Экономикалық терминдердің зерттелу тарихынан қысқаша мағлұмат

  • 26.04.2013
  • 2635 рет оқылды
  • 1

20-30 жылдары совет тіл білімпаздары техника терминдері туралы бірталай құнды еңбектер жазғаны белгілі. (Қараңыз:Чаплыгин С.А.,Лотте Д.С. 1937). Негізінен, терминдерді зерттеуде және оның қоғам үшін мәнін, маңызын анықтауда А.Реформатскийдің, В.Виноградовтың, О.Ахманованың, И.Протченконың, Р.Будаговтың, К.Мұсаевтың, Л.Скворцовтың, В. Даниленконың, Т.Канделакидің, А.Сперанскаяның, И.Волковтың, М.Гасымовтың, т.б. зерттеуші-ғалымдардың рөлі орасан зор. Бұл жөнінде қазақ түрколог тіл­шілері: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ә.Қайдаров, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, Ә.Әбдрахманов, С.Исаев, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев қазақ тіл білімінде құнды пікірлер қозғап, қазақ терминологиясының дамуына сүбелі үлес қосқандарын атап кетуге болады. Ал, «термин» деген ұғымның өз басына келсек, күні бүгінге дейін бұл жайлы бірыңғай пікір қалыптаса алмай келеді (Ө.Айтбаев. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы.Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы. 1988.86.). «Термин» – бұл арнаулы қолданыс саласындағы ғылыми немесе өндірістік-технологиялық ұғымның атауы болып табылатын және дифинициясы бар сөз немесе сөз тіркесі (Прохорова Б.Н. Актуальные проблемы современной русской лексикологии. М. Изд-во МГУ.1973.стр.40). Ғылыми анықтағыш еңбек «Советский энциклопедический словарь» (Москва. 1980) термин жөнінде мынадай анықтама береді, термин рим мифологиясында шекара құдайы және ол «шекара», «шек» деген ұғымды білдіретін латын сөзі. Термин (ағыл) дегеніміз арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды дәл белгілеу үшін жасалған (қабылданған, енген және т.б) тілдегі арнайы сөздер мен сөз тіркесі. (Ахманова О.С.Словарь лингвистических терминов.М.1966). Қазақ Совет энциклопедиясында да негізінен осы типтес анықтама берілген: «Термин, атау-ғылым сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды дәл атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері (Қазақ Совет Энциклопедиясы Алматы.1977.2-т.).


Тіл білімінің белгілі мамандарының бірі А.А. Реформатский термин мен терминология ұғымының теориялық мәнін ашып беруге тырысады. Ол термин, ұғым, сөз түсініктерінің өзара байланысы жөніндегі түрлі пікірлерді сүзіп шығып, екі түрлі бағытқа ден қояды: бірі – терминді белгілі бір затпен байланысты қарайтындар да, екіншісі – ұғыммен байланысты қарайтындар. А.Реформатский терминді ұғыммен байланыстыра қарайтын бағыттың белең алып келе жатқанына назар аударады. Ол мұның, яғни, термин мен ұғымның өзара қатыстылығы әсіресе ғылымда айқынырақ көрінетінін байқайды. Сөйтіп осы уақытқа дейін термин мен терминологияға беріліп келген анықтамалардың көп кемшілігі барын сынай отырып, терминнің жоғарыда сөз болған ерекшеліктеріне төмендегі белгілерді қосады: термин емес сөздердің мағынасы көбінесе контекс арқылы ашылып отырса, термин сөздер контекске тәуелді емес. Сондай-ақ, термин сөздерге көп мағыналық экспрессия жат екенін баса айтады. Термин мәселесімен тікелей айналысқан қазақ ғалымы, белгілі лингвист Қ.Жұбанов та терминнің өзіндік өзгешелік сипатын дұрыс түсінбеушіліктен кеткен қателерге назар аударады (Жубанов К.О исследования по казахскому языку. Алма-Ата.1966. 273 с.). Байқап отырсақ, әрбір терминге берілген анықтама оны жеке термин ретінде даралап, ерекшеліктерін көрсетіп, мәнін ашады. Терминнің басты белгілері: бір мағынада қолданылуы, дәлдік, қысқалық, жүйелілік. Термин термин болуы үшін, алдымен, оның дұрыс жасалынуы, содан кейін әлгі дұрыс жасалынған терминнің тілімізде кең қолданыс табуы тиіс.
