Қазақтың қазіргі жағдайы немесе ұлттық психология туралы…

  • 26.04.2013
  • 1518 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Жолымбет Мәкішев, журналист

Жолымбет Мәкішев,
журналист

Бастау
Орта ғасырларда Ресейде алғаш рет болған шетелдіктер, орыстардың мінез-құл­қы туралы көптеген деректер жазып қалдырған. Ондағы мәліметтердің кейбірі әлі де өзекті. Мәселен мұндағы «Орыстар бөгде тілді үйренуге бейім емес. Тіпті, өзара әңгімелескенде де ешқашан өзге тілді араластырмайды» де­ген сөздерден, еліміздегі орыс ағайындардың қазақ тілін неге үйренгісі келмейтінін білуге болатындай. Мүмкін, ана тілін білмейтін немесе үйренуге ұмтылмайтын өз қандастарымыздың қылығын да ұлттың бойындағы осындай мінез ерекшелігінен көру керек шығар? Төмендегі материалда орыстар туралы жазған шетелдіктердің қысқа пікірлері ғана қамтылды. Мұны біз орыс пен қазақтың ұлттық мінезін ажыратып, білу үшін келтіріп отырмыз.


  Қазір, біз өмір сүріп отырған қоғамда, Қазақ мүддесіне атүсті қарайтын жаман әдет қалыптасты. «Айғайлай-айғайлай қас­қырдан да ұят болды» деген екен баяғыда біреу. Тіл, дін мен ділдің қазіргі күйін ашына жазған Қазақтілді ақпарат құралдарының материалдарына бұқара бұрыңғыдай елеңдемейтін болды. Жұртты немқұрайлылық басып барады. Шетелден келетіндердің Қазақстаннан  Ре­сей­дің әлдебір губерниясына келіп-кет­кендей әсермен қайтатыны осыдан. Ұлтты ұйыстыруы тиіс зиялылар мен шенеуніктерден де жұрт аталы сөз естуді қойды. Себебі, олардың өзі кейінгі жылдары ұлттық мүддеге үрке қарайтын «ау­ру» тауып алды. Тілге, дінге қатысты дү­ние­лерді талап ете қалсаң, «ойбай Қазақ­станда жүздеген ұлт тұрады. Олар­дың көңіліне де қарау керек» деген дү­бәра жауап аласың. Өстіп, ұлттық мүдде десе ат тонын ала қашатын әлемдегі ең көңілшек шенеуніктерді қалыптастырдық. Тіл демекші, кейінгі кездері мемлекеттік тілдің өркендемей жатқанын орыстардан көретіндер көп. Билік бейқам болған соң, орекеңдерді кінәлай беру де жөнсіз. Талап күшейіп, барлығына мемлекеттік тілді білу міндеттелсе ғана республикадағы диаспора атаулы заңның бұйырғанына еріксіз мойынсұнады. Дегенмен, еліміздегі тілдік ахуалды қалыптастыруда орыс тілділердің өзіндік ықпалға ие екені рас.  Олардың мемлекеттік тілді үйренбей жатқанын немесе оны меңгеруге талпынбай отыр­ғанын ұлттық психологиядан да көруге болады. Мәселен, өркениетті Еуропа орыстардың мінез ерекшеліктеріне бая­ғыда назар аударған. Төмендегі жазбаларда орта ғасырларда, Ресейде алғаш рет болған шетелдіктердің ондағы жергілікті халықтың менталитеті туралы жазып қалдырған қызықты деректері берілді. Оларды бір ұлтты кемсіту, тұқырту мақсатында емес, ескі сана-cезімді қазіргі оймен бағалау, салыстырмалы түрде бағам­дау үшін жариялауды жөн көрдік.  
1549 жылы Ресейде дипломатиялық қызмет атқарған Австриялық Сигизмунд Герберштейн біздің Құдай қос­қан көршіміз туралы деп жазыпты:
«Орыс патшасы өзіне қарасты тұрғын­дарды қалай билесе, дін өкілдеріне де со­лайша әмір жүргізеді. Патша не істесе де, олар оған құдайдың қалауын жет­кізуші ретінде бойұсынады. Әлде­бір тұтқынның мәселесі сөз болса, әл­­бет­те «Құдай қаласа, босайды» деп жауап қайтарылады. Егер, біреу өзі біле бермейтін нәрсе жәйлі сұраса немесе күмәнді жәйтті білгісі келсе, оған көбіне «Ол Құдай мен ұлы патшаға ғана мәлім» деп жауап беріледі. Орыстардың адам түсіне бермейтін мінезі көп.  Кейде осындай қотиын, бірбеткей мінезді халық тиран-патшаға шынымен де мұқтаж шығар, я болмаса бұлар патшаның қатігездігінен осындай қатал мінезді болып қалыптасқан болар деген ой келеді. Соғыста да, олар асығып, тобыр болып шабуыл жасайды да, қарсыластарына лайықты тұрыстық бере алмайды. Тұрыстық берген күннің өзінде де тығылып келіп тұтқиылдан тиеді.  