Репрессияға ұшыраған қазақ руханияты

  • 01.04.2013
  • 4286 рет оқылды
  • 1

Қазіргі қазақ халқының 7 миллиард адамзаттың ішіндегі үлесі 0,2 пайызды құрайды екен (тіпті жарты пайызға да жетпейді – Ж.Т.). Ал, мемлекет құру бағына ие болған халықтардың ішінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орындамыз. Бұл игілікке тек «білектің күші – найзаның ұшымен» ғана жете алмасымыз айдан анық. Әлбетте, осы мекенді жайлаған халықтың рухани қазығының мықтылығы ғана пана болған. Қазақ мемлекеттігінің іргесі 1456 жылы Керей мен Жәнібек хандар қалағаннан бері, біздің Қазақстан Республикасына дейінгі аралықтағы қазақ халқының рухани қазағы – ортақ руханияты болып келеді. Қазақ руханияты – қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан тылсым, осы халықтың этникалық мінезі мен ұлттық санасы, ділі мен діні, өркениеті мен тұрмыс-салты, қайраткерлері мен барша халықты құрайды. Ол сонымен бірге, ұлттық сана деңгейінде бірегей қайраткерлермен немесе парасатты тұлғалардың шығармашылығы арқылы қалыптасып, барша халықтың игілігіне айналатын ақпарат.

ХХ ғасырдың басында, шығысында Өр Алтайдан бастап, батысында кең жайылған Еділге дейін, ал құбыласында Самарқанның Жиделібайсынынан бастап, теріскейіндегі Төменнің ойпатына дейінгі сайын даланы мекен еткен қазақ халқы бір тілде сөйлеп, бір дін ұстанып, бір дәстүр аясында – бір ауыз сөзге тоқтай білген халық еді. Ол тұстағы қазақтың жер-суы Орыс империясы тарапынан толық жауланып, тәуелсіздігінен толық айырылған ел болды. Бірақ, руханиятының қалпын тұтастай сақтап, жадыңда азат елдіктің мұратын 1905 жылы Қарқаралы питициясынан жаңғырқан «Алаш қозғалысы», жәй стихиялық сипаттағы кездейсоқтық емес, ұлттық сананың кемелденуінен туындаған тарихи құбылыс. Питицияны ұйымдастырып жазғызған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Бекметовтар сынды азаматтар қазақ халқының ең алдымен рухани құндылықтарын қорғады. Кейінгі кезеңде қазақ халқының ұлттық санасын оятып ұлт ретінде ұйысуының негізін қалады.

