Либерализм алға сүйреп, консерватизм кері тарта ма? Қазақстан осы екі жолдың қайсысын таңдауы тиіс

  • 26.04.2013
  • 4669 рет оқылды
  • 1
Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының
докторы

Мәселенің бастауы
Дәстүршілдік пен жаңашылдық ғасыр­лар бойы теке-тіресіп, әлемдік тарихи дамудың мәні мен мазмұнына ерекше ықпал етіп келе жатқан құбылыстардың қатарына жатады. Кез келген елдің өткен тарихына көз жіберсек те, бүгінгі шынайы саяси өміріне талдау жасасақ та, дәс­түрді сақтау мен жаңа құндылықтарды басшылыққа алудың, түрлі сипаттағы тым (табу) (діни, идеологиялық, психоло­гиялық т.б.) әсерімен шектелген сыңаржақ тар ойлау мен керісінше, ешқандай шектеуге көнбейтін, кең ауқымды шығар­машылық ой еркіндігі арасында ымырасыз күрестің тоқтаусыз жүріп жатқанын байқау қиын емес. Үйреншікті әдеттен арылу қандай қиын болса, тап­талған ескі жолдан инновациялық бетбұрыс жасау сондай ауыр. Бұл процесс үлкен психологиялық ерік-жігерді, физикалық күш-қайратты, қосымша ресурстарды (адами, интеллектуалдық, қаржылық, әкімшілік, материалдық, т.б.) қажет­сінеді. Мұндай өтпелі сипаттағы процеске тән қасиет – ой-санада қасаң бо­лып қатып қалған стереотиптерден ары­лудың ұзаққа созылуы.


Дәстүршілдік пен жаңашылдықтың қоғам өмірінде алатын орны мен рөлі туралы мәселе, саяси ой тарихында да талай ойшылды толғандырып, саяси тәжірибеде ол консерватизм мен либерализм идеологиялары түрінде көрініс тапты. XVIII ғасырдың соңғы ширегінде Ұлыбританияда туындаған бюргерлердің (көпестер, банкирлер, цех қожайындары т.б.) ықпалының артуы өз кезегінде дәстүрлі жер иеленуші дворяндардың наразылығын туындатты. Себебі, Ұлыбритания отаршыл ел болғандықтан, теңіз жолы арқылы сауда-саттыққа төселген көпес-бюргерлер азия-африкалық колониялардан шикізатты, ауыл шаруашылық өнімдерін, қолөнер туындыларын су тегін тасып, ағылшындардың ішкі нарығын арзан бағадағы тауарға толтырады. Жаңашылдықты ту етіп көтерген буржуазия, импорт енгізумен шектеліп қоймай, тауар өндіруге де кіріседі, жаңа технологияларға негізделген өнеркәсіп орындарын ашып, алғашқы бу машиналары мен станоктарды мануфактураға кеңінен қолданады, тиімді қаржылық-банктік жүйені қалыптастырады. Мұның барлығы жер иеленуші британдық дворяндарға ұнамайды, өйткені, олар күшті бәсекелестікке шыдай алмай, нарықтан ығыстырыла бастайды. Дворяндар ежелден жергілікті дәстүрлі шаруашылықты экстенсивті жүргізсе де, ішкі нарыққа монополия орнату арқылы оның қажеттіліктерін қамтамасыз етіп келген болатын. Осылайша, жаңа туындап келе жатқан бур­жуазия өкілдері мен дәстүрлі дворяндар арасында экономикалық мүдде негізінде қақтығыс пайда болып, ол бірте-бірте саяси рең ала бастады. Дво­ряндар өздеріне тықыр таянғанын сезіп, бюргерлерге төтеп беру үшін саяси тетіктерді пайдалануға көшеді. Олар аристократиялық үйірмелер құрып, өзара ұйымдасып, британ короліне ұжымдық өтініш білдіреді. Ондағы мақсаттары сырттан енетін тауарларға салынатын баж салығының деңгейін көтеру арқылы, ішкі нарықтағы британдық тауар өндірушілерге қолдау көрсету еді. Қарсыластарының іс-әрекетіне жауап ретінде бюргерлер саяси клубтар құрып, саяси билікке өздерінің талап-тілектерін білдіреді. Бюргерлердің ұстанымдары – еркін кәсіпкерлік пен бәсекелестік, азаматтық құқықтар мен бостандықтар, заң алдында баршаның тең болуы, әлеуметтік әділеттілік пен теңдік, мемлекеттің экономика саласына қол сұқпауы, жеке меншіктің қорғалуы либерализм  (латынша liberalis – еркін) ағымына негіз болды.
Саяси пікірталас қыза келе, қарама-қарсы идеялық ағымның өкілдері бір-бірін кекете-мұқата лақап ат қоюға дейін барып, консерваторлар либералдарға «виги» (ағылшынша – Whigamore – «сиыр айдаушылар», қысқартылған түрі «Whigs”) деп, өз кезегінде, либералдар консерваторларға «тори» (ирландша «tóraighe» – «қуғындалушы адам», қысқартылған түрі «Tory») деген атауды таңып, бұл тарихта мәңгіге қалды.
