, айт­қанына үңілемін. Бұл сөз даңқты Асан қайғыдан Бұқарға дейінгі жырауларда да, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерде де, Дулат пен Абайда да, Ахмет пен Мағжанда да жоқ. Екіншіден, қа­зақ­тың тарихи ойлауына олжа салған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогия­сына қараймын: бір сәт «бәлкім …болған шығар» деген пікір ойқастайды. Мектептегі оқулықтардан, кейінгі газет-журналдар мен кітаптардан мида қалған жұқанаға үңілсем, көш, көшпе, көшу – қазақтың сөзі, ал, көшпенді – естілуі «шекпенді» ыңғайында ұғынылғанымен, жалпы жасанды сөз боп шығады (себебі, қазақта «көшпен» деген зат есім жоқ).
Әлі есімде, 80-жылдардың басында бір азамат: «Көшпенді» деген қате, дұрысы – «көшпелі» деген пікірін «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялады. Сөйтіп, сол шамадан бері қазақ тіліне тағы да «жаңа сөз» қосылды. Әрине, тілге қандай сөз сөз кірмей жатыр дейсіз? Тіл заңдылығының маңдайын жарып, көзін шығарып енген сөздерден арнайы сөздік түзуге уақыт таянған шығар. Бірақ …«көшпенді» мен «көшпелінің» жөні бөлек. Себебі, осы ұғымдармен ұлты­мыздың тағдыры, салт-дәстүрі әлемге баян етіледі. Аузы дуалы, сөзі уәлі сана­латын бір ға­лым­ды тыңдаймын. Ол: «Көшпелі тіршілік – қазақтың бүкіл өмірі мен философиясын қамтыған тір­шілік. Сондықтан, сайын сахараның номады – қазақтың жан дүниесін осы ая­да қарас­тырамыз» дейді. Дейді де, жатып келіп соны дәлелдейді. Әдемі сөзіне сенгіңіз-ақ келеді. Алайда көкейде біраз сұрақ қалады.
Қазақ топырағынан мүлдем ажыраған, ұлт тарихын үзіп-жұлып білетін, сөйте тұра аз-кем ұққанын ағылшын тілді ортаға насихаттап жүрген бір қарындасымыздың орыс тіліндегі мақаласын оқыдым. Бұл кісі бүй дейді: «Но­мад­тардың ұрпағы саналатын қазақтар әлі жаңа өмірге бейімделмей-ақ келеді. Олардың домбырасы, қобызы, Наурызда, түрлі тойларда тігілетін киіз үйі ХХІ ғасырға космостан көшіп келгендей әсер береді. Көшпелілер (кочевники) дегеніміз кімдер? Олар – Отанын табиғатпен байланыстыратындар, бүкіл тіршілігін аңыз-әңгімелерге құратындар және өркениеттің мифтік формада дамуын қалайтындар…».
Атақ-дәрежеден жұрдай, 40 жыл ауылда малдәрігер болып істеп, зейнетке шыққанда қаладағы балаларының қолына келген Күмісбек ныспылы оқыған-тоқығаны мол ақсақалды танушы едік. Көшіп-қону әңгімесі қозғалған бір қарапайым басқосуда, сол Күмекең былай дегені есімде қалыпты: «Мына орыс-орманның мұжық аталары қарашекпен болып біздің жерімізге келді, басқа жерлерге де көшіп барды. Ұрпағы да солай жасады. Кім оларды көшпенді дейді? Біз – бір мың жылдан астам уақыт ислам аясында өмір сүріп жатқан елміз. Ислам әлемінде де көшпенді мәдениетсіздікті, тұрақсыздықты білдіретін ұғым. Ал, біз сонымен мақтанып жүрміз. Әлем қабылдаған ұғымды өзімізше өзгертпек боламыз. Сөйтіп, күлкіге қаламыз. Мысалы, сығандар – нағыз көшпелілер. Ал, енді белгілі қыстауы, жайлауы, күзеуі бар, ата бейіті айқын ұлтты қалай көшпелі деуге болады? Әлемнің барлық этносы кезінде көшіп-қонған. Киіз үй сияқты баспанада тұрған. Бірақ, олар қазір «көшпелі болдық» деп мақтанбайды ғой. Біле-білсек, қазақтың көшіп-қонып жүргені әрі елді қорғау, әрі экономикасын (мал) арттыру. Содан кейін қай бабамыз «мен – көшпелімін» деді? Ешқайсы да! Сонда біз неге сыртқы жұрт анықтап берген ұғыммен өзімізді атауымыз керек? Біз неге біреу шерткен ертегімен өмір сүреміз? Осыны жалаң түсініп, халықтың миын су қылып жүрген ғалымдарға қайран қаламын…».
