Ішкі қайшылықтар және оның сыртқы саясаттағы көрінісі

  • 29.03.2013
  • 524 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ

«Империялық мүдде»үстем еткен заман 

Тарихтағы барлық катаклизмдер: соғыстар, мемлекеттердің күйреуі, тарихта жойылу − елдің ішкі дағдарысының және сыртқы саясаттағы әлсіздігіне байланысты. Сондықтан, барлық тәуелсіз мемлекеттер өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай отырып, экономикасын дамытуға, мемлекеттік қуатын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға ұмтылады. Бұл үшін сыртқы саясатты шебер жүргізумен қатар, оны ішкі мәселелермен толық үйлестіріп отыру міндет.

Яғни, мемлекетте «ары тартсаң – арба сынады, бері тартсаң – өгіз өледі» дейтін жағдай орнамауы тиіс. Мұндай іс «өмір деген алып мұхитта» (Абай) кемесін жарға соқпай жүре алатын майталман саясаткердің ғана қолынан келмек. Ондай саясаткер, біріншіден, барлық әрекетін ел мүддесімен ұштастырады; екіншіден, соның арқасында саясаткердің өз халқының өкіліне, халықтың рухани символына айналады, мысалы, қазақтың Асанқайғысы мен Абылайы, билері мен жыраулары. Өзге елдерден үнді халқының ұлы М.Гандиді, Д.Неруді атасақ жеткілікті.

Тек халық емес, әлемдегі билік атаулы өз елінің қуатты болғанын қалайды! Бұған мысқылмен қараудың қажеті жоқ, себебі, «ұлттық мүдде», «күшті мемлекет» − кез келген билік түрінің өмір сүруінің жалғыз шарты. Егер, «ұлттық мүдде» жеке мүдденің көлеңкесінде қалса, сөйтіп, мемлекетте «ақшаның күшімен жарты әлемді сатып алуға болады» деген принцип қалыптасса, онда мемлекет ғұмыры халықтың емес, билікке келген адамның ғұмырымен ғана өлшенеді.

Ал, бұл, әрине, өтпелі әрі өкінішті дүние. Мысалы, ХХ ғасырда өз елін тонаған диктаторлар аз болған жоқ. Бірақ, олардың құрған «мемлекеттері» де олардың өздерімен бірге аяқталып отырған. Соған қарамастан, әлемде «мәңгілік империялық үстемдік» үшін күрес үздіксіз жүріп жатады. Оған ұмтылған елдердің барлығы өзара бәсекелес бола отырып, геосаяси үстемдікке ие болуға тырысады. Әрине, бұл мемлекеттердің өз ішінде шешілмей жатқан шаруа жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ, сонда да, олардың саясатының өзегі тек бір: «геосаяси үстемдікті өз елінің қуаты мен ықпалын арттыруға бағындыру» деген принципке бағынады. Ал, ондай саяси амбициясы жоқ елдер, керісінше, ұтқанынан – ұтылғаны көп, тапқанынан – жоғалтқаны көп. Ал, «империялық елдер» ішкі қайшылықтарын осылай − әлсіз мемлекеттердің «көмегімен» − шешіп отырудан ешқашан бас тартпайды. «Сыртқы саясат – империялық мүдде!» Ол туралы У. Черчилль «Мен үшін тек ағылшындардың ғана мүддесі бар» деген еді. Бұл жағдай қазір де сол күйінде қалып отыр. Мысалы, коррупцияға белшесінен батқан Ресейдің өзі де, сыртқы саясатында «ұлттық мүддені» алға тартуын тоқтатқан емес. Мысалы, жақында ғана Ресейдің АҚШ-қа қарсы «парламенттік бейбіт соғыс» жариялауы осының көрінісі. Осы жерде АҚШ экономикалық киллері Джон Перкинстің «Исповедь экономического убийцы» кітабынан үзінді келтірейік:

