ҰЛТҚА ҚАС «ПРОГРЕССИВТІ» БАСШЫЛАР ШЕТЕЛДІК ҮЛГІЛЕРДІ КӨШІРУДІ ҒАНА БІЛЕДІ немесе инновация дәстүрге қарама-қарсы құбылыс па?

  • 26.04.2013
  • 609 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Жарас Сейітнұр, психология ғылымдарының кандидаты

Жарас Сейітнұр,
психология ғылымдарының кандидаты

Әлемдегі жаһандану үрдісі еліміздегі күллі салаларға айтарлықтай әсер етуде. Оның ықпалы, әсіресе, білім беру саласында ерекше байқалады. Қазақстанның ғылым мен білім жүйесі батыстық қалыпқа (стандартқа) көшкелі мәселе, тіпті, асқына түскендей. Реформаны жүзеге асыруды қолға алған адамдардың технократтық ойлауы салдарынан ұлттың мәдени қайта жаңғыру, қайта түлеу қызметі бұзылуда, оның түп-тамырына балта ша­былуда десе де болады.Өйткені, ре­фор­маторлардың ойлау жүйесі мен дүниетанымы, келтіретін уәждері мен негіздеулеріне көңіл аударатын болсақ, келесі жайды байқаймыз: біздің жоғары қызметтегі шенеуніктеріміздің санасында инновацияны кертартпа ретіндегі дәстүршілдікке қарама-қарсы мағынада түсіну кең орын алған. Расында, «инновация» деген сөз, өзі латын тілінен тіке­­лей аударғанда «жаңару, өзгеру, жаңашылдық» деген мағынаны бiл­дi­редi. Бұл термин біздің елімізде соңғы он жылдықта ғылыми жұртшылық арасында кең қолданысқа ие болды. Оны жиі қолданудың сәнге айналғаны соншалықты, оның астарына үңілуден, мән-мағынасын ажыратудан қалдық. Ол өзінің бастапқы мағыналық аясынан шығып, метакатегория деңгейіне көтеріліп кетті. Алайда, инновация міндетті түрде біздегі бар дәстүрге қайшы дүние ме? Инновацияның күші дәстүрдің беріктігіне, мызғымастығына қарсы тұратын өлшем ретінде бағалануы тиіс пе?


Бүгінде инновациялық құбылыстарға қатысты қалыптасқан тұрақты тезаурустың (арнайы терминология) болмауы үлкен қиындықтар тудыруда. Инновацияның синонимі ретінде жаңалық енгізу, жаңғырту (модернизация), жаңалық, жаңашылдық, жаңарту, жаңару, жаңарыс, тың өзгеріс, шығармашылық (креативтілік), өнертап­қыштық сияқты сөздерді қатар қолдану орын алды. Сөздер арасындағы тектік-түрлік қатынасты, қайсысы кең мағына беретін гипероним, ал, қайсысы жалқы мәндегі гипоним екендігін ажырата алмай әбден шатаса бастадық. Инновация тақырыбы саясаткерлер мен журналистердің сүйікті тақырыбы мен ажырамас лексикасына айналды. Ре­сейлік «Известия» газетінің бір шолушысы айтқандай: «Про инновации говорят чаще, чем о футболе, но каждый под инновациями понимает что-то свое». Әсіресе, білім беру саласында инновация сөзі қолданылып жазылған еңбектер шаш етектен. Қысқасы, инновация қазіргі қоғамның нағыз нышандық белгісі мен бар бәледен құтқаратын панацеясына айналды. Атақты американдық психолог Б. Скиннердің пікірінше, «жаңа сөздердің пайда болуы қоғамдағы құндылықтардың өзгеру ны­шаны, өйткені, әрбір сөз дүниені әлеуметтік ұғынудың шартты таңбасы (маркері) болып табылады». Өзгеріс пісіп жетілгенде, ол өзін айшықтайтын жаңа сөздерді қажет етеді. Мұның өзі инновация ұғымын айқын анықтау қажеттілігін тудырады. Инновацияның қай мағынасына артықшылық береміз? Қай түсінікті жөн көреміз? Инновацияның өзіне және онымен іргелес терминдерге қатысты ана­ғұрлым жемісті түсіндірмені таңдау арнайы теориялық талдауды талап етеді. Сондықтан, қатардағы оқырман ұната бермейтін кейбір теориялық мәселелерді қозғауға тура келеді.
