Ұлттық идеология және рушылдық

  • 29.03.2013
  • 1596 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қамбар Атабаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

Бүгінгі қазақ қоғамының алдында тұрған өзекті де маңызды мәселелердің бірі – ұлттық идеология мен рушылдық мәселесі. Ұлтты ұйыстырар идеологияның жоқтығы мен оның қажеттілігі қаншалықты айқын болса, рушылдықтың бар екендігі және оның жойылуға тиіс екендігі де соншалықты айқын тәрізді. Дегенмен, ең қауіптісі, жүйелі ұлттық идеологияның болмауы нәтижесінде, бір ұлттың ішінде бірін бірі түсінуден қалған бірнеше әлеуметтік топтардың пайда болып, қазақтың біртұтас ұлт ретінде жойылу қаупінің айқын көріне бастауы. Мұндай қоғамдық құбылыс туралы Ақселеу Сейдімбек өзінің іргелі (классикалық деп айтсақ та артық болмайды Қ.А.) туындысы «Қазақтың ауызша тарихында»: «Әрбір этножаралым жадының біртұтастығы қожырай бастағанда, оның этнотөлтумалығы да дүбәралана бастайды. Ал, этнос мүлде өлімге бойсұнғанда, сол этнос аясында бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнеше әлеуметтік топтар пайда болады… Нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің сыналар жері де осы болса керек» дейді [1.46-47 бб.].

Бүгінгі қазақ қоғамында ұлттың этнотөлтумалығының дүбәраланып, этнос аясында бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнше әлеуметтік топтардың пайда болғандығы өмір шындығы. Олай болса, нағыз ұлтшылдық пен мемлекетшілдіктің сыналар сәті туды. Тәуелсіздік алып, мемлекет құрып отырған қазақ халқы, дәл сол тәуелсіздік жылдары өзі құрған мемлекеттік деңгейде саналы да, мақсатты, жүйелі де тиімді жүргізілген ұлттық идеология арқылы өзінің ұлттық санасын қалыптастырып, ұлтты ұлықтаудың, ұлттық құндылықтыры мен ұлттық мүддені қорғаудың нәтижесінде, өзінің байрығы қазақтық болмысына жақындаудың орнына, одан әрі ұлтсыздануда.

Ал, ұлтсызданудың не екені туралы «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Құлтас Достан өзінің «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Ұлтсыздану – ұлтты бір-біріне қарама-қарсы, ымыраға келмейтін жікке қақ бөледі. Өз ұлтының тамырынан ажыраған бейбақтар пиғыл-ниетімен, тілімен, күнделікті өмір тұрмысымен, жүріс-тұрысымен, қылықтарымен оқшауланып, туған ұлтының мәдениетіне, дәстүріне, жатжұрттың, бөтен елдің түсінігімен қарап, көзге шыққан сүйелдей көрінеді» дейді [2]. Сонымен қатар, Құлтас Достан біздегі ұлтсызданудың бүгінгі күнгі қайнар көзін де көрсетіп берді. Ол: «Біздің қазіргі билікті «қазақшыл» деуге мүлдем келмейді. Жалпы, Ұлтсызданудың басшылықтан, әкімшіліктен бастау алып, олардың отбасылары, туған-туыс, көрші-қолаң, атқосшылары арқылы жалпақ жұртқа «жұқпалы сырқаттай» тарайтындығын жоққа шығаруға болмайды. Сосын, ұрпақ алмасқан сайын жат болмыс, бөтен тіл, бөгде мәдениет күшейіп, өз ұлтының тілі мен ділі, салт-дәстүрі әлсіреп, жойыла бастайды» дейді [2]. Өкінішке орай, бізде ұлтсыздану үдерісінің аса тез қарқынмен жүріп жатқандығы да, оған биліктегілердің, олардың айналасындағылардың, бизнестегілердің мұрындық болып отырғандары да рас. «Бөтен тіл, бөгде мәдениеттің күшейіп, өз ұлтымыздың тілі мен ділі, салт-дәстүрі әлсіреп, жойыла бастауы» қазақты ұлттық қауымдастық ретінде сақтап отырған ең соңғы тірек – ұлттық рухтың әлсіреп, жойыла бастауына алып келері анық. Ал, ұлттық рухтың жойылуы – қазақтың ұлт ретінде біржола жойылуы деген сөз. Егер, бұдан тура 100 жыл бұрын, дәлірек айтсақ 1913 жылдың 10 ақпанында Ахмет Байтұрсынов: «Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп ұйқымызды бұзатын нәрсе» десе [3], бүгінгі аға ұрпақтың өкілі ретінде «Қазақ жастарына хат» деген кітап жазған Роллан Сейсенбаев: «Енді бір жиырма-жиырма бес жылда қазақ арасынан біз келмеске кетеміз. Жастарға ақиқатты ашып айтпасақ, қара жердің қойнында біз тыныш жата алмаспыз. Кейінгі жас біз сияқты Рухқа сыйынуды, намыстың отын сөндірмеуді жадыларында ұстай ала ма, жоқ па?… – деген түйіткүл сұрақтар жан жейтіні рас.

Қазақтың тәнін де сақтай алмай, жанын да сақтай алмай, жерін де сақтай алмай, құрып кетсек не болғанымыз? Соны ойласаң, төбе шашың тік тұрып, ұйқыңнан терге малшынып шошып оянып алып, қайтып ұйықтай алмай аласұрасың»

дейді [4]. Бұл, бұдан бір ғасыр бұрын айқын көріне бастаған қазақтың өз алдына ұлт болып, өз даралығын сақтаған ұлт ретінде жойылу қаупінің бүгін де сейілмегенін көрсетеді. Тәуелсіздік алдық деп қуанышы қойнына симаған ұлттың басына ондай қауіп төнбеген болса, шартарапты шарлап жүрген Р. Сейсенбаев соншалықты таусылып, жазбаған болар еді.

