Шыңғыс қаған тақырыбы қиял, хикаялармен алынатын биік емес

  • 01.04.2013
  • 627 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зардыхан ҚиянатұлыЗардыхан Қиянатұлы,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Қазақ деген ежелден-ақ ата тегін қуғыш шежіреші, аталы сөзге тоқтаған абыз халық делінеді. Бұл әрине жақсы қасиет. Тарихының көптеген тұстары қағаз бетіне түсіп үлгермеген көшпенділердің жадына сақтау мұндай қабілетін А. Позднеев, Б.Я. Владимирцов. В.Л. Котвич, П. Пеллиоттар «Дала сауаттылығы» (Степная грамота) деп жоғары бағалаған.

XX ғасырда қазақ жаппай сауаттанды. Бірақ, өз тарихын өзі жазуға қол байлау көп болды. Еліміз егемендікке қол жеткізіп «екі тізгін, бір шылбыр» өз қолымызға тиюі мұң екен, әрбір екі қазақтың бірі тарихшы-шежіреші болып шыға келді. Осылайша жадағай тарихилыққа жол ашылды. Бүгін қазақтың даласында да, дастарханында да айтылатыны көкірек шежіре, әкімі де, жазушы ақыны да, математик, инженерлері де, зейнеткер қариялары да бәрі-бәрі тарихшы.

Бірі естігенін жазады, бірі түсінде көргенін жазады, енді бірі тек өзіне бимәлім бір деректі көзі шалып қалса «Жерден жеті қоян тапқандай» әлемге жар салады. Жазсын-ау, бірақ, барлығы дерлік өз жазғанын «Жиһандағы жалғыз жаңалық» деп танып онысын «жаңалық» ретінде қабылдату, түрлі оқулық, оқу бағдарламаларына енгізу, қала берсе кандай да бір сыйлыққа ұсынылуын өтініп президенттің аппаратына дейін іркес-тіркес хаттар жолдайды. Ашқан «жаңалығын» сенімді болдыру үшін бір топ адамның қолын койғызады немесе «жоғарыдағы пәленбай азаматтың батасын алып едік» деп сендіргісі келеді. Осыдан болар, соңғы жылдары шын тарих, тіптен, шын аңыз дегеннен гөрі ойдан шығарылған қисынсыз аңыздар тым көбейтіп кетті. Жоғарыдан келген түрлі тапсырмалармен талайына ресми жауап қайтарып көрдік. Бірақ, оған құлақ асып жатқан ешкім көрінбейді. Бұрын қазақтың тарихи тегін жоққа шығару басым еді. Енді, міне, қазақ еместен «қазақ» жасаушылық етек алып барады. Сол баяғы гу-гу, азан-қазан тірлік, тарих тақырыптары қазақы дау-дамайдың көрігін қыздырып-ақ тұр. Әрбір аталық өз шежіресін, әрбір ауыл өз тарихын жазып әлек. Ханды қарадан тудырып, Найман, Керейді – Моңғол, Моңғолдарды – қазақ деп, қазақтарды – қазақтан таратып, ұлысын – ру, хандарын – «князь» болдырып, Шыңғысты – «шығыс». Батуды «батыс» деп аударып, жер-су аттарын «жекпе-жекте өлді» делінетін, белгісіз «батырларға» теліп тарихтың өңін айналдырып барады. Әрбір автор тарихшылардан өз жазғандары туралы жанына жағымдырақ, дайын жауап алғысы келеді, егер, жағымды жауап ала алмаса тарихшыларды жатып кеп кінәлайды. Менімше, мұнда тарихшылардың «кінәсі» жалған тарих, қисынсыз дау-дамайға араласпай отырғандығында.

Сөйтіп, соңғы кезде отандық тарихымызға байланысты көптеген мәселелер шындықтың шегінен шығып эйфориялык деңгейге жетіп, сыңаржақ (тенденциозный) бағыт алып бара жатқандай. Осындай мәселелердің бірі Шыңғыс хан тақырыбы. Енді, осы мәселелерге тоқталып көрелік.

