Шығай және Тәуекел хандардың тұсындағы Қазақ хандығының саяси тарихындағы өзгерістер

  • 03.06.2013
  • 4449 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тәуекел хан
Қазақстан тарихында ХV-ХVІ ға­сыр­лар­дағы Қазақ ордасының ханда­рының жеке тарихи тұлғасы арнайы, толық түрде зерттелген емес. Ол мәселе көбіне назардан тыс қалып отыр­ды. Тіпті, кейбір хандардың тарихтағы ор­ны зерттелінбей, кейбір еңбектерде есім­дері де атал­майды. ХV-ХVІ ғасырлар Қа­­зақ хандығы тарихының маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Бұл ғасырдағы Қазақ хандығының саяси тарихын шартты түрде 1457-1470 жж. хандықтың құрылуы, 1470-1521 жж. ара­лығы күшеюі мен нығаюы, 1521-1538 жж. хан­дықтың «уақытша әлсіреуі», 1540-1598 жж. хандықтың қайта көтерілуі немесе этникалық территориясының қалыптасуының аяқталу кезеңі деп бөлуге болады. Әрбір кезеңнің басты бел­гілерін хандықтың сол тұстардағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының қандай болғандығы, жекелеген хандардың жүргізген саясаты, сонымен қатар, билік басындағы хандардың жеке тұлғалық қасиеттері арқылы анықтауға болады. Керей мен Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Шығай, Тәуе­кел хандардың билік құрған кезіндегі Қазақ хандығының саяси жағдайы осыған дәлел.


Деректерде, 1580 ж. кейін Хақназар ханның аты кездеспейді, ал, оның немере інісі Шығай (Сығай) Қазақ ханы деп аталған еді. Осы уақыт­қа дейінгі деректерде, Шы­ғай­дың аты көп атал­маса да, сұлтан деп берілетін. Шығай әйгілі Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік (Йадык) сұлтанның ба­ласы. Анасы Абайқан бегім еді [4]. В.В. Вельяминов-Зернов өз еңбегінде: «Жәдіктің ұлы Шығай ұзақ ғұмыр кешкен, шамамен 80 жылдай», – дейді[2]. Т. Сұлтанов: «Шығай тосын­нан болған хан. Оның үлкен гаремі, көп әйелдері және ол үлкен отбасының басшысы еді. Биліктің пирамидасына Шайбанилық Абдолла ханның ықпалымен келді», – дейді [3]. Ал, тарихшы А. Миллер: «Денесі мен рухы әлсіз, кәрі, 80 жастағы Сығай Қазақ ханы болды. Жәнібек әулетіндегі ең үлкені болғандықтан да билікке келді», – дейді [4]. Осы мәселені зерделеген, Қойшығара Салғараұлы Шығайдың хандық билікке келуінің үш себебі бар деп көрсетеді. Олар: «Біріншісі – Шығай сұлтанның өзінің жеке басының елге сыйлылығы. Оның көзсіз батырлығы жөнінде халықтың (ХІХ ғ.) әлі күнге дейін жыр қылып, тамсана айтатынын дәлел етуге болады. Екіншісі – Шығайдың ұлдарының (Тәуекел, Есім, Ондан және т.б.) хандыққа тіреніш, ханға демеу болған. Үшіншісі – Шығай Қазақ хандарының іргелі тұқымы Жәнібектің кенже ұлы Жәдіктің баласы болды. Және де Абдолланың әкесі Ескендірдің таққа отырып, ал, баласы оның атынан барлық істі тындыруы сияқты, Тәуе­кел де өз әкесін хан етіп, өзі барлық істерге белсене қатысып жүрген», – дейді [5].
Шығай хан мен Абдолла хан бір шешімге келмей тұрып-ақ, Бұқара ханы Қазақ ханына адам жіберді. Оларға Шығай хан: «Өзім тірі болсам ешқашанда Баба сұлтанмен достаспаймын, оны көргім де келмейді», – дейді [7]. Абдолла ханға да керегі осы еді. Ол Ташкент пен Түркістан аймағында Баба мен Бұзағыр сұлтанмен, ал, Ферғанада Мехди, Абдол Ғаффар, Хашим сұлтан­дармен екі жақты күресті жүргізуде Шығай хан­ның қолдауына сүйенуді ойластырды.