Ұлттық рухтың әлсіреп жойыла бастауына Қазақстанның тарих ғылымы да, Қазақстан тарихшылары да өз үлестерін қосуда. Олай дейтініміз, тарихымыз бұрын, яғни, Кеңестік кезеңде қалай жазылса, аздаған өзгерістермен бүгін де солай жазылуда.

Мысалы, ұлттық идеологияның негізгі өзегі, ұлттық сананың қалыптасып, ұлттың өзін-өзі тануына тікелей әсер ететін және жастарға отан сүйгіштік тәрбие берудің қайнар көзі болып табылатын тарихтың өзі, күні бүгінге дейін ұлт тарихы ретінде «Қазақ тарихы» деп емес, кеше ғана құрылған мемлекеттің атымен «Қазақстан тарихы» деп жазылып та, оқытылып та келеді. Мұндай бет-бейнесі жоқ тарихты оқытудың қандай нәтиже бергендігі туралы Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген» дей келе, Қазақстан тарихы пәніне: «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән» деген баға берді [5]. Ал, тарихын жоғалтқан ұлттың өзінің де жоғалуға жақын тұратындығы туралы Алаш көсемдері: «Бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деп, бұдан тура жүз жыл бұрын ескерткен еді [6]. Патша өкіметі қазақтың жерін алды, бірақ, қанша әрекеттенгенмен қазақтың рухын ала алған жоқ. Кеңестік қызыл империя қазақты қынадай қырып, бірнеше рет бетке шығар қаймағын сылып алды, бірақ ұлттың рухын өлтіре алмады. Оның айқын дәлелі «Желтоқсан». Ол қазақтың ұлттық рухының өлмегендігін бүкіл әлемге паш етті. Ал, енді келіп, тәуелсіздік кезінде ұлттық рухтан айырылу қаупінің пайда болуы, ұлттық идеологияның қалыптаспауының тікелей салдары. Белгілі ғалым Ислам Жеменей: «Ұлт – адамзаттың пайда болуынан бастап, тіршілік етіп келе жатқан бүгінге дейінгі тарихында өз құқын қорғау мақсатында жасалған ең кемел қауымдастық» деп, ұлттық қауымдастықтың маңызын айта келе, ұлттық идеологияның қажеттігі туралы: «Ұлттық идеология ауадай қажет. Ұлттық идеология ұлттық сананың оянуына, дамуына, сондай-ақ, жаппай халық арасында тұрақты түрде қалыптасуына негіз болады. Оның нәтижесінде қарапайым халықтың да, зиялы қауымның да саяси санасы ұлттық мүддені және мемлекеттік мүддені ұға алатындай деңгейге өсіп жетіледі. Қазақ халқының саяси оянуы, яғни өз пайдасын түсінуі Қазақстанның көптеген ұлт өкілдеріне де игі әсерін тигізеді» дейді [15]. Демек, тәуелсіз қазақ халқын біріктірер, ұлтты ұйыстырар, ұлттық қауымдастықты сақтар идеологияны қалыптастыру бүгінде ең маңызды мәселелердің бірі болуы тиіс.

Ал, егер, рушылдық туралы айтар болсақ, біріншіден, ол бүгінгі қазақ қоғамында бар шындық. Өз тілін білмейтін қазақ көп болса да, өз руын білмейтін қазақ жоқ деуге болады. Тіптен, бір тырнағына дейін мәңгүрттеніп кеткен қазақ болмаса, олардың бәрі де жеті атасын жатқа айтпағанымен, өзінің қай рудан екендігін айта алады. Басқаша айтсақ, рушылдық – де- факто. Ал, ғылымның ең басты қағидасы – объективті шындықтан шығу. Екіншіден, рушылдықты айыптамаған қазақ жоқ десек те болады. Бәріміз де рушылдық жойылуы керек деп ұрандаймыз. Ал, енді сырттай қарағанда бір-бірімен қарама-қайшы осы екі ұғымға тереңірек үңілер болсақ, онда олардың бірі мен бірі тығыз байланысты, бірінен бірі туындайтын мәселелер екендігіне көз жеткізу қиын емес. Атап айтқанда, бәріміз жабыла жоймақ болып жүрген қазақ қоғамындағы рушылдық – ұлттық идеологияны қалыптастыруға алып келетін басты факторлардың бірі болса, өз кезегінде, ұлттық идеология рушылдықты бөлінушілік емес, біріктірушілік мақсатта, танымдық мақсатта пайдаланып, ұлттық сананы қалыптастыратын, қазақтардың руы бөлек болғаны мен тамыры бір, мақсат-мүддесі ортақ, бір атадан тараған қарға тамырлы қазақ екендігіне көздерін жеткізуге мүмкіндік беретін рухани құрал.

