Тарих оқулығындағы олқылықтар

  • 01.04.2013
  • 1165 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Хасен Қожа-Ахмет, композитор, өнертанушыХасен Қожа-Ахмет, композитор, өнертанушы

Қарт Әбілқайыр кім? 

КСРО кезінде, әсіресе тарих тақырыбына қалам тартқан қаламгерлер аузын Коммунистік партия сьезінен немесе сол партия көсемдері сөзінен цитатамен ашатын қағиданы игерген еді. Тәуелсіздік жарияланғаннан соң сол тарихшылар әр мақаласында, міндетті түрде, кеше өздері мүше болған компартиясын «тарих шындығын жасырды, айтқызбады» деп қарғана отырып жазуды «модыға» айналдырғандай. Иә, уысына түскен өзге халықты айдаған жағына жүргізу үшін оның тарихын, басқа да ұлттық құндылықтарын түкке тұрғысыз етіп көрсетуге күш салу – отаршылдық саясаттың ежелгі кәнігі құралы боп табылған.Тоналған байлықты қалпына келтіруден гөрі зақымдалған тарихи жадты түзету әлдеқайда қиын. Мұны КСРО оқу орындарын тәмамдаған көпшіліктің Шыңғыс хан, Кенесары сияқты тарихи тұлғаларға отаршылдар қалыптастырған көзқарастан бүгін де айрылғысы келмей, қызыл кеңірдек болуынан байқаймыз.

 

Бірақ, білгісі келген жанға отаршылдық кезінде де тарихи дерек пен оны халыққа ресми насихаттау арасындағы үйлеспеушік көрініп қалатын. Мысалы, «Қазақстан Ресейге 1731 жылы өз еркімен қосылды» дей тұра, Ресейдің 1718, 1720 жылдарда-ақ Семей, Өскемен қамалдарын салғаны баспасөзде айтылуы, ойы сергек жанға ақиқатты аңғартса керек еді. Сондықтан, мәселе тарихымыздың бұрмаланған тұстарын жұрттың байқамауында емес, сол аңғарғанын айтудың қауіпті болуында еді (Олай дейтінім, 1970-1977 жылдар аралығында КСРО-да насихатталып отырған тарихқа балама, саясатқа сын көзқарастағы жиырма шақты мақала, өлең жазып таратқаным үшін сотталғандықтан, ол кез ахуалын өзге ұмытса да, мен ұмыта қойған жоқпын).

Отаршылдардың халқымызға өткендегі тарихынан тағлым алғызбай, жалған тарих жасап оқытқан қиянатын бүгінде әркім айтады. Баяғыда, 1368 жылы Қытайда Шыңғыс хан ұрпақтары құрған Юань (Мәңгі) әулеті құлатылғанда, билікті алған Мин әулетінің бұйыруымен Юань тарихы 331 күнде-ақ өзгеріліп жазылған екен. Ал, Қазақстанда тәуелсіздік алған 20 жылда тарихымыздың бұрмаланған тұстары түзетіліп, жас ұрпаққа шынайы тарихымызды білуге мүмкіндік жасалды ма?

Қазіргі кезде жазылған тарих пәні оқулықтарын парақтар болсақ, негізінен КСРО кезіндегі бесжылдықтарда халықтың қол жеткізген табыстары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Мәскеу, Ленинград, т.б. Ресей қалаларын ерлікпен қорғаған қазақстандықтардың есімдері, Қазақстанның Ресейге қосылғанының прогрессивті жақтары туралы баяғы сарынды көреміз. Ал, Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер жайы 1919 жылмен – Алаш партиясын айтумен тәмамдалады. Бүгінгі биліктің қытығына тиер дей ме, 1960-1970 жылдары отаршылдыққа қарсы шығып жазаланған санаулы азаматтар туралы жаңа тарихымыз да жақ ашпайды. Мәскеуді қорғағандарды жатқа білетін мектеп оқушылары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қаһармандарының тек қаза болғандарынан екі-үш есімді ғана атай алады. Қазіргі жазылған тарихымызды оқығанда: «Оу, Ресейге қосылуымыз прогрестік рөл атқарса, КСРО кезінде экономикамыз табысты болса, соншама ұлт-азаттық көтерілістеріне шығып қазақ несіне ақымақ болған?!»

деген ой туады.