Бұл жөнінде М.Х. Әбусеитова: «Хақна­зардың өлімінен кейін Шығай Баба сұл­танға қарсы аттанды, осы ісімен келе­шекке үміті зор Абдолла ханға адал­дығын дәлелдегісі келді», – дейді [8]. Соны­мен қатар, XVІ ғ. 80 ж. бастап Шығай мен Тәуекел хандар Бұқара ханына қызметке кіріп, боданына айналды дейді. Бұл пікірге Қ. Салғараұлы қарсы шығады. Ол Қазақ хандығы мен Бұқара терезесі тең одақтастар, бір мақсат-мүддені көздегендер – ортақ жауы Баба сұлтанды құртуы керек еді дейді [5].
Шығай хан да жауы Баба сұлтанды жою мақсатында 1581 ж. маусымда ұлы Тәуекел, басқа да сұлтандармен бірге Абдолла хан­ның ордасына келеді. Хафиз Таныш: «Ұлы мәртебелі өзіне тән мейірбандылық пен қайырымдылығымен оған (Шығай ханға) сыйластығы мен құрмет көрсетті. Оны аса мейірбандылығымен құр­меттеп, ихта ретінде Ходжент жерін берді. Ол Шығай ханға көмек көрсетуге уәде беріп, оның құрметіне патшаларға лайықты той жасады», – дейді [6, 257 б.]. Шындығына келгенде Шығай ханға осындай құрмет көрсетіп, оған ихта ретінде жер беруі қазақ­тардың Бұқара хандығымен терезесі тең ел екенін және де Абдолла ханның Қазақ хандығында мүддесі болғаннан көрсетеді. Ресми түрде Шығай хандық билікте отыр­ғанымен, іс жүзінде ұлы Тәуекел сұлтан қазақ әскерін басқарып отырған. Хан тағында Шығай екі-ақ жыл отырды. 1582 ж. кейін оның аты деректерде аталмайды. Қадырғали Жалайырдың айтуынша: «Шығай ханның хикаясы әрқашан оның батырлығымен мәлім, мәшһүр болды. Ақырында ол да дүниеден өтті. Бұл күнде оның қабірі Күміскентте, Әли-Атаның қасында жерленген болатын», – дейді [1].
Көптеген тарихшылар Шығай ханның Мауреннахрда, өз елінен тысқарыда қайтыс болғанына байланысты түрлі пікірлер айтады. Тарихшы М.П. Вяткин Шығайдың Мауреннахрға келуін, оның Бұқара хандығына өтуі деп қабылдайды да, оны қазақ ханының өз қуатының әлсірегенін сезіп, Абдолладан пана іздеуі деп түсіндіреді. Ал, А.П. Чулошников қазақтардың Талас өзені жағасында Баба сұлтанмен күресте жеңіліс табуы оларды сыртқы қатынастарда әлсіретіп тастады, өйткені, оларға бүлікші Баба сұлтанмен шағат ұрпақтарынан шыққан моғол хандары екі жақтан қауіп төндірді дейді. В.П. Юдин Шығай ханды қазақтардың өзге хандары қуып жіберген десе. Ал, М.Х. Әбусеитова Шығай ханды қазақтардан бөлініп, халқына қарғанды болып, Шайбанилер арасына кетіп, жалғыздықта өлген Тахыр хан секілді дүниеден өтті деген тұжырымдар жасайды. Осы пікірлерді Қойшығара Салғараұлы ешбір негізсіз деп тауып: «Шығай хан Абдолла сұлтаннан Ходжентті алып, мұнда нақшбанд ұйымының сопыларының қоршауында болған. Ол сырттан қаңғып өлмеген, ресми түрде қазақтың ханы атанған күйінде, өз жөнімен, өз ажалымен, өз иелігі Ходжентте жарық дүниемен қоштасқан», – дейді [5]. Барлық жағдайды саралап қарасақ, қазақтың ханы болған, көпке сыйлы, кәрі адам, балалары да болашақ хандар Тәуекел, Есім сұлтандар өз әкелерін қаңғытып, өлімге душар ету ата салтымызда жоқ. Сондықтан да, Шығай ханды қаңғып өлді деуге негіз де жоқ секілді. Және де Шығай ханды көп зерттеушілер 1582 ж. Баба сұлтанға қарсы Абдолла ханмен біріккен Ұлытау жорығынан кейін қайтыс болған десе, ал, Қ. Салғараұлы 1582 ж. кейін 4 жыл өткеннен кейін қайтыс болды дейді. Әрине, Шығай ханның 1586 ж. қайтыс болғаны туралы әлі дерек табылған жоқ. Деректер бойынша Шығайдан көп ұрпақ қалды. Оның әйелдері де көп еді. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Шығай ханның үш әйелін ерекше атап өтеді. Біріншісі – Байым бегім. Одан Сейдқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым; Екіншісі – шағатайлық Яқшым бегім. Одан Тәуекел хан, Есім хан, Сұлтан-Сабырбек ханым; Үшіншісі – Бұрындықтың қызы Дадим ханым. Одан Әлі сұлтан, Сұлұм сұлтан, Ибрахим сұлтан, Шахым сұлтан [1]. Сондай-ақ, басқа да тарихта аты қалған Абылай, Күшік деген ұлдары болған [3].
