Қазақ кітабында мін жоқ па, әлде сын жоқ па?

  • 03.06.2013
  • 603 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгінгі қазақ кітап басу ісі – заманауи технологияны қолдана бастады. Біз мұны оқырман талғамына сай – талап пен сапаға деген жауапкершіліктің биік деңгейге көтеріле бастағаны деп білдік. Алайда, баспаханалар кітап басу ісінің бұл даму үдерісінде – жеке пайданы «төрге» оздырды. Кітап атаулы сынға ілікпей, мемлекеттік комиссияның сүзгісінен де сүрінбей өтіп баспадан шығып жатыр. Ой оғаштығы, мағынасыз сөйлемді былай қойғанда, қазақ сөзі қаріп қатеcінен көз ашпайтын кітаптар сатылымда, оқырман қолында жүр. Тіптен, осындай орашолақ дүниеге пікір жазып, «батасын берген» доктор, академик, жазушылардың атағынан «ат үркеді». Бұл осы күнгі үш кітаптың бірінен табылатын дағдылы – кемдік.


Білікті мамандар бұл кемшілікті – на­рықтық қоғамның заңы, зары деп қысқа тұжырымдады. Алайда, тәуелсіз Қазақстанның баспа ісі – 20 жылда өркендеу мен өзекті мәселелері қатар өрілген салаға айналды. Кітап басу ісіне дизайн көркемдігі, технологиялық жаңарудың екпіні келіп жетсе де – кітап сыны кері шегіне бастады. Қазақ баспа ісінің қалыптасуы мен дамуы ХІХ-ХХ ғасырдан бастау алады. Ол кезеңде Алаш қайраткерлері баспа ісін – ұлттық сананы қалыптастыру, халықты ағарту, әдебиетті өркендетудің өзегі, қайнар бұлағы деп есептеді. Сол үшін, Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, тағы басқа ұлт зиялылары кітап шығарушыларға жиі қалам тартып, сын жазды. Ондағы өзекті мәселелерді терең қаузап, кітап басу ісін сапалы әрі жүйелі арнаға түсіруді мақсат етті. Қазақ баспасөзіндегі кітап сынын қалыптастыруда «Қазақ», Айқап», «Еңбекші қазақ» газеттері елеулі үлес қосты. Аталған басылымдардың 20-шы ғасыр басындағы жарияланымдарынан қазақ тілінде шыққан кітаптар жайлы сыни мақалаларды көптеп кездестіруге болады. Үнжарияда – қазақ кітабына шын жанашырлық, күйініш пен сүйініш білдірген мақалалар басылды. Мәселен, Әлихан Бөйкейханұлы «қыр баласы» деген бүркеншік есіммен «Жердің жаратылысы» атты орысшадан қазақшаға аударылған кітапқа сын жазды. Тәржімалаған жазушы Мұхтар Әуезов. Мақала басы кітаптың 1924 жылы Ташкенттегі «Түркістан мемлекет» бас­пасынан 83 бет болып жарық көргенін, бағасы 40 тиын екенін баян етуден басталады. Аталған кітап Ресей ғалымдарының жер қойнаулары жайындағы зерттеулері мен тұжырымдамаларын негіз етеді. Сондықтан, Әлихан Бөкейханұлы әуелі аударылған дүниенің маңыздылығына, тәржіма тіліне, аудармашы шеберлігіне кеңінен тоқталады.