Мұндай ұлтты ұйыстырар қуатты рухани құрал – ұлттық идеологияны күні бүгінге дейін ұлт мүддесіне сай пайдалана білмеуіміз, біздің ең басты кемшілігіміз. Оның үстіне, бізге ұлттық идеологияны ойлап табудың қажеті жоқ. Бізде ұлттық идеологияның берік қаланған ірге тасы да, дайын қабырғасы да (контуры), әр түрлі жобалары да бар. Ұлттық идеологияның ірге тасын қалаған Ұлы Абай, ақын Абай, хәкім Абай болса, қабырғасын тұрғызған Алаш ардагерлері. Ал, оның тәуелсіз ұлттың талабына, уақыт сұранысы мен ұлт болашағына сай заманауи жобасын ұсынып отырған бүгінгі қоғамтанушы қазақ ғалымдары. Егер, Абай, ауруға ота жасап адам ағзасындағы дерттің бар себебін алақандағыдай ашып көрсете білген оташыдай, өз туындыларында ащы да болса бар шындықты тура айтып, туған халқы қазағының бойындағы бар дертін ашып көрсетіп берсе, Алаш ардагерлері өз еңбектері мен мемлекет құруға негізделген бағдарламалық құжаттарында ұлттық идеологияның бағыт-бағдарлары мен мақсат-міндеттерін айқындады. Ал, замандастарымыз А. Сейдімбек, А. Айталы, Ғ. Есім, М. Жолдасбеков, Қ. Салғара, Ә. Ғали, Х. Әбжанов, Қ. Достан, Т. Әбдікәкімұлы, И. Жеменей, Ж. Әкім т. б. өз еңбектерінде ұлттық идея мен ұлттық идеология туралы өз ойларын айтып, жобаларын ұсынды. Дерттің себебін дәл анықтап алмай, оны емдеудің мүмкін еместігі сияқты, ұлттың шынайы бітім-болмысын дәл анықтап алмай, оның идеологиясын қалыптастыру да мүмкін емес. Ал, қазақтың бітім-болмысын Абайдай дәл бейнелеген адам жоқ. Сондықтан да, кезінде Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов Абай сөздерінің қазақ үшін қаншалықты маңызды екендігі туралы: «Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер» дей келе, «Абайды қолымыздан келгенше қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз» десе [7] , Міржақып Дулатов қазақтың өз шыққан тегін, яғни, руын білмеуі, Абайды білмеуі ұлт ретінде жойылуға алып келуі мүмкін екендігі туралы: «Қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан, Абайдың аты жоғалуы…қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей…қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» дейді [8]. Ал, Абайдың тұңғыш жинағы 1909 жылы Әлихан Бөкейхановтың тікелей араласуымен жарық көргендігі белгілі.

Бұл, Алаш көсемдерінің қазақтың келешегі, қазақтың тағдыры Абаймен байланысты екендігін терең түсінгендіктерінің айқын дәлелі. Демек, Абайдың «дүнияда қалған сөздерін» бойына терең сіңіргенде ғана қазақтың басына бақ қонбақ. Ұлттық идеология ең алдымен осы бағытта жүргізілуі тиіс. Өйткені, бүгінгі қазақты Абай заманындағы дертінен толық айығып кете қойды деп айту қиын. Демек, ұлттық идеологияны қалыптастырудың ең басты алғышарты, ұлтты ғасырлар бойы меңдеген аурудан сауықтыру. Оның бірден бір жолы Абайдың әр бір қазақтың тілінде емес, көкірегінде орын алуы. Демек, ұлттық идеологияның басты бағыттарының бірі – Абай сөздерін ұлт бойына, әсіресе, жас ұрпақ бойына терең сіңіруі болмақ. Егер, күні бүгінге дейін Абайдың бұдан жүздеген жылдар бұрын негізін қалаған ұлттық идеологияны халқымыз одан әрі дамытып, өз мүддесіне сай пайдалана алмай жүрсе, оған Абай кінәлі емес. Оған, біріншіден, мүмкіндік бермеген уақыт кінәлі. Екіншіден, әлі күнге дейін Абайды жатқа айтудан аса алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Ал, өз ұлты – қазағын бодандықтан құтқармақ мақсатында бағдарлама қабылдап, Алаш-Орда үкіметін құрған Алаш зиялыларының тағдырының немен аяқталғандығы белгілі. Олардың бәрі дерлік ұлт-азаттығы жолында құрбан болды. Дегенмен, арттарында ұлты қалды, ұлттық идеялары қалды, сол ұлттың идеологиясына негіз болар мол мұралары қалды.

Ерте ме, кеш пе, негізін Абай қалап, іргесін Алаш зиялылары көтерген ұлттық идеологияның уақыт талабына сай қалыптасары да, оның ұлт мүддесіне қызмет етері де анық. Ол заңдылық. Оның объективті негізі қазақтың ұлт ретінде сақталып, мемлекет құрушы ұлт ретінде ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басында тарих сахнасына шығуы. Егер, Қазақстан Республикасы атты мемлекет құрушы ұлт қазақ ұлты болса, сол ұлтты құрап отырған негізінен қазақ рулары. Демек, ұлттық идеологияны қалыптастырудың басты жолдарының бірі, ру-тайпа тарихы мен сол рулардан туындайтын рушылдықты жан-жақты зерттеп, тани білу және оны ұлт мүддесіне сай пайдалана білу. Дәлірек айтқанда, ұлттық идеологияның қалыптасуы рушылдықтың шынайы мән-мағынасын ашып көрсетіп, оны дұрыс пайдалана білумен тікелей байланысты. Біріншіден, рушылдық біздердің, яғни, субъекттердің еркі мен қалауынан тыс өмір сүріп отырған объективті қоғамдық құбылыс. Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба ол бұрын да болған, бүгін де бар, келешекте де болады. Өйткені, оның объективті негізі бар. Рушылдықтың өмір сүруінің объективті негізі – қазақ қоғамында рулардың, рулық қатынастардың сақталуы. Әр түрлі объективті себептерге байланысты, көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтына негізделген ру-тайпалық жүйе жойылып, дәстүрлі рулық-тайпалық қатынастар түбегейлі өзгерістерге ұшырағанымен, рулар сақталынды. Олар бар. Көз жетер келешекте де болады. Демек, ру аралық қандық-туысқандық қатнастар бар және болады да. Олай болса, рушылдық та бар, болады да.

Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, қаншама атып, асса да, аштан қынадай қырса да ұлт ретінде сақталынып, мемлекет құрушы ұлт ретінде әлем халықтары арасынан өз орнын алып отырған бүгінгі қазақ ұлтын құраушы сол рулар. Бұл да объективті шындық. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Олай болса, қоғам мүшелері рушылдықпен күресулері емес, керісінше, оны объективті шындық ретінде мойындап, зерттей білулері, тани білулері керек. Оның бірден бір жолы рушылдық тарихын, оның бүгінгі қазақ қоғамындағы реальды жағдайы мен орнын зерттеп, келешегін анықтау. Ал, енді, бұл Қазақстан қоғамдық ғылымдарының, Қазақстан қоғамтанушыларының, бірінші кезекте, қазақ қоғамтанушы ғалымдарының тікелей міндеті.

Бұл бағытта жасалар алғашқы нақты қадам – «рушылдықтың» термин ретіндегі мән-мағынасы мен мазмұнын анықтау болуы тиіс. Себебі, қандай да болмасын ғылыми зерттеу жұмыстары ұғымдар мен терминдерді өз мағынасында дәл және дұрыс қолдана білуден басталады. Әр түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты, қоғам дамуы барысында ұғымдар мен терминдердің мән-мағынасы өзгеріп, әр түрлі тарихи кезеңдерде әр түрлі мазмұнға ие болады. Яғни, ұғымдар және оларға сай терминдер трансформацияланады. Бұл, әсіресе, үнемі дамуда, үнемі өзгерістерде болып отыратын қоғамдық қатынастарға тән құбылыс. Сондықтан да, ұғымдар мен терминдерді тарихилық принципіне сай, уақыт тінінде қолдана білу, пайдалана білу ғылымның басты талаптарының бірі. Егер, ғылымның осы бір қарапайым ғана талабынан шығар болсақ, онда қазақ тарихының әр түрлі кезеңдерінде «рушылдық» терминінің ұғым ретінде әр түрлі мағынаға ие болып, әр түрлі мақсатта қолданылғандығын көруге болады.

Егер, нақты бүгінгі қазақ қоғамы туралы айтар болсақ, онда бізде «рушылық» бар да, «рушылдық» бар. Дәлірек айтқанда, қоғамды іштен ірітер рушылық бар да, қоғамды біріктірер, ұлтты ұйыстырар рушылдық бар.

Мысалы, рушылық – рулық шектеушілікке, рулық жікшілдікке, жасырын түрде болса да рулық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қойып, ұлттың ұйысуына кедергі болып отырса, рушылдық – қазақтың әр бір отбасына, оның әр бір мүшесіне өз руын, яғни, өзінің шыққан тегін білу арқылы тарихи санасының қалыптасуына ықпал етіп отыр. Сондықтан да, бір жағынан, бәріміз де рушылықты айыптаймыз. БАҚ арқылы бір-бірімізді рушылықпен күресуге шақырамыз. Екінші жағынан, бәрімізде балаларымызға, немерелерімізге жеті атасын жаттатқызып, өз руымыз туралы айтамыз. Том-том етіп өз руларымыздың шежіресін жариялаймыз.

Неге? Неге, бәріміз бірдей рушылдықты соншалықты қатерлі құбылыс ретінде көрсетіп, одан безінуге шақырамыз? Сөйте тұра, неге әр қайсымыз өз руымызды білуге, қолымыздан келгенше дәріптеуге әрекеттенеміз? Мысалы, бүгінгі күні қазақта өз шежіресін жарияламаған ру жоқ деп айтуға болады. Тек жариялап қана қоймай, бәріміз де ата-бабаларымызды шетінен батыр, шетінен данагөй етіп көрсеткіміз келеді. Міне, дәл осы факты, яғни, бүгінгі күннің өмір шындығы «рушылық» пен «рушылдықтың» ұғым ретінде бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі мағынасының барлығының айқын дәлелі. Демек, бір жағынан, рушылық – бір қазақты ру-руға бөліп, бірі-біріне қарама қарсы қоятын, алауыздықтың, жікшілдіктің қайнар көзі ретінде жойылуға тиісті негативті ұғым болса, екінші жағынан, рушылдық – әр бір қоғам мүшесінің өзін-өзі тануына, өз тегін, өз тарихын білуіне көмектесетін, сол арқылы тарихи санасының қалыптасуына, қазақтың тегі бір, тарихы бір, тағдыры ортақ ұлт екендігін сезінуге мүмкіндік беретін позетивті ұғым. Дәл осы ұғымдар ҚР Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында» да атап көрсетілді. Мысалы, Н. Ә. Назарбаев рушылықты негативтік ұғым ретінде: «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» десе, әр бір қазақтың өз руын білу арқылы, өз тегін, тарихын тануға бағытталған шежіре, яғни, рушылдық туралы: «Шежіре – бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым» дейді [9].

Елбасының «рушылық» пен «рушылдықтың» бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі ұғым екендігі туралы айтуы, біз көтеріп отырған мәселенің аса үлкен стратегиялық мәні бар мәселе екендігін дәлелдейді. Егер, ол соншалықты маңызды мәселе болмаса, стратегиялық құжатқа енбес еді. Өкінішке орай, рушылықтың бүлдірушілік функциясының ұзақ жылдарға созылып, санаға терең сіңгендігі соншалықты, рушылдықтың танымдық, жасампаздық функциясы туралы ойлауға да, айтуға да қорқатындай жағдайға жеттік. Марксистердің тілімен айтсақ, «кір суды төгеміз деп, баланы қоса лақтырып жіберуге» де дайынбыз.