Классикалық либерализм – жеке адамның құқықтары мен бостандықтары қоғамдық және экономикалық тәртіптің базисі санайтын, еркін азамат ретінде өзін-өзі толық жүзеге асыруы мен жеке меншігін игілікпен қолдануын, сауда-саттықта фритредерлікті (ағылшынша free trade — еркін сауда)  қорғайтын идеология. «Либерализм» ұғымы орыс жеріне XVIII ғасырдың соңында француз тілінен (французша libéralisme) еніп, басты мағынасында «еркін ойлаушылық», ал, баламасында «ымыраға тез келгіш, илеуге көнгіш, өз ұстанымында тұра алмау» деген мағыналарда қолданылды. Түптеп келгенде, либерализм ағымы реформа, модернизация, инновация сияқ­ты өзгерістер мен жаңғыруларға арқау болатын динамикалық процестермен тығыз байланысты.
Ал, консерватизм (латынша conservo – сақтаймын) болса, қоғамда қалып­тасқан дәстүрлі құндылықтар мен тәртіпті, ұлттық ерекшеліктерді сақтау, әлеуметтік және діни қағидаларды бұл­жытпай орындауды ұстанатын идеологиялық ағым. Яғни, консерватизм үшін басты қағида – протекционизм (латынша protect – қорғау) және эво­люционизм (бірте-бірте даму). «Консер­ватизм» терминін ХІХ ғ. басында алғаш ғылыми айналысқа ендірген француз роялисті әрі философ-классигі Франсуа Рене де Шатобриан болды.
Уақыт өте келе либерализм де, консер­ватизм де жан-жақты дамып, мәні мен мазмұны кеңейіп, тіптен, жаңа түрлері шыға бастады. Себебі, либерализм де, консерватизм де таза күйінде өздерінің кемшіліктері бар екенін көрсетті. Шектен шыққан либералды бостандық адамдарды мас қылып, басын айналдыратын қасиетке ие екендігі, бәсекелестіктің монополияға айналып кету қаупі бар екені белгілі болды. Ұшқары консерватизмнің де, ескіні көксеушілік, тоқырау, дамудың тоқтауы, догмадан арыла алмау сияқты кемшіліктерге бой алдырғыштығы байқалды. Осыдан келіп, либерал-демократия, либералды социализм, неолиберализм, либертриандық, неокон­серватизм, ұлттық консерватизм, діни консерватизм сияқты жаңа түр­лері туындады. Неолиберализмнің классикалық либерализмнен айырма­шылығы – экономиканы мемлекеттің реттеуін қолдайды, ал, либералды демо­кратия – өкілдік жолмен қалыптасатын, көпішілік қауым азшылықтың мүддесімен есептесетін, идеалы – құқықтық мемлекет болып табылатын идеологиялық ағым. Сонымен қатар, либерализмді жіктеудің мынадай да түрлері бар: саяси либерализм – либералды демократия орнату үшін биліктегі абсолютизм мен авторитаризмге қарсы күрес; экономикалық либерализм – жеке меншікті қорғау мен мемлекеттік реттеуді шектеу, яғни, мемлекет қоғамның ішкі тұрақтылығы мен сыртқы қауіпсіздігін қорғайтын «түнгі қарауылдың» қызметін ғана атқаруы тиіс; мәдени либерализм – жеке адамның мәдени бостандығын патриотизмнің немесе діни ұстанымдардың шектемеуі; әлеуметтік либерализм немесе либералды социализм – адамдардың мүмкіндіктері тең болуы, адал еңбекті қанауды жою, әлеуметтік әділеттілік пен теңдік. ХХ ғасырдың екінші жартысында үшінші әлем елдерінің тәуелсіздік ала бастауы либерализмнің үшінші толқынын туындатып, ол ұлттық егеменді мемлекет құру құқығы, отаршылдыққа қарсы күрес, ұлттық ерекшеліктерді дамыту бостандығымен ерекшеленді. Қазіргі кезеңдегі либерализм – осы аталған либерализм формаларының бәрін қамтиды, көптеген дамыған елдерде либерализм жан-жақты көрініс тауып отыр.
Неоконсерватизм болса (neo – жаңа), батыс өркениетінің дәстүрлі құндылық­тарын сақтау мен әлемге таратуға тырысатын идеология, олардың консерваторлардан ерекшелігі – мемлекеттік аппарат пен әлеуметтік қамсыздандырудың көлемін қысқартуды қолдамайды. Неоконсерватизмнің тағы бір ерекшелігі – авторитарлық режим орнаған шет елдерге либерализм мен демократияны күштеп ендіруді қолдайды. Бұл мақ­сатта өзге елдердің егемендігіне қол сұғуға әбден болады, мысалы, аме­ри­­кан­дық неоконсерваторлар АҚШ ұлттық мүддесіне кереғар елдерге әскери күш қолдануды барынша жақтайды. Қазіргі әлемде консерваторлық ұстаным бірқатар европалық және азиялық елдерде басым.
Либерализм мен консерватизм бір-біріне қарама-қайшы идеология болғанымен, олар қоғам өмірінде қатар қолданыс тауып келеді. Бұл екеуі бөліп жарып қарайтын құбылыс емес, инь мен янь сияқты, бірліктегі қарама-қайшылық. Мемлекеттің идеологиясын бейнелеп айтқанда, алып бәйтерекпен салыстырсақ, консерватизм сол бәйтеректің тамыры сияқты, ал, либерализм оның діңіндей, бұл екеуінен тараған түрлі тармақтар ағаштың көп бұтақтары іспетті. Либерализм ағашқа көрік беретін жапырақ болса, консерватизм – ағаштың гендік қорын сақтап, оның өсімін жалғастыратын жемісі, яғни, ағаштың тұқымы сияқты. Тіл, дін, діл, салт-дәстүр сияқты ұлт­тық құндылықтарды сақтау, тектік қор мен ұлттық мүддені қорғау, егемендікті нығайту сияқты ешқашан маңыздылығын жоғалтпайтын мәселе­лер кез-келген мемлекеттегі идеологияның тамыры, негізі, қайнар көзі. Бұл қағиданы коммунизмнің атасы Карл Маркс те мойындап, оны базис деп атаған, ал, келімді-кетімді өзге идеологиялар мен құндылықтарды қондырғы деген. Сол сияқты, қазақ ұлты да қилы заманды бастан өткерсе де, өзінің базисін сақтай білді, ұлттық базисіміздің үстінде небір қондырғылар алмасты: ру-тайпалық, қағандық пен хандық дәуірлерді, патшалық кезеңді, коммунистік идеологияны көрді, енді, мінеки, ұлттық базисімізге демократиялық, либералдық қондырғы келіп қонды. Қазіргі маңызды міндетіміз – қазақы ұлттық базис пен заманауи қондырғының арасын үзіп алмау.

