БІЗ ИСЛАМ КАРИМОВТЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

  • 01.04.2013
  • 700 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әшірбек Амангелді, саяси шолушы Әшірбек Амангелді, саяси шолушы 

Ақиқатын айту керек. Бүгінде өзбек елінің басшысы Ислам Каримовты «автократ, диктатор» деп даттайтындар да, «Өзбекстанды тығырықтан шығарып, тұрақты даму жолына салған реформатор», деп мақтайтындар да табылады. Дегенмен, жұрт аз мағлұмат білетін саясаткерлердің бірі – осы Ислам Каримов. Бұл, сірә, ол жүргізіп отырған саясаттың «жабықтығына» және ақпараттың аздығына байланысты болса керек. Әйтсе де, қолда бар дерек-мәліметтердің негізінде шолу мен талдау жасап қарайық.

 

Кешегі 80-ші жылдардың аяғында Өзбекстандағы Қашқадария облысын басқарып тұрған Ислам Әбдіғаниұлын үлкен саясатқа әкелген Кеңес Одағында белең алған «қайта құру» мен «бетбұрыс» заманы екені анық. 1989 жылдың маусымында Рафик Нишанов КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы болып кетті де, оның орнына Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына елуден енді асқан Ислам Каримов сайланды.Ол бұған дейін қандай да бір іскерлігімен, не басқадай ерекшелігімен көзге түсті деп айту қиын. Сондықтан да, табиғаты жуас, мінезі жұмсақ, дипломатиядан да кенде емес, (бір кезде КСРО-ның Шри Ланкадағы елшісі болған) Рафик Нишанов өз орнында отыра бергенде Өзбекстандағы жағдай мүлде басқаша болар еді, дейтіндер де жоқ емес. Бірақ, тарихтың таңдауы басқаға түсті. Тәуелсіз Өзбекстанның тұңғыш президенті ретінде тарихтың тізіміне Ислам Әбдіғаниұлы Каримовтың есімі енді.

 

Ислам Әбдіғаниұлы Каримов 30 қаңтар 1938 жылы Самарқанда қызметші отбасында дүниеге келген. Кейбір дерек бойынша, әкесі өзбек те, шешесі тәжік қызы. Ол 1955 жылы орта мектепті бітірген соң Орта Азия политехникалық институтына түсіп, оны инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шыққан. АртынанТашкент халық шаруашылығы институтында оқып, экономист дипломын алған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1960 ж. «Ташсельмаш» зауытында шебердің көмекші болып бастап, кейіннен шебер және технолог қызметтерін атқарған. 1961 ж. В. П. Чкалов атындағы авиациялық өндірістік бірлестікте инженер, сонан соң жетекші инженер-конструктор болған. 1983-1986 ж. аралығында қаржы министрі, 1986 ж. Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы және Өзбек КСР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, 1986-1989 жж. Қашқадария облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1989-1991 жж. аралығында Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы. 1990 ж. 24 наурызда Жоғарғы Кеңес сессиясында Өзбекстан Респуликасының Президенті болып сайланды. Содан бері, бұл қызметті үздіксіз атқарып келеді.

 

Көбіміз білетіндей, философияда: «Адамның мәні, өмірдегі орны мен рөлі қоғамдық қатынастар арқылы айқындалады» деген анықтама бар. Осы тұрғыдан алғанда, Ислам Каримовтың тұлғалық болмыс-бітімін, саяси қайраткер ретінде қалыптасуын Өзбекстаннан, оның соңғы жиырма жылдағы дамуынан, әлемдік қауымдастықтағы орны және үлес салмағынан бөлек алып қарауға болмайды. Сол себепті де, саясаттанушылар Өзбекстан мемлекетінің бүгінгі жетістігі мен кемшілігін де ел президентінің атымен байланыстырады.

