ЕСІМДЕР ЕЛІНЕ САЯХАТ

  • 01.04.2013
  • 17419 рет оқылды
  • 12

Бердалы Оспан, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, мәдениеттанушы 

Қазақ есім таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараған. Дүниеге келген сәбилерге қуана отырып, ат қойып жаңа өмір иесіне болашақта мынадай бол деу арқылы өз армандарының орындалуын да тілек ете білген. Сонымен қатар қарабайыр сөзбен емес өрнектеп, жүректен терең орын алардай есім таңдаған.

Есім таңдауда халық түрлі сенімге сүйенген. Бұл үрдістің көрінісін халық ауыз әдебиеті шығармаларынан кездестіруге болады. «Алдар көсенің алғашқы қадамы» атты ертегіде, Алдар көсенің неге осылай аталғаны жөнінде былай деп айтылды: «Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді» дейді халық. Солай болса солай да шығар. Алдар көсенің әкесінің есімі Алдан екен. Шынында да ол өмір-бақи алданып өткенге ұқсайды. Содан да болуы керек алданудан зәрзап болған аңқау азамат тұңғышының атын Алдар қойыпты. Жаратқан Жаппар иеміз соны түсінген ғой, Алдар тәй-тәй басып тілі шыға бастағаннан ешкімге есесін жібермейтін ақылды да алғыр бала болып өсіпті». Алдар көсенің есіміне байланысты ертегіде көрініс тапқан сенімге бұл бір ғана дәлел.

Есім таңдауды қазақ халықтық болмыстың діңгегі – үлкенді сыйлау арқылы жүзеге асырып отырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюды елдің сыйлы адамынан өтінетін. Немесе дәл сол кезде ауылда атақты ақын яки басқа өнер иесі қонақтап жатса сол кісіге қолқа салатын болған. Белгілі жазушы Шахмет Құсайынұлының жұбайы Бикен ұл туғанда ол баланың атын Серке Қожамқұлұлы ағамыз Көбей деп қойған. Оны ақын-жазушылар: Мұхтар Әуезұлы, Сәбит Мұқанұлы, Жұмағали Саин, Қасым Қайсенұлы бір ауыздан қостаған.

«Қырықтың бірі қыдыр» деп санайтын халқымызда сәбиге есім таңдауды бейтаныс адамнан да өтінетін ғұрып бар. Атақты Дина күйшінің есімін қариялар ауылға сусын ішуге бұрылған жолаушыға қойдырғаны туралы жазушы Сәуірбек Бақбергенұлы жазды.

Кейбірде қазақтар баласына немесе немересіне жақын адамдарының есімін қоюға рұқсат сұрайтын болған. Дәл осындай оқиға театр және кино артисі Серке Қожамқұловтың жиен немересіне есім таңдау барысында орын алған бұл оқиға жазушы Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлық алған кезінде болған. Серке Қожамқұлұлы жазушының үйіне, лауреат болуымен құттықтай барып: «Сіз сыйлық алған күні менің тұңғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзіңіздің атыңызды қойсам мүмкін бе?» деп рұқсат сұрайды. «Атымды қой, құрдас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!» деп Мұхаң да мейірлене жауап береді.

Баласының атын әкесінің немесе анасының, болмаса екеуі бірге қосылып қою да қазақ халқында жиі кездесіп жататын құбылыс

. Серке Қожамқұловтың өз перзенттеріне қалай есім таңдағанын жұбайы Хадиша Иманбайқызы былай деп еске алады: «Арқалық батырдың жат жерлік жаулап алушыларға қарсы қажырлы күрес жүргізген ержүрек батыр екені ауыз әдебиетінен, Жұмат Шаниннің екі сериялы «Арқалық батыр» пьесасынан белгілі. 1927 жылы көктемде «Арқалық батыр» пьесасы алғаш рет профессионал театр сахнасына шықты. Соның құрметіне ұлымыздың есімін Арқалық қойдық. Одан кейін туған егізімізді Баян, Ноян дедік. Кезінде «Баян батыр» деген де пьеса қойғанбыз. Баян да фольклорлық халық батыры.