Байқасақ, тәуелсіздіктен соң қазаққа тарихын оқытудың әлемде жоқ үлгісі жасалып отыр екен. «Анықтама» ретіндегі тарих пәніне қосымша кітаптардағы фактілердің бір-бірімен сәйкессіздігінен бүгінгі ұрпақ одан әрі дүбәра күйге ұшыратып жатқан сыңайлы. Бір оқулықта Тәуке ханның қайтыс болғаны 1715 жыл делінсе, өзгелерінде 1716, 1718 жыл көрсетілген. Бірінде Тәукеден соң билікке Қайып ханның келгені айтылса, келесі оқулықта Болат хан аталады. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында: «Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды. Оның мұрагері Қайып хан Қазақ мемлекетінің бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Қазақтың барлық жүздерінің өз ішінде «келте хандары» пайда бола бастады» (14 б.) делінсе, ал, 16 бетінде: «1710 жылы қазақ халқының беделді өкілдері жиынға шақырылды. Қазақ ақсүйектерінің құрылтайы Қарақұмда өткізілді…Құрылтай жиналысы Кіші жүздің ханы етіп Әбілқайырды сайлады және оған бүкілхалықтық жауынгерлік жасаққа жалпы басшылық етуді сеніп тапсырды» деген. Сонда, қазақ жүздеріндегі «келте хандар» 1715 жылдан бастап пайда болды ма, әлде Тәуке хан тірі кезде-ақ, 1710 жылғы құрылтайда сайланды ма?! Осы министрлік ұсынған М.Байдолданың «Қазақстан тарихынан»: «Салқам Жәңгір 1629-1652 жж. Тәуке 1652-1718, Батыр 1718-1726 ж.ж., Болат 1726-1730, Әбілмәмбет 1730-1771 жылдарда билік құрды» деген анықтамалар көреміз. Қайып хан бұл тізімде мүлде жоқ (81 б.). Тарих оқулықтары мен қосымша құралдар, тарихи романдарда да Салқам Жәңгірдің 1652 жылы қаза болғаны, одан кейін Тәукенің 1680 жылы хан тағына отырғаны жазылған. Жоңғар мемлекетінен қорғанумен қоса дәл осы кезеңде Қазақ хандығы Бұқар соғысына да 100 мың әскер жіберген екен. Ал, 28 жыл бойына хан тағы бос тұрған болса бұл шаруаның баршасын кім ұйымдастырып, атқарған?» Бұл туралы М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабынан: «Салқам Жәңгір ханның қасиетті қазасынан соңғы отыз жыл, дәлірек айтсақ, 1652 жыл мен 1681 жылдың аралығы – біртұтас Қазақ Ордасының үш жарым ғасырлық ұзақ тарихындағы ең күңгірт кезең. Бұл заманда Бахадұр хан билік құрған. Бұл да көмескі дерек» – деген қысқа мағлұмат қана оқимыз (73 б.).

Қазір, дереккөздер жеткілікті кезде баспалардан шығып жатқан шежірелердің өзі, бірі қазақ хандарын Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнен таратса, енді бірі Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темірден таратып, нақты бір шешімге келе алмай отырмыз. Тіпті, берідегі, 18-ғасырда қазақты Ресейге қосу жолындағы істері арқылы жазба деректерде аты молынан қалған Кіші жүз ханы Әбілқайырдың туған жылы да әртүрлі – 1693, 1686, 1680 делініп, оның кімнен туғандығы мәселесі де дүдамал екен. Қанжығалы Бөгенбейдың өмір сүрген жылдары туралы да аталған екі оқулықтың бірі 1690-1775 жж.десе, екіншісі 1680-1778 жж. дейді. Әйгілі үш биіміздің туған, қайтқан жылдарын да білу мүмкін емес. «Мүйізі қарағайдай» соншама тарихшы-ғалымдарымыз бола тұра бергі тарихымыз тиянақталмай жатса, қалайша арғы сақ, ғұн, Шыңғыс хан дәуірлері туралы мақалалар жазып, диссертациялар қорғап жүр екенбіз деген сұрақ туады.

Халық өзінің өткенін айқын біліп, одан жинақтаған тәжірибелерін бүгінгі өмірінде пайдалана білгенде ғана келешегі жарқын болатыны – дәлелденген заңдылық. Өйткені, тарихын (өз тамырын) білу – адамның ойлау жүйесін айқындап, ұлтының әлемдегі орнын сезінуін қамтамасыз етеді. Жарайды, «өз халқының тарихын айқын білуі – адамның тектілігінің, отаншылдығының кепілі екендігі» туралы ақиқаттарды айтып мынадай, қасиетті ұғымдардың қадірі кетіп, адамзат мүліктің құлына айналған кезеңде замандастарымды езу тартқызбай-ақ қояйын. Бірақ, Қазақстан тарихының жүйеге келтірілмей ала-құла күйде қала беруі оқудағы балаларының емтихандарда сүрініп гранттан, стипендиядан қағылатынына себеп екені әркімге де түсінікті болар.

