«Князьдің ант беруі» суретін көргенде туған ой

  • 01.04.2013
  • 436 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 tabinЖурналымыздың өткен, ақпан айындағы №2 санында профессор, техника ғылымдарының докторы, коллекционер Тәуке Алтынбековтің «Бір суреттің сыры» айдарымен «Князьдің ант беруі» атты мақаласы жарық көрген еді. Осыған орай, редакциямызға хабарласқан оқырмандармен қатар, елімізге белгілі тарихшылар да бар. Олардың қай-қайсысы да аталған суретке деген өз көзқарастарын білдіріп, көңіл төріндегі сөздерін айтып, жазуда. Солардың бір парасы, белгілі тарихшы Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ханкелді Әбжанов пен тарих ғылымдарының докторы профессор Зардыхан Қиянатұлының аталған сурет туралы пікір-тұжырымдары. Олардың бірі суреттің астарымен, мән-мағынасына назар аударса, екіншісі тарихи фактілерге жүгініп, суреттің қай жылдардағы оқиғалардың көрінісі екендігін тілге тиек етеді. Енді, назарларыңызға осы қос пікірді ұсынып отырмыз.

 

Суретке қарап әлденеше ой-пайым түюге болады. Біріншіден, кімнің қожайын, кімнің бағынышты қауым екені анық көзге түсіп тұр. Алтын Ордадан келген өкілдердің бастары шалқақ, өңдері айбарлы, көздерінде ызғар бар. Әсіресе, жарлық оқып тұрған басшының өзін ұстауы еркін әрі паң.

Есесіне ІІ Василий тобының жүні жығылып қалған. Ұзын қара тон кигенінен басқалары алтынордалықтардың көзіне тіктеп қарауға батпай тұрғанын суретші айнытпай бере алыпты. Князь ІІ Василий тастағы табан ізіне бас иіп, тізерлей мойын ұсынған соң, басқалары қарсы мінез көрсете алады ма, тәйірі!?

Екіншіден,

суретшінің тарихи-этнографиялық даярлығы кәсіби шеберлігінен әлсіз тәрізді. Әйтпесе, үлкен миссиямен келген Алтын Орда делегациясының мүшелерін тым жұпыны «киіндірмес» еді. Біреуінің үстінде ала шапан ғана, екіншісі жазғы баскиіммен тұр. Қайта ант беруге келгендердің киімі әлдеқайда тәуір шыққан. Мүмкін, бұл автордың жат жұрттық билеушілерге көрсеткен қыры шығар?

Үшіншіден,

оқиғаны суреттеуге қыс әрі елсіз дала бекер алынбаса керек. Ресей үшін ауыр сынақтар мезгілі болғанмен, орыстар далалықтарды Мәскеуге кіргізбей қарсы алды, демек азаттыққа жетер күн алыс емес деген ойды білдіргісі келді ма екен, суретші. Қалай болғанда да автордың бүйрегі алтынордалықтарға бұрылып тұрған жоқ.

Төртіншіден,

аспандағы қара бұлттар Солтүстік-батыс аймақта сейіліп, Шығысқа қарай ойысқан әрі қоюлана түскен. Бұл кездейсоқтық емес. Табиғатты Құдай деп білсек, ол да Ресей жағына жадырай нұрын төгуде.

Бесіншіден,

мемлекеттің басты байлығы – адамдар. Суреттегі алтынордалықтардың негізгі дені кішкене, аласа адамдар түрінде бейнеленсе, орыстар жағы кілең ірілер. Князьдан басқа бірде-біреуі тізе бүкпеген.

Біздің ойымызша, «Князьдің ант беруі» Алтын Орданың емес, Ресейдің мүддесін қорғаған шығарма.

 

Ханкелді Әбжанов,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

В. Орлов-Петровтың 1912 жылғы «Князьдікке

ант беру»атты көркем суретіне анықтама

Сурет Алтын Орда (Жошы ұлысы) тарихымен тікелей байланысты. Алтын Орда 1240-1495 жж. дейін 250 жылға жуық уақыт билік құрды. Басқадай, көптеген ұлыс-аймақтар сияқты Орыс князьдары Алтын Ордаға салық төлеп тұрды. Орданың орталығы Сарай-Берке Еділдің төменгі бойында болды. Басқадай билеушілер сияқты орыс князьдары Алтын Орда ханының жарлығымен бекітіліп, ұлы ханның аяғына жығылып тізе бүгіп ант беретін. Бұл Шыңғыс хан дәуірінен келе жатқан салт. Моңғолдарда аяққа жығылу (хөл дор сөгдөх), тізе бүгу (өвдөг сөгдөх) салты 1920 жылдарға дейін болған. Аталған суретте Мәскеулік ұлы князь ІІ Василий соқырдың Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп тұрған оқиға көрсетілген. Ұлұғ Мұхаммед Тоқай Темір әулетінің Қырым тармағы хандарының ұрпағы, Едіге сұлтанның бектер-бегі болып жүріп Едігеге басын алдырған Ішкілік-Хасанның ұлы, Алтын Орданы 1428-1446 жылдарға дейін (арасында үзіліс бар) билеген ұлы хан.

Василий соқыр 1425-1453 жж. Мәскеудің ұлы князі болған адам. 1425 жылы әкесі Василий І өлгесін ағасы Юрий Звенигородтың жолын кесіп, ұлы князь болған. 1425-1453 жж. князь Юрий және оның ұлдары Косай мен Дмитрий Шемяка Мәскеу билігі үшін ІІ Василиймен күресті. Д. Шемяканың тапсырысымен ІІ Василийдің көзін шығарған. Осы кезден бастап ол Василий соқыр (темный) атанды.

Тұтқындағы ІІ Василийдің мәселесіне байланысты Ұлұғ Мұхаммед Д.Шемякаға Бегіш атты елшісін жібереді. Бірақ, Шемяка елшіні кешіктіріп қайтармай қояды. Ұлұғ Мұхаммед «елшіні өлтірді» деген айыппен Шемяканы тақтан тайдырып, ІІ Василийді тұтқыннан босатады. Бұл ІІ Василий үшін тым қымбатқа түседі. Ол Ұлұғ Мұхаммедке 200 мың рубльге дейін төлем төлеп Ұлұғ Мұхаммедтің ұлдары Қасым мен Үйсіпке Мишжар (қазіргі Москва) аумағын сыйға береді. Сөйтіп, ІІ Василий өзінің бағыныштылығын мойындап, 1445 жылы қазан айында Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп «Мәскеудің ұлы князьдігіне» қол жеткізеді. Суретте осы оқиғаны көрсеткен. 1446 жылы Ұлұғ Мұхаммед өліп, оның ұлы Қасым інісі Үйсіпті өлтіріп ІІ Василийден сыйға алған Мишжар өлкесіне барып қоныс тебеді. Осылайша, келешек Қасым хандығының негізі қаланды. Қасым Мишжардың атын «Мәскеу кремлі – қамалы» деп атады (Х.Халид). «keremly» моңғолша «қамал» деген сөз.

Зардыхан Қинаятұлы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Алдыңғы «
Келесі »