Шыңғыс қаған және оның аруақ даңқы арқасында кешенді түрде жазылған Моңғол тарихы әлемдік деңгейде зерттеліп, әбден иі қанып піскен тақырып. Әлемнің белгілі тарихшыларының ішінде бұл тақырыпта қалам тартпағаны кемде-кем. Шыңғыс хан туралы жазылған материалдардың тарихнамалық тізімі 800-ге жетіп жығылады. Тек «Моңғолдың құпия тарихы» туралы 160-тан аса диссертациялар қорғалған, тарихи шежіре әлемінің 40 тіліне аударылған. Әйгілі «Юань Ши»-дің 210 дәптерінін 86-сы тек Шыңғыс хан, оның ұрпақтарының өмірбаянына арналған. XVII ғасырдың басында жазылған баршамызға мәлім «Алтан товч»-ға дейінгі уақытта жазылған моңғол тарих көздерінің саны 40-қа жуық. Тек «Алтан товч»-ның өзінің екі варианты бар. Шыңғыс хан төңірегінде дерек көздерін ең көп сақтаған және ең көп зерттеген елдердің қатарына ҚХР, Жапония, РФ, Моңғолияның өзі, АҚШ және Әлемания жатады. Осыларды сараптағанда тарих ғылыми зерттеуінің күн тәртібіне «Шыңғыс хан моңғол ма әлде емес пе?» деген мәселе болып көрген емес, қазірде жоқ. Ол моңғол болып туылып. Моңғол мемлекетіне қызмет етіп, моңғол күйінде өмірден өткен адам. Өлерінде қасында болған ұлдары Өгөдей мен Тулуйды жеке қалдырып айтқан ақтық аманатында «Менің өлер шағым болды, тәңірім қолдап Моңғол жұртымның басын біріктірдім. Бір шетінен бір шетіне дейін бір жылдық жол жүретін ұлығ ұлыс (держава) құрдым. Егер көз жұма қалсам өз халқымнан бөлмей менің табытымды Их Өтөгке жеткізіңдер» деген.

Егер, біздің «Шыңғыстанушылар» қағанның өмірбаяны төңірегінде жазылған тарихнамалар тізімінің ең болмағанда 5 пайызымен танысқан болса бүгін «Шыңғыс хан қазақ, ол құрған мемлекет қазақ мемлекеті» делінетін кәуесет тумаған болар еді.

Біз бұл жолы Шыңғыс хан туралы қалам тартып жүрген ақын, жазушылардың еңбектеріне тоқталмай-ақ қояйық. Өйткені, Шыңғыс ханнан әдеби қандай да көркем образ жасауға олардың құқы бар. Көркем әдебиет және тарих ғылымы деген өз алдына бөлек салалар. Бірақ бір өкініштісі біздің кейбір ақын, жазушыларымыз жасаған көркем образын тарихқа тықпалап, онысын жиһандағы жалғыз ақиқат ретінде танытқысы келеді. Нағыз ақын, жазушы мұндай оңай формула жасаудан аулақ жүргені абзал. Ал, «Шыңғыстанушымыз», тарихшымыз деп жүрген біздің авторларымыздың еңбектерін оқығанда олардың көпшілігі «Шыңғыстану», «Моңғолтану» деректемелерімен таныс еместігі көзге ұрып тұрады. «Аспанмен даланың төрт ұмытылған тарихы» атты аңыз кітаптың авторы Хамза Көктәнді Шыңғыс қаған туралы материалдарды меңгермегендігі соншалық, ол Шыңғыс ханды бірде жырау, бірде әулие бірде бақсы, тіптен, бірде оны «Асан қайғы» екен-мыс деп адасқан (343 б). Өзін «Қазақтың шын тарихын жазып жүрмін» деп жүрген авторымыз Қазақтың ел болғанының түп тамырын сонау «Моңғолдардан, оның билеушісі Шыңғыс ханның ата тегінен» іздейді. Автор оқушы қауымды бұл пікіріне сендіремін деп, ақыры тұйыққа тіреліп Асан қайғыдан – Шыңғыс хан, Қамбардан – Бодончар жасап «Қағанның сүйегін Түркістаннан, Бодончардың бейітін Қаратаудан іздеу керек» деген сәуегейлік айтудан аспаған.

Шыңғыс хан туралы кітаптар топтамасын жазған Қ.Данияровтың еңбектеріндегі қисынсыздықтар жайлы біз «Отан тарихының» 2003 жылғы 1 санында жазған едік. Оны да қайталамай-ақ қояйық. «Известия» газетіне жазып («Известия». 2003 ж. 4 қазан) «Шыңғыс ханның моңғолдармен еш қайнаса сорпасы қосылмайды» деп кесіп пішіп айтқан Қ.Данияровтың ізбасары профессор Қ.Зәкәрияновтың мұндай қорытындыға келгендегі жалғыз сүйенгені Шыңғыс ханның Қият-Боржығын әулетінен тарағандығы екен. Басқасы тек ойдан шығарған констататциялар.