 

Еске түсірейікші. Кешегі тоқсаныншы жылдардың басында тарих сахнасында ешкім ойламаған оқиға орын алып, КСРО деген алып империя құлады. Соның нәтижесінде, оның қол астында болып келген одақтас республикалар өз алдарына бөлек отау тігіп, тәуелсіздіктерін жариялады. Алайда, мұндай, дербестену, бөлектену процесі қиындықсыз, ауыртпалықсыз болған жоқ. Бұған дейін біртұтас жүйе мен кешен аясында жұмыс істеп келген өндіріс орындары арасында байланыстар үзілді. Әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай сапалы тауарлар шығара алмағанымен, өз халқының қажеті мен сұранысын өтеп келген зауыт-фабрикалар тоқтап, жұмыссыздық жайлады. Қымбатшылық қысып, құнсыздану белең алды. Тауарлар тапшылығы күшейе түсті. Бұл жағдай халықтың көңіл-күйіне, әл-ауқаты мен тұрмысына қатты әсер етті. Оның үстіне Өзбекстан кеңес өкіметі тұсында негізінен мақта дақылын өсірумен айналысып, бар күш-қуатын осы саланы дамытуға жұмсап келген республика. Кезінде «Кеңестік Өзбекстан мақташылары биыл Отан қамбасына пәленбай миллион тонна «ақ алтын» құяды. Бұл былтырғыдан пәленбай есе көп!» деп жалаулатып, ұрандатқан ақпараттар газет беттерінен түспейтін. Олардың ерен еңбектері хақындағы хабарлар радио мен теледидар арқылы да үздіксіз беріліп жататын. Айналып келгенде мұндай «биік меже мен асқарлы асулардың» бар ауыртпалығы қарапайым диқан-мақташы бейбақтың иығына түсетін. Ала жаздай тер төккені аз болғандай қоңыр күзден – қар түскен қыстың басына дейін бүкіл Өзбекстан – еңбектеген баласынан – еңкейген кәрісіне дейін, тайлы-таяғымен мақталық алқаптарда жүріп, белдері бүгіліп жұмыс істейтін. Мұндай жанкешті еңбектің қайырын олар көрді, «ақ алтын» өсіру мақташы жазғанды ұшпаққа шығарды деп айту қиын. Былайша айтқанда, еңбегі еш, тұзы сор болып қала берді. Артынан қайта құру заманында «жоғарыға берілген ақпарлар өтірік болып шықты», деген сылтаумен Өзбекстандағы «Мақта ісі» дейтін қылмыстық іс қозғалып, жазықтысы, жазықсызы бар талайлар түрмелерге тоғытылды. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағынан өзбек басшысына моношаруашылықтан ел күйзеліп, әбден титықтаған экономикалық та әлеуметтік те «ауыр» мұралар қалды.

 

Әйтсе де, Ислам Каримовтың жетекшілігіндегі Өзбекстан көршілес Қазақстан мен Қырғызстандағыдай жаппай жекешелендіруге ерік бермей, өте сақ, әр қадамын абайлап басқан саясат жүргізді. Өйткені, елдегі әлеуметтік және саяси тұрақсыздықтан секем алды. Капиталистердің тілімен айтқанда «шоковая терапия» (естен тандыру әдісі) қолданылмады. Сол себепті 1994 жылдың өзінде аукцион арқылы қызмет көрсету саласындағы бірнеше кәсіпорын ғана жекешелендірілді. Сауда мен қызмет көрсету салаларына қарағанда ауыл шаруашылығында жекешелендіру баяу жүрді. Экономиканың стратегиялық саласы саналатын: ауыр өнеркәсіп, тау-кен мен мұнай өндіру, экспорттық ауыл шаруашылығының мемлекеттің меншігінде бола тұрғаны дұрыс деп есептелінді. Соның өзінде 1998 жылы елдегі ЖІӨ-нің 30 пайызы жеке меншік секторда өндірілді.

 

