ҰЛТТЫҚ ФОЛЬКЛОРДАҒЫ КОМЕДИЯ ЖАНРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

  • 03.06.2013
  • 690 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әрбір елдің әдебиеті мен мәдениеті белгілі бір бағытта қалыптасатыны және сол негізде дамитыны белгілі. Бұл бағыт деп отырғанымыз – өмір сүру, тұрмыстық қалыптасу барысында пайда болатын ұлттық ерекшеліктер, содан туындайтын өнер түрлері. Демек, мұндай өнер түрлері бір шеңберде ғана қалып қоймай кең ауқымды мәдени тетіктерге бағындырылады. Мұны жанр деп атағанымыз жөн.
Негізінен жанр – әрбір әдеби немесе дра­ма­­тургиялық шығарманың оқиғалық-сю­жет­тік құрылымына, ондағы идеяның басты ұста­нымдарына лайықты анықтама беретін түр ерек­шелігі. Мұның трагедия, драма, комедия, трагикомедия тәрізді өзіндік спецификасына қарай бөлінетін басқа да көптеген түрлері бар. Соның ішінде комедияның түрлік, пішіндік, құрылымдық жағынан қарағанда ауқымы кең. Бұл жанрдың өзі бірнеше формаға бөлінеді: сатира, интермедия, интерлюдия, фарс, юмор, карикатура т.б. Бұлар оқиғалық сюжеттік, мағыналық формалық тұрғы­сына байланысты аталған.