Егер, 1917 жылы 4-13 желтоқсанында «Алаш» автономиясы құрылып саяси ықпалды орта қалыптаспаса, онда, кейін 1920 жылы РКФСР құрамында Қырғыз (қазақ) АҚСР құрылуы да мүмкін болмас еді. Ресей төңкеріс жолымен билікке келген большевиктердің қолында болды. Жаңа автономияның шеңберінде қазақ азаматтарының большевиктер партиясына өтуі көпшілігінде қазақ халқын әрі қарай қалай дамытсақ деген мүддеден туындаған қажеттілік. Бірі социализм идеяларын саналы түрде қолдап қабылдаса, ал, бірі түбі қайырсыз боларын ашық айтып запа кешіп жатты. ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ халқы саяси, табиғи, әлеуметтік, демографиялық, экономикалық және т.б. ауыртпашылықтарды басынан кешіп жатса да, қазақ руханияты жаңа өріс жайып социалды қоғамның бір игілігі жаппай сауаттандыру мен қатар жалпы білім жүйесін қалыптастырып, ұлттық ғылымның алғашқы негіздерін қалады. Осы қысқа жылдар аралығында, аға буын жас буын өкілдеріне ұлттық сана түйсігін толықтай бойларына сіңіре білді, қазақ руханиятын жаңа қалыпта жаңғыруының негіздерін қалады. Кейінгі 30-шы жылдары қазақ руханиятына қарсы сталиндық тоталитарлық режимы тарапынан, қолша жасалған 1928-33 жылдар ашаршылығы да, 1937-38 жылдарғы репрессиялары да, жаппай геноцидке ұшыраған қазақ халқының руханиятының өміршеңдігін және толықтай қазақи қапын аман сақтап қалуын кейінгі 40-шы жылдар тарихы растайды. 1941 жылы ҚСРО аумағында басталған ІІ- ші Дүниежүзі соғысы кезі, қазақ халқына зор нәубет болса да, бірақ өшуге таяу тұрған руханиятының жаңғыруына зор мүмкіндіктер берген заман болды. 1937-38 жылдары құрбан болған: «Алашшыл» Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамбетов және т.б.; большевизмды Қазақстанда құрылуына ат салысқан халықшыл: С. Сейфуллин, Н.Нұрмақов, І.Жансүгіров, Б. Майлин және т.б., түркшіл Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, С. Қожанов және т.б. олардың көздерін көріп, тағылымын бойларына сіңірген жаңа «Қазақшыл» азаматтар келді. Қазақ халқының қазіргі руханиятын осы «нағыз қазақшыл» азаматтар құрады, ал, 40-шы жылдардың екінші жартысынан жаппай белең алған Сталиндік репрессияларының үшінші кезеңі тікелей қазақ руханиятына бағытталғаны, тіпті, көзге басылады. Себебі, қазақшылдар саяси тұрғыдан өзге көзқарастарды ұстанбаған, тек қандайда болмасын руханияттың діңін құрайтын тіл, әдебиет және тарих саласында қызмет атқарған азаматтар. Репрессияларға қазақшылдардың тарихи шындықты ашық зерттеп, айтып, дәріптеулері себеп болды. Ал, ол ақиқаттар, қазақ халқының тәуелсіз ел болғандығын, теңдессіз тарихы, әдебиеті және өркениеті бар ұлт екенін көрсетті. «Ұлы державалық мүддені» қорғаған сырты социалистік, кеңестік, ал, ішінден «ұлы державалық шовенизм» үстемдік құрған заманда қазақшылдардың бұл істері қылмысқа парапар еді. Рухани тұрғыдан ең ауыр тиген соққы осы үшінші саяси-қуғын кезеңі болды.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуына да үшінші кезең репрессиясы зардаптары әлі де сезілуде. Бұл тақырыпты толықтай тұтас қамти алмасақта, бірақ, белгілі архивтік, зерттеушілік және мерзімді баспасөз беттеріндегі мәліметтер аясында, өз пікірімізше қазақ руханиятының қуғын-сүргінге ұшыратқан үшінші кезеңдегі негізгі себеп-салдарын пайымдап көрейік.

Кеңес Одағының қазақ халқын саяси

қуғын-сүргінге ұшыратуы

 

Қазақ халқы – тереңнен тамыр тартқан, теңдессіз тұңғиық, ізгілігі қайталанбас – руханиятты, адамзатқа адал – өркениетті қалыптастырды. Қандайда болмасын рухы мықты өркениет, жау қолына түссе де, жаулаушыларға еш уақытта толық рухани үстемділікке қол жеткізуге мүмкіншілік бермейді. Себебі, толық жаулаудың айғағы ретінде жауланушы халықтың өркениеті толық жойылып кетуі ғана айғақ бола алады.

Сондықтан да болар, ХІХ ғасырда «Европа жандармы» атанып, дүниежүзінің алтыдан бірін алып жатқан Патшалық Ресей үшін, өзге Европа елдеріндей колония ұстау мақтанға айналған. Ресейдің қол астындағы халықтарды бағынышты етіп ұстауға арналған саяси және әскери жүйелері арқылы өз өркениетін емін-еркін дәріптеуге мол мүмкіншіліктерге қол жеткізді. 1822 жылы Спиранский дайындаған Сібір қазақтарының жарлығынан бастау алған рухани жаулаудың сан түрлі құйтырқы саясаттарына ұштасып, бірақ, олар қазақ халқының рухани негіздеріне түбегейлі әсер ете алмады.