Дей тұрғанымен,ресми ақпаратта да айтылып жүргеніндей, нарықтық қатынасқа өтудің өзбектік үлгісі қолданылды. Оны қысқаша былай тұжырымдауға болады: саясатқа қарағанда экономиканың басымдығы; өтпелі кезеңде мемлекеттің жетекші рөлінің сақталуы; әлеуметтік барлық сфераны, көпбалалы отбастарын, зейнеткерлерді, әйелдерді, студенттерді және білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүзеге асыру;заңдардың орындалуы және олардың қоғамның тыныс-тіршілігі үшін тиімді болуы; рынокқа өту бағдарламасының кезең-кезеңмен және сатылы түрде жүзеге асырылуы. Қалай дегенмен де, өзбек жұрты Ислам Каримовтың басшылығымен саясатта да, экономика мен әлеуметтік салада да өзгеге ұқсамайтын өзіндік даму жолымен алға жылжып келеді. «Өзбекстан бұлай, әр қадамын абайлап баспай-ақ бірден рыноктық экономикаға көшкенде әуелден-ақ сауда-саттыққа, нарықтық қатынасқа бейім өзбек халқы байып, мемлекеті әлдеқашан гүлденіп, Азия «жолбарыстарының» біріне айналар еді», дейтіндер де баршылық. Бірақ, кімнің алдынан кім шығыпты? Болашақты, ертеңгі күні не болатыны ешкім де болжап біле алмайды. Сондықтан Өзбекстанның жағдайы мен мүмкіндігін өзгелерден жақсы білетін әккі саясаткер, тәжірибелі мемлекет басшысы Ислам Каримовтың де бір ойлағыны, яғни, ішкі есебінің бар екенін ондай сәуегейлер де жоққа шығармайды. Экономист мамандар өткен жиырма жыл ішінде елдің ЖІӨ өнімі 27 млрд.-тан – 93 млрд, долларға, яғни, 3,5 есеге жуық өскенін, соңғы жылдардағы, оның жыл сайынғы өсімінің 9 пайызды құрап отырғанын, өнеркәсіпте: мақта-мата шығару, машина жасау, газ өндіру мен химия, энергетика, жол құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтады.

 

Әрине кез келген елдің дамуы әркез бұлтсыз ашық күндегідей жайлы бола бермейді. Сол айтқандай, 2005 жылғы мамырда орын алған ( ресми мәлімет бойынша 187 адам құрбан болған) әйгілі «Әндіжан оқиғасы» халықаралық саясатта Өзбекстанның имиджіне және Ислам Каримовтың беделіне де біршама нұқсан келтірді. Осы орайда, АҚШ пен Еуроодақ «бейбіт халыққа оқ атылды, демократия басып-жаншылды» деп біраз шу көтеріп, Өзбекстанға қатысты бірқатар шектеу шаралары қабылданды. Ол бойынша билік басындағы шенеуніктердің Шенген келісімі аумағындағы елдерге келуіне тыйым салынды. Сөйтіп, Батыспен Ташкенттің қарым-қатынасы күрт «суып» нашарлап кетті.

 

Саясат дегеніңіз құбылмалы құбылыс. Міне, осы кезде Өзбекстан амалсыз Ресейге бет бұрып, өзі бір кезде шығып кеткен (1999 жылы) әскери-қорғаныстық ОДКБ (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымындағы) және ЕурАзЭҚ (Еуразиялық экономикалық қауымдастықтағы) мүшеліктерін қайта қалпына келтірді. Дереу өз территориясындағы АҚШ-тың Ауғанстандағы операцияларын әуеден қолдау мақсатында 2001 жылдан бері пайдаланып келе жатқан әскери әуе күштерінің Қарши-Ханабадтағы базасын жапты. Алайда, Мәскеудің сөзі көбірек өтетін ОДКБ мен ЕурАзЭҚ ұйымдарының жұмысы Ислам Каримовты онша қанағаттандырмады. Бір жолы оның «несіне әуре боламыз, екі ұйымды біріктіріп, тиімділігін арттырайық» деген ұсынысы қолдау таппады. Оған кейбіреулер «бұл танкімен келіп, сауда-саттық жасағандай болмай ма?» деген пікір білдірді. Өз ұстанымында қалған Өзбекстан екі ұйымның шеңберінде де аса бір белсенді әрекет пен құлық танытпай, ақырында, 2008 жылы ЕурАзЭҚ-тан 2012 жылы ОДКБ-дан шығып тынды. Мұны сарапшылар Ислам Каримовтың тікелей өзінің ұстанымы мен саясаты деп түсіндіреді. Әрине, Ислам Каримовты да түсінуге болады. Ол империялық пиғылдан әлі арыла қоймаған Ресейдің қолжаулығы болып, оның ықпалында кетпес үшін, Батыспен де қарым-қатынасты үзбей, олардан да өзіне қажетті ұпай мен пайданы алып отыруды көздейді.