Жер бетінде осындай қатал өмірге бейімделген халық әсте жоқ шығар. Мен бір орыстың, егер, ұрып-соқпайтын болса, еркіндікке қарағанда түрмедегі өмір әлдеқайда көңілді дегенін естідім. Себебі, түрмеде тамақ дайын. Ал, бостандықта тамақ табу үшін оларға бейнеттенуге тура келеді. Мұнда тұрмыстары адам төзгісіз кедейлер өте көп. Мен олардың тұздалған балық пен балықтың өзге түрлерін қалай қорек еткенін көрдім. Олар иістенген балықты бұдан артық қандай жақсы тамақ болуы мүмкін деп тамсана жейді. Орыстар  ырымшылдыққа жақын грек заңымен ғұмыр кешеді. Орыс шіркеулерінде мүсін атаулы кездеспейді.  Барлығы сурет түрінде бейнеленген. Орыстар олардың құдіретіне пұтқа табынғандай көзсіз сенеді. Олар бізді жарым-жартылай християн санап, өздерін күнәсіз сәбилердей сезінеді. Орыстар бөгде тілді үйренуге бейім емес. Тіпті, өзара әңгімелескенде де ешқашан өзге тілді араластырмайды. Шіркеулерінде ғибадат орыс тілінде жүреді.  Пірәдарлары қасиетті кітапты оқып жатқанда, былайғы жұрт өзара күбірлесумен болады. Оның сөзін ешкім тыңдамайды. Себебі, түсін­бейді. Ал, құлшылықтың соңында шір­­кеу қызметкерлеріне қосыла «Господи помилуй» деп жамырап кетеді». Алғашқы орыс ел­шілігін Англияға апара жатқан кезде қаза тапқан әрі Солтүстік Двина ар­қы­­лы Ресейге жол ашқан ағылшын ке­ме флотының басшысы Ричард Ченс­лер, 1553 жылы ресейліктер туралы:
«Олар өз әйелдерін басқа жұрттардай құр­меттемейді. Әйтеуір, құлдарға қа­ра­ғанда тәуірлеу қарайды. Мансапты Мәскеуліктер өз әйелдерін қатты қызғанады. Оларды той-томалаққа жібермейді. Тіпті шіркеудің өзіне әзер босатады. Әйелдерінің жатжерліктерге ықыласы күшті. Жылы сөйлеп, жақсы­лап сұрасаңыз, сізбен тар төсегін бөлі­суге әркез дайын. Мәскеудегі Венеция се­на­тының елшісі Марко Фоскарино (1557 жылы жазылған) бұл жөнінде, «олар ішкілікке құмар. Тіпті кейде қат­ты сілтеп жіберіп өзара жанжалдасатын және арақтың әсерінен үйлерге өрт қоятын кездері жиі болып тұрады», – деп жазған. 
Мәскеудегі жатжұрттықтардан құралған ротаның командирі Француз Жак Маржерет те 1607 жылы жергілікті халықпен танысқаннан кейінгі әсерін «Орыстардың рухани деңгейіне, әдет-ғұрыптары мен өмір салтына көз жіберсеңіз – олар­ды варварларға жатқызудан басқа амалыңыз қалмайды. Ақыл жағына келер болсақ,орыстар шынымен де  тапқыр әрі ұрымтал болып келеді. Бірақ, олар ақылдарын жақсы іс пен өнегелі өмір сүруге жұмсамайды. Пайда көру мен біреуге жағуға жақындау. Олар екі­жүзді, бірбеткей, ұятсыз әрі барлық  жаман әдетке үйір келеді. Құқықтың орнына күшке жүгінуге бейім. Олардың тапқырлығы мен әккілігі әсіресе сауда-саттықта жақсы байқалады. Жақынын алдау үшін қулық пен екіжүзділіктің небір түріне барады. Ал, оларды алда­ғысы келген адам міндетті түрде асқан әккі болуы керек. Шындықтан қашып, өті­рікке жиі жүгінетіндіктен олар бәріне күдікпен қарайды. Оларда өздерін алдағандарды барынша мақтап, шебер деп танитын әдет бар» деп қағаз бетіне түсіріпті. Төмендегі, келесі деректе тұтқынға түскен швед армиясының полк діндары Генрих Седебергтің 1718 жылы жазған естелігі берілді. Ол: «Орыс негізінен барлық істе табиғи ақылымен дараланады. Олардың көбісі шешен  болып келеді. Кез келген шаруада оның өзіне пайдалы тұсын ғана екшеп алатын әбжілдігі бар. Қатардағы орыс шетелдіктермен істес болса бас пайдасы мен жат жұрттықтарға қалай жақсы көріну жағын ойлайды. Байқампаз, адамның іштегі есебіне көз жүгірте білетін олар, қарсыласының осал тұсын аңғарса асқан шеберлікпен оны өз мақсатына пайдалана қояды. Бәлкім, Қы­тайлардан кейін орыстардан өзге адамға соншалықты құрмет білдіретін жұрт жоқ шығар. Қатардағы азамат өзімен теңдесін кезіктірсе де бас иіп, іл­типатпен елпектеп жатады. Мұндай әдетті олар бұрыңғы жеңімпаздары мен қожайындары, Алтын орданың татарларынан тапқан болуы керек» дейді.
Ресейдегі француз дипломаты Мари Даниэль Корберон 1777 жылы орыстардың мінез ерекшеліктері мен олардың өмір салтына тоқтала келе былайша сөз түйіндеген екен: «Ресейде өмір жақсаратынына сен­ген адам қатты қателеседі». Бұл пі­кір-тұжырымдар әр ғасыр, әр түрлі жағдайларда айтылған. Оларға қосы­луға да, қосылмауға болады. Бірақ, басы ашық бір жай, жоғарыдағы айтыл­ған жайлар арқылы ұлт мінезін және менталитетін көруге болады.