Әлемдік тәжірибедегі
идеологияның сабақтары

ХХ ғасырда бір ғана идеологияға бас ұрған алып империялар – нацизм идеологиясын ұстанған фашистік Германия жойылса, коммунистік тоталитарлы идеологияға бас ұрған Кеңестік социалистік республикалар одағы (КСРО) ыдырады. Тағы да сол, бір идеологияның шектен тыс басымдыққа ие болуы түбінде жақсылыққа әкелмейтіні тарихи дәлелденді. Фашистік Германия неміс ұлтшылдығының құндылықтарына негізделді, шектен тыс консервативтік тамырға бағытталған мемлекеттік идеологиядан діңгек жетілмеді, жалпы адамзаттық құндылықтарды аяққа таптаған идеология күшті мемлекеттің түбіне жетті. Ал, коммунистер болса, керісінше, ұлтшылдықты ескішілдікке теңеп, либерализмді буржуазия ілімі деп екеуінен де өздерін дара ұстады. Коммунистік идеологияның тамыры таптық (жасанды), діңі социалистік сипатта еді. Алайда, консервативтік тамырдан нәр алмаған коммунизм бәйтерегі де ұзақ жасамады, табиғи тамырсыз діңнің өзегі шіріп құлады. Ұлттық құндылықтардан таптық идеологияны, жеке адамнан мемлекеттің мүддесін жоғары қойған коммунистік тоталитарлы жүйе іштен қирап, ажырамастай болған кеңестік одақтас республикалар жеке-дара ұлттық тәуелсіз мемлекеттерге бөлініп тынды. Коммунистік тоталитарлы идеологиядан зәрезап болған посткеңестік кеңістікте деидеологизация процесі, яғни, идеологиядан тазару белең алды. Идеология деген ұғым жағымсыз қабылданды, адамдардың психологиясында идеологияға деген теріс стереотип туындады. Біраз уақыт идеологиялық вакуум (идеологиядан таза бос кеңістік) қалыптасты. Бос кеңістік ұзақ уақыт бос тұрмасы анық, идеологиялық вакуум тез арада өзге идеялық ағымдармен толыға бастады. Идеологиясыз саясаттың болмайтыны белгілі болды. Әрине, идеологиялық вакуумды толтырушылардың алғашқысы либерализм идеологиясы болды.
Бұрынғы одақтас республикалар мен социалистік лагерьге кірген Шығыс Европа елдері тәуелсіз, либералды, демо­кратиялық даму жолын таңдаған кезеңде либерализм ақиқат жол ретінде жеңіске жетті деген көзқарас та туындады. Сол кезде американдық ғалым Френсис Фукуяма «Тарихтың ақыры» атты еңбегінде идеологиялық соғыс осымен бітті, либерализм жеңіске жетті дегендей мағынада ой айтты. Ол либерализмді ту еткен жаһандану процесінің бүкіл әлемді лаулаған оттай, тұтасымен шарпығанын дәйекке келтірді. Дегенмен, сол кезеңде, біраз, абдырап қалған өзге идеология түрлері көп ұзамай қайта жанданып, либерализммен теке-тіресе, қоғам өмірінде қатар жүріп келеді. Қазір көптеген елдердің саяси жүйесінде бір-біріне кереғар келетін идеология ұстанушы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар қатар тіршілік етуде. Қазақстан да солардың қатарында, елімізде көппартиялық жүйе қалыптасқан, мысалы, бізде либералды бағыттағылардың, коммунистердің, социал-демократтардың, жасылдардың, патриоттардың, т.б. партиялары бар. Осы жерде айта кетерлік жәйт, тәуелсіздік алған тұста өте өзекті болған ұлттық мәселелер уақыт өте келе либерализмнің көлеңкесінде көмескіленді, қазір бізде консерваторлық идеологияның позициясы әлсіз екені анық байқалады. Ата заңымыз бойынша, ұлттық және діни негіздегі партиялар құруға тыйым салынған, бірақ, оның есесіне, ұлттық-мәдени, діни, кәсіптік және өзге де қоғамдық ұйымдар жетерлік. Дегенмен, олардың ықпалы әлсіз болғандықтан, қызметтері де нәтижелі болмай тұрғаны да көпшілікке мәлім.