Осылайша, «Шыңғыс ханды қазақ», «Моңғол мемлекетін – қазақ мемлекеті» деп танитын авторлар Рашид-ад-Диннің «Жами-ат-тауарих»-тың «Оғуз» бөлімі, мысыр тарихшысы Әбубәкір ибн Абдоллаһ ибн Айбек ад-Дәвадаридің «Дүрәр ат – тижап және Тауарих құрар Әз-заман» (Аты әйгілі болғандардың тарихи өмір баянынан үзінділер) атты еңбегі және осыларды негізге ала отырып Әбілғазы Баһадур хан жазған «Түрік шежіресі», Қадырғали Би Қосымұлының «Жылнамалар жинағында» қияттарды түріктен тарататын шежірелерге сүйенеді. Аталған еңбектерде мұндай болжам бары рас. Бірақ, ол алғашқы алгебрада негізгі 7 формула болатыны сияқты тарихнамаларда моңғолдардың шығу тегі туралы 9 варианттық нұсқа бар екендігімен санаспайды, мүмкін таныс емес те шығар. Авторлардың екінші бір сүйенері моңғол тілінің тарихи фонетикасындағы түрік тіліне ұксас сөздер. Бірақ, олар мұнда Моңғол үстіртіндегі түрік факторы Шыңғыс ханнан басталмайтындығына мән бермейді.

Шыңғыс хан Моңғол үстіртінде салтанат құрған Түрік факторының бастаушысы емес, керісінше оны аяқтаушы.

Тарихқа жүгінелік. Б.Ж.С. әлде қайда бұрын Моңғол үстіртінде үш түрлі этнотоптан (түрік, моңғол – шивэй және тунгус) құралатын жұрт өмір сүріп, билік олардың арасында алма-кезек ауысып отырды. Б.Ж.С. бұрынғы V ғ. -I г. дейін Түрік текті Ғұндар, Б.Ж.С. VI-V111 ғасырларда Көк түріктер, VIII-IX ғасырда Ұйғыр және Қырғыз қатарлы түрік мемлекеттері аталған аймаққа билік жүргізсе, I-IV ғасырларда Муюн, Тобалардан құралатын Сәнбилер, IV-VI ғасырдың бастапқы жартысына дейін Жоужауандар, ал, Х-ХІ ғасырда Моңғол тектес қидандар билікке келді. Үстірттің шығыс бөлімінде Тунгус және шивейлердің, ортаңғы және батыс бөлімінде түріктердің тіл, мәдениетінің ықпалы басым болды. Түріктер Шыңғыс ханнан әлде қайда бұрын Моңғол даласына Ғұн таңба жазуы, Армей-Соғда, ежелгі түрік және ұйғыр-түрік жазу мәдениетін әкелді. Х-ХІ ғасыр ондағы түріктер үшін тиімсіз болды. Тілі мен салты Моңғолға жақын Кидандар билікке келуіне байланысты Түрік топтары батысқа қарай жылжып үстірттегі ежелгі түрік факторы әлсірей бастады. Басымдылық рөл Кидан-Моңғол тобына өтті. XII ғасырда Шыңғыс хан бастаған моңғолдар билікке келіп Моңғол жұрты шығысқа бет бұруына байланысты моңғолдар ежелгі түрік тіл мәдениетінен қол үзіп қалғаны белгілі. Г.И. Рамстед, В.Л. Котвич, A.M. Позднеевтер XIV-XVI ғасырды моңғолдардың «Қараңғы ғасыры» (темный) деп атады. XVI ғасырдан бастап Моңғолдардың тіл мәдениеті Тибет, Тунгус, Қытайлардың әсерімен қайта қалыптасты. Дегенмен, қазіргі моңғол тілі қорында ежелгі түрік тілі мен түбірі бір 3000-ға жуық сөз сақталған. Осыған қарап бір кездері ғалымдар Найман, Керей, Жалайыр, Меркіт, Қоңырат, Уақтарды «Моңғолдар» деп жаңылғаны сияқты бүгінгі-кейбір авторлар енді моңғолдарды «қазақ» деп жаңылғысы келетін сияқты. Неге екені белгісіз, біздің қазақ тарихшылары және өзін «тарихшымын» деп жүрген авторлар қарапайым этимологияға аса құмар болып алған. Егер, басқа бір бөтен тілден қазақ тіліне ұксас 2-3 сөз тапса болғаны, сол жұрттың өң келбетін айналдырып қолдан «қазақ» жасай салуға дайын тұрады. Мұндай ұрыншақтар екі түрлі жағдайды ескеруі қажет. Біріншіден, Тіл деген адамзаттың шекарасы қазіргідей айқындалмаған қауымдастық дәуірде қалыптасқандықтан бір-біріне әсерлі, тіптен, жұқпалы, қарасты түрде дамыған динамикалық, өскелең құбылыс екендігін, екіншіден Тіл деген ұлттар мен этностық қалыптасуының бір ғана емес, көп элементтерінің бірі екендігін естен шығармаған жөн. Өйтпей 2-3 ауыз ат-атаудан «ұлт» жасаймыз деп ұлтымызды, қала берсе оның тарихын карикатураға айналдырып алуымыз мүмкін.

