ЕЛІН СҮЙГЕН ІРІ ТҰЛҒА

  • 03.06.2013
  • 486 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елімізде талай талантты қайраткерлер шыққан. Қайраткерді заманынан, өзі еңбек етіп, өмір сүріп жатқан уақытынан бөліп алып қарауға болмайды. Қазақ топырағындағы сондай абзал азаматтардың, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев деп айтуға болады. Оның қайнаған қазандай қызу еңбекке толы бүгінгі өмірі жемісті де нәтижелі екені анық.
Орта мектепті үздік бітірген Көпжасар туған ауылы Бектөбеден білім іздеп Алматыға қарай жол тартты. Қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітіріп, эко­номист мамандығын алып шықты. Білім мен біліктілікті жадына жақын тұтқан ол алғашында Алматы халық шаруашылығы институтында аға мұғалім, кейін доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми істер бойынша проректор қызметтерін атқарды. Қазақ КССР Жоғары және арнаулы орта білім министрінің орынбасары, министр болып тағайындалды. Содан кейін табаны күректей 10 жылдан аса әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып істеді.


Өткен қоғамдық-саяси құрылымның қаталдығына қарамастан, ол іскер кадр­лардың жетілуіне қолайлы жағдайлар жасап отырды. Дарынды, келешегі бар жастарды дер кезінде байқап, оларды мәпелеп, тәрбиеледі. Солардың ішінен Көпжасар Нәрібайұлы сияқты үлкен жүректі, елін сүйетін қайраткерлер шықты.
Іскер де шебер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы-кадрлардың аренаға шығуы, әрине, өмір талабы. Көпжасар Нәрібайұлының ең жемісті еңбек еткен кезі 1960-1990-шы жылдар еді. Біз қазір ол жылдарды саяси тұрғыдан тоқырау заманы деп бағалап жүрміз. Бәлкім, қоғамды басқарушы партияның жұмыс тәсілінде, елді басқару үрдісінде тоқырау болғанын жоққа шығаруға болмас. Ал, Қазақстанның оқу-ағарту, білім, ғылымы, оның ішінде жоғары білім саласында тоқырау, яғни, дамудың тоқтауы болды дегенге сену қиын. Әсіресе, Қазақстанның жоғары оқу саласы жылдан-жылға қарыштап даму үстінде болды. Әрбір облыс орталықтарында өз алдына жеке университеттер, көптеген педагогикалық, техникалық институттар, жан-жақты дамып келе жатқан экономикамызға әртүрлі мамандар даярлайтын арнаулы оқу орындары ашылып жатты. Осындай үлкен міндеттерді жүзеге асыруға жаңаша ойлайтын, үлкен ұйымдастырушылық қабілеті бар басшылар керек болды. Міне, осы тұста оның республикамыздың жоғары оқу саласын басқаруға келуі кездейсоқтық емес. Бұл министрлік орынға Көпжасар Нәрібайұлы секілді азаматтың отырғанын уақыттың өзі қажетсінген. Себебі, Қазақстан жоғары оқу саласында Ресейден кейінгі орындардың бірінде тұрған. Осыдан-ақ істің қаншалықты жауапты екенін аңғаруға болады. Ал, ол орынбасарлық қызметімен қосқанда бұл лауазымды орында он жылдан аса жемісті еңбек етті.
Ең бірінші себеп – оның тәжірибелі, талантты, ұлтжанды басшы болып қалыптасуы. Көпжасар Нәрібайұлы жас маман кезінен оқу саласының барлық мәсе­лелерін жетік меңгерген, жоғары оқу орнының басқару жүйесінің барлық сатысынан өткен, оған қоса, жоғары оқу саласындағы тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, ізденіс үстінде жүрген беделді, елі құрметтеген басшылардың да біріне айналған. Ал, мұндай сегіз қырлы, бір сырлы басшылар ол кезде сирек кездесетін.
