Маңғыстау ақындарының діни дастандары

  • 26.04.2013
  • 866 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Имандылықтың астарында діни, рухани сенім (духовная вера) жатыр. Діни психологияны зерттеуге тырысқан К. Платонов «Психология религии» еңбегінде [1, 11-15 бб.] діни сананың адаммен бірге туғанда емес, кейін қоғамдық өмірге араласу барысында қалыптасатынын дәлелдейді. Бұл қағиданың да жөні бар. Егер, ақылмандық, діни ұстанымды керек етпеген болсақ, өз отбасымызды бірлікте ұстау, одан соң, рулы елді билеу болмаған болар еді. Сондықтан, ислам дінінің тағылымдық, нақлияттық мәні, осынау, маңызы терең ізденісте жатыр. Ислам дінінің көшпенді қазақтар өміріндегі мәні мен маңызын, қазақ арасына келу, таралу себептерін, дінді халықтың ұстану дәрежесі жөнінде дінтанушылар, философтар, психологтар, т.б зерттеп келгені мәлім. Біз жұмысымызда ислам дінінің таралуын кең ауқымда сөз етуді мақсат етпедік. Тек Батыс өлкесі ақын-жырауларының тілінде діни терминдердің жиі ұшырау себебін айқындау мақсатында діннің тәрбиелік, өнегелік жағына мән бердік.


ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген Батыс өлкесінің ақындары – арабша сауаты мол, дін шарттарын жете меңгерген, ис­лам дінімен шөлі қана сусындаған, имандылық, адалдық сезімдері бойларында нық орныққан, халқының салт-дәстүрлерін жете меңгерген, ұл-қызына ұлағат иірімдерін қалдырудан аянбаған сөз зергерлері. Бұл өлке ақындарына тән ерекшелік – дін жолын берік ұстанғандығы. Ислам дінінің адамды моральдық-қоғамдық принциптерге сай тәрбиелейтіндігін ескерсек, исламның басты міндеті де имандылық, парасаттылық, терең тәлім иесін, басқа да адам бойында оң қасиеттерді қалыптастыру болып табылады. Олардың ұл-қызына беретін өнегесі «Тойбастарында» «бісмілләдан» басталады, перзентінен айрылып, қара жамылғанда да Алланың әміріне мойынсұнып, о дүниенің «машақаты мен рахатын», тариқатын діни түсінікпен жеткізді, ақындары сөз қағысында өткен шайхы-пайғамбарлардың өмір жолынан діни сайысқа түсті, имандылық пен инабаттың өзегін де, олар адал тәрбиеден көрді, елге жет­кен жұт, шығынның себебін, астамшылық алапатты ел ішіндегілердің берекетсіздігінен, қанағатқа тоқтамағандығынан көрді. Сон­­­дықтан, түптеп келгенде, діни сеніммен бір­ге шайхылықтың, сопылықтың, Алланы тану­шылық, мұсылманшылықтың негізі осы киелі өлкенің өз ерекшелігі деп түсіндіруге болады.
Діни сенімдердің Жібек жолымен, үндіден Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы будда діні, ал, Сириядан Иран мен Арабтан әуелі христиан діні, артынша ислам діні таратылғанын ғалым К. Байпақов [2, 30 б.] атап көрсеткен еді. Жібек жолы арқылы ислам діні, манихей діні, несториандық діни ілім, будда діні тараған. «Бұл жолдың тармақталған бір бұтағы, дәлірек айтқанда тағы бір жол Византиядан Дербент арқылы шығып, Каспий жағалауын – Маңғыстауды – Арал жағалауын – Оңтүстік Қазақстанды кесіп өтіп, …негізгі жолға келіп қосылады. Ал, …негізгі жол сорабы Сирия – Иран-Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас алқабы – Шу алқабы – Ыстықкөл қа­зан шұңқыры – Шығыс Түркістан ар­қылы тартылды» [2, 9 б.]. Сондықтан, Ба­тыс ақындарының дәстүрлі тілінде аузына «бісмілләсін» алып, сөз бастауының бір себебі – осы діни түсініктің кеңдігінен болса керек. Ал, негізінде мұсылмандық шығыс әдебиетіндегі басты ерекшелік – алдымен Аллаға, одан кейін Мұхаммедке мадақ арнайтындығы. Көркемдік тұрғысынан алғанда, Батыс өлкесінің діни ағартушы ақындарында дәстүрлі жырдың мақамдары мен ұйқастары кездесіп қалуын мұсылмандық идеяны қарапайым халықтың түсінік-танымына бір табан жақындатуымен және де ақындардың жеке шығармашылық потенциалынан хабар беретіндігімен түсіндіруге болады. …Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады» [3, 228 б.]. Ендеше, Батыс өлкесі ақындарының Алланы – Хақ, Тәңіріні – ұлы деп тануы оларды өзге ақындық дәстүр мектебінен дараландырып тұратын ерекшелік. Ақындардың тілінде сөз басын «бісмілләдан» бастау терең тағылым алған дәстүр ізі. Абайдың өзі «әуелі аят, хадис – сөздің басы» деген емес пе еді?!