Сыни мақалада әуелі кітаптың қазақ жұртына берері, пайдасы мен зияны сөз болады. «Қазақшаға аударған жолдас орысқа еріп кетіп, Қырымда Аю тауды жазған (11-бет). Бұл арада Алтай, Алай, Тарбағатай оқушы қазаққа әсер беретіндей ұғымды болар еді» – дейді «қыр баласы». Яғни, аударманың қазақ жері жайында сөз қозғамайтындығын, орыс жерінің қазақ оқырманын қызықтырып, бау­рай алмайтынын жазады. Сонда да, оқыған қазақ үшін, артықтық етпейтінін ескертіп, аудармашының қазақша кітаптардың қатары сирек заманда күш-қайратын жұмсап, тәржіма жасағанына ризалығын білдіреді. Әрине, Ә.Бөкейханұлы жалаң мақтау айтудан аулақ болды. Аударма тіліндегі «қара тастың ұрығы, қиыршығы» деп келетін сөздерді сын тезіне алып «Ұрық өсімдікте болады ғой, өсімдік қана өсіп-өнеді. Ал, тастың қиыршығы уатылады. Диірменге тартқан тарыдай тозаң қиыршық болады» деп аудармашыға өз түсіндірмесін ұсынады. Сонымен қатар, аудармашы қолданған «избесті» сөзінің термин ретінде қолданысқа еніп кетпеуін ескертеді. «Избесті» қазақ таскендір дейді. Избестен гөрі қазаққа таскендір ұғынықты емес пе?» деп жазады. Сондай-ақ, тәржімадағы «тастанған балық» сөзіне тоқталып, «Міне, бұл орнына келген сүйкімді сөз. Жолдас Мұхтар орыс кітабын қазақшалауға мерген, жазуы артықша қазақша» деп аударушыға дем беріп, «бұл кітапты оқыған адамның көзі ашылып, білім соқпағына түседі. Ақылы, зейіні, май асаған ауыздай қарық болады» [1] деген ризалық, мақтау сөзін арнайды.
Ғылыми сыннан бөлек сол кезеңдегі ұлттық басылымдарда әдеби еңбектерге арналған мақалалар да басылды. Қазақтың тұңғыш үш бөлімді романы «Қартқожа» кітабына Әлихан Бөкейханұлы мынадай сын жазды. Кітап авторы Жүсіпбек Аймауытұлы еді. «Қартқожада – тұрмыстың көп пернелері басылып, көп құбылыстары суреттеледі» – дейді. Яғни, романда шынында да сол кезеңдегі қазақтың езгіге түскен тағдыры, «қазақ басына қара күн туып, қазақ шаруасы қырылған 1916 жыл, қиянгешілік соғысы, февраль өзгерісі қазақтың Ұлт Үкіметі (Алаш Орда) «осы тұста құрылған «кеңес үкіметі, Кеңестік Қазақстан» барлығы да осы кітапта, қарапайым қазақ өмірімен, тағдырымен шендестіріліп ашық жазылғанын баян етеді. Яғни, көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен жұртты отырықшылыққа бейімдеу, дала қазағын саясат құрбаны ету сынды – нәтижесі ұлттық қасіретке алып келген реформалардың шынайы бет-бейнесін ашық суреттейді. Бұл кітаптың жалпы мазмұнына арналған алғысөзі еді. Шығарма тілімен шебер суреттелген елдегі саяси жағдайды сыншы былай толғайды: «Бүгінге дейін біздің ең өзгерісшіл тап жігін айырам деуші жолдастарымыздай, білімінің кемдігінен я ұлтшылдық бойына сіңіп қалғандықтан қазақ елінің тап жігін айқындап алып, суреттей алған жоқ еді. Жүсіпбек дөп сермеді, пернелі, әдемі сөз: тап жігін әдемі суреттеді. Бұл ретте де «Қартқожа» бірінші роман» деп тұжырым айтады. Мұндағы «біздің ең өзгерісшіл тап жігін айырам деуші жолдастарымыздай» деп отырғаны орыс саясатын қолдап, білек сыбана белсенділік танытқан, қазақтың оқу-білімі жоқ кедейден шыққан тобы еді. Олар қазақтың оқыған, білімді, ауқатты азаматтарына «бай» деген айдар тағып итжеккенге айдатты. Мал-жанын тонатты. Ақ пен қызыл соғысының астары – қазақты біржола жаныштау екенін Қартқожа образы арқылы суреттеп жеткізеді. Әрине, Бөкейханұлы айтқандай сол кездегі жарық көрген әдеби, ғылыми еңбектердің кез келгенінде – үкіметтің сұрқиялығын дәл Жүсіпбектей жеткізген ешкім жоқ еді.