Енді бір сәт Қият-Боржығын мәселесіне тоқталып көрелік. Шыңғыс ханның ата тегін Қият-Боржығындардан таратып Түрікке жатқызатын үрдіс «Оғұзнаме» варианттарында кең орын алған. Бұл мәселені талдағанда төмендегі екі түрлі жайды ескермеуге болмайды. 1) Рашид-ад-Диннің «Жами-ат тауарихы» Шыңғыс хан жиһанның жартысына билік құрып дүниеден өткеннен 83 жылдан соң, Шыңғыс ханның немересі, Моңғол Империясының бесінші ұлы қағаны Мөңкенің ұлы Хүлэгтен тараған Ел- хандар әулетінің алтыншы ханы Сұлтанмахмұт Газанның тікелей тапсырысы бойынша жазылған және «Огұзнаме» варианттарының империалдық, идеологиялық мәні мен мақсаты бар екендігін ұмытпаған жөн. 2) Егер, Бөрте Чинө Түрік тегінен десек, ол жоғарыда айтқанымыздай Моңғол үстіртін мекен етіп келген түріктердің алгашқылары емес екенін де естен шығармаған жөн. Бөрте Чинө және Гоа Марал біздің кейбір авторлардың жазып жүргеніндей аңыздық тұлғалар («Қасқыр», «Умай») емес, кәдуілгі адамдар деп танылады.

Моңғолдың әйгілі тарихи шежірелерінің бірі «Мэргэн Еэгээний Алтан товч» (қазақшаға аударылған Алтан товч емес) жазылымында Бөрте Чинөнің тұңғыш ұлы Батачу хан әкесінің 29 жасында Бурхан Халдунда (қазіргі Моңголияның Кентауы) туылды дегеніне қарағанда Бөрте Чинө 758 жылы туылған адам. Ол хан болмаған. Ал, Қытайдың Сун әулеті тарихында жазылуы бойынша Бөрте Чинөнің XII ұрпағы Боржығын әулетінің атасы Бодончар 970 жылы туылды делінген. Бөрте Чинө әулеті, тіптен, басқа жақтан ауып келді, тегі түрік дегеннің өзінде, оның XX ұрпағы Хабул хан 1101 жылы «Хамаг Моңғол ұлысының» алғашқы ханы болғанға дейінгі аралықта 400-500-ге жуық жыл өткен. Бұл көшпенді тайпалар жергілікті Моңғол-Шивэйлермен сіңісіп, олардың билеуші тайпаға айналуына жеткілікті уақыт. Хотол ханнан соң, араға 40 жыл салып 1489 жылы Тэмужинді «Хамаг Моңғолдың» ханы сайлап «Шыңғыс хан» деп лауазымдаған рәсімі тек бел (Нирун) Моңғол тайпаларының араласуымен шешілген моңғолдардың ішкі мәселесі тұрғысынан қаралады. Бұл жиынға түрік тайпалары қатыстырылмаған, тек көрші Керейттің Уаң ханына «моңғолдар Тэмужинді хан сайлағаны туралы» хабар жеткізген. Уаң хан оларға «Моңғолдар қашанға дейін хансыз жүре бермек. Тэмужинді хан сайлағандарың дұрыс болған екен» деп бата берген. Мұнда, Керейт ханы моңғолдардың керейттерден бөтендігін алға тартып отыр. Ал, Шыңғыс қаған шыққан Қият-Боржығындар барша Моңғол жұртына өкілеттік ете алмайды, өйткені, олар моңғолдардың бір тайпасы ғана. Этнос, ұлт теориясына жүгінсек ру, аталық (фамилия) этнос немесе ұлттың анықтаушысы бола алмайды. Өйткені, ру, сүйек, аталық деген ол адамзаттың ықылым заманының туындысы, ол туралы шежірелердің көпшілігі аңыз, ауызша әңгімелерден кұралады. Ал, этнос дегеніміз әлеуметтік (Sosial) кaтeгopuя.