1582 жылы Шығай хан қайтыс болады. Одан кейін хандық билікке оның ұлы Тәуекел келді [9]. Тәуекел (Тевеккел, Тевкел, Тауке, Тукай) [3]. шағатайлық Яхшым бегімнен туылған Шығай ханның ұлы [1]. Хафиз Таныштың өзі Тәуекел ханды: «Батырлығы, ерлігі мен күштілігі жөнінде ол әлемде жалғыз еді және Деш­ті-Қыпшақта атақты болды. Оның сырт келбеті де сұлу, ақындық таланты да бар», – деп сипаттайды [10]. И.В. Ерофеева Тәуекел ханды: «Қазақ хандығының ба­сын­да тұрғандағы барлық кезеңінде Тәуекел өзін талантты және тез шешім қабылдай алатын қолбасшы, сыртқы саясатта шебер тактика пайдалана алатын хан ретінде көрсете алды», – және «Тәуекел жастық шағын елінен алыста Бұқара хандығында өткізіп, XVІ ғ. 80 ж. өз әскерімен Абдолла ханға қосылып, бірігіп белсенді түрде Баба сұлтанмен күресіне қатысты», – дейді [10, 147 б.]. Шайбанилық Абдолла ханның сарайында жүргенде жас сұлтанға Бұқара ханы сыйластықпен өзіндік ерекше мейірімділікпен қарады. Қазақ сұл­таны Абдолла ханның баласы Абдал Момынмен және көптеген сұлтандармен әскери жарыстарда Тәуекел көзге түсіп, осы үшін де бірнеше рет «алтын жіппен тігілген халат, қымбат тастармен әшекейленген бас киім мен белбеумен» марапатталғанын Хафиз Таныш жазады [6, 257-262 бб.]. Т. Сұлтанов: «Тәуекел хандық билікке өте қиын кезеңде отырды. Бір жағынан Шайбанилық Абдолла, моғол және жоңғар қатынастары шиеленісте болды. Осындай тұста Тәуекел өзін соғыстың білгірі, епті саясаткер еке­нін көрсете алды», – дейді [3, 204 б.]. Осыдан кейін, 1583 жылы жазда Тәуекел Абдолла ханның Әндіжан мен Ферғанаға жасаған жорығына қатысады. Бұл жорықта Тәуекелге Шайбанилық Махди сұлтан мен Баба сұлтанның ұлы Абдалл Ғаффарды өлтіру сәті түседі [11]. Сөйтіп, жорықтан қайтып келе жатып Хафиз Таныштың айтуынша: «Әндіжан мен Ферғанаға жорықтап қайтып келе жатқанда Абдолла ханның Тәуекелге теріс ниетінен күдіктеніп, оны тастап, өзінің Дешті-Қыпшағына кетіп қалды», – делінген [6, 311 б.]. Шынында да, өз туыстарын билікті заңды мұралануы үшін аямай өлтірткен Абдолла хан, Жошы ұрпағы Тәуекелдің де Орта Азиядағы билікті заңды түрде алу үшін күрес алаңына шығатынынан сезікті. Оны Тәуекел сезді және де Абдолла қазақтарға Түркістан өңіріндегі 4 қаланы беремін деп, уәдесін орындамаған еді [12]. Ал, Т. Сұлтановтың айтуынша: «Тәуекел Абдолла ханның қол астында қалып, өз елінің тәуелсіз билеушісі бола алатынына сенбеді. Өзінің құқықсыз хан ретінде жүруден бас тартып, Мауреннахрдан Ұлы далаға Абдолла ханға қарсы әскер жинау үшін оралды», – дейді [3].
