Шыншыл қиял жоқшысы Абдул-Хамид Мархабаевтың шығармашылығына ой жүгірту

  • 03.06.2013
  • 1329 рет оқылды
  • 1

Серік ҚираСерік ҚИРАБАЕВ,
академик

Адамның бір қызық мінезі – тап қазір өмір кешіп жүрген кезіңнен де ертеректегі күндеріңді, жылдарыңды сағынатын да, қызығатын да көрінесің. Ол тұстары үнемі үлде мен бүлдеге оранып, ішерің – алдыңда, ішпегенің – артыңда, ойыңа алғаның жүзеге аса бермесе де. Ал, біздің ер жетіп, алдыңғы қатарлы оқығандардың легіне қосылған кездеріміз – шын мәнінде кызықты да мазмұнды дәуір еді. Әсіресе, қоғамның өркениеті даму үстіндегі дәуір болатын.
Өткен ғасырдың орта шенін солай бағалау керек шығар. «Ғылыми- техникалық революция» (ҒТР) заманы саналған сол онжылдықтар ғылым, білім қарышты адымдап келе жатқан некен-саяқ мемлекет емес, ҒТР екпіні күллі планетада сезілетін. Химия біздің табиғатымызда ұшыраспайтын, Д.И.Менделеев кестесінде белгіленбеген элементтерді зертханаларда эксперимент жолымен жасанды түрде алып жатты. Биология жан-жануарларды будандастыру арқасында шаруаға қажетті малдар симбиозын туғызса, сол тәріздес, басқа ғылым салалары да жаңалық үстіне жаңалыққа қол жеткізгендерінің куәгері едік. Бұлардың арасында, озық техника мен атом энергетикасы жетістіктеріне сүйенген баллистикалық зымырандар, олардың өкшесін баса Жердің жасанды серіктері, планетаның гравитация күшін жеңіп, аспан көгіндегі әр алуан биіктіктегі орбиталарды айналуға машықтанып алды. Ал, Ю.А.Гагариннің Жерді «белбеулеп шыққан» 108 минуты біз үшін ғылыми прогрестің ұшар шың-апогейі іспетті саналған. Шын мәніндегі ғылымның жеңісі сол тұстарда адам санасының, бейнелеп айтсақ, «ұшақ-зымыраны» миссиясын атқарды дер едім. Өмір-тірлігіміздің күнделікті үйреншікті кәсібіне, ақиқаты сол – қанат бітіреді дер едім. Ондай эффектіні, әсіресе, өзіміздің кәсібіміз – әдебиет әлемінде айқын сезіндік. Неміс романтиктері: «Әр ғылымның өз Құдайы бар. Механиктер үшін ол – мәңгі двигатель. Химия үшін – даналық тасы. Философия алғашқы себепті іздейді. Математика үшін – шеңбердің квадратурасы…» – дегендей, біз енді сөз өнеріміздегі қиял, арман сарындарын іздестіре бастадық. Сол тұстары жазған бір дүниемде: «Жас ұрпақты білімге, өнерге баулуда фантастикалық шығармалардың да үлкен үлесі бары белгілі. Фантастикалық және ғажайып оқиғаларға негізделген (приключенческий) шығармалар бізде кейінгі жылдары туа бастады. Соған қарамастан, әдебиетіміздің бұл жас жанры бүгін өз кадр­лерін іріктеп, бірқатар пайдалы кітаптар беріп отыр… Фантастикалық әдебиеттің дамуы жайлы тереңірек ойласу керек. Асылы, ғажайып оқиғаларға араластыра отырып, фантастикалық әдебиет адам тағдыры туралы әңгімелеуге тиіс»[1,71 б.], – деппін.


Бұл пікір – сол өткен ғасырдың орта шенінде қоғамдық сана-сезімнің барлық буындарына дерлік келешекке деген құштарлық, арман елін аңсаудың ықпалы болса керек. Ол – фантастика жанрының бүгінгі таңдағы қалыпқа (стандартқа) лайық жаңа «өнімдерінің» жарық көре бастаған алғашқы кезеңі. Оның үстіне жұртшылықтың басым көпшілігі жаңағы ең әуелі қызық қуушы шытырман уақиғаларды құмартушы жасөспірімдердің «пешенелеріне жазылған» тақырып деп білуінен болса керек: мен де әлгінде келтіріп отырған мақаламды «Балаларға арналған үлкен әдебиет жасайық» деп атағанымның себебі – сол. Ол кездері, айт-айтпаса да, оқырман сол бағыттағы туындыларды күтетін.
