ҚАЗАҚ ТЕКТІЛІГІ – ҰЛТ КӨРСЕТКІШІ (Бақыт, генетика, арман)

  • 01.04.2013
  • 1740 рет оқылды
  • 5

Айсұлу МолдабековаАйсұлу Молдабекова,
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің
магистранты, ҚР Президенті «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері

Сараптамалық мақалада қазақтың танымындағы тектілік пен оның ғылымдағы орны, тектіліктің белгілері мен шежіренің әлеуеті, тектілік пен бақыттың, бақыт пен арманның арақатынасына талдау жасалынады.

«Бір адамның генінде
бүкіл дүниежүзі кітапханалары
ақпар беретіндей дерек бар»
Д. Мерцель

Ата жолы тектілік

Қазақ менталитетінің бір қыры болған тектіліктің мәні тереңде жатыр. Тек – адамның түп нәсілін, арғы атасын білдіретін тарихи ұғым. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «текті» сөзіне келесідей анықтамалар берілген: «1) шыққан тегі бір, тұқымдас, тектес; 2) тегі, шыққан жері жақсы. Текті жер – үлгілі, өнегелі ел, ауыл». Демек, қазақта тектің физиологиялық тұқым жалғаудан бөлек, адам ұрпағының сапалық белгілерін айқындайтын индикатор екендігін аңғаруға болады. Ежелден, ата-бабаларымыз тектіліктің деңгейлерін тұқым мен қан тектілігі, азаматтың өз басының тектілігі, халықтың тектілігі деп ажыратқан. Міне, дала философиясының қайнар көзі! Ұлан-байтақ жерде туған көшпелі қазақ текті халық – мінезі кең, көреген, сезгіш, естігіш. Мысалы, Абылай ханның ұрпақтарынан тектілік теоремасы айқын көрініс тапқан: Кенесары мен Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Шота Уәлиханов болып жалғасып кете береді. Ал, Әбілқайыр ханның ұрпақтарынан оннан аса генерал шыққан екен.

Текті зерттеу Еуропада XIX ғасырда ғана кең етек жая бастады. Ал, халқымыз оның тәжірибесін ықылым заманнан-ақ қолданып келеді. Тіпті, тұқым тектілігінің организмдік-биологиялық түбір-түйіні барын ХІV-XV ғасырларда өмір сүрген ғұлама, шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлы дәлелдеген. «Адам заты, тіршілігі, тоғалығы, мінсіз бітістігі әуелде ата-анада жаралмақ, одан туылған ұрпаққа жалғаспақ…Алланың адам затын жаратқандағы берген ең зор бағы, бақыты, дәулеті – тек қана мінсіз бітістік. Міне, бұл – тұлғалық, мүшелік мінсіздік. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ніл – қан. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ширама – арқау. Міне, бұлар – тұлғалық бітістік, мінсіздік толықтық. Олайы, тұлғалық бітісте кемістік болмаса, арқандай мүшелерінде сырқаттық зақым қалдырған зардап болмаса, науқастық бейнет тартпаса, одан артық бақ қайдан болмақ. Сондықтан бұрынғылар: Ауыз дәулет – мінсіз бітіс. Көз дәулет – жұптылық іс. Көз, мұрын дәулет – малдық толыс, – деп ғақлиялық тұжырыммен түйіндеген» (Ө. Тілеуқабылұлы. Шипагерлік баян. Алматы, 1996.). Өкініштісі, бүгінгі ғылым дала ғұламаларын мойындамайды немесе жаңалықтың бәрін Еуропадан күтетін стереотипіміз жібермейді.

Ғылым не дейді?

Текті ғылыми тұрғыда, тірі ағзалардағы тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік заңдылықтарын анықтайтын генетика ілімі зерттейді. Тұқым қуалаушылық дегеніміз организмдердің келесі ұрпақтарында ата-бабаларына ұқсас белгілердің сақталу қабілеті және осы қасиеттің негізінде түрдің біртектілігінің сақталынуы болса, ал, өзгергіштік – организмдердің өз аталық-аналықтарынан басқа, жаңа белгілерге немесе қасиеттерге ие болу қабілеттілігі.