«Біздің, американдық экономикалық киллерлердің, негізгі міндеттері – табиғи байлығы мол немесе АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар елдердің басшыларын қалайда торға түсіру болып табылады. Ол елдердің басшыларына керемет бір жобаларды ұсына отырып, бізге тәуелді банкілерден көп мөлшерде қарыз алуға көндіреміз. Осы жоба жүзеге асса – ол басқарып отырған мемлекет керемет көркейіп кетеріне сендіреміз. Егер, біздің бұл ойымыз толығымен іске аспаса, онда олардың билеушілерінің өз халқынан жасырған байлығын, заңсыз әрекеттерін анықтап, халықаралық сот арқылы құрықтауға тырысамыз. Ақыр соңында тығырыққа тірелген басшыны қомқорлыққа алатынымызды ескертіп, оны тізгіндеп ұстауға қол жеткіземіз. Соңында, ол біздің саяси, экономикалық және әскери талаптарымызды орындап отыруға мәжбүр болады. Біз бұдан екі жақ та ұтады деп санаймыз: біз – өз мүддемізді нығайтамыз, олар болса – біздің технология арқылы экономикасын біраз алға ілгерілете алады. Бірақ, ол жобаларды жүзеге асыратын біздің трансұлттық компаниялар болғандықтан, түпкілікті нәтижесінде оларға қарызға берілген капитал айналып келе, бәрібір, америкалық инжинирингтік-құрылыс компаниялары арқылы біздің мемлекеттің қоржынына түседі.

 

Қазіргі заманда біздің атышулы компанияларымыз ең ауыр жұмыстарға болмашы жалақымен өздері жұмыс істеп жатқан елдердің арзан жұмыс күшін жалдайды. Мұнай компаниялары олардың жер қойнауынан мұнайды миллион тонналап тасып жатыр. Олардың өзендері, табиғаты ластануда, өсімдіктері мен жануарларының қырылуына саналы түрде жол берілуде».

Әрине, мұны оқып шыққаннан кейін «бұл тек АҚШ-тың әрекеті» деп біржақты түйіндеуге болмас. Барлық әлемдік империялар осындай ортақ тәсілге жүгінеді. Және де, жер шарында қазба байлық қоры азайған сайын – олардың қорқаулығы қаталдана түсуде. Кенеттен бұрқ еткен соғыс өрті − қазіргі геосаяси «империялық текетірестің» нәтижесі!

Қытайдың алып елге айналуы

 

Қытайдаң демографиялық қуаты – 1млрд.300 млн. адамнан асады. Территориясы − 9560 мың шаршы км., әлемде Ресей мен Канададан кейінгі үшінші орында тұр. Геосаяси тұрғыдан орналасқан жері геосаясат орталығы болуға өте қолайлы. Бұрын «Қытай экономикасы 2050 жылы ғана бірінші орынға шығады» деп болжанған еді. Алайда, жақында ғана «ПрайсУотерхаусКуперс» халықаралық аудит компаниясы 10 ақпанда Сеул қаласында өткен конференцияда «2017 жылы Қытай өзінің экономикалық дамуы жағынан АҚШ-ты басып озады. Ол кезде Қытайдың жалпы ішкі өнімі халқының тұтыну қабілетімен қоса алғанда 20 трлн. долларға жетеді. Ал, 2030 жылы бұл көрсеткіш Қытайда – 30,6 трлн., АҚШ – 23,4 трлн., Үндістан – 13,7 трлн., ал қазіргі үшінші орында тұрған Жапондар 5,8 трлн.$-мен 4 орынға сырғиды. Қытайдың валюта қоры 91 млрд. $. Бұл жағынан, ол Жапондар мен Тайвандардан кейінгі орында тұр.

 

Таяудағы онжылдықта Қытай экономикасы жыл сайын 7% өсетін болады. Бірақ, бала тууды шектеуге байланысты, жылдар өте Қытай халқы «қарт ұлттар» қатарына қосылады. Сол кезде, яғни, шамамен 2050 ж., Қытай экономикасының қарқыны баяулай бастайды. Себебі, қазіргі арзан жұмыс күшінің арқасында әлемдегі негізгі экспорттаушы ел болып отырған Қытайда − жұмыс күші қымбаттайды.

