Жүректі емдейтін еуразиядағы жетекші орталық

  • 03.06.2013
  • 573 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бұрын денсаулығыма байланысты шетелдерде болып емделіп жүрген адамдардың бірімін. Осы жылдың наурыз айында Астана қаласындағы Ұлттық Ғылыми Кардиохирургиялық орталығында жүрегімді емдетуіме тура келді. Барып емделіп жақсы болып шықтым. Екі жылдың ішінде мынадай орталықтың салынуы және оның еуропа елдерінің жетілген емдеу орталықтарынан артық болмаса кем болмауы мені таңқалдырды.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан­дықтардың денсаулығын жақсартудағы орасан зор еңбектерінің бір көрінісі екендігін сезініп зор ризашылықта болдым. Сол үшін де Елбасына Қазақстан халықтарының бірі есебінде айтар алғысым шексіз. Өзім көзіммен көріп, дәрігерлер мен емделіп жатқан адамдармен ауызба-ауыз сөйлесіп, олардың Елбасына деген алғыс­тарын жеткізу үшін осы қысқаша мақаламды жариялауға ұсынып отырмын.
Астана бүгінде алдыңғы қатарлы меди­циналық қызмет көрсету орталықтары шоғырланған ғылым мен білім ордасына айналып отыр. Елордамыздағы ғылым мен технология жетістіктеріне сүйене отырып, халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету жолында үздіксіз ізденіс үстіндегі осындай еңбек ұжымдарының бірі – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы.