1865 жылы чех ғалымы, сопы Грегор Мендель тұқым қуалаушылықтың негізгі заңдылықтарын зерттеп, «Өсімдік будандарымен жүргізілген тәжірибелер» еңбегін жазған болатын. Бұл ғылымның атауын 1906 жылы ағылшын ғалымы В.Бэтсон генетика деп атауды ұсынды («geneo»латын тілінен «шығу тегі» дегенді білдіреді). Ядролық тұқым қуалаушылықтың негізгі тасымалдаушысы клетка ядросында орналасқан хромосома. Әрбір хромосоманың құрамы химиялық компоненттерден тұрады. Кейде клетканың микроскопиялық өлшемі кезінде ұзындығы бірнеше сантиметрге жететін ДНҚ-ның (дезоксрибонуклеин) бір алып молекуласынан тұрады. Мысалы, адамның ең үлкен хромосомасының ұзындығы 7-смге дейін жететін бірінші хромосомасы болып табылады. Адамның бір клеткасындағы бір хромосомадағы ДНҚ молекуласының жалпы ұзындығы 170-смге жетеді. Ғылым бүй дегенімен, халқымыз «түбін білмеген тексіз, тегін білмеген түбін білмейді, тегі мен түбін білмегеннен келелі кеңес шыға қоймайды» деп кесіп айтқан.

Тектілік тірегі

Қазақи шежірені зерттеуші ғалым, Дәуірхан Айдаров: «ғылыми тек (ген) – адамның шыққан негізі, нәсілін, тұқымын білдіреді. Ал, қазақы танымдағы тектіліктің мазмұны тереңде» – деп тек пен тектілікті ажыратады. Жазушы Қ.Түменбай тектілікті шыңырау құдыққа теңеп, «оның суы мөлдір болғанындай, тектілік те мөлдір болады» – дейді. Тектіліктің дәл анықтамасы болмағанымен, белгілі бір нышандары мен қалыбын анықтауға тырысып көрейік.

Тектіліктің бірінші белгісі әулеттің өсіп-өнгендігімен сипатталады. Егер, тұқымында белгілі бір дарын иелері болса, ол қан арқылы келесі ұрпаққа берілетінін қазақ зерттемей-ақ қалай дәл білген?! Сондықтан, «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деп жар таңдауда текке қарауды ең бірінші критерий ретінде ұстанған.

Академик Досмұхаммед Кішібековтың пайымдауынша, текті болуға ата-баба, ана, туған жер, өскен орта әсер етпей қоймайды, бірақ, осылардың ішінде ең бастысы – әр адамның өз басы, ақыл-есі, парасаты, жігері, алдына қойған биік мақсаты, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтыла білуі. Сонда ғана, адам дараланып, сомдалып, тұлғалық дәрежеге көтерілуі мүмкін. Осылайша, қоғам қашан да тектілерге сүйенеді. Текпен берілетін қасиеттерге өнеге-үлгі, инабаттылық, кішіпейілділікті әбден жатқызуға болады. Себебі, баланың бойындағы бұл қасиеттер әке-шешеден бастау алады. Адамгершілік, азаматтық, қайраткерлік, қолбасшылық, зиялылық, діншілдік, әділеттілік те адам бойына текпен дарыса керек-ті. Ғалым, философ Ж. Молдабеков текті жанды «ол өнер жолын қуады, сертінде тұрады, уәдесін орындайды, қолы ашық, көңілі жайдары, тілі майда, әрекеті батыл келеді» деп сипаттайды.

