КЕҢЕС ПАТРИОТИЗМІНЕН – ОРЫС ҰЛТШЫЛДЫҒЫНА

  • 01.03.2013
  • 465 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мұстафа ШОҚАЙ

Осыдан бір жыл ғана бұрын Кеңес үкіметі «Кеңес патрио­тизмі» ұранын көтерген еді. Мұның өзі уақытша бір мезгіл дүниежүзі төңкерісі күресінен шегіне тұру үшін Сталин жасаған «социализмнің бір елде жеңуі» теориясының нәтижесі бола­тын. «Кеңес патриотизмі» кеңес­тік Ресейге қараған халықтар назарын дүние­жүзі пролетариатының төңкерісі және отар халықтардың азаттық төң­керісі тәрізді ныса­налардан бұрып, Ке­ңес­тер Одағына шоғырландыру қажеттігінен туған еді. Басқаша айт­қан­да, бұрын дүниежүзілік төңкеріс үшін бағытталған жанқиярлық іс-қи­мылдар ендігі жерде сол асыл мұрат­тардың орнын басқан Кеңестер Одағына жұмсалуы тиіс еді. «Кеңес патрио­тизмі» Кеңестер Одағының орыс емес өлкелерінде жергілікті «ұлт­тық патриотизмді» оятатынын біз өз кезінде айтқан болатынбыз («Яш Түркіс­танның» 66-санында). Біздің осы пайымдауымызды, журналымыздың өткен санында көрсетіп өткеніміздей, Қазақстан комиссарларының бастығы Исаұлы Ораздың сөздері растайды. Әрине, бұл «ұлттық патриотизмнің» алғашқы әлсіз қадамдары ғана. Исаұлы Ораз тәрізді кеңестік Ресейдің шын берілген пендесінің Орталық Атқару Комитетінің мінбесінен Түркістан халқының мүддесін Түркістандағы орыстық мүддеге қарсы қоюға батылы жеткен болса, мұның өзі халық және халықпен тығыз байланысы бар партия, әкімшілік жіктері арасында күшті бір ағым пайда болып, ұлғайып бара жатқанынан дерек береді. Өкінішке орай, біз бұл ағымның тегеуріні мен қарқынын тек Ораз тәрізділердің сөздерінен, кеңес саясатында бой керсеткен кейбір тенденциялардан ғана пайымдауға мәжбүрміз.
Кеңес үкіметі «кеңестік патрио­тизм­нен» «орыс ұлтшылдығына ашық­тан-ашық көшті. «Жасасын интер­националшылардың» маркстік тео­риясы бойынша қарағанда, олардың ұғымына мүлде сәйкес келмейтін «тайғақ жолға» Мәскеудің қалайша түсіп калғаны туралы бір-екі сөз айта кетуді жөн көріп отырмыз. Алды­мен, орыс большевиктері және олардың итар­шыларына қызмет етіп келе жатқан пролетариат диктатурасының орыс ұлтшылдығына қалай және қандай нысанда ауысып бара жатқаны хақында тоқталамыз.
