Ақиық Академик

  • 29.03.2013
  • 324 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақыл сөз қалай тауып айтылған десеңізші. Өмірде мысқалдай да бір қол жеткен жетістігіміз бен биігіміздің арғы жағында қашан да ұстаз деген ұлы есім тұрады екен. Қай кезде де жол сілтер, ақыл кеңесін аямайтын, шынайы тілектес Ұлы ұстаздың алдында басымызды иеміз.Осындай ұстаздарымыздың бірегейі – асқан білімдарлығымен, ерекше парасаттылығымен, биік адамгершілік қасиеттерімен көңіл төрінен орын алған абзал азамат Кенжеғали Сағадиев ағамыз бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отыр.

К.Сағадиев – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының және Пәкістан Ғылым академиясының академигі, АҚШ-тың Нью-Йорк академиясының мүшесі және Халықаралық жоғары мектеп академиясының толық мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. Қазақстанның бірнеше жетекші оқу орындарының ректоры және ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті болып қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы үшінші және төртінші шақырылған Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды, оның Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. Кенжеғали Әбенұлы мұндай биік деңгейге өзінің кейінгі талай ұрпаққа өнеге боларлық сирек таланты мен тынымсыз еңбекқорлығының, энциклопедиялық білімінің, ерекше ақыл-парасаты мен іскерлігінің арқасында қол жеткізді. Ол кісінің еңбек жолы мен шығармашылық қызметі талай рет бұқаралық ақпарат құралдарында, энциклопедиялық анықтамалықтарда және биографиялық очерктерде жарияланды. Ғалым-ұстаздың ерен еңбектері дер кезінде ескеріліп, жоғары бағаланды. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы жарлығымен 1971ж. 15 наурызда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 1987ж. 7 маусымда «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Сондықтан, біз бүгін ғалымның егемен еліміздің жаңа тұрпатты экономикасының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, экономика саласындағы елеулі еңбектері туралы кеңірек айтуды жөн көрдік.

Кенжеғали Сағадиев еліміздің жоғары заң шығарушы органы – Парламент Мәжілісінің депутаты болып екі мәрте сайланды. Осы кезеңде ғалым бюджет жүйесін өркендету және оның тұрақтылығын дамыту мақсатында көп еңбек етті. Білікті маманның ұсынысы бойынша экономика салаларының бюджет жобалары бөлек қаралатын болды, бұл бюджет бағдарламалары әкімдіктерге бөлінетін қаржы-бюджет ресурстарын жете әрі дәл зерттеуге мүмкіндік береді. Ғалымның тағы бір ұсынысы – нәтижеге бағытталған бюджетті жоспарлау әдісіне көшуге байланысты болатын. Оған ел Үкіметі көніл аударып, қазір бюджеттік қаражаттың жоғары нәтижелілігін қамтамасыз ететін БОР жүйесіне көшуді ұйғарып отыр.

Білікті экономист ғалым Парламент алдында еліміздің экономикасында бәсекелестіктің мардымды дамымай отырғаны туралы, экономиканың қаржы-өнеркәсіптік жеке топтарымен монополияланып, елдің индустрияландырылуына, өңдеу секторының дамуына, қор нарығына кері әсер етіп, инфляцияның өсуіне ықпал ететіні туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Сондай-ақ, экономиканың белгілі бір секторына салық мөлшерін жеңілдету, әсіресе өңдеу кәсіпорындарына көңіл бөлу қажеттігін айтты. Осыдан оншақты жыл бұрын Президенттің атына әлеуметтік және бірлескен табыс салығы мен қосымша құн салығы бойынша жеңілдіктер жасау туралы кешенді ұсынысын жіберген. Сонымен қатар салық құрылымын жақсарту, яғни, жылжымайтын мүлік пен басқа мүлікке оның мөлшерін көтеру, ал, керісінше, еңбекақы қорына, яғни бірлескен кіріс салығын азайту жөнінде де өз ұсынысын білдірген. Бұл ұсыныстар еліміздегі әділетті салық салу жүйесін құруға бағытталған.

