ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАҢА МЕЖЕСІ

  • 29.03.2013
  • 746 рет оқылды
  • 1

Серік ПірәлиевСерік Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы,профессор

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 1-тармағына сәйкес ел Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды. 1997 жылдан бастап Елбасының Жолдауын бүкіл халық болып күту игі дәстүрге айналды. Жолдау ғаламдық саясат айдынында жүзген Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайтын, ішкі саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге бүкіл қоғамды жұмылдыратын, билік органдарына іс-әрекет етудің басым бағыттарын нұсқайтын әмбебап саяси құжат дәрежесіне жетті. Әлемдік экономикалық коньюнктурада жайлы ахуал қалыптасып, қазба байлықтарына сұраныс артып, олардың бағасы артқан кезеңде еліміздің шикізат экспортына негізделген экономикасы өрлеп, макроэкономикалық көрсеткіштеріміз шарықтап дамыды.

Сәйкесінше, мұндай игілікті жылдары Елбасының Жолдаулары қарқынды даму, әлеуметтік саланы жақсарту рухында болды. Ал, биылғы Жолдаудың орны да, маңызы да ерекше. Бұл құжат ел тарихында жаңа кезең басталғанын көрсетеді. Еліміздің Тәуелсіздігіне арналған салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» Стратегиясын іске асырудың негізгі қорытындыларын шығарды және Қазақстан халқына «Қазақстан – 2050» Старегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын арнады.

Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауы елімізді одан әрі дамытудың алдағы бағыттарын айқындауға арналған. Еліміз жасампаз 21 жылда дәулетіне сәулеті сай, әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. Қазір Қазақстан – өзіндік бет-бейнесі, өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымдары бар мығым мемлекет. Әлемдегі алмағайып дағдарыстар мен қиындықтарға қарамастан, экономиканы қарқынды дамытудың инновация мен индустрияландыру жолына түсті.

Елбасы өзінің Жолдауында, бүгінге дейін «Қазақстан – 2030» Стартегиясының басым бөлігі мерзімінен бұрын іске асырылғанын нақты мысалдармен айтты. Тәуелсіздіктің бастауында Қазақстанның дамуының экономикалық бағытына басымдылық берілген еді. Егемендікке қол жеткізген Қазақстанға КСРО-дан құлдыраған экономика мен құнсызданған ақша ғана қалған болатын. Ал, бүгінгі күні алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басып келе жатқан мемлекеттің жаһандық дағдарыс жағдайында да дамуын жалғастыра білгенін бүкіл әлем көрді. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де, ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтауда да, шетел инвестицияларының жоғары деңгейіне, дамыған нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсімде де, энергетика ресурстарын ұсынықты пайдалануда да, инфрақұрылымды, көлік және байланысты дамытуда да, кәсіби мемлекетті қалыптастыруда да, қысқасы, ұзақ мерзімді жеті басымдықтың барлығында да Қазақстан өз алдына қойған мақсатына жетті. Толық орындала қоймаған мақсаттардың өзі де қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді», деді Елбасы өз сөзінде. Әрине, бұл бүкіл қазақстандықтардың бірлігінің, табанды да қажырлы еңбегінің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі екені айдан анық. «Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз», деп атап көрсетті Елбасы. Демек, жаңа заманның, жаңа уақыттың жаңа талаптарына сай жаңа Стратегия қабылдаудың реті келіп-ақ тұр. Мұндай қажеттілікті Н.Ә.Назарбаев ХХI ғасырдың он жаһандық сын-қатерін нақты атап, жан-жақты көрсету арқылы терең негіздеп берді.

Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, Үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздықтың қаупі сияқты сын-қатерлер Қазақстанның алдында бұрын кездеспеген проблемалар туындауы әбден табиғи екендігі де нақты айтылды. «Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады. Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет – қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту», деп атап көрсетті Елбасы. Әрине, тым құбылмалы тарихи жағдайда жаңа сын-қатерлерді лайықты еңсеру үшін жаңа саяси бағыт – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдау қажет болып отыр. Президент өз сөзінде елдің шешілуге тиісті міндеттерін сапалық тұрғыдан өзгергенін атап көрсетіп, кезекті дүниетанымдық серпіліс жасау керектігін ескертті. Қазір мемлекет кемелдікке келді. Демек, бүгінгі күн тәртібі елдің қалыптасу кезеңіндегіден өзгеше болуға тиіс. Себебі, жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде «Қазақстан – 2030» Стратегиясының аясы тарлық етеді. Ел дамуының жаңа межесі ретінде 2050 жылдың алынуы жайдан-жай емес. Бізге «15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек», деп атап көрсетті Елбасы. Біріккен Ұлттар Ұйымында 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленген, ал Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы жариялаған.

Елбасымыз болашақты алыстан болжайтын стратег ретінде мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берді. Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, білім және кәсіби біліктілік, мемлекеттілікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм.