Ресейлік ғалымдардың пікірінше, «инновация» терминін алғаш рет ғы­лыми айналымға XIX ғасырда антропологтар мен этнографтар енгізіпті. Өзінің бастапқы нұсқасында бұл сөз, бір мәдениеттің кейбір элементтерінің өзге мәдениетке енгізілуін білдірген екен. Себебі, ол уақыттарда мәдени антропология мен этнографияда эволюционизм теориясы үстемдік етіпті және мәдени жаңақұрылымдарды, мәдени өзгерісті бір жақты, тек ішкі эволюциялық даму арқылы түсіндірген. Пісіп жетілу барысында төлтума өнім дүниеге келеді. Бұған қарама-қарсы бағыт ретінде қалыптасқан диффузионизм теориясы мәдени өзгерістерді сыртқы әсерлер мен диффузия каналдары арқылы берілетін кірме нәтиже, яғни, мәдени ауысу мен сырттан енген мәдени инновация деп есептеді. Әлеуметтік дамудың механизмі ретінде мәдениеттің таралуы (диффузия) мен сырт жақтан сіңген жаңалықтарды пайдалану қарастырылды.
ХХ ғасырдың басында «инновация» термині экономикалық ғылымдарда қолданыла бастады. 1909 жылы неміс ғалымы В. Зомбарт өзінің «Капиталистік кәсіпкерлік» деген үлкен мақаласында, кәсіпкерді инноватор ретінде түсіндіретін концепцияны негіздеп берді. Әсіресе, инновация ұғымының кең тарауы, жұртшылыққа аса танымал болуы австриялық экономист Йозеф Шумпетердің есімімен байланысты. Оның «Экономикалық даму теориясы» (1912) атты еңбегінде экономикалық инновация түсінігі негізделді. Инновациялық үдерістердің толық сипаттамалары берілді. Ол инновацияны жаңа материалдар мен бөліктерді қолдану, жаңа үдерістер мен ұйымдастырушылық түрлерін енгізу және жаңа нарықты ашуға негізделген барлық жаңа комбинациялардың коммерциализациялануы ретінде анықтады. Элементтердің жаңа комбинациясы еңбек өнімділігін арттырады, экономикалық табыс әкеледі. Ары қарай, инновациялық үдерістер туралы кешенді көзқарастардың дамуы П.Ф. Друкер, К. Левин, Дж. Залтмен, X.Г. Барнетта, Р. Данкан және т.б. зерттеушілердің есімімен байланысты. Сонымен, инновация мәселесі ұзақ уақыттар бойы экономикалық салаға қатысты қарастырылып келді. Бүгінгі таңда да, экономикалық пайда әкелетін технологиялық жаңалық немесе жаңалық енгізілумен теңдестірілетін техникалық-экономикалық парадигма үстемдік құруда. Техноцентризм бағыты бойынша инновация өнімділіктің негізгі қайнар көзі. Қарапайым адамдар да инновация ретінде жаңа техника жетістіктері мен технологиялық жаңалықтарды түсінеді.
Инновация процесінен білім беру жүйесі де тыс қалған жоқ. ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемде ірі білім реформалары жүзеге аса бастады. Пе­­да­­гогикалық инноватика сияқты арнайы ғылыми салалар пайда болды. Бұрыңғы Кеңес Одағында, ХХ ға­сырдың 80 жылдарынан бастап білім саласында инновация түсінігі кең қол­даныла бастады. Педагогика мен білім жүйе­сін­дегі әр түрлі инновацияларды зерттеу, алдыңғы қатардағы тәжірибелерді қорыту жұмыстары қолға алынды. Синоним ретін­де қатар қолданылған «білім берудегі ин­новация» мен «педагогикалық инновация» терминдері ғылыми негізделіп, педагогиканың категориялық аппаратына енді.