Екінші себеп – Көпжасар Нәрібайұлының тазалығы, адалдығы, шыншылдығы, қарапайымдылығы мен әділдігі оның басқа әріптестерінен жоғары болуы. Егер, осындай ізгі қасиеттері болмаса, ол лауазымды мемлекеттік орында ұзақ жыл қызмет істей алмас еді.
Осы лауазымды қызметінде жүргенде, оның Қазақстанның ғылым мен білімін дамытуға қосқан үлесі айрықша болды. Мәселен, күндізгі оқитын аспирантураға бөлінген орындар 20%-дан (80%- сырттай оқитын еді) 50%-ға дейін көтерілді. Ол кезде жоғары оқу орындарында ғылыми атағы бар оқытушылар саны 2,5%-дай болатын, оны 5-10%-ға дейін жеткізді. Көптеген докторлық диссертация қорғайтын ғылыми Кеңестер ашты және Москвада, Ленинградта, Киевте, т.б. қалаларда қазақ ғалымдарының докторлық диссертация қорғауына көмектесіп отырды. Сонымен қатар, қазақтың жас ғалымдарын алыс шетелдерде білім, ғылым деңгейін көтеруге тәжірибе алмасуға жіберіп отырды. Әртүрлі ғылым салалары бойынша көптеген халықаралық конференцияларды кеңінен өткізуге атсалысты.
Қажыры мен қайраты арқасында Көпжасар Нәрібайұлының өрлеу баспал­дақтары одан әрі биіктей береді. ХХ ғасырдағы 80-ші жылдың аяғы мен 90- жылдардың бас кезінде Кеңестер Одағының экономикасы терең дағдарысқа ұшырап, оның құрамындағы Одақтық республикалар одан шығудың жолын қарастырып жатты. Міне, Көпжасар Нәрібайұлы Қазақстанның егемендікке жол сілтеген осы үлкен үрдісінің басында болды.
Өз ісіне деген шынайы берілгендіктен, ғылым жолына дендей еніп, үлкен нәтижелерге жетті. Әуелі ғылым кандидаты, содан кейін докторлық диссертацияларын қорғады. Қазақстанның, Кеңестер Одағының экономика ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Ол 300-дей ғылыми жұмыстардың авторы, 30-дан астам ірі-ірі кітаптар, оқулықтар және оқу құралдарын дайындады. Оның бұл еңбектері өз елімізбен қатар, алыс және жақын шетелдерде кеңінен танымал. Көпжасар Нәрібайұлының ғылымға сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғы­лым Академиясының толық мүшесі – академигі болып сайланды. Сол сияқты Халықаралық және Қазақстан Жоғары мектеп ғылым Академияларының ака­демигі, Халықаралық экономикалық Еуразия Академиясының және Украина экономика ғылымдары Академиясының, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі.
Көпжасар Нәрібайұлы қаншама ғалым­дардың, ұстаздардың еңбектерін дұрыс бағалай біліп, олардың ғалым болып қалып­тасуына өзінің әріптестік септігін тигізді.
Оның жоғары білікті ғылыми-педаго­гикалық кадрларды дайындауға қосқан үлесі зор. Ұстаздан шәкірт оза шабу керек деген диалектикалық қағида бар. Ол шәкірт жағынан да кенде емес. Оның қамқорлығы, жетекшілік етуі және ғылыми кеңестерінің нәтижесінде 5 докторлық және 20-дан астам кандидаттық диссертациялар қорғалды. Шәкірттерінің ішінде өзі сияқты көрнекті ғалымдар, белгілі басшылар да бар.
Қажыры мен қайратының, таланты мен іскерлігінің арқасында Көпжасар Нәрібайұлының өрлеу баспалдақтары одан әрі биіктей берді. Ол жаңаша ойлайтын экономист-маман ретінде ел экономикасын жаңа реформаларға жетелейтін республика Министрлер Кеңесінің экономикалық реформалар жөніндегі Мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары да болды (1990- 1991жж.). Ол басшыларының бірі болған бұл Мемлекеттік комиссия Қазақстан егемендік алуы қарсаңында еліміздің экономикасы дамуының сара жолы – нарықтық қатынастарды айқындап берді.
