ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚАҒИДАТТАРЫ

  • 26.04.2013
  • 2542 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жаһанданудың діңгекті қазығы, өзекті идеясы-жекелеген ұлттық мемлекеттерді әлсіретіп, әлем­дік капитализм мен күллі кісі баласына ортақ құндылықтарды, талғам қалыптарын (стандарттарын) (мысалы «бұқаралық мәдениет», «постфордизм», «ғаламдық бір ғана басқару тетігі», т.т.) және білім талаптарын, барлық ұлттар мен халықтар үшін бір мүдделі ғана ортақ саяси-әлеуметтік ойлау жүйесі мен «біртұтас ғаламдық мәдениет» орнықтыру екендігі белгілі. Міне, осы идеялардың іс жүзіне асырылуы үшін жалпы, адамзаттық өмірлік мәні бар мәселелер туралы ғылыми ілім, пәнаралық жүйе және бүкіл әлемдік ауқымда «бұқа­ралық мәдениет» үлгілерінің жиынтығы жасақталуда. Капиталистік қоғамдағы немесе әлемдік деңгейдегі өндірістің ғаламдануын және капиталдың ағымын басқаратын «Ғаламдық капиталист» термині енгізіліп, іске қостырылуда. Жаһанданудың өзегін құрайтын жоға­­рыда аталған бағдарламалық ұста­нымдарды іс жүзіне асыру үшін әр түрлі теориялық постулаттар (талаптар, ой-пікірлер) мен саяси ойындар пай­даланылуда. Сондай саяси тәсілдің бірі ретінде әлем халықтарының санасына «оңшыл» либерализм өкілі стандарты енгізіле бастады. Бұл саясаттың қысқаша мәнін «әрбіреуге өзінікі» деген қағидаға сыйғызуға болады. Әр адам өзінше әрекет жасап, ең алдымен, өз қамын ойлауы керек. Осы себепті мыңдаған жылдар бойы қауымдастық рухында тәрбиеленген халықтың санасында «құндылықтар қақтығысы» пайда болып, зор қайшылықтар тудыруда.


Ал, жаһандық-бұқаралық мәдениет­тің рухани өнімдері – поп-музыка, теле­дидарда және түнгі клубтарда жүре­тін әртүрлі шоулар, ұшы-қиыры жоқ сериалдар, жалаңаш-жалпы клиптер, порно-фильмдер мен эротикалық кітап-журналдар, сенсация қуалаған журналистер өсімтал жастардың ғана емес, ересек адамдардың да санасын жаулап алып, уландырып бағуда. Осылардан кейін, яғни, жұрттан ақша түсіру үшін адамның ұятты сезімдерін қытықтап қоздыратын телерадиоөнімдер, адамның жүрегін түршіктіретін түрлі сенсациялардың арқасында адам бойында ұлттық дүниетанымға орын қалмауы тиіс. Бір сөзбен қайырғанда, бұқаралық мәдениет – мейірімсіздікті, сексуалды ұстамсыздықты, азғындықты (аморализмді) насихаттайтын «лас» өнімдер жиынтығы. Демек, көрініп тұрғандай бұқаралық мәдениет ұлттық пен мемлекеттік тұтастықтың негізгі заңдылығы мен таза халықтық дәстүрлі құн­дылықтарды адам бойынан өшіріп, ұлттық-салт санадан, дәстүрлі мәдениеттен алыстатады. Яғни, жаһанданудың тұрпайы рухани өнімдері кез-келген ұлттың санасының тінін бұзып, ұлттық тәрбие мен тәртіптілік талаптарын теріске шығаруда. Жаһанданудың ең қауіпті сипаты – ұлттық құндылықтарға қарама-қайшы аморальды қылықтарды қоғамдық идеологияға айналдыруында. Күн демей, түн демей, ақпарат құралдары бұқаралық мәдениет өнімдерін оңды, солды таратып жатыр. Мемлекет атынан не айтылса соны дұрыс санап келген әрі қоғамдық санасы тоталитаризм синдромынан әлі де айықпаған ТМД халықтары насихаттық қалыптардан (TV, радио, газет-журнал) дәстүрлі мораль талаптарына қайшы келетін сексуалды мәдениет насихаттала бастағанда оны ресми мәдениет өнегесі ретінде қабылдап алды.