Және фантастика талапкерлері (бұл жерде жас мөлшерін ескеріп отырған жоқпын) де шығармаларын жасөспірімдерге бейімдеп баққан. Оның бір мысалы – Ақжан Машановтың қазақ жазба әдебиетіндегі өз заманына сәйкес жазыла бастаған алғашқы дүние деп санауға боларлық, 1957 жылы жарық көрген «Жер астына саяхат» ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағы. Туындының мақсат-бағдарын баспаның: «Ақжан Машановтың бұл кітабы… табиғатқұмар жас­тарды әңгімелеу арқылы Жердің жаратылысын, табиғаттың ұзақ ғасырлар бойғы өзгеру құбылыстарының заңдарын, ескі өмірдің қалай өзгеріп, жаңаның қалай дамитынын ғылыми тұрғыдан қарап, қызықты етіп баяндайды. Бұл кітап жастардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыруға және оларды жаратылыс тану ғылымдарын сүйіп үйренуге… баулиды» [2], – деген аңдатпа-аннотациясынан айқын көре алар едік.
Одан жыл аралатып жүзеге шыққан Медеу Сәрсекеевтің «Ғажайып сәуле» повесі де соның «аяғын құшып», басынан аяғына дейін тек қана мектеп жасындағы оқырмандарға арналған. Әлгіндегідей айқайлатып аңдатпа бермегенмен, сол кезеңдерде оқырман қолына тиген Т.Сұлтанбековтің «Көшпелі алтын», «Лухман Хакім», Ш.Әбдірамановтың «Көрінбес қорған», Т.Сүлейменовтің «Жұлдыз адамы», Н.Кенжеғұлованың «Қиын шешім», Р.Баймахановтың «Қаратауға қонған жұмбақ кеме» жинақтарындағы хикаялардың бас кейіпкерлері жасөспірімдер боп келеді. Оның үстіне авторлардың жазу мәнерлері де солардың психологияларына шағымдалғанын аңғару қиын емес. Дегенмен, қазақ фантастикасының осындай «балалық ауруы» ұзаққа созылған жоқ. Жанрдың «өз қолы өз аузына жетіп», есею дәуірі туатын кезең де келді. Осы тұстарда А.Машановтың «Табу» тілі орысша болғанымен, характері, негізгі кейіпкерлері өз қандастарымыз болып табылатын Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық субстанциясы», М.Сәрсекеевтің «Жетінші толқын», Ш.Әбдірамановтың «Әл-Фараби көпірі», Р.Бектібаевтың «Қайта оралған Қорқыт ата», Ж.Сахиевтің «Кеңістік кошпенділері» сериясының бір-жар кітабы жарық көрді.
Алайда, бұлардағы негізгі идеяларда әлгі жас­тар аудиториясына шағымдалған сарындардың есімін байқай алар едік. Олардағы негізгі басым­дылық – әңгімеленіп отырған, осыдан жарты ғасырдың ар жақ, бер жағындағы ғылым мен техниканың кереметтей серпілісінің одан да бетер шарықтауын қиялдау. Ол авторлардың қаламынан туған дүниелер интуитивті түрде өзіміздің феномен Шәкәрімнің: «Жай қиял дейтін бір ауру бар… Барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған… Сол қиял… ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін» [3,540 б.] дегенімен; орыстың классик қиялгері Антон Ефремовтің: «Ғылыми фантастика ғылымның «көзі жетпеген» жолын өзінің ұшқыр қиялымен жарықтандырып, оған бағыт сілтеп отыруы тиіс» [4,473 б.], дегенімен; әйгілі қиялгер Борис Стругацкийдің: «Ғылыми фантастика – кез келген ел атаулының жоғары мәдениетін айқындаушы белгі» [5] дегенімен; ағылшынның үлгілі қиялгерлері Айзек Азимовтың «Ғылыми фантастиканы ұнату – қалай десеңіз де түптеп келгенде, адамзат болашағының қамын жеу» [6,250 б.] және Рэй Брэдберидің «Ғылыми фантастика – біздің заманымыздың нағыз маңызды жанры. Одан да бетер: ол – бүгінгі көшбастар жанр» [6,256] дегендерімен, ағылшын Артур Кларктың: «Шындықпен берік байланыстағы жалғыз әдебиет-ғылыми фантастика!» [7] дегенімен; поляк Ст.Лемнің: «Фантастика, меніңше, бәрінен бұрын бүгінгі күннің жыртысын жыртуға борыштар деп білемін» [7] дегенімен астасып, ұласып жатқан секілді.