Мұны естіп ойланамын: сірә, Кеңес цензурасы қақшаңдап тұрғанда Есенберлиннің «көшпендісі» – назарды басқа жаққа аударатын амал-сөз болған шығар…
Иә, бәрімізді тарихшы, саясаттанушы қылған мына заманға дауа бар ма? Енді, осы сөздерді санамдағы таразыға салдым. Маған ұлтымның шынайы тарихы бағалы. Мен көшпелі де, көшпенді де емеспін. Ме­нің ата-бабам да көшпелі де, көшпенді де болмаған. Елім – осы, жерім – осы, көшіп келген де, көшіп кеткен де халқым жоқ. Біз – анық­тауышты қажет етпейтін қазақпыз.

ӘСКЕР НЕ ҮШІН КЕРЕК?
Әрине, елді қоғау үшін керек. Әскер – айбын, әскер – сенім, әскер – күш. Күні-тү­ні әскер туралы жақсы ойлағың келеді. Әскерге балаларымызды қуанышпен шығарып, жарқын көңіл-күймен қарсы алғымыз келеді.
Мен әскерді құлай сүйетін екі елді білемін. Оның бірі – Түркия, екіншісі – Ресей.
Бізбен тағдырлас, Қазақ елін «өз еркімен» өзіне қосып алған патшалық Ресейдің әскери дәрежесі қандай еді? «Сарбаздық ант», «сар­дарлық ар» қылыштың жүзіндей болатын. Олар «офицерская честь», «клятва солдата» десе, жарқ ете қалатын. Мұсылманның Құран ұстағанындай, «шаһит кештім өкінбен!» деп, неге болса да даяр тұратын. Сол рух оларда атеистік-жасанды түрде болсын, 60-70 жыл­дарға дейін сақталынды. Ауған соғысында жалт етіп сөнді. Ақыр соңында кешегі советтік сарбаз бен сардар тезек теріп кетті… Қару-жарағын «жауына» сатып, сол қару-жарақтан өзі мерт болды. Бірінші шешен соғысын айтамыз да, баяғы…
Бізбен қандас, сүйектес Түркияның ұл­дары анасының құрсағынан қылыш ұстап туды. Кешегі оғыз, селжүк, османлы дәуірлері оларды жылқының жалында, түйенің қомында қырағы әскер етіп тәрбиеледі. Батыс пен Шығыстың жартысы осылай олардың табанының астына түсті. «Түрік келе жатыр!» десе, жылап отырған бала уанатын болды. ХІХ ғасырда Осман патшалығынан бақ ауды, империя аясы тарылды. Әлді әскер әлсіз басшының дегеніне жүрмеді. Дегенмен, құлдырауға жақын қалған Түркияны әскерилер аман алып қалды. Жаңа заманда, жұмқырият (республика) болған заманда Түрік әскері есін жиып, тас-түйін болып елдігін сақтап, дамытуға көшті. Бұл елде әскери бо­лу, жастарды әскерге шығарып салу – ең ұлық мәртебе! Жаңылыспасам, осы шарада ата-анасы баласына кебін сыйлайды. Дана қазақта сөз болушы еді ғой: «Кебін киген келеді, кебенек киген келмейді!» деген. Мына ізет – соның кері. «Аман бол! Ел жо­лын­да шаһит болсаң, арманың жоқ!» дегені. Қандай парасат, қандай отаншылдық пен имандылық десеңізші?!
Енді, Қазақстан әскеріне, әскери құнды­лықтарына оралайық. «Жербауырлап жатыр» дей алмайсыз. Әрекет бар, ынта бар, жігер бар. Рас, «сыбайлас жемқорлықтың» вирусы оған да жұқты. Онсыз да аз ақша әр кезде талан-тараж бола жаздады… Бірақ, бүгін біздің айтпағымыз бұл туралы емес. Әскерилердің рухы туралы!
Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, міне, мына бала университетте оқиды, әскери кафедрадан тағылым алады. «Саған әскери кафедра не үшін керек?» деп сұраймын одан. Ол иығын қиқаң еткізіп: «Біріншіден, офицер болып шығамын. Кез-келген құқық, қауіпсіздік органына қызметке тұрамын. Екіншіден, университет бітіргенде ешкім «әскерге аламын» деп мазаламайды. Бұл сол үшін керек. Шынымды айтсам, мұның жеңілдігі көп» деп жауап береді. Ал, мына бала әлі оқуға түспеген. Дұрысы, түсе алмаған. Ендігі ойы – әскерге бару. «Әскер саған не үшін қажет?» десем, ол да: «Жолымды ашу үшін керек. Қазір қарауыл болғыңыз келсе де, «әскери билетің бар ма?» деп сұрайды. Бұл – бір. Екінші, қазір мен онсыз да жұмыссызбын. Әскер маған бірер жыл баспана, ауқат береді. Онсыз да уақытты құр өткізгенше әс­керге барғаным пайдалы емес пе?!» деп жауап береді.