Қазіргі кезеңдегі әлем елдерін са­лыс­тырсақ, олардағы либерализм мен консерватизм, жаңашылдық пен дәстүршілдік біркелкі емес. Абсолютті және конституциялық монархиялы елдерде негізінен консерватизм мен дәстүршілдік басым. Дегенмен, олар да либерализм мен жаңашылдықтан бас тартпайды. Мысалы, Жапония «европалық білім, жапондық рух» деген ұстаныммен дамыды. Бұл күншығыс елі сырттан енетін идеология мен жаңа құндылықтарды өздерінің ұлттық ерекшеліктеріне сай бейімдей білді. Мұндай ауыр міндетті ұлттық иммунитеті күшті ұлт қана көтере алады, оларда бейнебір «ұлттық сүзгі» бар сияқты. «Ұлттық сүзгіден» өткен жаңашылдық үлгілерін басшылыққа алады, сүзгіден өтпегені жайына қалады.
Ал, коммунистер басқаратын Қытайда либералды нарықтық қатынастар күшті дамып, «бір елдегі екі түрлі жүйе» қалыптасып отыр. Дегенмен, қазіргі біз білетін Ұлы Қытай бұл жетістікке оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Олардың да «әттеген-ай» деп адасып, абдыраған, тіптен, өздерін өздері қырып-жойған кезеңдері болды. Қытайда билік басына Мао Цзэдун келген тұста «мәдени төңкеріс (революция)» науқаны орын алды. Мао өзінің жүргізбекші болған «үлкен секіріс» саясаты сәтсіздікке ұрынғанын, осыдан келіп, коммунистік партияның элитасы мен халық алдындағы беделінің түскенін сезіп, биліктен айырылып қалмау үшін құйтұрқы идеологиялық аласапыранды бастайды. Маоизмнің идеологиясы оппозиционерлерді қырып-жоюмен қатар, қытайлық дәстүрлі мәдениетті, ғасырлар бойы қалыптасқан, ұлттық идеологияға айналған философиялық ағымдарды (конфуцишілдік, даосизм, легизм т.б.) жоққа шығарып, ғұлама данышпандардың жазбаларын өртеп, монастырлар мен храмдарды, құнды рухани мұраларды жойды. 1966-1976 жылдарды қамтыған маоизмнің мәдени төңкерісін бүгінгі қытайлықтар еске алуға ұялады, тарихи қара дақ деп таниды. Жаңа идеологияға бой ұрушылық, ұлттық құндылықтарды ескермеу қытайлықтарды рухани тұрғыда дел-сал күйге түсірді, халық дүбәраланып, мәңгүрттенудің алдында тұрды. Мәдени төңкеріске арқау болған маоизм 1976 жылғы 5 сәуірде Пекиннің Тяньаньмэнь алаңында болған қанды қырғынмен тоқтады. Дэн Сяопин 1977 жылы мәдени төңкерісті қате идеология деп көрсетіп, ұлттық жаңғыруға бағытталған «Пекин көктемі» науқанын бастады. 1981 жылы Қытай компартиясы мынадай шешім шығарды: «Культурная революция» не была и не может быть революцией или социальным прогрессом в каком бы то ни было смысле… она была смутой, вызванной сверху по вине руководителя и использованной контрреволюционными группировками, смутой, которая принесла серьёзные бедствия партии, государству и всему многонациональному народу». Дэн Сяопин көреген саясаткер ретінде Қытай үшін дамудың жаңа жолын таңдай білді, коммунистік идеологияны либералдық және консерваторлық идеологиялармен «будандастырды», ұлттық дәстүр мен жаңашылдықты үйлесімді жарастырды. Ал, оның оң нәтижесі қазір бүкіл дүниежүзіне белгілі.
Біріккен Араб Әмірліктері де дәстүрді сақтай отырып, жаңашылдықты ұстанудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Батыс елдері де солай, жаңашылдықтан, қоғамдық прогрестен бас тартушы европалық консерваторды табу мүмкін емес. Сол сияқты, либералды жолмен дамуды таңдаған демократиялық мемлекеттер де ұлттық ерекшеліктерін, салт-дәстүрлерін, діні мен ділін, тарихын сақтауға барынша тырысып бағуда. Бұл жаһандану жағдайында ұлттың жоғалып кетпеуі үшін аса қажет шарт. Бүгінгі таңдағы консерватор біршама либералданған, ал либералға кейбір консерваторлық ұстанымдар тән. Осыған байланысты, әлемдік тәжірибеде дәстүрлі қоғамның жаңғыруы (модернизациялануы) үш түрлі жүргенін де айта кеткеніміз жөн: біріншіден, органикалық, мұны кейде табиғи немесе эндогенді жаңғыру; екіншіден, бейорганикалық, мұның жасанды, имитациялық, экзогенді модернизация деген баламалары бар; үшіншіден, аралас, гибридті модернизация. Жоғарыда айтылған консерватизм мен либерализмнің туындауы Ұлыбритания жерінде органикалық тұрғыда, әлеуметтік топтар арасындағы экономикалық мүдденің қақтығысы мен қоғам өмірінің табиғи қажеттілігі ретінде туындады. Ал, идеология ретінде қалыптасып, эндогенді пісіп-жетілген либерализм мен консерватизмнің өзге аймақтарға таралуы бейорганикалық, экзогенді немесе аралас түрде жүрді.
Саяси партияның отаны саналатын Ұлыбританияда дәстүршілдік пен жаңашылдықтың арасында күрес бір толастаған емес. Бұл елдегі екіпартиялық жүйенің даму тарихы үш кезеңнен тұрады: біріншісі – 1679-1867 жылдар, бұл кезеңде вигилер мен торилердің арасындағы саяси бәсеке, екіншісі – 1867-1923 жылдар аралығын қамтыған либералдық және консервативтік партиялардың билікке таласуы, үшіншісі – 1923 жылдан бастап қазірге дейін жалғасып келе жатқан консервативтік және лейбористік партиялардың арасындағы саяси күрес. Англияның басты ерекшелігі – Конституциясы мен партия туралы заңы жоқ ел. Соған қарамастан, қарама-қайшы саяси күштердің күресі арқылы Ұлыбритания өзіндік ерекшеліктермен дамып келеді, консерватизмнің болуы оларды өркениеттің көшінен қалдырған жоқ.