Ақын Сәкен Иманасов, дінді тектіліктің бастауы деп біледі. Сонау ламаизмнен, даоцизмнен, тәңіршілдік, буддизмнен бастау алып Исламмен жалғасын табатын адами қасиеттер сананың, зерденің оянуы, жетілуі, ар тазалығы, инабаттылық пен қайырымдылық иірімдерін қалыптастырады, тектілікке жол ашады. Жазушы А.Смайыл «тегінің ар-намысын ойлаған жігіт арғы-бергі үрім бұтағының қамын қатар күйттеп, жанын арына садаға етеді. Арлы ер аз сөйлеп, көп тындырар, тек осындай табанды азаматтардың қатары толыққан сайын халық тектілене түседі» деп тектіліктің азаматтықпен біте қайнасып жатқандығын көрсетеді. Сонымен, зиялы қауымның пікірі тектіліктің туын биік ұстау үшін адамның бойында мынадай өлшемдер болуы шарт дегенге саяды: дене бітімі, ой-санасының деңгейі, тәрбие, жүріс-тұрыс, киім киісі, қоғамдық ортада өзін өзі ұстауы, сөйлеу мәнері, тамақтануы, тәртібі, ғылым мен өнерге жақындығы, салт-дәстүр мен дінді ұстануы, жаны, сезімі, ақыл-парасаты, ізденімпаздығы, жауапкершілігі, рухының биіктігі, қанағаты, иманы, шыншылдығы, турашылдығы, мүсәпірге қол ұшын беруі, жанашырлығы және т.б. Әрине, аталған қасиеттердің жиынтығы бір адамның бойынан табылуы некен-саяқ кезедеседі. Десек те, қазақ тұлғаларға кенде емес!

Тектілікті атадан балаға берілетін абсолютті мұра деп те қарауға болмайды. Себебі, ата текпен берілетін асыл қасиеттерді тәрбиелеп бойында сақтап қалу бар да, «жаман әдет – үйірсек» деп тура жолдан тайып кету тағы бар. Генетикалық тұрғыда адамның бойындағы жақсы қасиеттердің белгілерін тұқым қуалау арқылы 75-80 пайызын тектен, ал, қалғанын тәлім-тәрбие, қоршаған әлеуметтік ортадан алады екен.

Тектілікті тәрбиелемесе, ол ешқашан да дамымайды. Адамның өмірге бейімделуі мен қоршаған әлеуметтік ортасының оның индивид, тұлға болып қалыптасуына әсері мол. «Жақсыдан жаман ұл туар, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы ұл туар, адам айтса нанғысыз»

деген даналықтың ғылыми мәні тереңде жатыр.

Шежіренің ғылыми әлеуеті

«Жал құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр алсаңыз,

Жауға шабар ат тумас,

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас.

Жақсыдан жаман туса да,

Жаманнан жақсы туса да,

Тартпай қоймас негізге!»

– деп Бұқар жырау тектің әлеуметтің өміріне әсерін дәл айта білген. Тектің әлеуеті генетикада тұқым қуалаушылықты зерттеуде кеңінен қолданылады. Адамның бойындағы түрлі белгілер мен қасиеттердің тұқым қуалауын тегіне қарап анықтауға болатынын ғылым ХХ ғасырда ғана байқады. Ф. Фогель мен А. Мотулськи генетикалық талдау жасағанда, белгілердің тұқым қуалаудағы әртүрлі типтерін ескерген дұрыс деп санайды. Мәселен, аутосомды доминантты тұқым қуалауда, мутантты ген шежіреде барлық буын ұрпақтарында кездеседі және ұл мен қыздарда кездесу жиілігі бірдей болады. Егер, ата-аналарының біреу мутантты генді тасымалдаушы болса, онда ол ұрпақтарының барлығында немесе жартысында байқалады. Ал, аутосомды рецессивті тұқым қуалауда белгі сирек кездеседі, яғни, барлық буын ұрпақтарында көрінбейді, бірақ, ұл мен қыздарда көріну жиілігі бірдей болады. Белгі ата-аналарында кездеспегенімен, ұрпақтарында көрінуі мүмкін. Осы сияқты заңдылықтар анықталғаннан кейін, ғалымдар адамның ата тегін мұқият зерттеудің артықшылықтарын сезінді.

Осы тұста медицинамен қатар гуманитарлық ғылымдар да тектің әлеуетін пайдалануды көздеді. Әсіресе, психотерапия ғалымдары адамның ата тегін зерттеу арқылы отбасылық қатынастарда туындайтын мәселелерді анықтауға көшті. Қазақта текті сипаттаудың негізгі құралы болған шежірені ғылымда «социогенограмма» дейді. Қазақтың шежіресіндегідей социогенограммада да кемінде жеті атаға дейін туған-туыстар көрсетіледі. Тіпті, оны сызудың, қандай ақпараттар көрсетілуі керектігін ғалымдар ғылыми тұрғыда жасап, шартты белгілеріне дейін анықтап қойған (Сурет-1).