Сондықтан, оқулық құрастыратын мамандарымыз өз жұмыстарында ескерсе деген тілекпен тарихымыздағы елді шатастырар тұстар туралы көңілде жүрген біраз мәселені айтып көрейін.

 

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың

әкесі кім?

Көрнекті қазақ ақыны Ғ.Қайырбеков өлеңінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?» – деген еді. Әйтсе де, патшалық Ресей кезінде де, КСРО кезінде де «жаман» болмаған бір ханымыз болыпты. Ол – 18-ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр. Әсіресе, КСРО үкіметі Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанына 250 жыл толуын 1981 жылы тойлауға дайындық бастаған кездері «орыс-қазақ достығы» ұраны мен Әбілқайыр хан есімі қатар аталынған еді. Оның қазақты Ресейге қосудағы «көреген» бастамашылдығы, жоңғарлармен соғыстағы тәжірибелі қолбасылығы, т.б. кемеңгерліктері талай мақала, диссертацияларда жазылды, тарихи-роман, фильмдерге арқау болды. Өз басым, Әбілқайырды «саны қазақтан аз жоңғардан қорқып Ресейдей арыстанның аузына түсірді, онысы халқымызды екі жарым ғасыр бойына талай қырғын, геноцидтерге душар қылды; Абылай, Әбілмәмбеттер шығыста жоңғармен арпалысып жүргенде, бұл «ала қойды бөле қырқып», батыста Ресейге бодан болумен әлектенді» деп есептегенмін. Сондықтан, әлгі «250 жылдықты тойлауға» мен де өз «үлесімді қосып», 1974 жылы «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы» деген мақаламда: «Шын мәнісінде, орыстар Кіші жүздің ханы Әбілқайырмен «шарттасудан» екі ғасыр бұрын-ақ қазақ жерін отарлай бастаған – Жайық бойын 1556 ж., Құлынды даласын 1610 жылы басып алған. Әбілқайырдың 1731 жылғы «келісімінсіз-ақ» орыстар қазақ жеріне қамалдарын салып, зеңбіректерін қазақ даласына қаратып қойылған. Орал –1613, Гурьев – 1640, Семей – 1718, Өскемен – 1720 жылы салынған. Мұндай жағдайда «қосылмай» көр… Ал, Әбілқайырмен 1731 жылы жасалған «келісімді» айтар болсақ, Кіші жүздің ғана ханы болғандықтан, оның мұндай шарт жасасуға қақысы жоқ. Мемлекеттік шарттар тек Үлкен Орда ханымен жасалуы тиіс болатын» деп жазған едім (қараңыз: Х.Қожа-Ахмет. «Ереуіл атқа ер салмай…», Елорда-2000. 60 б.).

Тарихшы Қамбар Атабаев «Туын жақпай алаштың» деген зерттеу-мақаласында: «Бүгінгі күні кәсіпқой тарихшылардың бәрі дерлік Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағандығын айтып, оған дәлелдер келтіруде. Тек, сол шындықты бұдан 30 жыл бұрын, яғни, коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде Хасеннің айтқандығын естен шығарып жүр. Оның 1970 жылдарда жазған еңбектеріне сілтеме жасауға да бір күш жібермейтіндей» – деп жазу себебі осыдан («Ақиқат» журналы, 2007 ж. № 7). Мейлі ғой. Әйтеуір, қазір «Әбілқайыр ханның саяси көрегендігінің арқасында Ресейге қосылудың қазаққа зор бақыт әкелгендігі» туралы тақырыпта ешкім диссертация қорғамас. Бірақ, баспасөзге назар аударсақ, оның басқа да қасиеттерін айтып мадақтаушылар әлі де баршылық көрінеді. Тіпті, тәуелсіздік кезінде, Абылай ханнан да бұрын Әбілқайырға ескерткіш орнаттық-ау деймін! Мысалы, Ырғыз ауданының әкімі К.Толықбаев 2004 жылы баспасөздегі («Ақиқат» журналы 2004 ж. №4) сұқбатында: «Осы Ырғыздың Майтөбе деген шоқысының басында елінің ертеңін ұлылықпен ойлаған, ұлтымыздың арғы-бергі тарихындағы алтын діңгектердің бірі– Әбілқайыр хан орыс еліне қосылу туралы шартқа қол қойған» – деп, әлі де үйреншікті сарыннан арыла алмаса, интернеттен «Абай-ақпарат (2011 ж.): «Қазақ тарихындағы әйгілі тұлғаның бірі Әбілхайыр хан 1727 жылы Бұланты өзенінің бойындағы және 1729 жылғы атақты Аңырақайдағы жоңғарлармен соғыста қазақ қолын басқарған, жеңіс жалауын желбіретіп, атамекенді азат еткен қолбасшы хан… .Қалай болғанда да, Алаштың аяулы ханы, атақты қолбасшы Әбілқайырдың халқына еткен қызметі бас иіп, мақтан тұтарлық екені даусыз» – деп сөзден май ағызады.