Әңгіме терминнің өзінде емес, оның мағынасында. Мысалы, «Рушылдық» сияқты «Ұлтшылдық» деген терминнен де әбден зәрезәп болып қалған басымыз, бүгінде өз ұлтын шексіз сүюшілікті, өзінің бастапқы мағынасында «ұлтшылдық» демей, сипақтатып «ұлтжандылық» деп жүрміз. Ал, кезінде «Ұлтшыл азамат» деген атау Алашордашылар үшін ең құрметті атақ болған. Мысалы, 1917 жылдың жазы мен күзінде 1918 жылдың 5 қаңтарында большевиктер қуып таратқан Құрылтайға сайлау кезінде, депутаттыққа кандидаттардың ең басты көрсеткіші, дәл сол «ұлтшыл азамат» деген атақ болған.

«Ұлтшылдық»

ұлт тағдырымен біте қайнасқан әр бір қазақ үшін емес, пролетарлық интернационализм нагізінде жалпыға бірдей ұжымақ, яғни, коммунистік қоғам орнату сияқты сандырақ идеяны басшылыққа алған большевиктер партиясы үшін қауіпті болды. Сондықтан да, олар Алаш зиялыларын «халық жаулары» деп айыптап, «ұлтшылдар» ретінде көздерін жойды. Ал, біз болсақ әлі күнге дейін өз ұлтын шексіз сүйіп, өз ұлтына қалтқысыз қызмет еткен ұлтшыл азаматты «ұлтшыл» деп айта алмай жүрміз. «Шынайы ұлтшылдық – туған жұртына деген шексіз махаббатқа, ақыл-ойға, берік патриотизмге, парасат-пайымға, ертеңге деген нық сенімге, келісім мен рахымға негізделіп, дүниеден оқшаулануға да қарсы тұрады» дейді, Құлтас Достан өзінің «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Сол сияқты «рушылдықтың» да танымдық, біріктірушілік әлеуетінің де бар екендігін, ұлт болашағын көздеген «ұлтшылдықтың» «рушылдықтан» өрбитіндігін ескергіміз келмейді.

Өзін силамаған, өзінің шыққан тегін, руын силамаған, сүймеген, яғни рушыл болмаған адам, еш уақытта ұлтын сыйламайды да, сүймейді де, ендеше, ұлтшыл бола алмайды. Сондықтан да, бізде айтылып жүрген ұлтыңды сүй, ұлтжанды бол, мемлекетшіл бол, бірақ, рушыл болма деген пікір түбірімен қате пікір. Өйткені, біздер, яғни, қазақтар үшін ұлтшылдықтың түбірі рушылдықта жатыр. Тек, рулық таным арқылы ғана ұлттық деңгейге көтерілуге болады. Адам ұлтын сүю үшін алдымен өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білу керек. Өз руын силай отырып, өзінің шыққан тегін мақтан ете отырып, ұлттың қамын жеп, болашағын ойлаған, ұлт мүддесі деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтар бізде бұрын да болған, бүгін де бар. Оған еш қиындықсыз ондаған, жүздеген мысалдар келтіруге болады. Ал, рулық деңгеймен шектелу, яғни, рулық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қою, сөздің ең жағымсыз, құбыжық мағынасындағы рушылыққа алып келері анық. Иә, рушылықтың қазақ қоғамына орны толмас қайғы-қасірет әкеліп, аса үлкен зиян келтіргені де, келтіріп отырғандығы да рас. Ары бармай-ақ, тек Қазақ хандығынан бергі дәуірді алып қарағанның өзінде де, рушылықтың талай қасіреттің қайнар көзі болғандығы тарихтан белгілі. Қазақтың қанына біткен шектеулі рушылығын, әсіресе, оның жаулары өз мүдделеріне сай пайдалана білді. Мысалы, «Ақтабан шұбырындының» бір себебі, сол рушылық, жүзшілік болғандығы баршаға аян шындық. Ал, патша үкіметі болса қазақтың рушылығын қазаққа қарсы пайдалана білудің «тамаша» үлгісін көрсетті. «Бөліп таста да, билей бер» деген империялық саясатты басшылыққа алған патша үкіметі, қазақ даласына болыстық билік жүйесін енгізіп, аш иттерге сүйек тастап таластырғандай, қазақтарды болыстық үшін ру руға бөліп, бір бірімен таластырып қойды.

Өз руынан шыққан адамды болыс етіп сайлаудан басқа мақсат жоқтай қазақтар үш жылда бір рет ала шапқын болып, бір бірінің жағасына жармасты. Жеңгені масайрап, жеңілгені барын салып келесі болыс сайлауына дайындалды. Болыс сайлауынан туындаған алауыздықты кезінде Абай да, Алаш зиялылары да сынға алды. Рушылдықты рушыл ретінде барынша құбыжық етіп көрсету большевиктер бастаған Кеңес өкіметі жылдары кең өріс алды.

Рушылдықтың бір жақты, тек негативті құбылыс ретінде қабылдануына тәуелсіздік жылдарында әртүрлі мақсатта және әр түрлі деңгейде ру-руға бөлінушілік фактілері де өз әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жергілікті жерлерден бастап, мемлекеттік деңгейге дейінгі кейбір билік иелерінің өз руластарына бөле тартулары рушылдыққа деген көзқарастың сыңаржақты қалыптасып, одан әрі тереңдей түсуіне ықпал етіп отырғандығы жасырын емес. Әбдірәшит Бәкірұлының айтуынша: «Рушылдық сезімді жасампаздыққа қарай бұрудың орнына, оны абыройсыз істерге бұрдық. Билікке таласқандардың қол шоқпарына айналуына ашықтан-ашық жол бердік»