Қазақтың танымындағы ата-баба – түп тұқиян, баба – арғы ата, үрім бұтақ – бір атадан өрбіген ұрпақ, әулет – бір атаға жататын зәузат, туысқан туыстығы екі-үш атадан қосылатын адамдар, туыс-бауыр бірге туған қандас – осының барлығы социогенограммада қамтылуы тиіс. Мұндай ғылыми сызбаның қазақтың шежіресінен айырмашылығы әйел заты көрсетілмейді. Негізінен, біздің шежіреміз классикалық үлгідегі текті көрсету.

Алайда, көбірек мәліметтер алу үшін, ғылыми социогенограммада әйел заты да көрсетіледі. Осылайша, бүгінде әлеуметтік психология мен клиникалық әлеуметтану ғылымында адамның шыққан тегін сызғызу арқылы, оның бүгінгі өміріндегі әлеуметтік мәселелеріне жауап айтады. Адамның сол текті жалғаушысы немесе белгілердің тасымалдаушысы ретінде келер ұрпаққа не беретінін, не беруге болатынын да талдауға болады. Тіпті, ажырасу, ішімдікке салыну, психологиялық бедеулік, ер азаматтың отбасын тастап кету жағдайлары, жеңіл жүрістікке салыну және т.б. әлеуметтік мәселелердің тек арқылы берілетіндігін ғалымдар байқаған.

Ресейде, тектану ғылымымен айналысатын (родология) ғалымдардың айтуы бойынша, тіпті психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер, әдет-қылықтар, дүниетаным мен ойлау жүйесі тұқым қуалау арқылы беріледі. Қазақта «қандағы қасірет» деген ұғым бар. Француз ғалымы отбасылық психотерапевт, психодрамма маманы Анна Шутценберг «Ата-баба синдромы» кітабында белгілі бір жаста әке-шеше, ата-бабаның бойында, өмірінде болған әлеуметтік күйзелістер мен оқиғалар, дәл сол жас шамасында ұрпақ бойында қайталанатындығын, өзінің көптеген зерттеулерінен байқағандығын жазады. Мысалы, ата-бабасы репрессияға кеткен ұрпақтардың бойында, белгілі бір жасқа келгенде отбасыдан ажырауға бейімділік пайда болады екен. Кезінде ақын Артуюр Рэмбо осы генмен берілетін отбасылық мәселелермен зардап шеккен көрінеді. Ол 6 жасқа толған кезінде әкесі отбасын тастап кетеді. Одан 100 жыл кейін шегінетін болсақ, бабасы да әкесін осы жасқа толғанда қалдырып кеткен екен. Осылайша, бұл әулетте ер азаматтардың сызығында әкелердің отбасын тастап кетуі немесе қайтыс болып бақилыққа аттануы отбасылық «дәстүрге» айналыпты. А.Рембо да анасын, үйін тастап аз өмірін қашқындықпен өткізгенін білеміз. Ал, Эрнест Хемэнгуейдің өзіне қол жұмсауының астарында тек «ауруы» бар көрінеді. Себебі, жазушының әкесі де кезінде өзін өзі өлтірген. Бұл қандағы қасірет мұнымен тоқтамай, Хемэнгуейдің інісі Лестер, немересі Маргоның да суицид жасауымен жалғасады. Ғалымдардың пайымдауынша, адам егер де өзінің тегіне талдау жасап, ненің дұрыс, не бұрыс бағытта келе жатқандығын ескеретін болса және қарсы әрекет етіп, ең бірінші психологиялық тұрғыда дайындық жасаса, қанмен келетін мұндай «кеселдерге» қарсы тұруға әбден болады. Текпен келетін түрлі белгілердің адам түпкі мәнін түсінбей, кінәні тек өзінен іздеуі мүмкін. Алайда, оның тектен келе жатқандығын білсе, онымен күресіп, тойтарыс беруге болады. Осылайша, белгілі бір теріс белгілерді адам ұрпақтан ұрпаққа тасымалдаушы болмай, қайта онымен күресуге бел байлағаны дұрыс. Сонымен қатар, «ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, өзінің немере-шөберелеріне қандай жағымды-жағымсыз қасиеттерді қалдыруы мүмкін екендігін де ойланып жүргені абзал», дейді ғалымдар.