 

Жұртшылық Ислам Әбдіғаниұлының шығыстық мінезге тән қызу қанды, әсершіл, кейде сынды көтере алмай тез ашуланып кететін басшы екенін ешкім айтпай-ақ, түрлі мемлекетаралық және халықаралық жиындар мен кездесулер барысында көріп қалып жүр. Мәселен, 2010 жылғы сәуірде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Өзбекстанға келген сапары кезінде адам құқықтары жөнінде сөз қозғалғанда Ислам Каримов: «Бізге неге осы бір мәселе бойынша сонша жабысып қалдыңдар? Ондай қиыншылық бәрінде бар емес пе?» деп қатты ашуланған көрінеді. Бәлкім, басқалардың (тіпті, халықаралық ұйымның басшысы болса да) басынып, тұқырта бермеулері үшін кейде осындай қарсылық пен мінез көрсетіп қою да керек шығар?! Оның кезінде (1995 жылы 7 шілдеде) Ресейдің «Российская газета» деп аталатын жетекші басылымына берген сұхбатында: «Біреулер Өзбекстанда демократиялық талаптарға сай келетін баспасөздің еркіндігі жоқ, десе мен оған расында да солай деп жауап беремін. Бірақ, біз соған ұмтылып жатырмыз. Ол біздің түпкі мақсатымыз. Ал, бұл мәселедегі бей-берекетсіздікті мен қабылдай алмаймын және оған жол бермеймін. Өйткені, бей-берекетсіздік бүліншілік пен қан төгіске апарып соқтырады. Мұны айналадағы жағдайлардан көріп, көз жеткізуге болады. Сондықтан да, біз саясатқа қарағанда экономикаға басымдық беріп отырмыз…Баспасөз бен БАҚ саласында қандай да бір ұстанған саясатымыз бар екенін жоққа шығармаймын. Олай болмаған жағдайда, сіз бен біз басқа нәтижелер туралы айтып отырар едік», деген сөздері біраз ойдан хабар бергендей. Осы сияқты Мәскеуден шығатын «Коммерсанть» газеті де (2000 жылы) өздері қойған бір сұраққа қатысты Ислам Каримовтың: «Ресейге мынаны жеткізулеріңізді сұраймын, бізді қорғаудың қажеті жоқ… Өзбектер соққыға соққымен жауап бере алады…Біздің әскер бүгінде Орталық Азиядағы ең мықты әскер», деп реніш білдіргенін жазды.Бұл тегінде Ресейдің әлі баяғы империялық өктемдіктен арыла қоймаған пиғылына көрсеткен мінезі мен қыры болуы да мүмкін. Ислам Әбдіғаниұлымен пікірлесіп, әңгіме дүкен құрғандар, оның есте сақтау қабілетінің ерекше екенін, соңғы жиырма бес жыл көлеміндегі халықаралық қатынас пен саясатқа қатысты көптеген оқиғалар мен фактілерді бүге-шігесіне дейін білетініне таң қалады.

 