Сонымен, біз инновацияны қай мағынада түсінуге тиіспіз? Егер, оны бас­қа­рылатын жаңарту, мақсатты өзгеріс әрі ескінің қарсылығын жеңуден тұрады деп санасақ, онда жүйедегі кері байланысты ескерудің еш қажеттігі жоқ. Тура әскери саладағы сияқты, төмендегілер командирлердің әмірін мүлтіксіз орындауы, еш ойланбастан сөзсіз бағынуы тиіс. Мұндай жағдайда жоғарыдағы басшылардың жай ғана бұйрық берсе жеткілікті деп ойлауы әбден заңдылық. Алайда, азаматтық өмірде қол астындағыларға жаңалық енгізу мен өзгерістердің қажеттілігі туралы жай ескерту қағазын жіберу, телефонмен хабардар ету, не жаңа бір ұйымдық құрылымдар құрылса (құрылымдық инновация), бірден жоспарланған жаңарулар іске асады деп күту нағыз аңғырттық болар еді. Оған, көп ұзамай, басшылардың өз көздері де жетеді. Ақпараттың тарау заңдылығы бас­тықтың айтқаны бұлжытпай орындалады деп дәмеленудің қате екендігін көрсетеді. Орыс мақалы ізгі ниетпен тозақ­қа жол төсеуге болатынын айтады. Жақсы идеяның өзі практика барысында адам танымастай бұрмаланып кетуі мүмкін. Демек, әрбір басшы ұсынылған жаңа өзгерістерді қарамағындағылардың қалай қабылдайтынын біліп отыруы тиіс. Инновациялық процеске ұйым мен мекеменің барлық бөлімдегі әр адамын тарту ғана табысқа жетелейді. Жеке адамның ұйымдық қайта құруларға өз үлесін қосқан жағдайда ғана, оның жақтасы әрі қорғаушысы болатынын, жауапкершілікті бірге бөлісетінін практика көрсетуде. Психологиялық тұрғыда адам өзін, тек, объект қана емес, оның көзқарасын, пікірін ескеретін субъект ретінде қабылдауын талап етеді. Егер, инновация «жоғарыдан» емес, ұжымның «ішінен», төменнен ұсынылса, онда жаңалық енгізуге қатысты ұстаным, бағдар анағұрлым оң болар еді. Ғалымдардың инновацияны (инноватиканы) теориялық зерттеу барысында келген бас­ты қортындыларының бірі мынадай: жаңа бір нәрсені енгізу ешқашан оқшауланған ортада жүзеге аспайды, керісінше, ол инновациялық үрдіске қатысатын барлық мүшелердің өзара әрекеттестігіне тығыз байланысты. Ал, адам инновациялық процестің әрі объектісі әрі субъектісі ретінде тек қоғамда ғана емес, белгілі бір мәдениетте де тіршілік ететінін ескеретін болсақ, онда ұлттық менталитеттен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерден аттап кету еш мүмкін емес. Сырттан әкелгенді ойланбастан тікелей механикалық көшірудің теріс зардаптары туралы көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Яғни, этномәдени факторды ескермеудің ақыры неге соғатынын жауапты басшылар мен менеджерлер терең түсінуі тиіс. Инновацияға негативті реакцияның болуы мәдени және психологиялық кедер­гілерді ескермеуден туындайды. Жаңа өзгерістердің ұлттық құндылық дең­гейін­де жүретінін ұмытпайық. Мәселен, кредиттік оқыту жүйесі Батыс елдеріне тән «индивидуализм», «таңдау еркі», «жеке жауапкершілік», «автономдық (дербестік)», «рационалдық», «заң үстемділігі», «адам құқығы» және т.б. бас­ты құндылықтарға негізделген. Олай болса, оқыған жастарымыз өз бойына кәсіби біліммен бірге, батыстық құндылықтарды қатар сіңіріп жатқанын ескеруіміз керек. Психологтардың зерттеуінше, студенттік шақ адам дүниетанымы қалыптасуы үшін ең сезімтал («сензитивтік») кезең. Көзқарас негізінен осы кезде қалыптасады.