Ұлт психологиясы – этнопсихологияның негізгі мәселесі

Жалпы, бүкіл халық ұстанатын тә­лім-тәрбиелік нормаларды жан жүйесі тұрғысынан баяндау – барлық адамзатқа ортақ халықтық психологияның зерттеу нысанасы болып табылады. Мұнда ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып ұрпақтан ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эсте­тикалық, еңбек, ден, т.б. тәрбие түрлеріне қатысты таптауырынды нормалар мен принциптер, яғни, белгілі бір этностың, жалпы мінез-құлқы, іс-әрекетінің ішкі астарлары сөз болады. Халықтық психология – психика мен мінез-құлықтың қанға «сіңген», тез өзгеріп, не жоға­лып кетпейтін ұлттық бітісі, мезгіл мөл­шерімен алғанда ұзақ дәуірдің жемісі. Ол сонымен бірге, адамдардың қоғамдық және жеке тәжірибесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдердің жүйесі. Бұл – адам мінез-құлқының көптеген жақтарын қамтып, белгілі этностың өзіне тән психикасы жөнінде біршама мәнді мағлұматтар беретін ілім-білімдердің жүйесі. Әйт­се де, бұлар арнайы ғылыми жүйеге негізделмегендіктен, жеке тұлғамен эт­нос психологиясын ажыратуға жөнді жарай бермейді. Мұндай жағдайда, біз тек ғылыми психологияның деректеріне сүйенеміз. Халықтық психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этнографиямен астарласа дамыған этнопсихология атты ғылым саласы шұғылданады.
Этнопсихология – әрбір халықтың рухани әрекетін (миф, фольклор, тіл, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, діл, дін, т.б), жемісін сол халықтың психология­сын, сана-сезімін көрсететін негізгі өл­шемдер деп есептейді. Ол жеке ғылым ре­тінде ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресейде, кейінірек, Батыс Еуропа елдерінде (Лацарус, Штейнталь, Вундт, т.б) пай­да болды. Қазақ топырағында, бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов еді. Оның еңбектерінде халық рухы дейтін ұғым жиі кездеседі. Мұны халықтық психология ұғымының синонимі деуге болады. Бұдан біртуар ғұлама ғалымның еуропалық этнопси­хологтардың еңбектерінен біршама хабардар болғаны байқалады. Этнопсихология зерттейтін проблемалар (этностереотип, этноцентризм, ұлттық тұрпат, халық рухы, ұлттық намыс, ұлттық сана, дәстүр, салт, т.б.) сан алуан.