Тағы да бір ғалымдар көз жеткізген өмірдің заңдылықтарының бірі – қанша буын алмасса да, адамдар, туыстар арасындағы есеп айырысудың мәңгілік жүретіндігі, бір сөзбен айтқанда Құдайдың пендесіне деген есебінің түгел екендігі. Бір адам өзінің қарттық жасқа жеткен әкесін айдаладағы жалғыз ағаштың астына отырғызып, «Осында отыра тұрыңыз, мен қазір келемін» – деп енді кете бергенде, әкесінің көзінде жас, езуінде күлкі үйіріліп «Е, Алла! Тағдырыма ризамын, еш ренішім жоқ. Осыдан отыз жыл бұрын мен де әкемді дәл осы ағаштың астына тастап кетіп едім…» – деп еңірепті. Сол сияқты, адамның жаназасын шығарарда «ешкімге қарыз емес пе еді?» – деп сұрауының астарында мән бар екен. Себебі, адамның төленбеген қарыздары, біреудің ода кеткен ақылары болса, ол уақыт, ұрпақ алмасып келіп бәрібір сұрауы болатындығын ғалымдар көптеген зерттеулерден байқаған. Дана халқымыз мұндай әлеуметтік заңдылықтарды дін, діл, мәдениет арқылы терең меңгеріп, күнделікті өмірінде қолданып отырған.

Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады. Осындайда өмір сәйкестіктерден емес, заңдылықтардан тұратындығына тағы да бір көзіміз жетеді.

Дала ғұламасы Майқы би:

«Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Асылдан асыл туады,

Сараңнан бермес туады,

Соқырдан көрмес туады,

Мылжыңнан езбе туады,

Қыдырмадан кезбе туады»

– деген екен.

Тектіліктің мәнін тексіздікті көргенде ұғынасың. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін американдық ғалымдар нацистік өлім лагерінде жұмыс істегендердің әлеуметтік тегін анықтауға кірісіпті. Жарты жылдай жүргізілген сараптамалық жұмыс нәтижесінде, мынадай жағдайды анықтаған. Адам жанын түршіктірер, айуандық жазалау жұмыстары мен бопсалаудың түрлерін жасап, қолын қанға бояғандардың ішінде бірде бір неміс ақсүйегі жоқ екен. Шетінен жұмысшылар мен қасапшылардың, бақалшылардың балалары немесе тегі белгісіз жандар болып шыққан… «Қанына тартпай қоймайды», «тегі жібермеді» деген сөздердің күші қандай, көрдіңіз бе?!

Осылайша, адам түр-түсін, кескін-келбет, тегін, ата-анасын, ортасын таңдай алмайды. Әлеуметтану ғылымында бұл «әлеуметтік старт» ұғымымен сипатталады. Мұның барлығын, тіпті, ақылды да әркімге мөлшерлеп Алла беретіні ақиқат. Осы орайда, тоқталмаса болмайтын жайттардың бірі – текті білуді ескілік, ұлтшылдық, рушылдық, жершілдік деп түсіну, ел арасында алауыздық туғызу тектілік емес надандықтың дәл өзі.

Тектілік бақытқа бастайды ма?