[13]. Нәтижесінде рушылдық ұлттық қауіпсіздікке қатер туғызып отырған фактор ретінде де айтыла бастады. Десекте, рушылдықпен сөз жүзінде болса да күресе отырып, әр бір қазақтың міндетті түрде жеті атасын білуі қажеттігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Біріншіден, «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген, жеті жұрттың қамын жейді» деген қазақтың байырғы мақалдары бүгін де өз мағынасын жойған жоқ. Екіншіден, жеті атаға дейін қыз алыспаудың қан тазалығының сақталуына ықпал етіп отырған маңызды генеалогиялық фактор екендігі ғылыми негізде толығымен дәлелденген. Сондықтан да, әр бір отбасына тән қазақтың қандас-туысқандық қатынасы дәл сол жеті атаға негізделген. Демек, рушылдық өзінің позитивті мағынасындағы функцияларының бірін күні бүгінге дейін атқарып келеді. Ал, жеті атаны білу рушылдық емес пе? Өз руыңды, яғни, шыққан тегіңді білмей жеті атаңды қалай білмексің? Жоқ, әлде, кейбіреулер айтып жүргендей, жеті атаңды білсең болды ар жағының керегі жоқ демекпіз бе? Олай болмайды. Ешкімнің де жетінші атасы аспаннан түскен жоқ. Жетінші атаның да өз жеті атасы, яғни, шыққан тегі бар. Оны да білуің керек. Оны білу деген сөз, өз тегіңді, өз руыңның тарихын білу деген сөз. Ал, енді ол рушылдық емей не?

Демек, рушылдықтан әзірге қашсаң да құтыла алмайсың. Сондықтан да, мүмкіндігінше оның негативті салдарын азайтып, позитивті әлеуетін арттыруға күш жұмсау керек. Оны тек ұлттық идеология арқылы ғана іске асыруға болады.

Рушылдық, яғни, өз тегін, тарихын білу қан тазалығын сақтаумен қатар кезінде қазақ халқын біртұтас этножаралымға (этноорганизмге) айналуына да әсер етті. Ол туралы Ақселеу Сейдімбек: «Сөз жоқ, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрлі қазақ қоғамындағы туысқандық байланыстар аясының мейлінше кеңеюіне бірден-бір себепші болған. Нәтижесінде, дәстүрлі қазақ қоғамының кез келген қазағы келесі бір кез келген қазақпен туысқандық байланысының бар екендігін жақсы білген. Сондықтан да, әр бір қазақ өз елінің кез келген шалғайында өзін еркін сезініп, кез келген үйден өзінің туысқанын табатынына кәміл сенген…Мұндай аса күрделі қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас шежірелік ақпарат арқылы ұлттың ұлы бірлік идеясы ретінде тұтас этностың жадына айналған» деп, Орта жүздегі исі найман атаулының Ұлы жүзді, арғынның Кіші жүзді нағашы жұртым деп білгенін нақты деректермен дәлелдеген [3.174-175 бб].

Большевиктер партиясы басқарған Кеңес өкіметінің қазақ халқына қарсы жүргізген қанқұйлы саясатының салдарында дәстүрлі қазақ қоғамы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Ру-тайпа аралық, жүздер аралық туысқандық қарым-қатынастар ұмыт болды. Десекте, рушылдыққа негізделген отбасы аралық, әулет аралық қандық-туысқандық қатынастар сақталынды. Мысалы, мен, Ұлы жүздің үйсін тайпасынан тарайтын ошақты руынанмын, әйелім Орта жүздің найманы. Демек, наймандар менің қайын жұртым болса, балаларымның нағашы жұрты. Кіші қызым Орта жүздің арғынына тұрмысқа шыққан. Демек, менің жиен-немерелерім арғындар. Ал, туған қарындасым Кіші жүздің тамасына барған. Демек, тамалар менің мыңжылдық құдаларым. Осылай, бір ғана шағын отбасы Үш жүзбен де қандық-туысқандық, жекжаттық қатынаста. Ендеше, біріншіден, мен рушыл болып бөлінгім келсе де бөліне алмаймын. Кімге қарсы бөлінбекпін? Балаларымның бір жұрты наймандарға қарсы бөлінемін бе? Жоқ, әлде, жиен-немерелерім арғындарға қарсы бөлінемін бе? Немесе құдай қосқан құдаларым Кіші жүздің тамаларына қарсы бөлінемін бе? Әрине, бөліне алмаймын. Өйткені, тағдырдың өзі мені қазақтың Үш жүзімен де бірлікте болуға жазған. Екіншіден, мен міндетті түрде рушыл болуым керек. Өйткені, мен алдымен, өзімнің қайдан шыққанымды, кімдерден өрбігендігімді, яғни қай рудан екенімді білуге тиіспін. Оны маған ес біле бастағаннан әкем үйретті. Содан кейін, мен өзімнің ет-жақындарымның кімдер екендігін, олардың қазақтың қай руынан шыққандығын, тектерінің қандай екендігін, кімдердің ұрпақтары екендігін білуге тиіспін. Балаларым мен немерелерімнің тегін білмейтін тексіз болып өспеуіне ең алдымен мен жауаптымын. Ол үшін мен қазақтың ру-тайпалар тарихын, қазақ тарихын жақсы білуге тиіспін. Сонда ғана мен ұрпағымның қарға тамырлы қазақтың бірі екендеріне көздерін жеткізіп, олардың бүкіл қазақпен бірлікте болуға тәрбиелей аламын.