Бірақ, назарымыздағы жанрдың ерекше, ғажап бір қасиеті – сол ғылымилығымен қоса-қабат екінші миссияға иегерлігі. Ол – фантас­тиканың әлеуметтілігі. Оның құқығы жөнінде көптеген беделді авторлардың дәйектері бар. Атасақ, баяғыда Гетенің өзі: «Ақиқат өмірдің шындығын көз қырына алған қиял иелері біздерде тапшы» – деп қапаланған көрінеді. Ал, өткен ғасырларымыздың бас жағында әмбебап-эрудит В.Брюсов қиял құбылыстарын бейнелеуде қаламгердің үш түрлі әдіс қолдана алатынын айғақтаған; олар – біз тіршілік жа­сап жатқан емес, бөтен әлемді суреттеу; біз­дің тұрмысымызға басқа дүниенің тіршілік иелерін енгізу; өз өмір-тұрмысымызды өзгерту… Бүгінгі таңдағы елеулі фантастикатанушы Ю.Смелков: «Ғылымды насихаттаудан оның адам өмірі мен қоғамды көркем зерттеу ықпалына бет бұруы ғылыми фантастиканы «техникалықтан» гөрі, «адами», әлеуметтік-психологиялық проблематиканың бел алуына әкелді… Сонда қандай да фантастикалық гипотезаны бағалау безбені оның ғылыми жаңалығы немесе батылдығы емес, ол гипотезаның көркемдік басымдығына қарай өлшенуі тиіс. Осындай талаптың тууын ғылыми фантастиканың күллі әдеби процеске тигізген заңды салдары деп сезінемін» [8,57 б.] – деген пікір қосады. Жанрдың тағы бір білгірі – Вл.Гаковке салса: «Біздің күндерде фантастиканың көркемдік бағалылығын, оның көркем әдебиет «ведомоствосына» жататынын жоққа шығаратын ешкім ұшыраспас» [9,7 б.]. Фантастика библиографы А.Осипов: «Фантастика – қаншалықты ерекшеленгенімен, түптеп келгенде, әйтеуір, көркем әдебиеттің саласы. Демек, бәрінен бұрын адами құбылыстың кескін-келбетін бейнелейді. Нағыз қиялгер-жазушының шеберлігі, көркем шығарма шеңберінде ғылым және көркем сөз проблематикасын біріктіру болса керек… Адам сезімінен тыс ғылым мен техника өлік» [10, 50 б.] деп біледі…
Осы тәріздес қисынды пікір-пайымдауларды әлемдік әдебиет тану жарияланымдарынан көптеп келтіруге әбден мүмкіндік бар. Солардан туындайтын жиынтық түйіндеу: фантастика жанрының қос қырлылығы. Яғни, ғылымилығы мен әлеуметтілігі екшеліп шықса керек. Жоғарыда біз аттарын келтірген қиялгер авторлардың шығармашылықтарында көбіне-көп ғылымилық басым екендігін айтқымыз келеді. Мұндай жағдай әлемдік фантастикада жиі көрінетіні аңғарылады. Ал, сол бағыттағы туындыгерлердің бірсыпырасы уақыт өте, өздері ысыла келе әлеуметтік тақырыпқа ойыса беретін тенденциясы да байқалып қалады. «Негізінде фольклорда арманнан басталған қиял дүние­лері, ғылыми фантастикадан «бағын сынап» көріп, қайтадан қоғам проблемаларына өз­ді­гінен оралуы – жанрдың «жазылмаған» творчестволық заңының бір тарауы болар ма?» деген де ой бар… Сол жолға алғашқы түскен Абдул-Хамид Мархабаев сияқты жоғарыда ел назарына өз туындыларымен белгілі болып қалған қиялгер-қаламгерлердің алғашқы легінің аттарын тізгенде, бұл қаламгерді қоспағанда, өзіндік ойымыз болды.
А.Мархабаев тұмса жанрымызға тұңғыш­тардың сапында енгенімен-ақ, өзінің даралық «творчестволық мінезін» көрсетіп үлгірген-ді. «Жалын» альманах форматында әдебиет әлеміне енген кезде, үшінші санына аталмыш автордың «Күнге тағы дақ түсті» повесі жарияланды. Ол тұста есімін біреу біліп, біреу біліп жарытпаған талапкер, осы дүниесімен қиялсүйер оқырманды елең еткізбей қоймаған шығар.