Сәттіғұлдың өсиет, көңіл айту, жоқтау өлеңдерінде Алланың ісін мойындау, ажалға арашашы бола алмау, қазаға сабырлық ету қажеттілігі айтылса, Нұрым мен Қашағанның сынақ айтыстарында, Ұзақбай, Түмен айтыстары, Көкен, Ыбырайым ахұнның діни жұмбақ айтыстарында адамзат баласының жаратылысы, Пайғамбардың өмір жолы жөнінде терең мәліметтер келтіріледі. Батыс өлкесі ақындарына осы ерекшеліктеріне қарап «діни-ағартушы ақындар» деп атау бергенді жөн санадық. Өйткені, Батыс өлкесінде 1870-1896 жылдар аралығында отызға тар­та мұсылман мектептері жұмыс істеген. Шаруа­шылық ауқымында бұдан басқа да Мәмбетнияз, Нұрнияз ахұн, Сонабай, Әміре, Масат мешіттері халыққа білім нәрін сепкен [6, 116 б.].
Ұзақбай жырау:
Қолына іршат хат алып
Әзірет ишан атанып,
Зәкіржан пірден бата алып,
Мешіт салып ортадан.
… Оның кейін артынан
Нұрнияз, Тәжі, Медетбай
Атақ алды ахұндық
Дарияның көзін ашқандай [4, 530-531 бб.].
Ақындардың бір-бірінен дүниенің жаратылысы, өмірдің мәні, Алланың құдіреті жөнінде діни жұмбақпен тұспалдап сөз қағыстыруы, сынау айтыстарында мүдірмей жауап беруі, шешендікпен ой толғауы өлке ақындарының діни сауатының молдығын, көз қарақтылығын тағы да айқындай түседі. Алланы сүю, ислам дінінің уағыз жолдарын ұрпағына үйрету жолына өлең-жырларын арнаған Түмен ақын:
Қырық жылдай құрт жеді
Денесін Айуб пайғамбар,
Қыңқ етпестен сонда да
Мойынсұнды Аллаға
Қабағын бір де шытпады, – [4, 331 б.] деп құран сүрелерінен мысал келтіріп, Сәттіғұл ақынның баласы қайтыс болғанда көңіл айтады, ақынды сабырлы болуға, беріктікке үндейді. Мұндай үндестік Сыр өңірінің ақыны Базар жырларында да байқалады [ 7, 84 б.].
Ізбас ақынның Маңғыстаулық Қашаған мен Сәттіғұлға жұмбақ жасыруында да діни түсінік, діни сауаттылық мәселесі сөз болады. Ізбастың жұмбағы:
Бес дуадақ, бес аққу,
Отыз екі үйрек жолдасы
Ағашына қарасақ,
Пейіштен екен хұрмасы,
Тұлғасына қарасақ
Аспан мен жердің арасын
Тіреп тұрған тұлғасы
Бар жақсылардың жолдасы,
Жамандардың оңбасы [8, 274 б.].
Сонда, Сәттіғұл ақын Ізбастың адамға жөнсіз тиісер орынсыздығын бетіне баса отырып, сауалына былай жауап беріпті:
Бес дуадақ, бес қуың –
Бес намаз бен бес парыз,
Отыз екі үйрек дегенің –
Бес уақыт намазға
Отыз екі рет жығылған,
Оқымаған пендеге
Арылмайтын бұл қарыз.
Пейіште құрма дегенің –
Он екі қамар ішінде
Рузаның айы еді,
Жәннәттің мекен-жайы еді,
Тұлғасы үлкен дегенің –
Сауабының көптігі
Жер мен көкке сай еді,
Жақсыға жолдас дегенің –
Ораза, намаз тұтқандар
Иманға ғана бай еді,
Жамандар оңбас дегенің –
Құл болмаса Құдайға,
Келіп тұр мұның қай жері? [8, 275-276 бб.].
Сәттіғұл ақынның ой саптауынан жақсы адам − ораза, намаз ұстаған адам, ал, дін жолына түспеген, құранның, діннің шартынан бейхабар, сауатсыз адам – Құдай алдында қарыздар. Сонымен, діни сауаттылықтың ошағына айналған Батыс өлкесі ақындарына шежірешілік, дінді берік ұстану принципінің тән екендігіне көз жеткіздік.
Ислам дінімен орайлас туған сопылық дәстүр сарынының да осы өлкеде әсері тимей қалған жоқ. Елін аруақты қасиетімен табындырған Бекет атаның, ерлік дастан тудырып, Кеңес өкіметінің орнаған шағын қуанышпен жырлаған Сәттіғұлдың, шежіреші Ыбырайым ахұнның жыр жолдарында сопылықтың сарыны байқалады. Сәттіғұл ақын:
Пайғамбар, шайхы, мүждәһәт,
Күндіз-түні тынбастан
Зікір айтып зарлапты-ай,
Уақытылы ажалдан
Артында бірі қалмапты-ай. [8, 150 б.]