Бұдан кейін сыншы «Қартқожа» романының құрылымдық ерекшелігі мен жазушы шеберлігіне тоқталады. «Кітаптағы әрбір буындарға қойылған «ат» жұмбақ ретінде, яғни, романдағы бөлімдердің тақырыбын жазушы Жүсіпбек жақсы таңдап қоя білген. Бұл ерекшелікті Әлихан Бөкейханұлы орыстың данышпан жазушысы Достоевскийден байқағанын айтады. «Мәселен, Достоевский: тағы бір жорғалаған адамшылық «мұжықтай шулап келе берді» – деп шығармасына ат қоятын» деп келтіреді. Ал, Аймауытұлы романдағы бөлімдерге оқырман назарын аударатын, толық түйіні бар «Уайым күшейді», «Хабар берді», «Бұлт қоюланды», «Қош, аман бол!», «Мәңгі аңсау» деген сияқты әңгімелеріне жұмбақ ат қойып отырады» деп, автордың қаламгерлік әдіс-айласының өз кезегінде оқушыға өтімді екенін жазады Ә.Бөкейханұлы. Алашорда көсемінің осы тақырапқа қатысты айтқан сыны Жүсіпбек Аймауытұлының романдағы бөлімдерді, оқиға кезеңдерін тартымды және бір сөзбен түйіндеп беретін шеберлігі – қазақ әдебиетінде «Қартқожадан» кейін жазылған, жарық көрген қазақ романдарында дағдылы көрініс таба бастады. Мысал ретінде, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясындағы оқиғалар ретін «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Өрде», «Қияда» деген тақырыптық тараулар аясына сидырып отырды. Ал, Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романында «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» сынды бөлімдік атауларды қою арқылы оқырманға роман желісіндегі оқиғалар ретін аңғартып отырды. Жүсіпбек Аймауытұлының жан-дүниесі – өз дәуірінің жазылмас жарасын жүрегімен сезе білді. Ол өз шығармашылығы арқылы мәдениет, оқу-білім, тәрбие мәселесін көтерді. Алайда, адам баласына ғылым-білімнің өмірлік пайдасы болуы үшін былай ой түйіндеген: «Бұрын адам хайуан қалпында жүргенде тамаққа таласып, қандай алысып-жұлысса, бұл күнде жетіліп, мәдениетті болған адам да сол халден ұзап шыға алмай отыр. Мәдениеттің ілгері басқышындағы халықтар ғылымның жемісін зорлық, зомбылық, қиянат, озбырлыққа жұмсап отыр» [2] дейді. Міне, бұл пікірдің нақты айғағын кеңестік үкіметтің орнауынан, оның қазақ жұртын ғасырға жуық уақыт билеп-төстеуі нәтижесінен-ақ аңғаруға болады. Бұл кезең азат ойлы Алаш қайраткерлерін оққа байлады, 2 миллионнан астам қазақты аштықтан қы­рып салып, 1 млн. қазақты туған топырағынан бездірді.
Әлихан Нұрмұхамедұлы осы сын мақаласын «Қартқожа – маңызды кітап. Талдап сын жазғанда көп уақыт, көп еңбек керек қылады» деп, кітаптың құпиясына оқырманды қызықтыра аяқтайды [3]. Ал, бүгінде қазақ романдарына жазылған сын жоқтың қасы. Бұл кемшілікті Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы да біліп отыр. Осы негізде, сыңаржақты, сындық сипаты жоқ, мақала жазудан шаршамайтын қаламгерлерді жөнге салып, әдеби сынды қайта жандандыруға әрекет жасап, конференциялар өткізуді қолға алды…
Кітап сыны кенжелеп, рухани биігінен аласарған саланың бірі балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті – жас қаламгердің жоқтығы, жаңа шығарманың жазылмауы, бар еңбектердің таралымы аз болып, тынысының тарылуы сынды қаз-қатар проблемаларға толып тұр. Бұл күрмеуі шешілмей отырған түйін, рухани жады әлсіз, кітапқа құлқы жоқ, ой-санасы компьютерлік ойындарға уланған, ұлттың төл мәдениетіне, тарихына салғырт қарайтын бір буын ұрпақты «тәрбиелеуді» бастап кетті. Мәселен, елімізде 12 мың кітапхана мен 8 500 мектеп бар екен. Міне, осы жердегі жасөспірімдердің барлығына рухани азық беретін әдеби туындылар аса қажет. Бірақ, біздің мемлекеттік тапсырыспен немесе жекелей қаржыландырумен жарық көрген балаларға арналған шығармалардың таралымы 2-3 мың данадан асқан емес. Сонда, қалған 9 мың кітапхана мен 5 жарым мың мектеп аз таралыммен шыққан кітаптың көшірмесін жасап пайдалана ма? Электронды кітапханамыздың жайы да белгілі. Шалғай ауылдағы қазақ баласы – қандай шығармаларды оқып жатыр? Бұдан бөлек, балдырғандар әлеміне тың туындылардың келіп қосылып жатқаны да шамалы. Көбіне баспагерлер ескі кітаптарды сан мәрте қайталап басып келе жатыр. Ал, бұл ұрпақтың рухани шөлін қандыра ала ма?