Жастарымыздың бұл жауабына не деуге болады? Әрине, өте қарапайым адами, пендешілік жауаптар. Сондықтан, бұлардан «Ел қорғаймын, Отан қорғаймын!», «Ант жолына адал боламын!» деген биік рухты сөздерді талап ету де қиын. «Әскер басын­дағылар қару-жарақ сатып, мемле­кет бөлген ақшаны аямай жымқырып жүр­генде, сіз бізге не айтып тұрсыз?!» деуі де ғажап емес-ау…
Жоғарыдағы жайды әр тұсынан қаузап, бір топ шал-шауқан сөйлесіп отыр. Мемлекеттік түрлі жауапты қызмет атқарған Айткеш айтты: «Ең әуелі «Республиканың қорғанысы деген не?» деген тұжырымдама жасалу керек» деп. Қырық жыл оқытушы болған Сармантай сөйледі: «Советтік әскери даярлықты қайта жандандыру керек. Қазір НВП мұғалімі құрдымға кетіпті» деп. Сол кезде әңгімеге ара-тұра ғана араласатын бүркіт мінезді қарт Бүркітбай саңқ ете қалды: «Мұсылман баласында әскерилерден салық алынбайды. Себебі, олардың ел қорғанысы мен қауіпсіздігі жолындағы еңбегінің өзі – салық. Біле-білсек, бұл – үлкен мәртебе. Сенім! Алтын дініміз осылай дейді. Екінші, бұрын кеңес әскеріне қазақ жастары орыс тілін үйрену үшін де баратын. Қазір қазақ тілі мен мәдениетін жетік үйрететін бір тетік – әскери кезең. Осыны ешкім ескеріп жүрген жоқ. Отаншылдықтың нағыз қайнар көзі осы емес пе? Өзіңіз ойланып көріңіз, бүкіл Қазақстанның ер баласы жиналатын бұдан басқа жер бар ма? Бір-екі жыл күні-түні мемлекеттік тілде сөйлеп, қазақтың рухани иен байлығын меңгерген жігіт отаншыл болмағанда кім болады?! Мына орыс-тамыр әскеріне дәстүрлі православ дінін енгізді. Офицерлері кресті сүйіп ант береді. Ал, енді біздің иманды сардардарымыз Құран ұстаса, әлгі елді шулатқан жемқорлық болар ма еді?.. Мен «дінсіз сарбаз» дегенді түсінбеймін. Имансыз адам бәрін де сатады. Отанды да, ата-анасын да, жоғары қолбасшыны да! Отан­шылдық құрғақ бұйрықпен орнамайды» деп.
Басқаны қайдам, өз басым дәл сол тұста түр­лі әскери шені бар, «запастағы офицер» саналатын мына шалдарды үстіне көнетоз кителін кигізіп, сол жағалаудағы генштабқа кіргізіп жібергім келді…

ПУТИН НЕГЕ ДЕНИКИНДІ
ЖАҚСЫ КӨРЕДІ?
«Солтүстік көршінің алымы мен шалымына қарап, ой түйіп қалған қайран басым Ресей үкімет жетекшісі Владимир Путиннің осыдан екі ай бұрын жария етілген ұстанымына қатты риза болды» десем, сенесіз бе?..
Бір жолдасым бүй дейді: «Сол Путиніңді үш рет түсімде көрдім. Бір жолы мен үй қабыр­ғасына сүйеніп тұрмын, ал, ол нақпа-нақ сөйлеп тұр. Қайсыбір кезінде риза болып кетсем керек: «Әкелші қолды, әрі қарапайымсың, әрі маладессің!» деп қолын алып, құшақтадым». Көрмейсіздер ме, біздің жігіттер қандай-қандай саяси түстер көретінін?..
Биыл мамыр айында Ресей премьер-минис­трі В.В.Путин Мәскеудің Свято-Донской мо­настырь-қорымындағы Антон Деникин, Иван Ильин, Иван Шмелев бейіттеріне зиярат етіп, гүл шоқтарын қойды. «Известия» газетінің жазуынша, орысқа еңбегі сіңген, осы үш мар­құмының да құлпытас-ескерткішін Путин жеке қаржысымен өркениетті қалыпқа келтіріп жөндеткен. Жалпы, биліктен кете қоймаған бұрынғы президент осы қорымға келген сайын: «Нехорошо получается. Похоронили и забыли?..» дейтін көрінеді. Енді ол: «Біздің жолымыз – біртұтас Ұлы Ресейдің жолы һәм Деникиндердің жолы» дегенді ашық меңзеп отыр. Мәселеге Мәскеу жағынан қарасаңыз, бұл – ірі мемлекетшіл қадам.