«Моңғолдың құпия тарихында» 40-тан аса тайпаның аты аталады. Олардың 30-дан астамы моңғол тайпалары. Қазір моңғол жұртында олардан 456 ата тараған, солардың бірі Қият-Боржығындар. Міне, осыларды көріп біле отырып моңғолдың 30 руының бірі Қият-Боржығындардан біздің қазақ тарапты-мыс деген аңызға ақыл есі түзу қай қазақты сендіре аласыз. Ал, казірде Қазақ, Өзбек, Қырғыз, Қырым, Ноғай, Башқұрт арасында кездесетін Қият фамилиялары Шыңғыс ханның әскерилерінің қатарында келіп жергілікті жұртқа сіңісіп қалып қойғандар.

Моңғолдар 1189 жылы өз ішінен хан сайлап саяси сахнаға шыға бастауы кімнің кім екендігін айқындап берді. Осы кезден бастап үстірттегі моңғол және түрік бөлімдерінің ара жігі айқын бола бастады. Сөзіміз нанымды болу үшін екі дерек келтірелік. 1179-1206 жылдар аралығында Шыңғыс ханның басшылығында жүргізілген 30 шайқастың көпшілігі Моңғол және Түрік тайпа бірліктерінің арасында болды.

Шыңғыс хан осынау 25 жыл ішінде Татарлармен 3, Меркіттермен 5 дүркін, Наймандармен 4, Керейттермен 2 мәрте шайқасты. Шыңғыс ханның інісі Хасар Қоңыраттарды шапты. Моңғолдың хан тағынан үміткер Жамуха түрік бөлімдерін Шыңғыс ханға қарсы айдап салып отырды. Моңғол және Түрік топтарының арасында болған Алақай бұлақ, Жижгэр Өндөр, Ұлан Хус, Наху Хон шайқасы осылай арандатушылықтан туындады. Моңғолдар Татар, Найман, Меркіттерді ешқашан бауырына тартқан емес, оларды жат жаланың жауы санады. Мұны айқындайтын жеткілікті деректер бар. Тіптен, басқасын айтпағанда Жижгэр Өндөр шайқасы алдында өзінің «өкіл әкесі» санап келген Керейттің Уаң ханына Шыңғыс ханның айтқан төмендегі сөзін келтірсек те жеткілікті. Онда Шыңғыс хан Уаң хан Тогорылға: «Моңғолға қолға түсіп келген құлдың ұрпағы сен кімнің елін билемек үшін кімдерге жағынып жүрсің! Менің елімді мен емес-ау, қазір сенің өзіңе одақтас болып жүрген Алтан, Хучардың өзі саған бере қоймас» деп оның жат жұрттығын бетіне басып айтып салғаны бар. Тарихшылардың есептеріне жүгінсек моңғол-түрік аралық қактығыстар басталар алдында (1179 ж) Үстіртті мекендеген жан саны 1.475.000 болған. Ал, моңғолдармен болған тайталастарда жеңіліске ұшыраған түрік топтары (татар, меркіт, найман, керейт қатарлы) батысты бетке алып түрік кіндігіне қарай ауып кетуіне байланысты Үстіртте қалған адам саны екі есе азайып 1206 жылы Моңғол мемлекеті құрылған кезде Моңғол билігінде 695 мың адам қалған. Бұлардың дені моңғолдар болды.

1206 жылы Онон бойында дүйім Моңғол мемлекетінің шаңырағын көтеріп Шыңғыс ханды қаған сайлаған рәсімге қатысқан 31 тайпаның 23, Моңғол мемлекетін құруға елеулі еңбек сіңіргені үшін аты аталып, атақ-абыройға ие болған 88 тұлғаның 72-сі нирун моңғолдардың өкілі болды. Құрылтай Моңғолдардың басымдылығында өтті. Осы рәсім кезінде қаған ордасының әкімшілік басшысы Тататунға аппақ гранит тасқа ойылып жазылған қағанның таңба жарлығын жиналған жұртқа жария етіп, хас таңбаны ұлы қағанның қолына табыс еткен. Онда былай деп жазылған: «Мөнх тэнгэрийн хүчин дор Икэ Монгол улсын далайн хаһаны зарлигийг ил болгон иргэн дор хүргэбэсу биширтүгэй, айтугай!» Таңба-жарлық мәтінін қазақшаласақ: «Мәңгі тәңірінің қуатымен Ұлы Моңғол мемлекетінің далай (Тэнгис) қағанының жарлығы барша халыққа жария етілсін, табыныңдар, бас иіңдер!» делінген. Міне, көріп отырғанымыздай жаңа құрылған мемлекетке жас сәбидің құлағына азан шақырғандай ғып жар салып қойған аты «Икэ Монғол ұлыс» (Ұлы Моңғол мемлекеті). Шын тарих, міне, осы, оны бүгін қалай өзгертесің!