Жалпы адамзат өркениеті, оның ішінде Қазақ өркениетінің мыңдаған ғасырлар бойғы қалпы ХХ ғасырда, тіпті, үлкен сынға түсті. ХІХ ғасырдың орта кезінде Патшалық Ресей тарапынан тәуелсіздігінен толық айырылған қазақ халқы, 1991 жылға дейін «Ұлы державалық мүдденің» бұғауында болып, айдауында жүруге мәжбүр еді. Негізінде, большевиктердің 1917 жылғы «Қазан төңкерісі» Ресей мемлекетінің тұтастығын және орыс халқының үстемдігін, тек 74 жылға созудың мұрсатын берген терең астары бар, саяси тұрғыдан сәтті жүзеге асырылған тәсіл ғана болмақшы. Болшевизмнің жалынды жалауы болған: «Коммунизм жеңісі – үшін, алға!» – ұраны, орыс халқында шала-жансар күйінде ұйықтап жатқан «Ұлы державалық шовинизмін», тіпті, өршітті, әлемдік деңгейге дейін көтерді. Қазақ халқының тарихында ең қаралы кезеңі, сол – «жұмысшылыр табының диктатурасы» құрған 1917-1991 жылдар аралығындағы Қенестік тоталитарлық режимнің билігінің тұсына келеді.

Көне қазақ өркениетінің бой-тұмары болып сақтаған – рухы мықты ұлттық сана. Ұлттық санасының сақталуы – ел ұғымын мұрат тұтқан, көкірегі ояу, ерлердің несібесінен бағын не сорын көрген құбылыс.

Осы орайда, 1920 жылдың 26-шы тамызында БОАК және ХКК (Бүкілресейлік Орталық орындаушы комиссиясы және Халық комиссарларының кеңесі – орысша арбевиатурасы: ВЦИК и СНК) жарияланған қарарына (декрет) сай: РҚФСР құрамында, Қырғыз (Қазақ) автономиялық кеңестік социалистік республикасы (келесі де қысқаша – ҚАКСР) құрылып, астанасы болып Орынбор қаласы бекітілді. Сол жылы, қазан айының 4-12 жұлдыздары аралығында, Орынбор қаласында Бүкіл Қазақтық бірінші (Құрылтайшы) Кеңестер съезінде тұңғыш Автономия жарияланды. Бұл тарихи алқалы жиын, сол тұстағы қазақтың басшылық тізгінін ұстаған барлық игі жақсыларының бас қосуына себеп болды. Сейітқали Мендешев Төрағалық еткен съездің Президиумында: С. Сейфуллин, А. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, Ә. Жангелдин, В. Радус-Зинкевичтер және тағы басқа барлығы он мүше болған. Ия, бірден бұл Президиум мүшелерінің саяси ұстанымдарының кереғарлығын байқауға болады. Социализмді орнатуды мұрат еткен, большевизм идеясы түпкілікті «Алаш қозғалысының» саяси ұстанымдарына сай келмесе де, бірақ, мақсат тұтқан «Автономиялық республика» төңірегіндегі үйлесімділік, большевиктер тарапынан «қозғалыстың» саяси беделін мойындауы һәм қазақ халқының негізгі саяси талабымен санасуы еді.

Қазақстанда большевизмнің билікке келуі, Азамат соғысы кезінде қырғанын айтпағанда, Қазақстан тарихындағы 1921-23 жылдардағы 1,2 миллион кісі қырылған «Ұлы жұттан» басталды. Бұл жұтқа, алыстағы АҚШ-ты, жақындағы «Атаман Қызыл Айшық» комитеті арқылы, (Красный полумесяц) Түркия бастаған мұсылман жұртшылығын гуманитарлық азық-түлік көмегі төңірегіндегі ынтымағын ұйыстырды. Бұл шаралар жұтаған жұртқа, аз болсада, бірақ, өзіндік сеп болғаны анық. Осы ортақ опат, барлық атқамінер азаматтарымызды Алашшылсың, не большевиксің деп алалатпай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығартқызды». Жұттан аман қалған Шығыстағы Зайсаның жұртынан жылуға жиылған малдарды, тіпті, қатты күйреген Торғайға айдатып жатты. Бұл қазақ халқының большевиктерге танытқан қолдауы емес, өз қандастарына көрсеткен қайыры еді. Жұт біраз елді күйзелтсе де, бірақ, қазақ халқының тұрмыс-салтына түбегейлі еш әсер ете алмады. Халықтың көшпелі қалпы көпшілігінде сақталып қалды.