Тарих ғылымдарының докторы Ә.Мұқтар да Әбілқайыр туралы 23.03.2010 ж. жарияланған мақаласында:«Кеше ғана қазақты жоңғар жұтуға шақ қалғанда үш жүздің ығайы мен сығайын, хандары мен сұлтандарын, батырлары мен билерін мойындатып бас қолбасшы сайланып, жауын талқандап, кейін қашырған, еліміздің батысы мен солтүстігіндегі қалмақ пен казак-орыстан, оңтүстігіндегі Бұхара, Хиуа, түркімен, қарақалпақтан еш тайсалмаған»…деп, ол туралы зерттеулер жасағандарды (XVІІІ ғасырдағы зерттеушілер П.И.Рычков, ХІХ ғасырдағы ғалымдар А.И.Левшин, Л.Мейер, В.Н.Витевский, А.И.Добросмыслов, ХХ ғасырдағы кеңестік тарихшылар А.Ф.Рязанов, М.П.Вяткин, Н.Г.Аполлова, П.Е.Матвиевский, Е.Бекмаханов, В.Я.Басин, А.Сабырханов, қазақстандық И.В.Ерофеева, К.Л.Есмағамбетов, Ж.Жақсығалиев, Ж.Қасымбаев, С.М.Мәшімбаев…) атай келе: «Қазақ тарихында бір тарихи тұлғаға осынша қалам тартқандар болған емес. Соған қарамастан, соңғы жылдары Әбілқайырмен тұстас, тағдырлас ағалы-інілі буындар – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бөкенбай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек батырлар, Жәнібек тархан, Абылай хан аттары жиі-жиі аталып, тәуелсіз еліміздің тарихына қосқан үлестері айшықталып, ұрпаққа үлгі ретінде насихатталып жатқан тұста олардың қатарынан оның көрінбей, шетқақпай қалуы неліктен?» деп реніш білдіріп, мақаласын: «Бар өмірін қазақ жауларын тұқыртуға арнаған, ат үстінен түспеген тұлғаның ұлан-байтақ халқымыз бен территориямыздың тұтастығын сақтаудағы рөлін мойындау, ұрпаққа үлгі ету, ұлықтау маңызды» деп егіліп-елжірейді. Осы сарындас, жоқты бардай етіп көпірткен мақалаларды «жеке біреулердің пікірі» дей салар едік. Бірақ, тарих пәні оқулықтарында да, энциклопедияларда да дәл осындай ақиқатқа қайшы пікірлер жетіп-артылады екен.

Отаршылдық кезінде мақсатым Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағандығын дәлелдеу тұрғысынан ғана Әбілқайырды ауызға алған едім.

Қарасам кейін,

Орысқа дейін,

Хан бағыпты қазақты.

Баға алмай жөндеп,

Басқаға көн деп,

Артқан жұртқа азапты»