1588 ж. оқиға қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өту қажет. Хафиз Таныштың айтуынша, бұл Ташкенттегі көтеріліс Абдолла хан мен оның немере інісі осы аймақтың билеушісі Рүстемнің ұлы Өзбек ханға қарсы еді дейді. Бұл уақытта Абдолла хан Гератта соғысып жатты. Сөйтіп, Пскентте осы қаланың бай-бақуатты адамдары, ақсүйектер және әмірлер де болды. Бұл көтерілістің себебі Абдолланың заңсыз хандық билікке келуінде еді. Шайбанилық әулеттің дәстүрі бойынша ханды билікке шайбанилық әулет өкілдерінің қалауымен, мақұлдауымен отырғызатын. Бірақта, Абдолла билікке шайбанилық сұлтандардың емес, әмірлердің көмегімен келді. Өйткені, Абдолла тақтың заңды мұрагері болмағандықтан және шайбанилықтар хандық билікке Абдолладан жасы үлкен шайбанилықтардың бірін отырғызады деп қорқып, ол әкесі өлгеннен кейін тез арада әмірлермен келісіп, өзін хан жариялайды. Сондықтан да, ықпалды ақсүйектер мен шайбанилық сұлтандар бүлік шығарды [12]. Осылайша, көтерілісшілер Абдолла ханның даруғасын өлтіріп, қазақ сұлтаны Жан-Әліні хан етіп көтереді. Ташкент уәлиятының билеушісі Өзбек сұлтан Абдолла мен басқа да шайбанилықтарға шабарман жіберіп, көмек сұрайды. Алайда, көмек келсе де, көтеріліс тоқтамады. Көп кешікпей бүлікшілерге Хақназардың ұлдары Мыңғытай мен Дін Мұхаммет сұлтандар келіп қосылады. Олар әкесінің кегін қайтару үшін ыңғайлы сәтті күткен тәрізді. Бұл көтеріліс үш айға созылып, бұқаралық си­пат алғанымен тез басып, жаншылды. Ташкент Бұхара хандығының қол астына қайта кірді. Осыдан кейін 1598-1599 жылға дейінгі Қазақ хандығы мен Шайбанилер әулеті арасындағы қарым-қатынастар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Тек қана 1594-1595 жж. қазақ-орыс қарым-қатынастарынан Мәскеуге жіберілген Тәуекел ханның елшісі Құл Мұхаммедтің: «Ал, Бұхара патшасымен уақытша бейбіт қатынастамыз», – деуі қазақ-өзбек қатынастарының уақытша бітімге келгенін көрсетеді [13]. Сондай-ақ, Тәуекел хан бұл құжаттарда «қазақ және қалмақ ханы» деп беріледі.
Қазақ ханы Тәуекел Мәскеу патшасынан немере інісі Ораз Мұхамметті қайтарумен қатар, Бұхара хандығын жеңу үшін от қару сұрайды. Ол жайында зерттеуші А.И. Левшин, В.В. Вельяминов-Зернов, В.Я. Басин, М.Х. Әбусеитовалардың еңбектерінде қарастырылған болатын. Шын мәнінде, Тәуекел хан орыс елінен Бұхараны бағындыру үшін от қару сұрайды, ал, орыс елі қазақ елін өз боданына айналдыруға дайын тұрды. Олар қазақтарға Ораз Мұхаммедті де, от қаруды да бермеді. Өйткені, қазақтардың күшті халық екендігінен ноғайлар арқылы хабарлары болды және қазақтарға сұрағанын беру өздеріне қауіпті еді.