Білім беру саласында қызмет ететін мамандар жаһандану үдерісінің жағымды жағымен қатар теріс салдары барын әсте ұмытпауымыз керек. Мәселен, еліміздің жастары санасында дәстүрлі құндылықтардың девальвацияға ұшырауы орын алуда. Трансұлттық компаниялар үшін төл ұлтынан алшақтаған, отаншылдық сезімі төмендеу трансұлтты, трансэтнос­ты тұлға типтерінің көбеюі жақсы, бұл олардың мүдделеріне сәйкес келеді.
Біз мына жайтты ешқашан естен шы­ғармауымыз керек: білім беру – мәдени-та­рихи тәжірибені жеткізудің әмбебап тәсілі, алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдыратын сыйы, әлеуметтік мұрагерліктің жалпы механизмі, белгілі бір ұлттық құн­дылықтар мен нормаларын сақтау мен беру­дің жолы. Сондықтан, экономика, жаратылыстану саласындағы инновация түсінігін механикалық тұрғыда білім беру саласында тікелей көшіруге болмайды. Физикалық әлемнен әлеуметтік әлемнің үлкен айырмашылығы бар. Алдыңғы қатарлы ғалымдар бүгінде зерттеу әдіснамасы, философиясы ретіндегі позитивизм мен технократизмнен бас тартуда. Антипозитивтік, гуманистік ба­ғыт­тағы теориялық үлгілерге (модель) көшуде. Жансыз, өлі табиғатты зерттеуден көрі, әлеуметтік тіршілік иесі ретін­дегі өзгермелі адам жанын зерттеу анағұр­лым күрделі. Адамға қарағанда атомды зерттеу әлдеқайда оңай. Қазақ ғылымы мен мәдениетінің көрнекті өкілі марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Қазақтың күй өнері» атты кітабында : «…Технократтық даму ұлттық атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып барады… Ал, өзіндік қасиеттен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәде­ниеті ғана» – деп, кезінде өзінің алаңдау­шылығын білдірген еді. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымы, яғни, ЮНЕСКО-ның «Реформа және жоғары білімнің дамуы» (1995) атты бағдарламалық құжатында: «Білім беру­де шетелдік концепциялар мен құндылықтарды тікелей алып пайдалану әрі аймақтық және ұлттық мәдениет пен философияны ескермеудің түбі апарып соғатын теріс салдары бар. Бұл маңызды қорытындыны жоғары білім саласында реформа жасап жатқан мемлекеттер өз қаперіне алуы тиіс» деген. ЮНЕС­КО 2001 жылы мәдени әралуандылық жөніндегі Жалпыға бірдей декларацияны қабылдаса, ал, 2003 жылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенцияны қабылдады. Бүгінгі таңда біз­дің білім беру саласында төмендегідей қайшылықтар орын алып отыр: бірінші, ұдайы ұлғаю үстіндегі жаһандану үрдісі мен белгілі бір этномәдени өркениеттің жетістігі болып табылатын ұлттық-мәдени мұраны сақтау қажеттілігі арасындағы қайшылық; екінші, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуден туындаған талаптар мен білім жүйесі арқылы ұлттық – мәдени төлтумалықты келесі буынға бе­ру арасындағы қайшылықтар; үшінші, жо­ғары білім мазмұнындағы жалпы адам­заттық пен этностық бөлік арасалмағы арасындағы қайшылықтар; төртінші, бола­шақ маманды даярлаудағы кәсіптік бөлік пен этномәдени ерекшеліктерді ескеретін тұлғалық бөліктер арасындағы қайшылықтар; бесінші, этномәдени білім берудің даму бағыттары айқындалмауы және олардың этномәдени білім беруді теориялық негіздеуге қажеттілігі арасында; алтыншы, этномәдени білім беру тәжірибесінде жинақталған жетістіктер мен кемшіліктердің анықталмауы және олардың жоғары және орта мектеп практикасында ескерілмеуі арасында қайшылықтар.