Автор мен еңбектің аздығы оқырман талғамын да өзгертті. Отандық кітап нарығы салмақты әдебиеттен сырт айналып, жеңіл-желпі полиграфиялық өнімдерге ауысып кетті. Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті мақсат еткен баспа мен баспагер көп. Алайда, олардың қолына қолжазбасын беріп жатқан қарымды, қалталы қаламгер де, әдебиетке түрен салатын, тың жаңалық болатын туынды да кездесіп жатқан жоқ. Мұндай келеңсіздіктің себебін кімнен көруге болады? Бұл жайтты жазушыдан сұрай қалсаңыз, «әлеуметтік жағдайдың кесірінен қаламым тосылды, ойым бөгелді» дейтіні анық. Мәселен, шетелдерде балалар әдебиеті мемлекеттік салықтан босатылғалы қашан. Ал, Қазақстанда қысыр бие сауғандай әрбір еңбекке 12 пайыз көлемінде салық салынады. Ал, баспагерге «мардымсыз қаламақыны көбейтіп, шығармашылық топқа қолдау көрсет» десеңіз, толып жатқан мемлекеттік салықтың, нарық­тық қоғамның қымбатшылығын айтып азарда-безер болады. Ендігі сөзді мемлекетке бұрып көрелік, үкімет кез-келген қолдауды тендерлік жүйе арқылы жүзеге асыратын болды. Мұндағы қар­жылық қолдаудың көлемі де шамалы. Оның өзінде жазылып біткен, баспаға берілетін әдеби еңбектерге, ғылыми жинақтарға ғана бөледі. Оның өзі тек саны шекті, идеялық мазмұны белгілі көлемде шектелген мемлекеттік тапсырыс аясынан аспайды. Ал, жоспарлы түрде шығармашылық қолдауды іске асырудың жүйесі де сын көтермейді. «Кітап сыны» деген ұғым бүгінде әдеби шығарма төңірегінде шектеліп отыр. Содан болар, біз жоғарыда айтқанымыздай ғылыми еңбектердің сапасы сын көтермейтін халге жетті. Бұл сала тіптен, бұрын-соңды сын айтылмаған, жазылмаған, сыннан сырт салаға айналып кеткендей. Біз айтқан ой оғаштығы, әріп қатесі көп кездесетін, тәржімасы тура мағына бере алмайтын кітаптар оқулықтар арасында жиі кездеседі. Ал, мұндай олқылықтың орын алуы орынсыз дүние. Себебі, ғылыми оқу құралы негізінде шыққан кітаптарды сынап, кемшілігі мен артықшылығын айту – 20 ғасыр басындағы Алаш баспасөзінде жазылып, дәстүрі қалыптасқан еді. Бірақ, соңғы уақытта желісі үзіліп қалды ма деген қауіп бар.
Бүгінде жүйелі теориялық негізі қалып­тасқан, педагогикалық психология бұл кемшілікті жойды. Ал, бүгінде баспасөз бетінде мұндай мақалаларды кездестіру қиынға соға бастады. Мәселен, кітап палатасына бір жылда бес-алты мың кітап аталымы тіркеледі екен. Бірақ, бұл жаңалық оқырманға жетпейді. Ақпарат құралдары тек тұсаукесер рәсімдерінен ғана ақпараттық мағлұмат беруге дағдыланған, кітаптың ішін ашып, мазмұны мен мән-мағынасына тоқталуды жөн көрмейді. Бұл жағдай өз кезегінде оқырмандар қатарын сиретіп, кітапқа құштарлықтарын жойды. Статистика бойынша елімізде кітапқа құмар адамдардың саны 17-ақ пайызды құрайды. Ал, әр адамның жарты жылда сатып алатын кітабы орта есеппен 3,7 пайыздан (2012ж. мәлімет) аспайды екен. Осы келеңсіздік халықты өркениет көшінен қалдыратыны даусыз мәселе.