Моңғол мемлекетін құрған Шыңғыс ханның арғы тегі әйтеуір бір Қият екен деп бір ру, бір аталықтан (фамилия) «ел жасау» мүмкін емес. Ол үшін әрбір жұрттың орналасу жағрафиясы мен тарихи-этнологиялық өсу динамикасын терең зерттеу қажет.

Ұлы тарихшылардың «қолында жағрафиясы болмаған тарихшы кібіртіктеу келеді» деген ұлы сөзі бар. Қазақ және моңғолдардың әрқайсысы өз даласының жеке туындысы. Қазақтың ұлт жүзінде қалыптасу процесі Алтай мен Атырау, Батыс Сібірден Жетісу аралығында, ал, Моңғолдар «Моңғол үстірттің үш өзен (Хэрлэн, Онон, Тула) бойында жеке-жеке халық, Ұлыс Ел ретінде қалыптасты, әрқайсысының өз тарихы және тарихи тұлғалары бар. Шыңғыс ханның XI атасы, Боржығын әулеті өрбіп тараған Бодончар «Онон бойында судан шабақ сүзіп, аң құсқа тұзақ құрып» күнелтіп жүрген заманда қазақ даласында Қарахандар әулеті салтанат құрып, Баласағұн, Қашқарды орталық етіп, Бұқара, Мауереннахрды алып, зиялылары «Диуан Лұғат – ат түрік», «Құдатгу биліктей» зайырлы дүниелерді өмірге әкеліп жатты.

Тэмужин дүниеге келмей жатып-ақ, еуроазияның саяси төрінде «Қыпшақ хандығы» атымен біздің ата бабаларымыздың аруақ даңқы асып тұрды.

Моңғолдар моңғол даласында салтанат құрған жұрттардың үзігі десек, біздің қазақ халқы, оның мемлекеті қазақ сахарасында от жағып, ошақ көтерген әулеттердің заңды жалғасы, осы ел мен жер, оның тарихы мен мәдениетінің ізгі мұрагері болып табылады. Қазақтың тегін тек қазақ топырағынан іздегенде ғана біз шындыққа бір табан жақындаймыз.

Мен тарихшы ретінде «Шыңғыс ханнан қазақ, оның құрған Моңғол мемлекетінен қазақ мемлекетін жасауға» әрекеттеніп жүрген авторларды ұлтын жаны сүймейтін азаматтар деп есептемеймін. Олар тек «Қазақ мемлекетін құрғандар Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары бола тұра Шыңғыс хан неге моңғол?» деген сауалға өзінен-өзі жауап таба алмай тұйыққа тірелгендіктен жоғарыдағы әрекетке баратын сияқты. Өйткені, олардың көпшілігі тарихи методологияны игермеген, нысаналаған тақырыбына байланысты деректермен жете таныс емес адамдар. Бір өкініштісі тарих ғылымының ыстығына күймеген, тарих зерттеу ғылыми методологияны толық игермеген мұндай адамдар өзінің діттегенінен өзге еш нәрсеге сенбейді, өзінің титтей де болса шалыс басқанын мойындай алмайды. Менімше, мұндай жағдай қазақтың гуманитарлық ғылымының бүгінгі жағдайында орын алып отырган негізгі проблемалардың бірі.

Көп мәселенің түйіні Шыңғыс қаған бастаған моңғолдар түріктердің өз күшімен 1219-1225 жылдары қазақ даласын басып алып Жошы-Қыпшақ ұлысы, оның Ақ Ордалық сол қанатының құрылуында жатыр. Моңғол империясының құрамды бөлігіне айналған Қазақстан территориясы, оның көшпенді халқы империяның еуроазиялық бөлімінің көшпенділік үрдіс салтының бас жалғастырушысына (ретранслятор) айналды. Державаның шаңырағы қазак даласында көтерілді, орталығы Сарай қаласы қазақ даласында орнықты. Әрине, шапқыншылықтың аты шапқыншылық, одан қазақ халқы қиямет тартты, сөйте жүріп Моңғол билігі дәуірінде қазақ мемлекет ретінде қабырғасы қатайып қайта түлеп, Еуроазия державасының территориялық қана емес, саяси және этно-мәдени тұғырына айналды.