Кенжеғали Әбенұлы елімізде алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің тиімділігі мен көлеңкелі жақтарына жүргізген сараптамасымен баспасөз беттерінде сөз алды. Ол өз мақалаларында Дүниежүзілік сауда ұйымы тәртібі бойынша сауда режимін ырықтандыру елімізге, әсіресе ауылдық тауар шығарушылар үшін қауіпті екенін ескертті. Сонымен қатар, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты беделді халықаралық ұйымға енуін қолдап, республиканың дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің үкіметтік дайындық шараларын талқылауға, басқа елдермен келіссөздер жүргізуге қатысты. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мәселесіне елімізде алғашқылардың бірі болып көңіл аударып, оның өсу факторларын, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, экономикалық, тіпті бәсекеге қабілеттіліктің әлеуметтік және адамгершілік жақтарын дәлелдеп, осы тақырыпқа отыздан астам зерттеу жұмыстарын арнаған ғалым, тағы да біздің ұстазымыз Кенжағали Сағадиев екенін біз мақтанышпен айтамыз. Қазақстан экономикасын жаңғыртудағы өткір мәселелерді зерттеудегі жүйелі де ұзақ еңбегі оны үздік ғалым-реформаторлар қатарына шығарды. Академиктің билік орындарына жіберген хаттары мен солар бойынша ресми орындардың қабылдаған шешімдері оның Қазақстандағы экономикалық реформаларды белсенді жүргізушілердің бірі екендігін көрсетеді. Нәтижесінде, жарық көрген «Қазақстандағы реформалар: талдамалық көзқарас» атты төрт томдық еңбегі еліміздегі реформа үрдісінің жоғары мәнді хроникасы, олардың жетістігі мен кемшіліктерінің тура көрінісі. Автордың онда жазған келелі ұсыныстары мен кеңестері осы күні де, болашақта да өз мәнін жоғалтпайды.

Академик Кенжеғали Сағадиевтің соңғы жылдары баспасөзде жарық көрген, барлық экономист мамандардың назарын аударған бірнеше мақаласына кеңірек тоқталайық. «Деловой Казахстан» апталық басылымында жарық көрген «Мировая экономика переживает рубиконное время» мақаласында әлемдік экономикалық дағдарыс жан-жақты талданған. Шағын ғана мақаланы бүкіл жаһанды жалмаған жан түршігерлік құбылыстың алғышарттары айқындалып, оған барынша тыңғылықты ғылыми талдау жасалған алғашқы толымды еңбек деп бағалауға болады. Онда баршамызға түсінікті, ойға қонымды тарихи шолу жасалған, әлемдік қаржылық-экономикалық қатынастардың даму үдерісіне шынайы әділ баға берілген. Кенжеғали Әбенұлы осы салада болып жатқан құбылыстарды жалпылай айтып қана қоймай, олардың себеп-салдарын нақтылай түседі. Олардың негізгі себептерін ғалым «дағдарыс тетігі» деп атап, үш топқа бөліп қарастырады.

Бірінші тетік ретінде әлемде соңғы жарты ғасырда орын алған тауар-ақша қатынастарының алғашқы іргелі ұстанымдарынан ауытқуын атайды. Осы ауытқуды дәлелдеу үшін тауарлар мен қызметтердің құн өлшемінің алтын стандартынан әлемдік валюта қорына айналған американ долларына дейін құбылу үдерісін қысқаша баяндап береді. Жүре бара бұл үдеріс алтын-валюта тепе-теңдігінің күшін жоюға әкеліп, валюта көлемі мен тауарлар мен қызметтердің әлемдік көлемінің бір-бірімен байланысын мүлде үзді. Мұның өзі соңында АҚШ долларының әлемде бақылаусыз таралуына және қаржы көбігі мен пирамидалардың пайда болуына әкеп соқты.