Осыған ұқсас тенденцияны демокра­тия­ның ошағы саналатын АҚШ-да байқауы­мызға болады. Бұл елде республикандық және демократиялық партиялар арасында қызу күрестің бай дәстүрі бар. Республикандықтардың бейресми атауы – «піл», ал, демократиялық партия өкілдері – «есектер» деген лақап атқа ие. Бұлардан бөлек, азшылыққа ие үшінші тарап та бар, оларға жасылдар, конституцияшылдар мен либертариандардың партиялары жатады. Бірақ, билікке алма-кезек қол жеткізуші екі партия: республикандық және демократиялық. Мұнда да дәстүршілдік пен жаңашылдықтың, либералдар мен консерваторлардың арасында күрес жүреді: республикандықтар бай, білімді және консерваторлық сайлаушылардың мүддесін көздесе, демократтар түрлі азшылықтардың, білімі мен дәулеті төмен, бірақ либералды сайлаушылардың қолдауына ие. Республикандықтар қорғайтын құндылықтар: отбасы дәстүрі, индивидуализм, елдің қорғаныс қабілеті, мемлекеттің экономикаға қол сұқпауы мен бизнесті шектемеуі. Демократтар үшін мемлекеттік билік «әлеуметтік төрешінің» рөлін атқарып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуі тиіс, яғни, билік халықты еңбекпен қамту мен оның әл-ауқатын жақсартуға тырысуы тиіс.
Түбіміз бір, түркі тілдес Түркияның Премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоган негізін қалаған «Әділеттілік пен даму партиясы» (ӘДП) билеуші партия саналады, оның көшбасшысының бірі – Түркияның президенті Абдулла Гюль. Бұл партия өзінің ұстанымы бойынша біркелкі, бірыңғай (умеренно) консервативтік партия қатарына жатады. ӘДП тіптен исламистік бағытта, Ататүрік негізін салған зайырлылық ұстанымдарынан ауытқыды деп айыптаушылар да болды. Шынында да, ӘДП партия жаһандану жағдайындағы ұлттық ерекшеліктерді сақтау, имандылықты нығайту сияқты мәселелерге басымдық бергенімен, оларға нарықтық экономика, Еуропалық Одаққа қосылу сияқты батыстық құндылықтар да жат емес. Түркиядағы келесі беделді партия – Исмаил Альптекин негізін салған «Абатшылық (благоденствия) партиясы» партиясының басты мақсаты демократия мен құқықты сақтау болса да, бұл партия дәстүршіл және исламистік деген берік репутацияға ие. Ал, түрік Парламентінде 25 пайыз орынға ие «Халықтық-республикалық партия» өзін солшыл-орталық бағыттамыз деп санайды. Яғни, бұл партия алдыңғы екеуіне оппозицияда, негізінен либерал­дық құндылықтарға басымдық береді. Яғни, Түркияда дәстүршілдік ұста­нымдар анық басымдыққа ие. Ұлттық ерекшеліктерін жасқанбай қорғай біледі, имандылықты нығайту мен отансүйгіштікті дамытуға баса назар аударады. Билеуші партия батыстық арзанқол әрі бұқаралық мәдениеттің жағымсыз ықпалына алаңдауда. Бірақ, бұдан Түркия артта қалған жоқ, жан-жақты дамып келе жатқан елдердің қатарында.
Еуропа Одағының Еуропарламентінде «Европалық халық партиясы» (ЕХП) – панеуропалық, оңшыл-орталық бағыттағы саяси партиясы бар. ЕХП ұжымдық сипатта құрылған, оның құрамында 39 елден келген 73 ұжымның, яғни, христиан-демократиялық, ұлттық, консервативтік, либералдық және өзге де бағыттардағы партияның 265 мүше-өкілдері бар. ЕХП өзін еуропалық өркениеттің тамырынан бастау алатын саяси орталық деп санайды. Яғни, бұл мега партия да либерализм мен консерватизмнің тізгінін тең ұстап келеді.
Көрші Ресейдегі билеуші партия саналатын «Единая Россия» партиясы соңғы уақытта «либералданған консерватизм» бағытына бет бұруда. Былтыр «Единая Россия» партиясы әлеуметтік, патриоттық (ұлттық) және либералды идеологиялық бағыттарды қатар қамтитынын жариялады. Сонымен бір мезгілде, «Единая Россия» партиясының либералдық платформасын үйлестірушілер Владимир Плигин, Виктор Зубарев пен Валерий Фадеев либерализм идеяларын дәстүршіл бұрмалаушылықтан, либералдық қозғалысты «сектанттықтан» тазалауға шақырды. Тіптен, партия ауқымында «Либерализмді дискредитациялауға қарсы декларацияға» қол қойылды. Бұл мәселені анық байқаған А. Дугин: «Сегодня либерализм переживает очень сложный период. С одной стороны, либеральная идеология является доминирующей. Либерализм победил своих идеологических оппонентов в течение последнего столетия, выдержав борьбу с вызовом национализма, фашизма и потом последнего конкурента – идеологического в лице коммунизма, тоже в конце 20-го века победил. И в этом отношении либеральная идеология находится в очень интересном положении. С одной стороны, она расправилась со всеми своими идеологическими антитезами, со всеми конкурентами, со всеми противниками, и стала доминирующей идеологией в глобальном масштабе. Но, с другой стороны, произошло очень интересное явление: либералы, когда потеряли своего формального оппонента, они остались наедине сами с собой. Т.е. остались либералы и те, которые еще не либералы, либо совсем не либералы. Тут возникает такой момент: формально оппозиции у них нету, и для того чтобы отстоять свою собственную идеологическую ясность и строгость, они вынуждены не спорить с противниками, а просто себя навязывать таким, как нечто само собой разумеющееся» – деп ой түйеді. Бұл ой ақиқатқа жақын.