Жақында, ағылшын ғалымдары бақытты сезіну адамның тегінен берілетіндігін дәлелдемек болды. Эдибург университетінің мамандары 900 жұп егіздерді зерттеген. Нәтижесінде бақыттылық деңгейін адамның мінез-құлқы анықтайды, ал, ол көп жағдайда тектен беріледі деген тұжырымға келді. Әрине, ғалымдар бақытты болуға мінезден бөлек әлеуметтік өмір, жұмыс пен қарым-қатынастың да әсерін жоққа шығармайды. Осы тұста, американ ғалымдары адамның бақытты не бақытсыз болуының 50 пайызы генетикалық ерекшеліктеріне байланысты деген қорытындыға келген болатын. Олар соңғы 50 жылда АҚШ-та өмір сүріп келе жатқан буын өкілдерін зерттеген. Экономикалық, әлеуметтік статус пен өмір сапасының жақсаруына қарамастан адамдар бабаларына қарағанда өздерін бақытты сезіне қоймаған. Осылайша, бақытты күн кешу үшін жақсы жалақы, мол табыс, медициналық препараттар (бүгінде АҚШ халқының 14 пайызы тұтынады) әсер етпейді. Ғалымдардың зерттеуінше бақытты болуға жалғыз жол достық қарым-қатаныстарды нығайту мен әлемдік дәстүрлі діндер насихаттайтын адамгершілік нормаларын ұстану екен.

Ғалым, философ Әбдімәлік Нысанбаев: «рухани бай, сана-сезімі жетілген, мәдени құндылықтарды игерген, өзін тану арқылы әлемді таныған, нәпсісін тиып толық адам болуға ұмтылғандар бақытты болмақ. Жаны мен тәні үйлесіп, өмірін мәңгі нәрсе – жақсылыққа арнаған адам бақытты екен» дейді. Мұның астарында тектілік ұғымы жатқандығы анық. Осы тұста, адамгершілік құндылықтарына бай текті, Абай айтқан «толық адамның» бақытсыз болуын қалай түсіндіреміз?! Сөйтсек, адамдық мораль басқаның бақытын теріске шығаратын бақытты мойындамайды екен. Басқалардың бақытын таптайтын оқшауланған бақыттың болуы мүмкін емес. Демек, жалқы, дара бақытты болу бұл тектіліктің көрінісі емес. Бұдан асқан өзімшілдік болмаса керек-ті. Осы тұста Бұқар жырау «халқым зарлап тұрса, мен қалай бақытты боламын» деп текті адам бақытты жеке басымен емес, халықтың бақытымен ұштастырып барып қана сезінетіндігін айтады. Асан қайғы бабамыз айтпақшы:

«Жеті атасын білген ұл,

Жеті жұрттың қамын жер.

Өзін ғана білген ұл,

Құлағы мен жағын жер».

Текті ұлдың ел бағы үшін туатындығы анық. «Текті ер елін көкке көтереді, тексіз арын төктіреді». Парасаты мен адамгершілігі жоғары адам жалқы, дара бақытқа жете алмайды. Көптің қамын ойлау гуманизмнің шыңы болса, кез келген адамның күші, ерік-жігері өзінен артықты, кең ойлауға жете бермейтіні тағы бар.

Бақытты болудың формуласы осы күнге дейін ойлап табылмаған, табылмайды да. Себебі, бақыт абстракциялық ұғым. Біреу үшін бақыт махаббатына қосылу, біреу үшін – байлыққа, мәртебеге жету. Қысқасы, бақыт – ол сағым.

Толстой Анна Каренинасында

«Бақытты отбасының бәрі бір-біріне ұқсас, ал, бақытсыз отбасылардың әрқайсысы өзінше бақытсыз» деген екен. Бақыт пен бақытсыздықты адам жүрекпен сезініп, көңілмен көреді.