Жалпы, жаһандану процесі бір елдерге айтарлықтай пайда әкел­гені­мен, өзге біреулерге түрлі ауырт­палық пен қиындықтар тудыруда. Жаһан­дандырудың субъектісі беймәлім, жасырын («анонимность глобализации») сияқты көрінгенімен, оның артында белгілі бір күштер барын көзі қарақты адамдар жақсы түсініп отыр. Шын мәнін­де, барлық мемлекеттердегі жай халық оқиғаның барысына әсер ету мүмкіндігінен айырылып отыр. Құдды адамдар белгісіз бір ықпалды топтың манипуляциялауы мен басқару объектісі ғана тәрізді. Жаһандану ғаламдық көлемде тұлға мен әлеуметтік институттардың десубъектіленуіне әкеп соғуда. Түпкі мақсат халық үшін жұмбақ дүние.
Қазақстан әлемдегі көптеген елдер сияқты білім беру жүйесін реформалауды қолға алды. Бұл салада жұмыс істейтін адамдар небір өзгерістерді өз бастарынан кешіруде. Әсіресе, жоғары мектеп түрлі сынақтар жүргізетін эксперимент алаңына айналды. Өзгеріс қарқынының жоғарылығы сондай, алынған тәжірибе нәтижесін ғылыми рефлексиялауға мүм­кіндік жоқ. Мағынасыз инновациялардан да адамдар шаршайды екен. Бірін бірі жоққа шығаратын концепциялар мен теориялар, еш қисынға келмейтін, қай­шылыққа толы шешімдер төмендегі орындаушылардың күңкілін, ішкі наразылықтарын тудыруда. Бұл саланы тастап кеткендер де жетерлік.
Автохтон қазақтар үшін ғылым мен білім саласындағы өзгерістер вестернизация («батыстану») ретінде қабылдануда. Бұл жерде мынандай заңды бір сұрақ туындайды: кез келген инновацияны игілік деп есептеуіміз керек пе? Олай десек, онда жастарымыздың бір бөлігінің хиджаб киюін неге айыптаймыз. Ол да, анықтама бойынша, мәдени инновация ғой. Батыстың инновациясын қабылдап, Шығыстың инновациясынан басымызды ала қашуымыз қаншалықты дұрыс? Жалпы, реформаларға оң қатынасты қалай қалыптастырамыз? Ол үшін ұлт­­тық салт-дәстүрлерге ХХІ ғасырдағы қо­ғам­ның инновациялық динамикасына қарсы тұратын архаизм, ескінің элементі деп қараудан бас тартуымыз керек. Шын мәнісінде, этномәдени дәстүрлер әмбебап тұрақтандырушы және селективті механизм ретінде жұмыс істейді. Олай болса, дәстүр мен инновацияны бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Ресейлік ғалым Арутюнов C.A.: «Любая традиция – это бывшая инновация, и любая инновация – в потенции будущая традиция. В самом деле, ни одна традиционная черта не присуща любому обществу искони, она имеет свое начало, откуда-то появилась, следовательно, некогда была инновацией. И то, что мы видим как инновацию, либо не приживется в культуре, отомрет и забудется, либо приживется, со вре­менем перестанет смотреться как инно­­вация, а значит, станет традицией» деген екен. Демек, жаһандану процесінің теріс салдарын шешім қабылдау құқығы бар биліктегілер мен қоғамдық пікірді жасаушы элитаның санасына этномәдени бөліктерді енгізу арқылы азайтуға болады. Мамандардың этномәдени санасын қалыптастыру, білім беру жүйесінің маңызды бір міндеті болуы тиіс. Нақ білім беру жүйесінің, оны қалыптастыруда мүмкіндігі үлкен. Бүгінде көп ұлысты (полиэтносты) Қазақстанның жас буынын әлеуметтендіруге тікелей атсалысатын педагогтар бойында этномәдени құзыреттілік қалыптастыруды көздейтін жаңа білім стратегиясын жасау қажеттілігі туындап отыр.