Сол сияқты, Ресейдің либерал демократиялық партиясы үшін, керісінше, консерваторлық, ұлтшылдық ұстанымдар жат емес. Оны ЛДПР лидері В.Жириновскийдің жасаған баяндамаларынан анық байқауымызға болады. Осыған байланысты, Ресей ғалымы А. Андреев «Трибуна русской мысли» атты журналдағы мақаласында: «Столкновение двух исторических проектов для России – либерального и национального – судя по всему, определит содержание общественно-политической жизни страны на ближайшую перспективу. Печать этого столкновения лежит сегодня на всей деятельности политических институтов, задавая специфическую роль президентской власти как своеобразного модератора или даже посредника между ними» – деп атап көрсетеді.
Ал, А. Дугин тіптен демократия мен либерализм бір-біріне қарама-қайшы құбылыстар, бірақ, бірліктегі қарама-қайшылықтар дегендей ой айтады: «Либерализм исторически, концептуально, политически, философски и экономически представляет собой нечто совершенно отличное от демократии. Если в центре демократического мировоззрения стоит «демос», то в центре либерального – «индивидуум»; если демократия основана на верховенстве коллективного интереса над частными, то либерализм – на верховенстве частного над коллективным; если демократия озабочена в первую очередь политической сферой, «властью», прямым участием в управлении общиной, то либерализм – сферой экономики, обеспечением экономических и торговых свобод отдельной личности; и наконец, если демократия – это одна из форм политического устройства традиционного общества, то либерализм – новая экономико-философская доктрина, основанная на полном отрицании традиционной цивилизации и на стремлении в пределе уничтожить все органические общественные институты, принадлежащие политической и культурной истории народов и государств». Теориялық тұрғыда осылай болғанымен, іс жүзінде демократия мен либерализм қатар тіршілік етуде. Сол сияқты, консерватизм мен демократия да өзіндік симбиоз құруға қабілетті.
«Литературная газетаның» 2013 жыл­ғы № 6 санындағы В. Кирпичевтің мақаласында: «Россия – природная держава. Перед нами не просто три слова, а – рискну утверждать – философский камень всей российской истории. Все законы полиэтнической демократии доказывают, что западная демократия приведёт к неизбежному развалу РФ. Слишком велика наша страна: сотня народов, три мировые религии, национальные республики – всё это не оставляет нам ни одного шанса на сохранение страны при западных демократических стандартах. Авторитарная страна с демократическим фасадом – вот единственно возможная политическая форма любых российских государств. Без осознания авторитарной природы эстафетных российских держав – Российская империя, СССР, РФ – понимание истории российской цивилизации возможно лишь на уровне мифов» – деп тұжырымдалған. Әрине, бұл автордың субъективті пікірі болғанымен, ақиқаттан алшақ жатқан жоқ. Және бұл мәселенің Қазақстанға да тікелей қатысы бар, себебі, өткен тарихымыз бен қазіргі саяси шынайылығымыздың көрші Ресеймен тығыз байланысты екендігі даусыз. Оған қоса, шығыстық діл мен психологияда билікке мүлтіксіз бағынудың бай тарихи дәстүрі бар: ежелден қаған мен ханның монархиялық билігіне бағынудың, патернализммен суарылған автократияның, одан қалды траибализм сияқты құндылықтардың стереотиптері санадан толық өшуі қиын. Дегенмен, қазақ жерінде далалық демократияның либералдық институттары мен құндылықтары да болғанын естен шығармайық: билердің соты, хан кеңесі, құрылтай жиын, ақсақалдар алқасымен қатар, ақын-жыраулардың шығармашылығы мен сөз бостандығына негіз болған «Дат, тақсыр!», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымдар қазақ ұлтының тарихында либералдық құндылықтардың болғанын дәлелдесе керек. Бұл дегеніміз, қазақтарға консерватизм мен либерализмнің өзіндік ұлттық (далалық) үлгісі тән деген сөз (бұл өзінше бір мақалаға арқау болар өзек).
Бұл тармақшаны қорыта айтсақ, қазіргі әлемдегі дамыған елдер демократиялық қоғам құру жолында тек либералдық ұстанымдарды басшылыққа алып, консервативтік құндылықтардан бас тартып отырған жоқ. Ұлттық тамырдан – базистен ажыраған идеологиялық қондырғылар жақсылық әкелмейтінін адамзат тарихы да, әлемдік саяси тә­жірибе де дәлелдеп берді. Біз бұдан сабақ ала білуіміз қажет.

