Қазақстандағы кітап таратудың тарихи тәжірибелері

  • 26.04.2013
  • 1216 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кітапты бастыру ғана емес, оны ел ішінде таратып мәдениеттің үлкен құралы ету мақсат.
Ғ.Мүсірепов
Кітап – адамзат тарихындағы тұңғыш бұқаралық ақпарат құрал. Оның шығуы, дамуы жазу мәдениетімізбен тығыз байланысты. Арғысы тас кітаптан, одан ғана қағаз бетіне түсе бастады. Сол дәуірдегі біздің алғашқы қолжазбаларымыз – әл-Фарабидің, М. Қашқаридің шығармалары екені белгілі. Кiтапты тауарға айналдырып тарату, оны саудаға түсіру, оның сонау папирус бумасы, күйдiрiлген балшыққа, тақтайшаға не қайың қабығына жазылған түрлерiнен басталғаны белгiлi. Тiптi, сол замандарда-ақ, қолжазба кiтапты көшiретiн орын даяр өнiмдi, яки қолжазба кiтапты сататын дүкендер де болған. Көне гректер кiтап сатушыны библиопол деп атапты. Осы сөзден француз кiтаптанушысы Г.Пеньо «Библиология жөнiндегi түсiндiрме сөздiк» деген кiтабында «библиополистика» атты термин туғызған. Бүгiнде библиополистика алғашқыдағыдай кiтап саудасы деген ғана мағына емес, кiтап саудасының теориясы, тарихы, ұйымдастырылу негiздерi деген ұғымдарды бiлдiредi.