Еліміздің жаңа тарихына көз жүгіртсек, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес «Қазақстан Республикасындағы этномәдени білім» концепциясын бекіткен еді (авторы Ж.Нау­рызбай). Оны Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Өкімімен мақұлдады. Алайда, практика көрсеткендей, бұл тұжырымдама жас ұрпақтың бөгде ағымдарға ілесіп кетуін тоқтата алмады. Оның жас ұр­­пақ санасына бәлендей әсері болмады. Неге? Өйткені, педагогтардың, мамандардың, шенеуніктердің этно­мәдени құзыреттілігі жетіспеді. Іс пен ұранның алшақтығы орын алды. Бұған кеңестік шекпеннен шыққан ұлты қазақ профессураларының екі түрлі, қосарланған стандарттағы әрекетін қосыңыз. Этнопсихология ғылымында «этнофор» (etnofor) деген термин бар. Ол гректің «ethnos – тайпа, халық + итальянның fora – сыртқы, тыс, алды» деген біріккен сөзінен шыққан. Оның мағынасы белгілі бір этностық мәдениет пен ұлттық психиканың дара иеленушісі дегенді білдіреді. Бет келбеті мен психологиялық қасиеттері, сол ұлттың мүшесі екендігіне еш шүбә туғызбайтын және аталмыш ұлттың тілі мен салт-дәстүрін жетік білетін адамдар тобы этнотиптік өкіл ретінде саналады. Бізде бойында қазақтықтың күллі элементтерін сақтаған үлгі тұлға ретінде қазір кімді аларымызды білмей жүрміз. Кезінде әйгілі кеңес ғалымы Л. Н. Гумилев өз теориясында этносқа қарсы тұратын жүйе ретінде, бір-бірімен сыйыспайтын этностардың қарым-қатынасқа түсуінің нәтижесінде дүниені теріс сезіну мен дүниені теріс тануға негізделген «этностық қасиетінен айырылған қауымдастық» туралы айтқан еді. Ол жаңа «химерлі этнос» ұғымын енгізді. Химерлік этностарға тән ерекшелік – оларға даму және ұзақ тіршілік ету мүмкін емес, олар ыдырап кетеді, өзіндік бір «этностық аннигиляция» іске асады. Сондықтан этностық қауымдастықтың осы түрі ерекше болып табылады. Химерлік этносты химерлік индивидуумдар құрайды. Осындай  «химерлі индивидтер» кез келген этностың ішінде кездесіп отырады. Оларды қалай зерттемек керек? Бүгінгі таңда, Ресей Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының ғалымдары (этносоциология және этнопсихология бөлімінің жетекшісі – Н.А. Лебедева) этникалық сәйкестіктің «анықтығы-белгісіздігі» («определенности- неопределенности») ұғымы төңірегінде белсенді зерттеулер жүргізуде. Адам қаншалықты өзін белгілі бір ұлт өкілі ретінде сезінеді, анықтайды. Тұлғаның ұлттық «Мені» қандай дәрежеде? Ұлттық анықталуды ашу үшін шет елдерде «salience of ethnic identity» ұғымын қолданады екен (Miller & Brewer, 1984; Gaertner, 1994; Brown, 2000; Taylor, 2002 және т.б). Ғылымда этностық сәйкестіктің «айқындығы» («анықтығы») түсінігі ретінде негізінен индивидтің өз этносы қауымдастығының өкілі ретінде субъективті сезіну дәрежесін айтады. Бізше, биологиялық қазақтардың өзін қаншалықты қазақ ретінде («қазақылық») сезінуін түсінеміз.