Қазақстандағы либерализмнің лебі мен консерватизмнің күйі

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері негізінен либералды құндылықтарға басымдық беріп келе жатыр. Яғни, батыстық үлгідегі либерализм бізге сырттан келді, бұл біздің қоғам үшін экзогенді сипаттағы идеология. Конституциямыз бойынша идеологиялық әр алуандылық танылғанымен, елімізде либерализм идеологиясының басымдығы анық байқалады. «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы либералды бағытта екенін Елбасымыз қадап айтқан болатын. Батыстық либерализм бізге көптеген жақсы құндылықтарды үйретті, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау басымдыққа ие, еркін сайлау, көппартиялық, парламентаризм арқылы өкілдік ету, бәсекелестік, нарықтық экономика сияқты көптеген жетістіктеріміз қоғамға жемісін беруде. Еліміз жаңашылдықты тез игеруге, тәжірибеге ендіруге бейім, өндірістік-инновациялық дамуға ұмтылудамыз. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев Жолдауларында Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мәселесін күн тәртібіне қойып, елде жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыру, 2050 жылға дейінгі даму, жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыру, латын әліпбиіне өту сияқты жауапты міндеттерді алдымызға қойып отыр.
Сөздің турасын айтсақ, қазақстандық билеуші партия саналатын «Нұр Отан» партиясының бағдарламасы либералдық құндылықтарға тұнып тұр. Бұл демократиялық құқықты мемлекет құру үшін қажет екені түсінікті, бірақ, біз Қазақстанның ұлттық мемлекет екенін де естен шығармауымыз керек. Біздің бас­ты кемшілігіміз – экзогенді либералдық құндылықтар мен шетелдердің тәжірибесін көз жұмып көшіріп алып, ұлттық мүдде­нің «сүзгісінен» өткізбей, еліміздің ерекшелігіне бейімдемей пайдалануымызда. Осы кемшілікті түзей алсақ мемлекетіміз нығаяды, түзей алмасақ қателік пен өкініштен көз ашпаймыз. Бұған қоса, ұлттық иммунитеті төмен елдерде экзогенді идеологиялар мен құндылықтар басымдыққа ие болып, эндогенді ұлттық ерекшеліктер солардың көлеңкесінде қалып қою қаупі жоғары екені де тарихи тәжірибеде дәлелденген. Жасыратыны жоқ, өкінішке орай, біздің ұлттық иммунитетіміз әлі әлсіз. Сондықтан да, ұлттық мемлекеттің дамуы үшін белгілі бір дәрежеде консер­ваторлық ұстанымдар аса қажет. Яғни, Қазақстан үшін модернизацияның аралас түрі тиімді, осы бағыттағы әлемдік тәжірибені саралап, пайдаланғанымыз абзал. Қазақстандағы біраз партиялардың бағдарламаларын салыстырып қарап едік, олардан консерваторлық ұстанымдар байқамадық. Аттарына зер салсақ, консерватизмге жақын-ау деген «Руханият», Қазақстандық социал-демократиялық «Ауыл» және «Қазақстанның патриоттар партияларының» бағдарламалары толықтай либералдық рухта жасалған. Тіпті, «Руханият» партиясының атына заты сай емес, соңғы сайлауалды бағдарламасында бұл партия рухани емес, табиғи, яғни, экологиялық мәселелермен айналысатынын білдіріп, «жасылданды».
Аты қазақтың қара тамыры – ауылмен байланысты болғанымен, өзін Қазақстандық социал-демократиялық партиясы дейтін «Ауыл» партиясы да консерваторлық идеяларға үстірт қараған. Бағдарламаларында бұл мәселе: «Цели партии «Ауыл» близки и понятны людям: достичь высокого уровня жизни всех граждан страны, политической стабильности и социальной защищенности человека вне зависимости от места его проживания, сохранения и развития лучших народных традиций и нового качества жизни всех казахстанцев. Это – именно те ценности, на которые традиционно опирается социал-демократия во всем мире.  В Казахстане магистральным направлением достижения наших   целей является эволюционный путь реформ на основе многообразия форм собственности, утверждения подлинного народовластия, политического плюрализма, законности и правопорядка» – деп анықталған.
Идеология мәселесіне қатысты ұста­нымдарын өзге де қазақстандық партиялар білдіріп жатыр. «Әділет» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары С.Булекбаев Қазақстанда идеологиялық жұмыс артта қалып қойғанын, сондықтан, жаңа идеология қалыптастыруға ерекше назар аударып, идеологиямыз зайырлы (діни емес, азаматтық) болуы қажет деген тұжырым жасайды. Ол ерекше зайырлы идеология қандай болатынын әзірге «Әділет» партиясы ғана білетін сияқты.
«Қазақстанның патриоттар партия­сының» бағдарламасында әлеуметтік және экономикалық мәселелерге баса назар аударылғаны байқалады. Мұнда да социал-демократиялық және либералдық ұстанымдарға басымдық берілген. Жоғарыда аталған партиялардың бағдарламалары «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының бағдарла­масына ұқсас. Оны көріп-білген халық өзінің даусын, әрине, ірі партияға береді, бағдарламасы ерекшеленбейтін ұсақ партияны халық қайдан қолдасын? Парламенттік сайлауларда «Нұр Отан» партиясының үлкен жеңіске қол жеткізуінің сыры осында сияқты. Жалпы, біздегі билеуші партия мен билікке адал (лоялды) партиялар Күн жүйесіндегі ғаламшарлар іспетті, «Нұр Отан» партиясы Күн сияқты ортада, қалғандары оның айналасындағы орбиталарда орын тепкен планеталар сияқты. Бұл теңеу, әлбетте, оппозициялық партияларға таралмайды. Оппозициялық партия­лардың бағдарламаларында ерекшелік баршылық.