, – деп А.Байтұрсынов айтқандай, Әбілқайыр, мүмкін, хан болып жарытпаса да, оның қолбасы ретінде қазаққа сіңірген еңбегі туралы пікірлерге шүбә келтіру, бұл тақырыпқа оралу ойымда жоқ еді. Түрткі – Ақселеу Сейдімбектің 1996 жылы сыйға тартқан «Көшпенділер тарихы» атты кітапшасындағы мынадай деректен болды: «Сол кездегі Қазақ хандығының саяси, әлеуметтік және әскери өміріне белсене араласқан екі Әбілқайырдың болғанын айта кеткен жөн. Оның бірі – Кіші жүздің ханы, Ресей патшалығына бодан болатын Әбілқайыр (1693-1748 жж.). Бұл Әбілқайыр, тарихи әдебиеттерде Қазақ хандығының негізін салған Әз-Жәнібектен тарайтын Өсек сұлтанның ұрпағы Әскен (Әжі) сұлтанның баласы деп жазылып жүр. Ал, екінші Әбілқайыр – Абдолла сұлтанның баласы. Мұны даланың ауызша шежіресі де, тарихшылар да «қарт Әбілқайыр» дейді. Абдолла сұлтан Ташкентке хан болатын Тұрсын ханның баласы. Ақназар ханның немере інісі Тұрсын Мұхамед Ташкентке хан болып тұрған кезінде ант аттап, ағасы Ер-Есімнің қолынан қаза тапқан. Бұл жөнінде Есім ханның маңында болған Марғасқа жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын, кім арамды ант ұрсын…» деп келетін белгілі өлеңі бар. Есім хан інісі Тұрсынды өлтіргенімен, оның баласы Абдолланы далаға тастамайды. Есім хан жас Абдолланы өз баласы Жәңгірдің тәрбиесіне береді. Жәңгірден туатын Тәуке үш жүздің ханы болған кезінде, осы Абдолла Ұлы жүзге хан болады. Осы Абдолладан Әбілқайыр мен Жолбарыс туады. 1710 жылы Тәуке хан Қарақұмда құрылтай шақырғанда, бүкіл қазақ әскерінің ханы (мөкәддама ләкари) болатын – осы Әбілқайыр. Бұл кезде Кіші жүзге хан болатын Әбілқайырдың жасы небәрі 16-да ғана. Осы құрылтайда Қанжығалы Бөгенбай қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып, «сардар» атанады. Ұлы жүздің ханы Абдолла өлген соң, 1721 жылы әкесінің орнына хан сайланатын да осы «қарт Әбілқайыр». Кейін, «ақтабан шұбырынды» болып, Ұлы жүздің халқы ауа көшкенде бұл Әбілқайыр өзінің әскери тәжірибесін бүтіндей елдің азаттық үшін күресіне арнайды. Абдолланың Әбілқайырын 1652 жылы өлген Салқам-Жәңгір хан асырап алғанда, өзінен-өзі 1731 жылдары «қарт Әбілқайыр» атанады ғой. Ал, бұл кезде Кіші жүзге хан болатын Әбілқайыр небәрі 38 жаста. Белгілі тарихшы М.Тынышбаевтың «…Үш жүздің қазақтары (1730 жылдың бас кезінде) ортақ жауға қарсы үзеңгі қағыса жүріп, тас түйін бірлікпен соғыса білді. Ол кезде бас қолбасшы қарт Әбілқайырдың өзі еді» деп жазуында осындай гәп бар. Қарт Әбілқайыр – 1730 жылдардың қанды шайқасында мерт болып, сүйегі Ахмед Яссауи ғимаратына қойылды. Бұл күндері Яссауи ғимаратының қазандық бөлмесінде тұрған көк тас, кезінде осы Әбілқайырдың басына қойылған» депті (ал үшінші – Ақорда ханы Шибани Әбілқайырды атаған) (Тарақты Ақселеу. «Көшпенділер тарихы». Атамұра-Қазақстан. Алматы.1996. 70-71 б.). (Әрине, үшінші – Ақорда ханы Шибани Әбілқайырды да атаған).

Иә, шынымен де, тіпті, Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқан 1748 жылдың өзінде, ол Әбілқайыр қарт емес, 55 жаста ғана болыпты! Ресми насихатталып жүрген тарихымыздан бөлек бұл жолдарды оқығанда бірнеше сұрақ туады. Біздің білетініміз екі Әбілқайыр хан еді. Шыныменен үшінші, «қарт Әбілқайыр» болғаны ма?