Бүгінде әлемнің бейтарап саясаттанушылары мен сарапшылары Орталық Азияның дамушы елдерін экономикалық қиындық пен әскери қауіп-қатерден АҚШ та, Ресей де немесе Қытай да құтқармайды, олардың әрқайсысының өз мүдделері бар. Бұларды тек өздерінің өз ара ынтымақтастығы мен бірлігі, одақтасып іс-әрекет етуі құтқарады дегенді жиі айтады. Өкінішке қарай,сөз болып отырған Орталық Азияның: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты мемлекеттерін өз ара жақындастыратын жағдайлар мен мүмкіндіктер, факторлар жеткілікті болғанымен, кәзірше, олар тізе қосып тіршілік етерліктей ауызбіршілік таныта алмай отыр. Мұның себептері де көп. Мысалы, 2008 жылдың сәуір айында Астанаға келген ресми сапарының қорытындысында Орталық Азия республикаларының ынтымақтастығы мен интеграциясы, яғни, одақтасуы туралы сұрақ қойылғанда Өзбекстан Президенті Ислам Каримов журналистер алдында: «Бұл тақырып төңірегінде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер, түрлі қауесеттер туып жүрмесін. Мен бірден мәселенің басын ашып айтайын, мұндай ұсынысты біз қазірше қолдай алмаймыз. Өйткені, біздердің даму деңгейлеріміз әртүрлі. Оның үстіне ұстанған саясатымыз мен бағыт-бағдарымыз да әрқалай» деп өзінің көзқарасын білдірді. Әйтсе де, бұлардың алауыздығын басқалар өз мүдделеріне пайдаланып қалғылары келеді. Өзбекстанның басқалар секілді ығына жығылмай, дербес саясат жүргізетінін қош көрмейтін Ресей ауық-ауық Қырғызстан мен Тәжікстанға Қамбарата-1 және Рогун СЭС-терін салуға көмек қолын созатынын айтып, И. Каримовтың қытығына тиіп қояды. Өзбекстан аталған су қоймалары мен электр станцияларының салынуы Амудария мен Сырдарияның төменгі ағысында жатқан елдерге қауіп төндіреді деп санайды. Сондықтан, алдымен халықаралық бейтарап сараптамадан өткізілуін талап етеді. Бұл жөнінен Қазақстан мен Түрікместанды өз жағына тартып, бірлесе қарсылық көрсеткенді қош көреді. Осыған байланысты, Өзбекстан президенті 2012 жылдың қыркүйегінде Астанаға ресми сапар жасап, қазақ жұртына жылы қабақ танытып, Нұрсұлтан Назарбаевты мақұлдатып қайтқандай болды.Осы орайда, Қазақстан президенті сыпайылықпен: «Бұл мәселе біздің бәріміз үшін маңызды. Сондықтан, өзеннің жоғары жағында отырған көршілеріміз бен бауырларымызға тағы да туыстық сәлем жолдап, төменгі сағадағы біз Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанның су тапшылығын бастан кешіп отырғанымызды жеткізгіміз келеді. Мұны әр адам сезінеді, өйткені, бұл оның өмірі, миллиондаған жандардың тыныс-тіршілігі. Сол себепті, біз бұл мәселелерді бірлесіп, барлық тарап үшін тиімді сипатта шешеміз деген үміттемін» деген пікір білдірді. Дей тұрғанмен, Ислам Каримов Өзбекстанды тығырықтан шығарып, тұрақтылық орнатып, қалыпты даму жолына салған өз елінің мойындалған көшбасшысы. Оның көзқарас-пікірі, ұстанған бағыт-бағдарымен әлемдік саясаттың белді ойыншылары АҚШ, Қытай және Ресей санасуға мәжбүр.

 

Қатар жатқан, көршілес, мәдениеті, тарихы ұқсас, түп-тамыры бір мемлекеттің басшысы ретінде Ислам Каримов екі жақты бас қосқан кездесулерінде біздің өзбекте: «Қазақтан жолдасың болса жолда қалмайсың» дейді, деген мақалды жиі айтқанымен, қазірше, Өзбекстан мен Қазақстанның ынтымақтастығы жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Былайша айтқанда, қалыпты да орташа қарқынмен жылжып келеді. Әйтсе де, сауда-саттықта өсуі тенденциясы байқалады. Мәселен, 2011 жылы өзара тауар айналымының көлемі 1,95 млрд. долларды құрап, оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 24 пайызға өскен. Ал, 2012 жылы екі млрд. доллардан асты. Таяу жылдарда 5 млрд. долларға жетеді деген болжам бар.

 

