Қазақстан әйелдерінің саясаттағы ұлттық идеясы

  • 29.03.2013
  • 549 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі таңда Қазақстан әлемге тәуелсіз, экономикасы дамыған, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет ретінде танылып отыр. XXI ғасыр алып келген экономикалық, нарықтық және жаһандану үрдісі қоғамдағы әлеуметтік, мәдени-экономикалық және психологиялық әр түрлі құбылыстардың көрініс табуына жол ашуда. Нақтырақ айтатын болсақ, қоғамдағы адамдардың әлеуметтік статусы, рөлі, орнының өзгеруін баса көрсетуге болады. Ал, бұл жағдай­дың Қазақстандағы көрінісіне тоқталатын бол­сақ, ол жаһанданудың бізге алып келген ең негізгі элементтерінің бірі үлкен ақ­парат және мәдениеттермен қатар, нарықтық экономиканы алып келді. Жас жанын шүберекке түйіп, жаңадан дамып келе жатқан елімізге нарық заманының қатал талаптары көптеген қиындықтар туғызғаны анық. Біздің еліміз жас мемлекет болғандықтан, оның алдында өз шешімдерін күтіп тұрған маңызды мәселелері көп. Яғни, қазіргі таңда біздің қоғамда демографиялық, экономикалық, діни мәселелермен қатар, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы, өмір сүру стилі мен сапасы, қоғамдағы әлсіз топтарды, яғни, мүгедектер мен зейнеткерлерді, жалғызбасты аналар мен жұмыссыздар, қашқындар мен босқындар, жетімдер мен тастанды балалар, заңды бұзып, қылмыс жасаушылар мен олардың құрбандары, нашақорлар мен ішімдікке салынғандар қа­тарының күннен-күнге көбеюі, жезөкшелік пен жасөспірім балаларды құлдыққа сату сияқты маңызды мәселелердің қатарында әйелдерге қатысты зорлық және онымен күресу мәселесі орын алып отыр.
Әйелдерге зорлық көрсету жағдайында гендерлік фактор, этникалық, нәсілдік белгілермен, әлеуметтік жыныстық статус, мәдениет, дін, жас, әлеуметтік класс, еңбекке қабілеттігі немесе қабілетсіздігі, азаматтығы сияқты факторлармен қиысады. Зорлықтың бұл түрінің кеңінен таралуы қоғамдық ахуалға дағдарыс әкеледі және әлемнің қауіпсіздігіне, дамуына, гендерлік теңдікке қол жеткізуге кедергілер келтіреді.
Қазақстандағы гендерлік саясаттың қалыптасуын айтқан кезде, алдымен, біздің елдің ескі дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ерекшеліктерін еске түсіреміз. Кеңес Одағы кезіне дейін қазақ қыздарының ешбір құқығы жоқ болғаны белгілі, олар сауатсыз, ата-бабаларының таңдаған жарына он үш жасқа толар-толмаста тұрмысқа ұзатылып, кейбір жағдайларда тоғыз жасар қыз баланың тоқсандағы қарт шалға тоқалдыққа беріліп жататын кездері болған. Алайда, отбасы мен әйел тақырыптарына көптеген зерттеулер жүргізген қазақстандық ғалым Жаназарова Зауренің айтуына қарағанда, қазақ қыздары басқа ұлттың (өзбек,қырғыз,түрік,түркімен, т.б) қыздарымен салыстырып, қарағанда еркін өмір сүрген.