Өткен ғасырдың орта шенінде «қазақтың қиял қарлығаштары» шығармаларындағы кейіп­керлердің көбіне-көп басқа планеталар, «ең бергісі» Америка секілді капиталистік елдерден қарастыратын. Мына повесть те сол «құмарлық гравитациясынан» табылған. Төрт тараудан тұратын туындыдағы бас қаһарман – Екі Мың Үшінші астронавтың ғарыш сапарларында басынан кешкендері хикаятталады. Олардың алғашқысында өз планетасында егін егетін топырағы тозғасын, галактиканың басқа қойын-қолтығынан ыңғайлы нысан іздеуге шығады. Оны табады да. Сосын, өз кемесімен оны «артынан» итеріп, Жерге бағыттайды. Алайда, жолда фотонмайы таусылғасын, беймәлім бір саналы тіршілік иелері бар планетаның орбитасына «түсіп», оның кожайындарынан көлігіне отын сұрайды. Олар тек қана өздеріне тосын көрінетін, ерекше, аса ерекше де, қымбат бір бұйымға ауыстыра алатындарын білдіреді. Астронавт қөлігіндегі жазушы әкесінің қағаз кітабын олардың көзі шалады. Фотонмай беріп, кітапты қалап алады. Жолаушы жатжұрттық кішігірім нысанды ауылына аман-есен жеткізеді. Тарау «Құдірет» аталған. Демек, кітаптың құдіреті Галактикаға да жүргені…
«Түзету» тарауында бас кейіпкер «Жер планетасының басынан кешкен тарихы» аталатын бейнетаспаны СТА-102 жұлдызының Төртінші планетасына түсіруі керек. Өз ауылындағы Ұлттық басқарма таспаның мазмұнымен танысуға тыйым салған. Оған құлақ аспай, астронавт өз компьютеріне салып қараған. Оның назарына іліккен басты желі – Жер планетасында 1945 жылғы 6 және 9 тамызда шамамен 130-132 градус бойлық пен 33-34 градус ендіктен «бұрқ» еткен екі «саңырауқұлақ» өсіп шыққан тұсты таспадан қиып тастаған. Қайта оралғанда, ол қылығын біліп қалған астронавтарының миына басқа программа дарытқан…
Сол нейропрограмманың «арқасында» келесі сапарында («Қиянат» тарауы) ғарышта кезіккен зәбірсіз, саналы тіршілік иелерін жойып жіберсе, соңғы «Құрбандық» тарауында туған планетасындағы радиактивті қалдықтарды космос кеңістігіне шашып жіберуге өзіне бұйрық бергенде, зиянды заттар тиелген өзінің жүк зымыранымен Күнге құлайды. Міне, Күнге құлаған тағы бір дақ – осы, Екі Мың Үшінші астронавт…
Ұзақтау болса да тоқтаңқырап отырған шы­ғарманың негізгі идеясы – «қай ортада жүрсе де қиял кейіпкері гуманизм, бекзаттықты ту ғып көтеруге міндетті» деген дәйекті ав­тордың фантастика тілімен әспеттегенін қайта еске салу. Алғашқы көлемді дүниесімен кісілік кодексін құбыланама ғып алған қиялгер сол бет-бағытынан таймағанын көреміз. Мысалы: «Төркіндері табылды!» повесі. Ертедегі бір замандарда Қызғылт Күннің Үшінші планетасынан Жарылқаушы-Жаратушы Күлгін Күннің Қосбас Самұрық нысан-планетасына апарып тастаған био және қарабайыр теміртектер «өз аяқтарынан тұрып», ғарыштан есті елдерді іздейді. Тапқандарына күш көрсетіп, басып алудан да «кет әрі» емес. Сондай ізденісте, соғысқа сайма-сай әзірленген бұлар көздеген нысандары байырғы өз отандары болып шығады! Енді, сол төркіндеріне бауырластық құшағын ашады… «Фиеста, әлде Әбе апексі» повесі Ісмер планетасы «Батыс галактикалық Жай­саң Кітаптар Жарысын» жариялайды. Авторлық ремаркада: «Бұл, әрине, – Қызғылт Күн жүйесі сұрыпталып, оның оңды-солындағы планеталардағы есті жан иелері өсіп-өріп, тұқым таратып, жан-жағына ойлы көз тастағаннан бері естіп отыр­ған жанға жағымды алғашқы хабары», – делінген. Бәйгеге қатысу ниетімен Қызғылт Күн­нің Үшінші планетасы Реж Іріктеу Тобын құрып, шығармаларды сараптайды. Соның барысында жүрген айтыс-тартыстар, қазіргі, біздегі бәйгелердің таңдау амалдарын көз алдына сөзсіз елестетеді. Оларда да оқымаған шығармасын бас жоқ, көз жоқ мақтау, өздерінің көңіл жақындары не ағайын-жекжат, тамыр-таныстарын тық­қыштау, қойшы, басқа да айла-шарғылар жасалады… Осындай шытырман, пәтуаға келмес жағдайға көзі жеткен планетаның Бас Баһадүрі өзі киліккен. Оның оқырман компьютері кітап соңына тақалып: «Басқаны ойламасаң да, ойраны шыққан мына дүниенің ертеңі не боларын ойласаң еді! Осы дүниеге соңыра, өзіңнен кейін келетін сорлы ұрпақтың күні не болатынын ойласаңдар еді!», – деген жеріне келгенде, «Батыс Галактикалық Жайсаң Кітаптар Жарысы» тізіміне енсін!» деп, мүқабаның бірінші бетіне бұрыштама қойған. Бұл біріншіден: ең бекзат айтыс-тартыс – кітап жарыстыруды марапаттағаны; екіншіден: келешек қоғамда да бүгінгі біздің күй кешіп жүрген жағдайымыздай келеңсіздіктер ұшырасуы мүмкін деп сақтандырған автордың күдігі…
Автордың «Жанды жерге жармасқан» повесі заманымыздың ұлы қиялгері Ст.Лемнің: «Менің кейінгі кітаптарым өзіміздің әле­мімізге бет бұрғаны бесенеден белгілі. Кейде оны: «Ғылыми фантастикадағы реализмге ұмтылысым», деймін [11], – деген мәлімдемесімен астасып жатады. Оған «І986 жыл­дың желтоқсан қасіретіне параллель-қиял» деген тақырыпша қосып, эпиграфына Мұрат Мөңке ұлының: «Аузы түкті кәпірдің, Күшті болған салдары-ай!» жыр жолдарын келтірген.