Дереккөздері өзгелерінен гөрі молырақ болғандықтан, бұл мәселені тексеруді Кіші жүз ханы Әбілқайырдан бастайық. Оқулықтарда оның тегі туралы айтылмағандықтан, дерек іздеп энциклопедиялар, шежірелер мен тарихи романдарға да үңілген едік. Нәтижесінде осы Әбілқайырдың әкесінің есімі бес түрлі аталғанын байқадық:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясында (1 том): «Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан (1693-1748) – Кіші жүз ханы, қолбасшы. Әбілқайыр хан батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен 1710-1748 жылдары аралығында Кіші жүздің ханы сайланды», десе, интернеттегі «Уикипедия» ашық энциклопедиясында: «Әбілқайыр (Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан) (1693 12.08.1748) – хан, қолбасшы, 1718-1748 жж. билік құрған Кіші жүз ханы… Жошының бірінші ұлы Орда-Еженнен тарайтын – Өсеке ұрпағы, Қажы сұлтанның баласы. 1710 жылы  Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз  әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал, түмен басы болып атақты Бөгенбай батыр сайланды»; «Википедия» энциклопедиясында: «Абулхайыр Мухаммед Казы бахадур хан (каз.Әбілқайыр Мухаммед Қазы бахадур хан; 1693–1748 –хан Младшего жуза (1718-1748) Вероисповедание: Ислам, суннитского толка. Рождение:1693 год. Смерть: 1748 год. Похоронен: Хан моласы, совр. Актюбинская область. Династия: Чингизиды. Отец: Айтак-султан» делінген. Ал, «Прикаспийская коммуна» газетінде (09.08.2011) атыраулық тарихшылар А.Сәрсенов пен

С.Дәукеновтің «Абулхаир хан – полководец, правитель, политик» мақаласында: «Согласно прямым показаниям Абулхаира, записанным генерал-майором Алексеем Тевкелевым, его фамильная ветвь восходила к Осеку через следующие четыре династических поколения: Кажи султан (отец) – Ирыс султан (дед) – Айшуак султан (прадед) – Болекей-Коян султан (прапрадед) – Осек» делінген. И.В.Ерофеева да «Хан Абулхайр: полководец, правитель и политик» (Алматы. 1999.) кітабында оның әкесін Қажы-сұлтан деп жазған.

«Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках» (Алматы. 1961. 36 б.) жинағындағы 30.10.1730 жылғы «Выписка Коллегии иностранных дел о приезде в С-Петербург послов от хана Малого жуза Абулхаира для переговоров о принятии российского подданства» аталатын Ресей құжатында: «Что також-де имеютця и городы кайсацкие. 1.Главный город Ташкент, в нем владетель Чолбарс-хан (помянутого Абулхаира-хана родной брат), 2. Тюркастан, в нем владетель Шемяки-хан, 3. Сайрам, в нем владетель Кучюк-хан, и к тем городам имеется деревень немалое число» деп жазылған. Осы жинақтың №65 құжатында Әбілқайыр ханның 1738 жылы тамыздағы хатының мөріндегі есімін «Абулхаир-богадыр-хан, сын Хаджи-султанов» деп орысшаға аударған (128 б.). Шаһкәрім: «Әз-Тәукенің екі баласының бірі Әбілқайыр хан және бір баласы – Болат хан, оның екі баласы Сәмеке, Әбілмәмбет. Ақтабан шұбырындыда Орта жүзде Сәмеке хан еді, Ұлы жүзде үлкен хан Әбілмәмбет еді. Кіші жүзде Әбілқайыр еді» дейді («Түрік қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі». 1991. 52 б.). Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында өзіне Қаздауысты Қазыбек бидің Абдолланың балалары Жолбарыс пен Әбілқайырдың өмірге келуі туралы айтқан әңгімесін жазған. Қазыбек бидің айтуынша, Абдолла төреде бала болмаған. Сондықтан, Арғын Қуандығы ішіндегі Қарымсақтың жетім қалған нәрестесін ұрлап Абдоллаға жеткізген. Жолбарыс атты да өзі берген. «Туғанына үш-төрт-ақ күн болған Жолбарысты емізген Абдолланың әйелінің емшегінен сүт шығып, артынан Әбілқайырды тапты. Жолбарыс пен Әбілқайырдаң арасы – бір-ақ жас» депті Қазыбек би (298 б.). Кітапта Абдолла төренің әкесі кім екені айтылмаған. І.Есенберлин де «Көшпенділер» трилогиясында («Жанталас» романы): «Кіші жүздің ханы – Абдолла сұлтанның баласы Әбілқайыр, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс – Әбілқайырмен әкесі бір, шешелері бөлек» десе (13 б.), Мәшһүр-Жүсіп кітабының «Шежіре-мәтін» тарауында «Әбілхайыр хан ибн Аша хан» дейді. (283 б.). Ә.Кекілбаев «Үркер» тарихи романында Әбілқайыр туралы: «Әкелері Абдолла сұлтан ұзақ жыл Ұлы жүз тізгінін ұстаса, балалары Жолбарыс пен Әбілқайыр қазіргі екі арыстың ұлысбегі. Өсеке тұқымының өзі өз болғалы шауып шыққан биігі осы-ақ» (163 б.) деп, Ордабасыдағы жиында бас сардар боп сайланғанда халықтың: «Әбілқайыр Мұхамбет Қазы баһадүр хан» деп ұрандағанын жазады (288 б.).