Зерттеуші Н. Атығаев бұл туралы: «Осы кезде қазақ билеушісі Тәуекел хан Шай­банилық Абдолла ханмен уақытша мәмілеге келуін пайдаланып, оған қарсы өзіне одақтас табуға кірісті. Ондай одақтасы Сефевилік мемлекет еді. Оларда Шайбанилармен үнемі соғыста еді», – дейді [14]. Бұл XVІ ғ басынан басталған күрес екенін атап өту қажет. Және де қазақтар орыстармен одақтасудан үміттері үзілгеннен кейін осы шешімді қабылдаған секілді.
1594 ж. Қазақ елшісі Құл Мұхаммед Мәскеуге Сефевилерден елші келгенін естіп, онымен келісім жасауға талпынады. Ол өз мақсатын: «Біз қызылбашылармен (Сефевилер) бірігіп бұхаралықтарға қарсы күресуіміз керек», – деп түсіндіреді. Бұл, әрине, Тәуекел ханның сыртқы жауларымен күресуге бағытталған одақ еді [15]. Қазақ хандығы өзінің көздеген мақсатына жету үшін қазақ жеріне Құл Мұхаммедпен бірге орыс елшісі В. Степанов және Сефевилік елші Дервиш Мағметті шақырады. Ал, Сефеви мемлекетінің Аббас шахына қазақтар өз елшілерін жібереді. Өкінішке орай, бұл қарым-қатынастар туралы мәлімет беретін дерек қазірше жоқ. Сонымен, Қазақ хандығы ешбір одақтассыз, өзінің күшіне сеніп қана Шайбанилық әулетті жеңу керектігіне көздері жетті. Сырттан одақтас табу әрекеті нәтижесіз аяқталды. 1598-1599 жж. қазақтар үшін сәтті кезеңдердің бірі еді. Өйткені, осы уақытта Абдолла ханның үстемдігі саяси тоқырауға түсті. Абдолла ханға өз ұлы Абдал Момын да қарсы шығып, ол жағдай ұлын жақсы көретін әкесінің денсаулығына кері әсерін тигізді. Осыны көре білген қазақ ханы тыныш жатпай, өз мақсатына жетудің кезеңі пісіп жетілгенін түсінді. Сөйтіп, Тәуекел хан жорыққа қайта аттанады. Тәуекелдің Мауреннахрға жорығы туралы мәліметтер бірнеше нарративті, парсы және тәжік тілдеріндегі деректерде кездеседі. Олар – Ескендір Муншидің «Тарихи аламара-ий Аббаси», Мұхаммет Аваздың «Заийа ал-Кулуб», Мұхаммадиар ибн Араб Катағанның «Мусаххир ал-билад», Қыпшақ ханның «Тарихи Қыпшақ» еңбектері. Бұл деректерді 1598-1599 жж. оқиғаның замандастары ол оқиғадан көп уақыт өтпей-ақ жазған. Сондықтан да, ол деректердің мәліметтері ерекше құнды [16].