Нағыз жаулауды большевиктер, көрсетті.

Олардың Қазақстанда толық билікке қол жеткізуі, 1925 жылы ҚАКСР басшылығына Ф. Голощекинды тағайындаудан басталды. Ол, кезінде тағынан тайдырылған Ресей императоры Николай (Екіншіні) Романовты балашағасымен косып атуына қатысып, большевиктік сертін қанмен бекіткен, нағыз адал қанышерлерінің бірегейі еді. Сол жылғы V Қеңестер съезіде автономияға тек «Қазақ» – деген көне атауы қайтарылып ғана қоймай, Қазақстанда «Кіші қазан төнкерісін» жариялаумен ұштасты. Соның мақсаттарына сай, билік тарапынан әдейі жасалған 1925-33 жылдардағы ашаршылық науқаны, қазақ халқының санын екі есе, 2,2 милионға кемітіп (Мақаш Тәтімов), бұрын соңды тарихында болмаған демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, рухани дағдарыстарына әкеліп соғып, ұлттық сананы сансыратып, сағын сындырды.

Осы жылдар аралығында, большевиктер билікке келгендегі ең бірінші қарарларына (декреттері) сай: Азамат соғысы кезіндегі көзқарастарына қарамай «жалпы кешірім (амнистия) жарияласа да», бұл уақытша көз бүркеу болып, 1905 жылы «Қарқаралы құзырхатынан» бастау алған «Алаш қозғалысына» да, саяси нүкте қойылды. Барлық қатысы бар азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл қазақ зиялыларының қуғын-сүргін тарихының, идеологиялық тұрғыдан большевиктер режимінің, қазақ руханиятының қөш басында жүрген серкелеріне ойсырата берген соққысы, сол кездегі қазақ халқы жанашыр басшысыз қалды. 1924 жылы С. Сейфуллин ҚАКСР ХКК-ғы төрағалық қызметінен төмендетілді. Бірнеше рет,1920, 1922 және 1926 жылдары түрмеге қамалған Ә. Бөкейханов, 1927 жылы Мәскеуге жер аударылды. Сол жылы Мәскеуге С. Сәдуақасов оқуға, ал, Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Кожановтар қызметке жіберілді. ІІХК МБСБ-дың 1930 жылғы (ОГПУ (орган главного политического управления) НКВД) №78754 ісіне сәйкес «Алаш козғалысының» саяси қозғалыс ретінде тарихи миссиясы тоқтатылды. «Ұлтшыл»-деген айып пайда болып, осы іс бойынша 43 кісі Мәскеудегі «Бутырка» түрмесіне қамалып, оның ішіндегі тізімге сәйкес: №1 болып Ахмет Байтұрсынов, Архангельскіге жер аударылды; №2 Міржақып Дулатов, «Соловки» лагеріне айдалып, кейін, 1934 жылы сонда қайтыс болды; №6-шы Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы алғашқы құрбандардың қатарына жатып, оққа ұшып шәйіт кетті; № 10-шы Мағжан Жұмабаев, Колыма лагерінен, ұрандап :

Не көрсемде Алаш үшін көремін,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін

– рухты шыңайтып жатты. Бұл тізімдегі азаматтар Қеңестер билігіне қарулы және өзгеде қарсылық көрсету мақсатында халықты үгіттеді, көбіне, тіпті, үгіттеуі мүмкін деген жаламен жазаланды. М. Әуезов пен Ә. Ермековтер 1930-32 жылдары түрмеге қамалып, тергеуде болады.