Жаһандық-бұқаралық мәдениет Батыс Еуропа елдерінің өзінде де қоғамның әлеуметтік-мәдени негізін бұзуда. Қазір мұнда бұқаралық мәдениеттің ең жоғары сатысы «бір өлшемді адам» – «homo ludens» туралы көп айтылады. Бұл – рухани мазмұнын жоғалтқан, сауықшыл, елмен бәстесіп, кез-келген жолмен (алдау, арбау, т.б. арқылы) озып шыққанды өмірдің мәні санайтын адамдар түрі. Бұған Батыстағы нашақорлар мен әртүрлі субмәдениет, яғни, хиппи, рокер, рэпер, т.б. антиәлеуметтік дүниетаным өкілдерін қосыңыз. Осыдан барып отбасын құру, бала-шағаны жеткізу, білікті маман болып қоғамда өзінің лайықты орнын алу, елге қамқорлығымен бедел жинау сияқты адамдардың әлеуметтік тілек-мақсаттары қоғамды дамытатын ынталандырушы фактор болудан қалып барады [1.46-47бб]. Ал, мемлекеттік-ұлттық бірегейлікті қалыптастыру негізінде әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятын, көпшіліктің мүддесі үшін жеке бастың құмарлықтарын екінші қатарға ысыратын рухани құндылықтар ғана жатса керек. Демек, жаһандық бұқаралық мәдениет пен ұлттық мәдениеттің мазмұндарын құрайтын құндылықтар топтамалары бір-біріне мүлдем қарама-қайшы дүниелер.
Көпұлтты Қазақстан жағдайында жаһандық бұқаралық мәдениет экстремистік бүлдірушілік әрекеттерге бой алдыруы мүмкін. Себебі, әсіре ұлтшылдық рухани жетімсіздігінен белгілі бір ұлтқа тән салт-санаға, дәстүрге негізделген рухани-интеллектуалдық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірте алмауы мүмкін. Өйткені, бұқаралық мәдениеттің келе-келе радикалды әрекеттерге итермелейтін әдеті бар. Егер, рухани-мәдени бірегейлігі қалыптаспаған қоғамды бұқаралық мәдениет кеулеп кететін болса, міндетті түрде апатиялық немесе экстремистік, радикалды қозғалыстар туындайды. Оған мысал – АҚШ-тағы хиппилер мен Ресейдегі скинхедтер қозғалысы. Қазақстанның жағдайы да мәз емес. Бұқаралық мәдениет үлгілері жылдан жылға жастардың санасын тереңдете жаулап алуда.