Қазақстандағы Ресей империясының отарлау саясаты, республиканың экономикасына ғана емес, әлеуметтік-мәдени өміріне де өз ықпалын тигізді. Орыстандыру саясаты нәтижесінде ұлт ішінде өз дінінен, тілінен, мәдениеті мен тарихынан алшақтаған этномаргинал тұлғалар («мәңгүрттер») тобы пайда болды. Білім беру саласы бағдарламалары мен оқулықтары орыс мәдениеті мен Ресей тарихына негізделді, ұлттық мектептердің жабылуы, жазу әліпбиінің кириллицаға көшуі қазақтың халық педагогикасы, ұлттық тәлім-тәрбиесі жүйесіне үлкен зардабын тигізді. Мамандарды кәсіби даярлау мен оқытуда этномәдени құзыреттілікті қалыптастыру ескерілмеді. Ескерілсе де, бұл мәселеге екінші реттегі болмашы нәрсе деп қаралды. Халықтың мәдени-рухани құндылықтары мен ұлттық тарихын тасымалдаушы, жалғастырушы әрі сақтаушысы болып табылатын ұстаздың орнын жай мұғалім, жоғарыдағылар тапсырмасын бас шұлғып орындаушы педагог-функционерлер басты. Нәтижесі белгілі. Мойындауға тиіспіз: мәдени трансмиссияны атқаруға тиіс алдыңғы буын өз рөлін дұрыс атқара алмады. Бауырлас түркі халықтары арасынан шала өзбек, шала қырғыз, шала түркімен сияқты феномендер жоқ. Бізде ғана «шала қазақтар» құбылысы бар. Осы шала қазақтардың этномәдени тұрғыдағы нағыз қазаққа айналу процесі бізде күрделі жүруде. Параллель екі түзу сияқты өзара қиылыспай кетеміз бе деген қаупіміз әлі сейілген жоқ. Қазақ болып туылу жеткіліксіз, қазақ болып қалыптасу керек!
Осыдан он жыл бұрын, 2003 жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасының Индустриялық – инновациялық дамуы­ның 2003-2015 жылға арналған стратегия­сы қабылданған едi. Бұл стратегияны ойдағыдай iске асыру үшiн елiмiздiң зияткерлiк ресурстарын тиiмдi пайдала­нудың маңызы зор екенi белгiлi болды. Елiмiздегi индустриялық-инновациялық даму проблемасына байланысты түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Ғалымдардың пікірлерінен ой түйгеніміз, кез келген стратегияның, бағдарламаның, инновациялық үрдістердің iске асуы бiр­неше факторлардың ықпалы аясында өтеді екен. Алайда, біз көбiне саяси немесе экономикалық факторларға баса назар аударып, мәдени, психологиялық факторлар елеусiз қалады. Не болмаса психологиялық фактордың мәнi онша жоғары емес деп саналынады. Ал, шын мәнiсiнде бағдарламаны жүзеге асыру адамның санасы мен ақыл-ой қабiлетiне тiкелей тәуелдi болып келедi. Ең керемет бағдарлама, өте тамаша жазылған заңдар ұлттық психология ерекшелiктерi, менталитетi алдында дәрменсiз. Кейде күштi қарсылық салдарынан жоспарлаушылар күткеннен бөлек нәтиже шығуы не болмаса өңi өзгерiлiп басқа сипатталуы мүмкiн. Әлемде индустриялық саясат жүр­гiзу тәжiрибесi бар Малайзия мен Оңтүстiк Кореяның нәтижесi бiрдей деп айта алмайсыз. Неге бiр реформа, бiр көздеген мақсат әр халықта әртүрлi сипатталады? Қазіргі таңдағы ғылыми білімдер көрсеткендей, қатаң прагматизм мен технократизмге негізделген, инновацияның технократиялық рецептерін тура қолдану, мәселен, білім саласына тікелей көшіру қоғам мен тұлға дамуының міндеттерін шеше алмайды. Кезінде, Ресей үкіметінің басшысы болған В.С.Черномырдиннің «Жақсырақ болғанын қалап едік, бірақ, әдеттегідей болып шықты» дейтін әйгі­лі сөзі ел аузында афоризмге айналып кеткенін білеміз. Сонымен, инновациялық зерттеулердің классикалық концепциялары мен бағыттары инновациялық құбылыстарға әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан келудің маңыздылығын көрсетеді.
