Саңлақ

  • 26.04.2013
  • 482 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ,
спорт журналисі

Қазақ боксы десе, әлемнің кез кел­ген еліндегі жанкүйерлердің құлағы елең ете қалары даусыз. Қазақстан бок­сын бүкіл дүниежүзі мойындап отыр. Кешегі КСРО дәуірінде Валерий Рачков, Серік Қонақбаев, Серік Нұр­қазов, Жандос Көкімов, Виктор Демьяненколар салған жеңісті жолды, олардың лайықты ізбасарлары жалғастыра білді. Жал­ғас­тырып қана қойған жоқ, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков, Василий Жиров, Аркадий Топаев, Нұр­жан Сманов секілді ізбасарлары бокс тарихының бетінде өз аттарын ал­тын әріптермен жаза білді.
2000 жылы Олимпиаданың қос жұл­дызы атанған Ермахан Ыбыраймов пен Бекзат Саттархановтың орны бөлек. Ақшаршы ринг төрінде жан беріп, жан алысқан жекпе-жектерде ел намысын ту етіп ұстай білген боксшыларымыз Олимпиада, әлемдік, Еуропа және Азия белестерін бағындырып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының көк байрағын желбіретіп, Әнұранын ойнатқан қуанышты сәттері күні бүгінге дейін көз алдымызда.


Біз бүгінгі әңгімемізді қазақ боксының атын шығарып, оның дамуына сүбелі үлес қосқан айтулы тұлға Нұржан Сма­новтың рингтегі жекпе-жектері жайында емес, оның бойындағы азаматқа тән адамгершілік қасиеттеріне, кісілік парасатына тоқталуды жөн көрдік. Өйткені, Нұржанның ринг төріндегі жекпе-жектері жайында кезінде аз жазылған жоқ.
Задында, адам сұлу болуға тиіс қой, тек, тән сұлулығымен ғана емес, жан сұлулығымен көңілді көншітетіндей болғанға не жетсін. Шындап келгенде, шын мағынасындағы сұлулық – ол сырбаздық. Бұл қасиетке уызында жарыған Кенен кісі ғана ие бола алады. Сөзі мен ісі ылғи бір жерден шыға­тын инабатты, өзгеге оқыс қыжылы, қыз­ғанышы жоқ, етек-жеңі кең әрі мол адам ғана мұндай қасиетті көтере алады. Әділін айту керек, біз кө­ріп жүрген белгілі былғары қолғап ше­бері, спортшы Нұржан Сманов осындай қалыпта құйылған азамат, белгілі тұлға.
Ол әрқашанда алыс-жақын ағаларына, сүйеніш іні-қарындастарына қамқор болып, өз әулетінің ұйытқысын айрандай ұйытып жүрген мейірімді де, қайырымды да зерек азамат.
Нұржан бокс көгінде ерекше жар­қы­ра­ған жұлдыз, ол бокс өнерінің қай­таланбас дарабоз тұлғасы. Бар ғұмырын спорттың оның ішінде бокстың құдіретін, жақсылығын адамдарға танытуға арнаған батыр. Спорттың мұраты да осы болса керек. Нұржан бүгінде ел елегінен өткен азамат. Әрине азаматтық, қайраткерлік мансаппен өлшенбейді. Мансап қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Ел сенімін ақ­тап, ел есінде қалу оңай шаруа емес. Осы жолда Нұржан «не тындырып, не қойдым» артымдағы ізім қандай деген өмірдің қамшылауымен тіршілік кешіп келеді. Ол Шоқыр Бөлтекұлы атасының лайық­­ты ізбасары, шәкірті ретінде, Қа­зақ­тар үшін ұлттық спорт түріне айналған киелі бокс өнерін өмірге, өмірді киелі бокс әлеміне айналдыра білген ерекше талант иесі. Қазақ халқын бүкіл әлемге мойындатып, еліміздің туын биікке көтертіп, ән ұранын шырқатқан асыл қасиеттің иесі де осы Нұржан Дініқұлұлы.