Мәдениет – біріншіден, материалдық һәм рухани құндылықтар жиынтығы. Құндылықтар салауатты әлеуметтік белсенділікке бастаса ғана рухани құндылық болып саналады. Екіншіден, мәдениет – қоғамның рухани өмірінің жемісі. Яғни, ол – діни һәм ұлттық дүниетаным, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, бірлікке шақыратын символдар жүйесі. Үшіншіден, мәдениет бұл қоғамға пайдалы белгілі бір кәсіпті игеру, сол кәсіпке керекті білім мен тәжірибе жинақтау. Төртіншіден, мәдениет – адамның алған біліміне, тәрбиесіне қарай әлеуметтік мінез-құлқы, қоғамдық орындардағы биязы жүріс-тұрысы һәм пайдалы қарекеті. Сонда, мәдениет дегеніміз – қоғамның бірегейлілігіне негіз қалайтын рухани құндылықтардың, адамдардың өзара түсіністік қарым-қатынас қағидаттары мен ұлттың қоршаған ортаға, табиғатқа көзқарасының жиынтығы. Мәдениет өз құрамына міндетті түрде тарихи жадыны, әдет-ғұрыптарды, діни сенімдерді, киім үлгілерін, ұлттық тілдерді, діни ритуалдарды қамтиды. Ал, жалпы адамзаттық құндылықтар деп жүргеніміз осы ұлттық құндылықтардың ортақ, әмбебап қағидалары. Сонда, «бұқаралық мәдениеттің тұрпайы үлгілері» дегеніміз кез-келген мемлекеттің тұтастығының, тұрақ­тылығының, экономикалық, ғылыми-технологиялық дамуының тірегі болатын шынайы мәдениетіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына, мінез-құлқына жат жалпы адамзаттық құндылықтарға қайшы құбылыс болып шығады. Олай болса, жаһанданудың ұлттық мемлекеттердің ішкі бірлігін, мәдени тінін бұзатын зиянды ықпалы – тұрпайы бұқаралық мәдениет үлгілерін насихаттауы екені даусыз. «Бұқаралық» ұғымына «мәдениет» сөзін тіркеп айтамыз, өйткені, ол адамдардың сөзжасам заңдылығынан, сөйлеу ыңғайынан шыққан дүние. Олай болса қазір, барлық дамушы елдердің, әсіресе, өз егемендігіне жаңадан ғана қол жеткізген жас мемлекеттерінің жаһандануды өздерінің ұлттық бірегейлігі негіздеріне қауіпті санауы заңды құбылыс.
Жаһанданудың елімізге мәдени ықпалы нарық заңдылықтары арқылы да енуде. Жаһандану үрдісінің қозғаушы күші капитализм десек, адамдардың жаппай маргиналдану процесі алғаш осы капитализммен бірге туындаған болатын. Кеңес Одағының тарауына әлемдік капитализмнің қысымы да әсер еткені белгілі. Жеке мемлекеттердің ендігі дамуы Батыстық дамыған елдердің қаржылық көмегі арқылы ғана іске асуда. Қазіргі Қазақстанда да өндірістік процеске қатыспайтын, нарыққа керекті кәсіп игермеген адамдар саны жетіп артылады. Мұндай адамдардың көбі қазіргі өндірістің кәсіби талаптарына жауап бере алмайды. Сондықтан, қазіргі Қазақстанда да маргиналдар тобы пайда болды. Ереуілге, қақтығысқа бейім, ашу-ызасын шығаратын жол іздеп, қыстығып жүргендер, утопистер, «халифат», «джиһад» идеясын іске асыруды аңсайтын діни фундаменталистер, т.б. антиәлеуметтік энергия иелері, осы маргиналдар арасынан шығады. Бұл адамдарға тән психологиялық теріс қасиеттер мыналар: өмірін жоспарлауға дәрменсіздік, нашар тұрмыстың себебін білмеу, өмірде жолы болмағандықтан, қоғамға деген өкпе мен өшпенділік, өте ұшқары қимылдардан, тіпті, террорлық әрекеттен де тайынбау, өз құқықтарын білмеу, білімнің жоқтығынан экономикалық-қоғамдық өзгерістерді түсінбеу, соның кесірінен жеке дүниетанымының қалыптаспауы.