«Батыс Галактиканың шетіне таман Қос-Егіз Күннің қақ ортасындағы өзіне тиесілі жолмен Жетінші ғаламшар айналып жүр. Оның дарақылығы мен жүгенсіздігін сол жүйедегі саналы тіршілігі бар үлкенді-кішілі басқа Ғаламшарлар көп көргендіктен, оны өздерінше «Гүж» деп атап кеткен», – деген таныстырумен басталады шығарма. Ондағы билік иесі – «Гүж- Гүжбанінің (ГГ) даңқы мен дақпырты өз маңайына ғана емес, шалғайдағы Дара Күндер, Қос-Егіз Күндер, Қара Құрдым жұлдыздарының бірталайында жер жарып тұр. Сол енді Қызғылт Күннің Егемен Үшіншісіне теміртектер десантын түсіреді. Жетекшісі Бин Кол, Жергілікті уақыт өлшемі бойынша жылдың соңғы айы. Іс жүзінде планетасын жайлап алған биотеміртектер реждіктердің сана-сезіміне дейін жоюға ниеттенеді. Ол ойын Көкаман Күмбездің қожасы – Гүж Гүжбані: «Олардың қастерлі екі нәрсесі бар екен. Соның бірі, ғаламшар тарихын ел болып ұмытпау. Ол ата-баба аруағын қастерлеу арқылы жүзеге асады екен. Сол үшін шейіт болған биологиялық тіршілік иесінің бейітін көздің қарашығындай сақтайды екен. Ал, екіншісі – сол ғаламшар Қызғылт-сары күнді толық бір айналып шығып, күн мен түн теңескен кезін тойлау. Міне, мен олардың осы екі ғұрпын таңдап алдым. Олар – реждіктердің ең осал жері», – деп мәлімдейді… Ақыр-аяғында бейітті тұп-тура қасиетті Ұлыстың Ұлы Күні қарсаңында қираттырады… Осы хикаяны фантастика мақа­мы­мен суреттегенмен, автор шығармасының тақырыпшасында «параллель-қиял» деп тегіннен-тегін келтіріп отырған жоқ. Мұндағы негізгі болған оқиға жылдың соңғы айы – 1986 жылдың 16 желтоқсанын меңземей ме? Және планета басқыншыларының жетекшісі Бин Кол. Оның соңын ала бере Кеңсайдағы қорымдардың қиратылғаны жайындағы ақпарат мәліметтері… Ал, Наурыз қуғын-сүргінді Қазан төңкерісінен бері көріп келе жатқаны бәрімізге аян…
Бұл повесімен жазушы «Тарих қайталануы мүмкін» деген күмәнді күдігін қиял арқылы берген. Мұнысымен автор өз жанры тек келешекті ғана болжалдау тиіс деген кейбіреулердің дерегіне қайшы келеді. Оның бұл позициясы әйгілі қиялгер Б.Стругацкийдің: «Фантастика неғұрлым шындыққа жанасса, соғұрлым ажарлана түседі»; жапонның классигі К.Абэнің: «Жалпы, тамаша әдебиетке тән бекзаттық рухы кез келген тәуір фантастикалық шығарманы көктей өтіп жатады…Қазіргі фантастиканың ғылыми деректерді бейнелеуі міндетті емес. Егер, фантастиканы тек ғылыми фактілерді суреттеумен шектесе, онда көптеген тамаша туындылардан іргені аулақ салу керек болар»[6, 264 б.] деген дәйектерімен ұштасып жатса керек.