Педагогикалық іс-әрекет адамға бағ­дар­ланған қызмет болғандықтан, инно­вациялық білім беру технологиясы оған қатысушы субъектінің тұлғалық ерек­шелігін (ұлтын, тілі мен ділін, мәдениетін) ескеруі тиіс. Демек, жалпы педагогикалық кәсіби құзыреттіліктің бір бөлігі ретінде этномәдени құзыреттіліктің маңызын ұмытуға болмайды. Жыл сайын үлес салмағы өсіп келе жатқан қазақ шәкірттерін, кем дегенде мемлекеттік тілді дұрыс мең­герген, ұлт мәдениетінен аз да болса түсінігі бар педагогтардың оқытқаны дұрыс болар еді. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін жоғары мектептерде қазақ тобы студенттері де-факто орысша оқуға мәжбүр. Көбісінің тілдері шұбарланып, бұрын білген қазақ тілінен айырыла бастайды. Кәсіби қазақ тілі қалыптасудың орнына жаңа бір «новояз» (ағылшынша «Newspeak») қалыптасуда. Тіпті, ата-жұртым деп Қа­зақстанды аңсап келген оралман бауырларымыз баяғы замандағыдай «орыстану» үрдісіне тап болуда. Олардың Ресейдің бір шеткері аймағына, губерниясына түскендей психологиялық әсер алатыны сөзсіз. Білім беру әлеуметтік, мәдени және тұлғалық детерминделген (себептелген) процесс. Олай болса, өзгеріске ұшырайтын субъектінің барлық жақтары елеусіз қалмағаны дұрыс. Кез келген инновациялық жоспарлар ең алдымен, мемлекет құрушы этностың (біздің жағдайда – қазақтардың) ұлт­­тық-мәдени ерекшеліктері мен мен­талитетін ескере отыра жүзеге асырылуы тиіс. Оның үстіне, ғалымдар зерттегендей, дәстүр – креативтілік пен консервативтіліктің диалектикалық бірлігі.
Біздің ойымызша, этномәдени құзырет­тілік кәсіби құзыреттіліктің негізгі бір бөлігі ретінде саналуы тиіс. Халықаралық ғылыми және мәдениаралық байланыстардың қарқыны артқан сайын әр алуан мәдени ортада жұмыс істеуге қабілетті мамандарды даярлаудың маңызы арта түседі. Сондай-ақ, болашақ мамандардың Қазақстандағы этносаралық қатынас үшін де түлектерді жаңаша этномәдени даярлау моделін (үл­гісін) әзірлеуді қолға алу керек. Уни­вер­ситет түлектерінің этномәдени құзырет­тілігін қалыптастыру үдерісін жетілдіру мақсатында оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламаларында кросс-мәдени психология, индигендік психология, қазақ ұлтының психологиясы сияқты пәндер арнайы кіргізілгені жөн болар еді. Бізде үндітану, түріктану, ирантану сияқты мамандықтар бар да, қазақтану деген мамандықтар жоқ. «Қазақтану» Ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы мәселе көтеріп жүрген ғалымдардың пікірін технократтық шенеуніктер құлағына ілер емес. Ұлт атаулының бәріне жандары қас «прогрессивті» басшылар шетелдік үлгілерді көшіруді ғана біледі. «Соғыстың тағдырын еш­қашан әскерилерге сеніп беруге» болмайды дегендей, ұлттың тағдырын технократтардың қолына беруге болмайтынына көз жетуде. Білімдегі гуманитаризация деген қағида жай ұран ғана болып қалды. Тіпті, философияны қажетсіз пәндер қатарына жатқызу қаупі бар. Әсіресе, халықаралық байланыспен істес болатын мамандықтар (шығыстану, халықаралық қатынас, журналистика жә­не т.б. факультеттер) мен шетелдік студенттерді даярлайтын факультеттер үшін этномәдени құзыреттілік қалыптастыруға қажет әдістемелік материалдар пакетін әзірлеуге көңіл бөлін­гені маңызды. Әйтпесе, бүгінгі таңда еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының типтік оқу жоспарлары мен бағдарламалары болашақ мамандарымыздың кәсіби ойлауы мен ұлттық мәдени ойлауы арасындағы алшақтықты ұлғайтып отыр. Өзінің төл мәдениеті мен тілін меңгермеген жаңа ұрпақ қалыптасса, оған таңқалмай-ақ қояйық. Біздегі білім мен ғылым саясаты соны көздеп отырған тәрізді ғой.
 

Алдыңғы «
Келесі »