1931 жылы қазақ руханиятының мәйегі, берекесі, кең тонының ішкі бауы болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дүние салды. Сол жылы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ойшыл-ақындар, Иманжүсіп Құтпанұлы сияқты батыр-ақындар, ал, 1932 жылы Үкілі Ыбырайдай халықтың ғаламат ақын-жыршылары, халық сөзін сөйлейміз деп, оққа ұшып жатты. 1933 жылы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде қайтыс болды. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға Донской зиратының крематорий алдында, атасы Әлихан Бөкейхановқа, әйелі Елизавета мен ұлы Ескендірге, тек Сәбит Мұқанов Мәриямымен ғана келуі, Сәбит арқылы – барлық қазақ халқына көңіл айтқызып жатты. 1929-30 жылдар аралығында Қазақстан аумағында алғашқы ЛББ МБСБ-дың (ГУЛАГ ОГПУ- главное управление лагерей ОГПУ) лагерьлері ашыла бастады. Бұл лагерьлер тек Мәскеуге бағынып, Қазақстанның шаруашылық айналымындағы жерлерге, бір есептеспей өз қалауларынша иеленіп жатты.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары дүниежүзі тарихында, өздерін «Көне» санайтын Европада, тоталитарлық деген саяси режимдердің көптеп тарихи сахнаға келуімен сипатталады. Мысалға олар: Кеңестер одағында – Иосиф (Коба) Сталинның (Джугашвили), Италияда – Бенито (Дучо) Муссолинидың;; Германияда – Адольф (фюрер) Гитлердің; Испанияда – Франсиско (каудильо) Франконың (Баамонде) құрған режимдері мемлекеттерінің барлық билік салаларын бір қолға жинақтатып, тырп еткізбес қатаң саяси қуғын-сүргін жүйесімен ерекшеленді. Тоталитаризмның саяси-әкімшілік жүйе ретінде, пайда болуының тамырында: Платонның – «мінсіз мемлекеті»; кері тарта ойлы – Томас Мор, Томмазо Кампанела, Грагх Бабёф және т.б. «сандырақтары»; Анри Сен Симонның – «жоспарлаушы жүйесі»; Жан Жак Руссоның – «жарқын болашаққа жетуі»; Иоганн Готлиб Фихтенің, Фридрих Гегельдің, Карл Маркстың, Фридрих Ницшелердің ғылыми еңбектерінде дамуын тапқан, төрткүл дүниені үнемі бағынышта ұстаудың алтын қағидасын ұстанған «көлеңкеден» жасырын басқарушылар (массондар) қорытқан ойларының жүзеге асуының нәтижесі ғана болмақшы. Жоғарыда айтылған тоталитарлық режимдердің ішіндегі ең келеңсізі – И. Сталин құрған тоталитарлық режим болып есептеледі. Себебі, біздің қазақ халқының тарихындағы И. Сталин режимінің билік құрған тұсындағы алғысы тек, қарғыс болып жабысып жатты.

1936 жылғы КСРО-да жаңа конституция қабылданды. Бұхара көпшілік оны «Сталин конституциясы» – деп атап, сонда, Кеңес Одағында социализмның толық жеңісі жарияланып, адам баласының құқықтарын қағаз жүзінде мүлгітпей жазылып, оған сәйкес кейбір автономиялық республикалар қатарында Қазақстанды да толыққанды одақтас республикаға айналдыруы, билеуші режим тарапынан өзінше бір қазақ халқының беделін көтерген сымақ, әншейін саяси большевиктік тәсіл ғана болды. Негізінде, Бүкілодақтық үлкен науқанға айналған 1937-38 жылғы саяси қуғын-сүргіннің жүргізілуі, Сталин құрған жауыз саяси режимнің шынайы бет-бейнесін ашып берді. Қазақстанда бұл кезең, қазақ халқының сол кездегі барлық бетіндегі қаймағын құрайтын барша зиялы атаулысын, саяси ұстанымдарына да қарамастан, шетінен қуғын-сүргінге ұшыратуымен жүзеге асты. Алаш қозғалысына қатысты Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Хәлел және Жаханша Досмұхамедовтер, Мұхаметжан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаевтар сынды марғасқалар, 30-шы жылдардағы сүргіннен аман қалса да, бұл жолы құрбан болды.