1937 жылы туған қызымыздың атын Балым деп атадық. Олай қоюымызға себеп – тап сол жылы «Аманкелді» кинофильмі түсіріле бастады. Фильмде Аманкелді батырдың жұбайы, адал серігі, жауынгер жары Балым бар. Соны өзіміздің досымыз, тамаша биші, актриса Шара Жиенқұлова ойнады. Осы Балым мен Шараның құрметіне солардай жақсы жар, тамаша өнерпаз болсын деген тілек-ниетпен Балым дедік. Сырым деген ұлымыздың атын да сондай тілек-ниетпен қойған едік. Қазақ халқының тарихында алғаш рет хандық өкіметті жойып, орнына «Халық мәжілісі, халық кеңесі» деген бұқарашыл өкімет орнатып, алты жылдай билік құрған атақты Сырым Датұлын Серке үлкен құрметке лайық деп есептеген еді.

Белгілі театр және кино артисі Қанабек Байсейітов ұлы Алдажанның есімін өзі қойғаны туралы былайша баяндайды:

«Жасым елу беске шығып, қарттыққа қарай аяқ басқан кезімде, мен ұлды болдым. Перзент қуанышы деген еш қуанышпен барабар келмейтін басқаша қуаныш қой, алып-ұшып аптал азамат болдым да қалдым. «Жалғыз да болса, жалқұйрығым болды ғой! – деген ойдың өзі аспанға ұшырып жіберді. Төбем көкке жетіп, дүниеге төбесінен қарап тұрғандай бақытты күйге тап келдім.

Әкем Байсейітті ойладым, балам Алдабекті еске алдым. Мына туған жас нәресте солардың жалғасы деп түсіндім. Алдабегімді қимадым, оның да атын мәңгіге өшірмейін деген ниетпен жас нәрестеге Алдажан деп ат қойғым келді. Құрманбек (Қ.Жандарбеков – Қ.Байсейітовтің әріптесі әрі досыБ.О.) қарсы болды».

Балаға кейбірде екі ат берілетін болған. Ақын Қасым Аманжолұлы бір досының қызына Меруерт есімін берген. Дегенмен есімі таңдалып қойған нәрестенің нағашы әжесі Сағи деп ат қоямын дегендіктен, қыздың туу туралы куәлігіне Меруерт-Сағи деп жазылған.

Балаларына ұлы адамдардың есімін беру бұрыннан бар. Болашақ КСРО халық суретшісі Қанафия Телжанұлы туғанда әжесі баланың құлағының тұсына:

– Мұхаммедханафия! – деп үш рет қайталайды.

Шілдехана тойшылары:

– Мұнан оңды есім болмады ма?

– Тіпті шұбалаңқы ма, қалай?

– Не мағынасы бар? – деп сұрайды.

Сонда ақ шашты ана Мұхаммедханафия – қазақтың ұлы ғалымы Шоқанның шын аты екенін, – өзінің бала кезде қатар өскен құрдасы екенін айтқан.

Халық түсінігі бойынша қыз балаға тіл-көз онша тие қоймайтын болған, сондықтан оларға әдемі есімдер таңдалған. Мәселен Айман, Шолпан, Жұлдыз, Құралай, Тоты, Маржан, Алтынай, Күміс, Жібек, Мақпал, Шынар, Раушан, Қызғалдақ т. б.

Қыз балаларға есім таңдағанда

жаңа туған нәрестенің түр-түсіне де қарап ат беретін болған. Жазушы Сәбит Мұқанұлының шешесі ақ сары кісі екен. Төрт-бес ұлдың артынан сүт кенже боп туған соң, атын Балсары қойыпты. Бұл нәресте кенже болған соң балдай тәтті деп жақсы көріп, тәтті тағам мен бояу түсі біріктіріліп ойлап табылған есім.

Ер балаларға ат қою

жауаптырақ саналатын. Ұл баланың атын көбінесе үлкен әкесі, ауылдағы қариялар, оның бірі болмағанда баланың өз әкесі қоятын. Ер балаға бұрынғы өткен ата-бабаларының, батырлар мен билердің, ақын мен жыраулардың аттарын; баласы тұрмай жүрсе ешкім ескеріп көзге түспейтін жұпыны аттарды (Көтібар, Бүйен, Ұлтарақ, Малбағар, Боқбасар, Боққайнат) бала туған жер, су, күн, ай аттарына байланысты (Бұлақбай, Көлбай, Ілебай, Дүйсембай, Қаңтарбай) төрт түлік малдың, жабайы аңдар мен құстардың атауларына байланысты (Қойлыбай, Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай) дені сау, жаны берік болуын меңзеп (Темірболат, Шойынбай) бұрын-соңды болған қару-жарақ атауларына байланысты (Найзабай, Қылышбек, Шоқпар, Балтабай т.б.).

Қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқандықтан жан-жануарларға, оның ішінде үй жануарларына байланысты есімдерді көптеп беріп отырған. Кенесары ханның есімі қойылуы туралы қызық уақиға бүгінгі күнге жетіп отыр. Болашақ хан өте кішкентай болып туылыпты. Шоқай би жаңа туған сәбиді қолына алып: – Өзі кенедей кіп-кішкентай екен, аты Кенесары болсын, – деген екен.

Қазақ есімдерін зерттеу ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Телқожа Жанұзақ ағамыздың азан шақырып қойылған есімі Төлқожа екенін өзі айтып берді. Бұл есім балалардың үлкені төлдің басы, кейінгілерге қамқоршы болсын деген ниетпен берілген екен. Кейін мектепте оқып жүрген жылдары, әдебиет сабағынан беретін ұстазы Жәлила Жолайқызы: «Ініңнің аты Тельман, сондықтан аттарың ұйқас болуы үшін сенің атың Төлқожа емес Телқожа болғаны дұрыс», деп айтқан соң Телқожа атанып кеткен.

Балаға өзінің

туған айының, мысалы: Маусымжан, Ақпан, Ақырап деп беру үрдісі де болған. Қасым ханның тоқалы босанып, Көкшетауда үлкен ұлан-асыр той болады. Наурыз айында дүниеге келген сәбидің атын Наурызбай қояды. Ауыр найзасын екі қолымен ұстағанын ешкім көрмеген қара күштің иесі батыр Наурызбайға есім осылай берілген.

Қазақта нәрестенің денесінің бір ерекшелігіне қарап ат қоятын әдет те болған. Қазақ КСР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты кітабында: «Қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақытын алыпты. Оның 1886 жылы туған ұлы Меңліахмет – менің әкем. Оң жақ бетінде алақандай меңі болса керек, атын соған қарап қойыпты» деп жазады.

«Аттеріс, аттергеу» салтына байланысты ғалым Шәмшәдин Кәрім «Қазақ жұмбағы» атты зерттеу еңбегінде тарихи тұлғалар туралы қызықты деректер келтірген. Кіші жүз ішінен шыққан Көтібар батырды келіндері «Атамда бар, басқада жоқ» деген тіркестермен тұспалдаған. Осы өлкеде Мөңке Тілеуұлы атты шешен өткен, оны күні бүгінге дейін халық құрмет тұтып әулиеге балайды. Мөңке – балықтың бір түрінің атауы. Әулиенің ұрпақтарына күйеуге шыққандар келін болғаннан кейін оның киесінен қорқып, атын атаудан секемденіп, «Шорағай атам» дегенін бала кезімізде талай естігенбіз. Шорағай деген де – балық аты.

Аттеріс үрдісі әлі де бар.

Қазақ радиосы 2008 жылдың желтоқсан айының бір күні мынадай өте бір қызық жайды хабарлады. Көкшетау жағының бір азаматы өзінің ұлына досының атын аттеріс етіп қойыпты. Досының есімі Надырәлі екен, сонымен жас нәрестеге Иларидан есімі берілген.

Ұл балаларға батырлардың атын беру

әсіресе жаугершілік заманда, соғыс жылдары кең өріс алып отырған. Ұлы Отан Соғысының Батыры Мәлік Ғабдуллин майдан шебінде жүргенде 1943 жылдың 18 көкегінде күнделігіне осындай үрдіс туралы былай жазған екен: «Жуырда мен бір адамнан хат алдым. Ол кісі хатында былай дейді: «Мәлік-ау, осы сенде не арман бар екен? Арманың жоқ та шығар. Оқу оқып, білім алдың. Майданға барып ең, атағың шықты. Сені халқың мақтан етіп отыр. Жаңа туған жас балаларына көп адамдар сенің атыңды қойып жатыр. Мұндай дәрежеге жеткен адамның арманы болмасқа тиісті».