Біз осы мұрағатта шаң басып жатқан, көне басылымдағы сын пікірлерді қарас­тырып отырғанда, сол кезеңнің кітап таралымына қатысты бір мақалалар топтамасына кез болдық. Басылым оны да «Кітап сыны» деген тақырыпта жариялапты. Мақала мазмұнында – қазақша кітаптардың оқырманға толық жетпейтіндігі, кітап дүкендерінде сөрені майыстырып тұрған орысша еңбектердің қазақ баласына еш керегі жоқтығы айтылады. «Кітап сатылымы жөніндегі кемшіліктердің бірі – «Білім» дүкендері жергілікті халықтарға керексіз кітаптарды алып, оларды өткізе алмай отыр» дейді [5]. Мұндағы жергілікті халық дегені – қазақтар еді. «Өйткені, біздің баспалар (қазақстандық) керекті кітапты басып үлгермейтін еді» және «мемлекет баспасында жос­пар деген ешнәрсе жоқ. Оқу-ағарту мекемелерімен хабарласып, алдағы жылдың бағдарламасын қолына алып» кітап шығаруды тәртіпке салса, керексіз кітаптар да болмас еді деген ой айтады. Осы арада автор, мынадай бір мәселенің басын ашып жазады. Ол Қазақстан баспасының Мәскеудегі өкілі болған, ол кітаптарды жіберуге жауапты және жалақысынан бөлек «жіберген кітаптың сомасына қарай пайыз «еңбекақы» алып отыратын» еді дейді [6]. Бұл кемшілікті біз бүгінде тендерлік жүйе арқылы қай­талап отырмыз… Мақала одан ары, бұл олқылықтың орын алуына бас-басына жеке-дара отау тіккен баспаханалардың жүйесіз жұмысының кінәлі екендігі жазылады. Сондай-ақ, Ташкенттегі баспа үйін Қызылордаға көшіріп әкеліп, «екі жартыны бір бүтін қылып, күшін біріктіріп, шығынын азайтып, өнімін арттырып», бір орталықтан басқарылатын кітап шығару жүйесін құруды ұсынады.
Бір қызығы, осы ғасыр бұрын көтерілген мәселенің түйінін бүгінгі тәуелсіз Қазақстан баспалары да тарқата алмады. Кітап шығарушылар «керексіз оқулық» пен «басы артық басылымдарға» шырмалып жатыр. Мәселен, Алматыдағы кітап дүкендеріне бара қалсаңыз сатылымдағы кітаптардың 70 пайызы орыс тілінде, Ресей баспагерлері шығарған еңбектер екенін көресіз. Бұл жерде шетелден келетін газет-журналдарды айтпай-ақ қоялық…
Кітап сыны – тарихи тамыры терең, сара жолы бар сала екені айқын. Сондықтан, ХХІ ғасырда нарықтық қоғамды сылтауратып кітап сынынан сырт айналуға хақымыз жоқ. Шетелдік алпауыт баспагерлердің жұмыс тәжірибесін қолдануға тиіспіз. Сол үшін, тәжірибелі қаламгерлер, сөзі сынадай сыншы, ғалым-зерттеушілеріміздің кітап сынын қайтадан қарқынды қолға алатын кезі жетті. Бұл тұрғыдан қоғамдық ұйымдар, үкіметтік мекемелер тиісті деңгейде қаржылық қолдау көрсетуі керек. Яғни, сыни мақала, еңбектерге қаламақы мөлшерлемесін көтеру сынды, қоғамдық белсенділікті арттыра алатын шараларды мықтап қолдар уақыт келді. Пайдалы кітаптарды қазақ тілінде көптеп шығару бұл – жас мемлекетіміздің рухани өсуі мен білімді азаматтар қатарын көбейтуге басқа баламасы жоқ төте жол.

Мөлдір ТӨЛЕБАЙ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
2 курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жердің жаратылысы жайында. //«Еңбекші қазақ» газеті. №295. 4-бет. 28 қараша 1925 ж.
2. Ж.Аймауытұлы. «Тәрбие». //Абай, 1919ж. №1, 12-б.
3. Ә.Бөкейханұлы. Кітап сыны (Қартқожа). //«Еңбекші қазақ» газеті. 4 қараша 1926 ж.
4. Ә.Бөкейханұлы. (Қыр баласы). Кітап сыны. Психология. //«Еңбекші қазақ». Сәуір. 1926 ж.
5. Қаныш Қазанғапұлы. Кітап сыны. //«Еңбекші қазақ». 1926. №208 саны.
6. Көлденең. (Бүркеншік есім). //«Еңбек­ші қазақ». Қараша. 1926. №671-002. 3-4 бет.

Алдыңғы «
Келесі »