Өткен каңтар айының соңғы күндерінде большевиктер «орыс тарихының» құді­реті хақында спектакль көрсете бас­тады. Осы күнге дейін Карл Маркс пен Фри­дрих Энгельстің тәлімдеріне сүйенген большевиктер орыс тарихын отарлау мен қанау тарихы деп танып, Ресейді Эн­гельс­тің сөзі бойынша «ұлттардың ұлы түрмесі» деп атаған еді. Ресейде марк­сизм мен большевизмнің негізін қалау­шылар «Ресей езілген халықтарға өзі істегендерінің жазасын тартатын, жауа­бын беретін уақыт келеді» десетін. Большевиктердің ең атақты тарихшысы, профессор Покровский орыс тарихы оқу­лығын марксизм-ленинизмнің осы таптық теориясы тұрғысынан зерделеп, қайтадан түзеген еді. Қазірге дейін кеңестік орта және жоғары оқу орындарында орыс тарихы Покровский жасаған оқулыққа сәйкес оқытылып келген. Большевиктік төңкерістің Ленин дәуірінде өмір сүрген теориялары Сталин дәуіріне келгенде жарамсыз болып қалды. Сталиннің тіке­лей талап етуімен Кеңес үкіметі орыс тарихына маркстік көзқарастан бас тарту туралы қаулы шығарды. Ен­ді Покровскийдің оқулықтары «ле­нинизмге қарсы» деп жарияланып, қол­данудан шұғыл түрде алынып тас­талды…
Сталиннің айтуынша, Ресей тарихын күштеп отарлау тарихы деп сипаттау дұрыс емес. Ресей империясының та­рихы көрші елдермен оңды қарым-қатынастар, өзара кірігулер нәтижесінде «табиғи түрде» жасалған тәрізді. Бұл көзқарас бойынша, Ресей Түркістанды да, Кавказды да немесе басқа бір орыс емес өлкелерді де отар етпеген көрі­неді. Олардың бәрі жағырапиялық жағдайлар мен тарихи заңдылықтар жо­лы­мен Ресейге табиғи түрде қосылып кеткен сияқты. Бұрынғы социалистік-төңкерісшіл, бұл күнде Ресейді құтқару үшін «діни жолдары» іздеуге кірісіп кет­кен Фундаминский-Бунаковтың да осы тәрізді бір теория шығарғаны бар*. Ресейді Шыңғысхан империясы билеген территория көлемінде христиандық мәдениет таратушы міндетін алған мұрагер ретінде дәріптеуші еуроазияшылдардың көзқарасы да осыған ұқсайды**.
Кеңестік Ресейдің Ресей тарихы жөніндегі жаңа теориясы «Правда» және «Известияның» бірнеше сандарында жарияланды. Мәскеуде орыс газеттерінде орыс тарихын мадақтау және Ресейді құрған тұлғалардың рухын құрметтеу жөніндегі даурықпа насихат әдеттегідей және табиғи сияқты көрінгенімен, бұл науқан Түркістан газеттерінде басқаша сарын алып отыр. Бұлардың бәрінің де большевиктік басылым екенін біле тұра, олардың беттерінен Түркістанның болашағы саналатын жастарға Ресей тарихын осы мәскеулік жаңа бағдар­ламаға сәйкес, Түркістанның патшалық Ресей мен большевиктік империяға өз еркімен қосылғаны туралы жазылғандарды оқып, көріп, тыңдаудың өзі адам баласының жанын түршіктіріп, жүрегін мүжитін тым азапты жағдай. Сталиннің жаңа Ресей тарихы жөніндегі те­ориясы, міне, осындай болып отыр. Бұл теория осыған сәйкес келетін саяси науқандармен күшейтіліп, біржола үстемдік аларына ешқандай шүбә жоқ. Ол туралы «Правда», «Известия» газеттері өз мақалаларында жазды да.
«Кеңестік республикалар арасында ұлылығы жағынан бірінші орында Ресей Федерациялық Республикасы тұрады… Кеңес Одағындағы барлық халықтар өз еңбектерінің жемісімен мақтана алады. Олардың бәрі де – ең ұлы­сынан бастап, ең кішкенесіне дейін – Кеңес патриоттары. Осы тең құқықтылар арасында біріншілік орыс халқына, орыс жұмысшысына, орыс еңбекшілеріне тиесілі. Өйткені, төңкерістің алғашқы жеңістерінен қазіргі күн сәулетті дәуірге дейінгі бар­лық істерде оның (яғни, орыс халқының) рөлі айрықша» («Правда», 36.02.01.).
Ең оңшыл ұлтшыл, өздерін екінші «Кеңес партиясы» атап жүрген «младоросстар» («жас орыстар») партиясының органы «Бодрость» (36.02.09. № 67) «Правданың» жаңағы жолдарын көшіріп басып, «Орыс халқының біріншілігі танылды» деп жар салған.