Жалпы, термин жасау дағдысында А.Бай­тұрсынұлы ұстанған ең басты екі принципті аңғарамыз. Оның бірі және ең негізгісі – термин жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. А.Байтұрсынұлының еңбектері, әсіресе, оның «Тіл құралы» мамандардың назарын әлі күнге аударып келеді, себебі, мұнда ол қазақ сөзін алғашқы рет жүйелі түрде терминдік мәнде қолданады. Осы алып тұлға қазақтың ұлттық ғылымы жолында өзіне дейінгіге көлеңке түсіріп, кейінгіге шам болып жанып, сәулесімен жол сілтеп тұрғандай болды. А. Байтұрсынұлы салған сара жол – ғылымды ұлт тілінде меңгеру, ұлт тілінде сөйлету. Ғылым атаулары қазақ тілінде нақты баламаларын тапқанда ғана ғылымды қазақша сөйлете аламыз. Ал, ғылым атаулары ана тілінде жасалмаған жағдайда «ұлттық ғылым» тіркесі орынсыз. Ахаң жасаған әдебиет, тіл ғылымы атаулары мыңға жүк боларлық жаңалық, қазақ тілінің танымдық деңгейін шырқай көтерген, оның оралымдығын, бейімділігін, бейнелілігін, қала берді сөз байлығын жарқырата көрсеткен аса терең мағыналы құнды еңбек болатын (Ш. Біләлов «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері». Алматы. 1996.40 б.). Біздерге күр­меуге келмейтіндей көрінетін қазақ тілінің мүмкіндігі шексіз екендігі, қай ғылым болса да, сөйлете алатындығы А.Байтұрсынов еңбектерін оқығаннан кейін айдай көрінеді. Ш.Біләловтың жоғарыда аталған кітабында «кезінде терминжасам ісіне мол пайдасы тиген тарихи документке» оның он принципіне талдау жасалады. Солардың кейбіреуіне өз ойымызды білдірейік. Шарт бойынша «сословие», «состав,» «клетка», «слет» сияқты қазақ тілінде баламасы жоқ немесе терминнің қазақша нұсқасы бастапқы мағынадан ауытқитын болса, оны аудармай алған дұрыс деген принципке Ш. Біләлов та, біз де қосыла алмаймыз, себебі, баламасы жоқ сөз кемде-кем, оны еңбектеніп іздеп табу қажет. Ал, ол дегеніңіз – уақытты, көп ізденуді талап ететін ауыр жұмыс. Сол принциптің төртіншісінде «Әр қилы жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін мануфактура (саяси-экономикалық және тауартану мағынасында) продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында) сияқтылар бір пәнде термин ретінде алынсын да, екіншіде жай сөз ретінде аударылсын» деген қағида да дұрыс анықталмаған. Экономикаға байланысты мануфактура – «өндіріс» деген термин, ал, продукт сөзінің аудармасы – өнім. Ал, бір сөзді аударып та, аудармай да қолдану, терминге тән жүйелілік белгісіне қайшы келеді. Алтыншы пункт бойынша, аударуға келетін терминдерді аударғанда, оның ғылыми мәні дәл берілуін қадағалау қажет. Аудару кезінде қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктері қатаң сақталуы тиіс деген принципті мақұлдап, «Макроэкономиканы» тәржімалауда қолданған жеріміз бар. Оныншы пунктте де өте маңызды мәселеге мән беріледі. Атап айтқанда, Ұлы Октябрьден бері, әсіресе, орыс тілінің сөзжасау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан біріккен күрделі сөздер мәселесі әңгіме болады. Саяси экономия (политэкономия), ауатком (райисполком) т.б.тәрізді жаңа тіркесім терминдер қазақ тілі заңдылығына орай жасалып, Мемтерминком бекіткеннен соң ғана қолданысқа ендірілсін деген қағидаға да келісуге болады.