Бұл, тек менің ғана емес, бүгінгі қазақ отбасыларының көбіне тән құбылыс. Демек, дәстүрлі қазақ қоғамы өзгергенімен, туысқандық жүйе сақталынды. Ол өзінің біріктірушілік функциясын сақтап қалды. Қазақтар үшін туысқандық жүйенің маңызы туралы А. Сейдімбек: «Туысқандық жүйе – қазақ халқының тарихи тағдырында айрықша орны бар әлеуметтік-этникалық құндылық» дей келе: «Қазақ халқы үшін туысқандық жүйе адамдар арасындағы қарым-қатынас нормаларын ретке келтіріп отыратын және адамдарды парасаттандыра түсетін, сол арқылы қазақ қоғамын біртұтас этноәлеуметтік туысқандар одағына айналдыра алатын мейлінше тегеурінді тетіктердің бірі» дейді [1.175 б]. Егер, бүгінгі қазақ қоғамында рулық қатынастарға негізделген туысқандық жүйе сақталынса, онда оның «қазақ қоғамын біртұтас этноәлеуметтік туысқандар одағына» айналдырар әлеуеті де сақталынған. Олай болса, бүгінгі рулық қатынастарға негізделген туысқандық жүйенің өзін объективті шындық ретінде танып, ұлт мүддесіне сай дұрыс бағалай білу, пайымдай білу арқылы ұлтты ұйыстырар басты факторға айналдыруға болады. Ол үшін де біртұтас, ғылыми негізделген жүйелі ұлттық идеология қажет.

Идеологияның идеядан туындайтындығы түсінікті. Егер, идея – дүниетанымның негізгі ұстанымы болса, идеология – көзқарастар мен идеялардың, дүниетанымның жүйесі. Демек, ұлттық идеологияның қалыптасуы үшін алдымен ұлттық идея қалыптасуы керек.

Бұл орайда тарихтың алар орны ерекше. ҚР тұңғыш Президенті Н. Назарбаев өзінің 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» атты кітабында: «Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады… ұлттық тарихты жиырма бірінші ғасырдың өлшемдері шеңберінде ұғыну ұлттық идеяны тұжырымдаудың алғашқы қадамы болып табылады» деп, тарихтың ұлттық идеяны қалыптастырудағы шешуші рөлін атап көрсетті [10.40 б.].

Әрине, ұлттық идея да, ұлттық идеология да, ең алдымен, аса көп ізденісті, ғылыми негіздеуді және жан-жақты ойластыруды қажет ететін күрделі теориялық проблемалар. Дегенмен, ұлттық идея туралы, оның негізгі мақсаты мен ұстанымдары туралы бірқатар еңбектерде айтылды да. Мысалы, ұттық идея туралы белгілі саясаттанушы ғалым Әзімбай Ғали орыс тілінде «Контуры казахской национальной идеи» деген еңбек жарияласа [11.], Қойшығара Салғараұлы өзінің «Елдік негіздері» атты еңбегінде қазіргі қазақ қоғамындағы ақуалға талдау жасай отырып, «Ең алдымен, ел болып, елдіктің негіздерін қалпына келтіру арқылы қазақы болмысымызға қайта оралу парыз. Бұл кезек күттірмей, бүкіл қазақ қоғамы болып жұмыла кірісіп, бірігіп жүзеге асырар киелі ісіміз болуға тиіс» деп, ең басты ұлттық идея қазақы болмысқа қайта оралу десе, қазақы болмысқа оралу дегеніміздің не екені туралы: «Қазақы болмысқа, яғни, қазақтың халықтық қалпына оралу – сан ғасырлар бойы қазақты қазақ қылып әлемге танытқан, адамзат қауымының өзге халықтарынан ерекшелеп «ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ» деген киелі атауды иелендірген, қазақтың тек өзіне ғана тән қасиеттеріне, ұлттық құндылықтарына, рухани тұтастығына оралу, басқаша айтқанда, қазақ халқының ұлттық дәстүрін, ұлттық мәдениетін, ұлттық санасын қалпына келтіру» дейді [12. 20-21 бб.].

Сонымен қатар, Қ. Салғараұлы аталған еңбегінде ұлттық идеяны айқындап, ұлттық идеологияны қалыптастыруға септігі тиер: «Қазақшылдық дегеніміз не?», «Ұлт дегеніміз не?», «Ұлттық сана дегеніміз не?», «Ұлттық намыс дегеніміз не?», «Ұлттық мүдде дегеніміз не?», «Ұлттық мінез дегеніміз не?», «Ұлттық дәстүр дегеніміз не?», «Ұлттық мәдениет және өркениет дегеніміз не?» деген сұрақтарға жауап іздеп, өз пайымдауын айтқан.

Ұлттық идея мәселесін тереңнен талдап, оның негізін түркі өркениетінен іздеген қоғамтанушы, ғалым биолог Жанұзақ Әкім: «Ұлттық идея дегеніміз, халықтың әріден алғанда дәуірлік, беріден алғанда ғасырлық мұратын айқындайтын, келешек ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ бола алатын заманалық рухани философия. Оның негізгі міндеттері – ұлт пен түркі халықтарын біріктіру арқылы қоғамды тұрақты дамытатын стратегияны анықтау, ұлттық зиялылар мен кәсіпкерлер ішінен ұлттық элита қалыптастыру» деп [16. 17 б.], ұлттық идеяның анықтамасы мен міндеттері туралы айта келе, «Қазақтың бойындағы мәңгілік қасиеті оны құрайтын ру-тайпалары арқылы ықылым заманнан бері сақталып келеді. Қазіргі заманның міндеті осы мәңгі қасиеттерді біріктіріп, оны жаңғырған, өміршең ұлттық идея түріне келтіру болып табылады» дейді [16. 292 б.]. Ал, жақында жарық көрген «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы» атты ұжымдық еңбекте: «Ұлттық «МЕН»-ді қалыптастыратын тетіктер мен жағдайаттар сан алуан. Оған көшедегі қаптаған жарнамалардан бастап, енді ғана дүние есігін ашқан сәбидің құлағына естілген ән мен үнге дейін кіреді. Солардың бәрінің басын қосатын, бәрін өгіздей өрге сүйрейтін құдірет Ұлттық Идея деп білгеніміз жөн» деп, ұлттық идеяны қалай түсінуге болатындығын айта келе, ұлттық идеяның қазақ халқы үшін маңызы мен қажеттілігі туралы: «Ұлттық идеяны таппайынша елде жүріп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана міндетін атқарып шығатындай көрінеді. Ұлттық идеясы жоқ Қазақстанда өмір сүру қазақтан басқаның бәріне майдай жағатын шығар, бірақ, түптің-түбінде өкініште қалатыны – қазақтар. Өзін-өзі жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудің еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаһанданудың табанында жаншылып қалмау үшін де ұлттық идеяның өзектілігі мен қажеттілігі күн санап артып келеді» делінген [14. 91-92 бб.]. Сонымен қатар аталған еңбекте: «Ұлттық идеяның мән-мағынасын дәл қазіргі таңда «Қазақ елі».,«Азаттық», «Бірлік» деген ұғым-түсініктер аша алады» деп, әрбір ұғым-түсінікке анықтама берілген және ұлттық идеяны зерттеудің негізгі ұстанымдары туралы айтылған [14. 97-108 бб.].