Қазақ қиялының алғашқы онжылдықтарында авторлар туындылары, ең алдымен, жастар құмартатын таңғажайып оқиғаларды қозғауға бет бұрғанын білеміз. Әдебиет теорияшылары кейбір тұстарда, сондай сарындарды саралаған кездерінде фантастика мен детективтің ара жігін ажырата қоймаған жағдайларын да ұшырастырамыз. Дегенмен, шығармашылық назариядағы ондай бірін екіншісі толықтыра алатын екі ағымды жеке-жеке бөліп, араларын алшақтатқаннан, даралағаннан да гөрі ұқсастық тұстарын көбірек қолдаған тиімді болар. Өйткені: ондай симбиоздан қызғылықты дүниелер туып жатқан сәттерін жиі байқап та жүрміз. А.-Х. Мархабаевты да аяқ алысының бастау тұстарында әлгі айтқан екі сарынның басын біріктіру ниеті «Р-2» құмар Аралға» фантастикалық- детективтік повесты жазуға итермелеген тәрізді.
Кеңес Одағының «басы бүтін» кезінде мұхиттың арғы жағындағы монстр-мемлекетке күш көрсету, үгіт-насихат салалардың барлық нысандарында «қырық пышақ» боп жатқан кезеңде фантастика жанры аулақ қала алмағаны белгілі. Сондай-ақ, автордың шығармасында екі державаның «ғылыми шаужайласуы» шпиондыққа ұласып кетеді. Америкадан кезекті бір оқымыстылардың бейбіт басқосуына белгілі профессор Қазақстанға шақырылады. Шал өзімен немересін ала келеді. Өз елінде дәрігерлер баланы, ыңғайы келіп тұрғанда, сондағы теңізге шомылдырғаннан асқан шара жоқ деген ақыл қосады. Әсіресе, Аралға түсіру. Конференция аяқталысымен, қонақтың өтінішін орындап, тиісті адамдар теңізге түсіруге қарсылық білдірмейді. Алайда… тиісті қауіпсіздік қызметіндегілер тұтқындайды. «Р-2» немересінің өзі емес, о жақтың мамандары, Робертке барлық биология құрылымына сай материалдар енгізіп, жансыздық жасау бағдарламасын енгізіп, өзіне ертіп жібергеніне профессордың көзін жеткізеді…
Тақырыптың мазмұнын байыптай түсе­тін ғылыми гипотезалар мен детектив жанрына тән шытырман оқиғалар фрагменттері повестің өн бойында, жарасымды түрде сіңістіріп беріліп отырған. Сол тұстағы әңгімелеп отырған жанрымыздың елеулі жетістігін атаған абзал. «Табаныңмен жер бассаң, көзіңмен Көкті шол!» – деген латынның даналық сөзі бар. Бұл «өз қолы өз аузына жеткен» ұлттың бәрінде болса керек. Қазақ та әйгілі ертегісінде Тазша балаға жирен құлынын іздестіріп, Жерді місе тұтпай, «Темірқазықтың арғы жағына, Шолпан жүлдызының бергі жағына» жібереді ғой. Қазіргі фантастикада, ол дегеніңіз тілге тиек етілмей қалды ғой. Өйткені: қазіргі жанрдың жалпы оқиға алаңы – он сегіз мың ғаламның қиял жетердей қойын-қолтықтары. Мұндай мүмкіндікті талапкер-қиялгер бұдан жарты ғасырдай ертеректе-ақ аңғарған. Тұңғыш «Күнге тағы дақ түсті» повесінде Екі Мың Үшінші астронав бірде -– Арктур шоғырындағы Арлингтонға, келесіде – Пегас шоғырындағы Альфа маңына, Үшіншіде – Ағласон жүлдызына сапар шегеді. «Фиеста, әлде Әбе апексі» повесінде уақиға хикаяланып отырған планета өкілдері Батыс Галактиканың Ісмер плане­тасындағы «Жайсаң кітаптар жарысына» қатысады. Бұлардың бәрінде де Қызғылт-сары күннің үшінші планетасынан әр қилы пейілмен барғандар әйтеуір бір қасиеттерімен биік тұратыны баяндалатынын көреміз. Бұл автор қалай да болса, өзі өрбіген ұлтына, өзі тіршілік етіп жүрген еліне, планетасына, керек десеңіз – күн жүйесіне «кір жолатқысы» келмейтінін көптеген шығармасынан аңғарсақ керек. Әлгі айтылған жұлдыз шоғырларына өз кейіпкерлерін жөнелткенде де, олардың іс-әрекеттерін өзіміздегі өмір салты, бекзаттық нормалармен виртуальды түрде салыстырып, параллель жүргізіп отыратынын аңғара аламыз. Дегенмен, «Саршая қайта оралды» повесінде керісінше бағыт ұстаған. Мұнда негізгі оқиға Жасыл күннің жетінші планетасында туып, сонда өрбиді. Нақтылы Қаз аталатын онда қатар өскен үш жасөспірім – Көккөз, Ұзынтұра және Мықыр – туған топырағында