Ескендір Муншидің мәліметі бойынша, Абдолла хан Тәуекелді өзіне лайықты қарсыласы деп санамады және оған қарсы өзінің әскерінің бір бөлігі мен шекаралас аймақтағы сұлтандар мен әмірлердің әскерін жіберген еді делінген. Ташкент пен Самарқанд арасындағы жерде екі ел арасында соғыс жүреді. Бұл соғыста Абдолла хан әскері жеңіліске ұшырайды. Бұл жеңілісті естіген Абдолла хан тез арада жаңадан әскер жасақтап, оны өзі басқарады. Жорыққа дайындалып болғаннан соң, ол Гераттағы Күлбаба-көкілташ әмірге адам жібереді. Бұл кезде Тәуекел Абдолла ханның келе жатқанын естіп, далаға шегініс жасап, күте тұруды ойлайды. Бірақта, Абдолла ханның денсаулығы күрт нашарлап, 1598 жылы көктемінде қайтыс болады. Осыдан кейін Бұхара хандығында саяси тұрақсыздық орын алып, билікке Абдолланың ұлы Абдал Момын келді. Көп ұзамай 1598 ж. жазда оны бүлікші әмірлер өлтіреді. 1598 жылы тамызда Абдал Момын қайтыс болғанын естіген Тәуекел хан Шайбанилердің жерін жаулап алу үшін белсенді қимылға көшеді. Ескендір Муншидің дерегі бойынша Тәуекел мен оның інісі Есім сұлтанның біріккен әскері 100 мыңға жуық дейді. Ал, Мұхаммед Аваз сонымен қатар, Тәуекелмен бірге 120 сұлтан болды дейді. Яғни, бұл жорыққа барлық қазақ сұлтандары жұмыла кіріскенін көреміз. Сондай-ақ, Тәуекел ханның әскерінің құрамында дала өзбектері мен түркістандықтар да болды. Тәуекелге сол кезеңдегі ықпалы күшті діни ұйымдар да көмектесті. Және де Шайбани әулетінің кейбір ықпалды өкілдері көмек беріп, оның есесіне Түркістан мен Мауреннахрдағы билікті бөліске салуды көздегендер де болды. Мысалы, «Мұсаххир ал-билад» дерегі бойынша Өзбек сұлтан Тәуекелмен Абдоллаға қастандық ұйымдастырмақ болып, Абдолла ханның кек алуынан қорқып өз балаларын қазақ ханына жібереді және де бұл әрекеті үшін Тәуекел Түркістан мен Мауреннахрды жаулап алған соң тең бөлісеміз деп уәде берген екен [11]. Осы мәліметтерге қарағанда Тәуекел ханның билікке келіп, Орта Азияны жаулап алуына Шайбанилық ақсүйектер қарсы болмаған. Осылайша, Тәуекел ханның Орта Азияға жорығы кенеттен және тұтқиылдан болған жоқ. Себебі, оны Мауреннахр да күтті және көмек көрсетеміз деп уәде де берді. Сондықтан да, бұл жорық арнайы жоспарлы түрде дайындалған деуге негіз бар. Сонымен, Тәуекел хан Түркістаннан Мауреннахрдағы Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқантты Мийанқалаға дейін басып алып, Есім сұлтанды 20 мың әскермен Самарқантта қалдырады. Ал, өзі 70-80 мың әскермен Бұхараға беттейді. Бұхарада небәрі 10-15 мың әскермен Пір Мұхаммед (Шайбанилық сұлтан) қаланы бекітіп, 11 күн бойы қаладан шықпайды. Он екінші күні Бұхараның барлық халқы шығып, кескілескен күрестен кейін Тәуекел ханның әскері жеңіліс табады. Мұны естіген Есім сұлтан ағасына артқа шегін деп өтінеді. Сөйтіп, олар шегініп, жорыққа қайта дайындалады. Осыдан кейін Пір Мұхаммед әскері Тәуекел әскерінің артынан қуып келеді. Екі жақ әскері ашық далада Ұзын сақал деген жерде қайта соғысады. (Ескендір Мунши бойынша Ұзын сақалда, «Зийа ал-кулуб» дерегі бойынша Сар-и Пулда, «Мусаххир ал-билатта» және «Бахр ал-асрар» бойынша Үш-қарада болды.) Пір Мұхамметке көмекке Баки сұлтан келеді. Бір айдай күрестен кейін, көп сұлтандар мен ерлер қаза табады. Осы күресте Тәуекел хан да қатты жараланып, Ташкентке оралады. Сөйтіп, осы жерде Қазақ ханы көз жұмады [11]. Осы қысқа мерзімде Тәуекел хан Түркістан, Ташкент, Ферғананы өз иелігіне қосты. Оның Орта Азияға жорығы алдын-ала жоспарланған және де көп жылдар бойы дайындалған, нақты мақсаттарға жұмылдырылған күрес еді. Тәуекел хан Шайбанилық иелікті қос­қанда ғана Қазақ хандығына байланысты шаруашылық-экономикалық, саяси-әлеуметтік оқшаулануды жоя алатынын түсінді.