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың жоғарыда айтылған Астанаға сапары кезінде екі мемлекеттің өз ара саяси ықпалдастық, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық сондай-ақ, шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып, кездесу қорытындысында өзбек басшысы: «Нұрсұлтан Әбішұлы екеуіміздің арамызда көптен мұндай екі жақты кездесу болып, біздерді барлық толғандыратын мәселелер бойынша өз ара бүкпесіз пікір алмасу, ашық әңгіме болмап еді», дегенді айтты. Егер, бұл оның шын ниеті болса, мұны жақсылықтың нышанына балауға болады. Батыс «диктатор», «автократ» атағанымен Ислам Каримовта алды артын ойлайтын саясаткер. Оның соңғы кездері демократиялық құндылықтарға бет бұра бастағаны байқалады. Мәселен, 2010 жылғы күзде болған заңнамалық палата мен Жоғарғы Мәжіліс Сенатының бірлескен отырысында «Демократиялық реформаларды тереңдету мен азаматтық қоғамды қалыптастырудың тұжырымдамасы» деген тақырыпта баяндама жасап, бұл бағытта мынадай шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты: мемлекеттік билік пен басқаруды демократияландыру; сот-құқық жүйесін реформалау; ақпараттық саланы реформалау және сөз бен ақпарат бостандығын қамтамасыз ету; таңдау еркіндігін қамтамасыз ету мен сайлау заңнамасын жетілдіру; азаматтық қоғам институттарын дамыту; демократиялық рыноктық реформаларды тереңдету және экономиканы бейтараптандыру. Сондай-ақ, бұл тұжырымдамада: «Президент өз міндеттерін атқара алмаған жағдайда, оның құзыреттері уақытша Жоғарғы мәжіліс Сенатының төрағасына жүктеліп, «Өзбекстан Республикасының Президентін сайлау туралы» Заңға сәйкес үш айдың ішінде сайлау өткізілуі тиіс» деген өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Әлемдік демократиялық қауымдастық тарапынан бұл қадам-қарекеттері оң бағаланып, мақұлданды. Бұл өзі әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мәселен, бүгінде қарқынды өсіп-өркендеуімен дүниені таң қалдырып, Азия «жолбарыстары» атанып отырған Сингапур, Тайвань және Гонконг елдерінде де басында қатаң тәртіп пен режим орнатылып, артынан экономикалық дамуға қол жеткізілгеннен кейін демократиялық еркіндікке ден қойғанын білеміз.

 

Өзбек үкіметі үшін бүгінде сыртқы елдерге, негізінен Ресей мен Қазақстанға барып жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүрген еңбек мигранттарының жайы да өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұлар табыс тауып, ЖІӨ үштен бірі көлеміндей қаржы әкеледі дегенмен, мұның көлеңкелі және қайғылы жақтары да жоқ емес. Кейбіреулер заңды бұзып, қылмыстық істерге шаталып, енді біреулер абайсызда не қасқана өлім құшып жатады.

Осы мәселе ел үкіметінің кезекті бір отырысында арнайы қаралып, президент И. Каримов Мәскеуде қайтыс болған аула сыпырушы өзбек жігітінің өлімін тілге тиек етіп: «Ондай қара жұмыс өзімізден де табылмас па еді?», деген орынды ренішін білдірді. Және осы оқиғаны түбегейлі тергеп-зерттеп, тиісті қорытынды шығаруды Ішкі істер министрлігіне тапсырды. Өйткені, мұндай әлеуметтік түйткілдің алдын алмаса арты орны толмас өкінішке апарып соқтырары хақ.

Әдетте, мемлекет басшысының жеке басы жайында сөз болғанда жұртшылық әсіресе, оның отбасылық жағдайына, өмір жолындағы алабөтен жәйттер мен оқиғаларға ерекше қызығушылық танытып жатады. Ислам Әбдіғаниұлының зайыбы Татьяна Акбаровна Каримова мамандығы жөнінен экономист, Өзбекстан Ғылым академиясына қарасты Экономика институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Баяғы КСРО-ның Бас хатшысы Л.И. Брежневтің әйелі Виктория Петровна секілді жұрттың көзіне көп түсе бермейді. Сондай-ақ, бірқатар мемлекеттердің бірінші ханымдары тәрізді түрлі қорлар құрып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, белсенділік танытудан аулақ. Сол себепті де, Татьяна Акбаровна туралы көпшіліктің білетіні шамалы. Каримовтар отбасының үлкен қызы Гулнара саясат ғылымдарының докторы, әйелдердің әшекей бұйымдарының дизайнымен айналысады. Өлең жазады, сурет салады. Каратэден 4 данға ие. Оның ұсыныс бастамасымен Ташкентте халықтың салт-дәстүрлерінің орталығы құрылған. БАҚ құралдарында аракідік Гүлнараның аты аталып, айналысып жатқан жұмыстары хақында айтылып мақалалар жазылып тұрады. Бір кездері Ислам Каримовтың мұрагері осы болады деген сыбыс айтылып, газеттерде жазылған. Бұл халықтың көзқарас пікірін білу үшін жасалған амал-әрекет те болуы мүмкін. Артынан ұмытылып, саябырсыды. Екінші қыздары Лола Исламқызы психология ғылымдарының кандидаты, дипломат, Өзбекстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі. Бұл да өзінің қайырымдылық жұмыстарымен және мәдениет пен спортты қолдауымен елге танымал.

