Телевидение және тележүргізуші

  • 01.04.2013
  • 2250 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Адамдар ақпараттың жартысынан көбін көру мүшесі арқылы қабылдайтындығын зерттеулер дәлелдеп берді. Сондықтан, «физиологиялық және психологиялық себептерге байланысты көз – ақпараттың санаға жеңіл, нақты және қалыбын көп өзгертпестен жететін жолы екендігін есте сақтау керек» [1, 20]. Адамның жаратылысы мың рет естігеннен, бір рет көргенді артық санайды. Ал, бұл жағдайда сенімді серік, айнымас дос бола алатын жалғыз бұқаралық ақпарат құралы – телевидение. Оның ерекше қасиеті «…хабарламаны дауыспен қосақталған қозғалмалы формадағы суреттер арқылы тарату мүмкіндігінде» [1, 29]. Әрине, «сенімділігі жағынан «картина» сөздің алдына шығатындығына» [1, 11] дау айта алмаймыз. Себебі, «адамның көз алдында көрініс пайда болғанда, оның үстіне ол қозғалатын, басы-аяғы жинақталған және монтаждалған көрініс десек, психологиялық және физиологиялық себептерге орай ол көрсетілімнің көшбасшы бөлшегіне айналып, дауыс (сөз, музыка, шу) бағынышты рөлді иеленеді» екен [1, 19]. Дегенмен, экран бетінен күнделікті үздіксіз берілетін көрсетілімдердің ішінде көрерменнің көңілін өзіне еріксіз бұрғызатын ерекше бейне – тележүргізуші бейнесі дер едік. Себебі, өмір кадрлары күніне мың алмасып жатқанымен, оның хабаршысы ұзақ уақыт камера объективінен алыстай қоймайды. Керісінше, телекөрерменнің назарын есепсіз көріністерге бағыттап, аудиторияны сан мыңдаған оқиғалар орманынан адастырмай алып шығады, тіпті көкейдегі сұрағына жауапты бірлесе іздесіп, таным көкжиегін кеңейте түсуіне септеседі.

Белгілі мәдениеттанушы және антрополог Конрад Коттак қоғам мен телевидение арасындағы өзара байланыстың 5 сатысын жүйелеген. Ғалым соның біріншісі ретінде «адамдарды еліктіретін таратылған хабарлама емес, дұрысы сол ақпаратты жеткізушінің өзі» деген тұжырымды алға тартады [2, 139]. Расымен жұртшылық тележүргізушілердің кескін-келбетіне, сөйлеу мәнеріне, дауыс ырғағына, қимыл-қозғалысына, жүріс-тұрысына, киім киісіне ерекше назар аударады. Қызығы сол, кәсіби қызметтік міндетін атқару үстінде экран арқылы өзі туралы бірауыз сөз айта алмайтын тележүргізушінің жеке өмірінен көпшілік хабардар. Алайда, отандық телевидение тәжірибесінде кәсіби мамандардың орнын өнер жұлдыздарымен алмастыру үрдісінің белең алғанын байқауға болады. Көбіне көп бұл іс-әрекеттер сәтсіздікке жолығып, телеарнаның, өнер жұлдыздарының беделіне кері әсерін тигізіп жатса да, жіберілген қателіктерден қорытынды шығару мәселесіне жеткілікті мән берілмейтін секілді. Бұл ретте

«құсты сойса да, құланды сойса да қасапшы сойсын» дейтін қарапайым халық даналығына жүгінудің маңызы зор. Кез келген саланы ұшпаққа шығаратындар – кәсіби мамандар. Бақылау арқылы байқағанымыздай, дамыған елдердің телевидениесі жүргізушілікке өнер жұлдыздарын тартуға зәру емес. Себебі телевидениенің ел алдындағы беделі биік, кәсіби деңгейі жоғары өз жұлдыздары бар. Аталған олқылықтардың орнын толтыру жолында отандық телевидение саласы өз жұлдыздарын тудыруға мүдделі болуы керек.

«Телевизиялық журналистиканың дамуына байланысты хабарламаның аудиторияға әсер етуі автордың тұлғалық қасиетіне орай күшейе түсетіндігі (немесе төмендей түсетіндігі) анықтала бастады» [1, 30]. Белгілі телевизия сыншысы С. Оразалы: «Телевизиямен тағдырын байланыстырған адамға жәй талантты болу аздық етедi. Ол да осы өнердiң өзi сияқты жан-жақты: бiлiмдiлiк, iскерлiк, алғырлық, тапқырлық, еңбекшiлдiк, көпшiлiкпен жұмыс iстей бiлетiн, тiптi, керек жерiнде билiк таныта алатын қасиеттерi болса ғана мақсатына жетедi» [3] – дейді. Жақсы жүргізушінің сипатын жоғарыдағы аталған критерийлерге сүйеніп анықтауға болады. Байқағанымыздай, телевидениенің елге танымал тұлғалары бір-біріне ұқсамайды. Танымалдылықтың белгісі – өзгеге ұқсамау. Бірақ, олардың барлығын бір қазанға сыйғызатын үлкен ұғым – «кәсіби шеберлік».