Бұрын да бір жерден оқығаным бар еді: Деникин мен Ильиннің сүйегі осы Путиннің қолдауымен шетелден әкелініп жерленген (сірә, Әмерикадан).
Біз баяғыда «ақ-қызыл» деп жатушы едік қой, Деникин, Ильин, Шмелевтер – ақ гвардияшылар немесе монархиялық Ресей үшін басын бәйгеге тіккендер. Генерал Деникиннің соңғы қызметі – Оңтүстік Ресей әскери күшінің бас қолбасшысы. Отанынан 1920 жылдың көктемінде 48 жасында кетіп, Англияда, Бельгияда, Францияда тұрып барып, 1947 жылы 75 жасында Әмерикада қайтқан. Тірісінде шетте жүріп орыс әскері мен ұлты туралы бірнеше кітап жазған. Оның Уақытша үкіметке айтқан мынандай сөзі бар: «Вы втоптали в грязь наши знамена. Теперь пришло время: поднимите их и преклонитесь перед ними». Әрине, орыстың Деникин, Каппель, Колчак, Врангель, Дутов, Юденичтері – біздің «екі туып, бір қалғанымыз емес». Олар – сол ұлттың ерлері.
Мен осыны өзімше әуезелеп тұрғанда, Бай­ларбек есімді сазгер көршіміз былай деп қалды: «Сіз «Адмирал Колчак» фильмін көрдіңіз бе? Мен оны арнайы көрдім. «Махаббатпен жасалған кино» деп осыны айт. «Отаным үшін жаным құрбан» деген сардар Колчактың бейнесі тамаша ашылған. Шынымды айтайын, мен сол фильмді жылап тұрып көрдім. Жылағанда, «біздің де ардақты тұлғаларымыз осылай болған шығар» деп ойлап жыладым. Біздің «Мұстафа Шоқай» фильмінде Мұстафа мен Алаш тұлғалары арасын көрсететін жалғыз ғана эпизод бар. Кәдуілгі мекеменің жиналысындай… Ал, солтүстік көршіміз рухты фильмдерді бұрқыратып жатыр».
Байкең айтқан шындықтың мәні балаға да түсінікті. Путин мен Медведев арбаның қос арысындай Ресейді өрге сүйреп келеді. Қазір, олар сөз сөйлей қалса, православ дініне адал болған, Ресейді қасық қаны қалғанша қорғаған тұлғаларының ой-пікіріне сүйенеді (мысалы, Путин эмиграцияға кеткен философ Ильиннен жиі дәйексөз алатын ұқсайды). Оларды ардақ тұтады. Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек» романында сомдаған орыс офицері («қара мұрт») айтпақшы, «адам лажысыз елінің тілегіне бағынады».
Бәрі дұрыс қой, Ресей – Ресей: оның күні бізсіз батып, таңы бізсіз-ақ атқан. Біз Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Смағұл Садуақасұлы, т.б. тұлғалардың сөзін аузына алмайтын, аяғы аспаннан салбырап түскендей, тәуелсіздікті нағашысы сыйлағандай кердең-кердең жүретін қайраткерлерімізге таң қаламыз.
Қай бақандай-бақандай мықтыңыз Ақто­ғайдағы Талдыбейітке рәмізді түрде орнатылған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ата қорымына зиярат етіп, Құран бағыштады екен? Қай бақандай-бақандай мықтымыз «Алаш – темірқазығымыз! Оны мына сөздері дәлелдейді…» деп ағынан жарылды екен?.. Осыны ойлаймыз да, Деникинді жақсы көрген Путинге қызыға қараймыз.
Ойымды осылай қорытындылай беріп едім, әлгі Байларбек: «Путин сүйекті сыйлауды біледі екен, енді, ол жаңағы қара мұртыңыз секілді сәл ойланып: «Құдайы көршіме Хан Кенесарысының бас сүйегін тауып берейін, батыр Кейкісінің бас сүйегін қайтарайын» демейді-ау! Десе, кәне!» деп, ескі әңгімені бас­тап кетті.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Дихан ағамызда Алаш идеологиясының жалыны бар, оны әрі қарай таратса бәрімізде жылынып, қуаттанып, нұрланып ұрпаққа жеткізер едік діп ойлаймын. Мақала керемет…

Пікірлерге тыйым салынады.