Екінші тетік ретінде автор қаржы жүйелерін реттейтін мемлекет қызметінің біртіндеп төмендеуін негіздеп көрсетеді. Бұл жайға себепкер болған кенсиандыққа қарсы пайда болған жаңа монетаристік теория еді. Бұл теория бойынша айналыстағы ақша жиынтығы шаруашылық жағдаятты қалыптастыруда басты рөл атқарады. Сондықтан, ол ХХ ғасырдың ортасында жеке кәсіпкерлік пен саудаға деген шектен тыс ымырашылдыққа жанаса дамып, біртұтас ымырашыл-монетарлық үлгіге айналды. Бірте-бірте ол АҚШ және басқа бірқатар батыс елдерде негізгі нарық идеологиясы ретінде қалыптасып, нарыққа бет алған барлық мемлекеттерде, соның ішінде Шығыс Еуропада, ТМД-да белсенді енгізіле бастады. Одан әрі «Нарық көбірек тарап, мемлекет азырақ қатынассын» ұраны тасталып, соның негізінде валюталық бақылау, депозиттер мен қарыздар бойынша мөлшерлеме деңгейін белгілеу, қаржылық, соның ішінде алыпсатарлық операцияларды шектеу сияқты қаржы саласындағы мемлекеттің көптеген реттегіш қызметтері күшін жойды. Мұның бәрі қаржы капиталының әлемдік экономикадағы басым рөлін нығайтып, көп жағдайда жеке елдердің мүдделері ескерілмей, нәтижесінде жаһандық құлдыраудың екінші маңызды себебіне айналды.

Жалпы, әлемдік экономикалық дағдарыстың үшінші тетігі ретінде ғалым АҚШ-та ипотекалық және жаппай тұтынушылық несие үстемесінің тіпті 1%-ға дейін төмендетілуін атап көрсетеді. Мұның өзі американдықтардың қаржы үнемдеуін күрт төмендетіп, шектен тыс тұтынушылықпен әуестеніп, қарызға өмір сүруге дағдылануына әкеп соқтырды. Уақыт өте келе олардың несиелік қарызы табыс деңгейімен салыстырғанда 1:1,3 арақатынасына дейін көтерілді. Мұндай өмір салты көптеген елдерге, әсіресе, экономикасы дамыған мемлекеттерге кеңінен тарады. Нәтижесінде жаңа әлеуметтік ілім – тұтынушылык идеологиясы қалыптаса бастады. Ол халықтың жинақ қорын елеулі әлсіретіп, оның төлемге қабілетсіздігіне әкеліп соқтырды және ақыр соңында 2007-2009 жылдардағы әлемдік дағдарыстың басталуына бірінші себеп болды.

Кенжеғали Әбенұлының анық, әсем, қысқа да нұсқа жазылған, көркемсөз-көсемсөз жанрына жақын келетін ғылыми еңбектері аз емес. Оларды жеңіл және қызыға оқисың. Бірақ, оның жоғарыда көрсетілген еңбегінің орны ерекше, ол – академиктің шексіз білімі мен тәжірибесін танытатын, дарынын даралайтын сүбелі еңбек. Бұл шығарма заман талабын мергеннің дер кезінде атылған оғындай орындай алды және ғұлама ғалымның асқан білімдарлығы мен көрегендігінің дәлелі болды. Көлемі шағын болғанмен, маңызы шексіз бұл мақала жыл өткен сайын, әсіресе, экономикалық құлдыраулар кезінде өз өзектілігін дәлелдей түседі. Себебі, ол дағдарысқа тойтарыс беретін, оның салдарынан елді аман алып шығатын, келешекте мұндай жайсыздықтың алдын алатын берік ғылыми теориялық негіздеме болып табылады. Сол себепті, осы еңбекті көп таралыммен шығарып, негізгі қорытындыларын макроэкономика және қаржы несие саясатына байланысты жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізіп, қаржы экономика саласындағы әрбір қызметкердің, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің қолынан түспейтін кітапшасына айналдырған жөн деп ойлаймыз.