Қазақтар перзенттеріне ұл-қыз деп бөлмей қараған. Қыз баланы да, ұл баланы да бірдей есімдермен атау дәстүрі соның дәлелі. Бауыржан Момышұлының әкесінің есімі Момынәлі болса, ақын Абай Құнанбайұлының шыққан тегі халық шежіресі бойынша Арғынның екінші әйелі Момыннан туатын төртеудің бірі Тобықтыға жатады. Мысалы Айтбай жалпы ер балаға берілетін есім. Музыка зерттеуші Ахмет Жұбанұлы «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде Біржан салдың көпке белгілі «Айтбай» әні туралы баяндай келіп: «Айтбай – қыздың аты. Қазақта қыздың соңынан ұл тумаса, қызға еркектің атын береді. Айтбайдың аты қойылуда солай болған» деп жазады.

«Шәріп» есімі көбінесе ұл балаларға беріліп отырғаны белгілі. Дегенмен, соңғы кезде бұлай болмағанмен, бұрынғы кезде қыз балаларды да осы есіммен атау үрдісі болғанын ақын Абай Құнанбайұлының «Шәріпке» деген өлеңінің «Түңлікбайдың қатыны атың Шәріп…» деп келетін жолын оқығанда білуге болады. Ал, бұл есімнің арабшадан қазақ тіліндегі мағынасы «атақты, мейірімді, пайғамбардың әулетінен деген атақ» дегенді білдіретінін ескерсек, осы есімнің ақын Абай ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана емес, одан бұрын да ислам дінінің қазақ еліне келген уақытынан бері қолданыста болғанын көрсетеді. Әрі ұл балалардың есімдерінің қыздарға берілу себебінің де пайда болған кезі әріде екені байқалады.

Егерде дүниеге бірінен соң бірі қыз келген жағдай болса бұдан былай ұл туылсын деп қыздың атын Балтакүл, Толбала, Ұлбосын, Ұлжан, Үмітхан деп қойған. Қазақ халқының арасында бұл сенім әлі күнге дейін орын алып келеді. Бірде ұлым Әлібек мектепте бірге оқитын қыздың есімі Үзілхан екенін айтып келді. Мен, сұрашы інілері бар ма екен, дедім. Ұлым сұрапты, жанұясында ұл бала жоқ екен.

Белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің есімі түске байланысты қойылған. «Жұлдыздар отбасы» журналының бетінде жарияланған сұхбатта ақынның анасы Мәрияштың айтуы бойынша болашақ ақын өзінің есіміне былай ие болыпты: Бір күні Қатша деген туыс апам үйге келіп: «Түс көрдім. Түсімде ақ сақалды ата келіп: «Нағашыбайдың үйіндегі келін ұл туады. Атын Шөміш әулиенің атымен Шөмішбай деп қойсын. Сонда жасы ұзақ болады» деп аян берді», – деді. Атын шілдеханасында Қатша апамның өзі қойды. Ұлымның ерекше адам болатынын сездім. Ізінен інілері мен қарындастарын ерте келді.

Түске байланысты жаңа туған балаға ат таңдау бұрыннан бар. Ақсақ Темірдің де есімі түске байланысты берілгендігін өзі айтқан: «Жас кезімде әкем әмір Тарағайдан оның көрген түсі жайында бір әңгіме естідім: Түсімде қасыма түр-келбеті арабқа ұқсас бір жас жігіт жақындап келіп маған семсер ұстатты. Мен семсер қылышты алдым да онымен ауаны тілгілеп сермей бастадым. Әлгі семсердің сәулесімен бүкіл әлем жарыққа бөленді. Мен әулие әмір Күләлға түсімді жорып беруін өтіндім. Әмір Күләл маған түсімнің аян екенін, Құдайдың маған бүкіл әлемді билеп, барлығына ислам дінін қабылдатып, жерді қараңғылық пен адасушылықтан құтқаратын ұл сыйлайтынын айтты. Түсім рас болып Құдай маған өзіңді берді ұлым. Сен дүниеге келісімен мен бірден сені Шамсуддин шайқыға апардым. Мен келгенде Құран оқып отырған шайқы бір сөздерге тоқталды. Бұл сөйлемде Темір сөзі кездесетін болғандықтан, біз сенің атыңды Темір деп қойдық».