Экономикалық терминдерге келетін бол­сақ, олар сауда-саттықтың кең құлаш жайып өркендеуіне байланысты ерте кезден-ақ қолданыла бастаған. 1913 жылы «Айқап» журналында экономикалық шаруашылық жағдайына байланысты мақалаларда базар, доход, тауар, план, һөнеркәсіб т.б.сөздер кездеседі. Халқын байыту, қазыналық доходты арттыру, құрал ақша көбейту, халқын оқулы қылу жолында… һеш нәрседен қорықпады, шаршамады (Айқап. 1912.N13.289-6.). Мұндағы доход сөйлеу тіліндегі қолданысынан гөрі тұрақтылық, ресми мәні сезі­леді. Доход экономикадағы жалпы түсім, пайда емес, мемлекеттің тұрақты қоры мағынасында жұмсалып тұр. Бұран шет патшалықтардың істеген мата тауарларына мұқтаж екен (Сонда.1913.N9.1916). Айқап тілінде «Дүнияда тұруға бірінші тірек болған» промышленность, яғни, һөнеркәсібі бізде жоқ (Айқап. 1913.N9.190-6.).
Кейінгі кездердегі мерзімді баспасөзде тіркес құрамындағы сөздердің арасы жақындап, бірігіп кетті, соның салдарынан «һөнер кәсіб»-өнеркәсіп тұлғасына өзгеріп, біріккен сөз болып кетті. Тіл ғылымы саласында лексикологияның бір тарауы-лексикография-сөздіктердің жасалуына байланысты сөздер, терминдер зерттеліп, белгілі бір ғылыми жүйеге түсті. 1936 жылы басылып шығарылған «Қазақ тілінің терминдері» деген кітапша латын әліпбиімен жазылған. Оған 160 экономикалық термин кірген: Валовая прибыль – Вarliq өnim, Выработка – өnіm (19), выручка – tysim (19), маклер – deldal (23), мена – ajьrnas (23), прибыль – najda (26), реклама – reklam (27), рента – renta (27), ссуда – qarьz (28), товар – tavar (29). Кейіннен, 1962 жылы Әбдіров М., Құлқашев Т., Долыбеков С., экономика терминдерінің орысша-қазақша сөздігін құрастырды. 1974 жылы «Қазақстан» баспасынан М. Әбдіровтың «Қазақша экономикалық сөздігі жарық көрді. Ол – қазақ тілінде тұңғыш рет жасалып, жарық көрген қысқаша экономикалық түсіндірме сөздік. Оған академик С. Бәйішев (ол кезде профессор) редакциялық жасаған. Жалпы, 406 сөздер мен сөз тіркестері қамтылған.
Мырзаберген Малбақов «Қазақ сөздіктері» деген еңбегінде ғалым апамыз Р. Сыздықованың қазақ лексикографиясының келелі мәселелерін жан-жақты сөз ететін көлемді мақаласында, сауда капиталына байланысты ұғымдарды білдіретін сөздер ретінде: өсім, аренда, өсімші, сүтқор – банкир, пайда – прибыль, борыш, қарыз – заем, долг, кіреу – заклад, бексель – вексель, задетка – задаток, сома – капитал, дүкен – магазин, мүлленшік – миллионер, саудагер – торговец, залал – убыток, баһа – цена секілді аудармалары бар, – дейді (М. Малбақов. Қазақ сөздіктері.Алматы. «Ана тілі». 1995). Ешмұхамед Букиннің сөздігінде (тұңғыш сөздік, 1883 ж. Ташкент қаласында шығарылған) осы атаулар түгелге жуық бар, бір ғана айырмашылығы – қарыз сөзінің орнына «несие» қолданылған. Р. Сыздықова термин жасау жайында «Қазақ қоғамы өміріне жаңадан еніп жатқан құбылыстар мен ұғымдардың атауын жасауда өткен ғасырдың өзінде-ақ, қазақ тілі өз ресурстарына иек артқаны білінеді», – дейді Малбақов (Қазақ сөздіктері. Алматы.1995).
Бақыт Ақшалова,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ө.Айтбаев. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы.Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы. 1988.86.
2. (Қазақ Совет Энциклопедиясы Ал­ма­ты.1977.2-т.).
3. Айқап. 1913.N9.190-6.
4. М.Малбақов. Қазақ сөздіктері.Алматы. «Ана тілі». 1995.
5. Ақшалова Б.Н. Макроэкономика (аударма). Білім. 1997.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. эканомикалық терминдер деген не

Пікірлерге тыйым салынады.