Түркістанда большевиктік үкіметтің 18 жылдық дәуірі басынан аяғына дейін «орыс халқының біріншілігінің дәуірі» болып келді. Большевиктер Түркістандағы пролетариат диктатурасын «орыс пролетариатының үстемдігі» деп тегін атамаған. Бұл жөнінен алғанда Сталиннің жаңа Ресей тарихы теориясы Кеңес Одағы хақында біздің ылғи да айтып келе жатқандарымызды растай түсетін тағы бір дәлел болып табылады. Бұл теорияның немесе Кеңес саясатындағы соңғы өзгерістердің бір басты маңызы – Мәскеу интернационализмінің бет пердесі жыртылып, «пролетариат диктатурасы» дегеннің не нәрсе екені бүкіл дүниежүзіне әшкере болып анық көрінді.
Кеңестер Одағында орыс халқының біріншілік рөлін осыншама ашық, анық етіп көрсетуге Кеңес үкіметін мәжбүр еткен не нәрсе? «Дүниежүзілік социализм мен азаттық төңкерісіндегі» сәтсіздігі Кеңес үкіметін «аймақтық социализм» теориясына, соған сәйкес келетін «кеңестік патриотизм» жолына әкеліп түсіргені туралы жоғарыда айтқан болатынбыз. Сонымен қатар жоғарыда біз тағы осы «кеңестік патриотизм» Түркістанда түркістандықтар мүддесін орыстардың мүддесіне қарсы қою тәрізді «ұлттық патриотизмге» айнала бастағанын да атап көрсеткенбіз. Басқаша айтқанда, кеңес патриотизмінің Кеңес үкіметі мен кеңестік Ресейдің еркінен шығып кету қаупі байқалып қалды. Осыдан туған қауіп ұлғая келе оған қарсы қоятын бірдеңені ойлап табу қажеттілігі күшейді. Орыс халқының, орыс жұмысшысының, орыс еңбекшілерінің біріншілігі түрінде қойылған орыс ұлтшылдығы, міне, осындай «қауіптенуден» келіп шыққан еді.
«Тең халықтар арасында бірінші!» Осы орайда патшалық үкіметтің Түркіс­тандағы соңғы генерал губернаторы Куро­паткиннің бір сөзі еріксіз еске түседі. 1916 жылы көтеріліс қызған кезде генерал Куропаткин де Ресейдің қол астындағы халықтардың тең құқықтылығы мен туыс­қандығы туралы айта бастаған болатын. Ол Түркістан халқының өкілдеріне: «Біз – орыстар және сіздер – Түркістан мұсыл­ман­дары – туыспыз. Біз – орыс­тар – аға болсақ, сіз – мұсылмандар – інісіздер. Сіздердің әдет­теріңізде бір жағымсыз қылығы үшін ағаның інісін жазалауы пәлендей бір айып емес екені тәрізді, ұлы туысыңыздың да (яғни, орыстардың) өз інісін жазалау құқығын табиғи деп түсіну керек…» деген еді.
Кеңес Одағы шығыстан да, батыстан да қауіп күтеді. Соғыс бола қалса, кейбір мемлекеттермен жасасқан әскери одағы Кеңес үкіметі мен большевиктерді қорғай алуы екіталай. «Кеңес патриотизмінің» ұраны орыс емес өлкелерде Кеңес үкіметінің жағдайын нығайтудың орнына «ұлттық патриотизмді» күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда тек орыс халқы мен орыс Қызыл армиясының орыстық сезімі ғана Кеңес үкіметінің сүйеніші болып қалуда. Ол енді сол сезімді қоздырып отыруға мәжбүр. Бұған көз жеткізу үшін жоғарыда аталған «младоросстар» органындағы («Бодрость») «Орыс халқының біріншілігі мойындалды», «Орыстардың тарихына бас иіп, құрмет көрсетіле басталды», «Үкімет аппараттарын құру үшін орыс ұлтшылдығын ресми мойындау ғана қалып отыр» деген және басқа да осы тектес материалдарды оқу жеткілікті болса керек.
Мәскеу тарапынан ашық дәріптеліп жатқан орыс ұлтшылдығы ағымына кеңестік Ресей бұғауындағы Түркістан, Кавказ, Украина және басқалар өздерінің күрескер ұлтшылдығымен жауап қайыра алар ма екен? Бұл кеңестік Ресейдің және оның тепкісінде жатқан орыс емес өлкелердің тағдырына қатысты маңызды сауал.
1936 ж.

Алдыңғы «
Келесі »