«Кейбір адамдарымызда құлдық элементтер болуы мүмкін. Бірақ, ол туа бітті ұлттық мінез бен менталитетке жатпайды…»

  • 26.04.2013
  • 558 рет оқылды
  • Пікір жоқ
«Кейбір адамдарымызда құлдық элементтер болуы мүмкін. Бірақ, ол туа бітті ұлттық мінез бен менталитетке жатпайды...»

Оразақ Смағұлұлы,
тарихшы-антрополог, Қазақ Ұлттық 
Ғылым академиясының академигі

– Қазақтың ұлттық мінезі генетикалық, тектік тұрғыда қалыптасып, қазақпен бірге жасап келе ме?
– Жалпы, қазақ халқының генетикалық, физиологиялық, морфологиялық ерекше­ліктері арғы ата-бабаларымыздан сақталып келе жатқан құбылыс. Оған 4000 жыл болды десек, еш артық айтқандық емес. Сол уақыт­тан бері, қаншама мезгіл өтсе де, қазақтардың дене құрылысындағы 30 пайызға жуық ерек­шеліктері сақталған. Осындай уақыт аралығында, біздің ата-бабаларымыз бен қазіргі ұрпақ арасында үзіліс болмаса, 4000 жылдық тарихымызда мәдениетіміз, өнеріміз босқа кетпеген. Сондықтан, бүгінгі қазақ халқына тән мен­талитеттің ең арғы тегі тереңде жатыр. Ендеше, қазақтың бойында өзіне тән, лайық­ты менталитеттің барлығына антро­пологиялық, генетикалық зерттеулер айғақ бола алады.