Ақын А.Әлімұлының бақыт туралы сұрағына жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов былай жауап берген екен: «…Бірде Адам Аллаға: «Бәрін бердің, енді сен маған бақ бер» депті. Сонда Құдай: «Әй, Адам – сені он сегіз мың ғаламның иесі етіп жараттым. Саған ақыл бердім, парасат бердім. Тіпті, болмаған соң қабырғаңнан қатын жасап бердім. Енді, бақты өзің таба алмасаң, несіне адам болып жүрсің, нені бақ санайсын, соны өзің тауып ал. Байлықты бақ деп санайсың ба, ұрпағыңды, бала-шағаңды бақ санайсың ба, өзің біл. Оған шамаң келмесе, саған сонша ақыл-парасатты неге бердім?», – деген екен. Бақтың үлкені – қанағат. Әйтпесе, бақыт мынау деп оның бақайынан ұстаған ешкім жоқ». Ия, Қалаға айтпақшы, бақыт әр адамның танымы мен қанағатына байланысты, бақыттың үлкен-кішісі болмайды және әр адам – өз бақытының ұстасы. Десек те, бақыт пен бақытсыздықтың маңдайға басқан тағдыр емес екендігін ғалымдар даулайды. Этика ғылымында эвдемонизм деген ілім бар. Ол адамгершілік пен адам мінезінің басты арқауы бақытқа ұмтылу дегенді меңзейді. Л.Фейербах «Эвдемонизм» еңбегінде ерік пен бақытқа ұмтылудың бірлігін зерттей келе, адамның бақытқа ұмтылуы мен өлім арасындағы қатынасқа тоқталады. Өлім немесе ажал адамның бақытқа ұмтылуындағы ең соңғы бөгет, кедергі екен. Өмір мен бақыттың түпкі мәні бір деп қарастырады.

«Бақыт» жалпы философиялық категория болғанымен, әлеуметтану ғылымы оның өмірдегі «көрінісін» өлшеуге ұмтылады. Халықтың «бақыттылық» деңгейін өлшеудің екі әдісі бар. Біріншісі – субъективті әдіс, адамдардың өзін-өзі бағалауымен бақыттың деңгейін анықтайды. Бұл бағыттағы әлеуметтік зерттеулер халықаралық деңгейде және ел ішінде жүргізіле береді. Халықаралық Gallup зерттеу орталығының мәліметі бойынша әлемдегі өзін ең бақытты санайтындар қатарына Сальвадор, Панама және Парагвай халықтары жатады. Бұл үш елден бөлек ең бақытты он елдің қатарына Венесуэла, Эквадор, Гватемала және Коста-Рика жатады. Ең бақытты деген латын-америкалық Панамада бар жоғы 3,4 миллион халық тұрады. Мың адамға шаққандағы адам өлімі де төмен, 196-орында тұр. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі де аса көп емес, 12 мың долларды құрайды. Демек, адамның өзін бақытты сезінуіне байлықтың әсері аз. Екіншісі – объективті әдіс, мұнда өмір сүру деңгейі мен өмір сапасы: халықтың табысы, жағдайы мен рухани, мәдени өмірін, бос уақытын ұйымдастыруы сияқты т.б. интегралды өлшемдердің жиынтығы арқылы халықтың бақыттылық деңгейі анықталады. Осы әдіс бойынша жақында Колумбия университеті Жер институтының сарапшылары «Бақыт туралы есебін» жариялады. Олар әр елдегі саяси бостандық, әлеуметтік кепілдіктер, жемқорлық деңгейі, адамдардың денсаулығы, тұрақты және бақытты некелердің көлемін бағалап ең бақытты мемлекеттердің рейтингісін жасады. Бірінші орында Дания болса, одан кейін Норвегия, Финляндия, Нидерландия және Швейцария, АҚШ, Ұлыбритания ең бақытты мемлекеттер деп бағаланған. Бұл тізімде Қазақстан 59-орында болса, Беларуссия 62-орында, Ресей 76-орында, ал, Украина 91-орында. Егер де, бірінші әдіспен қарайтын болсақ, қазақтың менталитетінде «шүкіршілік» деген жақсы қасиеті бар. Тіпті, күнкөріс минимумынан төмен өмір сүрсе де өзін «ел қатарлы» бағалайтын азаматтарымыз көп. Немесе «бақыт үшін не керек?» деген сауалдың да жауабы тартысты. Әркімнің қағанаты мен танымына байланысты. Мәселен, дамыған ел болып саналатын, жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын елдердің азаматы өздерін бақытсыздар қатарына жатқызады. Ал, халықтың өзін бақытты сезінуі мен оған өмір сүру сапасының да сәйкес келуі классикалық әлеуметтанулық өлшемдегі бақыттың көрінісі болып табылады. Сондықтан, әр адамның субъективті бақытты сезінуі мен халықтың тұрмыс-тіршілігін объективті бағалап, олардың нәтижелерін бір-бірімен салыстырып әлеуметтанулық мағынадағы «бақыттылық» коэффициентін анықтауға болады.