жеткілікті дәрежеде білім алғасын, өмірдегі орындарын, айналысатын кәсіптерін қарастырады. Араларындағы Мықыр пысығырақ болып шығады. Қалған екі досына білдірмей, «космос бизнесімен» айналысады. Ғарышкерлер дайындайтын жо­ғары дәрісханада оқи жүре, өз қолынан зымы­ран құрастырып алады. Сонымен Көгілдір жұл­дыздың бір планетасына барған. Повестің баяндауынша: «Сапалы тіршілік иелерін одан таба алмаса керек. Сосын денсаулығына, зымыранына зақым, зиян келтірмейтін одағы жан-жануардан қолына іліккенін жүк бөлмесіне тиеп, артынып-тартынып, осында әкелген. Оларды, бір қызығы, Орталық биомұражай айқұшақ қауып, бас-көзіне қарамай, платина пұлын сылдыратып санап беріп, түгелдей сатып алған». Дәніккен Мықыр Галактиканың қуыс-қолтығын тынымсыз тіміскілеп, әлгі Биомұражайды едәуір толтырып қойған. Соған қызыққан «далада қалған» екі дос та «Ғарыш көліктерін үдеге беру орталығынан» «Тайбурыл» аталған кемені жалға алып, Сары-қызғылт күннің үшінші планетасына жол тартады. Беймәлім нысаннан бұрын-соңды өздерінде ұшыраспаған био және жасанды экспонаттарды таңдап, қарық болады. Алайда, олардың арасында біреуі өте-мөте назар аударарлық еді. «Бұлар осы жаққа келгенше тіпті Мықырдың биомұражайының өзінен бірінен екіншісі жаранаға жұқпайтын қанша хайуандар көрді! Одан да басқа қыруар үлгілермен танысқан-тұғын. Бірақ мынандайды өмір-бақи ұшырастырған емес. Өздері білетіндерінің тіпті зымиян Мықырдың басқа планеталардан тапқандарының да денесінде не сабалақ жүн, не тұла бойы тып-тықыр боп келетін. Бұл мақұлық мүлде ондай емес. Денесі тек қана алуан түсті шүберектермен қаптаған». Басты олжа – соны өз мекендері – жасыл күннің жетінші планетасына алып кетеді…
Ал, Сары-қызғылт күннің үшінші планета­сындағы «Қала ақшамы» газетінде: «Осыдан үш тәулік бұрын өз пәтерінен ертерек шығып кеткен (өз құрдастары арасындағы тарап кеткен лақап аты – Саршая) қайта оралмағанын мәлімдейді», – деген іздеу салған. Мұнда басты идея – аталмыш планетадағы «қатардағы маскүнем» Саршая – бөтен жұлдыз шоғырының планеталары үшін «Биомұражайға керемет көріністік» болғаны. Шығармаға оның өз сөзбайлауынан артық айтар сарап қажет емес секілді…
Мерзімді баспасөзде «Арал Атлантидасы» деген тақырыппен жарияланған, кітап нұсқасы – «Бұйырмаған қолғабыс» хикаясы өзінің басты ғылыми-фантастикалық идеясын осымен-ақ ашып беріп тұрғандай. Алайда, біздің жанрымыз саласында, сол аңызға бергісіз мақал-жырды «ауызына алмаған» қаламгерлер аз емес, Әсіресе, «Тимей», «Критий» еңбектерінде, грек аңыздары бойынша, Посейдон құдайдың үлкен ұлы Атланттың еншісіндегі жер жөнінде біздің жыл санауымыздан 400 жыл шамасы бұрын тұңғыш ел құлағына салған Платон болатын. Қазіргі эрамыздың 1627 жылы Френсис Бэкон тура «Жаңа Атлантида» кітабын жазған-ды. Содан бері жанр тақырыбы аумағын кеңейту қамын жегендердің аталмыш идеяға соқпай кеткені шамалы шығар. Біздің авторымыз да – солардың бірі. Бірақ, мұндағы сюжеттік сарын мүлде жаңаша оқиғалармен өрбіген. Кіші Арлан шоғырының Альфа жұлдызындағы Төртінші (кейін белгілі болғандай – Дель-Фин) планетасынан дабыл-белгі келеді. Онда осыдан он үш мың алты жүз жыл бұрын Жердегі Ұлы Теңіздің ортасындағы тамаша дамыған, даму сатысының ең жоғары баспалдағына шыққан» қалаға қауіп төніп тұрғанын айқындап, соған қолғабыс беруге кемелерін жөнелткенін мәлімдеген. Алайда, белгісіз себептермен арал да, кеме де із-түзсіз жоғалған. Жазушы бұл жағдайды қазіргі Арал теңізі – бұрынғы Тұран ойпаты маңында болған деп меңзейді…
Аңыздың сиқырлы нысанына айналған құпия жерді әлем қиялгерлері не Атлант мұхитынан, Жер Орта теңізі тағы да басқа түкпір-түкпірден іздестірген болады. Ал, біздің қаламгеріміз Тұран ойпатына жұмсайды жұртты! Қызық емес пе!?.