Бұл орайда Нұржанның мерейі үс­тем болған биік асулары баршылық, оның дүрмекті додалардан алған атағы мен алтын медальдары атан түйеге жүк боларлықтай. Сол жеңісті жолдардың негізгілеріне бір сәт көз салайықшы:
1. КСРО чемпионы;
2. Еуропа чемпионы;
3. Үш дүркін Азия чемпионы;
4. Көптеген халықаралық турнир­лер­дің жеңімпазы;
5. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демек­ші ақ шаршы ринг төріндегі осынау көп жеңістер өздігінен келе салмағаны белгілі. Мұның бәрі ащы тердің кермек дәмін тата отырып, маңдайынан сылып алған ұланғайыр еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесі. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ спортшыларының арасынан шыққан Нұржандай көксеңгірді жыға танымау айрықша бағаламау мүмкін емес. Рас, халық сеніміне ие болудан асқан абырой жоқ. «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды». Нұржан сияқты бақыт құсы басына қонған, қас былғары қолғап шеберін арнайы іздеп келіп, «жақсыдан шарапат» деп жұғыстылығын ырым етіп, балалары мен немерелерін оның отырған орнына аунатып алып, тәу етіп Нұржанның есімін беріп жатқандар қаншама!
Уақыт өз дегеніне көндірмей қой­май­ды. Нұржан да бокспен қоштасып, былғары қолғабын шегеге ілді. Бірақ, үлкен спорттан қол үзген жоқ. Міне, төрт-бес жылдан бері Шымкент қалалық спорт бөлімін басқарып келеді. Көп іс тындырса да менменсіп, көсем­сіп кеуде қақпайтын «бетегеден биік, жусаннан аласа», бірқа­лыпты, мінезі мен жүріс-тұрысынан бір айнымайтын, қарапайымдылығымен, көп тыңдап, аз сөйлеп, өзінің қорытынды ойын бірақ айтатын Нұржандай азаматтың осындай жан-дүниесін білгеннен кейін, одан суыртпақтап сыр тартқанда ғана оның кеудесінің сырға толы қойма екеніне, қазіргі қоғамның дамуына қосып отырған үлесі мен жемісті еңбегінің мәуелі екеніне көз жеткіздік те, өзін сөзге тарттық:
– Үлкен спортпен қоштасқаннан кейін қала басшыларының ұсынысымен Шымкент қалалық спорт бөлімін басқаруға бел будым. Міндет айқын, қала спортын дамыта отырып, облыс намысын, қала берді, республика намысын қорғайтын нарқасқа спортшылар дайындау.
Қалалық спорт бөліміне қарасты арнайы спорт мектептерінде тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақты рухани жан-жақты дамыған, халқымыздың ертеңгі болашағын берік ұстай алатын спортшы-азаматтар етіп дайындау басты мақсатымыз. Сол жастарға тілейтінім, әлемнің бар асылын теріп, оқып-біліп өссе деймін. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жас ұрпақ­тың көбісіне дүниетаным жетіспейді. Дүние­танымды кеңейту үшін өмірдің бар асыл-маржанын теріп оқыса, соны білуге ықыластары мол болып, өмірдің тереңіне бойлай түссе екен деймін.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей барды білсем, жоқты тапсам» дейтіндері ілуде біреу ғана, «арпа ішінде бір бидай» болып қана кездесетіндері. Қоғамдық ортада төрт құбыласы түгел болу үшін, ұлттың ілгері басуы үшін ұрпақ озық ойлы болып жетілсе игі. Қара басының қамы үшін баз өмірді балағынан басып жүргендерді емес, елдің қамын жеп, атын шығару жолында қабырғасы қайы­сатын ұрпақ тәрбиелесек, бәріміз болып.
Оларға адамзат баласының рухани асыл қазынасынан нәр жинақтауға көмектессек үлкен іс тындырған болар едік, – деген пікірін шын жүрегімен жайып салды.