Біздің елдегі гендерлік саясат қазақ­стандық әйелдердің жағдайлары жақсаруына, қоғамдық теңсіздіктің жойылуына септігін тигізері анық. Гендерлік саясатты зерттеп, оның Қазақстанда қалыптасуына күш жұмсағандар, алдымен, біздің елдің кешегі күндегі әйелдердің жағдайларын ескеріп, әйелдерге деген көзқарастар қалай дамыды, оларды қоғамда қалай қабылдады, осы сұрақтарға жауап іздейді. Әйелдерге қатысты зорлықтың қатарында әйелдерді кемсіту көп кездеседі. Оларды жарымжан ретінде кемсіту ерте заманнан бастау алады. Сол кездері-ақ оқымысты ғалымдар мен саясаткерлер қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік жағдайының теңсіздігін, оларға қатысты зорлықтың және кемсітулер мен шеттетулерді «әйел адам ба, оның жаны бар ма? «деген даулармен жасырып жүрген. Әйелдердің жарымжан ретіндегі бейнесі сол кездегі барлық теологиялық және философиялық еңбектерде көрініс табады. Атағы жер жарған Сократтың өзі еркектердің әйелдерден үстемдігін «Бақыт деп үш жағдайды санауға болады: сенің жабайы аң болмауың, варвар емес, грек болуың әйел емес, еркек болуың» деп білдірген. Сократ ер адамдардың әйелдерден жоғары тұратынын көрсетемін деп, әйелдерді кемсітуге жол берген. Еркектердің әйелдерден жоғары тұратынын бәріміз білеміз, оны мойындаймыз да, алайда, бұл олардың әйелдерге қатысты зорлық пен кемсіту әрекеттерін көрсету дегенді білдірмейді. Гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін белгілейді. Қазақстандағы гендерлік саясаттың міндеттеріне әйелдер мен ерлердің билік құрылымдарында тең қатысуына қол жеткізу, экономикалық тәуелсіздіктің барлық тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабында ілгерілеу, отбасында құқықтар мен міндеттерді тең жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау, жыныстық белгісі бойынша зорлықтан еркін болу жатқызылады. 2000 жылғы қыркүйекте өткен мыңжылдық саммитінде әлемнің көптеген елдерінің лидерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық Декларациясын қабылдады, оның сегіз мақсатының бірі гендерлік теңдікті қолдау болып айқындалған.
Бұл мәселеге БҰҰ Бас ассамблеясының «Әйелдер 2000 жылы: әйелдер мен ерлер арасындағы теңдік, ХХІ ғасырдағы даму және әлем» (2000 жыл, маусым) ХХІІІ арнайы сессиясы арналды. Осы сессияға қатысушы Үкіметтерге әйелдердің өмірдің барлық салалары мен барлық деңгейлеріне тең қол жеткізуін және толық ауқымды қатысуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды. Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасы Қазақстандағы гендерлік саясаттың негізгі қағидаттарын, басымдықтары мен міндеттерін белгілейді. Гендерлік саясатты іске асырудың практикалық шараларының бірі 1999 жылғы ішкі істер органдарының аудандық буынға дейінгі құрылымдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліністерін құру болып табылады. Қазақстан осы тектес арнайы бөлініс құрған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел. Бұл бөліністің қызметкерлері прокуратура органдарымен, білім беру және денсаулық сақтау департаменттерімен, белгілі бір облыстың аумағында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Қазақстандағы гендерлік саясаттың міндеттеріне әйелдер мен ерлердің билік құрылымында теңдестірілген тұрғыда қатысуына қол жеткізу, экономикалық тәуелділіктің барлық тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабында ілгерілеу, отбасында құқықтар мен міндеттерді тең жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау, жыныстық белгісі бойынша зорлықтан еркін болу жатқызылады. Гендерлік қатынастарды айшықты бейнелеу үшін елімізде «Қазақстанның әйелдері мен ерлері» атты жыл сайынғы арнайы статистикалық жинақ шығарылады. Отбасының әйелдер мен балалардың мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының Парламентінде заңдылық деңгейінде «Отбасы» депутаттары тобы құрылды.Денсаулық сақтау мәселелеріне үлкен назар аударылуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 16 қарашадағы №4153 жарлығымен бекітілген «Халықтың денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің 2001 жылғы 14 қыркүйектегі №1207 қаулы­сымен бекітілген Қазақстан Республикасында СПИД эпидемиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама, сондай-ақ, халық денсаулығын қорғау проблемалары бойынша бірқатар мақсатты бағдарламалар іске асырылуда.