Телевидение тірегі – тележүргізушілер. Бұл астамшылықпен айтылған анықтама емес, телевидениенің өзіне тән ерекшеліктері екшеп шығарып берген шындық. Кез келген телеарнаның табыс кілті – көпшілік көрермен үлкен ықыласпен күтетін әрі қабылдайтын, таратқан ақпараты сенімді, пікірі көңілге қонымды көрінетін кәсіби тележүргізушілер қосынының болуы. «Телевизиялық коммуникацияның дыбыстық-көрсетілімді қасиеті коммуникатор мен аудитория арасындағы өзара байланысты қалпына келтіруді қажетсінді, бұл коммуникатордың өзі және оның ақпаратының құндылығы туралы белгілі бір пікір қалыптастыру үшін керек болды. Телевизиялық ақпараттың аудитория үшін мән-мазмұны және тартымдылығы аталған жағдаймен түсіндіріледі, яғни автордың өзі және оқиға қатысушыларымен бірлесе жеткізген ақпаратының маңызы зор. Сондықтан алпауыт телекомпаниялар өздерінде болмыс-бітімі көрерменді тартатын әрі олардың сенімін туғызатын тұрақты жүргізушілер мен репортерлердің болғанын қалайды» [1, 31]. Себебі, «Кадрдағы таныс адам ала-құла телевизиялық бағдарламалар әлеміндегі адастырмайтын шамшыраққа ұқсайды» [1, 31]. Тәуелсіздікпен бірге орнаған демократиялық жүйе мен нарық заманы телевизия саласын да үлкен өзгерістерге түсірді. Осылай дикторлардың орнын журналистерден құралған тележүргізушілер тобы алмастырды. Демократиялық елдердің телевизиясына тән тележүргізушілер мектебі біздің елімізде де қаз-қаз басып аяғына тұра бастады. Оның үстіне кеңестік жасанды жүйеден толықтай арылуға тырысқан қоғам хабар жүргізуде жасандылыққа жиі ұрынып жататын дикторлардан бас тартуға дайын болды. Бұл науқанның нарық заңдылықтары туындатқан себептері де жоқ емес, яғни телеарналарда диктор мен тележурналисті қатар ұстау қаржылық жағынан тиімсіз болып шықты.

Отандық телевизия саласындағы жүргізушілердің басым көпшілігі жастар. «…жастардың бүгiнгi телевизияның дамуына үлес қосып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Телеөнер негiзiнен жастарға тән iзденiмпаздықты, әдемiлiктi, ұшқырлықты, алғырлықты қажет ететiн өнер» [3]. Кезінде бірқатар АҚШ телекомпаниялары жүргізушілікке жастарды тартқан көрінеді. Дегенмен телекөрерменнің оларға деген сенімі аз болғанға ұқсайды, себебі, көп ұзамай орта жастағы адамдар телевидениеге қайтып оралды. Көршілес орыс тележурналистикасы жастарға басымдық беруден қашпайды дегенімізбен, аталған батыстық үрдістің ол ортада да қанат жайып келе жатқанын байқаймыз. Осы ретте, өзгеге елегізудің жөнсіз екендігін ескерте кеткен абзал, өйткені, әр елдің аудиториясы таным-түсінігіне, өмір салтына, тұрмыс-тіршілігіне қарай әртүрлі болып келеді. Ал, телевидение үшін өз аудиториясын терең танып-білу әрі тұрақты зерттеп-зерделеп отыру – жетістікке жеткізетін елеулі факторлардың бірі. Отандық телеарналардағы басым көпшілігі жастардан құралған жаңалықтар жүргізушілері, тіпті өзге бағдарлама жүргізушілері де әзірге қазақстандық аудиторияны теледидар алдынан алыстата қоймағанын көріп, біліп жүрміз.

Тележүргізушіге қажетті қасиеттерді санамалап шыққан белгілі ғалымдардың пікірі әртүрлі болып келеді. Бұл жағынан олар бір-бірін үнемі толықтырады деуге негіз бар. «Жүргізуші жаңалықтар үшін қызмет етеді, интервьюер өзінің әңгімелесушісін елдің алдына алып шығады, шоумен бұқаралық іс-әрекетті ұйымдастырады, міне осының барлығы нақты кәсіби міндетті орындауымен қызықты» [5, 188]. Тележүргізуші – телевидениенің айнасы. Кез келген телеарнаның жағымды бет-бейнесі тележүргізушілердің кәсіби шеберлігі негізінде қалыптасатындығы белгілі. Сондықтан бұл екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес.

 

Нұрділдә Ораз,

 

Л.Н. Гумилев атындағы

 

Еуразия ұлттық университетінің

 

2 курс магистранты

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кузнецов Г.В., Цвик В.Л., Юровский А.Я. Телевизионная журналистика. – Москва: Высшая школа, 2002.

2. Kottak C.P. Prime time society: An anthropological analysis of television and culture. – Belmont, CA: Wadsworth, 1990.

3. Әр ұрпақ телеэкранға өз келбетiн әкеледi // Жас Алаш. – 2011. 26 мамыр.

4. Хабарды қандай жағдайда да абыроймен алып шығу – тікелей эфирдегі жүргізушінің міндеті // Айқын. – 2012. – 4 қазан.

5. Кузнецов Г.В. Так работают журналисты ТВ. – Москва: Издательство Московского университета, 2004.

 

This article describes how significant is the role of TV presenter on television space.

Алдыңғы «
Келесі »