Сондықтан, Қытай өндірісі мен тауарлары, көбіне, елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруға мәжбүр. Экспорт көлемі азайып, Қытай негізінен «ішкі модернизация» фазасына көшеді. Сол себепті, Қытай қазірден бастап өзінің артық өндірістік қуатын халқы тығыз, жұмыс күші арзан Вьетнам, Индонезия елдеріне қарай ауыстыра береді.

Шикізат қоры мол Африка елдері де Қытай назарында. Әрине, бұдан «халқының саны аз» Қазақстан тыс қалмады. Қазіргі Қазақстанда өндіріс деңгейі әлі төмен. Жұмыссыздық болса жоғарылап келеді. Бұрынғы «жұмысшы әулеті» дейтін дәстүр өндірістің жойылуымен бірге келмеске кетті. Қытай Қазақстанда ашылған шикізат өндірісіне қытайдан квотадан артық жұмысшы тартуды, қазақ жұмысшыларын теңсіз жағдайда ұстауды және т.с.с. заңға қайшы әрекеттерді «маман тапшылығы» деген сылтаумен жүзеге асыруға тырысуда. Бұл − Қазақстанның шикізат өндірісінен басқа бағытта дамуын шектеу және болашақта «қытай қалашықтары» пайда болуын көздеу саясаты. Ал, бұған «өзіндік амбициясы жоқ мемлекет» ашықтан-ашық жол береді. Қытай үшін Қазақстанның мәңгі-бақи шикізатқа тәуелді ел болып қалғаны қажет. Сондықтан, Қытайдың экономикалық экспансиясы біздің елге қатысты басқаша түрде өрбуде. Себебі, империялық «мәңгілік мүддесі» бар елдер 40-50 жылдан кейін әлемдегі қазба байлық құны шарықтап кетерін біліп отыр. Қазірден бастап, осы стратегиямен әрекет етуде. Ал, мол байлықтың үстінде отыра «қолы аузына жетпей» отырған мешеу елдер қазба байлықтарын амалсыз өткізіп беруде. Бірақ, әділетке жүгінсек − осы күйге түскен Африка елдері қатарында Қазақстан тұрмау керек. Себебі, осыдан 20-25 жыл бұрын Қазақстанда табиғи қуат жағынан, халқының сауаттылығы жағынан Қытаймен тең дәрежеде бола алатындай әлеует бар болатын! Тәуелсіздік бізге сол әлеуетті одан әрі дамытуға мүмкіндік берді.

 

Алып елге айналуға бет бұрған Қытайдың сыртқы саясаты мынадай принциптерге негізделеді: Бірінші, жаһанданудан туындайтын залалдың алдын алып отыру; екінші, сырттан төнетін экономикалық және саяси қауіп-қатерді болдырмау; үшінші, ішкі саяси жағдайдан туатын қауіп-қатерді реттеу; төртінші, әлеуметтік-экономикалық қатерлерді − яғни, адам санының өсуі, жұмыссыздық, денсаулық, оқу-білім және т.т. шешу; бесінші, Қытай идеологиясына төнер қауіпті болдырмау; алтыншы, Қытайдың экономикасының халықаралық бәсекелестікке төтеп беру мүмкіндігін және оның инвестициялық мүмкіндігін дұрыс бағалау, іске асыру; жетінші, басқа елдердегі Қытайға қарсы пікірді ескеру, оның алдын алу; сегізінші, экономикалық дағдарыс кезінде Қытайға тиер зардаптың алдын алу.