«Теңіздің дәмі – тамшысынан» деген мәтелге сілтеме жасап байқасақ, ертелі тілге тиек еті­ліп отырған хикаялар бір-жар «тамшыдан» әлдеқайда асып түсетін болса керек. Соларды саралау барысында Абдул-Хамид Мархабаевтың көркем-шығармашылық тақырыптарының аймағы, Жер шары үш жүз алпыс градуспен өлшенетіндей қалыпқа салсақ, соның бірталай градустарын қамтиды дей алар едік. Оның биоқаһармандарымен қатар, киборг, робот, андройд… тағы да басқа кейіпкерлерін су мен жер асты, планета беті, күн төңірегіндегі, күллі Галактикадағы аспан денелерінен ұштастыра береміз. Бұл дегеніңіз – қазақ әдебиетіндегі тұтастай бір жанрдың «тынысын кеңейтетін», диапазонын молайтатын творчестволық шара. Осы тұста тарихтағы бір параллель сәт ойға оралады. Осыдан екі жарым ғасырдан аса бұрын орыс поэзиясының жас жиырма алты авторының ұжымдық жинағы шығарылған-ды. Онда шығарушылардың ұйғарымы орналасқан ақындар арасында жиырма үшінші орынды «қиған» талапкері – А.С.Пушкин екен!.. Мен де пікірімнің бас жағында фантастика турасындағы үзінді келтірген мақаламда: «Бұл ретте А.Машановтың, М.Сәрсекеевтің, Т.Сұл­танбековтің, Ш.Әлімбаевтың, Ә.Мар­хабаевтың, т.б. игі істері мақұлдауды керек етеді…» – дегенмін. Оны қазақ жазба фан­тастикалық жанрының елең-алаңы деуге болар еді. Енді, кемелденіп, «оңды-солын таныған» кезеңде соңғы фамилияны бірінші қатарға қою керек шығар. Өйткені, бүгінгі таңдағы «қиял қоржынына» мол дүние салып жүрген автор осы деуге хақылымыз. Екіншіден: жанрдың қазіргі заманда діттеген тақырыбын дәл басушы деп санау да ләзім: автордың шығармашылық бет- бағдары бәрінен бұрын бүгінгі шындықтан бастау алып жатады. Яғни, фантастикатанушылардың өздері де «фантастикалық реализм» деген сөз тізбегін ғылыми қолданысқа жігерлі түрде енгізіп жүргендерінің қазірде куәгеріміз. Байсалды жанр зерттеушілері теориялық тұрғыда жазылған дүниелерінің өзін тура «Фантастика шындығы» (Вс.Ревич, «Правда фантастики»), «Бүгінгі прозадағы қиял» (Ю.Селезнев, «Фантастическое в современной прозе»), «Ғылыми фан­тастикадағы «кеше» (Л.Михайлова, «Ретро» в научной фантастике»), «Бүгіннен – келешекке» (Ағайынды Стругацкийлер, «Через настоящее – в будущее»), «Мәңгі жаңа фантастика» (А.Дмитрук, «Вечно новая фантастика»), «Қиял шегі» (И.Кольченко, «Пределы фантастики») және «Публицистика» деген айдар қойылған «Фантастика реализма» (Д.Биленкин, «Реализм фантастики») дегендей атаумен берілген проблемалық мақалаларды көру таңданыш болмай қалды. Өйткені, күні кешеге дейін әңгімелеп отырған жанрымызды реализм әдеби әдісінің «ық жағынан жүргізбейтін» едік қой. Міне, енді оның өзі «реализм жатырынан» шыққандай қабылдауға бет алғандаймыз.
Біздіңше, мұның өзін де көркем әде­биет әлемінде творчестволық процесс заңды­лығының сапалық жаңа бағыт-векторы деп қабылдаған дұрыс болар. Соның қазақ фантастикасындағы алғашқы көрінісі Абдул-Хамид Мархабаевтың шығармашылығынан аңғарар едік. Оның бойында екінің бірінде ұшыраса қоймайтын тағы бір қасиет бар. Ол – қазақ әдебиеттану тарихында қиялгер-жазушылығы өз алдына, сонымен қос-қатар, тұңғыш ғалым-фантастикатанытушы. «Қазақ фантастикасының қалыптасу жолдары мен даму тенденциялары» аталған кандидаттық диссертациясының бірінші оппоненті хақында тұмса жанрдың поэтикасын пайымдаудағы ғылым докторының еңбегі және «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…», «Қазақ фантастикалық әдебиеті», «Қызықты қазақ қиялы», «Қазақ фантастикасының поэтикасы» монографияларының авторы турасындағы әңгіме басқаша деп білемін.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. өтірік жазаберген

Пікірлерге тыйым салынады.