Халықтың маргиналдануын экономикалық-әлеуметтік дағдарыс, бір жүйеден екінші жүйеге өту процесі және ауыл халқының қалаға жаппай көшуі күшейтіп отыр. Осының кесапатынан Қазақстан жастарының бойындағы этникалық құндылықтар жойылуда және олар бұқаралық мәдениет өнегесін тез қабылдауда. Сөйтіп, қазір жастардың біршама бөлігі ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін жоғалтуда. Мұны біз қылмыстың, маскүнемдік пен нашақорлықтың, жезөкшеліктің, радикалды діни догмаға көзсіз сенушілердің көбеюінен байқаймыз. Бұл, әрине, адамдардың өз өмірлерінің мәнін жоғалтуына ұласады. Рухани қайыршылыққа түскен адамның бойынан білімге, кәсіп игеруге, салауатты өмірге деген ықыластың жойылып кететіні белгілі. Бұл жағдай әлемдік көлемде де қарқынды жүріп жатыр. Трансұлттық корпорациялардың, әлемдік қаражат рыноктарының бүгінгі әрекеттері жердің күнгей бөлігіндегі мемлекеттердің кедейлене түсетінін білдіреді. Индустриалды мәдениеттің қарапайым жұмысшысын дайындауға 100-150 мың АҚШ доллары кететінін, ал технологиялық өндірісті жүргізетін басқарушы маманды дайындауға 800 мың АҚШ доллары кететінін ескерсек [2.60 б], біздің елде де әлеуметтік саланы, яғни, денсаулық сақтау саласын, білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, отандық өндірісті дамыту көп қиындықтар тудыратындығын болжауға итермелейді.
Болашақта маргиналдану процесі баяу­лағанымен, жалпы жалғаса беретіндігі анық. Себебі, бүгінгі таңда маргиналдар кез-келген дамушы мемлекет халқының біршама бөлігін құрайды. Өз өміріне риза емес, билік басындағыларға деген өшпенділігі асқынған азаматтарға көбінесе геосаяси мақсат көздеген радикалды саяси күштер мен экстремистік діни ұйымдар үйір келеді. Сондықтан, жаһанданудың ықпалы ұлттық мемлекеттердің саяси егемендігін шектеп ішкі саяси тұрақтылығын сақтауға кері әсер етуі мүмкін, оған дәлел ретінде соңғы екі жылдан бері араб мемлекеттерінде болып жатқан «араб көктемі» деп аталатын атыс-шабыстарды мысалға келтіруге болады. «Батыстың» дамыған мемлекеттерінің айдауымен болған бұл теке-тірестер мыңдаған адамның өмірін қиып кетті.
Сондықтан, өз егемендігіне жаңадан ғана қол жеткізген Қазақ мемлекеті елді мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың көңілінен шығатындай саясат ұстануы тиіс. Демократиялық қағидаттарға баса назар аударып, ел бірлігі, ұлтаралық ынтымақтастық пен өзара құрмет, діни келісім мен түсіністік, нарықтық кеңістіктің ортақтығы мен заңдардың бірегейлігі, демократиялық институттардың орнығуы, азаматтық қоғам қағидаттарының іс жүзінде іске асырылуы сияқты мәселелерді тұрақты түрде күн тәртібінде ұстап, уақытылы әрі оң шешіп отыруы қажет.
Қазақ мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігі, ең алдымен, жас тәуелсіз мемлекетіміздің еге­мен­дігін, саяси тұрақтылығын, ішкі бірлігін сақтау болып табылады. Ол үшін «… адам мен адамзаттың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету елде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты сақтау; Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және Қазақстан халқының бірлігін нығайту; Қазақстан қоғамының материалдық және рухани құндылықтарын сақтау мен еселей түсу; Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның ішінде мемлекеттік тәуел­сіздігінің, тұтастығының, мемлекет шекарасына қол сұғылмаушылық пен ел аумағының бөлінбестігінің бұлжымас бірлігі»[3] болуы тиіс.
Оразбек Нұсқабаев,
профессор,
Индира Мусирепова,
А. Ясауи атындағы ХҚТУ-інің
магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:
Қадыржанов Р. Консолидация политической системы Казахстана: проблемы и перспективы. –Алматы, 2009-127с.
Амирова А. Этнический аспект маргинализации // Этнические проблемы социольно-политического развития РК Материалы междун.науч.-теор.конф.,-Алматы, 2002.-С.58-61.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы заңы.//http://www.unesco.kz.

Алдыңғы «
Келесі »