Бала шетіней берген жағдайда

жаңа туған сәбиге Жасұзақ, Жүзжасар, Мыңжасар, Тұрар, Тұрғын, Тұрсын, Тұрғынбай, Тұрсынай, Өлмес, Өскен деп ат қойған. Ырым етіп нәрестенің кіндігін балтамен кесіп, біреуге бірнәрсе беріп сатып алатын кездер де болған. Немесе жаңа туған нәрестені ұзақ жасаған бірнеше кемпірдің етегінің астынан өткізу дәстүрін жасаған. Бұндай балаларды Үшкемпір, Төрткемпір, Бескемпір деп жоралғыға қатысқан кейуаналардың санымен атаған. Бұндай ғұрыпты атқаруға ақсақалдарды да шақыратын болған. Әйгілі ақын Кенен Әзірбайұлы елуден асқанда көрген қызына осындай ырым жолын жасап есімін Төрткемпірбіршал қойғаны белгілі. Кейін сол қызы өскен соң мектепке барғанда балалар мазақтай берген соң атын Төрткен деп өзгерткен.

Кейбірде

сәбилерге елді мекен, жер-су аттарына байланысты есім қоятын болған. Ақын Абай Құнанбайұлының төртінші атасы Торғай Айдосұлының есімі «Ақтабан шұбырынды» заманында Сыр бойына босып, ауа көшкенде Торғай өзенінің бойында дүниеге келгендіктен берілген.

Ақын Жамбылға есім берілуі де жер атына байланысты. Жыр алыбымен өте жақын қатынасқан жазушы Сәбит Мұқанұлы 1946 жылы: «Жәкең Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде туғандықтан әкесі атын Жамбыл қойыпты» деп жазды.

Туған жерге байланысты

ат қою әдеті жиырмасыншы ғасырда да жалғастығын тапқанын 1922 жылы туған атақты ақын Сырбай Мәуленұлының:

Сыр бойында туған соң,

Сырбай қойды атымды, –

деген өлең жолдары да дәлелдейді.

Ұл-қыздарына ұнатқан әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің есімін беру де тарихта белгілі. Кезінде «Абай жолы» романындағы ақынның ғашық болған қызы Тоқжан есімі бүкіл Қазақстанға кеңінен тарап кетті. Осындай бір қызық оқиға белгілі әнші, композитор Жаяу Мұса әйелі Сапар екеуінің тұңғыш перзенті дүниеге келгенде болыпты. Ахмет Жұбанұлының жазуы бойынша Жаяу Мұса қызы туар алдында орыс әдебиетінің алыбы, жазушы Лев Толстойдың «Анна Каренина» романын оқып, қызын осы шығарманың бас кейіпкерінің атымен атағысы келген. Бірақ ауыл молдалары: «Біз кәпірдің атын айтып, сәбидің құлағына азан шақыра алмаймыз» деп бас тартады. Сонда Мұса тұрып: «Сендер білген әлхамды мен де білемін, аллаҺу әкбарді сендерден гөрі дұрыс айта аламын, бері бер сәбиді» деп, өзі азан айтып қояды. Осылайша рим мифологиясының жаңа жыл әйел құдайы Аннаның (мағынасы – жыл, мәңгілік) есімі қазақ қызына берілген. Бұл есім Халифа Алтай қазақшаға аударған Құранның 54-бетінде бар.

Жалпы, қазақ халқының есім беру үрдісі тарихтың өте терең қойнауынан бастау алады. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген грек тарихшысы Геродот қазақ халқының бабалары сақтар туралы жаза келіп олардың есімдерін де келтіреді. Мысалы сақтардың бабасы Таргитай, парсы патшасын жеңген патшайым Томирис пен оның баласы Спаргапис туралы айта келіп, Грекияға барып аты шыққан Анахарсисті және басқалардың атын атайды.

Сақ

бабаларымыздың жолын қуған ғұндардың есімдері де қазақ тарихының бастауы көптеген ғасырлардың арғы жағында жатқанын дәлелдей түседі. Ғұн патшасы Аттиланың есімін Мырзатай Жолдасбеков «Аттылы» десе, кейбір ғалымдар бұл есімді Еділ өзенінің атымен байланыстырады.