– Жалпы, қазақ халқының туа бітті ұлттық мінезі мен менталитетіне қай қасиет­терін жатқызар едіңіз? Бізді басқа ұлт­тардан ерекшелендіретін бұл қандай мінез?
– Бұндай сұраққа нақты жауап беру үшін, тестілеу жұмыстарын жүргізген жөн. Бүгінде қазаққа тән мінезді анықтайтын әдістемелер ғылымда пайдаланылған емес. Дегенмен де, бүгінгі қазақтардың өзінің менталитеті, іскерлігі, бір қалыпты жағдайларға шыдам­дылығы, патриоттылығын ерекше­лік­терге жатқыза аламыз. Өйткені, өткен заманда қазақтың жерін, елін қорғау бір орта­дан, яғни, әскери қызмет бір орталықтан болмаған. Бір орталыққа бағынған күш те жоқ еді. Соған қарамастан, бүкіл қазақ менталитетінің бір ерекшелігі, өзінің қай өңірінде де, оны сыртқы жаудан қорғайтын ұлтқа ортақ батырлары болған еді. Есіме түсіп отыр, әзіл-шыны аралас қалмақ ақыны Давид Кугильдинов: «Қазақтың батырларының көп болуының себебі, қалмақтармен, яғни, бізбен соғысқаннан пайда болды», – деген еді. Шынымен де, осыншама жерді сақтап, бүгінгі ұрпаққа қалдырған ата-бабаларымыз бізді қайран қалдырады.
– Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз тұтас­ты­ғына келгенде, қазақ мінезі және мен­­­та­литеті сол тұтастықтың көрінісін көрсетіп, білдіре ала ма?
– Әрине, білдіре алады. Қазақта мынадай сөз бар: «Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қалам беріп дауға қой, Ұлы жүз­ді таяқ беріп малға қой». Міне, осы ерек­­шеліктер біздің өңірлерімізде шынымен де, болуы мүмкін. Қазақ халқының тұ­тас­тығын еш уақытта жоққа шығара алмай­мыз. Сондықтан, қай жүз болмасын, олар­дың халықтық, психологиялық, мәдени ерек­шеліктері – олардың тұтастығында. Ал, тұтастықтың ерекшелігі дегенде, оны антропологиялық жағынан кешенді зерттегенде, біз қазақтың рулары мен жүздерінің бойларынан ешқандай айырма­шылық таба алмадық. Қан бір. Бұл – ұлт тұтастығының көрінісі. Ал, қолға найза беріп жауға қою, қалам беріп дауға қою, таяқ беріп малға қою тұтас ұлттың қарым-қатынастар ерекшелігінен өрген қасиеттер. Олардың қазақ мінезі мен менталитетіне әсер ететін ешқандай да генетикалық, антропологиялық, физио­логиялық қасиеттері әрі қазақтың бүгінгі тілінде де диалекті жоқ. Оны осыдан-ақ байқауға болады.
– Қазір қазақтың ұлттық мінезі мен менталитетіне уақыттың ықпалы қанша­лықты әсер етті? Ұлт мінезінің өткені, бү­гіні қандай?
– Қазақтың өткенге байланысты бір ерек­шелігі, біздің ата-бабаларымыз кең бай­тақ далада аралас-құралас, бір-біріне қамқор болып, елін, жерін қорғау бағытында тіршілік еткен. Осы тіршіліктің арқасында бүгінгі қазақтардың генетикалық құры­лым­дарынан бастап, морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне дейін тұтастық, бірлестік өте жақсы сақта­лынып қалған. Осы ерекшелік бүгінгі дәуір­­де де сақталған. Бір мақтанар жері, біздің ата-бабаларымыздың одан кейінгі дәуірлердегі ұрпақ жалғастығында үзіліс болмаған. Қазақтың, осындай, 4000 жылдық тұрақтылығына қарағанда, әсіресе, ата-бабаларымыздың ең үлкен ерекшеліктерін сақтап қалғандарына қарағанда, бүгінгі қазақ халқының ұрпақтары үстіміздегі 3-мыңжылдықта өздерінің ерекшеліктерін еркін сақтап қалады деген үміттеміз.
– Ұлттың мықтылығы- территория­сының кеңдігінен байқалады десек, қате­леспейміз. Осындай, алып жерді сақ­тап, ұстап тұру оңай емес. Екіншіден, ХҮІІІ ғасырларда өзге ұлттарды өзімізге ассимиляция жасап жібердік. Ал, қазір өзіміз ассимиляцияға ұшырап жатқан сияқтымыз. Сонда, біздің өзге ұлттарды өзімізге сіңіру қасиетіміз қайда кетті? Сол тек (ген) қазір неге сақталмады?
– Қазақ халқы ассимиляцияға бейімделгіш деп айта алмаймын. Бұл көп болса, 5-6 пайызды ғана құрайтын шығар. Басқа ұлттарды қайдам, қазақтардың басынан өткен тарихи жағдайы, олардың мінезі мен менталитетіне әсерін тигізуде. Айталық, үш ғасыр бойы орыс патшалығының отарлау саясаты әсерін тигізбей қалдырған жоқ. Ал, басқа ұлттар мұндай қиянаттық көрген емес. Содан келіп, неғұрлым халық көп әрі тез араласса, соғұрлым жылдам жойылады деген колонизаторлық пейіл де пайда болды. Шындығына келгенде, біз 4000 жылда моңғолдармен де араластық. ХІІІ-ХV ғасырда біздің елге келген моңғолдардың үлесі 20 пайыздан аспаған. Бүгінгі заманда, 20 пайызға шейін қазақ басқа ұлттармен араласады дегенге мен ешуақытта сенбеймін.
– Бүгінде қазақтың бойынан құлдық психологияны іздеушілер бар. Сонда, құлдық психология деген біздің қаны­мызға сіңген қасиет пе, әлде, отарлық жүйеден қалған құбылыстар ма?
– Жоқ, олай емес. Бұл қазақты бөл­шек­теуге тырысатын, тырнақ астынан кір іздеушілердің сөзі. Дегенмен, 4000 жылда бөлшектенбеген халықты, бүгінгі егемендік дәуірінде бөлшектеу оңай емес. Дей тұрғанмен де,үш ғасыр бойы отарда болудың әсері тимей қоймайды. Оның үстіне, Кеңестік кезеңдегі Совет халқын қолдан жа­сау принципі де ұлтымызға өз әсерін аз да болса тигізбей қойған жоқ. Сондықтан, кейбір адамдарымызда құлдық элементтер болуы мүмкін. Бірақ, ол туа бітті ұлттық мінез бен менталитетке жатпайды.
Сұхбатты жүргізген,
Ақбота Қайратқызы

Алдыңғы «
Келесі »