Ал, қазақ даласында, большевизмді қолдап, белсенді құрушылар тарапынан: билік басында болған С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Н. Төреқұлов, С. Меңдешов, Т. Жүргенов, Ж. Садуақасов, С. Аспендияров және т.б.; Қазақ Кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Б. Майлин, І. Жансүгіров және т.б.; бірыңғай елді ерте білген, көкірегі ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетінен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретінде айыпталып, «халық жауы» атанып аяусыз тергелуге алынып, жазасын қысқа қайырып, көбіне аяусыз атылып жатты. Большевиктер, жай ғана өздерін ғана атып қоймай, 1938 жылғы МБСБ-ның ІІХК (Ішкі істер халық комиссариаты – орысша нұсқасы НКВД) №00486 бұйрығына сәйкес, «халық жауы» атанғандардың жанұя мүшелері де (ата-аналары, әйелдері, балалары, өзге де отбасы мүшелері) қуғын-сүргінге ұшырады. Толық күшіне енген большевизмнің білдірген ризашылығы осылай қанкүйлі болып, жалпы халықты зәрезап қылды. Көбіне куғындалғандары мен саналылары болмаса, сол сойқан науқан жайында ресми бұхара таратқан ақпаратқа жалпы халық болып, сеніп жатты. Режимнің бұл әрекеттеріне көптеп қолдау танытқандары да табылды. Бұл саяси науқан өзінің негізгі мақсатына жаппай жайлаған қоғамдағы үрей мен қорқыныш туғызу арқылы жеткендей-ақ еді. Ия, 1937-38 жылдары Қазақстан бойынша жалпы 125 мың кісі қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылыпты. Қазақ халқының болашағы тіпті бұлыңғыр кейіпке енгендей еді. Жаралы руханият хал үстінде жатты. Бұл, қиялай-қиқу заманнан бергі көшпелі қазақ өркениетінің көші тоқтап, өмір-салты өзгергені өз атына, «өркениет жасаушы ұлт» ретінде, дүниежүзілік тарихта сақталып қалуының өзі, сынға түскен заман болды. Бұрын-соңды «Ұлы державалық шовинизмнің» арғы ниеті, қазақ руханиятын һәм өркениетін жұтып жіберу болса да, іс жүзінде «қазақты» – «бұратана» (орысшасы – «туземец», «инородец») деген сөзден көп аса қоялмай, тек большевиктер колдарын толық жеткізе алды. Ал, большевизм «Ұлы державалық мүдде» идеясымен қуаттанып, тек Сталинді ұлықтаған мәңгүрт тобырдың біртұтас халықты құртуды көздеген науқаны сәтті жүзеге асырылғандай болды. 1928-33 жылдары геноцидке ұшыратып, тірідей қыра алмаған қазақты, бақташысы жоқ үріккен қойдай бытыратып басқаруды көздеді. 1937-38 жылдары халықтың генофондын жоюды көздеген науқанның жүзеге асырылуы – халықты біржолата жоюды көздегенін анық аңғартты.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі «қазақшыл рухани ортаның» қалыптасуы

ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қазақ халқы ерекше жігер танытып, жаңа ұлттық сана қалыптастырды. Барлық қазақ бір кісідей жұмылып, әр демімен жаңа заманның ызғарлы ауасымен көкірегін кере тыныстап, қазақ руханиятын жаңа қалыпқа үйлесімді қылып жаңғырған кезеңі болып ерекшеленеді.

1941 жылы КСРО аумағында Ұлы Отан соғысының аяқ астынан басталуы Кеңестер Одағында билік құрған И. Сталин режимінің осал тұстарын айқара ашып берді. Бұл жолғы ІІ-ші Дүниежүзілік соғысқа қазақ халқы, Кенес Одағының толық азаматтары ретінде қатысуға міндетті еді.

Қазақ баласы:

Сарыарқа сағындырған ата мекен,

Сардала анам едің, құшағың кең.

Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,

Артта – Сен, алда – майдан, қайтсем екен?

– деп, Қасым Аманжоловша ортақ Отанды тәуекелге бел буып, қан-майданға аттанып, даңқпен қорғап жатты. І-ші Дүниежүзі соғысы кезіндегі 1916 жылы, окоп қазудан аса алмаған қазақ үшін – бұл үлкен жетістік еді.

Ұлы Отан соғысында 350 мыңнан астам қазақ баласы опат болыпты. Айтарлыққа, АҚШ-тың ІІ Дүниежүзі соғысының Европа алаңындағы соғысында 300 мың жауынгерінен ғана айырылған екен. Бұл соғыс онсызда дағдарып тұрған демографиямызды күйзелтсе де, халқымыздың тапталған рухын тірілтуге, руханиятын жаңғыртуға, зор мүмкіндіктер берген, заман болғаны анық.