Дүниежүзінде ең алғаш театр өнері пайда болып, қалыптасу, даму барысы түрлі авторлардың сахналық драмалық шығарма жазуына алып келді. Соның ішінде «комедия атасы» атанған Аристофан заманынан бүгінгі күнге дейінгі, яғни, миллиондаған жылдар аралығындағы әлемдегі қоғамдық жағдайлар, саяси қақтығыстар, жеке адамдар тағдыры бұл жанрдың деңгейін көркемдік тұрғыдан биікке көтермесе, кері мағынаға ие болған жоқ. Керісінше, дәуірлік талаптар мен сұраныстар барысында дамып отыр.
Комедия жанрына әлемдік көзқараспен қарайтын болсақ, еуропалық Ж.Б.Мольер, К.Гольдони, К.Гоцци, орыстың реалист комедиографтары А.С.Грибоедов, Д.И.Фонвизин, Н.В.Гоголь, А.Н.Островский, Салтыков Щедрин, Сухово Кобылин, т.б. қазақ топырағында Б.Майлин, Ш.Құсайынов, Қ.Мұхамеджановтардың қаламы арқылы комедияның қалыптасып, дамуына ықпал етті. «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден қорқады» деген сөз бар. Расында, бұл жанрдың өзіндік ерекшелігі – күлдіріп отырып жылататындығында. Әр автор өзі өмір сүрген қоғамның, ұлттың ішкі әлемін күлкінің найзасына іліп, кекесінді сатиралық формада суреттеді. Олардың нақты идеялық бағыты бір болғанымен, әрқайсысы көздеген мақсатына әртүрлі кейіпкерлер, әртүрлі көріністер арқылы жетті. Сол негізде әлем драма­тургиясының тарихынан орын алған, комедия қаһармандары деп Гарпагон, Чацкий, Хлестаков, Кочкаревтарды айта аламыз.
ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті мен драматургиясында күлкінің метафорасына айналған Талтаңбай, Мамық, Көтібар т.б. осы кейіпкерлердің жалғасы іспетті. «Комедия, көңілді топ, өлең» делінген «Әде­биеттану терминдер сөздігі» деген кітапта. Дра­малық жанрдың негізгі бір түрі, өмірдегі келеңсіз, жағымсыз құбылыстарды, адам бойын­дағы мінезді, қасиетсіздікті, опасыздықты күлкілі етіп бейнелейтін сахналық шығарма. Комедияға адамның мінезі, іс-әрекеті күлкілі жағдайда, қандайда бір ерсілік, оғаштық танытатын тұстарда көрсетіледі. Нағыз көркем шығарманың негізінде терең әзіл жатады [1]. Бұл анықтамада көркем комедияның жанрлық табиғаты айқын да ашық көрсетілген.
Комедияның пайда болуы туралы академик З.Қабдолов: «Комедияның басы да, трагедия сияқты, баяғы Дионис мейрамында жатыр. Өлген «текенің» қайта тірілуін көне гректер енді комедиямен «комос» – көңілді топ, «оде» – ән», яки, көңілді әнмен, қызық бимен, күлдіргі ойындармен құттықтаған. Кейін шын мәніндегі театр өнеріне айналған комедия да дүниеге о баста осылай келген» деген [2]. Мұнда комедия сөзінің негізгі мағынасына келетін тұжырымдар бар.
Біріншіден: комедия алғашқы кезде қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді суреттеуді көздемеген. Ол көңіл көтеру мақсатын бірінші кезекке қойған. Бұған ән, би күлдіргі ойындардың араласып отырғаны айтылған. Екіншіден: бұл комедия мейрам кезінде туғанына назар аударылған. Белгілі зерттеуші Р.Нұрғалиев «комедияның алғашқы белгілері ежелгі Грецияда шарап тәңірісі Диониске құрмет көрсетуге арналған ойын-сауықтан басталған» [3]. Комедияның ойын-сауықтық функция атқарғанын аңғартқан. Комедияның басты белгісі ретінде «Да­раланған, өзгелерге ұқсамайтын әр кейіпкердің тілі күлкі шақырса, сахналық туындының ажары кіре бастайды. Бұл тұрғыда әсірелеу, ұлғайту (гипербола), өсіру (гротеск) сияқты көркемдік құралдарды кеңінен пайдаланады» деп атап көрсеткен. Өмірдегі немесе адам мінезіндегі негізсіздікті, Чернышевский айтқандай, «сырты бүркелген ішкі күйкілік пен қуыс кеуделікті», жалпы қоғам тіршілігіндегі кедергі мен кесел атаулының бәрін күлкімен түйреп, жерлеп отыруға болады. Бұл ретте, күлкі – өмірдегі ескі мен жаңаның арасында болып жатқан күрестің жауынгерлік құралы.
Қазақ әдебиетінің тарихына барсақ, баяғы аты шулы әпенді Қожанасырдан күні кешегі өзіміздің Мырқымбайға дейін юморлық образдың талай тамаша түрлерін тауып, тануға болады. Солардың қайсысын алмаңыз, адам бойындағы кемшіліктер ылғи ғана әзіл-әжуамен сыналған. Юморлық образдың бұл сипаты әлі күнге сол қалпында.
Театр үшін комедия жанрында жазылған пьесалардың рөлі айрықша. Қазақтың мемлекеттік драма театры алғаш құрылған күннен бастап-ақ өз репертуарына комедиялық шығармалар кіргізуді үнемі назарда ұстап отырған. Себебі, комедиялық спектакльдер көрермен үшін ауадай қажет. Жұртшылық театр сахнасынан үлкен тәлім алады. Жекелеген адамдардың бойындағы қоғамдық кемшіліктерді сахналық қойылымдардан көріп оны түзеуге тырысады.
Әдебиет пен драматургияның қай жанры болмасын оның түп тамыры тереңде жатыр. Яғни, ұлттық аңыз әфсаналар, ауызша-жазбаша құндылықтар мен фольклорлық мұралардан бастау алатыны белгілі. Мұның нақтылығы мен дәйектілігін еуропалық, ресейлік және отандық ғалымдардың көптеген еңбектерінен кездестіруге болады т.б. «Күлкілі жәйт ешкімге қайғы әкелмейтін жанды қинамайтын қайсыбір қателік, қисынсыздық», – деп жазады Аристотель. Алайда, осы қағида көркем шығармада қолданылғанда кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері мен іс-әрекеттері арқылы түрлі қақтығыстар мен тартыстардың орын алатындығы анық. Әзілге негізделгенмен зілді, нақты айтар ойы бар, сондай-ақ, қоғамдық келеңсіздіктерді метафоралық сарында саралаған пьесалардың көркемдік салмағы ауыр болып келеді. Мәселен, А.С.Грибоедовтың «Ақыл азабындағы» Чацкий, А.П.Чеховтың «Шағаласындағы» Арка­дина мен Нина Заречнаялар, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанындағы» Көтібар мен Маман, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесіндегі» Алдар, т.б. Бұлардың барлығының шығармадағы орын себепсіз емес, адам өмірінің психологиялық, әлеуметтік қақтығысын ашуда бұлардың орны маңызды. Бірі іріп-шіріген қоғамға сыймай кетсе, енді бірінде – өнерге деген бақталастық орын алған, ал, бірі – күшіне сеніп, жерге таласты тудырады, ал бірі кедейдің жоғын жоқтаушы болып келеді. Демек, көркем күлкіде ешқандай жеңілдік болмайды. Керісінше, бұл жанрдың ауқымы кең, айтары мол болып табылады.
Фольклор мен өнердегі жанр ерекшелігіне С.А.Қасқабасов: «Жанр – өнердің, әдебиет пен фольклордың, бір жағынан, жалпы, көп қырлы (универсалды) категориясы да, екінші жағынан, нақтылы категориясы. Көп қырлы болатыны – онда әр түрлі әдістер мен тәсілдер көрініс табады, ал, нақты болатыны – шығарма белгілі бір жанрдың аясында жазылады. Әр жанрдың өзіндік ерекшелігі, заңдары болады. Оларды білмейінше, өнердің, фольклор мен әдебиеттің жалпы сырын түсіну мүмкін емес, сондай-ақ, шығарманы дәл танып, терең талдап, әділ бағалау да қиын» – деп талдау жасайды.

Нартай ЕСКЕНДИРОВ,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ
ұлттық өнер академиясының аға
оқытушысы, докторант

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы, «Ана тілі», 1996ж, 110 б.
2. З.Қабдолов. «Сөз өнері». Алматы, «Қазақ университеті». 1992ж. 327 б.
3. Р.Нұрғалиев.Алматы, Айдын. «Бірлік», 2000ж.,313 б.
4. Әбіл Ж. Қазақ комедиясы. Генезисі мен жанры. Монография. – Алматы: Ғылым, 2000. – 272 б. – 26 б.

Алдыңғы «
Келесі »