Армансыз адам

Адам туылғаннан жер қойнауына кіргенге дейін әлеуметтену процесі үзілмейді. Яғни, тірі пенденің қысқа ғұмырындағы тіршілігін өз танымындағы бақытқа жетсем деген ертеңгі күнге үміті мен армандары, сан түрлі жоспарлары құрайды. Сөйтіп, адам тәтті елеспен күн кешеді, еңбек етеді, тіршілік жасайды. Бірде теледидарда атақты жазушыдан, «Өмірде қандай арманыңыз бар?» – деген тілшінің сұрағына: «Мен армандарымның бәріне қол жеткіздім. Өмірде арманым қалмады» – деп жауап берді. Сонда бір ағамыздың «онда бұл кісі өлген екен!» – демесі бар ма?! Өмір сүруге жетелейтін арманы жоқ адамды ағамыздың тірілер қатарынан шығаруының астарында философиялық астар бар. Мүмкін бұл эгоистік тұрғыдағы бақытқа жетудің көрінісі болар. Себебі, жеке басының армандарына қол жеткізуден бөлек, ағайын-туыс, ел-жұртының бақытты күн кешуін өз бақытының құрамдас бөлігі санау шын мәніндегі тектіліктің белгісі екендігін жоғарыда атап өткен болатынбыз.

Түйін

Ия, халқымыз тек тазалығын сақтау арқылы қан араластырмай, генофилия, жүрек ауру сияқты кеселдермен ауырмаған. Танымы жоғары қазақтың түйсігі кез келген ғылымның әлеуетімен теңесе алады. Әлеуметтанушы ғалым, профессор К. Биекеновтың «интуиция (түйсіну) кез келген ғылымнан кең» дегенінде шындық бар.

Сонымен, адам сөзсіз өз генінің, отбасылық тарихының жемісі. Адам тәуелсіз емес! Ол – буынды жалғаушы ғана. Бірақ, әрбір пенде әулеттен келе жатқан әлеуеттен басқа келер ұрпағына не бере алады? Бұл практикалық мәні бар сұрақ. Әр адам өзінің өткені мен бүгінгі өмірінің мәнін ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінгенде ғана мақсатты әрекет ете алады. Осының бәрін сезіну, келер ұрпаққа мұра қалдыру мен азаматтық, қайраткерлік болмыстары тектілікпен ұштасып жатқандай. Тектілік биігіне көтерілу шын бақытқа ұмтылумен сипатталады. Ал, бақытқа апарар жолдың арман екендігі анық.

Арабтың атақты жазушысы әл-Жаһиз «түріктер – жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөзді, опасыздық, сатқындықты, өтірік айтуды, сенген адамдарына тәкәппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойлауды білмейді» деген екен. Ендеше, осы қасиеттер ген арқылы бүгінгі қазақ халқының бойына беріліп отыратындығы сөзсіз. Тектен дарыған қазынамызды тәрбиелеп, келер ұрпаққа қалдыра алсақ игі.

 

Алдыңғы «
Келесі »

5 Пікір бар

  1. Өте жақсы ақпараттық-ғылыми сараптама, өте мағыналы.

  2. kazaktarga keler kun kaida
    asygattyn jyl kaida
    osy kunge jetsekte
    kazaktyn tili bul kaida

  3. kazak degen batyr
    kim bolsada korkpai jatyr
    osy kunge jetsekte
    kazakstan mykty bolyp jatyr

  4. Тек пен тектілік қазақ деген қасиетті халыққа ғана тән болатын. Қазіргі ұлтымыздың жайы қатты болғандырады. Тіпті, жүрек ауырарлық дәрежеге жетті. Келешекте ұлттық келбетімізді сақтап қалсақ игі еді. Мына мақала кез келген жанға ой салар деген үміттемін.

  5. Мына макаланы окыган жастарымыз ойланып жатса нұр үстiне нұр.

Пікірлерге тыйым салынады.