Папирус қағаздары мен ағаш қабығына, теріге, жарғақ бетіне ою-өрнек арқылы жазылған кітаптарды сауда айналымына шығару, әуелі Көне Шығыс мемлекеттерінде бой көрсеткен. Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римнің кітап сатушылары тұңғыш рет кітап сату жабдығын жасап, оларды орналастыру, жарнамалау шараларын жүзеге асырды. Батыс Еуропада XIII-XIV ғасырларда университеттер мен ірі монастырьлар жанында кітап сатушылар корпорациясы құрыла бастаған. Мұнан соң, қолжазба кітаптарды, ксилографиялық әдіспен немесе ағаш бетіне түсірілген өрнектер арқылы алынатын басылымдарды таратумен айналысушы тұрақты кітап рыногі ашыла бас­тады. Көне Русьте кітап саудасы тұңғыш рет Григорий Печорский заманында (шамамен 1120-жылдары) пайда болып, І Петр реформалары тұсында айтарлықтай өрістеді. Мәскеу университеті жанынан ашылған кітап ләпкесінің қызметіне М.В. Ломоносов та көңіл бөліп отырған. Санкт-Петербург Ғылым академиясы жанынан құрылған Кітап палатасы академияның өз басылымдарын сатумен әрі сырттан кітаптар әкелумен айналысты. Ресейдегі кітап саудасының дамуына, оқырмандарға бағыт-бағдар беріп отыратын «Кітап хабаршысы» (1884-1916), «М.О. Вольф серіктестігіне қарайтын кітап дүкендерінің хабаршысы»(1897-1917), «Кітап биржасы»(1905-07), «Книжник»» (1898-1912). «Кітап сатушылар хабаршысы»(1900-05), «Кітап, оқу және кітапхана ісі хабаршысы» (И.Д.-Сытин серіктестігі, 1907-11) сияқты газет, журналдар ықпал етті.Ал, Қазақ даласында кітап тарату Ұлы Жібек жолдары арқылы дамыды. Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай жөңкілген сауда керуендері қазақ жеріндегі кітап саудасына айтарлықтай әсер етті. Қазақ топырағынан шыққан ғұламалар мен ойшылдар, қарапайым жұртшылық әлемде болып жатқан мәдени өзгерістер мен жаңалықтар туралы сол кітаптардан мағлұмат алды. Қытайдан, Бұхара мен Ташкенттен келетін кітаптардың қатарын Ресеймен қарым-қатынас күшейгеннен бастап Қазан, Уфа, Орынбор қалаларында жарық көрген кітаптар толықтыра бастады. XVIII ғасырдың ортасында Стамбулдан Қазақстанға түрлі діни кітаптар, көбінесе Құран кітабы жеткізілетін. Кітап бағасы өте қымбат болатын. Оған тек феодалдар мен ақсүйектердің қолы жететін.
Қазақ даласында арнаулы кітап таратуды жүргізетін құрылымдар болмағанмен, оның қызметін әл-ауқаты жоғары қазақ байлары мен татар саудагерлері атқарды. Қазақстандағы кітап тарату, кітап саудасының дамуы тек XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басынан басталады. Кітаптардың көбі Петербургтан, Мәскеуден, Қазаннан жарыққа шығатын.Олардың көпшілігі діни сипатта болған. Кітап тарату ісінің ары қарай дамуы деп қазақ жеріндегі кітап дүкендерінің ашылуын айтуға болады. Ең алғаш 1895 жылы Верныйда капитан Шавров, Семей қаласында Косарев кітап дүкенін ашады. Сол ретпен, кітап дүкендері біртіндеп Қостанайда, Шымкентте, Жамбылда ашыла бастайды. Алғашында бұндай дүкендер жеке меншік болатын. Көп жағдайларда бұл – аса ауқатты емес, табысы орташа, бірақ көзі ашық азаматтардың дүкендері еді. Дегенмен, кітап саудасы айтарлықтай табыс көзі бола алмады. Саудагерлер үлкен табысқа жете алмай, көп шығынға ұшырайды. Мысалға, Орал қаласындағы «Знание – сила» (Күш – білімде) деген дүкен 1840 жылы ашылып, кейіннен көп шығынға батып жабылды.
Кітап басылымдарының Қазақстанға өтуі бірнеше жолдармен жүрді. Мәселен, буржуа­зиялық-демократиялық революция тұсында елімізге таралған кітап салыстырмалы түрде көп болды. Бұл, әлбетте, жер аударылып келген социал-демократтардың әсерінен еді. Айталық, 1904 жылы Орал қаласына Петербургтен жер аударылып келген Н.И.Шилова үйірме ашып, «Жұмысшыларға жолдау» сияқты түрлі үгіт қағаздарын таратты. Осындай үгіттеу-насихаттау жұмыстарын жүргізу барысында белгілі әдебиеттерді де таратты. Қостанай, Орал, Верный, Семей және басқа да қалалардағы кітап дүкендеріндегі әдебиеттің көпшілігі марксистік-лениндік бағыттағы классиктердің шығармалары мен революционерлердің шығармалары еді. Сол тұстағы ең жақсы жаңалықтардың бірі деп кітап дүкендеріне түскен жаңа кітаптар туралы «Степь», «Уральский дневник» газеттерінде жарияланып отыратынын айта кетуге болады. Яғни, осылай оқырмандарды тарту жұмыстары жүргізілді. Ал, 1913 жылы елімізде 14 кітап дүкені болды. Олар қазақ, орыс, татар, араб тілдеріндегі кітаптарды сатумен айналыс­ты. Сонымен қатар, социал-демократтық бағыттағы кітаптар мен брошюралар да кітап саудасында елеулі орын алғанын айта кеткен жөн. ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қазақ жерінде кітап саудасын жүйелі жолға қоюға А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Сералин сынды ағартушыларымыз зор үлес қосты. Бірақ, Қазақстандағы кітап тарату және кітап саудасында үлкен кемшіліктер байқалды. Бұл – КСРО Мәдениет министрлігінің қарамағындағы кітап сатушы ұйымдардың қателігі еді. Олар ха­лық сұранысын дұрыс меңгермей, тапсырыс жасауда қателіктер жіберді. БАҚ арқылы насихаттау, жарнамалау жұмыстары мүлдем жүргізілмеді. Ал, бүгінде тәуелсіз Қазақстанда кітап нарығы қандай жағдайда?! Қандай кітап, нақтырақ айтсақ, қандай жанрда жазылған кітап өтімді? Шындығында да, мамандардың айтуы бойынша, өтімді деген кітаптардың қатарына адам рухын ізгілікке тәрбиелейтін, адамгершілікке шыңдайтын кітап емес, сюжеттері негізінен қанды қырғынға, зорлыққа, атыс-шабысқа құрылған және түрлі махаббат оқиғаларына, онда да берер тәрбиесі, өнегесі жоқ дүниелер өтімді болып отыр. Мұндай тақырыпқа жа­зылған кітаптарға қылмыс, түрлі арзан қол махаббат хикаяларын жазуға маманданған журналистсымақтардың шығарып жатқан сары басылымдарын қосыңыз.
Кітап нарығы. Кітап маркетингі қазіргі таңда өзгерістерді бастан кешіруде. Кітап сату­дың әдістері мен формасы түбегейлі өзгерді. Өзгерістерді жан-жақты байқауға болады. Кітап кәсіпкерлігінде ескі дәстүрмен қатар, жаңа үрдіс те қатар жүріп келеді. Маркетинг техникасы ұғымы, кітапты өзгертудің жаңа жолдары пайда болуда. Қазақ кітабын сату оңай шаруа емес. Қазіргі фирмалардың қай-қайсысының да, сауда айналымындағы тауарлардың дені шетелден әкелінген кітаптар. Ал, қазақ кітаптары тек бір сөредегі әдебиеттерді құрайды. Бұл қазақ кітабын ешкім алмайды деген ұғымды тудырмау керек. Фирмалардың дүкеніне жеткенше кітаптың басынан талай шырғалаң өтеді. Кітап құны жоғарылайды. Сөреге түскен кезде, қазақ кітабының бағасы оқырман қалтасының мүмкіндігінен жоғары болып жатады. Егер, мемлекет елдің бюджетіне кітап саудасы мен салығына қаншалық аз ақша түсетінін есептесе, онда көп салықты жеңілдіктермен азайтар ма еді?! Осы көп салықтың арқасында елімізді өз кітаптарымыздан алшақтатып отырмыз.
Кітап тарату ісінде жарнаманың, маркетингтің атқаратын рөлі зор. Шығарылып жатқан кітап­тарды халық арасына кеңінен таныстырып, насихаттап, оны өткізудің түрлі тәсілдерін жүзеге асырып, өткізудің тиімді жолдарын қарастыру – міне, осының бәрі кітаптың өтімділігін арттырады. «Жол мұраты жету» дегендей, кітапты басып шығару мақсаты – оны тарату, өткізу.
Ақбота Исләмбек,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті

Пайдаланылған әдебиетТЕР:
1. Елеукенов Ш. Кітаптану негіздері. Алматы, 1997.
2. Греховодов Н. Книжная торговля в Казахстане. Алма-Ата,1973.
3. Говоров А. История книжной торговли. М.,1966.
4. Поливановский С., Корнюшко Ф., Советская книжная торговля М.,1964.

Алдыңғы «
Келесі »