Жолдауда Елбасы қол жеткен табыстарға тоқтала отырып, елдің дамуына, экономика мен әлеуметтік саланың жаңа талаптарына сай өркендеуіне ықпал ететін негізгі 10 бағытты айрықша атап көрсетті және осы стратегияның 10 бағытын іске асырудың нақты бағдарламаларын жасап, оны биылғы 1 шілдеге дейін бекітуге ұсынуды Үкіметке нықтап тапсырды. Бұл стратегиялық бағыттардың ең бастылары – халықты сапалы жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу; қолжетімді тұрғын үй салуды өрістету, әсіресе, жас отбасылар мен аз қамтылғандарды арзан тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыру, құрылыс индустриясын дамыту; өңірлерді дамыту, халықтың өсіп-өркендеуіне қолайлы жағдайлар туғызу; денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу шараларына баса көңіл бөліп, әрбір адамның дұрыс ем алуына жағдай жасау; зейнетақы төлеу жүйесін қайта қарап, оны жетілдірудің жаңа жолдарын қарастыру; өндірісті индустрияландыру мен дамытудың жаңа инновациялық бағдарламаларын жедел іске асыру; ауыл шаруашылығын барынша өркендету, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің барлық мүмкіндіктерін тиімді қолдау. Жолдауда, міне, осындай нақты межелер белгіленді. Осы бағдарламаларды іске асыру арқылы халықтың әл-ауқаты,тұрмысы одан әрі жақсарып, өмір сүру деңгейі барынша көтерілетіні, қол жеткен жетістіктер баянды етілетіні атап көрсетілді. Ол үшін ең алдымен еліміздің тыныштығы, халқымыздың бірлігі қажет, – дей келіп, – Елбасы «Игілік басы – ынтымақ» деген даналық сөзді еске алып, бүкіл қазақстандықтарды қойылған міндеттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылып еңбек етуге шақырды.

ХХI ғасырдың бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Елбасы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды. Елбасы белгілеп берген «Қазақстан – 2050» жаңа саяси стратегиясының даму бағыты қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылады.

Жалпы, ұлттық мемлекет болғандықтан бұл елдің өзінің алдағы 30-50 жылдыққа негізделген мүдде, мақсаты болуға тиіс десек, мұны арнайы бағдарламамен белгілеу өзге өркениеттер үлгісінде көптен бар. Ұзақ жылдардың табысын көздеу өскендіктің белгісі болып қабылдануы заңдылық. Өсіп, өркен жаямыз деген халықтың барлығы осындай ұзақ мерзімді ауқымды бағдарлама, бағыттарға бет түзейді. Бір жылмен немесе он жылмен өмір сүруге болмайтынын жақсы білеміз. Сондықтан, жақсы ишараны, ұлттық белгілерді, мемлекеттік сипатты біздің де игеріп, меңгергеніміз абзал. Себебі, мұндағы әр бағыттың қазақтың ертеңі үшін қандай пайда әкелетіні сонда тайға таңба басқандай таныла түседі.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының өн бойынан әлеуметтік салаға үлкен мән берілетінін білеміз. Ал, биылғы Жолдауда Президент ұсынған 10 бағыттың көпшілігі осы салаға арналып отыр деуге болады. Елбасының сапалы білім беруді жақсарту, ғылыми-инновациялық жұмыстардың өндіріспен байланысын жандандыра түсу, жастардың жайлы баспанаға қолжетімділігін арттыру және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі, білім беру ісіндегі тәрбиенің рөлі жайлы айтқандары бәріміздің көңілімізден шығады.

Білім жүйесін жаңғыртуда оқыту үдерісіне озық әдістеме мен технологияларды енгізу арқылы әлемдік білім кеңістігіне еркін енуге болатындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ендеше, Елбасымыз айтқандай, халықаралық стандарттарға сай, Назарбаев Университеті мен интеллектуалды мектептердегі озық тәжірибелерді қазақстандық білім беру жүйесіне кеңінен таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне жеткізу төңірегінде терең ойланғанымыз жөн. «Іс тетігін кадрлар шешеді» деген қанатты сөз әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жоғары оқу орындарында білім беру бар да, сондай-ақ өмірлік тәжірибемен ұштасқан сапалы маман бар. Міне, осы екі нәрсенің ара-жігін ажырату үшін біліктілік мәселесі бой көрсетеді. Биылғы Жолдауда университетті тәмамдаған түлектердің ертең жұмыс орнына орналасу үшін біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйе құру қажеттілігі қойылды. Бұл дегеніміз, әрбір жоғары оқу орны өзінің бітіруші түлегіне белгілі бір мамандық бойынша білім алғанын растайтын құжат береді де, ал, оның келешек мамандығын меңгеру мүмкіндігін айқындайтын қоғамдық ұйымдар, ата-аналар комитеті, қамқоршылар кеңесі және жұмыс берушілер ұйымының өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссия бітірушінің мамандығына сәйкес немесе сәйкес еместігі туралы шешім қабылдап, біліктілігін бекітетін болады. Бұл жүйе, әрине, әлемдік тәжірибеде кеңінен орын алған мәселе. Ал, мұның қазақстандық білім жүйесіне енгізілуі – жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін, университеттің рейтингісін анықтауға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес, болашақ талапкерлердің қандай жоғары оқу орнын таңдау керектігі, ол қандай сапалы мамандар дайындай алады деген ақпараттарды алдын-ала білуге, университет жайында толыққанды мағлұматты алуға болады. Сонда ғана университеттер арасындағы бәсекелестік шын мәнінде шынайылыққа, ашықтыққа, жариялылыққа жол ашатын болады. Сайып келгенде, білім беру ісіндегі педагогикалық құрамның сапасын арттыру мәселесі өте көкейтесті екендігі Жолдауда анық көрсетілген. Ендеше, мектептер мен жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін көтеру, талаптарын күшейту қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр. Олай болса, еліміздегі педагог кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындарының атқарар міндеттері бұрынғыдан да артып, олардың білікті кадр дайындау жауапкершілігі тереңдей түспек. Жалпы, жаңа тұрпатты педагог дайындауға жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек.