Ұлттық идея сияқты, ұлттық идеология да өзін терең талдауды, айқындауды, іске асырудың жолдары мен тәсілдерін жан-жақты ойластыруды қажет етеді. Ұлттық идеологияға негіз болар ойлар Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫНДА» да көрсетілген. Мысалы, «ЖОЛДАУДА» ұлттық идеяның негізгі тұғырының бірі тіл туралы «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» делінсе, қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналуының маңызы туралы: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атаймыз» делінген. Ал, ұлттық идеяның тағы бір тұғыры – тарихи сана туралы: «Біз ұлттық тарихи сананы қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» делінген [9]. Сонымен қатар, «ЖОЛДАУЫНДА» ұлттық идеологияның негізгі бағыт-бағдары мен түпкі мақсаты туралы да анық айтылған. Егер, ұлттық идеологияның негізгі бағыт-бағдары қазақ халқының тарихи жауапкершілігі мен бірлігін насихаттау болса, түпкі мақсат тәуелсіз Қазақстанды «Мәңгілік ел» ету.

Әрине, бұл орайда, кеңестік идеология мен ұлттық идеологияның ең басты айырмашылығы ескерілуі керек. Айырмашылық, олардың объекетивті негіздерінде. Егер, кеңестік идеология объективті негізі жоқ, ойдан шығарылған жалған идеяларға негізделсе, ұлттық идеология ұлттық мүддеден туындаған объективті идеяларға негізделген. Дәлірек айтқанда, кеңестік идеология, оның негізін қалаушы К. Маркстың ХІХ ғасырдың ортасында айтқан: «Европаны кезіп жүрген бір елес – коммунизм елесіне» негізделсе, ұлттық идеология ұлттық қажеттілікке, ұлттық сұранысқа, яғни, объективті өмір шындығына сүйенген. Елеске негізделген идеологияның нәтижесі белгілі болса, қоғам даму барысында объективті қажеттіліктен туындаған идеяларға негізделген идеологияның қалыптасуы және өміршең болуы заңдылық.

Қорыта айтқанда, бүгінгі күнгі қазақ қоғамы үшін ұлттық идеологияның қажеттігі қаншалықты айқын болса, ұғымның позитивті мағынасындағы рушылдықтың да қажеттілігі соншалықты айқын. Өйткені, әр бір қазақ өзінің руын, яғни, шыққан тегін, тарихын жете білу арқылы ғана, өзінің қазақ деген бір атаның баласы екендігіне көзін жеткізіп, біртұтас ұлт ретінде бірлікте бола алады. Ал, ұлт бірлігі тәуелсіз елімізді «Мәңгілік елге» айналдырудың ең басты алғы шарты.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. – Астана: Фолиант, 2008. – 728-б.

2. Достан Қ. Ұлтымызды ұлықтайтын – қазақтың қара баласы. // Айқын, 26 желтоқсан 2012 ж.

3. Байтұрсынов А. Оренбург. 10 февраль. //Қазақ. 10. 02. 1913 ж.

4. Сейсенбаев Р. Демакратия – «NESCAFE» емес. //Егемен Қазақстан, 4 қаңтар 2013 жыл.

5. Назарбаев Н. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам. //Егемен Қазақстан, 10 шілде 2012 жыл.

6. Түрік баласы (М. Дулатов) Қазақтың тарихы. //Қазақ, 1913, № 2, 10 февраль).

7. А.Б. (А.Байтұрсынов) Қазақтың бас ақыны. //Қазақ, 1913, № 43, 22 декабрь.

8. М.Д. (М.Дулатов) Абай. //Қазақ, 1914, № 67, 23 июнь.

9. Назарбаев Н. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫ. //Айқын, 15. желтоқсан 2012ж.

10. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б.

11. Гали А. Б. Контуры казахской национальной идеи. – Алматы: Үш Қиян 2004. – 152 с.

12. Салғараұлы Қ. Елдік негіздері. – Астан: 2007. – 80 б

13. Бәкірұлы Ә. Ру емес, рушылдық қоғамдық дертке айналып барады. //Ақиқат. № 8. 2012 ж. 35 б.

14. Сейдімбек А., Әбжанов Х., Салғараұлы Қ. Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы. – Астана: Фолиант, 2012. – 248б.

15. Жеменей И. Ұлттық қауіпсіздік ұлттық қауымдастық арқылы жүзеге асады. //Айқын, 15 қаңтар, 2013 жыл.

16. Әкім Ж. Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы. – Алматы: 2007, -304 б.

Алдыңғы «
Келесі »