Келесі кезекте «Деловая неделя» апталығында басылған «Кризис уходит, пора думать о будущем» және «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Сынаққа сақадай саймыз ба?» атты мақалаларында бұл жұмыстың қолданбалы мүмкіндіктері мен күнделікті тәжірибедегі маңызын көрсеткен. Оларда экономиканы басқару саласындағы, қабылданған бағдарламалар мен шешімдерді орындаудағы кемшіліктер көрсетіліп, бір жұмысты қайталап жасау, жеке мемлекеттік ұйымдар тарапынан байқалған жауапсыздық туралы деректер келтіріледі. Автор ел экономикасының біржақты шикізатты дамуынан арылу жолдары жөнінде, экономиканы әртараптандыруды жеделдету қажеттілігі туралы ой өрбітіп, дағдарыстан шығу, Қазақстан экономикасын тұрақтандыруға қатысты нақты ұсыныстар жасайды.

Бұл еңбектерінде автор еліміздің қаржы-несие жүйесін сипаттай отырып, жүйенің «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналғанын, оның экономиканың нақты секторларын дамытуға мүдделі еместігін, пайданы негізінен сауда және үй құрылысы саласын несиелеу арқылы табатынын атап көрсетеді. Күні кешеге дейін іс жүзінде елдегі инвестициялық саясатты үкімет емес, коммерциялық банктер анықтап отырғанын, мұндай жолға тіпті Халықаралық валюта қоры да түскенін, оның дамушы елдерге қарызды тек олардың реформалары мемлекеттің белсенді рөлін мойындамайтын Вашингтон консенсусы нұсқаулықтарына сай келсе ғана беретінін анықтап, бұл құбылыс әлемдік қаржылық-экономикалық қатынастарға айнала бастағанын дәлелдеді.

Осының бәрін ескере отырып, академик мемлекеттің нарықтық экономикадағы жоғалтқан рөлін жоспарлы-реттеу ісі арқылы қайта қалпына келтіруді ұсынады. Ол үшін Кенжеғали Әбенұлы алдымен мемлекеттің банк істерінің кейбір мәселелерін реттеуге байланысты, қаражат көздерін экономикалық даму бағытына жұмсаудың тиімді жолдарын іздеуге, оның әртүрлі секторларына несие бөлуді негіздеуге және лайықты нормалар белгілеуге, несиеге қосылатын үстеме пайыздың жоғарғы деңгейін шектеуге, ел ішінде экономиканы дамытуға пайдаланылатын ұзақ мерзімді несиелер көзін құруға және тағы басқа осы секілді мәселелерге байланысты хақыларын қайтарып алу мезгілі жеткен шешім екенін дәлелдейді.

2011 жылы Парламент Мәжілісіндегі депутаттық өкілеттілігі аяқталған соң, К.Сағадиев 1992 ж. негізін өзі қалаған Халықаралық бизнес университеті (ХБУ) Президенті міндетін атқаруға қайта оралды. Мұнда өзінің сүйікті ісі – бизнеске мамандар даярлау мен экономикалық реформалардағы зерттеу жұмысына белсене қатысу мүмкіндігі туды. Халықаралық бизнес университеті – еліміздегі дамып келе жатқан бизнеске мамандар даярлау үшін құрылған жекеменшік жоғары оқу орны. Оның классикалық университеттерден ерекшелігі – экономикалық тәжірибемен тығыз байланыс, нарық сұранысына жедел көңіл бөлу, экономика реформаларының құбылысына сай оқу жоспарларының икемділігі.Университет қабырғасынан шетел тәжірибесімен жақсы таныс, өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті, компания, фирма және басқа жеке жобаларды басқара алатын менеджер-мамандар шыға бастады. Университет түлектерін көптеген фирмалар мен компаниялар қуана жұмысқа алып жатыр. Білім ордасында мамандық иелерін шетелдік университеттермен қарым-қатынас жасай отырып оқытады, бакалавриат, магистратура және философия докторларының (PhD) бағдарламаларын табысты іске асыруда.