Тарихшы М.Х. Әбусеитованың айтуынша, Тәуекел хан өзінің басты мақсаты – Мауреннахрды қазақтардың қол астына кіргізе алған жоқ. Бірақта, Түркістан, Ташкент, Ферғана белгілі бір кезеңдерге дейін қазақ жерлерінің құрамына кірді. Ал, бұл өз кезегінде қазақ және ортаазиялық хандарының арасында Нақшбанди орденінің сопы шейхтерінің ықпалымен жасалынған бейбіт бітіммен нығайтылды. Қазақ хандарының Түркістанды билеуіне нақшбанди шейхтары өздерінің рұқсаты мен оң батасын берді.
Шайбанилық Абдолла хан мен Абдалл Момын билікке басқа шайбанилықтар келіп қояды деп, бәсекелес, қауіпті адамдар ретінде оларды өлтіртті. Сөйтіп, шайбанилықтардан жалғыз ғана Абдолла ханның ағасы Пір Мұхаммед қана қалды. Осыдан кейін Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Өйткені, Абдалл Момынның өлімінен кейін Бұхара тағына Шайбан әулетінің мұрагер қызы мен Джаннан туылған Баки Мұхаммед келіп, Аштарханилық әулеттің билігі орнайды. XVІІ ғасырлардағы оқиғалар жаңа бір тарихи кезеңнің басталуымен сипатталады.
Қорыта келгенде, Әбілхайыр хан мен Ұрыс ханның ұрпақтары XVІ ғ. соңында мәреге әр түрлі дәрежеде жетті. Мауреннахрды билеп-төстеген Шайбанилық әулеттің дәуірлеуі аяқталды, ал қазақтарды бастаған Тәуекел хан өзінің жеңісімене көздеген мақсатына жетті. Осылайша, Қазақ хандығы бір ғасыр бойы Түркістан аймағы үшін күресті, ол күрестің босқа кетпегендігін тарихтың өзі дәлелдеп берді. Міне, XVІ ғ. Қазақ хандарының жүргізген саясаты тарихта өз таңбасын қалдырды. Ал, талай-талай қиян-кескі жағдайларды басынан өткеріп келе жатқан Қазақ хандығы бұл кезеңнің қиындықтарына да төтеп беріп, өз тәуелсіздігін сақтап қалып, өміршең қазақ мемлекеті екенін тарихта тағы бір дәлелдеді.

Жарылқасын ЖАППАСОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан
тарихы кафедрасының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Назия ТАСИЛОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы (Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов). – Алматы, 1997. – 121 б.
Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. /Труды Восточного Отделения Императорского Археологического Общества/. – Санк-Петербург, 1864. ч. 2.
Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. – 188 с.
Қойшығара Салғараұлы. Шығай хан.// Түркістан. – 1996. – 5 маусым. – 3 б.
Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ веков. /Извлечения из персидских и тюркских сочинений/. Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата: Наука, 1969. – 353 б.
Әбусеитова М.Х. XVІ-XVІІ ғ. қарым-қатынастар және Тәуекел хан тұсындағы кезең.// Егемен Қазақстан. – 1999. 25 қараша. – 3 б.
Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVІІ вв. Алматы, 1998. – 97 с.
История Казахстана: народы и культуры. Алматы, 2000. – 147 с.
Юдин В.П. Тарихи Шайбани как источник по истории казахского и каракалпакского народов.// Вопросы историографии и источниковедения Казахстана . – Алма-Ата, 1988. – 209 с.
Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVІ века. – Алма-Ата: Наука, 1985. – 104 с.
Казахско-русские отношение в XVІ-XVІІІ вв. – Алма-Ата, 1961. – 3-4 с.
Атыгаев Н.А. Взаимоотношение Казахского ханства и Сефевидского государства в XVІ в.// Вестник Каз НУ. – Серия востоковедений. – 2002. №2. – 18-20 с.
Абусеитова М.Х. Из истории внешнеполитических связей казахского ханства с соседними государствами во второй половине XVІ в.// Казахстан, Средняя и Центральная Азия в XVІ-XVІІІ вв. – Алма-Ата: Наука, 1983. – 170 с.
Абусеитова М.Х. Из истории казахско-среднеазиатских отношений: события 1598-1599 годов.//Казахстан в эпоху феодализма. Алма-Ата: Наука, 1981. – 124-141 с.

 

Алдыңғы «
Келесі »