2005 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік қызметкер 49713 әйел немесе олар жалпы мемле­кеттік қызметкерлердің 57,4 пайызды құра­ған. Мемлекеттік саяси қызметкерлердің ішінде әйелдер небәрі 11 пайызын құрайды [34].
Әйелдер ерлер еңбегіне ақы төлеудегі ара-қатынаспен тең жалақы ала отырып, әдетте, неғұрлым төмен лауазымдарды иеленеді. Олар кез-келген жұмысқа, оның ішінде, зиянды және ауыр еңбек жағдайларына келісуге мәжбүр. Қазіргі кезде мұндай өнді­рістерде бес жүз мыңға жуық әйелдер жұмыс істейді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда да проблемалар бар. Әйелдерге қатысты қылмыс жоғары деңгейде қалып отыр.
Мемлекеттік гендерлік саясат негізінде гендерлік теңдік үшін қажетті шарттармен қамтамасыз ету міндеттері тұр. Біз гендерлік саясат өркениеттің алға қойып отырған талаптарының бірі болғандықтан ғана емес, нәзік жандардың өз мүмкіндіктерін ерлермен тең жүзеге асыра алатынына көзіміз жетпегендіктен, бұл мәселені қоғам алдына ұсынып отырмыз.Себебі, бұл – соңымыздан еріп келе жатқан қыздарымыздың келешегі. Гендер тек әйелдерге қатысты мәселе емес. Ол барлық проблемаларды жынысқа бөлмей, тең шешу дегенді білдіреді. Қазіргі кезде ерлерде де проблема көп. Ұлттық комиссия өз отырыстарының бірінде ерлердің репродуктивті денсаулығы, олардың өмір сүруін ұзарту мәселелерін қараған болатын. Шынында да, жас мөлшерімен есептесек, әйелдерге қарағанда, ерлердің өлімі көп. Оның себептері: ішімдікке бой ұру, түрлі апаттарға ұшырау және ауыр жұмыстарды атқару. Еліміз тәуелсіздігін алып өз алдына дербес мемлекет болғалы жиырма бір жылдан асты. Осы жиырма бір жылдың ішінде еліміздің алдында тұрған бірқатар мәселелер өз шешімдерін тауып, мемлекетіміз біраз қиыншылықтарды артта қалдырып, мақтануға тұрарлық игілікті істерге қол жеткізе алды.Бүгінгі таңда тағдырдың қалауымен саясат сахнасында жүргендердің бәрі ұлттық жауапкершілікті терең сезініп, сындарлы тұрақтылықты барынша нығайтып, көптеген мәселелерді, соның ішінде, әйелдерге қатысты зорлықпен күрес жүргізу үшін қоғамның жаңа сапалық деңгейінің дәйекті түрде қалыптасу жолында іс-қимыл танытқандары абзал. Өйткені өз мемлекетіміздің халқының бірлігі мен ынтымақтастығын қатайтып, елде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес жүргізе отырып, қоғамның тұрақты, қалыпты дамуына үлес қосу бәрімізге міндет болып табылады.

Раиса Сауырбаева,
ҚазМемҚызПУ
Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы,
Г. Қасымбаева,
«Әлеуметтік жұмыс» мамандығының 2 курс студенті

Пайдаланылған әдебиеттер:
Сәрсенбаева Р.Б., Социология гендера/учеб.пособие.-Алматы,2007г,666.
Энциклопедический социологический словарь/под общ.ред. академика РАН Осипова Г.В 1995г,439б.
Биекенова К.К., Жаназарова З.Ж, Нұр­бекова Ж.А. Отбасымен әлеуметтік жұмыс.-Алматы:Қаз.Университеті, 2003ж,45б.
Баймұқанова М.Т. Отбасымен әлеуметтік педагогикалық жұмыс.-Астана, Парасат әлемі, 2005ж,105б.
Бейсенова М. Совет Үкіметі әйелдерге не берді?-Алматы:ҚМБ,1957ж,3б.

Алдыңғы «
Келесі »