 

Әрине,бұл дүниеден атының тұяғымен әлемді дүрілдеткен Шыңғыс хан да, жер жүзін билеуге ұмтылған Александар Македонский де өткен демекші, билік ешқашан да ешкімге де мәңгілік болған емес. Билікке келген адамның кететін кезі де келеді. Сондықтан да, «Ширек ғасырға жуық Өзбекстанды басқарып, қал-қадірінше халқына қызмет еткен, ендігі жерде қартайып, шау тартып келе жатқан Ислам Әбдіғанұлы Каримовтың орнын кім басады?» деген сауал кім-кімді де бей-жай қалдырмасы хақ. Бұл мәселе ауық-ауық баспасөзде көтеріліп, әр түрлі болжам мен топшылаулар айтылып қояды. Басында бірден бір мұрагер ретінде кәзіргі экономика министрі Рустам Азимовтың аты аталып жүрген. Артынан президенттің үлкен қызы Гулнара Каримова жайында теледидар арқылы хабарлар жиі көрсетіліп, БАҚ құралдарында оның насихатталуы күшейіп кеткенде жұртшылықтың пікірі соған ауды. Бірақ, көп өтпей ол да саябырсып қалды. Енді біреулер, биліктің барлық сатыларынан өткен тәжірибелі шенеунік бүгінде Каримовтың оң қолы болып, премьер-министр қызметін атқарып отырған Шавкат Мирзияевтің есімін атайды. Оған тек қана орынсыз көзге түсе бермей, шыдамдылық танытып, «байырғы су маманы ретінде өмір дейтін өзен жағасында» өзінің жұлдызды сәтін күтіп отыру керек» дейді. Қалай дегенмен де, бұл мәселенің шешімі кәзірше күш-қуаты бар, ақыл-есі жайында Ислам Каримовтың тікелей өзіне байланысты. Ресейдің бұрыңғы президенті Б. Ельцин секілді оның таңдауы кімге түседі. Соның бағы жанады. Халық «біз кімге дауыс береміз, кімді сайлаймыз, сол президент болады!» дейтіндей Өзбекстан әлі батыс елдерінің демократиялық деңгейіне жете қойған жоқ. Өйтпеген жағдайда, Каримов салған сара жолдан ауытқу болып, биліктің сабақтастығына да нұқсан келуі ықтимал. Өйткені, шығыста билік деген өте нәзік те шетін мәселе.

 

Осы, 2013 жылдың басында Ислам Каримов 75 жасқа толды.Оның үстіне, Ислам аканың Өзбекстанның билік тізгінін ұстап келе жатқанына да жиырма бес жылдай болды. Бұл бір адамның басына қонған аз бақ пен бақыт емес. Сондықтан, азиялық менталитетке сай үлкен сән-салтанатпен, ұлан-асыр той өткізсе болар еді. Бірақ, олай болмадыҮкімет деңгейінде көзге түсетіндей ресми шаралар да өткізілмеді. Құттықтаса Ислам Әбдіғаниұлын ең жақын деген адамдары мен достары құттықтау жылы лебіз бен тілектерін айтқан болулары керек. БАҚ құралдарынан білгеніміз, мерейтой қарапайым түрде ғана атап өтілген. Осының өзі, әлдеқандай, бір ой мен мағынаны меңзегендей. Ал, қарапайымдылықтан, туған күні биік деңгейде аталып өтпегендіктен беделі түсіп, сыйы кеткен мемлекет басшысын естіген емеспіз. Әр заман, әр уақыт өзіне лайық көшбасшыларды таңдайды. Ислам Каримовтың билікте отыруы – бұл өзбек халқының таңдауы. Біз мәдениетті ел боламыз десек өзгенің талғамы мен таңдауын мойындап, сыйлап, бағалап үйренуге тиіспіз.

 

Алдыңғы «
Келесі »