Соғыс қанша зор апат болса да, жау тигенде қазақ баласы атасынан бері жаудан қайтпаған халық екенін дәлелдеді. Қазақ баласының соғысқа қатысуы, оның бойындағы ата тегінен дарыған, ана сүтімен сіңген, жауынгерлік рухын тірілтті, тарихи қалыптасқан «руханият қорғаушы» миссиясын атқарғызды.

Қандай да, соғыс болмасын – рухани дағдарыс пен қарама-қайшылықтардан туындап, негізінде қатысушы халықтардан жеңіске жету үшін тек материалдық игіліктерді ғана емес, халық руханиятының қуаттылығы мен өресінің кеңдігін қажет етеді. Осы тұрғыдан, большевиктік режим жеңіске жету жолында және Кеңес халқын рухтандыру мақсатында 1942-43 жылдары азаматтардың діни еркіндіктеріне қеңдік танытылуында айтарлық жағы болды. ҚСРО аумағын мекендеген халықтардың елсүйгіштік сезімдерін арттыру мақсатында, сол халықтардың рухани құндылықтарын дәріптеуге, жариялауға, зерттеуге және сол шығармашылықты халыққа молынан таратуға мүмкіншіліктер берді. Мұнымен қатар, Қазақстанға соғыс кезінде эвакуациямен КСРО-ның батыс аймақтарынан келген дүниежүзілік және одақтық деңгейдегі ғалымдар, өнерпаздар мен өзге де салалардың білікті мамандары шоғырланып, интеллектуалдық деңгейінің арттыруына елеулі үлес қосылды. Бұл бастамалар қазақ зиялыларының тарапынан жанды қолдауын тауып, өте тиімді пайдаланылды.

Қандайда бір ғылымы дамыған елде – тілі, әдебиеті мен тарихы тасада елеусіз қалып жатса, онда ол елдің елдігі де, руханиятының тектілігі де күмәнды болмақ.

Осы тұрғыдан, алғанда қазақ халқының руханиятының ішіндегі өзін-өзі сақтау иммунитеті, таңдаулы тәуірлерінің парасаты арқылы ғана сақталып келген. 37 жылға дейінгі қазақ «Алаш» – деп ұран салса, енді жаңа ұран – «Қазақ» болды. 1938 жылы үзілген қазақ руханияты мен қазіргі руханиятымызды жалғайтын зиялы қауым құралып қалыптасуы Ұлы Отан соғысы басталған кезеңнен бастау алады. 1941-53 жылдар аралығында қазақ руханиятының жаңа құрағы құралып, серкелерінің ордалы ортасы: Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Әлкей Марғұлан, Қасым Аманжолов, Есмағанбет Исмаилов, Ермұхамбет Бекмаханов, Бейсенбай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Ілияс Омаров, Ахмет Жұбанов, Жайық Бектұров, Темірғали Нұртазин, Әуелбек Қоңыратбаев, Қайым Мұхамедханов, Бекежан Сүлейменов және т.б. осылар сынды «Алаш арыстарының» көздерін көріп, тағылымдарын бойларына сіңірген, қазақ халқына қызмет ету – аманатын адал арқалаған ерлеріміздің қатарымен толықтырды. Бұл рухани һәм тарихи сабақтастығының үйлесімді жалғасы болып, текті руханиятымыздың есесін қайтарып, іргесін бүтіндеді.

Жанбота ТАСБОЛАТҰЛЫ,

 

«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің аға ғылыми қызметкері

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Алаш азаматтарының рухына бас иу, жас ұрпақ санасына ұлтжандылық рухын себе білу, репрессия құрбандарының еңбектерін кең көлемде жариялай беру көзі ашық азаматтардың, соның ішінде мұғалімдердің белсенділігі айтарлықтай болуы керек.Сол замандағы білімге, ғылымға сусап отырған халық үшін әрбір жаңалық саф алтынға тең еді. Алаш азаматтарын қоғам қайраткері деп ғана қабылдай алмаймыз, олар тарихшы, олар әдебиетші, олар зерттеуші, олар жан-тәнімен қазақ еді.

Пікірлерге тыйым салынады.