Әлгі 250 жылдықты тойлауға арнап жазылған еңбектердің бірі Ә.Әлімжановтің «Жаушы» романында, Әбілқайырдың әкесі кім екенін ұға алмағаннан болар, шежіреге бармаған. Тек: «Дәл осы кезде кенеттен Ұлы жүздің ханы Болат қайтыс болды (Шын мәнісінде ол Үлкен Орда ханы болған.Х.Қ-А). Үлкен таққа ие болуға үш адамның ойы бар еді: Әбілқайыр, Сәмеке және Әбілмәмбет сұлтан. Көптің ұйғарымы Тәуке ханның немересі Жолбарыс сұлтан болды. Әбілқайыр ұрыс даласын тастап кейін қайтты» дейді. Бірақ, Жолбарыстың Тәукенің екі ұлының қайсысынан туғаны – Болаттан әлде Сәмекеден бе айтылмайды. Ал, Жолбарыстың Үлкен Ордаға емес, Ұлы жүзге ғана хан сайланғаны белгілі.

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін жарық көрген көлемді еңбек Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» роман-дилогиясында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың әкесі Абдолла, ал, қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай делініпті… Сонымен, осынау келтірілген дерек көздерінен байқағанымыз: Кіші жүз ханы Әбілқайырдың әкесінің есімі бірде – Қажы (Әжі) сұлтан, бірде – Айтақ сұлтан, бірде – Тәуке хан, біресе – Абдолла, Аша хан делініп бес түрлі аталған. Ал, өзі бірде – бүкіл қазақ әскеріне, бірде – тек Кіші жүз әскеріне ғана басшылыққа сайлаған делінгенін көреміз (Әбілқайырды Жолбарыс ханмен ағайынды деушілер аталған жинақтағы №26 Ресей құжатқа сүйенген сияқты. Өйткені, Қазыбек бек кітабы тек 1993 жылы, Есенберлин қайтыс болағаннан 20 жылдай кейін жарық көрді). Сондықтан, халқымыздың тарихын зерттеуші, оқулықтар жазатын тарихшы-ғалымдарымыздан: Кіші жүз ханы Әбілқайырдың әкесінің есімі кім? Осы Әбілқайыр жалпы қазақ әскеріне қолбасшы болды ма, әлде тек Кіші жүз әскерін ғана басқарды ма?– деген сауалдарға жауап күтеміз.

 

«Қарт» Әбілқайыр Абдоллаұлы кім?

Жоғарыдағы деректерден – қазақ тарихында 18-ғасыр басында Абдолла есімді төре болғанын, Жолбарыс және Әбілқайыр деген ағайынды кісілер болғанын байқаймыз. А.Сейдімбектің айтуынша, ол адам «қарт Әбілқайыр» атанған. Олар кімдер? А.Сейдімбек сілтеме жасаған еңбектерді оқып көрелік.

Расында да кейбір шежіре, тарихтарда «Қарт Әбілқайыр» есімі кездеседі. Мысалы, Шаһкәрім «Шежіресінің» Ақтабан-шұбырынды кезін баяндаған тұсында (26 б.): «Сонда кіші жүздің ханы әз-Тәукенің бір баласы Қарт Әбілқайыр деген хан еді» дейді. Ал, М.Тынышбаев еңбегінде («История казахского народа». Санат. 2009.) «қарт Әбілқайыр» деген сөз бірнеше рет айтылады. «Үйсіндер» тарауында: «В 1726 году, когда озлобленные старики Абулхаир и Самеке с половиной киргизского («қазақ» деп оқыңыз. –Х.Қ-А.) народа ушли к русской границе, чтобы сорвать победоносную кампанию, уйсыны были принуждены покориться джунгарам, от которых освободились в 1757-1758 годах»» (88 б.) десе, ал, «Аргыны» тарауында: «В 1726 году, по свидетельству Левшина, киргизские ханы рассорились. Причиной ссор, по-видимому, было избрание в ханы 3-х Орд по смерти Болат-хана его сына, сравнительно молодого Абульмамбета. Дядя его и брата Болата старик Самеке (Шахмухамед) и главнокомандующий всеми киргизскими силами, удельный хан Младшей Орды, престарелый Абульхаир сочли себя обойденными, и в разгар стремительного и победоносного шествия, в котором киргизы дошли до реки Или, бросили фронт и ушли на северо-запад – к русской границе, где и приняли русское подданство» (97 б.), деп жазған. Әрине, бұл жерде есіміне «қарт» сөзі қосылғанымен әңгіме Кіші жүз ханы Әбілқайыр туралы екендігін байқаймыз. Әдетте, есімге қосымша сөз дәл сол кезде болған, өзге бір аттас адаммен шатастырмау үшін жасалынатыны белгілі жай. Сондықтан, «жас» Әбілқайырмен бірге сол кезеңде «қарт» Әбілқайырдың да өмір сүргенін байқаймыз (Мысалы, Әбілқайырды қолдаушы Табын руының Бөкенбайынан ажырату үшін онымен аттас батырды руының атын қосып «Қанжығалы Бөгенбай» атаған). Өкінішке қарай, А.Сейдімбек Қарт Әбілқайыр, оның әкесі Абдолла мен атасы Тұрсын хан туралы деректерді қайдан алғанын жазбаған. Сондықтан, оның айтқандарының баршасы қайтадан іздеп, зерттеуді талап етеді. Иә, сол заманда әйтеуір бір әйгілі адамды «қарт» деп атағанын құлағы шалған тарихшылар немесе кітап көшірмесін жасаушылар бұл атаудың кімге арналғанын ұмытқандықтан, «қарт» сөзін әйтеуір біреуге телігісі келгені байқалады. Мысалы, Казыбек бек Тауасарұлының аталған кітабының 291 бетінде: «Осы жиында Арғын қарт Бөгембай бүткіл қазақ қолына басшы болып сайланды» делінген.