Бұрын оппозициялық болса да, соңғы сайлау нәтижесінде Парламенттен мандат тиген «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында ли­бе­рал­дық және консерваторлық құн­дылықтарға теңдей назар аударылған. Либерал демократиялық мәселелер барлық партиялардың бағдарламаларында бір-біріне ұқсас, оған тоқталмай-ақ, «ақ жолдықтардың» консервативтік бағдарын қарастыра кеткен жөн сияқты: «Сохранение и приумножение национального культурного наследия, принятие целевых программ развития культуры и искусства; преодоление принципа «остаточного» финансирования духовной сферы, увеличение бюджетных расходов на развитие культуры, науки, образования, искусства, народного творчества; создание реальных условий для свободного изучения и развития культуры, языков, традиций народов Казахстана; обеспечение перевода на казахский язык трудов выдающихся мыслителей, писателей, ученых; обеспечение необходимых условий для соблюдения и гарантий свободы совести; воспитание детей и молодежи в духе патриотизма, интернационализма; содействие укреплению в обществе роли народных традиций и семейных ценностей; содействие утверждению культа труда в обществе, возрождению традиции профессиональных праздников и уважения к человеку труда; принятие жестких мер по искоренению наркомании и проституции, решительному ограждению от них молодежи». 
Сол сияқты, өзі оппозициялық болса да, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бағдарламасында консер­ваторлық ұстанымдарға тұтас бір тармақ бөлініпті. Бағдарламасынан нақты үзінді келтірер болсақ: «Формирование казахского национального самосознания исторически неоднократно прерывалось, что и обусловило его нынешние проблемы. Необходимо обеспечить социокультурную консолидацию нации. Институты государственности должны поддерживать активно идущие в обществе процессы интеллектуально-духовного осмысления, поиска национальной идеи, способные не только противостоять неблагоприятному воздействию, но и обеспечить подлинное возрождение казахского народа. Мы будем проводить выверенную и толерантную национальную политику, которая ускорит становление казахской политической нации и объединит вокруг идеи процветания нашей общей Родины все этносы страны. Так сложилось, что на своей исконной территории казахскому языку была уготована судьба пасынка. Несмотря на юридическое закрепление своего высокого статуса, он нуждается в поддержке, как со стороны властных органов, так и всего полиэтнического и многоконфессионального общества. Реальное приобретение казахским языком всех признаков государственности позволит ему стать подлинным мостом укрепления дружбы!».
Ал, оппозициялық лагерьдегі деп саналатын келесі партия – Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы да негізінен әлеуметтік-тұрмыстық мәсе­ле­лерге мән берген. Олардың бағдар­ламасында: «Мы, народные коммунисты, глубоко убеждены, что наша Программа способна в корне изменить социальный облик страны, поменять вектор ее развития и наполнить подлинным смыслом формулу «социальное государство». Мы, народные коммунисты, не просто боремся за интересы бедных, Мы боремся с бедностью как таковой. Мы не ведем борьбу с богатством, мы боролись и будем бороться за то, чтобы богатство и достаток являлись следствием законных доходов, а не грабежа, коррупции и эксплуатации человеческих ресурсов» – деп тұжырымдалған. Әрине, мұның барлығы жоғарыда айтылғандай, «Қазақстанда идеологиялық әр аруандылық танылады» деген конституциялық қағи­даның арқасында мүмкін болып отыр. Дегенмен, Қазақстанда қандай да бір ресми идеологиялық бағыт болмаса да, либералдық идеологияның үлесі басым екені анық байқалады, шынайы саясатта консервативтік құндылықтар либерализмнің көлеңкесінде қалып қоюда. Бірақ бұл қазақстандықтардың сана-сезімі мен діліндегі консервативтік құндылықтарды көлеңкелей алмайды, қайта олар тәуелсіздік алғалы бері жандану үстінде. Бізде ұлттық, діни сипаттағы саяси партиялар құру мен олардың қызметіне тыйым салынғанымен, консервативтік идеологияны ұстануға мүмкіндік бар. Әлемдік тәжірибеде ешқандай ел консерватизмді ескіліктің белгісі деп есептемейді, дамыған елдер дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұстанады.
Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан­ның басты ерекшелігі – ұлттық уни­тарлық мемлекет болғандықтан, біз тек батыстық либералдық құндылық­тардың жетегінде кетпеуіміз керек. Жалаң либерализм үнемі алға сүйре­мейді, оның да қайшылықтары бар, консерватизм тек артқа тартушы емес, ол да өзіндік артықшылықтарға ие. Дамыған елдердегі билеуші партиялар осы екі бағытта саяси бәсекелеседі, ол демократиядан ауытқушылық емес, мемлекеттік идеологияның тізгінін тең тарту. Біз осы тәжірибеден сабақ алуымыз қажет. Жаңашылдық еліміздің дәстүрлі ерекшеліктеріне (тіл, дін, діл, салт-дәстүр, мәдениет, климат, шаруа-экономика, геосаяси және т.б.) бейімделіп жүзеге асса ғана нәтижелі әрі тиімді болмақ. Сол сияқты, дәстүрлерімізді жаңғыртып, заманға сай ұстану ұлттық болмысымызды сақтаудың кепілі. Яғни, біз консерватизм мен либерализм құндылықтарын үйлесімді жарастыра білуіміз керек. Идеологиялық майданда күреске түсуші саяси партияларымыз осыны үнемі ескерсе ел-жұртымыз мақсат-мұратына жетері анық.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. жақсы бір дүние жазыпсыз

Пікірлерге тыйым салынады.