Кенжеғали Әбенұлы 2009 жылдан бері Елбасының тапсырмасы бойынша индустриялық-инновациялық Қазақстанды қалыптастыру мақсатында құрылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің қалыптасып, дамуына да басшылық етіп келеді. Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университеті – еліміздегі дамып келе жатқан ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлау үшін құрылған жоғары оқу орны. Университет шетелдерде тағлымдамадан өткен, өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті және өз саласында жеке жобаларын жүзеге асыра алатын мамандар даярлайды. ХАТУ студенттері әлемдік стандарттарға сай шетелдік әдістемемен оқиды. Олар компьютерлік технологияларды жетік меңгерген алдыңғы қатарлы, озық ойлы жастардың өкілі, егемен еліміздің таңдаулы зияткерлері. Студенттерге қатаң сынақтан өткен және Carnegie Mellon университетінен сертификат алған, білікті ұстаздар дәріс береді. ХАТУ Wiki порталын қазақстандық мазмұнмен толтыруға белсенді қатысты. КазКонтент АҚ және WikiBilim қоғамдық қорымен бірге қазақ тілінде 125 мыңға жуық мақала салынды. Мысалы, білім ордасында бакалаврлар мен магистранттарды ағылшын тілінде даярлау бағдарламалары, қос дипломдық, бакалаврлар және магистрлар даярлау іске асырылып,

АҚШ-тың  Carnegie Mellon университетінің білім берудің ең үздік бағдарламалары мен әлемдік тәжірибесі бар IСarnegie-мен тығыз ынтымақтастықта еңбек етіп келеді.  Университеттің серіктестері:  Малайзияның жетекші   IT университеттері  – University Kuala Lumpur, Limkokwing University, University Tenaga National, University Technology Mara, MMU және әлемнің тағы басқа да  университеттерімен келісілген бағдарламалар іске асырылуда.

Кенжеғали Әбенұлы 2012 ж. ҚР Ұлттық технологиялық даму агенттігінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылды. Бұл агенттіктің негізгі қызметі – ел экономикасының жаңа салаларын инновациялық жолдармен күшейте отырып, оның шикізатқа байланысын азайта түсу және индустриалды мемлекет құру жолындағы осыған байланысты мәселелерді шешу. Кенжеғали Әбенұлы бұл қызметте де аянбай еңбек етіп, отандық ғылыми-техникалық дамуға үлкен үлес қосуда.

Жақында ғалымның еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» басылымында «Елу жылда ел жаңа» мақаласы (Егемен Қазақстан, 27.12.2012 ж) жарық көрді. Ол Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауынан кейін небәрі 10 күннің ішінде дайындалып Қазақстанның бас газетінде шыққан бұл еңбегінде Кенжеғали Әбенұлы «Қазақстан – 2050 Стратегиясының» мақсатына, мәні мен маңызына, ерекшеліктері мен басымдықтарына, әсіресе экономикалық және әлеуметтік тарауларына кең түрде талдаулар мен түсініктемелер беріп, республика жұртшылығын оны жұмыла орындауға шақырған.

Экономист реформатор ғалымның Тәуелсіз Қазақстан экономикасының дамуына қосқан теориялық-практикалық үлесін Елбасы жоғары бағалап, «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапаттады.

Академик К. Сағадиев бұрынғысынша қазір де ғылыми мамандар даярлау ісіне белсенді ат салысуда. Ол өз ғылыми мектебінде экономика ғылымдарының 22 докторы мен 44 кандидатын тәрбиелеген кемел ғалым. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстан мен шет елдерде табысты еңбек етуде. Азаматтық болмысына тағзым етіп, Ұлы ұстаздың құрметіне шынайы ізет білдіре отырып, сол шәкірттерінің бірі екенімді мен де мақтаныш етемін. Интеллектуал, ғалым-реформатор, ой еңбегі шабытының шыңына шыққан, шебер ұйымдастырушы, дарынды басшы, қандай марапат айтсақ та жарасатын қадірменді ұстазымызға осынау мерейлі сәтте нағыз шеберге тән сергектікпен ел мүддесіне қызмет ете беріңіз деген тілек арнағымыз келеді. Сіз біздің қазынамызсыз, рас!

Дамир Шыныбеков,

Экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры

Алдыңғы «
Келесі »