Түркі қағанаты кезінде өмір сүрген тарихи тұлғалар – Күлтегін, Тоныкөк, Ұмай есімдері белгілі. Бек деген байырғы түркі сөзі қазақ есімдерінде бүгінде де көптеп кездеседі. Жалпы сақ, ғұн, байырғы түркі есімдері тарихта сақталғаны аз емес. Болашақта ол бөлек бір мақаланың өзегі болмақ.

Қазақ даласын ислам дінінің ықпалы өте терең болғаны сондай көптеген есімдер «қожа» деген жалғаумен

аяқталады. Белгілі ғалым Рәбиға Сыздық та «Яссауи хикметтерінің тілі» атты еңбегінде: «Яссауидің нәсілдік тегіне (сүйегіне) қарай берілген атты Хожа есімінің мағынасын, ол хожалардың әлеуметтік орнын, қазақтар үшін олардың кім болғанын, сондай-ақ Яссауи деген ат оның туған жеріне қарап қойылған лақап аты екенін жазады.

Қазақстан – патшалық Ресейге бодан болған кезде орыс тілінен түрлі есімдер араб, парсы тілдерінен енген есімдердей көп болмаса да енген. Өмірінің елу үш жылын орыс сөздігін жасауға сарп еткен атақты Владимир Даль тек қана сөздік жазумен шектелмей әдеби шығармалар да жазғаны белгілі. В.Даль қазақ өмірімен де етене жақын болған әрі қазақ тілін өте жақсы білген. Оның «Майна» атты әңгімесінде мынадай қызық жәйт суреттелген: «Сақалбайдың есімдері патшаның әскери шендерінің атымен қойылған төрт ұлы барды. Үлкені – Полковник, екіншісі – Майор, үшіншісі – Капитан, төртіншісі, ең кішісі – Поручик». Дәл осындай есімдерді өз хаттарында поляк А.Янушкевич те келтіреді.

Қазақ есімдерін зерттеймін деген адамға мол мүмкіншілік бар.

ХХ ғасырға дейінгі қазақ есімдері өз заманының көрінісі екеніне де бөлек тоқталуды қажет етеді. Қазақ есімдеріне көңіл аударған адам қазақ халқы туралы көп нәрсені білу мүмкіндігіне ие болады. Себебі қазақ халқы есім беруде де өзінше бір үлкен құбылыс иесі екені анық. Қандай аласапыран жағдайларды басынан кешірсе де есім беруге келгенде халықтық тамырынан айырылмаған.

Сонымен қазақ есімдеріне

тек сәби дүниеге келгенде берілетін ат деп қана қарамай оған қазақ позиясының және қазақ тарихының бір құрамдас бөлігі деп бағалау қажет. Әсіресе ақын, жазушылар, кино және театр қайраткерлері өз шығармаларына сол тарихи кезеңге тән есімдерді таңдағаны абзал.

Ал, енді бүгінгі еліміз егемендігін алып әлемге танылып жатқан бейбіт заманда Гүлжауар, Жаншуақ, Ерхалық сынды есімдердің пайда болуы да қазақ халқының арманшыл халық екенін және сол армандаған мақсатына жететінін дәлелдейді.

Алдыңғы «
Келесі »

12 Пікір бар

  1. аттарды іздеп едік дым таппадық

  2. неге есімдер шамалы

  3. Казирги заманга сай есим керек еди,босанатын куним жакындап жатыр

  4. ай Көке жазғаныңыз сала құлаш ал келтірген есімдеріңіз санаулы. Одан да жүздеген есімдер мысалын жазсаңыз етті

  5. Ул ма,кыз ба?

  6. Мен Аллахтың сүйікті құлдарының жұбайларының есімін іздеп едім

  7. Маган унады, керек есымымды таптым

  8. м арипинен басталатын ул баланын есими керек сро4на

  9. көке жаксы жазылыпты, сізге үлкен рахмет, өміріңіз ғұмырлы болсын

  10. А арпинен келетин кыздын есимдерин жибериниздер

  11. Ул балаға ерекше қазақша есими айтынызшы 8 702 403 10 20

  12. Ул балага ерекше аттар жок кой, тауып бериниздерш

Пікірлерге тыйым салынады.