Басып алу нәтижесінде мемлекет билігіне Шыңғыс қағанның ұрпақтары келгенімен халқы түрік – Қайсақтар (қазақтар – авт.), мемлекет түрік – Қайсақтардікі болды. Сондығынан болар, биліктің әсерінен жергілікті түрік-қайсақтар «моңғолға айналған» жоқ, керісінше билеуші Шыңғыс қаған ұрпақтары қазаққа айналды.

XIII ғасырдың соңы XIV ғасырдың басында әлде қашан қазаққа, қазақы факторға айналып кеткен Жошы ұрпақтары, әсіресе, оның тұңғыш Ұлы Орда Еженнен тараған қазақ хандары қазақтың дербес мемлекеттігі үшін қажырлы күрес жүргізді. Қазақтың қазіргі этнотерриториясы, қазақ халқы, қазақ ұлтының қалыптасу процесі Жошы ұлысы, оның сол қанаты Ақ Орда дәуірінде қалыптасты. Жетісудың батыс оңтүстік бөлімі, Ертістен Ұлытау Қаратауға дейінгі Сахара Ақ Орда билігінде болды. Ақ Орданың территориясы жылдан-жылға ұлғая түсті. Орда Еженнің шөбересі Қоныштың тұсында Ақ орда иелігі Женд, Узкент, Сырдарияның ортаңғы ағысына дейін жетті. Осыған байланысты кейіннен Ақ Орданың орталығы Сығанаққа аударылып, Сығанақ қайта бой көтерді. Ақ Орда басында Сарайдағы орталық билікке қарасты болды. Ал, XIV ғасырдың орта кезінен, Орыс ханның тұсында Ақ Орда хандарының қажырлы күресінің арқасында барша Алтын Ордаға билігін орнатты. Бұл тұрғысынан қазақ мемлекеті Алтын Орда державасының мұрагері деуге толық мүмкіндік бар.

Шыңғыс хан Моңғол мемлекетін құрғаннан бастап, өзі дүниеден өткенге дейінгі (1206-1227) 21 жыл ішінде 70 рет сыртқа соғыстар жүргізіп, қазіргі Кореяның Туманған өзенінен Днепрге дейін, Қытайдың Вэй Хэ дариясынан Иранның Деръячейк-Немейге дейінгі 7.700. 000 шаршы километр аумақты басып алды. Оның басып алған жері Македондық Александрдың басып алған жер көлемінен 2 есе, Корсикандық Наполеоннан 7 есе көп. Моңғол деректеріне жүгінсек, олардың ішінде әлемнің төрт құбыласынан құралған бес ұлы держава, 12 кіші хандық бар. Мұндай билік Шыңғыс қағанға оңайлықпен келген жоқ, күшпен, кантөгіспен алынды. Өзіміздің жақсы білетін Отырар шайқасымен парапар 10-ға жуық ірі шайқастар болды. Әрине бұл тұрғысынан Шыңғыс хан бастаған моңғолдарды бөгденің жерін жаулап алушы, басқыншы ретінде қараған жөн. Мұндай қорытынды бұрын да талай еңбектерге берілген. Бірақ, мұнда екі түрлі жағдайды ескерген жөн. Бірінші, Шыңғыс ханның тарихи рөлін оның заманынан бөліп қарауға болмайды. Шыңғыс қаған орта ғасырлық қан жұтқан қатыгез заманның туындысы. Ол заманды Тэмужин тудырған жоқ, керісінше қатыгез заманы Шыңғыс қағанды тудырды. Шыңғыс қаған заман талабына сай қимылдады. Жұтылып кетудің аз алдында тұрған ат төбеліндей моңғолдарын тамұқтан алып шықты. Әрине, өз әулеті және өз жұртының мүддесі үшін қарсыласына еш аяушылық жасамады. Шыңғыс қаған адамзат қарым-қатынастарының бүгінгі ізгіліктері қалыптаспаған аласапыран заманда өмір сүріп, ақ пен қарасы аралас іс атқарған, көп қырлы тұлға. Өткенде Шыңғыс қағанға баға бергендердің ішінде оны пір тұтқандары да, қарғыс атсын айтқандары да бар. Оның бәрін жіпке тізіп жатпай-ақ айтар болсақ, біз, қазақтар үшін Шыңғыс қағанды «ата бабамыз еді, қазақ еді» дегенге дейін барып әсіре мақтаудың да, оның тартысқа толы атқарған ісіне бір жақты қара күйе жағудың да қажеті жоқ. Шыңғыс хан әлем тарихына айтулы із қалдырған аса ірі тарихи тұлғалардың бірі. Сондықтан, оның атқарған ісіне бір жақты баға бере салу бір адамның немесе бір топтың арқалай алатын жүгі емес.