Жолдаудағы аса бір айта кететін жайт – білім беру ісіндегі тәрбиенің орны. Білім беру ісі патриотизм, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық сияқты құндылықтармен астаса жүруі керек екендігі қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын айтуымыз керек. Айтылғандардың бәріне немқұрайлықпен қарамай, тәрбие ісінде ұсақ-түйек болмайтындығын барлығымыз жете түсініп, ата-ана, қоғам мүшесі ретінде көзқарасымызды айқын танытып, жастарымыздың бойына адами құндылықтарды сіңіре білсек, нұр.

Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы талай-талай көкжиектерге құлаш сермейтінімізді жете түсінген Президент бұл салаға барынша қамқорлық көрсетіп отыр. Болашақта білімді ұрпақ экономикамыз бен мәдениетімізді, ішкі және сыртқы саясатымызды дамыған мемлекеттер қатарында танытады деп сенеді. Адам әлеуетін арттырудың келесі бір маңызды бағыты – қазақстандық ғылыми-инновациялық жүйені нығайту керектігін, отандық ғалымдарды қолдау қажеттілігі қадап айтылған биылғы Жолдауда келешегі зор ғылыми-зерттеулерге инновациялық гранттарды бөле отырып, қаржыландыру мәселесін шешуді Үкіметке тапсырған.

Елбасына оқымыстылар ерекше ризашылығын білдіруде. Жолдаудағы жаңа технологиялар жасауға мүмкіндік туғызатын инновациялық-индустраиалдық кластер Назарбаев Университеті жанынан қалану керектігі және Астанада жоғары технологиялық кәсіпорындар құру қажеттілігі туралы айтылған міндеттер межесінен шығу үшін отандық ғалымдар дайын екендігін баса айтқымыз келеді.

Отанымыздың күні ертең тұтқасын ұстап, алдыңғы толқынның игілікті ісін ілгері апаратын талантты жастарды тауып, оларды балапандай баулып, қатарға қосу біздер үшін үлкен парыз. Елбасы өз Жолдауында «Қазақстанда адами капиталдың сапасын өсіру. Бұл ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау» дей келіп, жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге, әлеуметтік бейімделу үдерісінде де пайдалана білу керектігін атап өтті. Ең бастысы, патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары туралы айтылған сөздер барлық ұстаздар қауымына жүктелген міндет екені анық.

Елбасы өзге мәселелермен қатар, мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамыту жөнінде де тоқталды. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген өзінің ұстанымын тағы да алдымызға қойды. Сондықтан да, біз Елбасының осы айтқандарын жадымызда ұстауымыз керек. Мемлекеттік тілге байланысты Елбасының, егер қазақстандықтардың барлығы қазақша сөйлегенде біз Қазақ мемлекеті боламыз деп жариялаймыз деп атап өткені, шынында да көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл бізге қойылып отырған үлкен рухани міндет. Енді біздер осыны ойдағыдай жүзеге асыруымыз керек.

Бейбітшілікті, ынтымақ пен бірлікті, ұлттық, мемлекеттік саясатты өрістетіп, халықтың көкейіндегісін тауып, елді мұратына жеткізу үшін тың міндеттер белгілеген Елбасы бұл жолы да көрегендік танытты. Еліміздің ғасыр ортасына дейінгі жолын айқындап берген Елбасы арнауы ұлт мүддесін, халық мұратын көздеген, мемлекет ертеңін жоспарлаған даналығын көрсетті. Бүгінде «Қазақстан – 2050» стратегиясы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті профессор-оқытушылары, студенттері арасында жан-жақты талқыланып, олардың жігеріне жігер қосуа. Мақсат айқын. Енді бәріміз осы бағытта құлшына еңбек етуге тиіспіз.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Қосыламын, керемет пікірлер

Пікірлерге тыйым салынады.