Сондай-ақ, ақын Өмір Қараұлы:
…Ғалымдықтың белгісі
Таспих атқан азаннан.
…Алланың асыл құлдары
Зікір айтып зарлаған,
Шүкір етіп барлаған,
Сабыр етіп шыдаған,
Өз нәпсісін сынаған, – [4, 216 б.] дейді.
Аллаға ғашықтық, Нұрдан жаратылу сарыны ежелгі мифологиямен де байланысады. Ислам дінінен тараған түсінік бойынша, адамның жақсы қасиеттері ол нұрдан бастау алады, нұр – қазақи фәлсафада мәңгілік нәрсе…[9.]. Діндар ақын Шал Құлекеұлының ұж­дандылыққа үндейтін, «һауа анасы мен Адам атаның адресіне қалжың айтуы» [10, 6 б.], сондай-ақ Мұхамедтің Нұрдан пайда болғандығын жырға қосуы моралист ақынның діни сауаттылығын мойындатып қоймай, ұлы тұлғалардың жаратылысы ерекше, олар Нұрдан пайда болады деген қағиданы дәлелдеуге тырысуында жатыр. Белгілі бір тұлғаның бойына өзгеше бір құпиялылық пен даралықты жасыру үшін оларды Нұрдан жаратқан. Будда, Иса, Заратуштра пайғамбарлар да осы қасиетпен ерекшеленген. Ғұлама ғалым Әл-Фараби ғылымның нұрдан жаратылғанын айтады.
Ғалым Ш. Елеукенов қазақтың батырлық жырларындағы халық қамын ойлап, елді сырт жаудан қорғауға белін буып кірісетін жанкешті қаһармандық қашан да жарық нұрдан жаратылатынын айтқан [11, 44 б.]. Ойрат ханы Галданның да (1644-1697) жаратылысы, тумысы бөлек жан екендігі белгілі: «Матерью его был крупный нарост на дереве, а отцом – птица урун. Из об­лаков, из тумана он явился, происходящей от облачного божества Хурмустын, потомок небожителей» [12, 9 б.].
Дәл осындай жаратылыс Оғыз қағанның алғашқы жары Нұрсұлу да Нұрдан пайда бол­ғаны, жалпы «Нұрдан жаралу» желісінің шығыс сюжетіне құрылған қазақ хисса-дас­тандарына ортақ болып келетінін ғалым Алма Қыраубаева атап көрсеткен еді.
Шындығында, халықтың діннен таяныш іздеуі, өзіне жан тазалығын әкелетін Жаратқанға тәуба ету арқылы, бойын тазартуды мақсұт еткен тәрізді. Исламиятта мұсылмандық бес парызды ұстау қандай міндетті болса, Абайда «Руза, намаз, зекет, хаж − талассыз іс». Оған Абай қарсы емес. Бірақ, 38-сөзінде: тағрифатқа (дін жолына) адам еріп кетсе, дүниенің ойран болатындығын айтып жеткізеді. Ақын жер бетіндегі пенденің көруі, орындауы, сезуі тиіс нәрселерді, егер, ол дінге беріліп кетсе, кім істейді деген сау­ал тастап, ойдың сергектігіне мән беруді ұсы­­нады. Бұл арқылы, Абай екі ірі ағым: панисламизм және пантюркизмге қарсы тұра білді, яғни, Абайдың діни және ұлттық фанатизмге жол бермеуі адамды Құдайдың сүйген құлы ретінде тану, сондай-ақ, барлық діні өзге ұлттардың арасында ынтымақ, достық отының жағылуын туысқандық тұрғыда орайластыра қарастыруымен түсіндіріледі.

Анар Бүркітбаева,
филология ғылымдарының
кандидаты, Ш. Есенов атындағы
Каспий мемлекеттік технология және
инжиниринг университеті.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Платонов К. Психология религии: Факты и мысли. – Москва: Политиздат, 1967 – С. 11-15.
Байпақов К. Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және Ортағасырлық Қазақстан. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 208 б.
Абай Құнанбаев. Шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1968. – 2 т. – 252 б.
Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1997. – 384 б.
Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1997. – 384 б.
Базар жырау. Шығармалары / Құр.: Ш. Алдашев. – Алматы: Жазушы, 1986. – 200 б.
Жанғабылұлы С. Аманат: Өлең-толғаулар, жыр-дастандар / Құр.: Ж. Жылқышыұлы. – Алматы: Ер-Дәулет, 1996. – 386 б.
Қыраубаева А. Елдік рухты әдебиет қалыптастырады // Заман-Қазақстан. – 1997. – 9 мамыр.
Шал ақын Құлекеұлы. Шығармалары. Зерттеулер / Құр.: С. Қосанов, Т. Әлібеков. – Алматы: Дайк-Пресс, 1999. – 264 б.
Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. – Алматы: Жалын, 1997. – 368 б.
Кычанов Е.И. Повествование об ойратском Галдане Бошокту хане. –Новосибирск: Наука, 1980. – 190 с.

Алдыңғы «
Келесі »