Шыңғыс ханға баға бергенде, оның саяси өмірінің екінші бір жағына тоқталмай өту мүмкін емес. Мұнда айтпағымыз, Шыңғыс ханның жаулап алушы рөлі туралы сөз болғанда, оның соңғы ұрпақтарының замана аласапырандарына тосқауыл қойған құрастырушы (tat. restauration) рөлін ескермекке болмайды. Шыңғыс ханның жаулап алушы алғашқы рөлі оның ұрпақтары тұсында Еуроазия даласындағы саяси өмірді тұрақтандырушы факторға айналды. Қытайда моңғолдар құрған Юань әулеті 8 хан алмасып 133 жыл (1235-1368) салтанат құрған кезеңде, бұл елдің аймақтық ішкі қақтығыстары тұрақтанып, Қытайдың келешек ұлы мемлекетке айналуының бастамасы болған Мин әулетінің ірге тасы қаланды. Иранда Хүлэг әулеті 9 хан алмасып 100 жылға жуық уақыт (1256-1344) билік құрып Иранның мемлекеттік үрдісін моңғол, түріктік элементтермен шыңдап кетті.

Орыстар «Алтын Орда» атандырған Жошы-Қыпшақ державасы ішкі қайшылықтарға толы 235 жыл салтанат құрды. Держава шаңырағы астында сегіз мемлекет (Ақ Орда – Қазақ хандығы, Шайбанилік Өзбек мемлекеті, Ноғай ордасы, Астархан, Қырым, Қасым, Қазан хандығы, Москвалық Русь мемлекеті) қанатын жайды. Г. Вернадскийдің сөзімен айтсақ, мысалы «Шығыс Русь Алтын Орда билігінен басы босағанда, сонау, Моңғол шабуылы кезеңіндегісінен әлде қайда қуатты, қабырғасы қатқан мемлекет болып шықты».

Қазақ атына ие болған біздің мемлекетіміздің басты нышандары Шыңғыс хан – Жошы хан ұрпақтары дәуірінде калыптасты. Ал, Алтын Орда және Ақ Орданың ханы Орыс ханның шөберелері (Орыс хан – Құйыршық-Барақ-Жәнібек; Орыс хан-Құйыршық-Әніке Болат-Керей) Керей, Жәнібектен бастап қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына дейінгі барлық хандар Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнің тікелей ұрпақтары. Олар атасы Шыңғыс хансыз-ақ өздерін қазақ санайтын, моңғолдығы әлде қашан ұмытылған буынның өкілдері. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы жүргізген қажырлы күресі арқылы, олар ата-бабаларының қазақ даласында жасаған қияметін ісімен ақтаған тұлғалар. Кезінде Еуроазияның қақпасы саналған XIV ғасырдың соңында Ақсақ Темір ойран салған Сарайшық, Сарай-Беркені солар салдырып, Сауран, Сығанақты солар қайта түлеткен еді. Қазақ халқын соңынан ертіп, қазақты өз алдына дербес этнос, ұлт деңгейіне көтеріп, мемлекеттің дербестігін сақтап қалды.

Сондықтан, ата бабаларының қазақ даласында жасаған өткендегі қияметі үшін қазақ халқына қалтқысыз еңбек еткен Қазақтың хан ұрпақтарын қаралауға ешкімнің моральдық қақысы жоқ. Өткеннің кегі бүгінгі қорытындының өлшемі бола алмайды. Шыңғыс хан және моңғолдардың атымен байланысты қазақ тарихының мәселелері де, әлем тарихындағы елеулі оқиғалардың қатарына жатады. Сондықтан, оларға баға беру үшін ауыл аралық емес, жер жаһандық көзқарас, білім, парасат қажет.

 

«Жас Алаш» газеті, 2004 ж, 7 ақпан.

Алдыңғы «
Келесі »