Әр адамның өз «мені» бар. Ол кімде де болса бар. Нұржанның «мені» жеті өлшеп бір-ақ кесетін турашылдығы, асығуды-аптығуды білмейтін сабырлылығы, шыққан тауым биік болды деп кісімсімейтіні, ұлық болса да кішілігін сақтайтын қарапайым­дылығы, жатты да жақсы ісіне қарап бағалайтын әділдігі болар, жастарға үкілеп үміт арта білетін қайырымдылығы. Бірге іс­тейтін қыз-жігіттердің пі­кір­­лерінен бай­қа­ға­ным, Нұржанның бір ғажабы – өз орынба­сарларына, спорт-мектептің басшыларына, бөлім мең­герушілеріне кәміл сенетін және алаңдамай жұмыс істеуге ерік беретіні, жалтақтатпайтыны, қалай қолдаса, солай қорғай алатыны. Ұжым болған соң кейде кездейсоқ кемшіліктер бола қалса, оған кінәлі азаматты оңаша шақырып алып, қуырып жеуге бар да, сөгіс жариялап шала байлауға, елдің алдында сағын сындырып, тауын шағуға жоқ көрінеді.
Міне, осындай бірлігі жарасқан, тату-тәтті ұжыммен кез келген өрелі істі өндіре атқарып, басшылар сенімінен шығуға болатынын, түйгені мол Нұржандай зерек те зерделі көргенді азамат, қасындағылардың қадіріне жетіп барып, оларды құрмет тұтатын асыл қасиеті бар. Кімнің адамгер­шілігі мол, азаматтығы бөлек, міне Нұржан­ның өмірлік безбені осы.
Шымкент өндірісті орталық, қала ішін­де қаншама зауыт, фабрикалар бар. Сол өндіріс орындарында істейтін мыңдаған еңбек адамдарын бұқаралық спортқа тартып, салауатты өмір салтын орнату жо­лында қалалық спорт бөлімі кешенді бағдарламалар дайындап, оны жүзеге асыруда.
Қалалық спорт бөліміне қарасты 5-6 орталықтандырылған әртүрлі бағыттағы спорт мектептері жұмыс істейді. Осы мектептер қабырғасында спорттың барлық түрі бойынша облыстың, еліміздің құрама командаларына мүше болуға лайықты ізбасарлар қатары 30-35 спортшыдан кем болмауы қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.Бұрынғы боксшы ретін­де, қаладағы спорт мектептерінде бокс бөлімдерін ашып, оның жұмысына тікелей өзі басшылық жасауда. Әр басшының өзіне тән жұмыс істеу әдісі мен дағдысы болатыны белгілі. Көптеген мектептер техникалық-базасы жағынан кемшін соғып тұрғанын ескеріп, қызметіне алғаш кіріскен күннен бастап олимпиада мектебі деген атаққа сай болу үшін барлық жаб­дықтау жұмыстарын қолға алды. Барлық спорт мектептерінде бапкерлерге, дәрігерлерге арнайы бөлмелер беріліп, ішін жиһаздармен жабдықтатты.
«Жасыл ел» бағдарламасына сай мек­тептер алды аббаттандырылып, көшеттер отырғызылды. Әр аптаның сенбісі «Мынау – менің мектебім» деген атпен тазалық дәстүрін тұрақты өткізуді дәстүрге айнал­дырған. «Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады» деген аталы сөзге жүгініп әрбір адамға оның лайықты бағасын беру кім-кімнің де арына сын болса керек. Әкім бол, мейлі қара бол, бәрібір. Тіпті зиялылықтың өзі лауазымда, қызметте емес, іс-әрекетте, адами қасиет­тердің астарында жатқан жоқ па? Оны тек танып екшей білу ләзім. Қайраткерлік те, тұлғалық та әркімнің атқарған іс ар­қылы айқындалады ғой. Шымкент қаласындағы «Қаланың құрметті азаматтары» аллеясының қақ төрінде мәрмәр тасқа аты жазылған қаланың атышулы тұлғаларының қатарында тұрған, Нұржан інімізге жақсы атағың жаһанға тарай берсін дейміз.

Алдыңғы «
Келесі »