Құрылу тарихына көз жүгіртер болсақ, 180 төсек орынға арналған кардиохи­рургиялық орталық құрылысын Қазақстан Республикасының Призиденті Н.Ә.На­зар­баевтың тапсырмасы бойынша «МАВСО Constructіons s.a» фирмасы салған. 2011 жылдың 12 қазанында пай­далануға берілген ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы Орталық Азия өңірінде медициналық қызмет көрсету деңгейі мен сапасы жөнінен дүниежүзілік талаптарға сай, ғылым-білім беру қызметімен отандық және әлемдік дәрежеде танымал, қуатты кадрлық әлеуеті, тиімді корпаративті және бизнес-бағытты басқаруы бар жетекші кардиохирургиялық орталық болып табылады.
Орталық заман талабына сай кардиология, кардиохирургия және интервенциялық кардиологияның барлық бағыттарын біріктіреді және ересектер мен балаларға көмек көрсетеді. Орталықтың негізгі клиникалық бағыты – туа біткен, пайда болған жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, жүрек ырға­ғының бұзылуын емдеу.
Бұл орталықтың бірегейлігі «жабық кезеңді» науқастарға кардиологиялық көмек көрсете алуында дер едім. Яғни, амбулаторлық тексерістер жоғары маман­дан­дырылған кардиохирургиялық және интервенциялық көмекке, сонымен қатар кешенді оңалтуға дейін қызмет көрсете алуы болып табылады. Орталық Назарбаев Уни­верситетінің ғылыми және білім беру базасы болып отыр.
Стационарлық көмек көрсету үшін Ор­талық медициналық техниканың соңғы үлгідегі заман талабына сай диагнос­ти­калық және емдеу жабдығымен жабдық­талған: ARTIS zee biplane бипланды анги­о­графиялық жүйесі, ARTIS zeefloor анги­ографиялық жүйесі, iLED светодиоттарда операциялық шамдар, Stockert S5 жасанды қан айналымы аппараты, жүректі зерттеу үшін ультра дыбыстық аппараттар.
Орталық құрылымында 30 төсек орын­дық кардиология бөлімшесі, 22 төсек орындық 2 кардиохирургия бөлімшесі, 26 төсек орынға арналған интервенциялық кардиология бөлімшесі, ересектер мен балалар үшін 30 төсек орындық 2 оңалту бөлімшесі жұмыс істейді. Ересектер үшін 24 төсек орын және балалар үшін 12 төсек орын, интервенциялық араласуларды жүргізу үшін 4 рентген операциялық бөлмелер, кардиоторакалды операцияларды жүргізу үшін алты операциялық бөлме, оның ішінде 2 балалар бөлмесі ескерілген. Бұдан басқа, Орталық құрылымында ауысымда 110 келушілерге амбулатория, 350 орындық мәжіліс залы, 350 орындық асхана, қызметкерлер үшін 49 пәтерлік тұрғын үй бар.
Орталықта 700-ге тарта адам қызмет етеді, оның ішінде 150 дәрігер және 267 орта медициналық қызметкерлер (ОМҚ). Дәрігерлердің 50 пайыздан астамының және ОМҚ 35 пайызының біліктілік санаттары бар. 24 дәрігердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 11-і медицина ғылымының докторы болса, 13 дәрігер кондидаттық дәрежеге ие. «Кардиохирургия» мамандығы бойынша 9 дәрігер және «кардиология» мамандығы бойынша жеті дәрігер оқытушылық қызмет жүргізеді.
– Алдағы жылдары біздің орталық денсаулық сақтаудың үздік халықаралық үлгісі мен ғылыми тәжірибесін үйлестіретін кардиохирургиядағы ұлттық бренд ретінде дамитын болады. Бұл бағытта Германия, Италия, Бельгия, Франция, Түркия, АҚШ, Израиль елдеріндегі әлемнің жетекші клиникалары Орталық серіктестіктері болып табылады, – деді бізбен әңгімесінде «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымының докторы Юрий Владимирұлы Пя.
Бұрынғы Кеңестер одағының іргелі медициналық орталықтарында кардиохирург болып қызмет еткен жылдарында тамаша тәжірибе жинақтаған білікті маман, халықаралық деңгейдегі кардиохирург, Н. И. Пирогов атындағы Ресей Ұлттық медициналық зерттеу университетінің түлегі Юрий Пя Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының тізгінін қолына алған 2010 жылдан бері ұйымдық және емдеу қызметінде тынымсыз ізденіс үстінде. Пя мырзаның жетекшілігімен осы жылдар ішінде орталықта бірқатар бірегей технологиялар енгізілді. Атап айтқанда, республикамызда алғаш рет ROC safe жүйесін қолданумен сол жақ қарыншаның имплантация, Cardіoblate жүйесін қолданумен АҚШ операциясы, Cardіoblate радижиілікті аблациясы жүйесін қолданумен жүрек қақпақшаларын протездеу, жүрек трасплантациясы, ЭКМО қолданумен асқазан аралығы ақауының траскакатерлік жабылуы әдісімен операция, аорталды қақпақшаның транскатетерлік имплантация бойынша операция, бүйрек артериясының денервациясы және т. б. бар.
Орталық дәрігерлері 2011 жылдың 7 қарашасында Қазақстанда алғаш рет қосалқы қан айналым қондырғысын имплантациялады (Heart Made 2). 2011 жылдың 13 желтоқсанында Heart Ware Ventrіcle Assіst Devіce (VAD) соңғы үлгідегі қондырғысы имплантацияланды. Осының нәтижиесінде Қазақстан ашық жүректе жоғары технологиялы бірегей операцияларды жүргізетін дүниежүзіндегі 22 елдің қатарына енді.
Алғаш рет біздің елімізде 2012 жыл­дың 8 тамызында созылмалы жүрек жетіс­пеушілігі бар науқасқа донорлық жүрек трансплантация жасалды.
2014 жылға дейін Орталық базасында 20-ға жуық инновациялық техноло­гиялар еңгізіледі, соның ішінде: жүрек жетіспеушілігінің шағын инвазивті емдеу әдістері, гибридті хирургия, трансплан­тологияның дамуы, жүректің ишемиялық ауруының хирургиялық емес әдістері, неонаталды кардиохирургияның дамуы, феталды кардиохирургияның дамуы.
Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың басқарма төрағасының бірінші орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, Махабат Бекбосинова: «Біздің негізгі мақсатымыз жүрек-қан тамырлары аурулары бар тұрғындардың денсаулығын жақсарта отыра, өмір ұзақтығын арттыруға көмектесу. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ең алдымен халықаралық талаптар бойынша ғылым-білім беру қызметіне дайындалған кадрлар тобын жасақтау, ауруханалық менеджменттің тиімділігін және клиника қызметінің өнімділігін арттыру, ха­лықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ғылыми инновациялық қызмет көрсету, Назарбаев Университеті Медицина мектебі клиникалық базасының әлемдік талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз ету, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне тиімді трансферт техналогиясын дамыту. Осыларды іске асырудың нәтижесінде Орталық Азия және ТМД елдерінде алдыңғы қатарлы озық медицина қызметін көрсетудегі жетекші орталыққа айналдыру, – деді.
Ғылыми тұрғыда, кардиохирургиялық орталық Назарбаев Университетінің клини­­калық базасы болып табылады. Бұл медициналық кадрлардың формациясын қалыптастыруға және кәсіби қызметтің барлық деңгейінде үздіксіз білім беру үрдісін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Орталықтағы басты және ең негізгі тұлға емделуші болып табылады. Сондықтан мұндағы бар қызмет емделушінің талап-тілегі төңірегінде орайластырылады, оның құқы қатаң сақталады деген қағида басшылыққа алынған.

Бектұр Төлеуғалиев.
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері
және құрметті журналисі

Алдыңғы «
Келесі »