Ж.Сәбитов «Генеология Төре» жинағында (100 б.) 1735 жылы Ташкенттен Орынборға келген Нұрмұхаммет туралы Ресей үкіметінің құжатын келтіреді: «1735 года, марта 15-го в Уфе, приехавший из Ташкента сарт (купец) Нур-Мухамет-мулла Алимов объявил о себе, что в Ташкенте Большой киргиз-кайсацкой орды Жолбарс-хан, услышав о приезде в Меньшую кайсацкую орду Абулхаир хану из России от Е.и.в. посла мурзы Тевкелева для принятия в подданство, по пересылке от Абулхаир-хана послал от себя двух – Конай-мурзу Балыкова и Сарымбетя и при нех одного кощея с письмом к нему, мурзе Тевкелеву… Он же, Нурмухамет, в разговорах показал о ханах кайсацких… Большой орды – Иман-хан, сын его Рустам-хан, а с ними был другой – Абдулла-хан, нынешнего Абулхаира-хана отец… А нынешний Жолбарс-хан – лет с пятнадцать ханом, от роду ему около 45-и лет. А с отцом его Абдуллой-ханом»… делінген. Жинақ авторы: «Отцовство Абдуллы по отношению к Жолбарсу сомнительно, так как в том рассказе Абдулла является отцом Абулхаира, хотя на деле он никак с ним не связан. Таким образом, если рассказ сарта является единственным доказательством отцовства Абдуллы над Жолбарсом, то мы просто можем оспорить этот факт, так как например если бы не осталось бы записанных документов Тевкелева и других, а был бы из источников только рассказ сарта, то мы бы до сих пор придерживались бы версии, о том, что Абулхаир сын Абдуллы, из непонятно какой ветви Чингизидов» дейді (106 б). Бұл жерде Тевкелевте және басқа Ресей құжаттарында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Қажы сұлтанның баласы деп жазылғандығы айтылып тұр. Бірақ, Тевкелев, т.б. Ресей үкіметінің қызметкерлері 1735 жылы Нұрмұхаммет-сарттың сөзіне еш түзету жасамастан, қаз-қалпында жазу себебі – Орынбордағы орыстар сол кезде екі Әбілқайырдың бар екенін: бірі Абдолла ханның ұлы «қарт» Әбілқайыр, ал, екіншісі Үсектен тарайтын Қажы сұлтанның ұлы Әбілқайыр деп есептегені байқалады. Кейінгі кездері интернеттегі шежірелерде «Ұлы жүз билеушілері» тізімінде: Қарт Әбілқайыр хан, Тәуке хан немересі, 1718-1730 жж. Ұлы жүзге хан болған; Жолбарыс хан, Айтақ сұлтанұлы, 1730-1740 жж. Ұлы жүзге хан болған» деген пікірлер жазыла бастапты. Бірақ, дереккөзі айтылмаған. Ендеше, шатасулар жалғасатын сияқты.

(Жалғасы бар)

Алдыңғы «
Келесі »