 

Енді, осы аталғандарды талдайтын болсақ, шынында да, дәл бүгін Қытайға АҚШ, Ресей, ЕуроОдақ, Жапония тарапынан тікелей төніп тұрған қатер жоқ. Қытай одан қауіптенбейді. Бірақ, ол мына мәселені ескеруге мәжбүр: Бірінші, Қытайдың «ЕуроОдақ – АҚШ – Оңтүстік Корея – Жапон Одақтастығы» секілді сенімді Одақтасы жоқ. Екінші, ол елдер тарапынан, әсіресе, соңғы кезде Ресей тарапынан бәсекелестік арта бастады. Үшінші, ең маңыздысы – «Қытайдың әлемдік экономикадағы табысы Қытайдың коммунистік идеологиясына қауіп төндірмей ме?» деген алаңдаушылық. Бірақ, соған қарамастан, Қытай қашанда әлемдік экономиканың белді буыны болып қала береді. Оның үстіне, Қытай әлемдік экономикаға интеграцияланған сайын, ол ондағы басқа ойыншыларға қауіп төндіруші күшке айналады. Сөйтіп, олар өз тарапынан Қытайға қарсы бәсекелестік күресті күшейте түседі. Яғни, бұл бәсекелес елдер Қытайды өз әріптесі деп ешқашанда санамақ емес. Қытай барлық уақытта оларға бөтен болып қала бермек. Тіптен, шекаралас Ресей мен Ортаазиялық мемлекеттер де Қытайды «өзім» деп қабылдай алмады. Олар да Қытаймен әрбір қадамын аңдып басуда. Реті келсе өзара қатынаста қолданбайтын қысым түрін Қытайға қолдануға мүмкіншіліктері бар. Осылай, пешенесіне «мәңгілік жалғыздық» жазылған Қытай, ішкі тұрақтылығы сыртқы күштерге тәуелді бола түскенін біліп отыр. Сол себепті, ол оны қалайда, тіптен, репрессиялық жолмен де реттеп отыруға мәжбүр, Бұл факторлардың бәрі Қытайдың дамуын тежеуші факторлар. Осыны ескере келе, Қытай қазіргі авторитарлық социалистік демократиядан батыс үлгісіне жақын «нарықтық демократияға» көше бастайды десе болады. Бірақ, ол Қытайдағы жетекші коммунистік партияға бәсекелес саяси күшті өмірге келтіруі мүмкін. Ендеше, бұл да Коммунистік партия үшін көп ойланарлық шаруа!

 

Қытай коррупцияға қарсы қатал күресіп жатқан ел. Бірақ, елде «нарықтық демократияның» пайда болуы ірі капиталдың билікке келуін жеделдетуде. Ал, билікке капитал келгеннен кейін, социалистік не нарықтық демократияның орнына «коррупцияланған авторитаризм» немесе «коррупцияланған диктатура» билікке келуі ғажап емес. Ондай билік келсе 1 млрд 300 млн халқы бар алып мемлекет әлеуметтік апатқа (жарылысқа) әкелуі мүмкін. Ондай «жарылыс» осы жағдайды (коррупцияланған авторитаризм) бастан кешіп жатқан, бірқатар жақын көршілер − Солтүстік Корея мен Орта Азия Республикаларына оңай тимейді. Әлем де одан қауіптенуде.

 

 

 

Түйін

 

«Қазақстанда ірі мұнай кеніштерін алған Қытай компаниялары Заң бұзуға жол береді. Себебі, оларға коррупцияланған шенеуніктермен тіл табысу қиын емес деген күдік бар. Мысалы, өткен жылы Елбасы мұнайшыларының талабын дұрыс деді. Бірақ, Елбасының мұнайшыларға берген бағасына дейін, бір жылдан астам уақыт бойы, жергілікті билік тек шетелдік компанияның «намысын жыртып» келді. Яғни, бұл Қытай кәсіпкерлері мен шенеуніктері өз елдерінде ешқашан жасай алмайтын коррупциялық әрекеттерін («пара» – «ауыз майлау», т.т.) ешкімнен жасқанбай бара аларын көрсетті (шенеуніктің «аузы майланбаса», несіне қытайдың сөзін сөйлейді?). Оның үстіне, бұл «Қытай өзге елдердегі стратегиялық маңызды қазба байлықты өзіне қарату жолында барлық астыртын амал-тәсілдерді қолданудан, қажет болса − сол елдегі коррупциялық ахуалды да кеңінен қолданудан бас тартпайды» деген қорытындыға жетелейді. Осыдан абай болайық!

 

 

 

Алдыңғы «
Келесі »