Қазақтың ұлттық мінезі, оның кейбір ерекшеліктері

Бұл – өте күрделі, әлі де толық зертте­ліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған Н. Назарбаев «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние» дейді.
Ға­­­сыр­лар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас, жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән -мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеруі; еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; жаудан беті қайтпау;  сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, Құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б). Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұғымды мақал мен мәтінді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Әрдайым, көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру – тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналады. Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «Өнерді үйрен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқан батырым» сияқты бесаспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әр адам­ның қадір-қасиеті, оның жасына, жол -жоралғысына, әлеуметтік ортадан ала­тын орнына қарай белгіленіп отырады. Мұндай қауымдастық адамаралық қатынастарды қаршадайдан көріп өс­кен бала да өсе, ер жете келе ортақ мүдделілікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін түсініп, жеке бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді. Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай, көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этностық таптауырындар (сте­реотип) кең өріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға орайлас жеке-дара, жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындығы еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештеді. Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт» дейтін болды.
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзге­рістер халқымыздың баға жетпес рухани   байлықтары: тіл мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына (қол­өнері, киім-кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б.) байланысты небір  асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін (менталитетін) жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әрине, еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері – қазіргі қазақтардың психологиясында, осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын, өйткені, қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жо­сық, жол-жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз. Жеріміздің ұланғайыр кеңдігі мен мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық, адамға деген мейірімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен қуғын -сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жет­кізу ниетінен қалыптасқан балажандық, үнемі мал шаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қақсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық – біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы. Әрине, патшалық отарлау мен большевиктік империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттердің біразы бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден «сіңіп» жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бой­күйездік пен салғырттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. осы секілді келең­сіз қасиеттер әлі күнге дейін алды­­мызға оралып, заман талабына бейім­делуге бөгет болып отыр. Әсіресе, Кеңес өкіметі жылдарында ұлттық мінезімізге дінсіздік, спирттік ішімдікке әуестік, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қа­сиеттер еді) осы сияқты жағымсыз қа­сиет­­тер келіп қосылды. Бізде, бұдан басқа еліктеп-солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелік, т.б.) жетіп артылады. Бұл жәйт еңсемізді кө­­тертпей, құлдық психологияның шыр­мауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ келе жатқанын естен шығармауымыз қажет.
Қазақ халқы, сонау, есте жоқ заманнан өзінің қадір-қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Сондықтан да, қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтан тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленуге тиіс.

Қорытынды

Халықтық психология – адамдардың қоғамдық және жеке тәрбиесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдерінің жүйесі. Халықтық  психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этнографиямен астарласа дамыған этнопсихология атты ғылым саласы шұғылданады. Халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі имандылық пен адамгершілігінің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалып­тасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі. Әрине, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері болғандығы белгілі. Ендеше, «…Өз ұлтын сүйген адам өз ұл­тының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады» (Мағжан Жұмабаев), «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» (Ғабит Мүсірепов), «Ұлттың мақтанышы – жеке адам мен ұлт үшін бұзылмас заң. Кімде-кім өз ұятын құр­меттемесе және оны мақтан тұтпаса – ол адам сөзсіз арамза қаңғыбас» (Бауыр­жан Момышұлы) – бұл сөздердің қай-қайсысында да қазақтың ұлттық мінезі мен менталитетінің көріністері жатыр.

Алдыңғы «
Келесі »