Еліміз егемендігінің алғашқы жылдарында дағдарысқа ұшырамаған өмірдің саласы болмады. Соның ішінде оқу және білім, ғылым саласы да үлкен күйзеліске ұшырады. Жаңа өмірге жаңаша ойлайтын кадрларды дайындау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Міне, елімізде осындай түбегейлі мәселені шешу үшін білгір маман ретінде Көпжасар Нәрібайұлы әртүрлі салада мамандарды көптеп дайындайтын Қазақ ұлттық университетіне басшы етіліп жіберіледі. Оның алдында бұл жоғары оқу орнының бірнеше ректорлары ауысып, берекеті кеткен еді. Оның басшылығымен қысқа мерзімнің ішінде әл-Фараби атын­дағы «ҚазМУ» Қазақстан жоғары оқу орындарының флагманына айналып, мамандар дайындауда басқаларға үлгі болды. Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған шағында профессор Нәрібаевтың басшылығымен университеттің даму стратегиясының негізгі даму жаңа бағыттары анықталған.
Мемлекеттік лауазым, үлкен басшылық қызмет үлкен міндеттер жүктейді. Ол соның бәріне биік адамгершілігімен, өрелі дүниетанымымен, елін сүйетіндігімен лайық болды. Бойындағы қасиеті, өмірде берік ұстанған қағидалары – адалдық, тура­шылдық, білімділік. «Арыстан басқарса, қарауындағылардың бәрі арыстан болады» дегендей, Көпжасар Нәрібайұлымен бірге қызмет істегендердің осал болмайтыны сондықтан.
Академик Нәрібаев өзінің мемлекеттік және педагогикалық қызметтері мен ғылыми зерттеулерін қоғамдық жұмыстармен де ұштастыра білді. Ол Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып екі мәрте сайланған. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды.
К.Н.Нәрібаев жоғары білім, ғылым жүйесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін бірнеше рет «Құрмет Белгісі» ордені және көптеген медальдар, грамоталармен марапатталған. Қазақстан Республикасының ғылымға және техникаға еңбегі сіңген қайраткері, білім саласының құрметті қызметкері, білім мен ғылым салаларына сіңірген орасан зор еңбегі үшін (2000 ж.) Англиядағы Халықаралық Кембридж орталығы оған «Жылдың халықаралық Адамы» деген өте жоғары атақ берді. Ал, осы орталық оны дүниежүзінің аса көрнекті 500 халықаралық қайраткерлерінің қатарына қосып, соның ішінде «ХХ1 ғасырдың негізін қалаушылар» деп атады (2001ж.).
Көпжасар Нәрібайұлы экономика ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше дүркін академик, белгілі ғалым-экономист қана емес, ол жас ғалымдардың жанашыр кеңесшісі, көрнекті ұстазы, құрметті оқытушысы. Ол бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Есеп және аудит» кафедрасының профессоры және ректордың кеңесшісі.
Көпжасар Нәрібайұлы қызметте мы­ғым адам болғанымен, адамдар арасында қарапайым, көпшіл. Себеп тауып жақындасуға, араласуға тырысады. Қазақтың «ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалы осындай адамдарға айтылған шығар. Қайырымдылық, кішіпейілділік, көпшілдік, мейірбандылық – мұның бәрі де Көбекеңнің күнделікті іс-әрекеттеріне арқау болған абзал қасиеттер.
Жаратушымыз Көбекеңе салауатты ақыл, терең білім, сезімталдық пен сергектік берген. Ата-бабаларымыздың «Адамның адамдығы адалдығымен және төккен терінің төлемімен бағаланады» дегендері айдай анық қағида ғой. Ондай адамдардың қажымас еңбегінің арқасында ел алдында жүргені бәрімізге мақтаныш. Бүгінде 75 жасқа келген, елін сүйген, елі құрметтеген ардақты жанның ғылымға, білімге, ел мәдениеті мен рухына, білікті мамандар даярлау ісіне мол үлес қосарына сеніміміз мол.

Раушанбек Әбсаттаров,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі, философия
ғылымдарының докторы,
профессор.

Алдыңғы «
Келесі »